СОЗЫЛМАЛЫ ПЕРИОДОНТИТТІҢ ХИРУРГИЯЛЫҚ ЕМДЕУ ТӘСІЛДЕРІ.
Созылмалы периодонтитте консервативті ем қолдануға болмайтын жағдайда немесе қолданған емнен күткен нәтиже болмаса, хирургиялық ем тәсілдерінің бірін қолдану қажет:
1. Тіс түбірінің ұшын кесу (резекция) гранулемамен бірге;
2. Реплантация (тісті жұлып емдегеннен кейін қайтадан өз ұясына қондыру);
3. Гемисекция (тісті жартылай кесіп алып тастау);
4. Апикотомия (ампутация) яғни емдеуге келмеген түбірін кесіп алу.
1.Тіс түбірінің ұшын кесу операциясы гранулемамен бірге.
Резекция - көбінесе біртүбірлі тістерге жасалынатын операция. Операцияға тісті алдын ала дайындау қажет, ол үшін операция жасайтын күні немесе біркүн бұрын тіс түбірі өзегін механикалық, химиялық жолдармен тазалап, өзекті фосфат цементпен пломбылайды, содан кейін рентгенге түсіріп тексеру қажет.
Жансыздандыру жасалғаннан соң кілегей және сүйектің сыртқы қабықтарын сүйекке жеткізіп трапециялы не болмаса доғалдап кеседі. Кесілген тіндердің көлемі гранулема орналасқан сүйек қуысының көлемінен үлкен болуы керек. Кесіндіні тегістегішпен сүйектен сыдырып дөңгелек бормен тіс түбірі ұшы проекциясының айналасынан бірнеше жерден тесіп, фиссурлы бормен тесіктерді қосып, сыртқы кортикальды қабатын алып тастап, тісті ұстап тұрып оның ұшын кеседі де гранулемамен бірге алып тастайды. Пайда болған сүйек қуысын кюретаж жасайтын қасықпен жақсылап тазалап, антисептиктермен өңдегеннен кейін тіс түбірі ұшына дейін пломбылаған ба, жоқ па соны тексереді. Егер пломба тіс түбірінің кесілген жеріне дейін жетпесе, онда оның өзегін кеңітіп теріс конус тәрізді бор арқылы күміс амальгамасымен пломбылайды. Сүйек қуысы жиегінің тегістігін тексеріп, оны антисептикпен жуып, қан ұйығымен толтырады. Егер, сүйек қуысы үлкен болса, сүйектенуді жылдамдататын брефоматериалмен немесе сүйектің ұнтағымен толтырады, содан кейін кілегей және сүйектің сыртқы қабықтар қиығын орнына қойып кетгутпен тігеді. Резекция операциясының артықшылығы — ұзақ уақытқа дейін тісті сақтап қалуға мүмкіншілік береді.
-Осы операцияны жасауға болатын жағдайлар:
1. Тіс түбірін емдегенде түбір ұшына дейін бара алмаса, ұшы қисық не болмаса түбір өзегінің саңылауының болмауы;
2. Тіс түбірі ұшында үлкен гранулеманың болуы;
3. Бордың немесе пульпоэксртактордың тіс түбірі өзегінде сынып қалуы;
4. Тіс түбірі ұшының бормен жұмыс істегенде тесіліп қалуы;
5. Тіс түбірі ұшының сынуы;
6. Пломбалық затты тіс түбірі ұшынан көп мөлшерде шығарып жіберуі;
7. Сарысулы ісікті алған кезде.
-Тіс тубірінің ұшын кесу операциясын жасауға болмайтын жағдайлар:
1. Тіс босаңдау болса;
2. Жүрек-қан тамырлар ауруы болса;
3. Нерв жүйесі нашарласа;
4-. Геморрагиялық диатезде.
-Кемшілігі:
1) Тістің тұрғылықтығы нашарлайды;
2) Операция зақымды деп есептеледі;
3) Кейде кесілген қиындының көлемі кішігірім болса сүйек жеткілікті ашылмайды да, операцияның уақытын ұзартады.
Достарыңызбен бөлісу: |