Сталинге хат жазған бозбала



Дата20.06.2016
өлшемі138 Kb.
#149245

СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН БОЗБАЛА

Бүгінде тоқсанның төртеуіндегі соғыс және еңбек ардагері Ибрагим Нұрымбетұлы тек өз әулетінің ғана емес, елінің де қадір тұтар қадірменді қарты десек қателеспейміз. Оған саналы ғұмырындағы қиындығы мен қызығы қатарласқан күндері мен адами қасиеттері дәлел.

Шиелі өңірінде қарапайым отбасында өмірге келген майдангер қаршадайынан тағдырдың тауқыметін тартып өсті. Оң мен солын енді тани бастағанда әкесі Нұрымбет пен анасы Айтжаннан бірдей айырылып, бір демде тұлдыр жетім болып шыға келді. Бозбаланың бұдан кейінгі өмірі балалар үйінде өрілді. Сәтін салайын десе сол екен, талабы таудай жасөспірім Ташкент темір жол техникумына жіберіледі. Онда жатақханада тұрғанымен ішерге тамағы, киерге киімі болмайды. Сосын тағдырына налыған ол әрі ойлап, бері ойлап хат жазуға оқталады. Кімге дейсіз ғой? Сталиннің тура өзіне.

Сонымен хат жазылады. Көкшіл конверттің сыртына мекенжайды былайша көрсетеді: “Москва, Кремль. Сталин жолдасқа!” Хатқа шерлі жүректегі мұңын шағады. Жастық шағы жоқшылықпен өтіп жатқанын, алдағы өмірі бұлыңғыр екенін, бірін қалдырмай тізіп шығады.

– Арада бір ай мерзім өткенде мені қалалық білім бөліміне шақырды, – дейді көкірегі алтын сандық Жеңіс жауынгері.

– Алғашында көсемді неге мазалайсың, – деп ұрыс есітетін шығармын деген ойда болдым. Бірақ, бәрі керісінше боп шықты. Қорқасоқтап барған маған білім бөлімі асхана мен моншаға тегін талон, оған қоса 500 сом ақша берді. Бұл ол кезде өте көп қаражат болатын. Егер тағы да қиналғандай болсам қысылып-қымтырылмай бөлімге хабарласуымды ескертті, – деді Ибрагим әке әңгімесін сабақтай түсіп. – Содан мен бірінші кезекте жақын маңайдағы асханаға маңдай тіредім. “Жарлының бір тойғаны – байығаны” дегендей, туғаннан жоқшылықпен күн кешкен мен тоя тамақтанып алдым. Сосын дүкенге барып, етік, пальто, бас киім, костюм және басқа көптеген қажетті заттарымды алдым.

Содан біршама уақыт өткен соң Ұлы Отан соғысы басталып, неміс басқыншылары Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағанда Ибрагим Нұрымбетұлы енді ғана он тоғыз жасқа толған еді. Сол сұрапыл 1941 жылдың қараша айында алғашқылардың легінде әскерге алынған ол 99-шы кавалериялық полк сапында станокті пулеметші болып, қанқұйлы жаумен өмірінде тұңғыш рет жанберіп, жан алысқан шайқасқа араласады. Кейінірек кіші командирлер курсына алынады. Кіші лейтенант дәрежесін алған жас сарбаз Иванов облысындағы Горьковецкий станциясынан марштық артиллерия құрамында Сталинград облысындағы Котовский қыстағынан бір-ақ шығады. Бұл немістердің негізгі күштерін Сиалинград майданына шоғырландырған шағы болатын.

– Сонымен, артиллерист болдым деңіз?

– Иә, солай. Сосын соғыста бір-ақ тәртіп болады. Маған артиллериялық дивизия командиріне байланысшылық қызмет жүктелді. Егер байланыс кабелі үзіліп жатса, жаңбырша жауған оқтың астында оны қайта жалғастыру тағы да сенің мойныңда. Межелі жерге жеткен бойда шұғыл шабуылға шықтық.

Қырық екінің қараша айы. Күн қақаған аяз. Азық-түлік те жетімсіз. Киімнің де оңып тұрған түрі жоқ. Құмырсқаша қаптаған танкілердің ізін ала жаяу әскерлер шабуылға шықты. Әскери тілмен айтқанда, соғыста “Артиллериялық дайындық” деген сөз бар. Сол әп-сәтте басталды да кетті. Үстін-үстін ұрғылап жатыр. Шындығын айтуымыз керек, мұндайда өз артиллериямыз өзімізді төмпештейді. Осындай жағдай болмауы үшін мен дивизия командиріне кординат беріп отыруым керек. Жау мұны жақсы біледі. Сондықтан олар үшін басты мақсат – мені жою.

Алдымызда шеп құрып жатқан Румын армиясы екен. Жанкештілікпен олардың қорғанысын бұзып өткен біздер Сталинград қоршауын тұтастырдық. Ол кезде артиллерияға 152 миллиметрлік гаубица кеңінен қолданылатын. Ал оның снаряды 25 шақырымға жететін. Қажет болған жағдайда танктерді тікелей (прямая наводка) атуға тура келетін. Әрегідік солай болды да. Өйткені, ол өте күшті қарудың бірі болатын.

Иә, балам, соғыстың аты – соғыс. Оған үйренбеске, төзбеске амалың жоқ. Әңгімемді әрі қарай сабақтай берейін. 1943 жылы Запорожье қаласын азат ету шайқасына қатыстық. Қырғынның көкесі асау толқындары буырқанған Днепр өзені жағасындағы осы жерде басталды. Гитлер армиясы өте күшті қорғаныс жасаған екен. Екі жақтан да адам шығыны аз болмады. Сол шайқастан соң маған “Ерлігі үшін” медалі тапсырылды. Бірақ біз соғысқа марапат алу үшін емес, керісінше Отан қорғау үшін бардық қой. Десек те азды-көпті ерліктеріміз ескерілген шығар, үшінші дәрежелі “Даңқ”, екінші дәрежелі “Отан соғысы” ордендерін де кеудеге тақтық.

1945 жылдың ақпан айынан бастап бірыңғай шабуылға шыққан біздер Днестр, Тирасполь, Румыния жерлерін фашистік басқыншылардан босатуды бастадық. Әсіресе, Будапештті алу оңайға соқпады. Бір қала үшін соғыс тура бір айға созылды. Сондағы көрсеткен ерлігім үшін сол ақпанның он үшінші жаңасында “За взятия Будапешта” медаліне ие болдым. Бірақ, сұм соғыстың жеңіспен аяқталғанына жетпіс жыл толса да талай азапты күндердің куәсіндей майдан жолдары көз алдымнан кетпейді. Жат жерде жан тапсырған бейкүнә боздақтар естен шықпайды.

Әңгіме арасында Ибрагим әкеден сұрапыл соғыс кезінде бастан кешірген хикметтері турасында сұраған сауалыма төмендегідей жауап алдым.

– Ұмытпасам, қырық екінің аяқ шені болатын. Алғы шептегі зеңбірекшілердің бақылау бекетіне бір шелек ас жеткізу жүктелді. Жаудың оғы қарша борап тұр. Шыбын жанды шүберекке түйіп сай-сала, окоптардан өтіп келе жатсам, әдемілеп салынған бір блиндажға тап болдым. Бірақ, ішінде жан адам жоқ. Ондағы пешке жылынып, шелектегі көжеден бір тостаған ішкен мен қалай қалғып кеткенімді білмей қалыппын. Бұл әбден қалжырағанымның белгісі болар. Сәлден соң оянып кетіп, дереу далаға атып шықтым. Жақын маңнан немістердің дауысы естілетін сияқты. Байқастасам, “артподготовкадан” қорқып блиндаждарын тастай қашқан олар екінші позицияда жиналып жатыр екен. Құдай сақтаған деген осы. Әйтпесе, дап-дайын адам ретінде қолдарына түсіп тұр екенмін.

Соғыста мынадай оқиға да болады. Бірде өз жағымыздан көз жұмған сарбаздарды жинауға қатыстым. Окоп-окопты аралап жүрсем, біздің взводтың командирі Петр (тегін ұмыттым) басын шығарып тұр екен. “Жолдас, командир! Окопқа жасырынсаңызшы” деп жанына жүгіріп бардым. Онда үн жоқ. О тоба, өз көзіме өзім сенбедім. Сол жақ самайдан тиген оқ оң жақ самайынан көктей өтіпті. Заматында жан тапсырған есіл ер окопқа сүйенген күйі қалшиып қатып қалған.

Айтпақшы, әлгі командирімнің қазасынан ес жия алмай тұрған сәтімде біреу тапырақтап қашқандай болды. Қарасам, аласа бойлы неміс солдаты екен. Жан деген тәтті ғой, зытып барады. Жауласқан соң не тұрыс, бірден автоматыма қол салдым. Алайда, ол жарықтықтың стволы күні бойы еңбектеп жүргендіктен топыраққа толып қалыпты. Жаратушы иесі оған бір жолға өмір берген шығар, қара үзіп кетті.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына жетпіс жыл болса да, еленбей жатқан ерліктер мен ашылмай жатқан ақиқаттар жетерлік. Осы ақтаңдақтарды ашып, кейінгі ұрпаққа таныстыру біздің парызымыз болса керек. Ұлы Жеңісті Мажар елінде естіген бүгінгі мақаланың басты кейіпкері Ибрагим Нұрымбетов туған топыраққа 1947 жылы аман-есен оралыпты.

Бейбіт өмірде де ер-азаматтарды ауыр тіршілік күтіп тұр еді. Майдангер келе шаруаға араласты. Шиелідегі өрттен қорғау мекемесінің тізгінін ұстады. Қашан да қоғам ісінде жанын аямайтын жас жігіт көшбасшылық қабілетін көрсетіп, көптің көңілінен шықты, елдің абыройына бөленді. 1950 жылы Тазабекқызы Нальше есімді бойжеткенмен бас қонысып, шаңырақ көтерген. Қырық жылдан астам тату-тәтті ғұмыр кешкен жарасымды жұп өмірге қос ұл мен үш қыз әкеліп, ондаған немерелер сүйіпті. Алайда, Нальше анамыз осыдан жиырма бір жыл бұрын бақилық болыпты. Бүгінгі күні Ибрагим көкеміз құдай қосқан қосағы көрмеген қызықтарды ұрпағымен бөлісіп, шөберелер шуағына бөленген батагөй қария.

Кейінірек бухгалтерлік курсты тәмамдаған Ибрагим Нұрымбетұлы өзінің кіндік қаны тамған, қазір Сүттіқұдық аталатын бұрынғы “Красная звезда” шаруашылығында ұзақ уақыт бас бухгатер болып қызмет атқарған. Адалдықты ту еткен абзал азамат қоғам мүлкіне қол сұғушыларды қия бастырмады. Аталмыш кеңшарды көп жыл басқарып, екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат боп сайланған Шазінда Қарақожаев ағамыз Ибрагим көкемізді көргенде “кәрі коммунист” келе жатыр дейді екен. Бұл қаршадайынан тағдырдың тауқыметін тартып, жалындаған жасында оқ пен оттың арасынан аман оралған азаматқа берілген әділ баға болса керек.

Табиғатынан сабырлы жан “мен пәлен еттім, мен түген еттім” деп ешкімге тіс жармаған, ешқашан міндетсінбеген. Шіркін, не деген байсалдылық, не деген қарапайымдылық! Бұл тек қазаққа, оның ішінде Ибрагим әкедей адал азаматтарға ғана дарыған асыл қасиет. Аузынан Алласы түспейтін тәубешіл жан сұрапыл соғыстан аман қалғанын жаратқан иесінің өзіне деген қайталанбас сыйы деп түсінеді.

Жыр алыбы Жамбылдың: “Тоқсан көрейін деген жасым ба еді” дегеніндей, тоқсанның төртеуіне алқынбай жеткен Ибрагим әкеміздің құлағы ауырлау есітеді демесеңіз, сөз саптауы, жүріс-тұрысы әлі тың. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Жеңіс жауынгерінің бәрінен бұрын есте сақтау қабілетіне тіпті тәнті болдық. Шаңырақ иесі Жорабек пен келіні Күлшараның қолындағы майдангер қарт сөз арасында Елбасының, аймақ пен қала басшыларының қамқорлықтарына ризашылығын білдірді. Жорабек ініміз “Қызылорда су шаруашылығы” мекемесінің басшысы, қалалық мәслихат депутаты.

Нальше анамыз екеуінің бауырынан өрген Базарбек, Жорабек есімді қос ұл мен Несіпкүл, Пернекүл, Сәулекүл атты қыздары асқар таудай әкелерінің амандығына қуанады.

Міне, Жеңістің жетпіс жылдығы да жақындап келеді. Қаршадайынан тұлдыр жетім болып, бүгінде Нұрымбет әулетінің қадірменді қариясы атанып отырған Ұлы Отан соғысының ардагері Ибрагим әкемізге осынау қуанышты күнде қауышуға жазсын деген тілегімізді жеткізіп, батасын алдық.


Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет