I тарау. Жоғары сынып оқушыларын отбасылық өмірге дайындаудың теориялық аспектілері
1.1 Жоғары сынып оқушыларын әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық проблема ретінде отбасылық өмірге дайындау.
Біздің қоғамның маңызды мәселелерінің бірі – отбасы тұрақтылығын, отбасылық қатынасты нығайту, отбасы-некелік өмірге жастарды даярлауды жетілдіру. Н. Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында және Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз жергілікті деңгейде де отбасын, әйелдің жүкті кезін және балаларды тәрбиелеуді қолдаудың жаңа жолдарын табу керекпіз. Неке мен отбасы институтын нығайтудың жолдарын мұқият талдау, жалғызбасты аналар проблемасын шешу керек. Егер біз адамгершілігі жоғары қоғам болғымыз келсе, жұбайлардың бір-бірінің алдындағы, ал ең бастысы, балаларының алдындағы жауапкершілігін күшейтуге тиіспіз. Ата-аналар балаларына, ал балалар өздерінің қартайған ата-аналарына қамқор болғанда, әйел отбасы мен қоғамда құрметке ие болғанда – еліміз үшін алаңдамауға да болады. .... Қандай жағдай да, әйелдің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін отбасын жоспарлаудың өркениетті жолына түсуіміз керек. Жас шамасына қарай жүргізілетін саясатта біз жастар мен жеткіншек ұрпаққа, сондай-ақ жас отбасыларға көңіл бөлуді күшейтуге тиіспіз», – деп атап көрсетті [1]. Осы мәселеге орай біз білім жүйесінің қоғамдық өмірдің барлық саласына, сондай-ақ отбасына да тигізетін ықпалы мол екенін айтқымыз келеді. Білім жүйесі жалпы білім беретін мектеп деңгейінде белгілі пәндерді ұйымдастырып, отбасы және некенің бірлігін сақтауға мақсатты түрде көмектесуі қажет. Өйткені отбасы – қоғам жұбында ең маңызды орта. Қазіргі уақытта мектеп бірінші кезекте баланың парасатты өсуіне бағыт алып, жеке бастың жан-жақты қалыптасып, өнегелі дамуына көңіл бөліп, бірақ оқушыларды отбасы өміріне даярлау аспектісін ұмыт қалдыруда. Отбасы-некелік қарым-қатынастың мәдениетіне тәрбиелеу көп факторлардың әсерімен болады. Қазіргі ғылымның міндеті олардың сырын ашып қана қоймай, ғылыми басқарудың жолдары мен әдістерін көрсету болып табылады. Бұл проблемалар, қандай білім болса, сондай отбасы қалыптасады дегендей, отбасы мәселесі көп зерттеушілердің нысанына айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |