Стенграмма: Талқылау барысында әлі жарияланбаған дастандар да сынға ілініп кетті. Оған Қ. Жармағамбетов өзінің қорытынды сөзінде



Дата10.06.2016
өлшемі255.06 Kb.
#126221
КЕНЕСАРЫ
1234567890

36 іс, 96 –бет.


Стенграмма:

Талқылау барысында әлі жарияланбаған дастандар да сынға ілініп кетті. Оған Қ.Жармағамбетов өзінің қорытынды сөзінде:

«Иә, Асқар Тоқмағамбетовтің дастаны жарияланбаған, бірақ ол ақынның Кенесары қозғалысына көзқарасын білдіреді. Сондықтан да шындықты атап өттім. Ал Кенесары туралы шығармалар бұл жиналыста талқылана ма дегенге келсек, ҚКП(б) қаулысы Кенесары қозғалысы туралы мақалалар шоғырын жариялауды міндеттейді, ондай мақалаларды алдағы уақытта жариялаймыз».

Иә, кеңестік жазалау идеологиясы ісіңді ғана емес, ойлаған ойыңды да жазаға тартуға бағытталды. Өжет ойлы Қайнекей оны ескермесе, өзіне мін тағылатынын біліп, тізімге қосқан.

36 іс, 96 –бет.
Ххххххххххххххххххххххххх
1951 жылы 20 көкек күні Жазушылар одағының ашық партия жиналысының ҚКП(б) Орталық комитеті бюросының 10 көкек күнгі Қаулысы мен «Правда» газетіндегі «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан зерттелсін» деген мақалаға орай Қ.Жармағамбетовтің баяндамасын тыңдап, талқылап, қаулы мен мақалада, баяндамада айтылған пікірлер:

«1. Хан Кенесары Қасымовтың феодалық-монархиялық, реакциялық қозғалысын мәнін ашып бере алмаған жазушылар мен әдебиеттанушыларды әшкерелеуде жетекшілікке алынсын. 2. Хан Кенесары Қасымовтың феодалық-монархиялық, реакциялық қозғалысы қатаң сынға алынып, Жазушылар мен әдебиеттанушылар көпшілік арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізсін. 3. «Әдебиет және искусство» жураналында Кенесарының қозғалысын суреттеген әдебиеттерді әшкерелеу бағытында сыни мақалалар жарияласын. 4. Әдебиеттанушылар – Қазақ әдебиеті тарихының көп томды тарихы мен мектеп оқулықтарында кеткен қаеьеліктерді түзету үшін әдебиеттанушылар Қазақ ССР ҒА Тіл және әдебиеттану институтына және Қазақ ССР оқу ағарту министрлігіне белсене атсалыссын. 5. Жұмалиевтің, Бекхожиннің, Әуезовтің, Мұқановтың өзінің қателіктерін мойындағаны ескеріліп, оларға шығармаларында, оқулықтарында, қазақ әдебиеті тарихында кеткен қателіктерін тез арада түзету тапсырылсын. 6. а/ Қазақ ССР тарихы мен Қазақ әдебиеті тарихы мәселесі бойынша жазушыларға арналып лекция оқылсын. б/ Осы қаулының орындалуының барысы туралы ай сайын партия жиналысына хабарланып отырсын», – делінді.

Мұндай қаулыны көні кеуіп барып, жібіген былғарымен ғана салыстыруға болады. Әдебиет саласындағы барлық айып түрмеге қамалып, жер аударылған Есмағамбет Исмайыловқа тағылды. Тіпті Қасым Аманжоловтың өзі: маған тапсырма берген халық жауы Е.Исмайылов пен Х.Бекхожин деп райынан қайтты. «Хандардың жоқтаушысы» деп Х.Бекхожинді әшкерелеген мақала да жазып барып «айыбын жуды». «Тонна тарта ма, пұт келе ме, бірібір, күнәнің аты – күнә» дейтін С.Мұқанов та ақталу сөзінде жаласын жатқа жауып шыға келді. Орталық комитеттің хатшысы Әбдіхалықов жолдас шақырып алып, Корней Зелинскийдің Жамбыл туралы мақаласында Кенесарыны сынаған пікірі қате екенін ескертіп:



«Бұл қатені түзетіп, Кенесарыны халық қаһарманы етіп көрсету туралы тапсырма берді. Міне, осы нұсқауды жетекшілікке ала отырып қазір ұзінді келтіріліп жұрген «атақты кітабімді» жаздым. Мен ертең сіздерге қолжазбамды әкеп көресетемін, онда Кенесары халық жауы ретінде әшкереленген. Менің қолжазбам орталық комитеттің қолына түсіп қалыпты да мені сол кездегі ұгіт-насихат бөлімінің бастығы Ахметов шақырып алып: кітаптың мына күйінде шығуына рұқста бермейміз – деді. Онда қандай бағыт беретінін сұрадым. Ол: Әбдіхалықовпен сөйлестіңіз бе? Ол қандай нұсқау берсе, сол тұрғыда жазасыз – деді. Мен: бұл жеке адамның емес, партияның көзқарасы осындай шығар деп ойладым. Республиканың үгіт-насихат жөніндегі хатшысына сенбеуіме бола ма, соның мәжбүрлеуімен менің кітабімнің ішіндегі пікірді жаздым. Мен түсінемін және қайталап айтамын, көп болсын, мейлі, аз болсын, жексұрындықтың аты – жексұрындық, мен өзімнің қателіктерім үшін өзімді кешірмеймін», – деп жалтарды.
Осыған қарап академик Сәбит Мұқановта дербес ғылыми көзқарас болды ма, жоқ па, соған күмәнданасың. Бірақ оған қысылып-қымтырылмастан «екінші мәселеге» – Әуезовке жайлап ауысып кетеді. Сол арадан қос тұлғаның шарпысу басталып кетеді. Әңгімені М.Әуезовтің ең жанды жері – «Абай» романына бастайды:

«Мына бір жаңа көріністі қараңыздар: Кенесары туралы лап ете қалған өртті өшіріп үлгергеміз жоқ, Әуезовтің айналасынан тағы да өрт шықты. Ендігісі – Абай мектебі туралы мәселе. Мен бұл мәселе төңірегінде көп ойландым. «Ақын аға» атты тамаша романыңыздағы ең тамаша тұс Абайдың ақын шәкірттері суреттелетін кез. Сіз: бүркіт өзінің жұмыртқасын жылдың ең суық маусымында шайқайды, содан кейін тастүлек етіп құздан лақтырып жібереді. Сол тастүлек балапандар сияқты Абай да өзінің шәкірттерін қанаттандырып ұшыруға дайын – деп жазасыз. Ал сіз ол балапандардың қалай қарай ұшатынын өз романыңызда көрсетпейсіз.

Әуезов: Пәлі, олар әлі балапан ғой (күлкі).

Мұқанов: Жоқ, олар онда ұшып жүр, бірақ Абай араласқан өмір тартысына белсенді қатыспайды, олардың әзірше халық өмірімен байланысы жоқ, заманынан оқшау тұр. Әуезов жолдас, менің ойымша, оларды шәкірт болғандықтан ғана оқиғаға араластырмай отырған жоқсыз, сіз реалист жазушы есебінде жөндемі ештеңе ойлап табуға дәрменсіздік көрсеткенсіз.

Әуезов: Олардың өздері ойдан шығарылған кейіпкерлер емес пе.

Мұқанов: Жолдас Әуезов, сіз Абайдың шәкірттері деп көрсеткен адамдарыңыз сол атты ақтай алмайды-ау. Әй, сол күдігім шын боп шығатын сияқты. Өйткені, олар мұны іс-әрекетімен де, шығармашылығымен де, басқа да қасиеттерімен де өтей алмайтындай боп көрінеді маған, сондықтан да еріксіз сіз оларды Кенесарымен байланыстырғансыз, енді келіп оларды қорғамақ боласыз... Соның бір мысалы, Көкбайға Кенесары туралы дастан жаздыруға мәжбүр болғансыз.

Әуезов: Оның бұдан да басқа өлеңдері бар емес пе, (Әріп) төрт өлең (Ленинге) арнаған. Және мен Абайдың шәкірттерінің барлығы әулие деп айтып отырғамын жоқ қой».

Қиыннан қиыстырып әкелген «тастүлектер» туралы Сәбиттің бұл қисынын Қасым Аманжолов қайтадан Кенесарыға әкеп қюластырды:

«Ол кезде Исмаиылов пен Бекхожин ғылым академиясында істейтін. Бекхожин екеуіміздің айырылмас дос болғанымызды бәріңіз білесіздер. Менің әдеби сауатым жоқ болатын, ал Бекхожинның жоғары әдеби білімі бар болғандықтан да, мен онымен дос болдым, айтқанын тыңдадым. Бірде Бекхожин Кенесары туралы жинаққа арнап дастан жазуымды өтінді. Сол дастан үшін екіжүз жетпіс сом алдың дейді Бекхожин. Шынын айтсам, соның екеуі де есімде жоқ. Міне менің қателігім осында... Бекхожинның ұлтшылдығын әшкерелеп, «Социалистік Қазақстан» газетіне «Хандардың жоқтаушысы» деген мақала жаздым (36, 85-92 беттер).

ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх


М.О. Әуезов.

«Правда» газетіндегі мақалаға байланысты ҚКП(б) Орталық комитетінің қабылдаған шешімі республикамыздың идеологиялық майданындағы жаңа, кезеңді және маңызды оқиға. Біздің қателерімізді түзету арқылы партия бізге қайта-қайта көмек қолын созумен келеді және кеңестік ғылымды жалған антимаркстік, антилениндік жолға түсіп кетуден сақтандырды. Осы шешім арқылы біздің әрқайсысымыздың және осы уақытқа дейін адасып келген өзге де жолдастардың терең бойлап кеткен қателіктерін мойындап, түсінуді талап етуі заңды тілек.

Бұл қателік ауыр болды және ұзаққа созылды. Өйткені бұл қанатын кеңге жайған және өзінің шеңберіне тарих, әдебиет тарихымен қоса республикамыздың басқа да қоғамдық-саяси өміріне қатысты әртүрлі саларды қамтитын адамдардың басын қосты. ҚКП(б) Орталық Комитетінің шешімі мен баспасөздегі, соның ішінде «Правда» газетіндегі мақала арқылы тарихшылардың қателіктерін нақты көрсетті. Ал әдебиет пен әдебиеттану саласындағы кінәларіміз бен қателіктерімізді ашу біздің – әдебиет тарихшылары мен жазушылардың міндеті.

Мектеп оқушыларынан, студенттерден бастап көпшілік қауымның санасына дейін улаған зиянды тамырларға балта шабуға деген партиямыздың қарымды бастамасы мен ұмытылысына көмектесу – біздің парызымыз.

Мен сөзімді өзімнің қателерімнен бастаймын.

Менің «Хан Кене» деген пьесам болды. Қазақ Ғылым Академиясы ұжымындағы жиналыста да, ғылыми-зерттеуден тыс әдеби шығармашылық қызметімде де өзімнің бұл шығармама тиянақтап тоқталғам жоқ. Хан Кене» пьесасы мен сол кездегі өзімнің саяси қателіктеріме бүгінгі өтіп жатқан әдебиетшілердің арасындағы осы мәжілісте кеңірек түсінік бере кетуді жөн көріп отырмын. Бұл пьеса 1928 жылы жазылды және онда автордың ұлтшылдық ұстанымына баса көңіл бөлінді. Алғашқы нұсқасы саханада қойылған жоқ, жарияланған да емес, сол қолжазба күйінде қалды. Тек бес жыл өткеннен соң, 1933 жылы менің «Еңлік-Кебек» деген пьесам саханалық қалыпқа түскеннен кейін ғана театр қызметкерлері «Хан Кене» пьесасын қою туралы әңгіме қозғай бастады. Әртүрлі деңгейдегі мекемелермен кеңестім, олар бірқатар өзгерістер мен өңдеулер жасауымды ұсынды. Мен бұл талапты орындадым, сөйтіп, 1939 жылдың басында оның премьерасы өтті, сол премьерадан кейін тоқтатылды. Оған екі түрлі сыни пікір білдірілді. Қатты сынаушылар да және жағымды баға берушілер де оны репертуардан алып тастау туралы емес, қойылымды уақытша тоқтата тұрып, ішінара өзгерістер енгізіп, содан кейін қойылымды саханада қайта жалғастыру туралы ұсыныс айтты. Пьесаның ішкі құрылымы қойылымнан соң сыншылардың сол кезде көрсеткен саяси қателіктеріне сай өңдеуге келмейтінін түсіндім. Пьеса сол саяси қате күйінде және кеңестік көрермендерге керексіз дүние болып жабық қалды. Сыншылардың ауызша және баспасөз бетінде айтылған тілектеріне қарамастан, оған қайтып оралудан бас тарттым.

Осыған орай айта кетерім – менің пьесама және ондағы рөльдер мен Кенесарының жеке басына қатысты ең әділ сынды ж.Мүсірепов айтты. Мысалы, өзге сыншылар маған пьесаның мазмұнын Патшалық Ресейдің режиміне қарсы күрес бағытында өрістетуді ұсынды. Ал Ғабит Мүсірепов: қазақ еңбекшілерінің патшаға қарсы күресін Кенесары қозғалысына қатысты емес, 1916 жылдың оқиғалары негізінде көрсету керек – деп дұрыс бағыт берді. Ал Кенесарыға: халықтың тілегі мен іс-әрекетіне қарсы реакционер хан – деген қатулы баға берді.

Сөйтіп, ол пьесаны былай ысырып қойдым, қайтып оған оралғамын жоқ. Сол жылы, яғни 1934 жылы оқу ағарту халық коммиссариятының тапсыруымен «ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихы бойынша очерктер» атты ұжымдық оқу құралын жазуға қатыстым. Сол оқулық бойынша «Хрестоматия» құрастырдым. Соңғы аталған екі еңбектегі Бұқар, Махамбет, Нысамбай, Шортанбай, Мұрат және Абайға қатысты бөлімдерді мен дайындадым.

Бұл жайды, яғни, көрсетілген тараулардың менің авторлығыммен құрастырылғанын біле тұрып, ж.Жұмалиев менің аталған еңбегімді атамай, оның өзі құрастырған ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы туралы оқулықтары мен бағдарламаларында менің Махамбетті бағалауда жіберген қателерімді үнемі көрсетіп отырады. Ал онда, Бұқар, Шортанбай, Мұрат, соның ішінде Кенесарының жыршысы Нысанбай туралы мадақ пікірлер жоқ болатын, керісінше, олардың шығармашылығы әшкерелеу бағытында талданып, таптық-саяси тұрғыдан алғанда барынша дұрыс баға берілген. Бұл жайлы кейін кеңірек тоқталамын.

Қазір сол баяғы 1934 жылғы еңбегімді еске ала отырып, Кенесары мен оны мадақтаушыларды және жоғарғыдағы зиянды кітаптарды барынша тереңдей зерттеген тарихшылардың, әдебиет тарихшыларының, жазушылардың назарын мынаған аударғым келеді. 1934 жылғы «Хан Кенеде» кеткен қателігімді «Түнгі сарын» пьесасы арқылы түзеткенім бұл жолдастардың есінде болар. 1916 жылғы оқиға туралы бұл шығарма 1935 жылдан бері жақсы баға алып келеді. Мұны айтып отырған себебім, осы үрдістің барлығы, яғни, қателіктерімді жеңу жолындағы менің күресім ішкі, тарихи және логикалық толғаныспен тікелей байланыста өрістегенін жеткізу.

Жоғарыда айтып өткенімдей, әдебиет тарихшысы және жазушы ретінде де 1934 – 1947 жылдар аралығында Кенесары тақырыбына қайтып оралғаным жоқ.

1934 жылдан кейінгі өзімнің жеке еңбектерімдеі Кенесары тақырыбына жолағамын жоқ, алайда, соңғы жылдары ұжымдық еңбектің редакторы ретінде үлкен, аса үлкен қателік жібердім. Әңгіме – 1948 жылы жарияланған «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы туралы болып отыр. Мұндағы лиро-эпостар тарауына – «Наурызбай-Ханшайым» және тарихи жырлар тарауына – Кенесары, Наурызбай, Саржан, Ағыбай туралы мақалалар енгізілді. Біріншісін институттың сол кездегі қызметкері Қоңыратбаев, екіншісін – институттың сол кездегі директоры Исмаилов жолдас жазды.

Ондағы басты қателік – мақалалар тек мадақтауға ғана құрылды. Феодалдық, хандық құрылымның және Кенесары Қасымов пен Наурызбайдың қозғалысын жырлаған бұл жырауларды әспеттей мадақтады, әрине, бұл мақала авторлары Исмаилов пен Қоңыратбаевтың қателіктерін ақтай алмайды. Сол қателіктің үлкен салмағы, әрине, маған тиесілі. Сондай-ақ, оны қолдап рецензия жазған Баишев, Дүйсенбаев, Сағындықов жолдастар, құрастыруға қатысқан Сайранбаев пен Мәлік Ғабдуллин де жауапкершілікті бізбен бірге көтеруге тиісті.

Сондықтан да, бірінші томның қайта басылымында бұл қателіктерді жою – менің басты парызым екенін мойындаймын. Ал сіздерден: тиісті кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңыз, орынды сындарыңыз арқылы бізге көмектесулеріңізді өтінемін.

Енді Абай мектебі мен оның шәкірттері туралы мәселеге тоқталайын. Тоқтала отырып: баяндамашы бұл мәселені күн тәртібіне дұрыс қоя алмады, яғни, баяндамашы Мұхамедхановтың Тіл және әдебиет институтында қорғаған дессертациясы кезіндегі жанығу мен даңағазаны қайталай жаңғыртуға тырысқанын мәлімдеймін.

Әйтпесе, алпыс жыл өмір сүрген Абайдың өз ортасын қалыптастырғанына күмәндануға бола ма? Меніңше бұған күмәндануға болмайды. Оның ақындық мектебі туралы мәселе дәл қазір тар шеңберде ғана күн тәртібіне қойылып отыр, яғни, оның өзінен кейігі ақындар мен қазақ әдебиетіне әсері қозғалып отырған жоқ. Соңғы мәселе өте ауқымды және бұдан кейін де айтыла бермек. Ал шәкірттеріне келетін болсақ, бұл нақты және қарапайым ғана мәселе. Дәл қазіргі әңгіме – оның айналасындағы және өзі жақын араласқан әр деңгейдегі шығармашылық тұлғалар жөнінде қозғалып отыр. Алайда ұстаздың жөні бір басқа, шәкірттің жөні бір басқа. Олар Абайдың өзі сияқты талантты да емес, шығармалары Абаймен салыстырғанда әлдеқайда төмен, егерде Абаймен теңдесетіндей болса, онда шәкірт емес, олардың өзі жаңа бір мектептің ұстазы ретінде танылар еді, бірақ олар бұл деңгейге көтерілген жоқ, сол шәкірт күйінде қалып қойды.

Сіздер: олардың кейбіреуінің қателескені, идеялық, саяси қайшылықтары бар туындаларды жазғаны үшін шәкірт қатарынан шығарып тастап, сол арқылы Абайды қорғағыларыңыз келетін сияқты. Шындығына келетін болсақ, мұндай қайшылықтар мен кемшіліктер, идеялық-саяси қателіктер Абайдың өз басында да болғанын назардан шығарып алғансыздар. Біз Абайды бір жақты емес, оның жеке басындағы кемшіліктерді көрсете отырып, жан-жақты зерттеуіміз керек. Маркстік ойлау жүйесіне дейін өмір сүрген барлық ақындар сияқты Абай да қоғамдағы өмірді өзгертетін басты фактор – адамгершілік бастауы деп білді, Абайдың өз діні болды, тағы басқа да қателіктер жіберді.

Әрине, оның шәкірттері үлкен-үлкен қателіктер жіберді. Мысалы, Көкбай Кенесарыны мақтап дастан жазды. Дәл қазір бұл оның басты кінәсі және Абайдың да қателігінің түп тамыры ретінде қаралып отыр. Алайда Көкбай Кенесары жырлаумен тоқталып қалған жоқ, бұдан өзге де дүниелер жазды.

Жазушы-зерттеуші жолдастар, сіздер Көкбайдың өзге шығармаларын біле білмейсіздер, басқасын былай қойғанда, Абайдың өзі оған 4 өлең арнады және өзінің төл шәкірті деп есептеді, қоғамдық өмірдің өзге де құбылыстарына арнап көптеген өлеңдер жазды. Абай көтерген мәселеге арнап оның шәкірті Әріп те өлең жазды. Мысалы, соңғы аталған шәкірт (Әріп) Абай қозғаған тақырыпты жалғастырып, еңбек, әйел тағдыры, орыс мәдениеті туралы жазды. Көкбай да, Әріп те контрреволюцияшыл, ұлтшыл Дулатовтыөлеңмен сынады, бұдан кейін және ең бастысы Әріп В.И. Ленин туралы бірнеше өлең мен дастан жазды. Әріп 1924 жылы маусым айында қайтыс болды. Сондай-ақ Көкпай да өзінің соңғы өлеңін Ленинге арнады. Ол 1923 жылдан бастап төсек тартып ауырып, 1926 жылыдүниеден озды.

«Абайдың шәкірті Мағауия Шәміл туралы дастан жазды», – деген сөз қазір сондай үрейлі естіледі. Алайда, құр аталып өткені болмаса, нақты ештеңе жоқ, өйткені ол дастан із-түссіз жоғалып кетті. Анығына көшсек, 90 жылдардан бастап Шәміл туралы жаппай жазылып келді, кезінде Лев Толстой да қалам тартқан болатын.

Сонда, өткен ғасырдың 90-жылдары Көкбай Кенесары туралы немесе Мағауия Шәміл туралы дастан жазды деп, оларды бүтіндей сызып тастауға бола ма, сонымен қатар Абай мектебін жоққа шығаруға бола ма? Анығын айтсақ, қазақ кеңес жазушылары мен зерттеушілері күні кешеге дейін Кенесарыны мадақтаған, таң қалған ыңғайда еңбектер жазып келді, сонда оларды да мәңгілікке біржола сызып тастаймыз ба?

Жоғарыдағы айтылғандарды негізге ала отырып, Абай мектебі мәселесін ойланып барып, Кенесарыға араластырмай дербес қараған жөн. Бұл мәселені кеңінен кеңесіп, кімді Абайдың шәкіртінің қатарына қосу керек, кімді сызып тастау керек – деген мәселені олардың шығармаларын талдай отырып шешу керек. Әрине Абайды айналасында өте жағымсыз адамдар да болғанын ескеруге тиіспіз. Бұл мәселелердің барлығын Кенесарының қозғалысымен араластырмай, пайымды түрде жеке зерттеу қажет.

Міне, мен осылай өзімнің соңғы уақытта жіберген қателерімді есептеп, екшеп, ескеру барысында Кенесары туралы әдебиеттердің түгелін және Кенесарыны шабыттана жырға қосып, оларды насихаттаған, ХІХ ғасырда өмір сүрген Досқожа мен Нысанбайдың шығармаларын тағы бір қарап шықтым. Кенесары қозғалысының бұл жыршы-жыраулары Кенесарыны мадақтаудан басқа ештеңе жазбапты, демек оларды жақтау, мақтау – Кенесарының өзін жақтау болып шығады.

1939 жылдан бастап 41, 42. 43, 46, 47, 48 және 49-жылдары шыққан қазақ авторларының тұтас бір шоғырлы кітаптарын, олардың әдебиеттану туралы оқулықтарын, очерктерін, зерттеулерін, мақалаларын, ең соңында жыл сайын шығып тұратын вузға арналған бағдарламаларын оқып шығып, олардың жыл сайын, табанды түрде, бір бағытта және теріс бағытта жібген шынжырдай шырматылған қателіктерін, бір емес, көптеген қателіктерін байқадым. Қазақстан ҚКП Орталық Комитетінің Тіл және әдебиет институтындағы 1947 жылғы тарихи шешімі – олардың Кенесарының тарихтағы орнын және оның жорық жыршылары Досқожа мен Нысанбай жыраудың мұраларын бағалауына ерекше өзгеріс әкелмепті.

Біз кезінде үнсіз ғана бас изеп, бұл айтылған сындар зар заман ақындарына ғана қатысты деп есептеп, Кенесары мен оны жырлаушыларды айналып өтіп кеттік. Сондықтан да, бұл зиянкестікті сезіне отырып, оның тамырын анықтай отырып, оны түбірімен жұлғымыз келсе, онда жоғарыда аталған барлық қателіктерді ашып көрсетуге тиіспіз.

Біз алысқа қарауымыз керек, яғни, Абайдың және оның шәкірттерінің қателігін біз қателік емес, қарамақайшылық есебінде қарастырғанымыз жөн.

Мен 1939 жылдан бергі еңбектерге тоқталдым. Бұған жоғарыда өзім айтып өткен бірінші томнана басқа (менің редакторлығыммен шыққан) мына еңбектер кіреді: ж.Исмайыловтың оқулықтары, мақалалары, баяндамалары, профессор т.Жұмалиевтің 1941 жылдан бастап 42, 43, 46, 48, 49 және 50-жылдары басылған оқулықтары, т.Марғұланның мақалалары, ж. Мұқановтың «Очерктер» кітабі, Жұмалиевтің Мұқановпен, Ғаддуллинмен, Кәрібаевпен, Оқу министрінің орынбасары Ә.Шәріпован бірігіп ВУЗдарға арнап дайындаған ХІХ ғасыр әдебиеті туралы оқу программалары жатады.

Жұмалиевтің жолдастың ХІХ ғасыр әдебиеті бойынша дайындаған, 1941 жылдан бері үзбей басылып келе жатқан оқулықтары мен программаларында бір ғана бағыттағы табанды баяндауға, тек Кенесарының жыршыларын әспеттеп, мадақтауға жол берілген. Досқожа мен Нысамбайды басқа көтере бағалау орын алған, ал ХІХ ғасырда өмір сүрген бұл екі ақын, жоғарыда айтып өткенімдей, Кенесарыны әсірелей жырлаудан баса соңына ештеңе қалдырған жоқ, оларды жақтау – Кенесарыны мақтау болып шығады.

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіннің тарихы бойынша педагогикалық вуздар мен мұғалімдік институттарға арналған 1948 жылғы программасында «Жұмалиев) Нысамбай туралы 1941-42 жылы шыққан оқулығындағы пікірді сөзбе-сөз көшіріп беген:

«Соңңы дастанда (әңгіме Нысанбайдың «Кенесары – Наурызбай» дастаны туралы) Кенесары мен Наурызбай бастаған көтеріліс оқиғасы көрініс тапқан. Дастандағы Наурызбай, Бұқарбай, Бұғыбай, Ағыбай образдарын тұлғалай сомдаудағы шеберліктері ...», – деп одан әрі жалғаса береді.

Автор өзінің осы ұстанымын 1949 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің» І бөлімінде бұдан да сорақы қателікпен бекіте түседі. Сол басылымның 144-бетінде Ломоносов, Қарамзин және Пушкин жөніндегі Белинскийдің пікіріне сондай бір орапайсыздықпен сүйене отырып:

«Біз Бұқарды жазба әдебиетіміздің басы дегенде, біз Бұқардан бастап Абайға дейін үзілмей жалғасқан өзекті байланыс бар деп тұжырымдаймыз. Бұқардан кейін аса көрнекті Дулат, Махамбет, Шернияз, Нысамбай, Шортамбай, Мұрат сияқты т.б. ақындар оның дәстүрін жалғастырған», – деп жазады. Демек, Абай мен Махамбет феодалдық хандықтың жыршысы Бұқармен, Нысамбаймен бір қатарда тұрғаны ма, мұнан да өткен сорақысы, оларды Шортанбаймен, Мұратпен қатар қояды, одан да өткен сорақылығы, мұны: олар реакциялық бағыттағы, халық мүддесіне жау ақындар – деп ҚКП(б) Орталық Комитеті шешім шығарғаннан кейін жазып отырғандығы.

Ғылымға қарсы, маркстік ілімге қарсы деп танылған буржуазиялық сана ағымы теориясы негізінде жасалған бұдан асқан тұжырымның болуы мүмкін емес.

Сонымен қатар, Кенесары мен Нысамбай және өзге де ақындар жөніндегі ж.Исмайыловтың еңбектерінде үлкен әрі өрескел қателер жіберілген. 30-жылдардан бастап жолд.Исмаиылов өзінің мақалаларында, кітаптарында, баяндамаларында Кенесарының ең белсенді насихатшысына, әспеттеушісіне және мадақтаушысына айналды. Бұл аздық еткендей, ол халық ақындары мен жазушыларға Кенесарыны бұрынғыдан да бетер әспеттеуге ықпал етті.

Жолдас Мұановтың «ХҮІІІ және ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихының очерктері» атты кітабінда да өрескел қателер өте көп. 20-жылдардың басында Кенесарыға дұрыс баға берген ж.Мұқанов ертегілердегі сияқты таңғажайып және түсініксіз трансформацияларды басынан кешіп, нәтижесінде Кенесарының қас дұшпанынан ашық жақтаушысына айналып шыға келді.

Енді, тарихи шындықты, яғни, әділетті қалпына келтіру үшін 1934 жылғы, жоғарыда аталып өткен «Очерктер» мен «Хрестоматияға» енгізілген Кенесары мен Нысамбай туралы мақалалардың басты авторы болып табылатын өзімнің мақалама қысқаша тоқтала кетейін. «Хан Кене» пьесасында жіберілген қателіктен кейін мен сол кездегі кеңес ғалымына тән ұстанымға көштім. 1934 жылы құрастырылған ХІХ және ХХ ғасыр ақындарының «Хрестоматиясында» Нысамбай туралы мен:



«Нысамбай сол жолды таңдап алды және өзінің жырын жоқтауға айналдырды. Бұл жоқтау Нысамбайдың таптық тегі мен ұстанған бағытын анықтайды. Ол хан билігін бөліскен адам емес. Бірақ ханның көңілінен шыққан бағынышты адамның сөзі. Ол – әміршінің алдында жұбату, көңіл аулау мақсатында мақатау мен мадақтау жырын айтқан жырау. Ол ханның көңілінен шығуға тырысты, билеуші үстем таптқа қызмет етті», – деп (11-бет) жазыппын, ал 1934 жылғы Кенесарының өзі туралы «Очерктің» 31-бетінде: «Барлық ашық мақсат – Кенесарының жеке басының хандығын, тағын, даңқын қорғауға келіп тоғысады, міне, осындай да кезең өткен, Кенеге жақын батырлар мен билер тобы да өздерінің билігін нығайту үшін мұны қолдаған», – деп жазыппын.

Міне, менің осы еңбегімді ж.Жұмалиев өзінің кейінгі оқулықтарында бірнеше рет сынаған болатын. Жолдастар, ж.Жұмалиевтің сол оқулығының 22-бетіндегі мына пікірге назар салуларыңызды өтінемін. Онда кітаптың атын атамай, бағдарлама мен хрестоматияны құрастырған автордың позициясын: «Ол материалдарда халықтық көтерілістің маңызы, халықтың басын біріктірген бұқараның тәуелсіздік жолындағы күресі, халықтың басын қосып, осы көтерілісті ұйымдастырған, жетекшілік еткен Кенесарының орыны анықтап көрсетілмеген, қозғалыстығ прогрессивті мәні жайдақтатылған», – деп сынаған.

Мұны өзге де авторлар қайталап көрсетті.

Міне, мен Кенесары мен Нысамбай туралы 1934 жылы жазған соңғы мақаламнан соң 1947-1948 жылдарға шейін, қашан «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына редактор болғанша үндемей жүрген кезде осындай да оқиғалар болды.

Ал ж.Жұмалиев Нысамбай туралы ғана емес, сонымен қатар Бұқар, Шортамбай, әсіресе, Мұрат туралы бұрынғы өрескел қателіктерін ҚКП(б) Орталық Комитетінің шешімінен кейін де жалғастырып келеді. Бұл қателіктер мынадан көрінеді, ж.Жұмалиев жолдас ҚКП(б) Орталық Комитетінің шешіміне орай оларды феодализмнін ақындары, қанаушы таптың идеологтары ретінде атай келіп, тікелей әдеби талдауға көшкенде оларды шебер ақын ретінде жоғары бағалап, шығармаларын бір ыңғай мақтай жөнеледі. Соңғы оқулығында ол Бұқарды шектен тыс әспеттеп, жыраулардың атасы, данышпан деуге дейін барды. Хандықтың бас идеологы, феодалдық сарай ақыны жөнінде осындай пікір білдірген.

Әрине, ж.Жұмалиев оқулықтарды құрастырушы ретінде белгілі және онымен бұрыннан айналысып келеді. Осы арада оның өте елеулі кемшілігін айтпасқа болмайды. Оның саяси қателіктеріне әділ сын айтсаң, ж.Жұмалиев сол арада өзгенің қателіктерін термелей жөнеледі. Өзінің қатесін өзгелердің өткендегі қатесімен бүркемелегісі келеді. Басқасын былай қойғанда, осы арада ең бір заңды және түйінді сұрақ туындайды: өзіңіздің кешегі қатерлеріңізді осылай жуғыңыз келген, өткендегі қателерін мойындаған сол автордың кітабына сілтеме жасадыңыз ба? Ол сілтеме жасаған жоқ. Оны өзінің пікірі ретінде көрсетті. Ендеше сол пікірлер мен қателерді, өзінің кінәсін ашық мойнына алсын.

Осы айтылғандардың барлығын – біздің әрқайсымыздың қатеміз бен кемшілігмізді обьктивті түрде көрсетіп, партия көрсеткен саяси қателерімізді жоюға көмек қолын ұсынып, бағыттап отыратын көпшілік қауым да ескеруі тиіс.

Сонымен қатар, партия мен ауқымды да әділ көпшілік қауым кейбір сөйлеушілердің (Мен Тіл және әдебиет институтының қызметкерлері арасындағы пікір таласын айтып отырмын): жеке адамның мұқым еңбек жолын жалаң сөзбен келеке етіп, өткендегі жіберген жекелеген қатерлері мен сілтемелерді бетіне шіркеу ете отырып, соңғы жылдардағы қол жеткізген нақты табыстарды мүлдем өшіріп тастағысы келген жойымпаздардың, қайталап айтамын, БКП(б) Орталық комитеті мен «Правда» газеті, Кеңес одағының жалпы көпшілігі қатал сынаған, ниглист Белик сияқты айқайшыл, раппшыл жаңа жойымпаздардың сөздерін байыппен талдап, тиісті шешім шығарады деп ойлаймын.

Осы арада өзімнің және ж.Жұмалиевтің, әсіресе, оның көпшілікке кең тараған оқулықтарындағы қателерін сынай отырып: Жұмалиевке қарсы ешқандай қызғанышым да, арам ойым да жоқ, өйткені онымен бөлісе алмай жүрген ештеңем жоқ, ол – менің, мен – оның қателіктерін көрсету – міндетіміз – дегім келеді. Пікір таласы болсын, пікір таластыра жүріп, партия, Сталин үйреткендей, шындықтың жолын табайық. Тек принципті, обьективті-партиялық, әділ сын, өзара сын болсын. Соны жетекшілікке ала отырып, көпшілік партия-кеңес қауымының күнделікті көмегіне сүйене отырып, біз – зерттеушілер мен жазушылар жас кеңес ғылымы, оның ішінде Қазақстан тарихы мен мәдениет тарихын зерттеу барысында тұйыққа тірелген әдебиеттану саласы осы ауқымды да ауыр жағдайды бұзып шығады және оған міндеттіміз деп есептеймін».

(№36  іс.637-49 беттер).



Ххххххххххххххххххххххххх


Қ.Жұмәлиев: «Біздің кейбір әдебиеттанушыларымыз, жолдастар, Кенесарыны мадақтауды әлі де жалғастырып келеді. Мысалы, Қазақ ССР Ғылым академиясынің Тіл және әдебиет институты жариялауға ұсынған, М.Әуезовтің тікелей жетекшілігімен 1948 жылы шыққан қазақ әдебиеті тарихының І томы – Маррдың антимаркистік көзқарасының шылауына оратылған, Радлов, Диваев және т.б. сияқты буржуазиялық ғалымдардың қате тұжырымдарының ықпалында кеткен, сондай-ақ Кенесары мен оның серіктерін әспеттеген, Кенесары туралы дастанды халықтық дастан деп жалған көрсеткен, методологиялық тұрғыдан зиянды басылым болып табылады. Оның 311-бетінде: «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен аса үлкен қозғалыс – Кенесары Қасымов бастаған халықтық көтеріліс», – деп жазылған.

Сондықтан да Әуезовтің редакциялық жетекшілігімен жарияланған бұл том Бекмахановтың саяси зиянды кітабімен қатар тқруы тегін емес. Бұл кітап Орталық комитеттің шұғыл түрде араласып, қатаң талқыға салып, қайта қарауды қажет етеді. Өйткені бұл кітап кекеңс студенттерінің оқулығы болып табылатындықтан да, ол жат пиғылда тәрбиелейді.

Кенесарыны әспеттеудің және әдебиеттандағы одан да басқа ұлтшыл идеяладрың тұпнұсқалық қазығы – М.Әуезов. Оның 1932 жылға дейнгі әрекетін айтпағанның өзінде, ол бұл идеяны 1933 жылдан қазіргі күнге дейін жүргізіп келеді. Жолдастар, «Правдадағы» мақаладан кейін Кенесары туралы өзінің зиянды ұстанымын жалғастырып келе жатқан М.Әуезовтің әрекетін аса өрескел саяси қателік деп есептеймін. Таяуда ғана, 1951 жылы 7 көкек күні Қазақ ССР ғылым академиясының қоғамтану ғылымдары институттарының біріккен ғылыми Кеңесінде Мұхамедхановтың қорғауы болды, онда Абайдың ақындық мектебі және Кенесарыға қатысты көптеген мәселелер талқыланды. Кімді Абайдың шәкірті деп танимыз? – деген мәселе кеңінен қозғалды... Әуезов сонда Көкбайдың «Кенесары – Наурызбай» дастанын Абай мектебінің үздік өкілінің шығармасы ретінде атап өтті... Дастанда Наурызбай кімді өлтіреді? Орыстарды. Кімнің қаласын өртке орайды? Орыстардың. Көкбай Кенесарыны неге мадақтайды? Бір жолда 99 өзбекті өлтіргені үшін. Қасымовтарды ақын не үшін мақтайды? Қырғыз бен қазақ елінің бейбіт тұрғындарын қатыгездікпен, аяусыз қырғаны үшін. Міне, Әуезов кімді Абайдың шәкірті, халық ақыны деп есептейді. Әуезовтің бұл пікірімен келісеміз бе, Әрине, жоқ...

Осы мәжілістегі М.О.Әуезовтің сөзіне келетін болсақ, ол мені де, қатысып отырғандарды да қанағаттандырған жоқ. Турасын айтайын, Кенесарыға байланысты мәселеде өрескел саяси қате жібергендерге екі-ақ жол қалды: біріншісі – большевиктік турашылдықпен өзінің қателіктерін мойындап, оны түзету, ал екінші жол – өзінің сорлы менмендігінің тұтқынында қалып, жеккөрінішті қорқау кейпінде қалу».

Бұдан басқа, үшінші жол бар болатын. М.Әуезов – Қ.Жұмалиев емеуірін еткен «сорлы менмендігінің тұтқынында, жеккөрінішті қорқау кейпінде қалды». Ал оның өзі ату жазасына кесіліп, кейін жиырма бес жылға жер аударылып кете барды. Тістескен тамырлар бір-бірін улап барып, ажырасты. Олардың бұл шарпысуларынан ғылыми таластан көрі пенделік салғыласу басым түсіп жатты. Оны тарихшы Т.Шойынбаев айтқан мына дерек те растайды. Сол бір арбасқан күндері қызметтен қуылған Қ.Жұмалиев қаражаттан қысылып, үйіндегі әппақ жиһазын несие дүкеніне өткізеді. Дүкеннің терезесінен соны көзі шалып қалған қаламгер: «Ә, солай ма екен?», – деп еркін тыныс алыпты. Т.Шойынбаев таңдана: «Сіздердің дұшпандықтарыңыз осындай ма еді?», – деген сұрағына: «Қайдан білейін, қыртыңдап қоймаушы еді», – депті де бұрылып кетіпті.

Ал Қажым Жұмалиев сияқты азулы, қара тілді, өжет адамды «қыртыңдатып» қойған, оның азуын Абай мен Кенесарыға қарсы білеткен аяр заманы еді. Екеуінің жұлдыздары өзара қарсы болғаны – өкінішті, бірақ қасірет емес. Қасірет – бірімен бірі қаржасып жүріп, халықтың тағдырын шайқалтып жібергені.

(36- іс, 73-74 бет).
Ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
«Ең қымбат іні – досым Есет!

Кеше хатыңды алып ем, оқта текте бір айтатұғын көңіл-жүрек сөздері айтылған екен. Алғыс деген аз ғана. Орайына сондай шындық жүрек құшағы лайық та. Мен сені қазақ әдебиетінің, әдебиет ғылымының айнымас, қажымас, жылдар жүрсе арғымас жегіндісі – Еңбек торысы дейім. Сол үшін сүйем де бек бағалаймын. Адамдығың, адалдық достығың өзіңе бір дара. Сенің жұртқа еткен еңбегің аз ба? Сен мені айтыпсың, соны оқып отырып мен сенің өзіңді көп-көп еске алдым. Өзі ғой осындай көпке көнегі, көп іске себі тиіп, талайда-талайдан алғыс алатын жан» деймін. Соның ішінде, әсіресе қазақ совет әдебиетінің үлкенді-кішілі жазушыларына сені мен сендей бірнеше жандардың сіңірген еңбегің аз ба? Жақында Москвада Әлжаппар, Тақауи, Қалтай үшеуі отырған бір отырыста сыншы-оқытушы-зерттеуші-сен бастаған жылдардың жазушылар үшін қадырлы көмек еңбегі қандайлық екенін сөйлеп ем.

Мені көп айтыпсың, көп жүрген соң жақсы жаман ұзақ өмір жолым жамыла беретін шығар. «Көп жүрген» дегеннен шығады. Бұрын жасы үлкеннің жақсы белгісі есебінде «бір көйлекті бұрын тоздырған ғой» дейтін еді. Көйлекті бұрын тоздыра жүріп өзін де қоса тоздыра жүретіні есепке алынбайтын.

Мен тегі өмірдің әрі-қыры, биігі мен ойпаңы, қысталыңы-шатқалы дегенді көбірек көргемін. Кейбіреулер өмірі біркелкі түрде, түзу жатық жазаң-жолындай өткен болса, менікі тіпті саушылық жағының өзінен алғандарда жауатыдай тәрізді.

Бірақ бәрінен де ұдайы сай, сергек кеудемен әсіресе өмірді таза мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшаласам: күйгенім мен сүйгенім көп, түңілгенімнен де - сенгіштігім көп, жиренгеннен гөрі құмарытқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызығы сүюім анық мол.

Бұрын бәрі, былайша айтқанда, өмірдегі «алымы қайтылған» дегенді аңғартса, - «берімі де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек. Сондықтан да өмірімізге, заманымызға, еңбегімізге – бар күйімізге құмармын деймін де.

Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да операциясыз айқпайды деседі. Ол қажет болса кейінге несіне қалдырам? Мезгіл кейін деген сайын мен алпыс төрттен ары күшсе бер мейіл (саушылық жағынан) – қайта әлсірепбермейім бе, ал ауру бөлек күшес бермесе, өздігімен кетпеуге мүмкін ғой. Сондықтан түбі бір операцияның болмайтын болса осындай семіз күрілі кезімде жасатқанын жөн бе деп тұрмын. Алдағы сейсенбіде – бүрет күні консилиум болады. Сол не десе де көнемін деп тұрмын.

Жақында сенікі сияқты аса дос қымбат хатты Евгений Каскадан алдым. Мүслім де жақсы толық хат жазыпты. Улхатов тілек естік жәйін жазып ВАК хабарын тосып жүргенін айтыпты. Жазылып шыққан соң ылғи да Балташтың да жәйларын ВАК-тан білемін.

Закиді али – ең болмаса рукбинев бөліміне алып (егер әуелбасты алу қыбын болса), ал қан моевязды тек хан осы Лидуноваға беру қажет, қажет әуелет қою мен биви өзіне бұл жөнде еш нәрсе айтқан еместігі. Үй ішіңе тиіс сәлем. Қолы Мұхтар Әуезов.
Хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Е.Исмайылов: «Бізде Кенесары Қасымов туралы арнайы мақала жазбағанғ алайда оң баға берген әдебиетші-тарихшылар бар. Олардың аттарын атамай-ақ қояйын, өзімнің кінәмды өзгеге аударғым келіп тұрған жоқ, алайда Қазақстан тарихы ғылымындағы қайшылықтарға және Кенесары Қасымовқа қатысты әдеби мәселелерді зерттеуде жіберілген қателіктерге, олардың белгілі мөлшерде тарихшыларға ықпал жасағанына қарамастан, кейбір жолдастар өзін-өзі ақтауға тырысты. Бұл – шындық. Алайда мынадай сұрақ қойғым келеді: Мұқанов пен Жұмалиев жолдастар өзінің оқулықтарының тұтас бір тарауын шынымен де Исмайыловтың ықпалымен жазды ма? (Республиканың) жиырма жылдығына арналған тезистер де Исмаиыловтың диктовкасымен жазылды ма? Тимофеев-Федоровтың мақаласын да Исмайылов жазып беріп пе? Иә, мен қатты қателстім, нағыз табанды кенесарышыл болдым, алайда осының бәрін, барлық пәлені Исмаиыловқа үйіп-төгіп, оның жалғыз өзін кінәлі деп мәлімдеуге болмайды. Мына бір жай еріксіз есіме түсіп тұр. Бірде Бекхожин маған: «Сен ЦК-ның қаулысына ілінген адамсың, сондықтан да үндеме. Сен соғылған (битым, мәселесі шешілген) адамсың, ешқашанда оларды сынап қарсы шықпа, күйіп кетесің. Сені кінәлау оңай, өйткені сенің атың қаулының барлық жерінде көрсетілген», – деді».

Кенесары мен Наурызбайды ұлт-азаттық көтерілістің көсемі, тәуелсіздіктің туы, намыстың көк семсері ретінде арғы атасы – Шыңғыс ха мен Жошыдан, бергі атасы – Абылай мен Қасымнан бастап жырлаған, «Ақсақ құлан», «Қаз оты», «Наурызбай – Қаншайым» атты дастандардың авторы, Кенесары көтерілісі туралы қазақ ақындарына тікелей тапсырма берген Х.Бекхожинды Ә.Тәжібаев өзінің сөзінде «төрелердің толғаушысы» атандырып, Е.Бекмаханов, М.Әуезов, Е.Исмайыловтан кейінгі төртінші орынды алатын халық жауы ретінде айыптады. Ол сөздің астарында саяси астармен қоса ақындық бақас бәсеке де қылтиып тұрды. Осы пікір таласы туралы естелігін тыңдап, «Наурызбай – Қаншайым» дастанын «Жұлдыз» журналына жариялауға алғанымызда да арыстан ақынның жүректегі үрейі қайратты қою мұртын тікірейтіп шыға келді. Сонда өзінің Е.Исмаиылов айтқан жоғарыдағы жаймен қоса, өзінің:



«Ақыры түрмеге қамалатын болдым. Сондықтан да Есмағамбет екеуміздің не істеп кеткенімізді арттағылар біле жүрсін деп, өзімнің кінәмды мойындағансып, әй бір көсілдім. Ал бізге Кенесары туралы жинақ құрастыруға тапсырма берген Орталық комитеттің өзі болатын. Ажалдан мені сол сөзім құтқарды ма, кім білсін. Менің мінезім ұапастағы булығуды көтермейді. Құсадан, не қыстығып жүріп өзіме өзім қол жұмсаудан жазым болар едім. Ал Есмағамбет туралы айтатын пікірімді алдын-ала өзімен келісіп алғамын. Ол сол сырдың барлығын өз сөзінде айта бастағанда зәрем ұшып кетті. Атамашы сол күндерді. Бәрінен де мен үшін Әбділдәнің сөзі қауіпті еді.», – деді.

Соңғы пікірді бұдан әрі дамытпаймыз. Х.Бекхожиннің «келер күндердің» қаперіне ұсынған сөзінен үзінді келтірумен шектелеміз.

Х.Бекхожин: «Осы арада, Кенесарыны әспеттеут туралы қате пікірлер 1940 жылы Қазақ ССР-нің 20 жылдығына орай орталық газеттерде жарияланған біздің сол кездегі басшыларымыздың (Скворцов пен Қазақпаев) Кенесарыны ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі ретінде мойындаған мақалалары арқылы таралғанын айтып өту артық емес сияқты... Бұл екі адамның (мәтінде бұл сөз Скворцов пен Қазақпаевтың атынан кейін қолданылған) Бекмаханов пен Исмайыловтың Кенесары Қасымовтың тарихтағы орыны жөніндегіжалған пайымдаулары олардың пікірлестерін де, Қазақ ССР тарихының редакциялық алқасын да аталған қателіктерді жіберуге алып келді»
Иә, Ұлы отан соғысындағы жауынгерлерге: «Сендерді Абылайдың, Кенесары, Наурызбайдың әркақьары қолдасын!», – деп ұран тастағанын.Ж.Шаяхметовтің өзі де мойындай сөйлеп, оған иедеология хатшысы І.Омаровты жанай кінәлап өтті. Скворцов, Қазақпаев, Оңдасынов, Әбдіхалықов та Кенесарыны ауызына алып, атой салған. Тіпті Сталиннің өзі де Иван Грозныйдың әруағын шақырған болаты. Жеңіске жеткеннен кейін енді сол әруақтарды қарғыспен кебіндеп, қайта көмгілері келді. Зады әруақтар оларға да тыныштық бермесе керек.

Х.Бекхожин (жалғасы): «Мен өзімнің әлі тәжірибе жинақтамаған қарапайым әдеби қызметімді СССР ҒА-ның Қазақстандағы филиалының Тіл және әдебиет секторында, Кенесары мен басқа да хандар мен билер туралы пікірлердің дәнін сепкен Исмаиыловтың жетекшілігінде атқара жүріп, Қазақстан тарихы мен Қазақ әдебиеті тарихының кейбір тұстарын түсінуде адасып етіппін...



Ең соңында айтарым, өзінің ұлтшыл, оның ішінде Кенесары туралы қателерін осы уақытқа дейін ашық және шын жүректен мойындамай отырған Исмаиыловтың тәртібін қатаң талқыға салуға болмай ма? Кенесарыны әспеттеген ондай адам жоқ, ол бұл мәселе жөнінде идеялық қателік қана жіберіп қойған жоқ, сонымен қатар бірнеше жыл бойы мұқым бір мемлекеттік ғылыми мекемелені жұмылдырып, мемлекеттің қаржысын жұмсап, Кенесарының тарихын мадақтайтын зерттеулер жаздырды, сөйтіп, жалған дәлелдер арқылы Кенесарыны «халықтық» тұлға етіп көрсетіп, қоғамдық ойды адастырды. Соның тапсырмасымен кеңес ақындары бірқатар қате шығармалар жазды. Жылқыайдаров, Керімбаев, Шипин сияқты халық ақындарымен қоса ақын Аманжолов та оның тапсырмасымен Кенесары мен Наурызбайды мадақтайтын дастандар шығарды. Неге ж.Аманжолов өзінің Кенесары туралы жіберген қателігін ашық мойындауды парызым деп есептемейді? Өзіміздің барлық қателігімізді ашық мойындап, оны сынау арқылы ғана өзіміздің шығармаларымызға жат, зиянды идеялардың кіріп кетпеуіне жол ашамыз».

Жауап сөзінде «келісімді орындап» Е.Исмаиылов Х.Бекхожиннің атын атамайды. Бірақ астарлы емеуірінді екеуі де, өзгелер де түсінген.

Е.Исмаиылов (жалғасы): «Әдебиетшілердің арасында өзгелердің қателігін көрсетуге шебер, ал өздері ештеңе істемей, «тыныш қысып» отырғанды жөн көретін сыншысымақтар бар. Ешқашанда да ештеңеге араласпайтын, ештеңе жазбайтын жолдастар да бар. 5-6 жыл бойы қолына қалам ұстамағандар да кездеседі. Әрине, ол жолдастар ешқашан қателеспейді (күлкі).

Әрине, ішінара қателіктер кетуі де мүмкін, партия мен үкімет талап етіп отырғанда табанды түрде еңбектену керек. Мен принципті шығармашылық сынды қашанда қабылдаймын, алайда, өзің баяғыда бас тартқан ескі қолжазбаларыңды ақтарып, қояңды шығаруға бағытталған сыңаржақ сынды қабылдамаймын. Мұндай кемшіліктерді, соның ішінде Қ.Жармағамбетов жолдастың баяндамасында айтылған сындарды мойындаудан бас тартамын, менің жақсы істерімді жасырып, жаманттың барлығын маған жапсырған мұндай сынды жоққа шығарамын. Лайықты, орынды сынды өзім де жақсы көремін және ондағы қателерді түзетуге тырысамын. Партия ұйымы тарапынан айтылған сынды да қабылдаймын».
Жалпы мерзімі үш жылға созылған осы арпалысты, жанталасты, әшкерелеуші бағыт ұстаған талқылауларда өзінің пікірін ашық білдірген және қарсы уәж айтқан тұлға Есмағамбет Исмайылов қана. Х.Бекхожин айтқандай, бәрібір жазадан құтылмайтынын біле тұрып, өзінің «соңғы сөзін»:

«Осы партия жиналысында: Кенесары Қасымовтың қозғалысын бағалауға, оның реакциялық мәніне қатысты қателіктерімді түзету жолында адал еңбек ететініме уәде беремін», – деген үмітті тілекпен аяқтады.

Алайда бұл көпшіліктің назарын жай ғана алдарқату еді. Осы жиналыстан кейін:



«Кенесарының жолындағы талмайтын күрескер, оның меншікті қорғаушысы, жән хан тұқымдарының тұрақты алдияры» (Қ.Жұмалиев) атанған

Е. Исмаиылов – Е.Бекмаханов, Х.Мұхамедханов, Б.Сүлейменовтің қатарында қамаққа алынып, жиырма бес жылға кесіліп, Семейге жер аударылды.



(36 іс, 71 – 73 беттер)

Ххххххххххххххххххххххх

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет