Табиғи ресустардың қоғам өміріндегі рөлі. Адамзаттың әлеуметтік- эканомикалық прогрестің шыңдарына шығуы оның табиғаттың әр түрлі сыйлықтарын – табиғи ( немесе жаратылыстық) ресустарды пайдалануымен барынша тығыз байланысты.Адамның табиғи ресустардың әр түрін қажетсінуі біркелкі емес. Мысалы, табиғаттың баға жетпес сыйлығы – оттегінсіз адам бірнеше минут те тіршілік ете алмайды, ал ядролық отын уран мен плутонийсіз мыңдаған жыл өмір сүрді. Табиғи ресустарды игеруге жұмсалатын шығын да әр түрлі. Кейде бұл шығындар болмашы, алайда көбіне табиғи ресустарды игеру көп күрделі қаржыны керек қылады: әсіресе қымбат тұратын техника мен технологияны қолдану, кен орындарын өндіру кезінде көп қаражат жұмсалады. Барланып, өндірілген көптеген табиғи ресустар материалдық өндірістің алуан түрлі салалары үшін шикізат болып табылады.Өз кезегінде қоғамдық өндіріске тартылып, онда сан мәрте түрленіп өзгерген шикізат материалдары эканомикалық ресустарға айналады. Осылайша, табиғат элементтері оларға еңбек сіңуі нәтижесінде еңбек құралдары, ғимараттар, материалдық игіліктер болып шығады. Қазіргі заманғы әлемдік өнеркәсіп орасан көп мөлшерде шикізат қолданады. Оның құны ( отын мен электр энергиясының құнын қосқанда) өнеркәсіп өнімін өндіруге жұмсалған жинақтама шығында шамамен 75% болады. Осындай жағдай шикізаттың негізгі түрлерімен қамтамасыз ету мәселесінде көп елдердің алдына өте шұғыл проблемалар қояды. Көптеген табиғи ресустар (ең алдымен мұнай, газ, көмір) біртіндеп азайып келеді. Бұл, әрине, көңіл көншітпейді. Алайда, біріншіден, олар әлі толық сарқылмағаны былай тұрсын, әлі толық ашылған деуге де әсте келмейді. Екіншіден, өндіріліп жатқан табиғи ресустар толық пайдаланылмауда. Үшіншіден, таяудағы он жыл ішінде ресустар саласында болатын ашылыстарды болжап айту қиын. өйткені «алдынғы күні» біз электр туралы ештеңе білмейтінбіз, «күні кеше» атом ядросында орасан зор энергия қорын өндіруге болатынын білмейтін едік. әлі анық түсінбейтін күштердің «қоршауында» тұрғанымыз күмәнсыз. Бар керегі – адамзат қоғамының ақыл-ой және өндірістік қарекеті Жер шарының барлық адамдарының пайдасына қызмет етуі тиіс, табиғатты көріктендіріп отыруы, өзінен кейін құлазыған өңірді ғана қалдырып кетпей, табиғаттың өз қарымын неғұрлым түгел ашуына көмектесуі тиіс.
«Табиғи ресустар» деген терминмен қатар «табиғи жағдайлар» деген неғұрлым кең ұғым жиі қолданылатын болды. Бір ұғымды екіншісінен саралайтын шек кейде өте шартты болып шығады. Мысалы, желді табиғаттың компоненты деп қарауға болады, бірақ осымен бірге ол маңызды ресурс та, ең алдымен энергия алынатын ресурс.
Табиғи жағдайлар планетамыздағы табиғи ортаның бүкіл сан алуан бейнесін көрсетеді және адамзаттың тарихымен, оның қоныстануымен тығыз байланысты. Олар адамдардың өміріне әрқашан ықпалды болды, ал адамдар табиғи ортаға әсер етті. Осылайша, адам табиғат байлықтарын пайдаланбайынша тіршілік ете алмайды және осы мағынада табиғатқа тәуелді. Бірақ осымен қатар адам табиғатқа белсенді ықпал ете алады. Адам мен табиғаттың қарым-қатынасының мәнісі осы.
Ресустардың орналасуы және әр түрлі елдердің олармен қамтамасыз етілуі. Географияның мұның алдындағы курстарынан сендер табиғи ресустардың минерал, жер, су, өсімдік ресустары түрінде болатынын білесіндер. Мұның өзі оларды табиғат құбылыстарының қай тобына жататынына қарай топтастырудың бір түрі. Бұған қоса табиғи ресустарды жаңадан толығып отыратын және толықпайтын ресустар деп те саралайды, экономиканың белгілі бір саласына арналу белгісі бойынша, сапасы бойынша (яғни оларда пайдалы компоненттердің болуына қарай), түзілу сипатына қарай (минералдық, органикалық) және басқадай топтастырулар қолданылады.
Табиғи ресустардың планета бойынша орналасуы біркелкі емес. Мұның өзі Жер шарындағы климаттық және тектоникалық процестердің айырмашылықтарына, өткен геологиялық дәуірлерде пайдалы қазбалар түзілу жағдайының әр түрлі болғанына байланысты. Табиғи ресустардың жекелеген түрлерінің қорлары да біркелкі деуге әсте болмайды. Осының нәтижесінде елдердің арасында ғана емес, қазіргі дүниенің ірі-ірі аймақтарының арасында да олардың табиғи ресустармен қамтамасыз етілуінің деңгейі мен сипатында елеулі айырмашылықтар бар. Мысалы, Таяу Шығыс елдерінде мұнай мен газдың мол ресустары бар. Анд елдері мыс және полиметалл рудаларына бай, тропиктік ормандары көп мемлекеттерде бағалы ағаш сүрегі ресурстары мол.
Дүние жүзінде табиғи ресурстардың бізге белгілі түрлерінің бәріне ие бірнеше мемлекет бар. Бұлар Ресей, АҚШ және ҚХР, Үндістан, Бразилия, Австралия. Кейбір елдер табиғи байлықтардың «ассортименті» жағынан олардан кейінгі орынды иеленгенімен, басқа мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда ілгері. Көптеген елдер бір немесе бірнеше ресурстын дүниежүзілік маңызы бар мол қорларына ие. Мысалы, Габонда марганец, Кувейтте мұнай, Мароккода фосфорит қорлары мол. әрбір ел үшін өздерінде бар табиғи ресурстардың көп түрлілігінің зор маңызы бар. Мысалы, жеке бір елде қара металлургияны ұйымдастыру үшін тек темір рудасының ғана емес, сонымен қатар марганецтін, хромиттің, кокстелетін көмірдің болуы өте маңызды. Ал егер бұл ресурстар мұның үстіне бір-біріне біршама жақын орналасқан болса, онда бұл ел үшін тиімділігі де жоғары болмақ.
Дүние жүзінде белгілі бір табиғи ресурссыз ел жоқ. Олар аз болған, ал кейбір елдерде мүлдем болмаған жағдайда бұл мемлекет кедейлікке душар болады деуге келмейді. өйткені қай елдің болсын ұлттық байлығы оның материалдық игілікктері мен табиғи ресурстары қорларының жиынтығымен ғана өлшенбейді, бұған қоса әр елдің адамдары, олардың тәжірибесі мен еңбекқорлығы, білімдері мен шеберліктерінің пайдаланылу дәрежесі де ұлттық байлықты құрайды.
Мысалы, экономикада үздік жетістіктерге жеткен Жапонияның ассортимент жағынан болсын, мөлшер жағынан болсын минералдық ресурстары өте-мөте шектеулі. Онда күкірт пен пириттердің ғана мол қорлары бар, ал мұнай, табиғи газ, темір рудасы, сирек металдар рудалары, фосфориттер, калий тұздары және т.б. өте-мөте жетіспейді. Жапонияға қарағанда минерал шикізат ресурстары орасан мол болғанымен, әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктері мардымсыз көптеген мысалға келтіруге болады.
Табиғи байлықтардың планета бойынша әркелкі орналасуы, бір жағынан, халықаралық еңбек бөлінісі процесі мен халықаралық экономикалық байланыстардың дамуына себепші болса, екінші жағынан, кейбір табиғи ресурстары жоқ елдерді белгілі бір экономикалық қиыншылықтарға ұшыратады.
Табиғатты пайдалану процесінде табиғи ресурстарды ғылыми негізде шаруашылық тұрғысынан бағалаудың маңызды мәні бар. Оның құрамдас элементтері табиғи ресурстарды барлау, анықтап ашу, инвентарьлау, сондай-ақ мөлшері мен сапасы тұрғысынан бағалау болып табылады. Әлемнің кемел дамыған елдерінде мұндай ресурстар ендігі жан-жақты бағаланған, ал дамуы баяу елдерде бұлай бағалау әлі жүргізілмеген. Ал анығында табиғи байлықтарды мұқият есепке алмайынша, өміріміздің барлық салаларында олардың тұтынылуын бақылаудың мінсіз қалыптасқан жүйесі болмайынша және бұл ресурстарды барынша үнемдемейінше адамзат осылай «мәңгілік» өркендей береді деп үміттенуге болмайды.
Сонымен, адамзат қоғамы дамуының барлық кезеңдерінде табиғи ресурстар оның әлеуметтік-экономикалық прогресінің маңызды алғы шарты болды. Алайда олардың сан алуан экономикалық ресурстарға айналуы түптеп келгенде адамға, оның ыждағаты мен талантына байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |