Тақырыбы: Қайғы шығар ілімнен
Студент: Қыдырбаева Аружан
Тобы: ЕП-22-11К2
Қайғы шығар ілімнен
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.
Қайтіп қызық көремін
Әуре-сарсаң күнімнен?
Қайрылып қарап байқасам,
Ат шаба алмас мінімнен.
Қайғылы, қартаң біздей шал,
Қарай берсең, қайда жоқ?
Есер, есірік болмасаң,
Тіршіліктен пайда жоқ.
Ақыл бітпес дәулетке,
Дәулет бітпес келбетке.
Болымсыз қулық тойымсыз
Болады балаң жөргекте.
Ішімен жау боп, сыртымен
Кім тояр қылған құрметке?
Кеңшілікте туған жоқ
Шықсын деген жел бетке.
Тарлықта қанша тайпалса,
Қадірі болмас, әлбетте.
Сыйласа елің ұлықтап,
Араласаң қызықтап,
Қызық пенен тыныштыққа
Қазақ тұрмас тұрықтап.
Қаңқылдап біреу ән салса,
Біріне бірі жуықтап,
Тебінісіп қамалар,
Тоқтатып болмас сырықтап.
Түзу бол деген кісіге
Түзу келмес ырықтап.
Сырдаң тартып, қашады,
Ұстайсың қайтіп құрықтап?
Ел жайын біліп, қансаңыз,
Айтайын, құлақ салсаңыз:
Кейбіреуі дүрсіп жүр,
Жер тәңірісіп кер мағыз.
Кейбіреуі — зәкүншік,
Оңдырмассып, берсе арыз.
Кейбірі пірге қол берген,
Іші залым, сырты абыз.
Кейбірі қажыға барып жүр,
Болмаса да қаж парыз.
Мұсылмандық ол ойлап,
Өтеген қашан ол қарыз?
Дәулеті жоқ бурыл шаш,
Үйіңе кет, топтан қаш!..
Ағайынның ішінен
Шыға қалса тайталас,
Партия жиып, мал сойса,
Бата оқисың, жейсің бас.
Басалқа сөз сенде жоқ,
Айтқан сөзің „малың шаш».
Итше індет тілемей,
Жат үйіңде, өлсең де аш!
Ойлап-ойлап қарасам,
Осындай шал қайда жоқ?
Қозғау салып қоздырғыш
Кезбе шалдан пайда жоқ.
Қайғы шығар ілімнен… Абайдың 1892 ж. жазған өлеңі. Тармақ саны әр түрлі 7 шумақ, барлығы 6О жол. Ақынның бұл кезеңде А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов поэзиясына тереңдеп кіріп, дүниежүзі әдебиетінің. Шиллер, А. Мицкевич, И. Гете сияқты алыптарымен таныс болғанын ескерсек, бұл өлеңдегі мұңды сарынды, жақсылықтан, адалдықтан түңілу түйсіктерін Абайдың жасы ұлғайып, көңілінің күйрек тартқан шағындағы жасық шығармасы дей алмаймыз. Бұлайша өз заманынан түңілу, күнделікті күйкі тіршіліктен тарығу бүкіл әлем классиктерінің бәрінде де болғанын ескертеді М. Әуезов. Тіпті қаламының қайрылмас қайрат-күшін, ащы тілінің улы запыранын надандық пен арамза лыққа, қоғамдағы зиянды құбылыс біткенге қарсы аяусыз төккен сарабдал сыншы М. Е. Салтыков- Щедриннің өзінде де кей тұста осындай сарын орын алғанын айтады. Тегінде түсінік-түйгені, білім-зердесі өз ортасынан анағүрлым жоғары адамдардың ойға алған айшықты арман-мақсаттарының орындалмай қалғанына разы болмай кейістік танытып, бір сәт бәрінен де күдер үзіп, мұңға берілуі заңды нәрсе болса керек. Осы өлеңді оқығанда Абайдың екі шығармасы еске түседі. Біреуі «Менсінбеуші ем наданды…» өлеңі де, екіншісі - «Масқұт» дастаны. Екі өлең сөзім, ой түйіні жағынан өте жақын. Ел бүлігі, ағайын дауынан, надандық пен арамдықтан әбден қажыған ақынның мұң-зары, халқына, келер ұрпағына айтар шағымы іспеттес. Екеуі де ел-жұртын адамгершілікке шақырады. Ал жоғарыда аталған дастанның соңында еліріп кеткен елінен қорыққан патша мен уәзір амалсыздан өздері де «жынды судан» ішуге мәжбүр болмай ма. Ақын осы арқылы көп наданның ішінде бір данаға орын жоғын дәлелдейді. Бұл өлеңде де солай. Ілімнен-қайғы, білімнен-ыза ғана шығады. Өйткені елдегі барша жамандық пен надандықты тек саналы, көзі ашық адам ғана түсініп, сол ғана қайғы шер төгеді дейді. Ал өзі қасірет шегіп, зар илеп отырғанда, елдегі есірік, есерлер ойларына келгендерін істеп, тіршіліктің тынысын бұзатынына налиды. Бірақ ақын осындай зіл қара тас мұңмен басталған өлеңінің өзінде дұшпандарына айтар қайрат тауып, әлгі сойқан-содырларды таңбалап, олардың жексұрын кескін-келбеттерін түстеп береді. Алдымен солардың жөргекте қағынған шағынан бастайды да, сүм-сұрқиялық есу жолын сипаттайды, мінез-құлық қасиеттерін өлтіре әшкерелейді. Олардың іші – жау да, сырты – жылмаң. Таңдағандары ауырдың үсті, жеңілдің асты. Іздегендері – қызық, мағынасыз ойын-сауық. Жүрер жолдары қисық-қыңыр. Міне, ақын заманындағы бойкүйез, бұзық, топас топтың келбеті осындай. Ал сол сиықсыз, сырдаң тобырға ақыл айтар, жөн сілтер кім бар, ауылдың абызы, ақсақалы қайда? Ондай адам жоқ. Бірі – заңшыл, бірі – арызқой. Жалған ақылшы болған, пірге табынған түр танытатын жәдігөй арамзалар ғана. Қазақ тіпті қажыға барудың өзін мұсылмандық парыз үшін емес, әшейін сырт көз, мақтан, атақ-даңқ үшін жасайтынын жиіркенішпен әшкерелеп, өзі тұстас қарттарға адалдық, адамгершілік жолын ұсынады. Бұзақыға басалқы сөз айтудың орнына, баз біреуге желбіреп, баз біреуді зәбірлеп, топ құрып, тобыр жиған, бірді бірге айдап салып, мал шашпаймен жүргендерді «итше індет тілемей», тыныштық табуға, ар-ұятты қадірлеуге шақырады. Ақын ел ішіндегі осындай қүй тырқы шалдардың көптігін ескертіп: «қозғау салып қоздырғыш, көзбе шалдан пайда жоқ» деп, ел бұзарларға нағылет айтады. Сөйтіп мұңды сарынмен басталған «күйрек» шығарма жауыздыққа, зорлық-зомбылыққа, қулық сұмдыққа қарсы ызалы тұжырымға ауысады, өлең соны екпін, жаңа қуатқа ие болады. Туынды 7-8 буынды шұбыртпалы ұйқаспен жазылған. Өлеңдік құрылысы жағынан да өзгеше. Ақын шығармасының бір тұтас шумақтық өлшемін сақтамаған. Оның ең қысқа шумағы 4 тармақтан, ең ұзын шумағы 12 тармақтан тұрады. Тілі аса көркем, уытты. Алғаш рет 1909ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Абай Құнанбайүғылының өлеңі» деген жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында бір қатар текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1933, 1939 жылғы басылымдарда 26-жол «Қазақ тұрмас торықтап» болса, қалған жинақтарда бұл жол 1909 жылғы басылым негізінде «’’Қазақ тұрмас тұрықтап’’» болып алынған. Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында 34-жол «Тоқтатпасаң құрықтап» делінсе, басылымдарда Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазбасы, 1909 жылғы жинақ бойынша «Ұстайсың қайтіп құрықтап?» болып берілген. Ал 1933 жылғы басылымда бұл жол «Ұстай алмайсың құрықтап». 1939, 1945, 1954,1957,1977 жылғы басылымдарда 37-жол «’’Кейбіреуі дүрсіп жүр’’» болса,1909 жылғы жинақта «Кейбіреуі дуриіп жүр», Мүрсейіт қолжазбаларында «Кейбіреуі дұрыс жүр» деп көрсетілген. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909, 1954 жылғы жинақтарда 51-жол «Партия жиып, мал сойып» түрінде алынған болса, 1939, 1945, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол 1933 жылғы жинаққа сәйкес «Партия жиып, мал сойса» делінген. 1909 жылғы басылымда 55-жол «Итше иттен тілемей» болып берілсе, Мүрсейіт қолжазбаларыңда, қалған басылымдарда «Итше індет тілемей» болып алынған. 1954 жылғы жинақта өлеңнің жазылу уақыты 1891ж. деп көрсетілген. Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Достарыңызбен бөлісу: |