Тақырыбы: «Алашорда -тәуелсіздіктің бастауы» 1-жүргізуші: Армысыздар, қымбатты ұстаздар мен оқушылар! 2-жүргізуші



Дата03.07.2016
өлшемі55.5 Kb.
#174298
Тарих пәні мұғалімі: Мусатаева М.К.

Тақырыбы: «Алашорда -тәуелсіздіктің бастауы»

1-жүргізуші: Армысыздар, қымбатты ұстаздар мен оқушылар!

2-жүргізуші: 16 желтоқсан ҚР тәуелсіздік күніне арналған «Алашорда -тәуелсіздіктің бастауы» атты тарихи кешімізге қош келдіңіздер!

1-жүргізуші: 16 желтоқсан ҚР тәуелсіздігінің 22 жылдық мерекесі құтты болсын! Тәуелсіздік – еліміздің өз алдына шаңырақ көтеріп, ешбір елге, ешбір мемлекетке тәуелсіз, дербес Қазақстан Республикасы болып құрылуына байланысты ұғымды білдіреді. Тәуелсіздік – теңдік, бостандық, еркіндік, бүкіл адамзат баласының қаншама мыңдаған жылдар бойы аңсаған арманы, мақсаты, ұраны болып келе жатқаны белгілі.

2-жүргізуші: Туған халқымыз тәуелсіздік алды. Тарихымыздың беттеріне 1991 жыл алтын әріптермен жазылды. Бостандыққа парламенттік жолмен жеттік. Бұның саны аз халық үшін тиімді екеніне көзіміз жетті, көңіліміз жетті. «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы заң Жоғары Кеңес сессиясында көпшілік дауыспен бекітілді.
1-жүргізуші: Еліміздің егемендік алуы, халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашты. Ол баршамыздың бейбіт өмірде, еркіндікті аңсаған ақ ниет, ақ тілеумен өзіміз тіккен ортақ шаңырағымыздың тәуелсіздігі.
2-жүргізуші:

Тігілген соң Ақ орда шаңырағың,

Тұғырыңа қонуда сан қыраның.

Отан деген оранып от құшаққа,

Кәусарыңа шөліңді қандырамын.

Сенен ғана өрбиді күш жыр-әнім,

Қазақстан, о менің құт-тұрағым.

Жер шарына қазақтың халық атын,

Тәуелсіздік туымен ұқтырамын!
1-жүргізуші:

Елге айналдың Отаным есімі ұлы,

Аштың әлем халқына есігіңді.

Зорға жеткен ардақтан осы ісіңді,

Түзе халқым, салтың мен бесігіңді.

Құлақ кесті құл емес қазақ тіпті,

Сезінетін шақ туды азаттықты.

Отаншылдық бір айтып көтерілсін,

Толқыныдай теңіздің ғажап, күшті.
1-жүргізуші: Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы - тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени- рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Өйткені ол қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл козғалыс еді.
2-жүргізуші: Қозғалыстың қарқындылығы мен жаңашылдығы - қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау сол бір дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылык пен мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет құруға бел шешіп кірісуінде еді. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын қосып, ертеңіне сендірген осындай ұлы топ бұғанға дейін болмағаны тарихтан белгілі. Олар сол түста кездескен қиындықтардың барлығын жеңе білді, түпкі мақсатқа жету үшін, қандай да болмасын, замана сауалының оңтайлы шешімдерін таба білді.

(Слайд «Бес арыс»)

(Алаш фильмінен үзінді)
1-жүргізуші: 1917 жылдың ақпан айында патша үкіметі құлады. Осы жағдайды пайдаланып қазақ зиялылары Алаш партиясын құрды. Ендігі алдағы мақсат Алашорда үкіметін құру. 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында өткен Орынбордағы ІІ Бүкілқазақ съезінен көрініс.

(ортаға бірнеше оқушылар шығады.)


Ә. Бөкейхановтың рөлінде- Айбек: «Азаттықтың таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұл күн теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті.
Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп отыр. Бұл күнге жеткізген құдайға мың шүкірлік!
Топ ішінен екі-үш адам: «Бізде ойлансақ қайтеді» деген дауыстар шығады.
Ә. Бөкейханов рөлінде Айбек: «Мен кадет партиясынан кеттім» деп мәлімдеме жасайды.

2 -Жүргізуші: «Алашорда үкіметін бүгіннен қалдырмай жариялаймыз ба, әлде бір айдан кейін жариялаймыз ба?» деген дауыс екіге жарылады. Осы кезде дауыс беру басталып кетеді. Дауыс берудің қорытындысында Шығыс Алашорда 42 дауысты, ал Батыс Алашорда 39 дауысты алады. 3 адам дауыс бермей қалыс қалады.

Бір топ адамдар: «Алашорда үкіметін бүгіннен қалдырмай жариялайық» дейді.

Екінші топ адамдар: «Жоқ, тоқтай тұрыңдар, мынау Түркістан облысы, Түркістанға қарайтын Жетісу облысы, Сырдария облысы бар, осылардың пікірін білейік» дейді.

М. Шоқай ролінд (Нұрлыхан): - Дауыс бермей қалыс қалған үш адам : «Біз Алашорда үкіметіне қосылмаймыз, біз Түркістан автономиясын құрамыз» деп сахнадан шығып кетеді.

Осы кезде барлығы қосылып: «Біздер бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып Алашорда үкіметін жариялаймыз» дейді.
(бес арыстың сахнаға шығуы)
Мағжан Жұмабаев(К.Алмаз):

Жүрген ескі заңымен,

Алдындағы малымен

Бірге жусап, бірге өрген,

Алаш деген елім бар.

Неге екенін білмеймін,

Сол елімді сүйемін.

Сағым сайран кұрады,

Бораны ұлып тұрады,

Қыс — ақ кебін, жаз — сары.

Орманы жоқ, шуы жоқ,

Тауы да жоқ, суы жоқ,

Мәңгі өлік сахарасы,

Сарыарқа деген жерім бар.

Неге екенін білмеймін,

Сол Арқамды сүйемін!


Ахмет Байтұрсынұлы(Нұрсұлтан):

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,

Сахара көлге қонып салқындаған.

Бір өртке қаудан шыққан душар болып,

Не қалды тәнімізде шарпылмаған.

Алаштың адамының бәрі мәлім,

Кім қалды таразыға тартылмаған.

Дегендер:мен жақсымын, толып жатыр,

Жақсылық өз басынан артылмаған.
М.Дулатов(Райымбек):

Азаматы алаштың


Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды.

Алаш туы астында,


Күн сөнгенше сөнбейміз!
Енді ешкімнің алашты,
Қорлығына бермейміз!
Адамдықтың жолына,
Бастаған ерлер соңында,
Басқаға көңіл бөлмейміз,
Қандай шайтан келсе де,
Алдауына көнбейміз.
Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз,
Жасайды алаш, өлмейміз!
Жасасын алаш, жасасын!

Жүсіпбек Аймауытов(Ерназар):

"Қазақ - мәдениет жөнінде ерте туып, кеш қалған халық. Кенже қалғанымызда, әрине, көп себеп бар: жер, тұрмыс, ғұрып, әдет, надандық (фанатизм), партия, өтірік, мақтан, міне, бізді ілгері бастырмаған осы сияқты себептер"

Алаштың талабы зор, мақсұты мол

Әр түрлі кемшілікке созып тұр қол.

Бір мақсұт әйелдің халін аяп,

Азаттық, адамдыққа іздемек жол.

Бұл талап сәті болса таудай талап,

Ниеті қабыл болғай құдай қалап

Әркімнің жүректегі дертін қозғап,

Жазылар талай сөздер неше тарап,

Әйел сөзі қытықшыл, нәзік бір іс,

Нәзік істі бүлдірмей істеу дұрыс.


Әлихан Бөкейханов(Айбек):

1-ұстаным:«Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Яғни, жер – Отан, aл Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген деген тұжырымға саяды.

2-ұстаным: Жердің астын­дағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек».

1-жүргізуші: 1917 ж. желтоқсанның 5—13 Орынборда 2-ші бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайы өткізілді.Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды.Құрылтай делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген анархия(тәртіпсіздік) жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру (төрағасы Ә. Бөкейханов, Ұлт Кеңесі құрамына 25 адам кірді), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Алаш астанасы — Семей қаласы еді.

Слайд: Портреттер сөйлейді. Олардың өмірбаяндарын баяндау.

Ә. Бөкейханов

А. Байтұрсынов

М. Дулатов

Ш. Құдайбердіұлы

Ж. Аймауытов

М. Жұмабаев

М. Шоқай
Мұстафа Шоқай фильмінен үзінді.



2-жүргізуші: 1937 жылы 23 ақпан – 25 наурыз аралығында өткен Орталық партия комитетінің пленумы халық жауларын әшкерелеуге арналды. Қазақстанда 101 мың адам репрессияға ұшырады, қазір олардың барлығы ақталды.
Енді бізге қайта оралды заңғарлар
Сталиндік тозақтарда жанғандар
Ахметтер, Жүсіпбектер, Сәкендер
Ілиястар, Бейімбеттер, Мағжандар.
1-жүргізуші:Өткен ғасырдың басында жеке ел, мемлекет боламыз деген Алаш зиялылары аңсаған армандарына жете алмай, арманда кетті. Алаш зиялылары тұңғыш ұлттық идея көтеріп, тұңғыш партия, үкімет құрып мемлекеттіліктің алғы шартын жасап кетті. Әлихан Бөкейхановтың « Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек» деп айтқан сөзі бар. Аға ұрпақ өздеріне артқан жүкті жетер жеріне толық апарды. Елбасымыз бізге ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің таңын атырды. Ендігі сендердің міндеттерін Қазақстанды алдыңғы елдердің қатарына қосып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына үлес қосу.

2-жүргізуші:

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім,

Мен, мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім.
1-жүргізуші: Тәуелсіздік шежіресіне көз тоқтатып қарайықшы. Сонау дүбірлі батырлыр заманынан бері ел мен жер үшін қаншама қан төгілді, қаншама адам құрбан болды?
2-жүргізуші: Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтын себебі, ол оқиғалардың халық тағдырымен байланыстылығында. Қоғам құрсағында жетілген қайшылықтардың салдары ретінде көрінген мұндай құбылыстардың талайы тарихтан белгілі. Соның бірі, дүниені дүр сілкіндіріп, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.

Тіл қатып келер ғасырға,

Азаттық деген ұғымның.

Желтоқсан тұр басында.

(желтоқсан оқиғасы туралы фильмнен үзінді)
1-жүргізуші: «Ұмытпаймыз – сіздерді» Тәуелсіздік үшін күрескен барлық Алаш зиялылары және Желтоқсан құрбандарын еске алу үшін 1 мин үнсіздік жариялаймыз.
2-жүргізуші: ҚР тәуелсіздігінің 22 жылдығы қарсаңында біздің көз алдымыздан қысқа, бірақ шын мәнінде дәуірге татырлық жылдардың ең жұлдызды сәттері ашықтықпен өтіп жатыр. Және осы қас-қағым сәттердің ішінде 1 желтоқсан елдің жаңа тарихының алғашқы күні, ұлы күн,тұңғыш Президент күні ретінде айрықша орын алады.

(слайд: Н.Назарбаев туралы)


1-жүргізуші: Мыңжылдықтар тоғысында көшпелілер ұрпақтарына жер құшқан империяның қирандыларынан өзінің тәуелсіз мемлекетін құру міндеті тұрды. Қысым жөнінен теңдессіз, жауапкершілігі жөнінен ойға алып болмайтын осынау ұлы тарихи миссияға 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен алғашқы бүкілхалықтық сайлауда қазақстандықтар өзінің Тұңғыш Президенті етіп сайлаған Н.Ә.Назарбаев жетекшілік жасады. Міне, халқымыздың осы бірауызды дана таңдауы тәуелсіз Қазақстанның өткен 22 жылдығы ғана емес, сондай-ақ болашақтағы сенімді де дәйекті дамуына негіз қалаған парадигмаларды айқындап берді.

(слайд: Тәуелсіз Қазақстан туралы)


2-жүргізуші: Тәуелсіздігіміздің алған 22 жыл ішінде Елбасымыз халқы үшін отқа түсті, шырылдап, жаны бір тыным таппады. Ел іргесін бекемдеу, айналадағы алпауыт елдермен ыңғайлы мәмілеге келіп, ынтымақтаса жұмыс жүргізуі мемлекеттің нығаюына жол ашқандығын әр қазақ, әр отандасымыз жоғары бағалауы қажет. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді, әкелеріміз бен аталарымыз сияқты қадірлеуге, сүюге, қорғауға тиіс екенімізді естен шығармаймыз. Бүгінгі «Алаш мұраты – Тәуелсіз Қазақстан» атты тәуелсіздіктің 22 жылдығына арналған тарихи кешімізге қатысып, қошемет көрсеткендеріңізге көп-көп рахмет айтамыз!
«Көк тудың желбірегені» әні бейнефильм қойылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет