Тақырыбы: «Атымды Абылайхандай мақтан етем» Жұмысты орындаған



Дата11.06.2016
өлшемі160.75 Kb.
#128807
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Бағыты: «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақта дамытылатын саяхаттық бағыттар»


Секция: «Тарих»

Тақырыбы: «Атымды Абылайхандай мақтан етем»


Жұмысты орындаған:

Назарбаев Зияткерлік мектебінің


3 «б» сынып оқушысы

Құл-Мұхаммед Абылайхан


Ғылыми кеңесшісі:

С.Аманжолов ат.ШҚМУ профессоры, п.ғ.д. Құрманбаева Ш.Қ.



Жетекшісі:

Бастауыш сынып мұғалімі

Ожанова З.О.
ӨСКЕМЕН, 2010
МАЗМҰНЫ

І.Кіріспе.............................................................................6-7

ІІ.Негізгі бөлім

І .ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АТ ҚОЮ ДӘСТҮРІ

І.1 Қазақ есiмдерiне талдау......................................8-9

І.2 Ат қою - пайғамбардың сүннеті .......................10-11

ІІ .АБЫЛАЙДАЙ БОЛАМЫН

ІІ.1 Ұлы тұлға - Абылай хан ...................................12-14

ІІ.2 Менің есімім.........................................................15

ІІІ.Қорытынды..................................................................16

ІҮ.Пайдаланылған әдебиеттер тізімі .............................17


Ү.Қосымшалар…………………........................................18

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

3- сынып оқушысы

Құл-Мұхаммед Абылайханның


«Атымды Абылайхандай мақтан етем»

ғылыми жобасына


Аннотация
Бұл жобада оқушы өзіне қойылған есімнің берілу себебі және өзі аттас ұлы тұлғаның өмір жолымен кеңірек танысуға әрекет еткен. Оқушы осы бағытта ізденіс жасап, қазақ есімдерінің көркемдігі, байлығы және маңыздылығы жөнінде білген. Әсіресе ұлы тұлға Абылай есімінің сырына үңіліп, мол мағлұматқа қол жеткізген.

Annotation


In this project the student researches the reasons of such name given to him, he tries to investigate life track of a great person in Kazakh history like khan Abylai. He did a lot of research work. While doing the project he discovered that Kazakh are rich in meaningful names. He deepened his knowledge discovering the secrets of the great person’s name “Abylaikhan!”

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

3-сынып оқушысы Құл –Мұхаммед Абылайханның

«Атымды Абылайхандай мақтан етем» жобасына


Пікір

Құл –Мұхаммед Абылайханның жоба жұмысы өте жүйелі және ауқымды жасалған.Оқушы өз есімінің қойылу себебін ертеден білгісі келген,есімінің тарихы мен маңыздылығына ерекше мән беріп,сырын ашуға құлшыныс танытқан.

Ата-анасымен ақылдаса отыра алдына айқын мақсаттар мен міндеттер ала білген. Абылайхан ізденушілік әрекетін де жүйелі,жоспарлы жүргізген.Соның нәтижесінде өзін қызықтыратын,жетелейтін ақпараттармен танысқан,өзіне жаңалық ашқан.

А. Құл –Мұхаммедтің кіші жастан осындай ізденушілік жұмыс жасап еңбектенуі- оның өзінің қорытынды сөзінде айтылғандай болашағынан

үміттендіреді.

Ожанова З.О._______________

Бастауыш сынып мұғалімі

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

3-сынып оқушысы Құл –Мұхаммед Абылайханның

«Атымды Абылайхандай мақтан етем» жобасына


Сын пікір

Оқушы халқымыздың ерекше көңіл бөлетін ғұрыптарының бірі - балаға ат қою мәселесіне үңілген. Өзінің кішкентайлығына қарамастан, біршама тарихи деректермен танысып, салыстырып, ересектермен кеңесе отыра өзіндік топшылау жасай білген.

Ғылыми жоба мазмұндық және құрылымдық жағынан да өз жасы деңгейі көлемінде талапқа сай. Тақырыптың өзектілігі, жаңашылдығы дау тудырмайды. Оқушы қазақ есімдеріне талдау жасап, ғалымдардың пікірлерімен танысқан. Адам есімінің мағыналы болуын және адам затының соған лайық болуын түйіндей отыра, ат қоюда ересек адамдарға жауапкершілікпен қарауға ой салады, өзіндік ұсынысын жасайды.

Аманжолов ат.ШҚМУ профессоры,

п.ғ.д. Құрманбаева Ш.Қ.
_____________________

КІРІСПЕ

Бабаларымыз балаға қандай ат қойсаң, оның өмірі соған байланысты болады дейді екен. Демек, баланың аты затына лайық болуы керек. Ақылы елден асқан дана, ержүрек батыр болған бабаларымыздың атын алып қарайтын болсақ, әрқайсысының астарында терең мағына жатыр. Мысалы, есімі ел аузында жүрген Бауыржан Момышұлы – әр қазақтың бауыры, елінің жаны. Қазір жастар телесериалдардағы аттарды немесе еуропаша дыбысталатын аттарды қоюға әуес. Осындай мәнсіз аттарды иеленген адамдардың өмірі де мағынасыз болып өтеді дейді ғалымдар.

Әр қазақ , әр мұсылман өз ұлтының дәстүріне, танымына сай аттарды қоюы тиіс. Ұлттық тамырынан ажырамаған адам міндетті түрде баласына жақсы ат қояды.Таңқаларлығы, қазақ халқының есімдер қоры өте бай екен. Мысалы айналымда 7 мың орыс есімі болса, қазақтарда олардың саны 50 мың екен! Қазақ есімдерінің тәуелсіз зерттеушілерінің пікірі бойынша ең танымал есімдердің төрттігіне «Нұрсұлтан, Ерасыл, Темірлан, Дінмұхамед» деген ұлдардың аттары мен «Аружан, Әйгерім, Аяулым, Айша» деген қыздардың аттары кіреді екен. Тіл мамандардың пікірінше, қоғамда мағыналы есімдер қоюға бетбұрыс байқалады. Әсіресе, соңы жылдары сәбилерге Құран сүрелерінде кездесетін киелі есімдер мен еліне еңбегі сіңген арыстардың аттары жиі беріліпті.

Қазақ есімдеріне талдау жасап, ғалымдардың пікірлерімен танысу балаға дұрыс ат таңдауға көп көмегін тигізеді. Әр адамның өз есімін зерттеуі, оның беретін мағынасын білуі керек. Адам есімдері ұлттың мәдениетінің, білімінің деңгейін көрсетеді, салт-дәстүр, тұрмыс салтынан хабар береді. Демек, егемен еліміздің жас ұрпақтары тек қана биіктерден көрініп, Қазақстанымыздың туын жоғары ұстап, бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көрінуі үшін олардың есімдері өздеріне лайық болуға тиісті. Осы аталған мәселелер менің ғылыми жобамның өзектілігін көрсетеді.



Зерттеу нысаны:

Қазақ есімдері, оның ішінде Абылай есімі.



Зерттеу мақсаты:

Маған Абылай есімінің қойылу себебін білу және менімен аттас ұлы тұлғаның өмір жолымен кеңірек танысу.



Зерттеу міндеттері:

Қазіргі қазақ есімдеріне талдау жасау;

Мұсылман дінінің сәбиге ат қоюға әсерін зерттеу;

Ұлы тұлға - Абылай ханның есімін алуымның сырына үңілу;

Абылай есімінің мағынасын зерттеу.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері:

тақырыптың өзектілігін ашу мақсатында зерттеу жүргізу;

-мәселе төңірегінде материалдарды жинақтау;

- интернеттен мәліметтер іздестіру;

- кітапхана қорымен жұмыс жасау;

- туған-туысқандарыммен, мен туған кезде маңайымда болған адамдармен сұхбаттасу.



Зерттеудің жаңашылдығы:

Қазақ тілі әдемі есімдерге өте бай екендігі дәлелденді;

Адамның есімі оның бүкіл өміріне үлкен әсер ететіні сараланды;

Абылай есімінің мағынасы анықталды.



Зерттеу базасы: Өскемен қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі

Зерттеу кезеңдері:

1 кезең

-Адам есімдері туралы оқып танысу, қазақ есімдерін жинақтау;

-Интернеттен мәліметтер жинақтау;

-Туған-туысқандарыммен сұхбаттасу;



2 кезең

-Жиналған материалды реттеу;

-Жобаны талаптарға сай безендіру;

-Тақырып төңірегінде фото, бейне материал жинақтау;



3 кезең:

-Қорытындылау,слайд жасау,баяндама әзірлеу

І ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АТ ҚОЮ ДӘСТҮРІ

І.1 ҚАЗАҚ ЕСIМДЕРIНЕ ТАЛДАУ
Ойшылдардың есебінше, адамның есімі мен оның мінезін және тағдырын байланыстырып тұрған құпия байланыс бар. Анығы – кісінің есіміне оның тағдыры жасырылған. Яғни есімнің құпиясы мен мағынасы адам өмірінде үлкен рөл атқарады. Мұны адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы растап отыр. Қазақ тiл бiлiмiнде антропонимия деген термин бар. Антро+пос – «адам, оним//онима – «есiм», «ат» деген сөз. Ендеше, антропоним дегенiмiз – «кiсi есiмi», антропонимика дегенiмiз – ономастиканың кiсi есiмдерiн зерттейтiн саласы.

Кiсi есiмдерiне қарап отырып-ақ, өзiмiзге дейiн өмiр сүрген ата-бабаларымыздың тарихы, мәдениетi, тұрмысы, әдеп-ғұрыптары мен салт-санасы, дүниеге, дiнге көзқарасын, неге қол созып, неден үмiт күткендiктерiн бiлуге болады. Сол замандарда өткен тарихи оқиғалардан (Төңкерiс, Совет, Кеңес, Съез, Колхозбай, Совхозбек т.б.), қоғамдық өзгерiстерден (Коммуна, Социал, Октябрь, Правда т.б.), соғыстар мен атыс-шабыстардан (Майдан, Армия, Әскербай, Солдатбек т.б.), ауа көшуден (Ауғанбай, Қашқынбай, Көшкiнбай, Көшербай т.б.), жеңiс пен жеңiлiстен (Жеңiс, Бейбiт, Тыныштық) мәлiмет аласыз. Тiптi, халқымыздың әлеуметтiк жағдайларынан да (Әкiмбай, Манапбай, Қойбағар, Қозыбағар т.б.), дiнiнен де (Омар, Оспан, Әли, Жүсiп, Мұса т.б.) хабардар боласыз.

Түйебай, Жылқыбай, Сиырбай деген есiмдердi байлар немесе бай болуды армандайтын адамдар қояды екен. Ал Жылқышы, Қойшы, Сиыршы деген есiмдердi бай болудан үмiтiн үзген, мал баққан тiршiлiгiнiң өзiне риза, кедей адамдар қоятын болған. Осы тұрғыдан Итбай, Күшiкбай, Тезекбай, Шұлғаубай, Ақбайпақ немесе Барақ, Жапа, Жарық, Соқыр, Шұнақ, Шолақ деген сияқты есiмдердi қоюшылардың ұғым-түсiнiктерiн шамалауға, ой-өрiстерiн бағамдауға болады. Тоқтасын, Тоқтар, Тоқтамыс, Тұрсын, Тұрар деген есiмдер ат қоюшының арман-тiлегiн, мақсатын бiлдiрсе, Алдаберген, Құдайберген, Тәңiрберген, Сұрапберген, Төлепберген, Төлеген, Төлемiс, Өтеген дегендер наным-сенiмнен туған есiмдер.

Соңғы кездерде мағынасы да, дыбыстық тiркесiмi де түсiнiксiз есiмдер көбейіп кеткен. Әсiресе Альфия, Алина, Анелия, Аида, Анара, Динара, Гуля, Гүлзия, Гүлзира, Гүльмира, Гүлвира, Гүлзада, Эльмира, Элеонора, Замира, Мария, София, Сания, Света, Клара, Лаура, Жания, Жанна, Лиза, Мая, Зоя немесе Артур, Ануар, Арслан, Руслан, Эрнс, Тимур, Мадьяр, Илья т.б. деген сияқты еуропаланып кеткен есiмдер көптеп кездеседi.



Жазушы Герольд Бельгер: «Мен мектепте, институтта оқып жүрген кезімде қазақ есімдерін жинаушылардың бірі болдым. Он мыңдаған есім жинадым. Меніңше, сәбиге ат қоюда әркім өзінше бетімен кеткен сияқты. Шетелдің аттарын да, жасанды аттарды да балаларына талғамай қоя беретіндердің саны көбейді. Байқадам деген жерде біреудің аты Кәрмеш болатын. Бұл аттың мағынасын сұрап көрсем, орыстың гармошкасынан шыққан екен. Осы өңірдегі тағы бір адамның аты Полас екен. Сұрастыра келсем, бұл қысқартылған сөз екен, Пушкин, Островский, Лермонтов, Сәбит деген аттардың алғашқы әріптерінен құралған. Міне, осындай есімдер өте көп. Одан қалса, Колхозбек, Совхозбек, Мәскеубек деген секілділер де толып жатыр. Балаға қалай болса, солай ат қою – тек қазақтарда ғана емес, басқа да ұлттарда бар үлкен мәселе. Сондықтан, сөз жоқ, бұл мәселені заң жүзінде жөнге салу керек. Сондай-ақ бұл мәселеге дін жағынан да дұрыс қарау қажет. Мәселен, орыстарда дін қызметшілері балаға ат қоюда ескі Ресей жолын ұстанады. Менің бір жиенім жаңа туған қызына Аэрика деген ат қойыпты. Мағынасын өзі де білмейді. Шіркеуге барса: «ондай ат орыстарда болған емес, сондықтан қоюға болмайды, одан да Аня болсын» депті. Демек, бізде де елді бетімен жібермей, есімдерді реттейтін уақыт жетті» , - дейді [1].
І.2 АТ ҚОЮ - ПАЙҒАМБАРДЫҢ СҮННЕТІ

Бала дүниеге келгесін бір аптадан кешіктірмей ат қою қажет. Мұны бірнеше күн бұрын немесе кейін атқарса да болады. Мұхаммед (с.ғ.с.) Ибраһим деген баласы туылған кезде бір аптадан кейін Аллаға бір мал садақа берген. Шақырған қонақтары ішіп-жеп болғасын, олардың алдында сәбиге ат қойылды. Сол күні баланың шаштары алынып, сол шаштардың салмағындай ақшаны Алла жолына садақа етті. Балаға ат қою тәртібі азан шақырумен басталады. Баланың аяғын Құбылаға қаратып жатқызып, оң жағында тұрып азан, сол жағында қамат айтады. Соңынан: «Сенің атың пәлен болсын», - деп құлағына қойылған есімді үш рет естіртеді. Ата-анасының перзенті алдындағы борышы осымен басталады.

Хадисте: «Әкенің бала алдындағы міндеті – жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру»,-делінген.  Отансыз адам болмайды. Ал Отаны болған адамның бойында ата құлқы, ана сүтімен бойына сіңген Отанына деген сүйіспеншілік болуға тиіс. Басқаны былай қойғанда ата салтымызды ардақтап, ұл-қызымызға ежелден қалыптасқан нағыз қазақ есімдерін қою – отаншылдық рухта тәрбиелеуде маңызы зор екендігінде сөз жоқ. Алайда, өткен зобалаңдардан халқымыз көптеген рухани құндылығынан айырылды.

Ғасырлар бойы қалыптасқан тек қазақ халқына тән өзгешеліктерді қасиет тұтудан гөрі «дамыған батысқа» еліктеушілік әдетке айналды. Тіпті, адамға есім қоюдың өзі батысқа еліктеушіліктен тыс қалмай, қазақтардың ішінде Партия, Октябрь, Роман, Альберт, Роберт, Мэльс деген секілді есімдер пайда болды.

Ислам ұғымында ата-ананың баласы алдындағы парызы – имандылыққа тәрбиелеу. Себебі – имандылық адам өмірінің нәрі. Ал, имандылық адам бойына қайдан сіңісті болмақ? Әлбетте, оның негізі отбасында. Әке мен ана – отбасының тірегі болып есептеледі. Шынымен бала тәрбиесі тұрғысынан алғанда әкенің қолында болат қашау, шешенің қолында күміс жонғыш бар тәрізді. Осы себептен, баланың тәрбиесіне қатысты жауапкершілік міндеті ең алдымен ата-анаға жүктеледі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әкенің баласы үшін жақсы тәрбие беруден артық сыйы жоқ »,-деген.

Мұсылманда балаға әдемі ат қою, мүбарак есім беру басты шара. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қиямет күні өз аттарыңыз және әкелеріңіздің аттарымен шақырыласыздар. Сондықтан балаларыңызға жақсы ат қойыңыздар », - деген екен.

Ислам дінінде кітаби аттар бар. Бірде Жәбірейіл (ғ.с.) келіп, Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Я,мұхаммед! Алла Тағала сізге сәлем жолдап, мынаны айтты: «Я, Әуелгі және Ақырғы пайғамбар! Егер сенің үмметіңе осы аттарды қойса, оларға көр азабы болмайды »,-деді. Ол аттар төменде кестеде берілді.





Баланың туылған күні

Қойылатын аттар

Ер балаға

Қыз балаға

жексенбі

Ибраһим, Сүлеймен, Хаким

Халима, Ажар, Сара

дүйсенбі

Ахмед, Мұхаммед, Хамит, Махмуд

Фатима, Айша, Хатима, Салиха

сейсенбі

Исмаил, Ысқақ, Садық

Салима, Рабиға, Рахима

сәрсенбі

Ғали, Сейдуллаһ, Харун

Бағила, Ұмсын, Раила

бейсенбі

Әбубәкір, Омар, Осман

Гүлсім, Мағира, Маймуна

жұма

Жүніс, Жүсіп, Адам

Рабиға, Сара, Мәриям

сенбі

Әбдірахман, Абдулла, Әбдірахим

Зәуре, Хадиша, Салима, Сағира

     

ІІ АБЫЛАЙДАЙ БОЛАМЫН

ІІ.1 ҰЛЫ ТҰЛҒА - АБЫЛАЙ ХАН
Абылай хан, Әбілмансұр (1711-1781) - қазақ ханы, ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары Қазақ даласының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай - Жәңгір ханның бесінші ұрпағы.  

Жәңгір қайтыс болып таққа Тәуке отырғанда, Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, Қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан Көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Шоқан Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек (онда Абылайдың 1710 жылы туған деуге негіз бар).

Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатына, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай 20 жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-1733 жылдары аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде: күйеу баласы) Шарышты өлтіреді.

Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол - «Ақ толқын», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржыңқақпай», «Майда жел», «Садаққаққан», «Сары бура», «Шаңды жарық», т.б. күйлердің авторы.

Абылай өмір жолын ат үстінде жорықтарды өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символына, жауынгерлік ұранға айналды.

Азаттық күрестің жалынды басшысы Абылай ханның асқақ тұлғасы, ақыл-парасаты Бұқар, Үмбетей, Шәді төре Жәңгірұлы жырларында, ақындар К.Жамантайұлы, М.Айтбаевтың дастандарында, І.Есенберлиннің, Ә.Кекілбаевтың Қ.Жұмаділовтың, т.б. ақын-жазушылардың туындыларында сомдалды. Оның ұлағаты өмірі мен ішкі, сыртқы саясаты отандық және шет ел ғалымдарының назарын аударып келеді.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1991 жылы Алматының басты даңғылдарының біріне Абылай есімі беріліп, темір жол вокзалының алдына ат үстіндегі ескерткіші орнатылды. Хан ескерткіші Жезқазған, Павлодар қалаларында да бар. Қазақстанның 1993 жылғы ең бірінші төл теңгесінде бейнесі бедерленді. 2005 жылы Абылайдың өмір жолына арналған «Көшенділер» фильмі түсірілді. 2008 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Петропавлда «Абылай хан ордасы» кешені ашылып, алдына ескерткіші орнатылды. Оның есімі Алматыдағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне берілген.

Ш.Уәлиханов Абылайдай шексіз билікке ие болған бір де бір қазақ ханының болмағанын жазды. Шоқан: «Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі, қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған», - деп атап көрсетті [2].

Атасы Абылайдың атын ұрандап, жауға қарсы аттанған жас батыр болашақ Абыла ханға айналады. Бұл жөнінде Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 1-томында: «Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне  айналды. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанды», - деп жазылады [3].

II.2 МЕНІҢ ЕСІМІМ

Менің есімім – Абылайхан Құл-Мұхаммед Мұратғалиұлы. Қазақ ономастикасының атасы Телқожа Жанұзақов «Абыл» сөзінің мағынасы араб тілінде әке, баба дегенді білдіретінін айтады [4, 383 б.].

Менің туған күнім 2002 жылдың 8 мамыры.Бұл күн күнтізбеде екі үлкен мереке күндерінің арасында орналасқан. Біріншісі жетінші мамыр – Отан қорғаушылар күні, ал екіншісі тоғызыншы мамыр – Ұлы Жеңіс күні. Менің туған күнім ата-аналарым үшін қуанышы мол сәт болып есептеледі.

Менің есімімді Абылайхан деп тумай тұрып қойған екен. 1997 жылы екінші апайым Зере дүниеге келгенде анам екеуін туған-туысқандарымыз перзентханадан шығарып, Алматы қаласындағы Абылайхан даңғылымен үйге әкеле жатқанда: «Келесі перзентіңіз АБЫЛАЙХАН есімді ұл бала болсын» деп құдайдан тілеп, ырымдаған екен.

Ал 2002 жылы мен дүниеге келгенде есімімді АБЫЛАЙХАН деп еліміздің Елтаңбасының авторы, Абылай ханның алтыншы ұрпағы Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов қойған. Шота ата әйелі Зинаида Каримовна апаммен екеуі (әке-шешемнің айтуынша) өздері келіп, мені перзентханадан шығарып алған. Шота ата шілдеханада: «Сенің есімің Абылайхан » деп үш қайтара құлағыма айтыпты.

Шот-Аман атаның әкесі Ұлы Шыңғыс әулетінен тарайды. Ыдырыстың әкесі Мақы әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың туған інісі. Шота-Аман ата – архитектор, Қазақстанның еңбек сіңірген мемлекеттік қайраткері, құрметті сәулетшісі, профессор, «Құрмет» орденінің иегері.

Шот-Аман ата және менің ата-анам,туған-туысқанарымыз да менің есімімді ел басқарған Ұлы хан Абылай сияқты халқымыздың мықты бір азаматы болсын деп қойған. Сондықтан мен өз есімімді мақтан тұтам, әрі соған лайықты болуға тырысамын. Менің мақсатым да еліміздің мықты азаматы болу, халқыма қызмет жасау!

ҚОРЫТЫНДЫ
Мен өзімнің тақырыбым төңірегінде іздену барысында өте көп қызықты ақпараттармен таныстым.Әрине, оның бәрін оңай түсініп алдым деп айта алмаймын.Маған жетекшілік еткен адамдарға,ата-анама,жақын туыстарыма айтар алғысым мол.Әсіресе,жарық дүниеге әкеліп,Абылайхан деген жарқын есім қойған ата-анама шексіз разымын!Өйткені мен адам есімінің оның өміріне,болашағына ықпал ететіндігін білдім.Ал менің есімім- Абылайхан ғой!!!

Бала – адамның бауыр еті. Қай ата-ана да өз шаңырағында шыр етіп сәби дүниеге келгенінде оған ең жақсы есімді қоюға тырысады. Негізінен, жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ

екен.
Қазақтың салты бойынша, жас нәресте туған кезде ата-анасы келісе отырып, бала есімін өздері таңдайды екен. Егерде ата-әжесі тірі болса, өз немере, шөберелерінің есімдерін солар қояды. Алайда көп жағдайда ата-анасы балаға ат қойған кезде кез келген адамға емес, тағы да сол ырым қылып көпті көрген ел ағаларына, айналасына сыйлы, аузы дуалы кісілерге баласының атын қойғызуды мәртебе санаған екен. Ата-анамның менің есімімді Шот-Аман Уалиханұлына қойдыртуының да сыры осында деп білемін.

Мен Абылайхан атына лайық адам болуға тиіспін.Қазақ халқының тірлігі мен бірлігі үшін өмірін арнаған ұлы тұлғаның есіміне аттас болғаныма қуанамын және мақтанамын!

Менің ендігі мақсатым-қазақ ханы Абылай туралы тереңірек білу,іздену және оған ұқсау.

Өз жұмысыма қорытынды жасай отыра барлық ата-аналарға төмендегідей ұсыныс-тілек жасаймын:

1. Қазіргі кезде біз үшін мағынасы жоқ әртүрлі Диана, Тансу, Даяна, Алсу, Дамир сияқты қазаққа жат жеңіл аттарды қою белең алып бара жатыр. Әрбір ата-ана баласына ат қоярда өзіне жүктелер жауапкершілікті жете сезініп, оған сақтықпен қарауы керек, он ойланып, он толғанып барып қана жүрегі қалаған есімді сәбиіне қойғаны абзал. Өйткені, есімдердің адам өміріне, адам тағдырына тигізер ықпалы болады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Бельгер Г. К. «Казахское слово» Астана, 2001

2. Уәлиханов Ш. «Қазақ мәдениеті». Алматы, «Аруна» баспасы , 2005

3. «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы» 1-том Алматы «Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясы , 1998



4. Жанұзақов Т. «Қазақ ономастикасы». Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 524б.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет