Зерттеудің мақсаты: Бастауыш сынып оқушыларының математика пәнінде өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың ғылыми-теориялық тұрғыдан негіздеу, оның қазіргі кезеңдегі әдістемесін жасау және оқушылардың оқуға мотивациясын қалыптастыру.
Зерттеудің міндеттері:
1. Оқу үрдісінде оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру проблемасын теориялық тұрғыда қарастыру және оны қазіргі кезеңде жетілдірудің перспективалық бағдарын айқындау.
2. Бастауыш сынып оқушыларының оқу үрдісінде оқуға деген белсенділігін, мотивациясын арттыру.
3. Бастауыш сынып оқушыларының жұмысын ұйымдастыру әдістемесінің тиімділігін тәжірибе жүзінде тексеру.
І Өзіндік жұмыстар негізінде бастауыш сынып оқушыларының оқуға мотивациясын арттырудың теориялық негіздері
Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмысын ұйымдастырудың мазмұны мен мәні
Бүгінгі таңда оқу процесінде өзіндік жұмыс міндеттерінің күрделендіру деңгейі, мектеп оқушыларының тек бағдарлама мен жоспарланған білім, білік және дағды жүйелерін ғана меңгеріп қоймай, сонымен бірге шығармашылық мүмкіндіктерін дамыта отырып, өз бетінше үздіксіз білімін көтере беруге бағытталған.
Өзіндік жұмыс мектеп оқушыларының дербес оқу-іздену қызметінің ғана өзегі болып қана қоймай, мұғалімдердің оқыту қызметіндегі “ең кіші ұйымдастыру бөлшегі” болып табылады. Осыған орай, оқу процесін ұйымдастыруда өзіндік жұмыс бір жағынан, мұғалімнің оқытушылық қызметін ұйымдастыру құралы, екінші жағынан, оқушының дербес оқу қызметі бола отырып, жүйедегі жетекші екі бағыттың тоғысар тұсы ретінде қарастырылады.
Мұғалім мен оқушының өзіндік жұмыс қызметін кесте түрінде келесі мазмұнда көрсетуге болады (кесте 1).
Кесте 1 Мұғалім мен оқушының өзіндік жұмысын ұйымдастыру кезіндегі қызметтері
Мұғалімнің басқару қызметі
|
Оқушының қызметі
|
Әрекеттің себептері, жұмысты орындау туралы әдістемелік нұсқаулар.
Тапсырманы анықтап беру.
Жұмыс барысында бақылау жүргізу.
Оқушылар әрекетіне, оның жеке амал- тәсілдеріне түзетулер жасау.
Жұмысты тексеру оның нәтижесін талдау, бағалау.
|
Жұмыстың нақты мақсат-міндеттерін аңғару.
Жұмыстың мәні мен пайдасын ұғыну, оған қызығу.
Жұмысты орындаудың жоспарын жасау.
Өзін-өзі бақылау.
Өзін-өзі тексеру, өз жұмысының қателерін табу, оны түзету, өзін-өзі бағалау
|
Енді өзіндік жұмыс кезіндегі мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жасайтын әрекетін кеңінен қарастырсақ.
Мұғалім оқушыларға шамалары келгендей тапсырмалар ұсынады, онда келесілер орын алады: жұмыстың мақсаты, оның бөлімдері бойынша орындау реті (өзін - өзі бақылау), мұғалім тексеру үшін алынған нәтижелерді әзірлеу, реттеу (кері ақпарат) тәсілдері, жұмысты орындау мерзімі. Мұғалім тапсырманың дұрыстығын, оқушылардың оның мазмұны мен нәтижесін қаншалықты түсініп, меңгергенін анықтайды, демек, мұғалім бақылаушы ғана емес, ұйымдастырушы да, оқушылардың өзіндік жұмысын тексеруші де. Мұғалім тапсырма арқылы олардың таным қабілетіне бағдарлама жасайды, оны бір мақсатқа бағыттап, сапасын анықтайды.[5]
Оқушылар тапсырма алады, меңгерген білім қорына сүйене отырып, оның мақсаты мен орындалу тәсілдерін ойластырады және ең маңыздысы, жұмысты өздігінен орындау барысында алынуға тиісті нәтижелер бағдарламасын жасайды. Содан соң істелген жұмыстың дұрыстығын үнемі тексере отырып, тапсырманы бөлімдері бойынша орындайды. Алынған нәтижелерді реттеп әзірлейді, (өзін-өзі бақылау) және (жазу жұмысы, сандар, сызулар, суреттер, модельдер т.б.) тексеру үшін мұғалімге тапсырады. Оқушылардың оқу әрекетінің жемісті болуы – оқу жұмысының тәсілдерін меңгеруге байланысты.
Өзіндік жұмысты ұйымдастырғанда, мұғалім оқушылардың дара ерекшеліктерін ескеріп, соған қарай беретін тапсырмаларды өзгертіп отырғаны жөн және орындалған жұмыстың жалпы қорытындысына ғана баға қоймай, сонымен қатар оқушы қалай жоспарлады, қандай тәсілдер қолданып орындады, өзі қалай тексеріп отырды, осының бәрін ескеріп, бағаланған жөн.
Сондықтан оқушылардың өзіндік жұмыстарының сапасын арттыру мақсатына жету үшін, мұғалімнің жоғарыда баяндалған оқу әрекетінің психологиялық ерекшеліктерін біліп, соған сәйкес өзінің әдістемелік шеберлігін жетілдіріп отыру қажет. Оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру үшін, мұғалім мынадай үш жағдайды ескергені жөн, олар:
1) оқушылардың өзіндік жұмыстарының мазмұнын анықтау
(берілетін білім және оны оқыту міндеттері );
2) өзіндік жұмысты ұйымдастырудың жоспарын жасау,
қолданылатын амал – тәсілдерді белгілеу;
3) оқушылардың жұмысты ойдағыдай аяқтауы үшін дұрыс бағыт беріп көмектесу (жұмыстың жүйелі барысына басшылық ету, тиісті түзетулер жасап отыру).
Оқушылардың өздігінен жұмыс істей білу әрекеті бірден қалыптаспайды. Ол өте күрделі процесс болғандықтан, жай, қарапайым сатыдан жоғары, күрделі сатыға қарай дамиды. Оның қалыптасуына алдымен сыртқы факторлар әсер етеді: оқытудың маңызы мен міндеттері, оның әдістері, мұғалімнің талаптары т.б. Содан бірте-бірте оқушының белсенді таным әрекетіне байланысты өздігінен жұмыс істеуі оның қажетіне айналды (өздігінен білім алу, өзін- өзі басқару, бағалау сияқты әрекет дәрежесіне көтеріледі).
Оқушы ең алдымен, мұғалімнің берген үлесіне қарай еліктеу негізінде қарапайым тапсырмлар орындайды. Мұндай жағдайда жұмыстың мазмұнын, жасау әдістерінің бәрін мұғалімнің өзі айтып береді, ал оқушы тек орындаушы ретінде жұмыс істейді. Егер мұғалім оқушыға бәрін өзі айтпай, бұрын алған білімдерін қолдануға лайықты жаңа жағдайлар туғызатын болса, сол кезде оқушы өздігінен ізденіп, жаңа міндеттерді шешуге тырысады. Мұндай жағдайда оның дербестігі, өздігінен істейтін әрекеті арта түседі.
Бұдан шығатын әдістемелік қорытынды: мұғалім оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыруда, алдымен оларды өздігінен жұмыс істеуге жаттықтыратын жаттығулардан бастап, кейін мұғалімнің көмегімен жасайтын жартылай дербес, ең соңында толық өздігінен жасайтын іс-әрекеттерге үйрету қажет.
Өзіндік жұмыс біздің пікірімізше, оқу-танымдық қызмет жүйесінің элементі болып табылады. Бұл жүйеде төмендегідей топтарды бөліп көрсетуге болады: субъективті, объективті, субъективті- объективті және мазмұндық- операциялық.
Кең көлемде алғанда оқушылардың өзіндік жұмысы, танымдық міндетіне сай білімдері, тәжірибелері мен қабілеттерін арттыру мақсатында олардың біліктері, дағдылары меңгерген құралдары мен әдістерінің негізінде оқу материалдарын өзгертуге бағытталған іс- әрекеттер жүйесі болып табылады. Бұл анықтамадан төмендегідей белгілерді бөліп көрсетуге болады:
а) нақты немесе нақты емес түрдегі мұғалімнің ұсынып отырған танымдық мәселелері;
б) бұған дейінгі ізденістер нәтижесінде қалыптасқан және алдағы атқарылатын өзіндік жұмыстар ойдағыдай орындауға қажетті білім, қабілет, білік, дағды.
в) қажетті мөлшерде өзгертіліп, нақты міндеттері көрсетілген танымдық тапсырма құрамына кіргізілген оқу материалдары;
г) оқу материалдарын меңгеру үшін пайдаланылатын оқу құралдары мен әдістері;
д) оқушылардың білімін, тәжірибесін тереңдету мен кеңейтуге, сондай-ақ оларда танымдық қажеттіліктер мен құндылықтардың қалыптасуы мен дамуына бағытталған іс-әрекеттер жүйесі.
Тақырыптың, мақсаттың бағыттары мен оқу танымдық қызметтерін көрсететіндіктен “а” және “б” белгілер сыртқы белгілер деп аталуы мүмкін. Мектеп оқушыларын дербес танымдық қызметке қосудың дидактикалық ережелері “б” бөлімде көрсетілген. Жұмысты жүргізу тәртібіне (процессуалдық) және оның нәтижесіне қатысты белгілер “в”, “г”, “д” бөлімдерде берілген. Өзіндік жұмысқа толық анықтама “сыртқы”, “ішкі” процессуалдық және нәтижелік белгілердің жиынтығы бойынша беріледі.
Бұл айтылғандарды сызба түрінде көрсетуге (сурет 1) және төмендегіше түсіндіруге болады: тәжірибелі, білімді, қабілетті өз дағдысы мен білігі бар мұғалім, оқу материалдарына сай, қажетті жағдайды, дәлелді келтіріп, мақсатты айқындай отырып, оқушыға танымдық тапсырма береді, ал ол өз кезегінде білімі, тәжірибесі біліктілігіне сүйеніп, қажетті нәтижеге жетуі үшін бірқатар іс-әрекеттерді орындайды. Мұндай іс-әрекеттердің қорытындысы жаңадан алынған білім, білік, жағдай мен нәтижені, жасалынуы тиіс іс-әрекеттерді меңгеруі болып табылады.[6]
Сурет 1 Өзіндік жұмыстың құрылымы
Оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұтымды ұйымдастыратын мұғалімдердің тәжірибесі мен зерттеулерінің көрсетуінше, оларды қажетті дидактикалық деңгейде және жүйелі ұйымдастыру сабақ материалдарының меңгерілуін арттырып, оқушылардың танымдық процестерін, ойлау қабілеті мен шеберлігін жоғарылатып, дағды қалыптастыратынын көрсетеді.
Әдіскерлер мен дидактиктердің қажырлы еңбегі нәтижесінде оқыту теориясында оқушылардың өзіндік жұмыстарына қойылатан төмендегідей негізгі талаптар айқындалған [1-6]:
1) өзіндік жұмыс мазмұнының оқу бағдарламасына қойылатын
талаптарға сәйкес болуы;
2) өзіндік жұмыстарды атқаруға оқушылардың қабілеттерінің жететін
болуы;
3) жұмысты түсіне атқару қағидасының сақталуы:
4) өзіндік жұмыстардың белгілі жүйе бойынша ұйымдастырылуы;
5) оқушылардың өзіндік жұмыстарды орындауға төмендегідей тәртіп
бойынша дайындалуы:
а) оқушыларға өзіндік жұмыстың мақсаты мен міндеті жөнінде дәл
және қысқаша нұсқау берілуі;
б) оқушылардың жұмысты орындауға қажетті ұйымдастырушылық
және техникалық дағдыларға үйретіліуі;
в) оқушылардан елеулі деңгейдегі ой еңбегін қажет ететін
мәселелердің талап етілуі;
г) өзіндік жұмысты орындауға берілген уақыттың шектеулі болуы;
6) мұғалімнің өзіндік жұмыстың орындалу барысын қатаң қадағалап
қажетті жағдайда көмек беруі;
7) оқушылардың өзіндік жұмысының орындалуын міндетті түрде
тексерілуі;
8) оқушылардың жұмысты жүргізу кезінде өзін-өзі қадағалауға
дағдылануы;
9) өзіндік жұмысты ұйымдастыру барысында әр оқушыға дербес
талап қойылуы.
Осыған орай, өзіндік жұмыстың ұйымдастырушылық сипатын көрсететін белгілер төмендегілер:
- өзіндік жұмыс мақсатының болуы;
- нақты тапсырмасының болуы;
- жұмысты тапсырма алған әрбір оқушының орындауы;
- өзіндік жұмыс нәтижесін көрсетудің нақты анықталған сипатының
болуы.
Біздіңше, өзіндік жұмысты ойдағыдай ұйымдастыруға қажетті екі жағдайды ерекше атап көрсетуге болады: біріншіден, өзіндік жұмыстың мақсатын оны атқаратын әрбір оқушы өзі анықтауы тиіс; екіншіден, оқушылардың өзіндік жұмысты атқаруға жеткілікті деңгейде дайындығы, яғни белгілі деңгейдегі білімі және оны жинақтау әдістерін меңгерген болуы, сондай-ақ оларды нақты іс-әрекетке пайдалана алуы шарт.
Өзіндік жұмысты ұйымдастыруда мұғалімнің кәсіптік шеберлігі.
Бүгінгі таңда ғылым мен техника қарқындап өсіп отырған шақта мектеп бағдарламасы мен оқулықтарына, олардың барлық жетістіктерін еңгізу мүмкін емес. Осы себептен де мектеп ертеңгі білімнің негізін қалап, оқушылардың өздігінен ізденіп, білім алуларына мүмкіндік жасауы тиіс. Сапалы оқыту және өздігінен оқып білім алуға баулу негізінде ғана оқушылардан парсатты азамат тәрбиелеп шығуға болады. Осыған орай, мектеп бітіруші әрбір оқушы ғылым негіздерінің жаңалықтарымен хабардар болып, кейін сол алған білім мен іскерлігін одан әрі дамытуға тиіс. Бұл өскелең өмір талабы.
Қазіргі кезде Қазақстан мектептерінде педагогикалық үрдістің сапасын көтерудің бай тәжірибесі жинақталып келеді. Солардың бірі педагогикалық үрдісте оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытуда өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыру.
А.Байтұрсыновтың пікірі бойынша, бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керек. Мұғалімнің қызметі- оның білімнің, шеберлігі ұзақ жолды қысқарту үшін, балаға жұмысты әліне қарай шағындап, беру мен бетік белгілеген мақсатқа қарай түзеп отыру керек. Оқушылардың өзіндік жұмыстарының мән-мағынасын ұйымдастырудың тәсіл-амалдарын бір ғана белгімен сипаттауға болмайды.
Оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру мұғалімнен шығармашылықты, шеберлікті; жоғары методикалық дайындықты талап етеді. Өзіндік жұмысыты ұйымдастырудың негізгі шарттары мыналар:
-мұғалімнің нақты тапсырмалар беруі;
-жұмысты орындаудың уақытын белгілеу;
- мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің өзара байланысы- олардың жұмысты өз еркімен және қолдарымен істеу, оған әсер ететін мотивтер;
- өзіндік жұмыс барысында орындалатын есептердің мазмұнын оқушы түсінуі керек;
- оның орындалуы жайлы оқушыларға нұсқау беру керек;
-жұмыстың орындалуын қадағалау керек;
-өзіне-өзі талдау жасау, байқау;
-оқушылардың жұмысын тексеру, қателерін анықтау.
Оқушылардың өзіндік жұмысына мұғалімнің тапсырмасы бойынша, өздері жоспар жасап, істің тәсілін анықтап, оның нәтижесін бағалап орындайтын жұмыстары жатады. Сонымен қатар, оқушылардың өзіндік жұмысының жоғары түріне олардың өз еркімен жаңа амал-тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары жатады.
Оқушылардың өздік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру сабақ сапасының артуына септігін тигізеді. Өздік жұмыс кезінде оқушылар оқулықпен және дидактикалық материалдармен, түрлі анықтамалық кітаптармен, газет-журналдармен жұмыс істеуге үйрене бастайды. Өздігінен білім алуға талпынады. Жұмысы нәтижелі болса, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады. [7]
Өздік жұмыстар ұйымдастыруда мынадай талаптар орындалуы қажет:
1. Өздік жұмыстың мазмұны бағдарламаға қойылатын талаптарға сәйкес келуі керек;.
2. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға тиісті;
3. Өздік жұмыстар түрі және мазмұны жағынан әртүрлі болуы керек;.
4. Әрбір өздік жұмыс тексеріледі және бағаланады;
5. Өздік жұмысты тек қайталау кезінде ғана жүргізбей, сабақтың барлық кезендерінде, орынды жерінде өткізу керек.
Дидактикалық тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылған жұмыс білімді тереңдетуге, толықтыруға, дағды мен іскерлікті қалыптастыруға, танымдық әрекетке қызығуды туғызуға, таным үрдісінің әдіс-тиәсілдерін игеруге, танымдық қабілетінің дамуына, адамның дербес жұмыс істеу және ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндік жасайды.
Өзіндік жұмыстың тәрбиелік жағы да басым. Ол адамның жеке басының қасиеттерінің (мақсат қоюшылық, ізденушілік, қызығу, т.б.) қалыптасуына әсер етеді.
Оқу-тәрбие үрдісін даралауда оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдау, яғни оқушының өзіндік танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға бағыттауға, білім беруде жеке оқытуды дамыту, көзделуі қажет. Осы бағытта оқушыға берілетін жекелей тапсырмалардың, үйренушілік, алгоритмдік, эвристикалық, шығармашылық деңгеймен, оқушы құбылысты өз бетінше талдай келіп, шағын ғылыми шығармашылық тұрғыдан зерттеу жұмысын жүргізуге баулу. Бұл оқушыға «кішкентай» жаңалық ашқанмен бірдей. Өзіндік жұмыстың негізгі мақсаты- оқушылардың танымдық міндеттерін қалыптастыру, шығармашылық қабілеттері мен қызығуын жетілдіру, білімге құштарлығын ояту. Мұғалім сабақта әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, балалардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отыру қажет. Әдіс-тәсілдер арқылы өткізген әрбір сабақ оқушылардың ойлауына және қиялына негізделіп келеді, баланың тереңде жатқан ойын дамытып, оларды сөйлетуге үйретеді. Түрлі әдістемелік тәсілдер пайдалану арқылы қабілеті әртүрлі балалардың ортасынан қабілеті жоғары баланы іздеп,онымен жұмыс жасау, оны жан-жақты тануды ойлап, оқушылардың, шығармашылық деңгейін бақылап отыру әрбір мұғалімнің негізгі міндеті.
Өзгеріске, жаңалыққа толы бүгінгі заман мұғалімге сегіз қырлы бір сырлы ерен қасиет иесі болуды міндеттейді. Ұстаз алдында отырған бірі шапшаң, бірі баяу, енді біреулері төмен қабылдайтын, зейіні, қабілеті, қабылдауы, есте сақтауы әрқилы шәкірттердің жүрегіне жол тауып олардың шығармашылық қабілетін дамыту күрделі құрылым екені даусыз.
Көрнекті педагог В.А.Сухомлинский: «Сабақ жас өспірімдердің интелектуалды өмірінде құр ғана сабақ болып қоймас үшін, ол қызықты болуы керек. Осыған қол жеткенде ғана мектеп жасмөспірімдер үшін рухани өмірдің тілегін ошағына, мұғалім осы ошақтың құрметті иесі мен сақтаушысына, кітап-мәдениеттің баға жетпес қазынасына айналады» - деп айтқан екен.
Олай болса, қызықты сабақтар-мұғалімнің ашқан жаңалығы, өзіндік қолтаңбасы, әдістемелік ізденісі, көтерілген белесі, абырой атағы,
мақсат-мұраты. Ұстаз көкейіндегі шәкірттерді өзіне баулып алу үшін «Не істей аламын», «Не істеу керек»-деген сұрақ – сауалнама әрекетке, әрекет нәтижелер жобасына, ал нәтижелер жобасы- практикаға еңгізуге жетелейді. Ал практиканың ақиқат өлшемі-білім сапасы болмақ.
Бастауыш сынып оқушыларының өздігінен жұмыс істеу қабілетін дамытуды жетілдіру жолдары.
Профессор Р.Г.Лембергтің пікірінше, оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру мына шарттарға байланысты: оқушылардың істейтін жұмысының мақсатына айқын түсінуі; жұмыстың жемісті аяқталуына, оның алдағы нәтижесіне қызығуы; жұмысты оқушылардың өз еркімен қалауымен орындауын көздеу керек.
Оқушылардың оқудағы танымдық іздемпаздығы мен белсенділігін қалыптастыру проблемаларын іс-жүзінде шешудің әртүрлі жолдары бар:
- танымдық іс-әрекеттің дербестігін қалыптастыратын өзіндік жұмысты ұйымдастыру мен оқу міндеттерін іріктеп шешу;
- танымдық іс-әрекеттің тәсілдерін қалыптастыру;
- іс-әрекеттің ағдарланушылық негізін құрайтын жалпылама білімдер еңгізу;
- оқытуға әдістемелік білімдер еңгізу;
- оқу іс-әрекетін өздігінше бақылауды дамыту.
Оқушылардың оқу танымдық іс-әрекетінінің формаларының бірі - өзіндік жұмыс. [8]
Дидактикалық мақсатына қарай өз бетінше жұмыстрды жаңа материалды оқып үйренуге дайындық, жаңа материалды игеру, бекіту, қайталап- пысықтау және бақылау деп бөлуге болады.
Егер мұғалім жұмысты дұрыс ұйымдастырса, оқушылардың алдына қойылған мақсат та айқын болса, онда орындалған өздік жұмыстың сапасы да ойдағыдай болады.
Бастауыш сыныптарда оқытудың маңызды мақсаттарының бірі- оқушыларда өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру. Ендеше, осы бастауыш сыныптардан бастап, оқушылардың өз бетінше жұмыс істей білу іскерліктері де қалыптасуы тиіс. Атап айтсақ: жаңа ұғымды, заңдылықты, ережені түсініп, тұжырымдау, есепті талдап, шығара білу, жаңадан өтілген ұғым бойынша өздігінен ой қорыта білу, т.б. Осындай іскерліктерді қалыптастыру- оқу барысында мақсатты түрде ұйымдастырылған жұмыстар және жаттығулар жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Өздік жұмысты ұйымдастыру формасы мынадай: жеке оқушымен, топпен жұмыс, барлық оқушымен (фронтальный) болады.
Өздік жұмыстардың негізгі түрлері: оқулықпен жұмыс, жаттығулар, практикалық және зертханалық жұмыстар, тексеру, бақылау, жұмыстары, рефераттар мен баяндамалар жасау, тест жұмысын орындау болып табылады.
Өздік жұмыс теориясының дамуының ерекшелігі болып, әрекетті белсендіруге ықпал етуші оқыту әдістерін сипаттаудағы әртүрлілік. Нәтижесінде көптеген ұстанымдар туындайды, олардың негізінде өзіндік жұмыстың сұрыпталуы құрылады: а) оқушының объектіні тану барысында ойлау операциялары; б) дидактикалық мақсат, в) ақпарат көзі және оларға тапсырмалардың турі, г) оқушылардың оқу әрекетінің мінез-құлқы, д) оқушының танымдық әрекетінің құрылымы.
Сұрыпталу принциптерін тереңірек қарастырса, ол өзіндік жұмысты жан -жақты зерттеуге көмектеседі, онсыз осы теорияның дамуы мүмкін емес. Өзіндік жұмыстардың логикалық сұрыпталуы В.А.Добромыслова, В.В.Голубкова, Е.Я.Голант есімдерімен байланысты. Осы тұрғыдан өзіндік жұмыстар былай бөлінеді:
1.деректерді бақылау және түсінік белгілерін айыру;
2.құбылыстардың арасындағы ұқсастықтарымен айырмашылықтарын құру;
3.түсініктерді анықтауға және оқығанды жалпылау;
4.құбылыстар қатарында әдеттегіні белгілеу;
5.деректердің арасындағы байланысты орнату және т.б.
Бірақ, берілген сұрыптаулар мұғалім мен әдіскерді қанағаттандыра алмайды. Себебі, оқушылардың оқу әрекетінің мінезх-құлқы ескерілмейді және тақырыптан тақырыпқа көшу жолы көрсетілмейді.
Нәтижесінде сұрыпталудың тағы бір түрі пайда болады. Бұнда сұрыпталу оқушылардың оқудағы әрекетінің мінез-құлқы бойынша құрастырылған.
Ал ғалымдардың көпшілігі өзіндік жұмыстардың негізі үш түрін белгілейді – репродуктивтік, таңдамалы-қайта өндіргіш, шығармашылық.
Репродуктивтік өзіндік жұмыстар ертеде алған білімдерін қайта өндіруді және қолдана алуды ұсынады.
Таңдамалы-қайта өндіру өзіндік жұмыстары алған білімдердің көкейтестігімен және оларды жартылай шығармашылық тұрпатта қайта қараумен байланысты ( оқу-танымдық міндеттерді шешудің жаңа жолындағы ізденістері және т.б.)
П.И.Пидкасистыйдың ойынша қайта өндіру мен шығармашылық әрекеттер бірлікте болса, субъект объектіні танудағы құбылыс ретінде көрінеді,оқылып жатқан материалдың құрылымын ұғынуда, қасиеттердің жүйесін түрлендіруде өзгерген жағдайда объектінің белгілерінде, жаңа міндеттерді шешуде білімдердің тасымалдануы және көкейтестігінде. Мұғалімнің тапсырмалары оқушылардың танымдық әрекетінің динамикасын ескеру керек. Нәтижесінде мынадай өзіндік жұмыстар белгіленеді:
1.үлгі бойынша орындалатын;
2.реконструктивтік – вариативтік;
3.жаңалық ашатын;
4.шығармашылық.
Бірінші жұмысты орындаған кезде оқушы көрсеткен үлгі бойынша, белгілі бір іс-әрекеттің жолын ұғынады. Тапсырмаларды нұсқаулар, белгілі формулалар, теоремалар арқылы орындайды.
Реконструктивті – вариативтік өзіндік жұмыстар оқушылардың алған білімін қолдануға ынталандырады, сонымен қатар білімі тереңдей түседі. Тапсырмалар тек шешімнің жалпы принциптерін ғана көрсетеді.
Мысалы: «Бір килограмм мақта ауыр ма, бір килограмм тұз ауыр ма?», «Әтеш бір аяқпен тұрса 2,5 кг, егер екі аяқпен тұрса неше кг болады?».
Шығармашылық өзіндік жұмыстар оқушылардың математика пәніне деген ынтасын қалыптастырады, оқуға деген көзқарасын өзгертеді, математикалық ой-өрісін дамытады.
1) есепті шығару, теоремаларды дәлелдеу әдеттен тыс, жаңа тәсілмен орындау;
2) есепті бірнеше жолмен шығару;
3)оқушылардың өз бетінше есеп, мысалдар құрауы;
4) баяндамалар және басқа жұмыс түрлері.
Мысалы: анықтаманы оқу, сұрақтарға жауап, текст бойынша жоспар құру, материалдарды негіздей отыра таблица, схема, графиктер жасау.
Еліміз егемендік алғаннан бері білім беру саласында елеулі өзгерістер болып отыр. Білім беру мазмұны өзгерістерге ұшырады. Жаңа талпыныс, жаңа жол ашылды. Ол өз әсерін оқушыларға да жаңа талаптар мен міндеттерді қойды.
Қазіргі кездегі білім берудің мақсаты – жеке бастың өзіне және қоғамға қажетті бейімділігін, әлеуметтік бағалы белсенділігін дамыту; сонымен бірге өз бетімен білім, өздігінен қалыптасуын тиімді қамтамасыз ету. Сонда білім беруді ізгілендіру және демократияландыру жеке бастың өзін-өзі дамытуын, өздігінен жеке шешім ала білуді қалыптастыруды көздейді.
Оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастырудың маңызы өте зор. Өйткені, сол арқылы оқушылардыі іс-әрекетінің дербестігі артады.
Бұл туралы А.Байтұрсыновтың пікірі бойынша, бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керек. Мұғалімнің қызметі – оның білімінің, шеберлігінің ұзақ жолды қысқарту үшін, ол жолдан балалар қиналмай өті үшін, керек білімді кешіктірмей, кезінде беріп отыру үшін, балаға жұмысты әліне қарай шағындап беру мен бетін белгілеген мақсатқа қарай түзетіп отыру керек, деген.
Өзіндік жұмыстар оқушылардың әрекеттік жағдайын әрдайым қолдайтын басты ынталандыру болып табылады. Оқушылардың өзіндік жұмыстары, ересек адамдардың әрекетіндегі басқа кез келген ынталандыру секілді, өз ішінде, өзіндік жұмыс әрдайым оқушының белгілі бір жауабын шақырады.
Кез келген әрекет өзіне өз пәнін, өз әдісін қосады. Оқу еңбегінің кез келген түрінде әрекет мәні білім көзі және өзіндік жұмыстарының дидактикалық мағынасы болып табылмайды, ол өзіндік жұмыстың кез келген нақты түрінде жатқан міндет, мәселе, соны шешпекші болып оқушылардың әрекет істеуі.
Осыған орай В.А.Сухомлинскийдің пікірін айта кетуге болады: «Бала өз күшіне деген сенімін ешқашанда жоғалтпауы қажет, өзінің қолынан еш нәрсе келмейтіні сезінбейтін болуы тиіс. Әрбір жұмысы оқушы үшін аз да болса алға қарай, ілгерілеу болуы қажет».
Оқушылардың өзіндік жұмысын тиімді ұйымдастыру сабақтың сапасының артуына септігін тигізеді. Теориялық білімнің терең бекіп, жүйелі қалыптасуына өзіндік жұмысына берілетін есептер мен жаттығулар дұрыс таңдап алынып, құрастырылуына байланысты.
Оқушылардың өзіндік жұмыстарының мән-мағынасы, осы ұйымдастырудың тәсіл – амалдары туралы педагогикалық әдебиеттерде әр түрлі пікірлер айтылады.
Профессор Л.Г.Лембергтің пікірінше, оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру мына шарттарға байланысты:
оқушылардың істейтін жұмысының мақсатын айқын түсінуі;
жұмыстың оқушылардың өз еркімен, қалауымен орындауы керек.
Бұған орай оқушылардың өзіндік жұмыстарына тән негізгі сипаттарды анықтап беру қажет. Ескеретін жағдай: ол күрделі әрекет болғандықтан, бір ғана белгімен сипаттауға болмайды.
Оқушылардың өзіндік жұмысына мұғалімнің тапсырмасы бойынша, өздері жоспар жасап, істің тәсілін анықтап, оның нәтижесін бағалап орындайтын жұмыстары жатады. Сонымен қатар, оқушылардың өзіндік жұмысының жоғары түріне олардың өз еркімен жаңа амал-тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары да жатады.
Өзіндік жұмысы кезінде оқушылар оқулықпен және дидактикалық материалдармен, түрлі анықтамалық кітаптармен, газет-журналдармен жұмыс істеуге үйрене бастайды. Өздігінен білім алуға талпынады. Жұмысы нәтижелі болса, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады.
Өзіндік жұмыс ұйымдастыруда мынадай талаптар орындалуы қажет:
1. Өздік жұмыстың мазмұны бағдарламаға қойылатын талаптарға сәйкес келуі.
2. Мұғалімнің нақты тапсырма беруі.
3. Оқушының ойлау қабілетін дамытуы тиіс.
4. Өздік жұмыс түрі және мазмұны жағынан әр түрлі болуы керек.
5. Әрбір өзіндік жұмыс тексеріледі және бағаланады.
6. Өзіндік жұмыстың басталу уақыты мен аяқталу уақыты болуы керек.
7. Өзіндік жұмыс сабақтың барлық кезеңдерінде, орынды жерінде өткізу керек.
Өзіндік жұмысты ұйымдастыру формалары: жеке оқушы, топпен жұмыс, барлық оқушылармен.
Әр топтың бір басшысы болады – үлгерімі жақсы оқушы. Ол білмегендерге кеңесін беріп, көмектесіп отырады. Топ бойынша өздік жұмыс істегенде, әр топ келесі топқа өз сұрақтарын кезекпен қояды. Мұнда оқушылар үйде өз беттерімен сұрақтар, сызбалар, плакатттар, суреттер, сөзжұмбақтар дайындап әкеледі. Сұрақтың жауабын өздері біліп, дәптерге не бір параққа жазып қояды.
Өзіндік жұмыстың негізгі түрлері: оқулықпен жұмыс, жаттығулар, практикалық және зертханалық жұмыстар, тексеру, бақылау жұмысы, сынып жұмысы, шығармашылық жұмыс, рефераттар мен баяндамалар, тәжірибелер жасау,тест жұмысын орындау.
Өздік жұмыстар әр сабақта міндетті түрде жүргізіліп отыруы қажет.
Өз іс тәжірибемдегі бірнеше жұмыстарға тоқталып өтсем:
Диктант жұмысын жүргізгеннен кейін, алдарына «Өзіңді тексер» жадынамасын беріп сол бойынша істейміз.
Тақырып бойынша бақылау жұмысын жазғаннан кейін, жіберілген қателермен жұмыс жасаймыз. Қате жіберілген тапсырмаларға ұқсас мысалдар алып, нұсқалар бойынша жаттығулар жасаймыз, оқулықтан ереже іздеп, тауып, оқуға тапсырма беремін, оқушы өз қатесін тауып алады.
Оқушының өзіндік әрекетінің нәтижесінде оның бойында мынадай қасиеттер қалыптасады:
1. Өз бетінше ойлау біліктері мен ізденімпаздылығы.
2. Оқуға деген қабілетінің артуы.
3. Берілген білімді игеру ғана емес, оны жаңалап және тиімді игеру жолдарын түсіне білу ниеті.
4. Басқа оқушының түсіндірмелеріне сын көзбен қарау.
5. Өз ойының дербестігі.
Өздік жұмыс жасауға үйрету жолдарының бірі - әр түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындай білуі. Әр түрлі деңгейдегі тапсырмалар жасау әр оқушымен жеке жұмыс істеуге көмектеседі (дифференцированный подход).
Тапсырмаларды 1-2 нұсқада жасауға болады.
М.М. Жанпейісованың технологиясы бойынша да әр түрлі деңгейдегі карточкалар дайындап, өз сабақтарымда қолданамын, «∆» - белгісі бар карточка «3» деген баға,
« » - белгісі «4», «О» - белгісі «5» деген бағаны көрсетеді, егер оқушы осы тапсырманы орындаса, сәйкес бағасын алады.
Немесе «сары» - «3», «жасыл» - «4», «көк» - «5» деген карточкалар жасалады.
1-деңгей сұрақтары едәуір күрделі шығармашылық сипатта болады.
2-деңгей сұрақтары ақпаратты талдай білуді талап етеді.
3-деңгей сұрақтары тақырып бойынша негізгі ұғымдарды біліп, жеткізе алу.
Оқушылардың өзіндік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру сабақ сапасының артуына септігін тигізеді.[9]
Достарыңызбен бөлісу: |