Тақырыбы: Тұлғаның әлеуметтанулық сипаттамалары. Тұлға мен қоғам арақатынасы мәселелері. Мақсаты



Дата13.06.2016
өлшемі85 Kb.
#134056

  1. Тақырыбы: Тұлғаның әлеуметтанулық сипаттамалары. Тұлға мен қоғам арақатынасы мәселелері.

  • Мақсаты: студентерді тұлғаның әлеуметтанулық сипаттамаларымен таныстыру. Жаһандану жағдайындағы тұлғаның әлеуметтенуін түсіндіру.

  • Дәріс жоспары:

  1. Тұлға ұғымының мәні мен түсінігі.

  2. Тұлға туралы теориялары.

  3. Тұлғаның әлеуметтену процесі.

  4. Тұлға әлеуметтік қатынастардың объектісі және субъектісі ретінде.

  • Дәріс тезистері:

Тұлға проблемасы бірқатар ғылымдардың – философиялық, социология, психология, педагогика, т.б. ғылымдардың зерттеу объектісіне жатады.

Осы аталған және басқа да ғылымдардың ғылыми мәліметтеріне сүйене отырып, әлеуметтану ғылымы тұлғаны әлеуметтік өмірге белсенді түрде араласатын, әлеуметтік қатынастардың субъектісі ретінде қарастырады.

Тұлға әлеуметтік қатынастар мен байланыстардың бастапқы агенті болып саналады. «Тұлға» дегеніміз кім? Бұл сұраққа жауап беру үшін «адам», «индивид», «тұлға», деген ұғымдардың арасындағы мазмұндық айырмашылықты біліп алуымыз керек. «Адам» деген – адамзат баласының жер бетіндегі басқа биологиялық организмдерден өзгеше қасиеттерін сипаттайтын жалпылама ұғым.

Индивид – жеке – дара адам. Барлық адамға тән ортақ қасиет – ол тек қоғамда ғана өмір сүреді. Ол қоғам ішінде ғана нәтиже алады, себебі ол қоғамдық болмыс тәжірибесін бойына сіңіреді. Жаңа туған сәбидің ата – анасынан тәуелсіз өмір сүруге ешқандай қабілеті болмайды. Бұл жағынан ол жануар, хайуанаттардың кез келгеніннен әлсіз екені белгілі. Мысалы, жұмыртқадан шыққан құс балапаны бірден тамақ іздеп жүгіреді. Ата – ананың, басқа адамдардың қамқорлық көмегінсіз адам баласы өсіп жетіле алмаған болар еді.

Бұдан адам мәнінің тек қоғамдық - әлеуметтік жағы шамадан тыс үлкейтіліп, оның биологиялық, психологиялық жақтарының маңызы төмендетіліп, жоққа шығарылып отыр деген пікір тумауы тиіс. Анығында адамның өлшемі (кейбір уақытта құрылымы деп те айтады) үш түрлі болады: биологиялық, психологиялық және әлеуметтік. Биологиялық өлшем – бұл адам организмінің түр бейнесі мен құрылымының (морфологиясын), басқаша айтқанда, организмнің құрылысын және формаларын зерттейді, оның атқаратын, орындайтын қызметін, шығу негізін, ми, жүйке жүйесін, т.б. қамтиды.

Психологиялық өлшем – адамның ішкі жан дүниесі, онда жүріп жататын саналы және санадан тыс құбылыстар мен процестер, сезім жүйесі, мысалы, құмарлығы, жек көру, не сүю, мақтаныш, не қорлану, күйініш, не наразылық, ойлау т.б. адамның еркі мен сипатын (бейнесін), темперамент, т.б. қамтиды.

Осыған орай жеке – жеке алып қарағанда бұл екі өлшемнің әрқайсысы адам ұғымын тұтас тұлға ретінде ашып бере алмайды, өйткені биология мен психология адамдарды жеке – дара зерттеп, оларды тұлға ретінде көрсете алмайды.

Әлеуметтік өлшем – адамды тұлға, яғни белгілі бір тип, бірнеше адамның үлгісі, образы, бейнесі, моделі ретінде қарайды. Тұлғаны жан – жақты осылай қалыптастыратын оны қоршап тұрған орта, мұнда ол үнемі іс - әрекет, қызмет атқарады, үнемі онымен тығыз байланыс, қатынаста болады. Осыған сәйкес әрбір қоғам өзіне тән лайықты тұлғаны қалыптастырып отырады.

Әрбір тұлғаның белгілі бір деңгейде іштей санасы, қасиеті болады. Осылардың жиынтығы тұлғаның құрылымын қалыптастырады.

Адамның аса күрделі табиғаты оның қоғамдағы әр түрлі байланыс – қатынастары қазіргі әлеуметтануда адамға, оның тұлғалық түріне байланысты, алуан түрлі модельдерді жасауға ықпал етті. Осылардың бірі – адамның бейнесіне (образын) әлеуметтік рөлдердің жиынтығы ретінде қарау.

Мұны тұлғаның рөлдік тұжырымдамасы дейді. Бұл тұжырымдаманың мазмұны мынадай: қоғамдағы әрбір адам ондағы алуан түрлі әлеуметтік топтарға кіреді.Мысалы отбасына, оқу тобына, достар компаниясына, өндіріс ұйымына, т.б. Әрбір топтағы адамның белгілі бір орны, өзінің көзқарасы, бағыты болады, оған белгілі бір талап – тілектер қойылып, ол оны орындайды. Сонымен, нақтылы жағдайда бір адам бірде әке немесе шеше, екінші жағдайда осы адам дос, үшінші жағдайда бастық болады, яғни нақтылы адам әр жағдайда әр түрлі рөлдерде қызмет атқарады.

Басқаша айтқанда, әлеуметтік рөл дегеніміз, қоғамдағы адамдардың белгілі бір қызмет атқарған жағдайда белгілі бір тәртіп нормаларын сақтауын айтамыз. Ал, рөлдік жүйе дегеніміз, адамның қоғамдағы алатын орнына, жағдайына, тұрмысына сәйкес істейтін қызметінің жиынтығы. Адамдардың әлеуметтік рөлдерді бойына сіңіріп, игеріп, меңгеруі тұлғаны әлеуметтендіру процесінің бір бөлігі, оның қоғамға, топқа толық енуінің негізгі қажетті шарты.

Сонымен, жан – жақты дамыған тұлға өзіндік рөлдік мінез – құлқын белгілі бір әлеуметтік ситуацияға байланысты пайдаланып оны бейімділік құралы ретінде қолданады. Басқаша айтқанда, рөлдік мінез – құлық дегеніміз, индивидтің (адамның) іс жүзіндегі мінез – құлық.

Сонымен, жан – жақты дамыған тұлға белгілі бір әлеуметтік жағдайда бейімделу құралы ретінде рөлдік мінез – құлықты пайдаланады. Рөлдік мінез – құлықты рөлмен алмастыруға болмайды. Әлеуметтік рөлдің негізгі компонеттері сатылы жүйе ретінде құралады.

Рөлдік тұжырымдамада Американың әлеуметтік психологиясында XX ғасырдың 30 – шы жылдары пайда болды. Оның ірі өкілдері Кули Чарьз Хортон (1864 – 1929 ж.ж.), Мид Джордж Герберт (1863 – 1931 ж.ж.), т.б. Кули Ч. Х. «шағын кіші» топтар теориясының негізін салушылардың бірі, оның «Зеркальное я», «Человеческая природа» и «Социальный порядок» (1902 ж.), «Социальная организация» (1909 ж.) «Социальный процесс» (1918 ж.) «Социологиеская теория», «Социальное исследование» (1930 ж.) деген еңбектері бар.

Ч. Кули мен Дж. Мидтің бұл теориялары әлеуметтанудағы әр түрлі ағымдарға кең тараған. Оның ішінде тұлғаның рөлдік тұжырымдамасын Т. Парсонс өзінің әлеуметтік – функционалдық талдау теориясында көп қолданады.

Жалпы тұлғаның рөлдік теориясы тұлғаның бейімделу процестерін көп дәріптей отырып, оның белсенді, творчестволық жағын жоққа шығарады.

Ч. Кули тұлғаның қалыптасуы айналасындағы адамдар мен алуан түрлі қарым – қатынастар мен байланыстар негізінде болды деп тұжырымдады.Осылардың негізінде адам өзінің «айнадағы мен» деген имиджін жасайды. Ол үш элементтерден құрылады:

а) Жұрт мені қалай қабылдайды;

ә) Жұрт менің сыртқы түрімен қалай әсер етеді;

б) Мен жұрттың тигізген ықпалына қалай жауап беремін.

Бұл теория біздің қоғамдық пікірді қалай қабылдап, оған қалай жауап беру керектігін түсіндіреді.

Мидтің пікірінше, адамның тұлғаға айналу процесі үш түрлі сатыдан құрылады.

Бірінші иммитация. Бұл сатыда балалар үлкен адамдардың мінезіне еліктейді, бірақ, оны түсінбейді. Кішкене бала үйдің еденін жумақшы болып, өзінің ойыншық шаңсорғышымен бөлмеде жүреді.

Екіншісі, ойын сатысы. Бұл уақытта кішкене бала өзінің мінезін – белгілі бір рөлді орындау арқылы көрсетеді. Сөйтіп балалар өз істерін ойлап жасайтын қабілетке жете бастайды.

Үшінші саты – ұжымдық ойын. Мұнда балалар тек өздерін ғана ойлап қоймайды, сонымен қатар басқалардың нені күтетінін түсіне бастайды. Мысалы, футбол ойнап жүрген бала ойынның барлық ережелерін біледі. Бұны команданың барлық ойыншылары да біледі. Балалардың футбол ойының тәртібін, ережелерін білу оларды адамдардың қоғамда өздерін қалай ұстау тәртіптерін біліп, меңгеруіне бағыттайды. Бұл тәртіп, ережелер қоғамда заң және ережелер түінде көрінетінін де түсініп, жақсы біледі.

Тұлға туралы рөлдік теорияда адамның әлеуметтік мінез – құлқы негізгі екі ұғыммен түсіндіріледі:

Олар: «әлеуметтік статус» және «әлеуметтік рөл», Әлеуметтік рөл туралы жоғарыда біраз айтылды. Енді бұларға толығырақ тоқталайық.

Мысалы, әрбір адам әлеуметтік жүйеде бірнеше қызметтерді атқарады. Осыны статус дейді.

Әлеуметтанушылар статустардың екі түрін бөліп көрсетеді. Біреуі – қоғамнан берілген (предписание), екіншісі адамның өз еңбегінің нәтижесінде қол жеткізген (преобретенный) статус. Тұлғаның табиғи статусы адамның мәнді, тұрақты сипатты белгілеріне байланысты (ер адам, әйел, бала, жасөспірімі, қарт, т.б.). Кәсібіне, қызметіне (лауазым) байланысты статус – тұлғаның базистік (яғни, негізгі) статусы болып есептеледі. Бұл статусқа адамның әлеуметтік, экономикалық, өндірістік салаларда қызметі, орны (мысалы, дәрігер, инженер, мұғалім, банкир, т.б.) жатады.

Қорыта айтқанда, қандай да бір қоғамда адамның әлеуметтік жүйедегі орны бар. Ал, қоғамның адамға белгілі бір талап қоюы оның әлеуметтік рөлінің мазмұнын, мәнін құрайды. Сонымен, әлеуметтік рөл дегеніміз, әлеуметтік жүйеде белгілі бір статусы бар адамның орындайтын іс - әрекетінің жиынтығы.

Жоғарыда көрсетілгендей, тұлға дегеніміз, жоғары шарықтап дамыған, жан – жақты жетілген адам. «Тұлға» ұғымы адамның әлеуметтік дамуының сапалық көрсеткіші. Ол тек қана адамның әлеуметтік орта жағдайында ғана пайда болады, яғни ол белгілі бір топта, бірлікте өмір сүреді, мұнсыз болмайды, сөйтіп ол адам қоғамдағы барлық қатынастарды, тәжірибені, құнды бағалы нысандарды, бағыттарды өз бойына сіңіріп, меңгеріп, дамыта отырап, өзі жаңа сапа, қасиетке, яғни тұлғалыққа ие болады.

Құқықтық мемлекеттерде жеке тұлға өркениет пен мәдениеттің жоғары адамгершілік қасиеттердің жиынтығы және субъектісі ретінде танылады.

Тұлғаны одан әрі әлеуметтендіру процесі тек қана адамдардың алуан түрлі бірліктері мен топтық шеңберінде болуымен шектелмейді. Тұлғаны әлеуметтендіру оны өз бетімен еркін адамзаттың алдыңғы қатарлы тәжірибелеріне, мәдени бағалы құндылықтарына, нысандарына, бағыттарына, т.б. белсенді араласып, оларды терең игеруге, бойына сіңіруге, өңдеуге мәжбүр етеді. Бұларды игерудің нақтылы жолдары болады. Олар:

а) іс - әрекет, қызмет, бұған ойын, оқу, еңбек ету жатады.

ә) қарым – қатынас, бұл – адамдардың бір – бірімен ұдайы, үздіксіз алуан түрлі қоғамдық қатынастарда болуын керек етеді.

б) өзіндік сана – сезімді дамыту, бұған ми мен жүректің өз бетінше қызмет, іс - әрекет етуі жатады.

Тұлғаны әлеуметтендіру. Индивидті тұлғаға айналдыру процесін әлеуметтендіру дейміз. Тұлғаның қалыптасуы белсенді іс - әрекет, қызмет істеуде және басқа адамдармен қарым – қатынас жасауды іске асырады.

Тұлғаның қалыптасуы оның белсенді іс - әрекеті мен басқа адамдармен пікір алмасу процесінде өтеді. Әлеуметтендіру индивидке сырттан еріксіз таңылатын нәрсе емес. Керсінше, индивидтің іс - әрекетке белсенді араласуымен, өзінің қимылы мен мінез – құлқын қоғам талабына сай, лайықтап, үнемі дұрыс жолға салып, өзгертіп отыру арқылы іске асады.

Соның арқасында адамда өз мінез – құлқын, іс - әрекетін, қызметін басқа адамдардың сондай мінез – құлықтарымен салыстыра бағалау, сөйтіп өзінің кім екенін түсіну, өзін - өзі тану қабілеті жетіледі.

Тұлғалық қасиеттердің ішіндегі аса маңыздысы оның өмірге өзіндік көзқарасының болуы. Адамның көзқарасы ғылыми немесе ғылыми емес, т.б. болуы мүмкін.

Адам тұлғаға айналуында екі үлкен кезеңнен өтеді. Біріншісі – туғаннан ер жеткенге дейін. Екіншісі – ер жеткен, кемеліне келгеннен кейінгі кезең.

Тұлғаға айналудың бірінші кезеңі барлық адамдарда бар, бірақ, екінші кезеңнің сипаты барлық адамдарда байқала бармейді. Ал, кейбіреулер тіпті жиырма бес жасында тұлғаға айналады. Әрине, өкінішке қарай, мұндайлар қоғамда өте сирек кездеседі. Жеке дара адамды, индивидті тұлғаға айналдыруда әр түрлі оқу орындарының атқаратын қызметі зор.

Тұлға тек қана әлеуметтік – қоғамдық қатынастардың жемісі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік іс - әрекеттер, дің маңызды субъектісі де болып саналады. Бұл іс - әрекет, қызмет қоғамның барлық салаларында әрдайым көрініп отырады. Мысалы, экономикада, саясатта, рухани өмірде, т.б. Көрнекті неміс әлеуметтанушысы Макс Вебер әрбір адам өзінің іс - әрекетіне белгілі бір мән, мағына береді деп атап көрсеткен. Вебер осындай іс - әрекеттің біреуге бағытталуын, нысаналауын тосу, күту, үміт ету (ожидание) дейді. Мұнсыз ешқандай іс - әрекет, қимыл әлеуметтік болып саналмайды. Мұндай әлеуметтік іс – қимылдың алуан түрлері болады. Олардың ең бастысы мақсатқа сәйкес келетін іс - әрекет (целенаправленноедейсствие). Бұл мақсатқа сәкес келетін іс - әрекет тұлғаның ойлаған мақсатына жету үшін қолданылады.

Вебер әлеуметтік іс - әрекетті, қимылды 4 типке бөледі:

а) Ақыл – ойдың мақсатқа бағытталуы (целерациональный). Мұнда әрбір іс - әрекеттің мақсаты мен құрылымының бір – біріне сәйкестігі көзделеді.

ә) Іс - әрекеттің құндылыққа бағытталуы. Мұнда әрбір іс - әрекеттің басқа құндылық, бағалық үшін өмір сүруі (мысалы, діни немесе моральдық, т.б.) көзделген.

б) Аффективтік. Бұл адамның эмоциялық реакциясына негізделген (аффективия).

в) Дәстүрлік (яғни, салт – дәстүрлік). Мұнда адамның іс - әрекеті белгілі бір дәстүр, салтқа сәйкес болады.

Тұлғаның әлеуметтік қызметі деп, адамның өмірді өзінше игеріп, меңгеруі және адамның өзінің қоғамдық қатынастарды, құбылыс, процестерді өзгертуші субъект ретінде дамып, жетілдірудін айтады.

Әлеуметтік іс - әрекет пен қызметтің қозғаушы күші объективтік жағдайларымен байланысты. Объективтік жағдай адамдардың қажеттілігінен, мұң – мұқтажынан, мүддесінен, мақсатынан шығады.

Табиғи қажеттілікке тамақ ішу, киім кию, баспана, т.б. қажеттіліктер (мұқтаждықтар) жатады. Мұндай әлеуметтік қажеттілікке еңбек ету, басқа адамдармен байланыс – қатынаста болу, қоғамдық өмірге араласу, т.б. қажеттеліктер (мұқтаждықтар) кіреді.

Адам мүддесі, мақсаты белгілі бір қажеттілікті (мұқтаждықты, зәрулікті) қанағаттандыру мүмкіндігіне қарай тұлғаның іс - әрекетінің, қызметтерінің бағыттарын белгілеп отырады.

Мүдделерінің, мақсаттардың негізінде әлеуметтік талап – тілектерді білдіретін адамдардың қажеттеліктері жатады. Осыған орай мүдде, мақсат бір нәрсеге, затқа деген қажеттілікті түсінудің түрі ретінде көрінеді.

Қажеттілік тұлғаны өзін қоршаған әлеуметтік ортамен қатар сыртқы табиғатпен тығыз байланыстырады, өйткені адам табиғаттан өзіне керегін алып, өзінің мүддесін мақсатын қанағаттандырып отырады. Осылардың нәтижесінде тұлға табиғаттан біршама тәуелсіз болады.

Қажеттілік – объективті дүниенің даму заңдарының негізгі бір түрі. Осыған орай тұлға қажеттілікті терең, жан – жақты түсініп, оны меңгеіп, өзінің ісінде, қызметінде пайдаланып отырады. Екінші жағынан, қажеттілік тұлғаның өмірдегі белсенділігін, жауапкершілігін арттырудың басты факторларына жатады. Тұлғаның атқаратын іс - әрекеті, қызметі белгілі бір нақты мүдделерді жүзеге асыруға бағытталады.

Бейімделу - өмір сүру жағдайларының өзгерісіне деген сол адамның көзқарасының қалыптасуына көмектеседі, сөйтіп түсініспеушіліктің нәтижесінде пайда болатын шиеленісті жоюға, я болмаса оны бәсендетуге жағдай туғызады.

Мүдденің мақсатқа айналу сатысында қозғаушы күш ретінде болатын адамдардың ынталары, бастамалары, ниеттері, т.б. маңызды рөл атқарады, осылардың өзара байланыс – қатынастары тұлғаның қызметінің әлеуметтік жағын құрайды. Әлеуметтік іс - әрекеттің, қызметтің сырт көрінісі адамның нақтылы көзқарасынан, жалпы идеологиясынан да байқалады.

Жеке адам мен қоғам арасындағы әлеуметтік қатынастар әлекметтік бақлау жағдайында қалыптасып, іске асырылады.

Әлеуметтік бақылау дегеніміз, оның ішінде құқықтық түрде де реттеу арқылы әлеуметтік жүйені құрайтын элементтердің өзара әрекетін реттеу жолымен қамтамасыз етеді және сол жүйенің өздігінен басқарылу тәсілі болып табылады. Сөйтіп әлеуметтік бақылау дегеніміз, ол индивидтердің әлеуметтік тәртібін тек саяси мекемелердің ғана тұрғысынан емес, сонымен қатар басқа да әлеуметтік мекемелердің (яғни, білім берудің, мәдениеттің, мораль, т.б.) тарапынан да реттеу болып табылады.

М. Вебер атап көрсеткендей, адамның мінез – құлқы деп, оның іс - әрекетінің, қызметінің сыртқы көрінісін айтады. Оның негізгі үш түрі болады:

а) Инстинктивті; ә) қарапайым; б) әлеуметтік;

Мінез – құлықтың бірінші және екінші түрі көбінесе саналы, ерікті емес түріне жатады да, оның әлеуметтік мәні болмайды.

Әлеуметтік мінез – құлық әр түрлі болады, олар:

а) Индивидуалды (яғни, жеке адамның мінез - құлқы);

ә) Ұжымдық – бұл жалпы мұқтаждығы, талап – тілегі және іс - әрекет мақсатының бірлігі негізінде құрылған ұйымдасқан топтын мінез – құлықтары;

б) Бұқаралық – бұл бір типті, әрі ұйымдаспаған үлкен бұқара тобының мінез – құлқы.

Қылық – бұл іс - әрекет. Мұның әлеуметтік маңызы және мәні болады. Мысалы, анасы баласына уақытын тамақ бермесе, бұл жағымсыз қылық болып есептеледі.

Әлеуметтік тәртіп белгілі бір әлеуметтік ережелерге (нормаларға) сәйкес келсе, қалыпты дейді. Ал, мінез – құлық нормаға сәйкес келмесе, оны ауытқыған (немесе девианттық) мінез – құлық дейді. Бұл ауытқуды (девианттық) әлеуметтанудың арнаулы теориясы – ауытқу мінез – құлқының әлеуметтану зерттейді.

Ауытқу тәртібіне құқық пен мораль принциптерінен кейін кету, оларды бұзу жатады.

Ауытқу тәртібі еңбек, өндіріс саласында, жеке адамдар арасында, ұйыцмдық қарым – қатынастарда, қызметте, жұмыста, тұрмыс салтында, т.б. жиі кездесіп отырады. Мұндай жат қылықтарға бұзақылық, ұрлық, маскүнемдік, нашақорлық, өз - өзіне қол жұмсау, жезөкшелік, т.б. жатады. Мұндай ауытқу қу мінез – құлықтарына қарсы күрестер еліміздің барлық салаларында алуан түрлі әдістермен қатаң жүзеге асырылуда.


  • Иллюстративті құрал: -

  • Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

Негізгі:

1. Современные западные исследования социологической классики. - М.: Наука, 1992.

2. Ядов В.А. Методология и методика социологического исследования. - М.: Наука. 2002.

3. Добреньков В. И., Кравченко А. И. Социология. В 3-х томах. - М.: Наука, 2000.

4. Габдуллина К.Г. и др., Социология. Учебник для студентов высших технических

учебных заведений.- Алматы: Санат, 1997.

5. Аитов Н.А., Биекенов К.У. Социология. Алматы: Қазақ университеті, 2002.

6. Тажин М., Аяган Б.Социология негіздері. Алматы, 1992.

7. Әбсаттаров Р.Б., Дакенов Н. Әлеуметтану. Алматы: Ғылым, 2004.

Қосымша:

1. Конт О. Дух позитивной философии: Слово о положительном мышлении.

СПб, 1910.

2. Дюркгейм Э. О разделении общественного труда. Метод социологии. – М-, 1991.

3. Арон Р. Этапы развития социологической мысли. – М., 1992.

4. Сорокин П.Человек. Цивилизация. Общество. – М., 1992.

5. Вебер М. Избранные произведения. – М, 1990.

6. Структурно-функциональный анализ в современной социологии. – М., 1968.

7. Большой толковый социологический словарь. Дэвид жерри, Джулия жерри. Т. 1,2.,

1999.


8. Габдуллина К.Г. Общества прогресс и регресс. А., 2003.

Бақылау сұрақтары (кері байланыс)

Индивид дегеніміз кім?

Тұлға ұғымының мағынасы

Жеке адам қалай түсінесің



Тұлғаның әлеуметтік жағдайы

Әлеуметтік мінез-құлық

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет