Абай атындағы ҚазҰПУ
Тақырыбы:Ұлы Жібек жолындағы қалалар,Ұлы Жібек жолындағы дін тіл мәдениет
ФОК231
Орындаушы: Бағдат Саят
БӨЖ
Қабылдаушы: Халидуллин Ғизатулла
Жоспары
Қалалар 1-3 бет
Дін тіл мәдениет 4-6 бет
Қалалар Атырау қаласынан 55 шақырым жерде, Жайықтың оң жақ жағасында бір кездегі атақты Сарайджук (Сарайшық) қаласының қираған орны жатыр. Қаланың іргесі XI ғасырда қаланған, гүлденген дәуірі XIII-XIV ғасырлар аралығы. Қала Еуропа мен Азияны жалғастыратын керуен жолы бойында орналаскан. Мұнда салтанатты сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер салынған. Қала Алтын Орда хандары жерленген қасиетті орынға айналған.
Қазіргі Тараз қаласының орнындағы ежелгі қала. Бұл жайындағы алғашқы дерек грек елшісі Земархтың хабарламасында айтылады, ал 630 ж. Сюань Цзанның жазбасында ірі сауда қаласы ретінде сипатталады. Тараз VII- VIII ғасырда Ұлы Жібек жолында орналасқан сауда және қолөнер орталығына айналған. Мұнда оңтүстіктің күміс кендері мен терістіктегі қимақтарға баратын керуен жолдары тоғысатын. X ғасырдағы араб географы әл-Макдиси былай деп жазды: «Тараз - бақтары көп, халқы тығыз қоныстанған, қамал сыртынан терең орлар қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекені бар ірі бекіністі қала». Тараз қазіргі Тараз қаласының орнында орналасқанын алғаш В. В. Бартольд дәлелдеген. Кейін археологтар М. Е. Массон, A. Н. Бернштам, Е. И. Агеева, Г. И. Пацевич, Т. Н. Сениговалар қаланың көлемін, құрылысын, мәдени қабаттарының калыңдығын анықтады. Соның нәтижесінде Тараздағы өмір б.з. I ғасырда пайда болып, XVI ғасырға дейін өмір сүрген деген қорытынды жасалды.
Қазақстанның ортағасырлық ірі қалаларының бірі. Сырдарияның Арыс өзеніне құяр сағасына таяу орналасқан. Отырар қаласының аты VIII ғасырдан бастап аталғанмен, оның бастапқы тарихы б.з.б. II ғасырда Сырдарияның орта ағысында пайда болған Қаңлы (Кангюй) мемлекетінің тарихымен тығыз байланысты. IX ғасырдың ортасынан бастап Отырар (Фараб деп те аталған) Самани әулеті мемлекетінің ықпалында болды. Осы кезеңнен бастап бұл өлкеде сауда- саттық жасау, ғалымдардың «білім қууды көздеген» саяхаттары адамдардың ой-өрісін кеңейтті, өнердің, ғылым мен колөнер кәсіпшілігінің таралуына ықпалын тигізді. Энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің осы қаладан шығуы кездейсоқ емес. Отырардың алып жатқан ауданы 200 гектарға жетіп, нағыз Шығыс қаласына айналды. Орта Азия мен Қазақстан қалаларының мәдениеті мен экономикасының дамуын моңғол шапқыншылығы тежеді. 1219 жылы күзде монғолдар қаланы қоршап, 6 айдан кейін басып кіріп, халқын қырғынға ұшыратты. Қазіргі кезде қала орны ғана сақталған.
Орта ғасырдағы (VII-XII ғ.) шағын қаланың орны. Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылы. Қала туралы алғашқы тарихи деректер VII ғасырдан бастап белгілі. Саяхатшылар Ибн Хордадбек, Құдам жолжазбаларында Құлан Тараз қаласының шығысына таман, Ұлы Жібек жолындағы қала деп көрсетіледі. Әл-Макдиси Құланды 10 ғасырда былай сипаттады: «Күмбезді мешіті бар, мықты қоршалған қамал. Бұл үлкен Тараз жолының бойында орналасқан бекіністі қала». 1963—65 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының (ҰҒА) археологиялық экспедициясы (Қ. А. Ақышев) зерттеп, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылы маңындағы төбе-төбе үйінділерді ежелгі Құлан қаласының орны деген қорытындыға келді
Қойлық Іле алабындағы аса ірі ежелгі қаланың орны (ІХ-ХІІІ ғ.). Қойлық Қарлұқ қағаны - Арыслан ханның ордасы болған. Бұл қала туралы моңғол қағаны Мөңкеге жіберілген француз елшісі Вильгельм де Рубрук 1253 жылы жолжазбаларында: «Біз сол жерден бұрын базары болған және оған көптеген көпестер қатынап тұрған Қойлық деген үлкен қала таптық» - деп жазады. Қаланың тұрған орны туралы түрліше жорамалдар бар. Қазақстан Республикасы ҰFA археологтары жүргізген соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулер қаланың орны қазіргі Алматы облысы Сарқант ауданы Қойлық ауылы маңындағы қираған құрылыстар екенін анықтады
Орта ғасырлардағы ірі қалалардың бірі. Қаратаудың солтүстік беткейінде қазіргі Байқадам кентінің маңында орналасқан. Ежелгі деректерде ол Сугулхан (X ғ.), кейінірек Сулхан (XIII ғ.) деген атпен белгілі. Саудакент VII-XII ғасырларда Қаратаудың солтүстік бөктері арқылы өтетін керуен жолы бойындағы ірі сауда мен қолөнердің орталығына айналған. Қаз.КСР Ғылым академиясының Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы қазба жұмыстары кезінде 11 мұнаралы дуалмен қоршалған ескі қаланың орнын аршып алған. Қала орнынан табылған құмыралар, қыштан жасалған түрлі ыдыс-аяқтар оның VI-XV ғасырларда өмір сүргенін дәлелдейді.
Жібек жолымен батыстан шығысқа қарай жүрсек, оның Қазақстандағы учаскесі Шаштан (Ташкент) шығып, Тұрбат асуы арқылы Исфиджабқа, Сайрам (Сарьямға) келеді. Ежелгі қаланың осы күнге дейін сақталған. Шымкент түбіндегі бір қыстақ тап осылай аталады, оның дәл кіндік тұсында Жібек жолындағы бір кездегі ең ірі орталықтардың бірі болған орта ғасырлық қала жұртының қалдығы сақталған. Исфиджабтан құлдарды, бөз маталарды, қару-жарақты, семсерлерді, мыс пен темірді әкетіп жатқан. Испиджабтан шыққан керуендер шығысқа қарай бет алып, Шараб және Будухкент қалалары арқылы Таразға барады екен.
Қазақстанның аса ірі қалаларының бірі Тараз VI ғ. бұрын белгілі болған. 568 ж. түрік қағаны Дизабұл Византия императоры Юстинианның стратег Земарх бастап келген елшілігін тап осы қалада қабылдаған. Бастаухаттар оны көпестер қаласы деп атаған. Мұның үстіне ол түргештердің, содан кейін қарлықтар мен қарахандардың тарихи орталығы болған.
Таразбен қатар Жамухат деген шаһар тұрған, ол да VI ғ. хатқа енген. Жамухаттың жәдігерліктері Талас алқабында, Жамбылға таяу жерде, Талас өзенінің бойындағы Михайловка селосына қарама-қарсы бетте жатыр, оның үйінділерін кәзір Қостөбе деп атайды. Алқаптың жазық жағында Атлах қаласы бар, 751 ж. оның бінде осы араны ықпалында ұстау үшін арабтар қытай әскерімен шайқасқан болатын. Тараздан таяқ тастам жерде, Талас бойымен теріскейге қарай кететін сауда жолы үстінде Адақкет пен Нуджикес қаласы тұратын. Талас алқабының таулы бөлегінде сол сияқты Шелжі, Сұс, Күл және Текабкет деген қалалар болған. Бұлар күміс кендеріне жуық жерден қоныс тепкенді. Керуендер Талас алқабына Ферғана аймағынан Шатқал қыратындағы Шанаш асуы және Талас Алатауындағы Қарабура арқылы да өтіп келетін. Жолдың осы бөлегі Жібек жолының рғаналық және Жетісулық бағыттарын біріктіретін. Тараздан шыққан жол шығысқа, Құлан қаласына қарай асатын Тараз бен Құлан аралығындағы территория қарлұқтерге жататын. Құланға бара жатқанда жол Касрибас, Күлшөп, Жолшөп сияқты қалалардан өтетін. Құланнан әрірек шығыста бір-бірінен фарсақтай жерде Меркі мен Аспара қалалары барды. Сосын сауда керуендері Нұзкент, Харраджуан, Жол қалаларына соғып өтіп жолдан кейін ол Сарығ, «түрік қағанының қыстағына» Қырмырауға баратын.
Қырмыраудан жол салдырып отырып, Жетісудың ең ірі қаланың бірі — Науакентке (Қытайша Синчен) апаратын. Бұл екі атау да Жаңа қала деп аударылады. Науакент түрік қағандарының сарайы және соғдылардың қаласы болған.
Жол Науакенттен шыққасын Пенджикент (Бунджикет) арқылы Жетісудың аса үлкен қаласы, Батыс Түріктерінің астанасы (кей түргештер, қарлықтар астанасы) Суябқа келеді. Бұ қала туралы қытай, араб саяхатшылары X ғ, дейін жазып келген. Соңынан астана рөлі Баласағұнға көшеді, тегі оның ертеректегі аты Беклиг немесе Семекна болса керек. Баласағұн қарахандардың, сосын қарақытайлардың астанасы ретінде белгілі, оны кейін XIII ғ. бас кезінде қарақытайлар қиратады. Қала содан қайта салынады, бірақ XIV ғ. тағы да ойрандалып, үйінділері ғана қалады. Бұ қалалардың тұрған жері кәзіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде және орта ғасырдың кепке белгілі екі ескерткішіне — Ақбешім мен Боран қала жұртына сәйкес келеді.
Суяб қаласынан керуен жолдың не солтүстік, не оңтүстік тармақтарымен жүріп, Ыссық көлдің жағалауына шығады. Оңтүстік жақпен жүрген керуендер Жоғарғы Барысхан деген үлкен қаланы басып өтеді, ал жолдың солтүстік тармағында шағын керуен сарайлар орны кездеседі, олардың аттары бізге дейін жетпеген. Сосын осынау екі айрық жол Бедел асуында бір-бірімен қосылады да, не осы асу арқылы, не Ташрабат арқылы Жібек жолы Қашғар мен Ақсудан барып шығады.
Ал керуен жолы Ыссық көл қазан шұңқырынан Санташ асуы арқылы Қарқара жайлауына барып, төмендеп Іле алқабына түседі де, өзеннің оң жағалауын бойлап отырып, Үсек, пен Хоргос алқаптарынан өтіп, Алмалық қаласына барады, ал сосын Такла-Макан шөлінің солтүстік жиегін айналып, Хами мен Тұрфан көгал аймақтарын басып, Дунхуан мен Қытайға жететін болған.
X—XII ғғ. Жібек жолының бір тармағы күллі Іле алқабын оңтүстік-батыс жағынан көктей өтіп, солтүстік шығысқа қарай кетеді екен. Бұл тармақ Науакенттен басталып, Бунджикен және Қастек асуы арқылы жүріп, Іле Алатауының теріскей жоталарына әкелген. Әлгі асуға тағы бір жол Баласағұннан келетін болған. Бұл арадағы танымал белгі қасиетті Ұрын-Арж тауы екен. Жол Іле Алатауының баурайындағы, кәзіргі Қастек, Қаскелең мен Алматы орындарындағы шағын қалашықтар арқылы Талғар қаласының теріскей шетіне орналасқан Тәлхиз (Тәлхира) қаласына жеткен. Осы арада Талғар өзенінің оң жағалауындағы тау баурайында орта ғасырдың аса ірі қала жұртының ойран болған орны жатыр. Тәлхиз транзитті сауданың үлкен орталығы болған.
Іле алқабына басқа жолмен де келе береді екен: Құлан мен Аспа-радан немесе Нұзкенттен шығып, Шудың орта және төменгі ағысындағы қалаларға барған. Сосын Тасөткел қайраңынан өтіп, жол Щу — Іле тауларының теріскей жоталарын жағалап келіп, Іле Алатауының теріскей бетіндегі қалаларды қуалай жүрген.
Тәлхизден Жібек жолы екіге айрылады: оңтүстік желісі Есік пен Түрген, Шелек үстімен жүріп, Іленің Борохудзир маңындағы өткелінен өтіп, оның оң жағалауын қуалап, Хорғос арқылы Алмалыққа жетеді де, осындағы Ыссық көл жақтан келген жол тармағымен қосылады. Жолдың осы бөлегінен археологтар Есік Түрген, Лауар сияқты кішкене қалалардың, үлкен қала Шелектік төбешіктеніп қалған орындарын тапты, Іленің оң жағымен жол кәзіргі заман қыстағы Көктал мен Жаркент арқылы өтеді. Көктал маңында Ілебалық қаласының орны бар.