ҰРПАҚ ЖАНАШЫРЫ
Егеменді елдің ертеңі – жас бүлдіршіндердің болашағы алаңдатушылық тудыруда. Рухани азығымыздан гөрі жеке бастың тіршілігін күйттеген бүгінгі нарықтық заманда ұлт болашағына үңіліп, көз жіберу тым таязданған тәрізді. Қолынан іс келетін кәсіпкерлеріміздің өзі-өзіне пайда түсер істі қаузағаннан ары бармайды. «Елім» деп еңіреп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, қайтсем халық игілігіне айналам, олардың ертеңгі күні гүлденуіне қалай септігімді тигізем деуші саналы азаматтар да аз емес. Олардың қарлығаштың қанатымен су тасығандай, азды- көпті еңбектері елеулі үлес болып табылмас. Сондай азаматтарымыздың бірі – филология ғылымдарының кандидаты Алма Қыраубаевамен жолығып сұхбаттасқан едік.
– Алма апай, әуелі сізді халықаралық әйелдер күні – 8 Наурыз мерекеңізбен құттықтай отырып, өзіңіз жайлы аздап мағлұмат бере кетсеңіз?
– Менің мектеп бітіріп, оқуға түскеннен кейінгі бүкіл саналы ғұмырым Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың қабырғасында өтті. 1965 жылы мектеп бітірісімен, бұл университеттің филология факультетіне оқуға түстім де, ары қарайғы еңбек жолымды бастадым. Оқу бітіргеннен кейін аспирантура, кандидаттық диссертациялар қорғау – барлығы да осы шаңырақтан басталды.
Қазір «Қазақ қисса-дастандары» туралы докторлық диссертация жазу үстіндемін. Мектеп оқушыларына арнап 7-6-жылдығына «Қазақ әдебиетінің тарихы» оқулығын, мұғалімдерге арналған педагогикалық оқулықтар жаздым. Мұның бәрі кеңес жүйесіндегі әміршіл педагогикадан өзгеше, баланың ынтасын арттырар қызықты оқулықтар.
Қағаздың жоқтығынан «Жалын» баспасында жылдан артық жатып қалды. Егер демеуші болып, шығарам дейтін кәсіпкерлер болса, құлағына алтыннан сырға.
– Санасы биік ұрпақ тәрбиелеу үшін, тұрқы бөлек, бағдарламасы жаңа мектеп өмірге келді деген хабар құлағымызды елең еткізді. Оның өмірге келуі сіздің есіміңізбен байланысты екен. Осы мектеп ашу себебіңіз жайлы не айтасыз?
– Көп адамдар мектеп ашу себебін де түсіне алмайды. Бәлкім, атақ қуып, даңқ жолына түсті дер. Бәлкім, осы мектеп арқылы байлықты көздер дейді. Алайда ел ойлағандай емес, бұл – әлдеқайда терең, саналы іс.
Қазір оқу-ағарту жүйесінде «жаңа ұлттық мектептің нобайы (моделі) қандай болмақ?» деген сұрақ тұр. Ол жөнінде қағаз жүзінде жазылып та, айтылып та жатқан мәселелер көп. Бірақ іс жүзінде қолға алынған шара жоқтың қасы.
Ал бұрынғы әміршіл жүйенің әміршіл педагогикасы ескірген. Әрі қарай жүре беруге болмай қалды.
Қазір мектепте «Атамекен» айдарымен ұлттық педагогиканы орнықтыру етек ала бастады. Бірақ кейбіреулер тар мағынада түсінеді. Онда тек халықтық сипат, ұлттық дәстүрді үйретумен шектеледі. Бұл мәселенің бір жағы ғана. Бала өз ұлтын шын жүрегімен, адал ниетімен сүюі үшін оның жүрегін қазақша тәрбиелеу керек. Сонымен қатар жас бүлдіршін ХХІ ғасыр жеткіншегіне сай болсын. Ол үшін адамдық дәрежедегі біліммен, ғылыммен, мәдениетпен сусындауы керек.
Осы ойларымды жинақтап «Педагогикалық» кітап жазған едім. Алайда онымен шектелуге де болмайды. Бұл ойларды кішкентай шағын мектептің дәрежесінде іске асырғым келді. Бұл мектеп таза ұлттық мектеп болмақ.
– Бұл мектебіңіз қазіргі басқа мектептерден қандай өзгешеліктерімен ерекшеленеді?
– Ең бірінші, мұғалім мен оқушы арсындағы қарым-қатынастарды жөндеу. Бұл – адамгершілік қарым-қатынас. Балаға ұрсып-зекуге, жанына тиер сөз айтуға болмайды. Олай жасаған күнде жүрегі қайтқан баладан дұрыс азамат шықпайды. Баланы зорлықпен емес, қызықтыру арқылы жүрегіне жол табу керек. Оның мәдениет деңгейін өсіру керек. Ол сонда ғана өзін-өзі игере алатын дәрежеге жетеді.
Балалардың сәлемдесуінен бастап ерекше қарым-қатынас орнауда. Балалар бір-біріне, мұғалімдерге «мырза, бике» деп қатынасады.
Бұл мектептің бағдарламасында, жалпы мектептердегі сабақтар жүріледі. Сапасына көңіл бөлінеді.
Қосымша сабақ ретінде университет бірінші курсында оқылатын сабақтар 6-7-жылдықта оқитын балалардың оқу бағдарламасына кірген. Мұнда баса назар аударатын пән – «Ежелгі дәуір әдебиеті». Жалпы адамды өз ұлтын шын сүйетін нағыз азамат етіп тәрбиелеу үшін халықтың тарихын, әдеби-мәдени мұраларын балабақшадағы кезінен бастап-ақ үйрету керек.
Тағы бір айта кететін мәселе – біздің мектептерімізде қолданатын термин сөздерді әкеле бастауымыз, атап айтсақ, «класс» сөзін «жылдық» деп атау. Кейбір мектептерде «класс» сөзін «сынып» деген араб сөзімен ауыстыруда. Ал «жылдық» деген дайын сөз тұрғанда, басқа елден сөз іздеп неміз бар?
Ислам мәдениетін дін ретінде емес, әлемдік мәдениеттің бір бұтағы ретінде оқытамыз. Құран оқуды білетін, ислам парыздарын орындайтын, иманды азамат тәрбиелеу – басты мақсатымыз.
Оны үйренумен ғана тұрмай, басқа біреулерге үйретіп, сауабын алса, сонысы үшін өзіндік сабақ ретінде баға қоямыз.
Ағылшын тілін тереңдетіп оқытамыз. Қазірдің өзінде оқушыларымыз жеңіл-желпі сөйлей алады.
Екінші оқу жылынан екінші шет тілі ретінде араб тілін үйретеміз.
Қазір А.Байтұрсынұлы бабамыздың төл әліппесі –төте жазуды үйретудеміз. Оны Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың шығыстану факультетінің мұғалімі Р.Айып жүргізеді. Оны тәжірибе жүзінде оқу үшін «Шалқар» газетін алып, оқып тұрады.
Қысқасы, бұл үйретіп жатқандарымыз – әрбір мәдениетті қазақтың білуге тиісті нәрселері.
– Сіздің мектеп ашу ниетіңізді сезгенде, қол ұшын созған саналы азаматтар болды ма?
– Мектеп ашыларда республикалық «Қонаев қоры», «Жалын» басапсының директоры Б.Нұржекеев, «Мектеп» баспасының директоры Ж.Нұсқабаевтар материалдық көмек көрсетті. Моральдық жағынан қамқорлық көрсеткен адам – халықаралық «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева. Мұндай мектептің ашылғанын естісімен, осы мектепте болып, балаларға сый-сияпат үлестірді. Балалар болашағына көңіл бөліп, аз да болса өз үлестерін тигізуші азаматтарға мың да бір алғысымды айтамын.
Ал дәл қазіргі сәтте ешқандай көмек жоқ. Мұғалімдердің жалақысын ауылдағы ата-аналарының төлеуінен аламыз. Әр балаға – үш жүз теңгеден, ол өте төмен. Оны бере алатындар да, бере алмайтындар да бар.
– Сіздің мектептің ұстаздары кімдер болуы керек?
– Ұстаздарды таңдағанда, шамамыздың келгенінше, арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, жүрегі мейірімді адамдарды таңдамақпыз. Баланың жанын жаралайтын, оқушылармен тіл табыса алмайтын мұғалім қаншалықты білімді бола тұра оқушы жүрегіне жол таба алмайды.
– Қазір ата-аналар балаларын ағылшын, түрік мектептеріне беруге ынталы. Сіз осыған қалай қарайсыз?
– Менің ойымша, баланы ұлттық мектебінде оқытып, тәрбиелеу керек. Жаны, жүрегі қазақ болмаған бала ертең бәрібір ұлтына қайыр жасай алмайды. 6-7 жасынан Еуропа үлгісімен тәрбиеленген баладан қандай қазақтық күтеміз?
Бұл жағдайдан аузымыз күйген ұлтпыз. 70 жыл бойы орысша тәрбиеленген ұрпақ, енді ағылшынша тәрбиеленсе, бұдан өткен масқаралық бар ма? Жерді сатып, бөліп беру керек деп даурығушылар – осындай тәрбиенің жемісі. Сондықтан бала өз ұлтының азаматы болып тәрбеленсін, кейін шет тілдерін үйреніп, әлемдік мәдениеттен тәлім алсын.
Ағылшын, түрік мектебіне бергеннен гөрі балаларын бізге берсін. Біздің мектебіміз де олардан кем түспейді.
Жақында ғана бізде қонақта болған американдық педагогтер бұл мектептің әдіс-тәсілдерімен таныса отырып, өз мектептерімен ұқсас жақтарының көптігіне таңғалды.
Біздің мектеп олардың мектептері сияқты, атап айтсақ, «Мадейра» мектебі, өзеннің жағасында, орман- тоғайлы, қала шуынан сырт жерде орналасқан. Кейбір сабақтарды табиғат аясында өткіземіз.
Жалпы, біздің қазақ халқы бала тағдырына селсоқ қарайды. Мектеп бітірген соң көреміз деген жайбасарлығын әлі де қоймай келеді. Бұл – өте қате. Бала тағдырына балабақшадан бастап көңіл бөлу керек. Сондықтан бала тағдырына алаңдаушы ата-аналар болса, бізбен байланысуға шақырамыз.
Біздің мектептегі ұстаздар ұжымына да көңіл толарлық құрамда жиналған. Әр ұстаз өз жұмысына шынайы берілген. Жалақының аз-көбіне қарамастан, халық үшін жұмыс жасап жүргендер. Олардың ішінде өз аспиранттарым да бар. Бала жанына жол тапқан мұғалімдерді арнайы атап өтіп, оларға зор ризашылығымды білдіргім келеді. Олар: Бекболат мырза (Байтіков), Айсұлу бике (Қасымбекова), Айхан бике, Нұрсұлтан мырза, Гүлмира бике, Бақытжан бике, Ардақ бике, Гүлжан бикелер. Кейбіреулері – Әл-Фараби университетінің және де басқа институттардың мұғалімдері.
– Әңгімеңізге рақмет айта отырып, келе жатқан Наурыз мерекесіне орай әйелдерге қандай тілек тілейтініңізді айта кетсеңіз.
Қазақ қыздарының өзінің халқының атына кір келтірмейтін ибалы, білімді, әдепті болуын қалаймын. От басы аман болсын, тыныштық болсын демекпін.
Достарыңызбен бөлісу: |