Талдай білген ұтады
Назигул Ескендирова, «Жүзағаш орта мектеп-бақшасы» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Әдебиет сабақтарында ұсынылған көркем шығармамен алғашқы танысуда балалардың оның мазмұнында баяндалған оқиғалары мен кейіпкерлері жөнінде алған әсерлері, білімдері шамалы дәрежеде болады. Оқу материалын терең игерту мәтіннің идеялық-көркемдік жақтарын, образдар жүйесін жан-жақты талдау арқылы іске асырылады.Ал талдау жұмыстарының нәтижелі болуы оқушының шығарма табиғатын құрайтын әдеби-теориялық ұғымдардан түсінігі болып, соларды сабақта қолдана білуіне байланысты.
Орта мектеп бағдарламасында әдеби-теориялық ұғымдарды оқытуға арнайы сағат бөлінбегенмен әрбір шығарманы оқып, талдауда сюжеті мен кейіпкерлерінің суреттелуін сөз еткенде теориялық мәселелерден аттап кету мүмкін емес.Керісінше, шығарманың тақырыбы мен тәрбиелік мәнін жан-жақты ашып жеткізу балалардың әдеби-теориялық біліміне сүйенген жағдайда ғана нәтижелі болмақ.Оқушылардың әр сыныпта меңгерулеріне тиісті теориялық ұғымдардың бірталайы бағдарлама мен оқулықтарда арнайы көрсетіледі. Мәселен,эпитет,теңеу,әдеби кейіпкер т.б түсініктер.
Оқыту үрдісінде теориялық білім шығарманы талдаумен ұштастырылып беріледі және көлемі,түрі оқушылардың жас ерекшелігімен байланыстырыла ,жүйелі түрде, жеңілден күрделіге қарай алынады.
Әдебиет сабақтарында оқылатын көркем шығармадағы автордың ойын жеткізетін элементтердің бірі - кейіпкер бейнесі.Оның іс- әрекеті , мінез – құлқы , көзқарасы әр түрлі оқиғалар арқылы , басқа кейіпкерлермен қарым-қатынасынан айқындалады. Шығарманың мазмұнымен танысқанда кейіпкердің барлық қыры мен сырын толық біле алмайды. Сондықтан көркем мәтінге талдау жұмысы жүргізіледі. Ғылыми әдістеме, іс тәжірибесінде талдау жұмыстарын жүргізудің белгілі бір түрде қалыптасқан реті, жолы бар деуге болмайды. Көркем шығарманы қарастырғанда бірнеше психологиялық, педагогикалық жағдайларды ескеруіміз қажет.Сабақ барысында жүргізілетін жұмыс түрлері көркем шығарманың жанрлық, композициялық, поэтикалық ерекшеліктеріне байланысты.Осындай жағдайларда автордың кейіпкер бейнесін сомдау әдісі де талдаудың негізі болуы мүмкін.
Көркем шығарманы меңгеру екі кезеңде іске асырылады.
Бірінші, оқушы шығарма мазмұнымен танысып белгілі бір дәрежеде әсер алса,
Екінші , сол әсерін кейіпкер бейнесі мен оқиғаларды талдау арқылы тереңдей түсіп, автордың ойын ұғынып түсінуге тырысады. Бірақ әрқашанда мұғалімнің іс-әрекеті оқушының кейіпкер бейнесін дұрыс қабылдауын, мәтінмен белсенді жұмыстар орындап, мұғалім түсіндірген бағытпен өз бетінше ізденіп түйін шығара білуін көздейді.
Мысалы, 5-сыныпта Ы.Алтынсарин «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінде өзінің авторлық ойын Асанның өмірге икемсіздігін,бос белбеулігін, Үсеннің зеректігі мен тапқырлығын қарама-қарсы көрсету әдісімен шебер жеткізген.Бірақ кейіпкерлердің ерекше мінез-құлқы бірден ақтарыла салмай,әрбір келесі оқиғадағы іс қимыл арқылы айқындалады.
Эпизодтар
1.Ауылдың көшіп кетуі.
2. Балалардың үйрекке кез болуы
3. Түскі тамақ.
4. Балық аулау.
5. Далада өткен түн.
6. Балалардың елге оралуы.
- Аталған оқиғада екі кейіпкер қандай іс-әрекетімен,мінезімен көзге түседі?
- Асанның алғашқы оқиғада жылауынан нені байқаймыз?
- Асанның бейқамдығы әсіресе қай оқиғада айқын көрінеді?
- Шығарма мазмұнында кездесетін қанатты сөздерді тауып жазу.
- Ұнаған эпизодтар бойынша сурет салу.
Жоспарды пайдалана отырып балалар екі кейіпкерді салыстыра сипаттап,әңгіме тақырыбының сыры жөнінде толыққанды пікір айта алады, өзіндік ойлау қабілеті ұшталып,мәтінмен жұмыс істеуге машықтанады, ойын жинақтап нық жеткізуге,терең талдауға үйренеді.
Талдау жұмысының дұрыс жолға қойылуы оқушының көркем мәтінді берілген мерзімде оқуына,қызыға қабылдауына да байланысты болмақ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы, Шолпан ауылы.
Достарыңызбен бөлісу: |