Танкешова Ф. С., Примкулова Ш. Н., Ағабекова С. С



Дата29.06.2016
өлшемі143.44 Kb.
#166705
ӘОЖ 372. 878.

Танкешова Ф.С., Примкулова Ш.Н., Ағабекова С.С.

Аға оқытушылар, М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент



БАСТАУЫШ СЫНЫПТЫҢ МУЗЫКА САБАҒЫНДА ТИПТІК БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАЗМҰНЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Андатпа


Мақалада қазіргі уақытта жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сыныптарындағы музыка сабағына арналған типтік бағдарламаның мазмұнын жүзеге асырудың мақсаттары, білімділік,тәрбиелік міндеттері баяндалады. Сонымен қатар музыка сабақтарын Ш. Құлманованың жетекшілігімен құрастырылған бағдарлама бойынша өтудегі оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты музыкалы-психологиялық сипаттама берілген. Бағдарламадағы берілген музыкалық материалдарды сабақтарда тыңдатуға, орындауға беруде мұғалім оқушылардың музыкалық қабілеттерінің даму деңгейін ескеруді талап етеді.

Кілттік сөздер: музыка, әдістеме, бағдарлама, мақсат, міндеттер, музыкалық қабілеттер,

Бүгінгі таңда алдыңғы қатарда тұрған маңызды істердің бірі - жалпы орта білім беретін мектептегі оқу-тәрбие жұмысының нәтижесі мен сапасын көтеру мәселесі болып табылады.

Мемлекетіміздің қоғамдық өмірінің барлық салаларында, соның ішінде білім беру саласына да түбегейлі өзгерістер мен жаңалықтар енгізіліп, оқыту мүмкіндіктері туындауда. Қазақстан Республикасы Конститутциясы, Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңы - осының айғағы.

Бастауыш сыныптарда білім берудің түбегейлі мақсатын, білімділік, тәрбиелік, дамытушылық міндеттерін жүзеге асыруда музыка пәнінің де алатын орны ерекше екендігін айту керек. Болашақ ұрпақтың муыкалы - эстетикалық талғамын, олардың жандүниесінің рухани байлығын, әсемдігін, терең сезімін, музыка өнері жайында музыкалық сауатын қалыптастыруды, бағдарламаларда берілген музыкалық шығармаларды тыңдау мәдениетін, әншілік дағдысын жетілдіруді жүзеге асыру үшін музыка пәні мұғалімінің алдына көптеген міндеттер жүктейді.

Музыкалық білім беру мен тәрбиелеудің басты мақсаты - музыка өнер ретінде адам, қоғам өмірімен тығыз байланысты екендігін оқушыларға түсіндіре отырып, барлық музыкалық шығармалар, халқымыздың рухани - материалды мұрасы өзімізді қоршаған табиғаттан, жасаған дүниелерден, еңбектен, тарихи оқиғалардан туындайтынын мектептегі музыка сабағында сезіндіру.

Бастауыш сыныптарда музыкаға тәрбиелеу міндеттері:


  1. Бастауыш сынып оқушыларының музыка пәніне деген қызығушылығын арттыру, музыканың өмір тіршілігімен тығыз байланысын өнер ретінде танып, күнделікті өмір қажетіне айналдыру, музыка өнеріне баулу.

  2. Бастауыш сынып оқушыларын үлгілі музыкалық шығармаларды тыңдауға, жоғары деңгейде көркемдік - орындаушылық шеберлігін тануға және олардың музыкалы - эстетикалық талғамын дамытуға тәрбиелеу.

  3. Музыка сабағында оқушылардың музыка өнерімен қарым-қатынасындағы әртүрлі іс-әректтер арқылы тәжірибелік қабілеттерін қалыптастыру (хормен ән айту, музыка тыңдау, музыка сауатын меңгеру, шығармашылық, музыкалық аспаптарда ойнау, музыкалы – ыпғақтық қимылдар жасау).

  4. Музыка пәнінің сабақтарында бастауыш сынып оқушыларының музыкалы-шығармашылық, орындаушылық дағдыларын, тапқырлық, ізденушілік қабілеттерін дамыту.

1- сынып оқушыларының музыкалық қабілеттерінің деңгейі әртүрлі болады. Кейбір балалар музыкалық шығармаларды беріліп тыңдап, әндерді таза және мәнерлеп орындаса, ал кейбіреулері болса, музыканы қалай тыңдау керек екенін, әнді қалай дұрыс айтуды түсінбейді. Кейбір балалардың музыкамен шұғылдануларына байланысты музыканы орындау дағдылары мен музыкалық сауат жайындағы білімдері болады. Балалардың біразы музыкаға қызығады, ал кейбіреулері жанұядағы тәжірибесіне байланысты музыкаға қызықпайды да, оған немқұрайлы қарайды. Балалардың музыкалық қабілеттерінің әртүрлі болып келуінің себебі, олардың өмір сүрген ортасына, ата-анасының берген тәлім-тәрбиесіне де байланысты болады. Осындай жағдайдың салдарынан 1- сынып балаларының сабақтағы музыкалық қабілеттерінің дамуының деңгейі бірдей болмайды. Соның өзінде-ақ, осы жастағы балаларға тән кейбір ортақ белгілерді атап, сипаттама беруге болады.

Бұл жастағы балалар музыканы тыңдап, қабылдауда музыкалық шығармалардың түрлерін, көңіл-күйлерін, сипатын ажырата алады. 1- сынып балаларына тыңдатуға арналған шығармалардың көлемі шағын, қысқа болуымен қатар, жеңіл, айқын бейнелі болуы тиіс.

Ән айту саласында бірінші сынып балаларының мүмкіншіліктері осыған дейінгі дайындықтарына байланысты. Олардың дауыс диапазоны 2-3 дыбыстардан, немесе бірінші октаваның көлемінде болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл жастағы балалардың дауыс аппараты қалыптаспаған, нәзік болады. 7 жастағы балалардың жұмыс диапазоны 1-ші октаваның «ре-ля» дыбыстарының аралығы, оны әрі қарай кеңейтуде біртіндеп, 1октаваның «си», 2-ші октаваның «до», «ре» дыбыстарын қосамыз. 1-ші октаваның «до» дыбысын орындау бірінші сынып балаларына қиындық тудырады. Өйткені, «до» дыбысын орындауда балалардың дауыстарына күш түседі. Бұл жастағы балалардың дауысының үні жеңіл, ашық, таза болады.

1- сынып балаларына шығармашылық саласындағы мүмкіншіліктерін атауға болады. Арнайы зерттеулер мен тәжірибелерге сүйенсек, бұл жастағы балалар шығармашылық тапсырмалармен қызыға айналысады. Олар музыкалық аспаптарда ырғақтық және әуендік импровизациялар жасайды, музыкаға әуен шығарады.

1-сыныптағы музыкалық білім берудің негізі мен міндеттері:

-оқушылардың музыкаға деген қызығушылықтарын арттыру музыкалық шығармаларды тыңдауға және орындауға оларды ынталандыру;

- балаларға музыкалық өнердің адам өмірімен байланысы, музыка - адамның ойы мен сезімдері, оны не нәрселер қуантып, қайғыратындығы жайында қарапайым түсініктер беріп, өмірдің жағдайларына байланысты музыкалық шығармалардың түрлері де көңілді, мұңды, салмақты, жеңіл, салтанатты және т.б. болып келетіндігін түсіндіру;

- музыканы тыңдай білген адам, оның адамға айтайын деген ойын, сырын түсінер еді. Сол себептен де, музыканы тыңдап, орындауға балаларды тәрбиелеу;

-сазгердің музыкалық шығармасының мазмұны мен сипатын жеткізудегі музыка тілі жайындағы оқушылардың түсініктері болуы керек. Мұғалім қарапайым музыкалық ұғымдармен: дыбыстардың биіктігі, ұзақтығы, күші, жылдамдығы, олардың қозғалысының бағыты жайында; әлді және әлсіз үлестердің алмасуы, олардың бір такт ішіндегі саны туралы; музыкалық шығарманың құрылысының қарапайым түрлерін ажыратуға баулып, музыканы орындаудың әр түрлерімен балаларды таныстыру;

-балалардың сабақтардан жинақталған музыкалық тәжірибелері мен әсер алуларына сүйене отырып, олардың музыкалық есту, ырғақ пен ладты сезіну, есте сақтау, музыкаға шығармашылықпен қарау тәрізді бірқатар музыкалық қабілеттерін жүйелі дамыту;

-балалардың шығармашылығы 1-сыныптан басталады да, олардың сұрақ қоя білуінде, сұрақтарға өз еріктерімен жауап берулеріне байланысты екендігін білу;

-мұғалім балалардың вокалды-хор дағдыларын меңгерудегі музыкалық ұжымды ұйымдастырудың басын 1- сыныптың алғашқы сабағынан бастайды. Мұғалім балалардың ән айту мәдениетін қалыптастыруға үлкен мән беруі тиіс;

-музыкалық сабақтардың негізгі міндеттерінің бірі оның өмірмен тығыз байланысында, оны шешуде оқушылардың басқа да пәндерден алған білімдеріне сүйенудің үлкен мәнісі бар. Мұғалім оқушылардың басқа пәндерден алған білімдерін қолдана отырып, адам өміріндегі музыканың алатын ерекше орны жайындағы міндеттерін тереңдету.

1-сынып оқушыларына тиісті берілген музыкалық тәрбиенің міндеттері келесі сыныптарда, басқа да музыкалық материалдармен жалғастырылып, балалардың жас ерекшеліктері мен мүмкіншіліктеріне байланысты толықтырылып, тереңдетіліп берілуде іске асырылады.

Музыканы тыңдап, қабылдау әрекеті барлық музыкалық сабақтардың негізінде жатыр. Әуенді әнді орындауда немесе оны шығаруда олардың дыбыстарының биіктігі мен ырғағының қозғалысын естімейінше, орындау мүмкін емес.

Музыканы тыңдау қарапайым процесс емес, өйткені кез-келген музыкалық шығарманың мазмұнын көптеген мәнерлеу тәсілдерімен беріліп, бір-бірімен байланысты болып, әрдайым қозғалыста, даму үстінде болады. Сол себептен де, музыканы тыңдауға үйреніп, дағдылану керек.

Музыканы тыңдап, қабылдау дағдысын дамыту - күрделі міндет, әсіресе оқытудың бастапқы кезеңінде. Істің мәнісі, бастауыш сынып балалары музыка тыңдап отырған сияқты сезінгендерімен, жылдам шығармалардың көңіл-күйіне көңіл бөліп, оны толығымен қабылдамайды. Балалар музыка тыңдап отырып, біраз уақыт көңілдерін басқа жаққа аударып, біраздан соң қайтадан музыкаға оралып, өздерінің біраз уақыт тыңдамағандарын сезбейді де. Мұғалім таныс шығарманы орындауда кейбір тактілерін әдейі өткізеді, бірақ оны да балалар аңғармайды. 1-сынып балалары музыканы бүтін, бөлшектеусіз, жалпы көңіл-күйінде, сипатында қабылдайды. Олар қарама-қарсы келген бейнелерді жеңіл ажырата алады. Мысалы, мұңды-көңілді, жылдам-жай, қатты-ақырын және т.б.

Ш.Б.Құлманованың жетекшілігімен құрастырылған музыка сабағына арналған бағдарламада 1-сыныптағы музыка сабағының басты мақсаты - қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өнерін қадірлейтін, оның өмірмен байланыстылығын түсінетін, эстетикалық және музыкалық танымы дамыған, рухани бай жеке тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған:


  1. Халық әндері мен аспаптық музыкасы (күйлер) арқылы өз халқының салт-дәстүрлеріне, туған елі мен жеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.

  2. Қазақ халқының ой-арманының музыкада бейнеленуі мен оның өмірмен байланыстылығын түсіндіру.

  3. Балаларды әсемдікті сезінуге, өз халқының музыкалық мұрасынан эстетикалық ләззат ала білуге тәрбиелеу.

Білім беру міндеттері:

1. Қазақ халқының ән мен аспаптық музыкасы туралы нақты және тиянақты білім беру.

2. балалардың музыкалық ырғақты сезінуін, есте сақтауы мен ести білу қабілетін дамыту.

3. балаларға халық әні және аспаптық музыка материалы арқылы қарапайым музыкалық сауаттылық жөнінде білім беру.

2 сыныптағы музыка сабағының мақсаты - қазақ халқының әдет-ғұрпын қадірлейтін, өмірмен байланыстылығын түсінетін, ішкі жан дүниесі бай, өнерлі тұлғаны тәрбиелеу.

1. Халық музыкасы арқылы туған еліне, халқының салт-дәстүріне құрметпен, сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеу.

2. Халық музыкасын тыңдау және орындау арқылы қоршаған ортадағы сулулықты, табитаттағы әсемдік адамдар арасындағы қарым-қатынасты сөзін, түсінуге тәрбиелеу.

Екінші сынып балаларының музыкалық қабілеттерін халық әндерін орындау және күйлерді тыңдау барысында одан әрі қарай дамыту.

Оқушылардың күрделі шығармаларды тыңдау және оны түсініп, орындауға біліктілігін дамыту.

Балалардың шығармашылық белсенділігін суырып-салмалық пен түрлі музыкалық тапсырмалар арқылы ояту және дамыту.

1-сыныптағы музыкалық білім берудің жалпы міндеттері 2- сыпыпта әрі қарай жалғастырылады. Мұнда балалардың музыкаға деген сүйіспеншіліктері мен қызығушылықтарын қалыптастыруды жалғастырып, оқытудың білімділік, дамытушылық, тәрбиелік міндеттердің процесінде музыкалық қабілеттері дамиды. Балалардың білімдері мен дағдылары музыканы саналы қабылдап, оны терең сезінуге, музыкалық шығармаларды орындаудың сапасын жоғарлатуға бағытталған.

1 және 2-сыныптардың оқушыларының мінез-құлықтарында, түсініктерінде ортақ ұқсастықтар болғанымен (олар ойындар арқылы музыкалық материалдарды жақсы қабылдайды, есте сақтау қабілеттері дамыған, қиялшыл болып келеді), соның өзінде олардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Ең әуелі 2-сынып баласы "тәжірибелі" оқушы. Өйткені ол мектептің тәртібіне, сабақтарда қойылатын талаптарға үйренген, оның зейіні тұрақталған болып келеді. 1- сынып баласына қарағанда 2-сынып баласының абстрактылы ойлау қабілеті дамыған, өзінің қабылдаған фактілерде, жайларды талдап, қорыта алады. Берілген тапсырмамен, матеиалмен қызыға айналысып, күрделі қиындықтарды жеңе біледі. Олардың жалпы ақыл-ойларының музыкалық ой-өрістерінің дамуына, кеңеюіне басқа сабақтардан алған дағдылары да себебін тигізеді.

2-сынып баласының музыкалық дамуы тек айналасындағы қоршаған ортаға (жанұяға) ғана емес, сонымен қатар 1-сыныптағы сапалы, әрі пайдалы өткен музыка сабақтарына да байланысты болады.

1-сыныптағы мақсатты, әрі қызықты ұйымдастырылған музыка сабақтарына байланысты. Балалар музыканы бірге тыңдап, ол жайындағы өздерінің ой-пікірлерін айтып ән салғанда бірге, бір-бірін тыңдап орындауға үйреніп, дағдыланған болады.

Егер де музыка пәнінің мұғалімі 1-сыныптан бастап жүйелі түрде сабақ беріп келсе, онда ол 2-сынып балаларының музыкалық қабілеттерінің дәрежесін білетін болады. Мұғалім сыныптың әрбір оқушысының жеке -дара музыкалық қабілеттерін ескеріп, олардың қабілеттеріне сай талаптарды сабақта қоя білуі тиіс. Сонымен қатар, мұғалім өзінің назарын тек қана нашар немесе орташа дамыған, музыкалық қабілеттері төмен оқушыларға бөліп қоймай, дарынды және музыкалық қабілеттері дамыған балаларға да көңіл бөліп, олардың әрі қарай дамуларына талаптар қою керек. Осылай болмаған жағдайда жақсы музыкалық қабілеттері бар балалардың музыка сабағына деген қызығушылықтары төмендейді.

3 - сыныпқа арналған музыка сабағының бағдарламасы қазақ халқының дәстүрлі поэзиясы мен аспаптық музыка өнерінің өзара байланысын көрсетуге бағытталған.

Бағдарлама алдыңғы сыныптардағы материалды жүйелі түрде жалғастырады. Ол өзхалқының әншілік дәстүрі халық аспаптық музыкасы мен ақынды шығармашылығы жөнінде 3 – сынып оқушыларының түсініктерін терең де жан – жақты қалыптасуға бағытталған.

Бағдарлама мақсаты - халық фольклорының адам өміріндегі маңызын терең түсінетін музыкалық сауатты эстетикалық және рухани жағынан жете дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеу.

Бағдарлама жалпы екі негізгі міндетті қамтиды:

- халқымыздың музыкалық ерекше және поэтикалық шығармашылығына балалардығ сүйіспеншілігін оятып, оны құрастыру, құрметтеуте тәрбиелеу және өз халқының әдет-ғұрпымен салт-дәстүрлері жөнінде түсініктерін қалыптастыру;

- балалардың әсемдікке, сұлулыққа деген сезімін дамыту, оларды халқымыздың музыкалық-поэтикалық және аспаптық шығармашылығынан эстетикалық ләззат, әсер алуға тәрбиелеу;

-музыканың өмірмен байланыстылығын түсіндере отырып, халық шығармашылығының көне заман мен осы заманғы сабақтастық дәстүріпе балалардың назарын аудару болып табылады.

- баланың музыкалық қабілетінің дамуына себепші болу, ырғақты сезіну, ести білу және есте сақтау қасиетін тәрбиелеу;

-музыканы тыңдау және ән айту барысында музыкалық сауаттылық элементтерінен білім беру;

- оқушы бойындағы суырыпсалмалық қабілетті халықтың поэтикалық өнерінің үлгісінде одан әрі дамыту;

- балаларды қазақтың ақындық, жыршылық, айтыс және аспаптық өнеріне тарту, олардың мазмұнды да колемді шығармаларға қызығушылығын арттыру;

- халықтың поэтикалық шығармашылығы материалдары бойынша музыканың, сөздің (поэзия), аспаптық музыканың өзара байланысы жөніндегі оқушы білімін тереңдету болып саналады.

3 - ші сынып оқушысы алдыңғы сынып балаларына қарағанда әлдейқайда қалыптасқан оқушы. Бұл сынып балаларының дене құрылысы күштірек, қуаттырақ болып келеді. Балалардың денесінің жылдам өсуі, олардың үздіксіз қозғалыста болуына әсерін тигізіп, бұл жастағы балалар тынымсыз болады. Ақыл-ойларының дамуы бірінші, екінші сыныптың балаларына қарағанда әлдеқайда жоғары. Олар абстрактылы ойлауға бейімделген. Олардың назарлары мен есте сақтау қабілеттері еркін болады.

Бұл жастағы балалар әнердің кез-келген түріне бейімділігі айқын көріне бастайды. Бірінші және екінші сыныптардың оқушылары ән айтуға, би билеуге, аспапта ойнауға, әнердің тағы да басқа түрлерімен айналысуға құштар болып келеді. Ал үшінші сыныптың оқушысы олардың ішіндегі белгілі бір түімен қызыға айналыса бастайды. Бұған қарап, баланың музыка өнерінің қай саласына бейімді екендігін анықтау әлі ертерек болады. Кейбір балалардың музыкалық қабілеті кейінірек те ашылуы мүмкін. Бірінші, екінші сыныптардың оқушылары мұғалімнің істегенін қайталайды, ал үшінші сыныптың оқушысы өзін көрсетуге ұмтылады. Олардың осы ұмтылысын мұғалім дұрыс бағыттауы тиіс.

Үшінші сыныптағы музыкалық тәрбиені негізгі мақсаты – музыка өнері арқылы жеке тұлғаны дамытып, қалыптастыру, оқушылардың жан-жақты ой-өрісін кеңейтіп, музыкалық есту қабілеттерін әрі қарай жетілдіру болып табылады. Бұл кезеңдегі музыкалық материалдардың күрделенуіне байланысты оны толығымен қабылдауға гормониялық, тембрлік ести білу, ырғақтың және ладтық сезімдері үлкен рөл атқарады. Балаларға таныс барлық музыкалық мәнерлеу тәсілдері күрделі мазмұндағы музыкалық шығармаларда қарастырылады.

Бірінші сыныптағы музыкалық тәрбие оның «негізгі», «бастамасы» болып, екінші, үшінші сыныптарда оның жалғасы, ал төртінші сыныптағы музыкалық тәрбие жұмысы жалпы бастауыш сыныптардағы оқытуды қорытындылау кезеңі болып саналады.

4-сыныптың музыка сабағына арналған бағдарламасы біртұтас бастауыш білім беру жүйесін жалғастырады. «Ән-күй - халық қазынасы» тақырыбы күрделене түседі. Өйткені бағдарлама 4-сынып оқушыларының классикалық музыка мазмұнына терең бойлап, халық музыкасы мен кәсіби музыканың өзара байланысын сезіне білуіне бағытталған. Бағдарламада алдыңғы сыныптардағы материалдардың жүелілігі сақталып, соның негізінде балалар бір жағынан, композиторлар шығармашылығымен танысып, екінші жағынан, музыкалық шығармалардың күрделі құрылысы мен мазмұнын ұғынып қана қоймай, үлттық музыка мен дүние жүзі классикалык музыкасындағы халык ән-күйлерінің өзгеруін, жаңаруын, айқындалуын байқай алады.

Бағдарлама мақсаты - музыкалы қуаты, эстетикалық және рухани ой-өрісі дамыған, халық музыкасы мен композиторлардың шығармаларын, музыка өнерінің адам өміріндегі мәнін жете түсіне алатын ұрпақты тәрбиелеу.

Бағдарлама міндеттері:



  • музыка өнері дамуының түп негізі ретінде халық музыкасына құрметпен және сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеу;

  • музыкалық шығармалардың мазмұнын эмоционалды сезінуте тәрбиелеу, көркемдік талғамын дамыту;

  • қазақ және шетел композиторларының күрделі классикалық шығармаларына қызығушылығын қалыптастыру, оларға шығармашылық көзқараспен қарауға бейімдеу.

Білімділік міндеттер:

  • балалардың музыкалық білімін жетілдіру;

  • музыкалық шығармалардың өзіндік ерекшеліктерін талдай білуге дағдыландыру;

- музыка тыңдау және ән айту барысында музыкалық сауаттылыққа сай бір немесе екі дауысты карапайым әндерді нотамен айтуға үйрету.

Бағдарламада музыкалық материалдар жалпы педагогика мен музыкалық тәрбие беру әдістемесінің заңдылықтарына сәйкес іріктеліп алынған, алдыңғы сыныптардағыдан толық әдістемелік нұсқаумен берілген.

4-сынып оқушысына жалпы сипаттама беретін болсақ, олар «нағыз оқушы» атына сай қалыптасқан. Бұл жастағы балалар өнердің белгілі бір түрімен айналысуға бейім келеді. Осыны мұғалім ескеріп, әрбір баланың бойындағы қабілетін байқап, әрі қарай сол қабілеттерін қалай дамыту, қандай өнердің түрімен айналысудың қажет екендігін ойластырады. Музыка өнері арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру музыкалық тәрбиенің негізгі мақсатының бірі болып саналады.

4-сынып оқушыларының ақыл-ойының, музыкалық ой-өрісінің кеңеюіне байланысты, олармен музыка жайында әңгімелесіп, сұрақтарға жауцап алуда білімдерін, музыкалық қабілеттерінің дәрежесін білуге болады. Бұл жастағы бала еркін қысылмай өз - ойын, пікірін айта алады. 4-сыныптағы ән репертуарының тақырыптарының мазмұны күрделеніп, әндерінде әртүрлі ырғақтар, ұзақтықтар пайда болады. Бұл жастағы балаларға екі дауысты вокалды - хор жаттығулары мен әндерді еркін үйретуге болады, себебі олар оны сапалы түрде, өздерінің музыкалық есту қабілеттеріне сүйене отырып қабылдайды және олардың есте сақтау қабілеттерінің жүйрік болуына байланысты естерінде ұзақ сақтайды. Балалар ән айтуда әннің мазмұнын, ойын дұрыс түсініп, оны мәнерлеп орындауға көп көңіл бөледі. Кез-келген мұғалімнің берген тапсырмаларын уақтылы орындауға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бұл жастағы балалар өздерінің қалаған үйірмесіне өз еріктерімен қатысады. Олардың табиғатында мектептегі жүргізілетін тәрбиелік іс-шаралардың барлық түрлеріне белсенді қатысады, ұмтылыстары бар болады. Мінеки, бұл жастағы оқушылармен жұмыс жасау қызықты, әрі мұғалімнің жақсы дайындығын қажет етеді. Оқушылардың осындай ұмтылыстарын, белсенді бағалай отырып, оларға дұрыс бағыт сілтеп, музыка сабағында олардың осы қасиеттерін әрі қарай жандандыра түсу мұғалімнің парызы.

Музыка пәні мұғалімі осы ұсынылып отырған мақсаттар мен міндеттерді іс- жүзінде іске асыруы үшін өзінің музыкалы - педагогикалық шеберлігін, музыка пәнін оқытудағы әдіс - тәсілдерін, іскерлігін, білімін әрдайым ғылыми - әдістемелік, музыкалы - орындаушылық, шығармашылық ізденіспен толықтырып, әрі жетілдіріп отыруы тиіс.

Резюме

В данной статье авторы раскрывают содержание типовой программы по музыке для начальных классов.



Summary

In this article, the authors reveal the contents of the sample program on the music for the primary school.




Әдебиеттер

1. Касенова Р.К. Танкешова Ф.С Музыкалық білім берудің әдістемесі - Шымкент ОҚМУ, 2008.

2.Құлманова. Ш., Сүлейменова М., Оразалиева Б. Жалпы білім беретін мектептің мұғалімдеріне арналған музыканы оқыту әдістемесі. 1-сынып - Алматы : Атамұра, 1998.

3. Құлманова Ш., Сүлейменова М., Оразалиева Б. Жалпы білім беретін мектептің мұғалімдеріне арналған музыканы оқыту әдістемесі .2-сынып Алматы: Атамұра, 1998.



4. Құлманова Ш., Сүлейменова М., Оразалиева Б. Жалпы білім беретін мектептің мұғалімдеріне арналған музыканы оқыту әдістемесі. 3-сынып – Алматы: Атамұра, 1999.

5.Құлманова Ш., Сүлейменова М., Оразалиева Б. Жалпы білім беретін мектептің мұғалімдеріне арналған музыканы оқыту әдістемесі. 4-сынып - Алматы: Атамұра, 2000.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет