Тараз – ежелгi ислам мәдениетi орталығы



Дата23.02.2016
өлшемі198.59 Kb.
#7271
Тараз – ежелгi ислам мәдениетi орталығы
Қазақстан тарихы терең, мәдениеті бай мемлекет. Егемендікке қол жеткізгелі бері халқымыздың еңсесі көтеріліп, дініміз бен рухани мәдениетіміздің жарық салалары өркендеп келеді. Қазақ тілінің мәртебесі де өз топырағында күн өткен сайын өсуде. Міне, орта ғасырлардағы Қазақстанның руханият, білім, мәдениет және сауда орталықтарының бірі болған әфсанауи Тараз шаһарының 2000 жылдық тойы еліміздегі Исламның таралу тарихын зерттеп келе жатқан маған да айрықша әсер етіп, ерекше сезімге баулыды. Сол себепті, қазақ жеріндегі ежелгі Ислам мәдениетінің алтын бесігінің бірі, мүмкін бастысы болған Тараз туралы ойларымды оқырмандармен бөліскім келді.
Тараз көне қытай, араб, парсы және ұрым (Бизантия) деректерінде жиі кезігетін мәшһүр қала. Қытай саяхатшылары мен араб тарихшыларының еңбектерінде әбден суреттеліп аталатын Тараз қаласы Иран уә Тұран далалары тоғысқан жердегі үлкен сауда орталығы және Жібек жолы бойымен жүретін керуен жолдарының торабы ретінде көрінеді. 576 жылы өлген Истеми қағанға елшілікке жіберілген Земархтың саяхаты туралы деректерді жазған Бизантия тарихшысы Менандре Протектордың еңбегінде бұл қала “Талас”, қытай саяхаткері Хиеюен-Тсаңның еңбегінде “Та-лұ-си”, кейбір қытай авторлардың еңбектерінде “Та-ла-за” ретінде, ал араб авторлардың еңбектерінде “Тараз”, “Тираз”, “Талас” формасында аталған. Белгілі шығыстанушы Хоуорттың пікірінше Тараз ХХ ғасырдың басындағы Әулие Ата қаласының орнында болған (H.H. Howorth, History of Mongols, II-том, 1-кітап, 4-һәшия). Академик В.В. Бартольд бұл пікірді қолдайды, ал Шаваннестің пікірінше Тараз қаласы Әулие Атаның 5 фәрсах түстігінде болған. Осы деректердің барлығы да Тараздың VI-XIII ғасырларда қаншалықты мәшһүр болғандығын көрсетеді.
Көптеген деректер бойынша Тараз алқабы әйгілі Ма-уера-ән-Нәһір аймағына жатады. Ма-уера-ән-Нәһір жері жалпы өзеннiң (Аму Дария) арғы жағындағы елдер болғандықтан, дәл қай елдерді қамтығанын және нақты шекараларын кесiп айту мүмкiн емес. Негiзгi бұлақтарда аталмыш аумаққа жататын өлкелердiң тiзiмi әр алуан берiлген. Әбу Исхақ әл-Истахридің (850-934) тағрифы болса былай: “Күншығыста Хұттал жерін қамтитұғын Памир мен Рашт өлкелерi арқылы Үндi елiмен шекараласады да, күнбатыста оғыз уә хазлұж (Қарлұқ) өлкелерiнен бастап, Тараз (Талас) тұсынан өтiп, Фараб, Бискент, Самарқанд, Бұхара және Хорезм бойымен Арал теңiзiне жетедi, солтүстiкте қарлұқ жерiнен, яғни Ферғананың шалғай кенттерiнен бастап Таласқа қосылады, оңтүстiкте Бадахшан мен солтүстікте Хорезім көлi (Арал теңiзi) аралығында Жейхұнның бойын жағалайтын жерөлшемi” (Ән-Наршаһи, Тарих-и Бұхара, 161-бет ).
Ислам дінінің аталмыш аймақта таралуы сонау алғашқы халифалар, яғни сахабалар мен табиғиндер (алғашқы буын мұсылмандар) дәуірінде (634-751) болғаны белгілі. Әсіресе, Хорасан аймағының уәлиі (әміршісі) болған Құтайба Мүсілімұлы әл-Бәһилидің билігі тұсында (705-715) Бұхара, Самарқанд, Шаш (Ташкент), Исфижаб (Испижаб, Сайрам, Ақсу) өлкелері мұсылман билігіне қосылған-ды. Кейбір деректер Құтайбаның Қашғарға дейін жорыққа аттанғаны туралы хабарлайды. Демек, Тараз өлкесі сонау VIII ғасырдың бас шенінде-ақ исламиятпен танысқан десек артық айтылғандық болмас.
Алайда, Тараздың мұсылмандыққа бет бұруындағы шешуші уақиға 751 жылы осы өңірде болған және тарихи әдебиеттерде “Талас ғазауаты” деп аталған соғысқа тікелей байланысты. Өйткені, Таласта болған ғазауат, түрiк қағандығындағы iшкi қырқыстарды пайдаланған қытайлардың Жетiсу өңiрiн жаулап алып, Шашқа (Ташкент) дейiн барған кезінде болған еді. Бұл аса маңызды уақиғаның мәнін түсіну үшін сәл кейінге шегініп, уақиғалардың өрбу барысына шолу жасайық: 652-658 жылдары түрiк билеушісі Ашынақойлы (Қойлық) қаған, Шу және Талас өзендерi алқаптарында қытай әскерлерiмен қарулы қақтығыстар жасап, ақырында 658 жылы баласымен тұтқынға түседi. Осы жеңiстен кейiн қытайлар Жетiсу аймағына сұғына бастайды. Ма-уера-ән-Нәһірде мұсылман-араб билiгi нығайып келе жатқан шақта, әлі арабтарға бағынбаған өлкелердегi түрiк-соғдылар қытай патшалығының ықпал шеңберiне кiрiп, қытай әсеріне душар болады. 750 жылы Әмәуи (Омеядтар) ханаданы құлап, оның орнына Аббас әулетi билікті қолға алады. Әрине, орталық билiктiң құдiретi алыс аймақтарда дереу қалыптаса қоймаған. Осындай билік зәрулiгi, қытай отарлаушыларына қолайлы жағдай әзірлейді. Араны ашылған Таң императорларының батысқа қарай кеңею саясаты күшейiп, Орта Азияда қалыптасқан бей-берекет ахуалды пайдалану арқылы ұлан-байтақ елдердi отарлау амалдары жүзеге асырылады.
Түрік тайпаларының арасындағы алауыздықты шебер пайдаланған Таң әскерлерi түргештердiң ханордасы Сұйаб және Талас (Тараз) қалаларын шауып, жаулап алады. Елiн шауып, би-бектерiн тұтқындап, қырады. Осыдан кейiн түргеш елiнiң билiгi қытайдың Таң (619-908) әулетiне өтедi де олар қалағандарын билiкке келтiрiп, бұқара көпшiлiктi жиiркенiштi түрде қинай бастайды. Елетмиш Құтлұқ (742-753), Тәңірі Ілміш (753-756), Үнендер (756-766) қағандық жариялайды. Түргештердің ең нәфретлі жауы түрiктiң ашына деген тайпасы болатұғын. 748 жылы Таң әулетi, түргеш тағына осы тайпадан шыққан Ашынашынды отырғызады. Түргештер бұған қажырлы қарсылық көрсетіп, Ашынашынды айлалап өлтiредi.
Әмәуилермен және өз ішінде соғысып жүрген түргеш елінде береке-бірлік болмайды. 717 жылы шамасында қытайдан хандық лауазым алған түргеш Сұ-Лұ қағанды өзінің қолбасысы Баға Тархан ұйықтап жатқан сәтінде 737 жылы өлтіреді (Гумилев, Л.Н., Көне түріктер, 331-бет). Баға Тархан қағандығын жариялайды да қытай патшасына жақындық танытады, ол Таң ханшасын алып, күйеу бала болады. Сұ-Лұ қағанның ұлдары қан мен тақ дауын қуып Бағамен алысады, ол қайын жұртынан көмек сұрайды. Осы арада Тохаристанның түркі йабғұсы, Кәшмiр мұхтарияты (автономия) мен Қабұлды билейтін түркі Шаһи әулетi Қытай билiгiн мойындап, әкiмшілігін таниды. Сөйтіп, олар Жiбек жолындағы сенiмдiлiктi қамсыздандыруда Таң әкiмшiлiгiне көмектесудi мiндетке алады.
Қытайдың Таң (619-908) патшалығының езгiсiнен телiм-телiм болған түргештерге көмекке мұсылмандар жетiп келедi. Бұл түркi халықтарының тарихында аса елеулi уақиға болады. Ежелден батыс шекараларын кеңейту жоспарларын дайындап, тісін қайрап жүрген қытай императоры тағайындаған Күча уилаятының әміршісі Као Шиен-чи басшылығындағы қалың қолды аттандырады. Као Шиен-чи (Kao Hsien-chi, шын аты Ko Son-chi) кореялық еді. Ол Таң әскериесінде көп жылдар қызмет етіп, патшаның сеніміне ие болған, генерал шенін алған белгілі қолбасы. Патшаның оған сенгені соншалық, оны Шығыс Түркістан уилаятының (Батыс өлкесі) әміршісі етіп тағайындайды. Бұл жоғары мансапқа жету қытай еместер үшін аса биік дәреже еді. Қытай мемлекетінің батыс шекараларын өсіру арманын іске асыру міндеті артылған Као әр түрслі тәсілдерді қолданып, жоспарларын жүзеге асыра бастайды.
Бірақ, сол кезде Тибеттіктер мұсылман арабтармен тиiмдi қарым-қатынас орнатуға бет алған-ды. Осы беталыс қытайлар мен үндi-қытай саудасын бақылап тұрған түрiк-соғдыларды онша қуантбағаны айдан анық. Йабғұ, осыларды желеуретiп қытай патшасынан көмек талап етедi. Қытай жасақтары қалың қол жинап, Ташкент тұдұнына (әміршісіне) қарсы аттанады. Таң қолын Као Шиен-Чи басқарады. Сондай-ақ, қытай әскерiнiң құрамында түрiк-соғдылардан құралған қосындар да болған. Олар Ташкент тұдұны Бағатұрды тұтқындап, қытайдың ежелгі астанасы Чаң-анға апарып, азаптап өлтiредi. Оның мүшкiл халге душар болған баласы мұсылмандарға арызданып, жәрдем сұрайды. Негізінен, Ташкент уилаяты Таң (619-908) мемлекетінің хакімиятындағы мұхтарият (автономия) болатұғын. Түрік қағанаты мен түргеш билігі жойылған соң, бұлардың жерінде қытайлар ат ойнататұғын халге жеткен. Ташкент иелігі Таң билігін мойындағанымен түрік ханзадалары бұл жерде қайтадан біріксе қауіпті күшке айланатын аймақ еді. Сондықтан, Као Таң әулетінің алдындағы барлық потенциалды қауіп-қатерді жоймақшы болады.
Ханзаданың сұраған көмегіне мұсылмандар оң жауап береді. Хорасан билеушісі Әбу Мүсілiм қолбасы Зияд Салихұлы жетекшiлiгiндегi жасақтарын қытайларға қарсы аттандырады. Мұсылман әскерiнiң құрамында мұсылмандықты қабылдаған мыңдаған түрiк-соғдылар бар едi. Қытайлар 751 жылы шілде айында Тараз маңындағы Атлах (кей деректерде – Ахлат, Атлұқ) деген жерде мұсылман қолымен болған ғазауатта ауыр жеңiлiске ұшырайды. Олар ендiгәрi аталған аймақтардың маңайын баса алмайтұғындай жағдайға ұшырайды. Алғашқы ретi, түргештер мен мұсылмандар бiрiгiп, қытайларға қарсы соғысады. Мұсылман әскерi Таң әулетiнiң жасақтарын аса күйзелтушi жеңiлiске ұшыратады да Жетiсу өңiрiн тұтастай азат етедi. Ежелгі жауы қытайлардан отанын босатып берген мұсылмандарға шексiз разы болған түргештер, қарлұқтар және басқа да түркі тайпалары олардың батылдығына, мәрттігіне емiренiп хақ дiн Исламға жүрегi жiбидi.
Талас ғазауаты туралы алғашқы мәлімет 893 жылы қайтыс болған тарихшы Ибн Тайфұрдың “Китаб Бағдад” атты еңбегінде кезігеді. Мәшһүр тарихшы әл-Мақдиси (уаф. 997 ж.) “әл-Бәду-әт-Тарих” атты еңбегінде (6-том, 74-бет) бұл маңызды уақиғаға тоқталады. Оның айтуынша: “Әбу Мүслім қолбасы Зияд Салихұлын Ма-уера-ән-Нәһірдегі кейбір өлкелерді ашу үшін жорыққа аттандырды. Зияд кейбір елді мекендерді бағындырып, Тараз бен Атлахқа дейін барды. Қытайлар да әрекет жасап, 100 мың әскерден құралған үлкен қолмен келді. Сағид Хұмайдұлы Тараз қаласының қорғанысын бекітіп, осы қаланы бекінді. Самарқандтағы ордасында тұрған Әбу Мүслім маңайдағы әміршілердің Сағидке көмекші күштер мен ерікті әскер жіберуін бұйырды. Сағид қытайлармен бірнеше рет шайқасып, олардан 45 мың әскерді өлтіріп, 20 мыңын тұтқындап алды. Қалғандары қашып кетті. Мұсылмандар олардың ордасын талқандады. Соңыра, Сағид Бұхараға оралды”. Шынында Тараз маңында болған соғыс бес күнге ұласқан-ды. Ерлер ерлiгiн көрсеткен, дамылсыз айқас, шайқас болады. Бес күнге ұласқан бұл ғазауат, Орта Азия мен түркі халықтарының тағдырын анықтаған өте маңызды уақиға болды. Қытай қолына қосылып мұсылмандар және мұсылман жағындағы түрік-соғдылармен соғысқан қарлұқтар кенет қытайларға қарсы мұсылмандар жағында орын алып, ауыр соққы бередi, сүйтiп, мұсылмандар түбегейлi жеңiске жетедi. Қытайлар мен олардың сыбайластары үлкен шығынға ұшырайды да талқан-талқан болып, керi шегiнуге мәжбүр болады.
751 жылы болған Талас соғысын Ислам тарихының, оның iшiнде түркi тарихының ең маңызды сәттерiнiң бiрi деп айтуға болады. Қытайлар мен мұсылман арабтар арасында болған жалғыз соғыс осы. Бірақ, соғыстың нәтижелері мен ұзақ мерзімді тәсірлері талқыланғанда, осы уақиғаның күллі адамзат үшін қаншалықты маңызды болғаны аңғарылады. Талас жеңісі арқылы қытайдың Орта Азияға қарай кеңею (экспансионизм) саясаты мен әрекетi тоқтатылды, Орта Азиядағы мұсылман билiгiнiң түпкiлiктi екенi белгіленеді. Бұл соғысты қытай жағы жеңгенде Таң империясының шекаралары Орта Шығыс пен Еуропаға дейін баруы әбден мүмкін еді.
Талас ғазауатынан кейiн Орталық Азия халықтары лек-лек болып мұсылмандықты қабылдайды. Олар өздерiн қытай шапқыншылығынан қорғаған мұсылмандарды жақсы көредi, елдер арасында махаббат, достық пайда болады. Мұсылмандар мен басқа дін өкілдерінің арасында оң өзгерістер, жылы мұғамалалар хасіл болады. Алайда, қытайлық авторлар, Талас ғазауатын Орта Азиядан күдер үзген соғыс деп бағалайды. Өйткенi, олар жеңiп алғанда, Орта Азияның қытай билігіне қосылары анық еді. Мұның табиғи нәтижесі түрiк-соғдылар жаппай бұддашылықты қабылдауға мәжбүр болар еді. Демек, Талас ғазауаты тек саяси-әскери тағдырды емес, Орталық Азияның діни тағдырын да шешкен бек маңызды уақиға.
Талас ғазауатының басты нәтижелерін қорыта айтар болсақ:

1-) Қытай империяларының экспансионистік жоспарлары тоқтатылды: “Талас маңындағы жеңіліс қытайлықтарға жақсы сабақ болады, сол себепті олар батысты жаулап алу деген ойдан бас тартады” (Қазақтар, Қазақстан Даму Институты, I-том, 48-бет). “Алайда, жеңіліс қытайлықтарды қорқытып тастағаны соншалық, олар батысты басып алмақ ойларынан түңіле бас тартты. Империя күйреу қарсаңында тұрды” (Гумилев, Л.Н., Көне түріктер, 371-бет). Қазақстан тарихшылары Талас жеңісі туралы: “Атлах түбіндегі соғыстың Жетісу мен Мауера-ән-Нәһір халықтары тағдыр-талайында үлкен тарихи мәні болады. Таң әскері енді Жетісу шебін ғана емес, ойғырлар мен тибеттердің қысымымен Шығыс Түркістанды да тастап кетуге мәжбүр болады” (Қазақстан Тарихы, Дәуір, 1993, 62-бет) деп, хақ бағасын берген.


2-) Қытайдың Орта Азияға мәдени, саяси тәсірі тоқтатылды. Түркілер қытай қаупінен құтылып, Орта Азия халықтарының өзара және Ислам әлемімен бірігу процесстері күшейді.
3-) Мұсылман арабтар мен түргеш-соғдылар арасында жарты ғасырға созылған қақтығыстар аяқталды. Мұсылмандарға болысқан Қарлұқтардың саяси-әскери беделі артып, бүгінгі қазақ жерінде 766 жылы Қарлұқ мемлекеті бой көтерді.
4-) Жергілікті халықтардың Исламиятқа көзқарасы түбегейлі өзгерді. Көптеген мемлекет қайраткерлері мен оқымыстылар, өнерпаздар мен саудагерлер мұсылмандықты қабылдады.
5-) Бұрын жекелеген адамдар Исламиятты қабылдап жүрген болса, енді топтық қабылдаулар пайда болды.
6-) Түркілердің халифалықтағы абырой-атағы артып, олар Аббаси әулетінің басты қарулы күшіне айналды.
7-) Түркілердің саяси-әскери билігінің күшейгені соншалық, халифалықтың ең маңызды мәселелерін олар шешетін болды.
8-) Алғашқы мұсылман-түркі дәулеттері бой көтерді. Түркілер тек Орта Азияда емес, сонау Солтүстік Африка мен Үндістан құрлықтарында да алып мемлекеттер құрды.
9-) Азия құрлығында бұддашылдықтың батысқа қарай жайылуы тоқтап, тек Шын-Машын елдерінің дәстүрлі діні болып қалды. Бұддизм қытай империяларының батысқа қарай кеңею саясатында маңызды стратегиялық қайла болды. Үндістанға діни сапарға жіберілген көптеген саяхаткер-раһибтер (монахтар) өз еліне аса құнды мағлұматтар жазылған деректермен қайтушы еді. Талас соғысы (751 ж.) қарсаңында қытайлардың Жетісу өңіріне дейін келуінде, осы бұддист раһибтердің үлкен үлесі болған-ды. Олар түрік қағандықтарының осал жақтары мен ішкі билік таластардың маңызды сәттерін қытай императорына дер кезінде білдіруші еді. Әсілі, Шын патшалықтарының бұддизмді тарату және территорияны өсіру, ал Бизантияның (395-1453) христиандықты жаю және отарлау мақсатымен “интрига” ұйымдастыру жағымен атағы бекерге шықпаған тәрізді. Сондықтан, Талас жеңісі тек қытайлардың батысқа кеңею жоспарын құрытып қойған жоқ, сонымен қатар бұддизмнің Орта Азия мен Иранға кіруіне де тосқауыл болды.
10-) Қолға түскен тұтқындар арқылы сол кезде тек қытайлардың ілімінде болған қағаз жасау өнері мұсылмандарға мәлім болды. Самарқанд пен басқа қалаларда қағаз өндіретін кәсіпорындар ашылды. Қағаздың мол өндірілуі мұсылман ғұламалардың көбірек ғылыми еңбектер жазуына мүмкіншілік берді. Ислам елдерінде біртуар ғалымдар дүниеге келді, олардың туындылары жазбаша түрде біздерге жетті. Шығыс пен батыс мәдениеттері бірінші рет тікелей қарым-қатынас орнатты. Қағаз жасау өнерін батысқа мұсылмандар үйретті. Қағаз өндірісі және қағаздың жазу материалы ретінде пайдалануы Англияда тек 1309 жылы басталған. Яғни, Талас жеңісінен тура 558 жылдан кейін! Батыс елдері мұсылмандардың ғылыми еңбектерін жаппай латын, грек тілдеріне аудартқызып, білім, тәрбие алды. Ғасырлардан кейін Еуропада “қайта жаңғыру” дәуірі басталды.
11-) Талас жеңісінен кейін Исламият Қазақстан жерінде түпкілікті орнықты. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймақтарында қалалар, керуенсарайлар, шифаханалар, мешіттер, медреселер, уақыптар бой көтерді. Көшпелі түркі тайпаларына дін насихаттаушы ғұламалар жіберілді. Дін насихаттауда түрік тілінің өзіне тән формалары (жырлар, қисса-дастандар т.т.) мол пайдаланылды.

775-875 жылдары қарлұқ қағандығы хақ дiн Исламды қабылдап, ел арасында мұсылманшылық сенiм кең тарайды. Қалаларда мешiттер салынып медреселер ашылды. Мисалға, аталмыш дәуірге жататын Ақыртас керуенсарайын (VIII ғ.) айтуға болады. Тараз қаласынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан ғимарат 751 жылы болған Талас ғазауатынан кейін қарлұқтардың басым көпшілігі мен басмыл, шығыл тайпалары Исламиятты қабылдаған тұста салынған. Археологтардың болжауынша осы керуенсарайды алғашқы мұсылман түркілер салған. Көне дәуір тарихшылары Ибн Хұрдадбих (820-886) пен Ибн Құдамның еңбектерінде “қасрибас” деп аталған ғимарат осы болуы мүмкін. Сөйтiп, осы өңірде алғаш рет оқу-бiлiм ордалары бой көтереді.


Қарлұқ мемлекетi 766-940 жылдары өмiр сүрiп, X ғасырдың бiрiншi ширегiнен бастап йағма уә шығыл тайпаларының жиілеп кеткен одақтық шабуылдарынан күш-қуаты әлсiрейдi. 940 жылы Баласағұн қаласы одақтық кшүтердiң қолына түсiп, қарлұқ қағандығы құлайды да билiк Қарахан әулетiне өтеді. Қарлұқтардың басым көпшiлiгi көшпелi болғанымен отырқшылары да бар-тұғын. Тараз қаласы қарлұқ дәуiрiндегi Ислам мәдениетiнiң ең көрікті орталығы болды. Табылған заттарда адам және хайуан сұлбаларының азайып, гүл-шешектердiң көбеюi мұсылмандықтың бұл өңірде кең тарағандығының белгiсi. Түрiк және қарлұқ дәуiрінде Шу алқабының маңызы арта түскені белгілі. Шу өңiрiнiң белгiлi қалалары Асбара, Құлан және Мирки (Мерке) болатұғын. Осы аймақтың байырғы тұрғындары соғды тiлiнде сөйлейтұғын соғдақ халқы едi. Соғдылардың түрiктер мен түргештерге ықпалы әр уақытта күшті болған. Мұның белгiсi – түрiк қағандары Бизантияға жiберген елшiлердi соғдылардан таңдаған. Түргеш қағандары өз теңгелерін соғды әлiппесiмен басып шығарған. Соғдылар қай жағынан қарағанда да көшпелi түркiлердiң отырықшы өмiрге аууына басшылық еткен.
Сарық деген жерде табылған алғашқы мұсылман-түркi мазарлары хақ дiн Исламның саты-саты таралғанының ең айқын айғағы. Мұнда мұсылман өлiктер әшекей бұйымдарымен бiрге көмiлген (Бернштам, А.Н., Уйгурская эпиграфика Семиречья, 27-бет). Исламнан бұрынғы өлікпен бірге жеке заттарын көрге салу салты байқалады. Қарахан мемлекетi ресми түрде Ислам дiнiн қабылдағанымен, халықтарда осы сықылды бұрынғы әдеттер алғашқы дәуірде сақталған. Бүгінгі Тоқмақ ауданы тұсындағы Бұрана ескерткіші алғашқы дәуір мұсылман архитектурасының керемет туындысы. Бұрана сөзi мұнара сөзiнiң өзгерген формасы болуы керек. Бұранада көптеген Ислам мұраларын кездестiруге болады. Қала Қарахан кезеңiнiкi деп болжануда.
Қарлұқтардың Исламиятты алғаш қабылдаған түркі халықтарынан екені даусыз. Тіпті, олардың сонау Аббаси биулеушісі әл-Мәһди (775-785) кезінде жаппай мұсылман болғаны туралы тұжырымдар бар (Қазақстан Тарихы, Дәуір, 1994, 92-бет). Әсіресе, Талас жеңісінен кейін он мыңдаған түркілер мұсылмандықты қабылдаған. Қазақстанның оңтүстік аймақтарын билеген қарлұқтар сондықтан мұсылманшылықты жақыннан тануға мүмкіндік тапқан. Әсілі, осы қарлұқтар Талас соғысында қытай жағын тастап, мұсылман жағына қуат берген еді. Сондықтан, олардың Исламиятқа деген жылы сезімдері, оңды көзқарастары соғыс кезінде-ақ белгілі болған еді. Мәселен, Исфижаб (Сайрам) билеушісі Білге Күл Қадыр (840 ж.) хан мен Тараз билеушісі Оғұлшақ Қадыр хан (893 ж.) сондай мұсылман басшылардан еді. Қарлұқ билігіндегі Тараз, Құлан, Мерке, Атлах, Тұзын, Бәлиғ, Барысхан, Сыйкөл, Талғар, Тонг қатарлы қалаларда бірте-бірте мұсылманшылық тарап, мешіттер мен медреселер, рабаттар мен моншалар салынып, мұсылман қоғамдары қалыптасқан еді.
Хұдұд-әл Ғалам (ғаламның шекаралары) атты кiтапта мұсылман саудагерлердiң Орта Азиядағы ең үлкен орталығының бiрi болған Тараз қаласының тұрғындарының басым көпшiлiгі мұсылмандар екені жазылған (Хұдұд әл-Ғалам, 119-бет). Дегенмен, қалада басқа діндерді ұстанушылар да бар едi. Тараз “саудагерлердiң қаласы” және “қарлұқ қақпасы” деп те аталатұғын. Қалада Самани (819-1005) әулетiнiң де мәдени мұралары байқалады. Мәселен, 893 жылы Тараз қаласында үлкен жұма мешітінің салынғаны тарихи деректемелерде келтірілген. Осы кезеңнен күнiмiзге жеткен табыстардан; монша, Бұрана мешiтi, Бабажа Қатын, Айша-Бибi дүрбелерiн атауға болады (Бернштам, А.Н., Советская Археология, XI, 378-бет). Бұлардың барлығы дерлiктей кiрпiштен жасалған, кұфи хат жазылған. Табылған заттарда Иран жеріндегі Ислам мәдениетiнiң нышандарын байқауға әбден болады.
Тараз өлкесінің гүлденуі Саманилер (819-1005) және Қарахан (942-1211) әулеттерінің билігі тұсында да жалғасады. Қараханилер әуелінде қарлұқ тайпалар одағының құрамында болатын. Олар IX ғасырда күш нығайтып, ықпалды одақ құрады. Қарахан мемлекетiнiң негiзiн қалаған Ислам дiнiн қабылдаған көреген елбасы Сатұқ Боғыра Хан (915-955) болды. Абдұлкәрім есімін қабылдаған ол 942 жылы Баласағұн шаһарын өзiне бағындырып, қағандығын жария етеді. Кесенесі Қашғар қаласынан 100 шақырым қашықтықтағы Артұш елдi мекенiнде орналасқан Абдұлкәрім Сатұқ Боғыра Хан қайтыс болған соң, ел тiзгiнiн баласы Мұса Тоңға Ілік хан алады. Ол 960 жылы Исламиятты Қарахан елiнiң мемлекеттiк дiнi етіп жариялайды. Мұса белгілі ойшыл, ғұлама, сопы Әбіл Хасан Мұхаммед Сұфйанұлы әл-Қаламати тарапынан арнайы ислами тәрбиеден өткізілген-ді. Осының нәтижесінде ол Қарахан патшалығығының билігіне қараған аймақта (бүгінгі оңтүстік аймақтарымыз) Исламияттың таралуына орасан зор еңбек сіңірген. Мәселен, 960 жылы 200 000 шатыр (үй) түркі халқы мұсылман болған-ды. Самани мемлекетінің бағы тайған соң, Һарұн (Хасан) Боғыра хан Ма-уера-ән-Нәһір елдеріне шабуыл жасап, 999 жылы Бұхараны өзіне бағындырады. 1005 жылы Ма-уера-ән-Нәһір аймағы тұтастай Қарахан билiгiне өтедi.
Қарахан мәдениетi қарлұқ мәдениетiнiң жалғасы iспеттi. Қарахандар әулетi X ғасырдың орта шенiнде қалыптасып, XII ғасырдың бас шенiнде ыдыраған мемлекет болды. Олардың шығу тегi туралы жан-жақты пiкiрлер айтылуда. Кейбiр зерттеушiлер оларды ойғырлардан тараған десе, ендi бiреулерi қарлұқтардың жалғасы деп түсiндiредi. Алайда, Қарахан дәулеті алуан текті мемлекет болды. Оның құрамында үйсiн, қаңлы, дұлу, телi, қырғыз, қыпшақ, арғұ, йағма, оғыз, бүкриз, салғыр, бектелi, баяндұз, балт ñûºûëäàíàí түркi тілді және парсы тiлді халықтар болған. XII ғасырдың бас шенiнде Йелүй Дашы бастаған мұңғұлтектес кидан (қарақытай) әскерлерi Қарахан мемлекетiнiң күншығыс аймақтарын жаулап алды. Осыдан бастап үлкен соққы жеген мемлекет ыдырайды. 1212 жылы қарахандардың ең соңғы ханы қайтыс болады да мемлекет ресми түрде құлайды.
Ислам дiнi мемлекеттiк дiнге айналған Қарахан дәулетінде бұрын-соңды болмаған оң өзгерiстер байқалады. Қазақстанның оңтүстiк аймақтарында айтарлықтай мұралар қалдырған осы дәуiрде егiншiлiк, малшылық күшейiп, қолөнершiлiк және сауда гүлденіп, өркендейді. Халықтың экономикалық хал-ахуалы әжептәуiр көтерiлiп, жайбарақат өмiр орнайды. Бұрынғы шаһарлар көркейіп, көптеген жаңа қалалар бой көтередi. Қалалық мәдениет кең таралып, орнығады. Сол заманның қаламгерлері Тараз қаласын үлкен сауда орталығы, ал Исфижаб (Испижаб, Сайрам) қаласын бүкiл дүние жүзi саудагерлерi үшiн кен бұлағы деп мадақтайды. Тұңғыш Самани патшасы Исмаил Ахмедұлының немере ағасы Нұх Әсетұлы Исфижабты 838 жылы жаулап алған соң осы қаланың халқы түгелдей дерлік Исламды қабылдаған-ды. Сауда-саттықтың орасан дамуының арқасында ақша айналымы қуаттанып, кейбiр қалалардың өзiндік теңгесі пайда болады. Арыс өзенiнiң орта саласынан Тараз, Алмалық, Отырар, Самарқанд, Магия, Бұхара, Хожент, Шаш (Ташкент) және Қашғар сықылды қалалардың теңгелерінің табылуы мұны растайды. Бұл жағдай қалалық өмір салты мен экономикалық сәуиенің қаншалықты дамығанын көрсетсе керек: “Бұдан кейінгі кезеңде Қарахан әулеті билік құрған тұста Қазақстан және Орта Азияда сауданың күшті дамуына байланысты ақша шығару, ақша айналымы да кең етек алды. Әсіресе, мыс, күміс ақшалар көптеп шығарылды. Соның ішінде, Тараз, Исфижаб теңгелері ел экономикасында ерекше міндет атқарды. XII ғасырдың екінші жартысы мен XIII ғасырдың басында Отырарда шыққан Мұхаммед Текешұлының теңгелері Қазақстан жеріндегі сауда-саттықта ерекше міндет атқарды. Мұңғұл жаугершілігінің алғашқы дәуірінде (1220-1250) Қазақ жерінде жалпы сауда қатынасы құлдырап кетті.” (Қазақстан – Ұлттық Энциклопедия, I-том, 227-бет ).
Қарахан мемлекетiнде мұсылманшылықтың мемлекеттiк дәрежеге жетуiнiң арқасында қалалық мәдениет гүлденiп, сәулет өнерiнiң Айша Бибi, Алаша Хан Күмбезi, Әулие Ата Мазары, моншалар және су құбырлары (кәріз) сықылды осы күнiмiзге жеткен үздiк мұралары жасалды. Тараз, Самарқанд, Бұхара және Қашғар шаһарлары асқан дәрежедегi Ислам орталықтарына айналды. Басқа ғылымдарды айтпағанның өзiнде, тарихта алғашқы ретi түрік тiлi ғылыми түрде қолға алынып, зерттеледі. Қашғарлық Махмұд жазған “Түрк Тiлiнiң Сөздiгi” және Баласағұндық Жүсiп Хас Хажиб (1016- ?) жазған “Құтты Бiлiк” (1069-1070) тағы басқа да туындылар дүниеге келдi. Түрiк тiлiнiң аман-есен сақталып, бүгiнгi күнге жетуi осы мұсылман мемлекеттерінің қамқоршылығының арқасында болған, ағайын. Әсіресе, Қашғарлық Махмұдтың еңбегінде Тараз және айналасындағы қалалар мен тұрғындары хақында келелі мәліметтер келтірілген. Демек, Тараз автор өмір сүрген ХІ ғасырда да маңыздылығынан айырылмаған. Қашғаридің аталмыш еңбегінде Исфижаб, Сабран, Фараб, Йәңгикент, Қарнақ, Қарашұқ сияқты көптеген қалаларымыз туралы мәліметтер бар. Автор Ұлық-Талас және мұсылман шекарасындағы Кіші-Талас туралы хабарлайды. Сонымен қатар, Таразға жақын орналасқан Қарғалық және Йағма қалашықтары хақында айта келіп, Тараздан Баласағұнға дейінгі мекендерде мұсылман йағма, тұхси және арғұ түркі тайпаларының тұратынын хабарлайды. Бұларға қоса қыпшақтармен шекаралас Кенжек Сиңгир және Атлұқ қалалары жөнінде айтылады. Мұның барлығы да ХІ ғасырда бұл өлкенің мұсылман түркілердің мекені болғандығын және қалалық өркениетінің дамығандығын білдіреді.
Мұсылмандықты мемлекеттік дін еткен Қарахандықтар әулетінің билігін барша ғалымдар оңды бағалауда, мәселен, “Қазақстан Тарихы” атты кітапта, отандық тарихшыларымыз: “Қарахан әулеті тұсында түрік этносының ой-санасы өседі, мұсылман әдебиеті түрік тілінде шыға бастайды. Бұл салада жұрттың бәрінен бұрын Йұсұф Баласағұнның есімі белгілі болады. Тұтас алғанда Қарахандар дәуірі сапалық жағынан қоғамның барша саласындағы жаңа кезең боп табылады. Тек, мұңғұл жаулаушылығы тұсындағы ауыр күйзеліс қана қоғамның дамуға бет алған табиғи процессін үзіп тастайды” (Қазақстан Тарихы, Алматы, Дәуір, 1993, 72-бет ) деп, әділ бағасын беруде.
Тұран халықтарының VII ғасырда Исламмен танысқаннан кейiн адамзат тарихының ең жарқын өркениетiн қалыптастырғанын мақтанышпен айта аламыз. Ма-уера-ән-Нәһірде уә Түркістанда бой көтерген Тараз, Исфижаб, Отырар (Фараб), Сығанақ, Баласағұн, Алмалық, Йесе, Бұхара, Самарқанд, Мәру (Мары), Хиуа, Тiрмiз, Ташкент, Балх т.т. және Орта Шығыстағы Мекке, Мәдине, Шам, Бағдад, Басра, Кұфа, Қаһира, Ыстамбұл т.т. қалалары күллі адам баласы ғұрұрланатұғын мәдениет, ғылым, өркениет туындыларына толған. Түркiлер Ислам мәдениетi мен ғылымдары негiзiнде қалыптастырған әскери, саяси, ғылыми, хұқұқи жүйелер, әдебиет туындылары түгел дерлiктей Исламияттың iзiн сiңiрген айрықша қазыналарымыз. Қала басқару жүйесi, бiлiм беру (мағариф) низамдары, ғылыми зерттеулер (тахқиқат) және тариқаттары, қазылық билiгi, көркемөнер уә тiл ғылымдары (лұғат), ғарыштану, дәрiгерлiк (тыб) уә химия пәндерi, кәсiби iсмерлер дайындау тәсiлдерi (санағат), әлеуметтiк қайырымдылық қорлары және рабаттар, уақыптар, тәккелер, денсаулықты сақтау (хифз-ұс-сыхха, шифахана) және сауықтыру шаралары, мұсылман (түрiк) моншалары, қолөнер туындылары, ғашықтық сарындары, даналық шиырлары, теңiз зерттеулерi, жағырапиялық ашулар, зергерлiк өнерi т.т. мiне, осылардың көбiсі Тараз сияқты дамыған қалаларда дүниеге келген.
Ислам тарихының алуан түрлiлiгi, орасан зор байлығы уә жан-жақтылығы тiкелей еліміз орналасқан Орталық Азияға қатысты. Орталық Азияда Ислам тарихының ең мәшһүр тұлғалары, Құран мен Хадис ғалымдары өмір сүрді, шаирлар, қаламгерлер, даналар, өнерпаздар керемет туындыларымен ислами мұрағаттарға өз үлесiн қосты. Біздің Тараз сияқты қалаларымыз ғасырлар бойы Ислам мәдениетi мен өркениетiнiң ең беделдi орталықтары болды. Мұсылмандардың ғылымдағы, өнердегі жетістіктері күллі адамзаттың игілігіне ұсынылды.
Осы арада айта кететін маңызды бір жиһәт: кейбіреулер қазақтарды бертінде, тек XIX ғасырда ғана татар молдалары арқылы мұсылман болды дейді. Бұл сандырақ, қитұрқы сөз. Мақсат белгілі; қазақ халқын мұсылмандықтан жеріту, татарларды жағымсыз ғып көрсету арқылы туысқан халықтар арасына жік салу. Жоғарыда, оңтүстік аймақтарымызда мұсылмандықтың қаншалықты ерте таралғаны туралы нақты дәлелдермен айттық. Әбіл Қасым Хаукалұлы (уаф. 889 ж.) “Сұрет-ил Арз” (Жердің суреті) атты еңбегінде Фараб, Кенжиде және Шаш арасында көшіп-қонып жүретін мұсылман түріктер туралы хабарлайды. Әл-Мақдиси (уаф. 997 ж.) болса, Кедер қаласында (Құйрықтөбе) жұма мешіті салынғаны туралы жазады. ХI ғасырдың мәшһүр мемлекет қайраткерi, Селжүк империясының бас уәзірі Низам әл-Мүлiк (1018-1092) Баласағұнның сонау 940 жылы мұсылман қаласы болғанын, сондықтан бұл қаланың имансыздардың қолына түсуiнiң мүмкiн емес екенiн, мұның тек соғыс арқылы ғана бола алатынын айтқан (Бартольд, В.В., Тюрки- Двенадцать лекций, 59-бет). Демек, Жетісудағы Баласағұн қаласы Х ғасырдың бас шенінде-ақ, ең маңызды Ислам орталығының бірі болған. Белгілі дін тарихшысы профессор Хикмет Танйұ “Түріктердің Діни Тарихы” атты еңбегінің 109-бетінде Х ғасырды түркілер жаппай мұсылман болған ғасыр деп танып, былай дейді; “920-21 жылдары қызылбастардың (шиғалар – М.Б.) Хорасан аймағында шиғалықты насихаттағанын байқаймыз. Алайда, түркі халықтары 920-960 жылдары әһли сүннет жолын таңдап, жаппай Исламды қабылдайды. Қарахан Бұғыра хан Хорасандағы қызылбастарға жорыққа аттанып, оларды жеңіліске ұшыратты. Исламият 940-950 жылдары Орал тауы мен Сібір аймақтарында орналасты. Түркі халықтарының тарихындағы осы маңызды уақиғалардан соң, Х ғасырда түркі тайпаларының кем дегенде 80 пайызы мұсылмандықта болды. ХII ғасырда Исламият барлық Орталық Азиядағы үстем дінге айналды”. Ғалымның бұл пікірін мархұм академик Фұад Көпрүлү де қуаттайды: “Әр халде, һижри V ғасырда (ХІ ғасыр – М.Б.) түрік әлемінің аумағының басым көпшілігінің толығымен Ислам мәдениетінің тәсірінде болғанын һәм Исламды қабылдағанын көреміз” (Köprülü, Fuad., Türk Edebiyatında İlk Mutasavvuflar, DİB Yayınları, Ankara, 1991, 14-бет). Ал, мархұм Әлкей Марғұлан қазақтардың хандықтан көп ерте уақыттарда мұсылман болғанын дәлелдей келе: “Осыған орай бұрыннан көріп жүрген ғажайып тасты жаңадан тауып, онда қазақ тілімен XIV-XV ғғ. тасқа жазылған ұран сөзін Л. Кузнецовпен бірлесіп көшіріп алады. Таста араб харпымен жазылған сөз мынадай: “Қыпшақ, найман, алшын, арғын, қаракесек, үйсін, табын, Иләһи кәр рә-сиге һамиша хайа рахмет қыл сен алтауын!, екінші түрде айтқанда: “О Ием! Үмітіңе жету үшін осы алтауына рахметіңді бере гөр!”.” (Әлкей Марғұлан, Таңбалы Тас Жазуы, Қазақ Тарихынан, Жалын, Алматы, 1997, 209-бет) деп жазған.
Қазақтар бертінде ғана мұсылман болды деушілер сәл кітап оқып, түсінік алса болғаны, сонда олар Мұхаммед Әбу Насыр әл-Фараби (870-950), Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби (? – 951), Ғаламаддин әл-Жәуһәри (Отырар, X-XI ғғ.), Ахмед Мансұрұлы әл-Исфижаби (Сайрамдық, уаф. 1087), Әли Мұхаммедұлы әл-Исфижаби (Сайрамдық, X-XI ғғ. ?), Әбу Абдұллаһ әл-Баласағұни әт-Түрки (1040-1112), Ахмед Ибраһимұлы Махмұдұлы әл-Йесеуи (Түркістандық, 1094-1166), Қайыр Хан (Отырар әкімі, 1165-1220), Абдұлғафұр әл-Кердери (Кердері тайпасынан, уаф. 1166), Әбіл Қасым әл-Фараби (Отырарлық, 1130-1210), Ахмед Махмұдұлы Йүгнеки (Түркістан өңірі, XII-XIII ғғ.), Жамал Қарши (1230-1315, Алмалықта туған), Әбіл Фадыл Мұхаммедұлы әл-Қарши (Алмалық, XIII ғ.), Хұсамаддин Хұсайын әс-Сығанақи, Алааддин Байлақ әл-Қыпшақи (XII-XIII ғғ.), Бәйдібек Би (1356-1419), Әбу Жәлел әл-Керейти (XVII-XVIII ғғ.), Сәййід Мирки (Меркелік, XVI ғ.) т.т. қатарлы ірі мұсылман тұлғалардың Қазақстан жерінде мың жылдан астам уақыт өмір сүргенін көрер еді. Осыдан бір-екі жыл бұрын Қонйа қаласындағы (Түркия) белгілі ойшыл Мәулана Жәлаладдин әр-Рұми мұражайын аралағанымда, қолжазба мұсхафтар (Құран нұсқалары) бөлімінде һижри 965 – милади 1557 жылы жерлесіміз Сәййід Мирки (Меркелік) тарапынан жазылған қолжазба Мұсхаф Шәріфті көрген едім. Бізге беймәлім тағы да көптеген жерлестеріміздің мұраларын шетелдерден іздестірген жөн
Қарлұқ, Аббаси, Самани, Қарахан, Селжүк сықылды мұсылман мемлекеттері тура 1250 жыл бойы отанымызда билік жүргізген. Арысын алмай, 751 жылы бүгінгі қазақ жерінде болған Талас ғазауатын бастаушы дата десек, 2001 жылы Қазақстан жеріне Исламияттың нақтылы келгеніне 1250 жыл болған. Бұл жағынан алғанда да Тараздың ислам тарихындағы маңызды орны көрінеді. Тұтастай түркілердің исламға бет бұруы бүгінгі Тараз түбінді болған тарихи уақиғаларға байланысты. Талас соғысынан бұрын да көптеген адамдардың мұсылмандықты қабылдағаны белгілі. Бірақ, тарихи маңыздылығы жағынан, Орталық Азияда Исламияттың түбегейлі орналасуы және қытай шабуылының тоқтатылуы жағынан Талас соғысының біздің жерімізде болғаны өте маңызды уақиға! Сол себепті, Тараздың 2000 жылдығын атау шараларында Талас ғазауаты туралы халықты хабардар етіп, шәһид болған ата-бабаларымызды рахметпен еске алсақ дұрыс болар еді. Бұл, біріншіден, Талас ғазауатында жанын фидә еткен шәһид бабаларымыздың ұмытылмағаны болса, екіншіден рухани вакуумда жүрген кейбір азаматтарымыздың еңсесін көтерерлік, үлгі аларлық уақиға болар еді. Талас шайқасының маңыздылығы мен Исламияттың түркі халықтарының, оның ішінде біздің халқымыздың тағдырындағы маңызды орнын түсіндіруде, кімбіз, қайдан келдік, қайда бара жатырмыз деген сұрақтардың жауабын анықтауда. Бұған қоса айтарымыз, күллі Ислам әлемінің тарихында осыншама маңызды орын алған Тараз шаһарында орта ғасырлық мұсылман архитектурасы үлгісінде бір үлкен мешіт ғимараты мен Ислам ғылымдарын зерттейтін ғылыми орталық салынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет