ТАСТАҒЫ ДАСТАНДАР
Кез-келген ғылым атаулының, оның ішінде қоғамтану саласындағы танымдық ілімдердің ұлттық идея мен мүдде, таным аясы тұрғысынан тұжырымдалып, тұғырлы ілімге айналуы өте күрделі үрдіс. Өйткені іргелі ілім – сол қоғамның барлық болмысын қамтиды және сол ұлттың рухани тарихаты дүние жүзілік мәдениет мағрифатында мойындалуы тиіс. Бұл – нақты заттай және көркем ойлау қабілеті арқылы шешім қабылдауға жетелейтін тәуелсіз сана, тәуелсіз ойлау жүйесі, тәуелсіз таным, тәуелсіз идея, тәуелсіз тарихат, тәуелсіз руханият, тәуелсіз пікір, тәуелсіз қорытынды, тәуелсіз тұжырым сияқты алғышарттарды талап ететін жалпыұлттық өркениетті анықтайтын парасат деңгейі. Көшпелілер әлемімен, түркі дүниесімен тікелей тамыр тартып жатқан қазақ елі үшін сондай түбірлі ілімннің бірі – түркология. Біздің тәуелсіздігіміздің тұғыры мен тарихының өзі осы түркі руханиятымен қатпарласып, астасып, арқаласып жатыр. Қазақ елінің тектік, танымдық, ұлттық тарихын суыртпақтағымыз келсе ең алдымен жүгінетін жөргеміз, жатқызатын тігісіміз, сөгетін көбеміз осы. Онсыз әдебиеттану, тілтану, мәдениеттану, дінтану, тарихтану, қоғамтану, пәлсафа, аймақтану, жағырафиятану, саясаттану, заңтану сияқты іргелі ғылымдардың іргетасын қалай алмаймыз. Бүгінгі таңдағы аталған ғылымдардың жаттанды, яғни, сақ, скиф тайпалары ирантілдес, ғұн тайпасы –монғол-шүршіт тілдес деп Қазақста тарихында баса айтылмас еді. Мұның себеп-салдары неде, неге осынша өзімізді өзіміз тексіздендіруге жол бердік, таным тамырымызды неге таяздан іздедік?
«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының ғылыми жобасы бойынша Университеті Түркітану және алтайтану орталығымен қанаттаса жүргізген «Қазақ жазуы тарихы» туралы зерттеуді жүргізу және «Жазу тарихы мұражайы» оқу-әдістемелік мұрағатын жасақтау барысында, сондай-ақ, «Қазақ қолжазбалары» атты он томдық ғылыми жоба аясында қамтылуға тиісті осы салада жарық көрген азды-көпті, көлемді-шағын еңбектермен танысып шыққаннан кейін және осы тақырыпты қырық жылдан бері түркі тарихымен, археологиямен, жалпы тарихпен, тілмен, әдеби жазба үлгілермен, көркемөнермен, жазу тарихымен байланыстыра зерттеп келе жатқан көрнекті түрколог филология ғылымының докторы, профессор, «Күлтегін» сыйлығының иегері Қаржаубай Сартқожаұлының «Байырғы түрік жазуының генезисі» (2007) атты көлемді монографиясын және «Орхон ескерткіштерінің толық атласының» І томын (М.Жолдасбековпен бірге. 2005), жеке авторлығымен дайындалған ІІ томын (2011) оқып шыққан соң осы сұрақтар ойыма оралды және түйткілді түйіндердің себебіне көзім жеткендей болды.
Сөйтсем, танымдық түйткілдің басты себебі, бізде қазақстандық түркологияның тұжырымдамасын былай қойғанда, бұл ілімнің тұғыры негізделе қаланбапты. Өздерін түкітанушы ретінде танытатындар бар және көп, бірақ нағыз түркітанушы жоқтың қасы. Көне түркі жазба ескерткіштерін түпнұсқадан оқып, тілтану тұрғысынан зерттеп, тікелей аударма жасаған С.Аманжолов, А.Аманжолов, А.Құрысжанов, Ғ.Айдаров сияқты тұлғаларымыздың еңбектерімен түркітану ілімі тоқырап қалғандай екен. Өйткені, әлемде 18 мыңнан аса көне түркі жазба ескерткіштері мен таңбаларының 5-6 мәтіні ғана, оның өзінде Томсен, Радлов, Малов, Рамстед, Самойлович, Айдаров аударған нұсқаларды ғана малданып, соны жаңғыртумен ғана шектеліп келеді екен. Яғни, белгілі мәтіннің оқылуы мен тоқылуына шолу жасап, тиірменнен өткен кебекті (иә, кебекті! Өйткені дәні ғылыми айналымға түсіп кеткен) қайтадан араластырып, өзінше електен өткізгенсіп, баяндап беруді машық етіп алыпты. Бұл – біздегі түркология ілімінің тарихы басқа ұлт өкілдерінің көзімен жазылған, солардың пікірінің пайдаланып қана тәуелді тұжырым жасап келеміз деген сөз. Өзге-өзге, түркітанудың тәуелсіз де іргелі, тұғырлы тұжырымдамасы қазақ қоғамтану ғылымы үшін аса мүдделі ілім саласы болып табылуы тиіс еді. Басқаны былай қойғанда, осы уақытқа дейін неміс, француз, орыс, қытай, монғол, түрік, қырғыз (!) ғалымдары түпнұсқадан аударған 300-ге тарта мәтіннің өзі қазақ жұртшылығы үшін беймәлім қалпында. Сол аудармаларды көшіріп басып, ғылыми түсініктеме жасап, тым құрығанда «кебегін қалқып» беру де ойымызға оралмапты
Әлмисақтан осы заманға дейін түркі, оның ішінде қазақ елі де пайдаланған 16 әріпте жазылған, Тұрфаннан, Дунхуаңнан, Ши-аньнан, Енесей аңғарынан, Пенжикенттен табылған мұралар – әфсаналар, драмалық дастандар, жоқтаулар, тәңірлік тәпсірлер, азасөздер мен аманат сөздер Қытайда 300 том етіп жариялану үстінде. Түркі әлемінің тұғыры саналатын қазақ мемлекеті мұндай мұрадан қалай тыс қалады? Әлгі түркітаушыларымыз қайда? Қытайдағы ғылыми сапармен жүрген алты айдың ішінде және ондағы түркітанушы тарихшы, тілші, әдебиетші ғалымдармен тереңдеп ашық әңгімелескен кезде ойға түйгенім жоғарыдағы 300 том еңбек тек қана ұйғыртану ме моңғолтану тұрғысынан түсіндіріледі. Түркітану деген сөз астарлап та айтылмайды. Қытайдың маңдайалды түркітанушысы, түркология саласы бойынша Бас силықтың иесі, қазақ тілін мақалдап, тектеп, түбірлеп сөйлейтін Гың-шы мин ғұламаның маған күйіне әрі аманат ете отырып текті дегдар: «Менің бір қазақ ғалымдарына таң қалатын бір жайым бар. Қазіргі түрік, әзірбайжа, өзбек, түрікмен, ұйғыр, монғол, татар сияқты халықтардың түркі мұралары боп табылатын жазба ескерткіштерде тікелей қазақ халқының мұрагерлік құқы бар. Қай жағынан алып қарасаң да тарихи дерек те, мәтін де, тілі де соған негіз қалайды. Туыстас тұқымдарың оларды меншіктеп алды. Менің осындай пікіріме ұйғыр шәкірттерім қарсы шығып, мақала жазып та жатады. Егерде мына тәуелсіздік тұсында негіздеп, құқықтық тектеріңді дәлелдей алмасаңдар, онда ол мұралардан мүлдем айырылғандарың. Еуропа ғалымдарының пікір-тұжырымдары қалыптасып қалады. Оны өзгерту меншіктеуде де қиыға соғады. Көшпелі қазақ дегеннен құтыла алмайсыңдар. Қазақтардың жариялаған түркология туралы зерттеулерінен тұрақты мағлұмат алып тұрамын. Ондай еңбекті көре алмадым. Жалқаусыңдар ма, паңсыңдар ма, жоқ, шынымен сауттарың жетіспей ме?», – деген сөзінің мәнін енді түсінгендеймін. Шындығында да, бізде түркологияда өзіндік жаңалық ашқан ғалым жоқтың қасы екен-ау.
Сонымен қатар, Алтайдың Ресей қапталынан 60, монғол Алтайынан 20 жазу табылғаны, олардың оқылғаны туралы Қ.Сартқажаұлының кітабынан мағлұмат алғанда, Алтайдың Қытайдағы аңғары мен Қазақстандағы төскейі тұсынан бір жазудың табылмағаы таңғалдырды. Енді табыла қоюы қиын. Өйткені күнгейі мен төскейін су қоймасы басып қалған. Ол үлкен арман болсын, ал жаңағы 80 жазудың мәтіні неге бізге осы күнге дейін бейтаныс? Осындайда Гың шы-мин дегдердың сөзі есіме түсіп: «Біріңе түсіңде аян беріп, біріңе әулие жол көрсетіп, біріңе «ассисенттің» көмектесіп «көсем болған ғұламалар», сендер қайдасыңдар. Жорта жорысаңдар да жолда қалмасаңдаршы?», – дегім келеді.
Міне, «Жазу тарихы мұражайы» оқу-әдістемелік мұрағатын жасақтау, сондай-ақ, «Қазақ қолжазбалары» атты он томдық ғылыми жобаны негіздеу барысында Қ.Сартқаожа ұлының монографиясын оқи отырып өзіммен-өзім таласып, өзіме-өзім сұрақ қойып, жауабын таба алмаған алғашқы үстірт әсерім осындай ойға жетеледі. Тауыса оқып, қайталай парақтап, тереңіне таман байырқалағанда байқағаным, жоғарыдағы түйткілді жайлардың біреуіне, түркі жазуының шығу тегіне, оның тарихи жолына, қалыптасу кезеңдеріне, пайда болған тарихи шарттарына, түркінің ойлау жүйесінің тұрақтануына, әр қаріптің дыбысталуы мен тұлғалануына, тұрлаулануына, бәдізделуіне қатысты пікірлер «Байырғы түрік жазуының генезисі» атты монографиясында барынша жан-жақты қамтылып, тұжырым дәрежесіде зерттеліпті. Сондықтан да, үш жүзге тарта мұқым көне түркі жазуын тұтастай қамтымасақ та (ол бір жобаның аясына симайды және мүмкін де емес), барды ұқсата жинақтап, мүмкіндігінше жүйелей отырып, жаңа мәтіндерді қамтып, назарға ұсыну мақсаты көзделіп еді. Бастапқыда көшпелілер өркениеті мен түркі жұрты жазуының пайда болуының алғышарттары, даму жолы, қалыптасуы туралы толық ғылыми мағлұмат беру талпынысы жасалып еді. Іс барысында оның ондаған ғылыми бағыттарды біріктіретін аса күрделі зерттеу екені, бір жоба мен бір-екі ғылыми орталық игере алатын тақырып емес екені анық байқалды. Сондықтан да, жалпы жазу тарихы мен түркі жазуы тарихына қысқаша кіріспелік мағлұмат берумен шектелуге тура келді. Ал бұл басылымға тек Орхон өңірінен табылған жәдігерлердің мәтіндері ғана іріктеліп алынды. Ал Енесайдан табылған жазулардың өзі жеке жинақтың жүгін көтеретіні анық. Жазу тарихы мен түркі жазуының тегін тектемей кету – қандай да бір сылтауды көиермейтін болғандықтан да қысқаша шолуды назарға ұсынуды лайық санадық.
ІІ.
Жазу – адамзаттық ақыл-ой парасатының жемісі, адамның сәби санасын тербетіп, өркениетке тәрбиелеген ой ұйытқысы. Ол кеңістіктер мен уақыт арасындағы тылсымдарды байланыстырды. Сол арқылы дүниетаным мен тарих тәжірибелері жинақталып, рухани мәдени құндылыққа айналды. Егерде жазу өнері дүниеге келмесе, онда адамзат тарихы мүлдем басқаша жолмен дамыр еді. Тастағы таңбалардан бастап бүгінгі қалыптасқан әріп үлгісіне дейін жазу тарихы төрт түрлі (пиктографиялық, идеографиялық, буындық және әріптік-дыбыстық) даму дәуірінен өтті. Бұл – адамның ойлау мен сөйлеу қабілетін байланыстырды, сөздік қорын молайтып, тектік тіл жүйесін қалыптастырды.
Адамзаттың даму тарихындағы көшпелілер өркениетін қалыптастырып, «мәңгілік ел» идеясын ұсынған, қазір өзара тамырлас 33 тілде 30-дан астам диалектіде сөйлейтін түбі бір түркі жұрты өзінің әлмисақтан бергі тарихында 16 жазу үлгісін қолоданды.
1. Фразограммалық шолу. Байырғы түрік бітігтің бастау қайнары осыдан 20-15 мың жыл бұрынғы тас бетіне сызылған петроглифтен басталады. Пиктографиялық бұл идеограммалар Еуразия құрлығында мол сақталған. Соның бірі Солтүстік Алтай жотасының Хойт-Ценхер үңгірінен табылған суреттер (А.П.Окладников. Цетнтральноазиатский очак первобытного искусство.// ВАН. 1967, №1. – 108 стр.) Бұл идеограммалар жазу тарихында фразограммалық жазулар деп аталады. Екінші бір үлгісі жыл қайрудан бұрынғы 14-10 мың жыл бұрын тасқа қашалған Аршан-хад таңбалары (Э.А.Новоградова. Аршан-хад древнейший памятник изобразительного искусства Восточный монголий // История и культуры Центральной Азии. 1983 с., 306 – 310).
2. Бітік жазуы өзінің даму тарихының келесі кезеңінде логограммалық – мағыналық суреттер сызу деңгейіне көтерілді.
3. Үшінші кезеңде буындық жазуға көшті.
4. Фонограммалық (дыбыстық) жазу сатысы байырғы түрік бітігі (руника) жазуын өмірге әкелді. 552-580 жылдары аралығында оның грамматикалық ережесі жасалып, ежелгі түрік бітігіне реформа жасалған екен (Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрік жазуының генезисі. Астана, 2007. – 93-153 беттер).
Байырғы түрік әліпбиі фонограммалық кезеңнен бастап әліпбилік жазу үлгісіне ауысқан. Бұл б.з.б. ІV-ІІ ғ.ғ. аралығын қамтиды. Ол дәуір Х ғасырына дейін қолданыста болғаг. ІХ ғасырынан кейін соғды, соғдыдан бас алған ұйғыр (мұны біраз зерттеушілер найман жазуы деп дәлелдейді) жазуын қабылдады. Ал Х ғасырдан бастап арап әліпбиіне көше бастады. Соғды жазуынан кейінгі жазулар түркі «санасына өгей әліпбилер». А.Байтұрсынов байырғы түрік бітігінің ғылыми жүйесін 1400 жылдан соң жаңғыртып, араб графикалы қазақ (төте) әліпбиіне көшірді.
5. Түркілер VІІ – VІІІ ғасырларда қытай иероглифін дипломатиялық қатынаста жазуы ретінде қолданған. Оның тарихи дерегі – Ордабалық қаласындағы үш тілді ұстындағы қытай мәтіні. Бұған Қарағол (Қара өзен) ұстынын және де басқа сол сияқты тарихи мұраларды жатқызуға болады.
6. Брахми жазуын байырғы түріктер ІУ-УІ ғасырларда дипломатиялық қарым-қатынас құралы ретінде қолданған. Күйістолғай (Кіндік төбе), Бұғыты, Ордабалық ұстынындағы мәтіндер соның бұлтартпас дәлелдері.
7. VІ- VІІІ ғасырларда түркілер соғды жазуын еларалық мәмілегерлік ісіне пайдаланған. Бұл кезеңде соғды тіліндегі көптеген діни уағыз дар аударылған. Дерегі: Ордабалық ескерткіші және Бұғыты ұстыны.
8. Біріккен түрік қағанат дәуірінде (789 жылдан бастап) Тоғыз-оғыз (керей), Сегіз-оғыз (найман) тайпалары соғды жазуының бірнеше әріптерін, жазудың жазу бағыттарын өзгертіп пайдаланды. Ол әліпбидің негізінде VІІІ-ХVІІ ғасырлар аралығында жүздеген кітап жазылды. Атақты «Құтадғу біліктің» (Жүсіп Баласағұн) бір нұсқасы – «Алтын жазық», «Бал ашу кітабы» сияқты еңбектер осы ұйғыржын-соғды жазуымен сақталған.
9. Манихей жазуы. Бұл әліпбиді ту баста Қосөзендік Мани деген адам манихей дінін өмірге келген кезден бастап енгізген. Манихей әліпбиі ІІІ ғасырда пайда болды. Ол түркілердің арасында шамамен 760- 805-жылдар аралығында қолданыста болды. Манихей әрпімен жазылған кітаптардан түрлі аудармалар жасалған. Манихей әріпімен әлемге әйгілі «Хаустуанафт» (Покаяннная молитва манихейцев VІІ-VІІ в.в.), «Бөгү-қаған жазбасы» (VІІІ ғ.), байырғы түркі өлеңдер циклі, манихей дінінің трактаттары жазылған.
11. Араб әліпбиі. Араб әліпбиі ислам дініне дейін қалыптасып үлгерген. Араб жазуының бірнеше түрі болған. Оның бірі – геометриялық куфилік жазу (Месоптоманның Куфа қаласының атымен аталған). Байырғы ескерткіштер мен ақшаларда ХІІ ғасырға дейін пайдаланған. «Құран» осы куфи жазуы арқылы тараған. Араб әліпбиінің екінші түрін «насх» деп атаған. Бұл бүгінгі кітаби араб жазуының қарпі.
12. Сириялық әліпбиі. Христиандық әдебиеттер «экстрангел» деп аталған Сирия жазуын V ғасырдан бастап пайдалана бастаған. Шығыс сириялықтар сСрия жазуының несторион нұсқасын, ал батыс сириялықтар «серито» деп аталатын нұсқасын пайдаланды. Бұл жазулармен христиан дінінің уағыздары, Талас бойындағы құлыптастардың эпитафиясы жазылған.
13. Қидан жазуы. ХІ-ХІІ ғасырда «қара қытай» деген атпен белгілі болған моңғол тектес халық. Қидандарда «үлкен» немесе қытай иероглифі, «кіші» немесе қиданның ұлттық иероглифі болған. Осы кіші жазумен мыңдаған шежіре, кітаптар, деректер, ескерткіштер қалған. Өкініштісі, бұл жазудың бүгінге дейін кілті табылған жоқ.
14. Моңғол жазуы (ХІІІ-ХХІ), жоғарыдан төмен қарай жазылады. Шыңғыс ханның қолына тұтқынға түскен найман мемлекетінің Таян-ханының хатшысы Тататуңға қағанның бұйрығымен ұйғыр әріпінің негізінде моңғол жазуын жасап шығарған. Бұл жазумен «Құпия шежіре», «Алтын шежіре», «Қазыналар қоры», «Ганжурдың» 105 томы, «Данжурдың» 215 томы сияқты ғылыми еңбектер жазылған. Монғол жазуының негізінде ойраттар – «тот» (анық), манжур ханы Нұрхаштың бұйрығымен Дахай деген оқымысты 1632 жылы «манжу» жазуын өмірге әкелген.
15. Армян жазуы (V ғ.). Солдан оңға қарай жазылатын аршакид (пехлеви) әріпінің негізінде жасалған. Оның жазбша және баспаша түрі бар. Түркі-қыпшықтар осы армян жазуын пайдалана отырып, түркі-қыпшақ сөздіктері мен уағыздық әдебиеттерді дүниеге әкелді. Бұл әліпби әлі күнге дейін пайдаланылады.
16. Қазақ әліпбиі. Қазақ жазуы. Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі (ХХ ғ.). ІХ ғасырдан бері қолданып келе жатқан әліпбидің негізінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне негіздеп, оған жаңа әріптік таңбалар қосып (ә, ң, ғ, з, қ, ө, ү, ұ) жасап шыққан. 1912 жылдан бастап қазіргі күнге дейін пайдаланып келеді. Шығыс Түркістандағы қазақтар қазір де осы әліпбиді қолданады.
17. Латын әліпбиі (1928-1940). Қазақ ұлтының он жыл көлеміндегі рухани мұралары осы әріппен жазылады.
18. Криллица. Қазақстандағы қазақтар 1940 жылдан бастап қазірге шейін қолданып келеді.
Бұл жазуларда түркілік психология, түркілік ой-сана (мышление) жоқа тән. Байырғы түркі бітіг (жазу=runik) түркі халықтарының әлем өркениетіне қосқан қомақты үлесінің бірі. Осы жазудың шығу тегіне байланысты батыс ғалымдары еуропашыл көзқарасқа негізделген сыңаржақ пікірді ұстанып келді. Еуропаның түркітанушылары байырғы түркі бітігін арамей, семит, соғды жазуынан шыққан деген дәлелсіз, дәйексіз сараптамалар жүргізуде. Олар түркі халықтарын рухани құндылық жасайтындай деңгейге көтеріле алмаған халықтардың қатарына қосты.
Міне, түркі жазуларының тарихына қысқаша шолуды осымен тәмәмдаймыз.
ІІІ.
Енді «Байырғы түркі жазба ескерткіштерінің» «Орхон мұралары» атты томды баспаға дайындаған көрнекті ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының еңбектерінен қысқаша мағлұмат бере кетеміз. Монғолдың түркология мектебенің түлегі Қ.Сартқожаұлы ұзақ жылдар бойы көне түркі ескерткіштері мен жазуларын зерттеумен айналысты. Бірнеше жаңа жазба ескерткіштерді тауып, тұңғыш рет ғылыми айналымға түсірді. Қазақстанның түркология ілімін дамыту мақсатында 2001 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне шақырылды. «Түркі эпиграфиясы» бөлімін ашты. Кейін бұл бөлім кеңейтіліп «Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығына» айналды.
Өткен 10 жыл ішінде Орталық түркі халықтарына ортақ Еуразия құрлығындағы жазба деректерді іздестіру, жинау, ғылыми айналымға енгізу жұмыстарымен айналысты.
Университеттің жанынан «Жазу тарихы мұражайы» ашылды. Түркі жұртының 3 000 жылдық жазу-сызу өнерінің тарихын қамтитын көрнекі мұрағаттар мен ескерткіштер, Күлтегін, Елтеріс, Құтлұғ қағандардың бас мүсіндерінің көшірмелері мұражайға қойылды. «Күлтегін» атты тарихи-деректі фильм түсірілді.
Моңголияға бес мәрте, Оңтүстік Сібірге (Алтай, Тува, Хакасия) 2 мәрте, Орталық және Батыс Қытайға 2 мәрте ғылыми экспедиция жасақталып, ғылымға белгілі-белгісіз 600-ге жуық түркі жәдігерліктері мен 200-ге жуық көне ұйғыр графикасымен жазылған деректер орталық қорына жинақталды. Соның қатарында Орта ғасырдың классикалық жәдігерлері – М.Қашқари сөздігі, «Қутағу білік», «Әл адап сөздігі», қыпшақ тіл материалдары т.б.бар. Сол ғылыми экспедиция нәтижесі туралы 150-ге жуық ғылыми мақаласы жарық көрді және оның мынандай іргелі еңбектері жарық көрді: «Объединенный каганат тюрков (в 744-760г)», Астана, 2002 г. (15 п.л.); «Орхон мұралары», Астана, 2003ж. (30 б.т.); «Орхон ескерткіштерінің толық атласы». І том. (М.Жолдасбековпен бірге). Астана, 2005 ж. (60 б.т.); «Атлас Орхонских памятников» (в соатворства М.Жолдасбековым). Астана, 2007 г. (60п.л.); «Байырғы түрік жазуының генезисі». Астана, 2007 ж. (21 б.т.); «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» ІІ том. Астана 2011 ж. (60 б.т.).
«Қазақ қолжазбалары» атты он томдық жобаның ІІ томына арнайы орындалған бұл басылымда жиыны 17 көне түркі жазба ескерткішінің мәтіні еніп отыр. Бұрыннан ғылымға мәлім «Күл-тегін», «Билге қаған», «Тұй-ұқұқ», « Күүлі-чор», « Онгин», «Тэс», «Теркін», «Ел-етміш Білге қаған» (Моғойн Шинэ-ус ұстыны) жазулары ғалым тарапынан жаңаша оқылып, ғылыми си паттама берілді. Соның ішінде: «Бөмбөгөр жазуы», «Дэл-ула жазуы», «Ханан жазуы «Налайх жазуы», «Тэвш І жазуы», «Ғалуты мәтіні», «Тэс І жазуы», «Алтайдан жазуы», «Чойр жазуы» тұңғыш рет ғылыми айналымға түсіп отыр. Жалпы ғылыми жүйені сақтау мақсатында түпнұсқа, оқылымы, аудармасы, түсініктемесі жарыстырыла берілді.
Бұл үш жүзге тарта көне түркі жазба ескеркіштерінің белгілі бір бөлігі ғана болғанымен де, қазақ руханиятының тарихына белгілі бір мөлшерде қосылған үлес деп есептейміз.
Т.Қ.Жұртбай,
жоба жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ- нің
жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының
директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Достарыңызбен бөлісу: |