ӘОЖ 81ʼ23
Таусоғарова Аяужан Қайратқызы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, ф.ғ.к.,
Алматы, Қазақстан,
e-mail: aiauzhan@mail.ru
Қазақ ертегілеріндегі уақыт және кеңістік ұғымдарының концептуалдануы
Мақалада тіл білімі когнитивтік лингвистика саласының негізгі ұғымдары, сондай-ақ әлем объектілерінің адам санасында концептуалдануымен байланысты мәселелер туралы сөз болады.
Әлем объектілері – уақыт пен кеңістіктің қазақ ертегілерінде көрініс тапқан қарапайым бейнесінің концептуалдануы талданылады. Дерексіз ұғымның деректі нәрселерді салыстыру арқылы түсінілуі тұрғысындағы когнитивтік механизмі көрсетіледі.
Қазіргі қазақ тіліндегі фразеологизмдердің танымдық механизм ретінде қарастырылуы олардың семантикасын зерттеудегі когнитивтік бағыттың маңыздылығын танытады.
Түйін сөздер: қазақ ертегілері, уақыт, келешек, кеңістік, гиперкеңістік, гештальт теориясы.
Таусогарова Аяужан Кайратовна
Концептуализация понятий пространство и время в казахских сказках
В данной статье рассматриваются базовые понятия когнитивной лингвистики, а также проблемы, связанные с концептуализацией объектов мира в языковом сознании.
Пространство и время как объекты концептуализации наивной картины мира находят отражение в казахских сказках. Когнитивный механизм рассматривается через призму понимания абстрактных понятий на основе их сопоставления с конкретными предметами.
В статье фразеологизмы современного казахского языка и их семантика представлены как когнитивные механизмы, выступающие важный составляющей когниции.
Ключевые слова: казахские сказки, время, будущее, пространство, гиперпространство, теория гештальта.
Tausogarova Ayauzhan Kayratovna
Key words:
Адамның әлемдегі өзін қоршаған объектілермен қарым-қатынасында түрлі деректі, дерексіз ұғымдарға, құбылыстарға байланысты есту, сезу, көру арқылы қабылдаулары санада қорытылып, ондағы (санадағы) көрініс тапқан әлем бейнесінен ертегі мәтіндері, басқа тілдік деректер там-тұмдап хабар береді. Ертегілерден қазақ халқының түрлі материалдық нәрселердегі өзгерістер негізінде уақытты, сондай-ақ өз тіршілігінің алаңы болып табылатын кеңістікті тану түсінігінің қалай қалыптасқаны да көрініс береді.
Қазақ ертегілеріндегі тілдік деректер мазмұнына қарағанда, көне дәуірлерде адамның уақыт туралы өзіндік таным-түсінігінің болғаны аңғарылады. «Бұрынғы заманда Нұрманбет деген хан болған, хан жүз тоқсан екі жасаған» (Желкілдек ертегісі) деген сөйлемдегі бұрынғы сөзі және жас мөлшерінің көрсетілуі бұған бұлтартпас дәйек болады.
Уақыттың «материя болмысының формасы, оның өзгерісінің өлшемі» [1] деген ғылыми түсініктемесіне сәйкес қазақ ертегілерінде де уақыттың созылыңқылығы нәрселердегі өзгерістер сипатымен түсініледі. Мысалы, «Темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанда, алыстан сағым көтерген бел көрінеді» (Ер Төстік ертегісі) немесе «Өз үйіне келсе, әкесіне жинап беріп кеткен таудай отыннан бір жағым, үйдей еттен бір асым, жеңді білектей судан қанжығадай қалған екен» (Делдаш батыр ертегісі).
Жиналған отын мен еттің, судың мөлшерін білдіруде сан-мөлшерлік мәнді қамтитын нәрсемен емес (мысалы, арба-арба отын я бес шана отын), визуалды қабылдауда келбет-көлемі ауқымды, яғни сыртқы формасы жағынан алып нәрсемен (таудай отын, үйдей ет, жеңді білектей су) салыстыруды қолданып, уақыттың созылыңғылығын түйсінген.
Қазақ ертегілеріндегі тілдік деректердің семантикалық-концептуалдық талдауына қарағанда, идеалды мәнге ие уақыт түсінігі және оның созылыңқылық, қысқа мерзімдік сипаттарын халықтың визуалдық тұрғыдан елестету арқылы тануға тырысқаны байқалады. Яғни, таудай отын және бір жағым отын, үйдей ет және бір асым ет, темір етік және теңге, темір таяқ және тебен ине сияқты көлемі жағынан аса алшақ нәрселерді қатар қойып, көз алдына келтіріп, олардың тозу және азаю процестері созылыңқылығы арқылы уақыт созылыңқылығын түсінген.
Алайда мұндай жалпы уақыттың кеңістікке ауысуы я кеңістіктің уақытқа ауысуы туралы ғылыми бейненің қарапайым материалдандырылған түсінігіндегі қателігі я адасушылығы мына түрде көрсетіледі: “Уақыт заттардың өзінде емес, тек ойлауда ғана өмір сүреді” ұзақтық уақытқа ұқсамайды, ол заттардың өзінің қасиет-белгісі, уақыт “заттың күйі емес, ойлаудың модусы ғана, яғни ойдағы болмыс қана”[1].
Ал Уақыттың «бір бағытты алға үдемелі қозғалыс» тұрғысынан анықталатын сызықтық сипаты, сондай-ақ ғалымдардың осы сызықтық уақыт түсінігімен сәйкестікте қарастыратын тарихи сана бойынша уақыттың «кері қайтарылмайтын» сипаты тұрғысындағы түсініктері қазақ ертегілерінде үнемі көрініс бере бермейді.
Сондай-ақ, біртипті оқиғалардың қайталану бірізділігі тұрғысынан түсінілетін циклдік уақыт, бір бағыттағы үдемелі қозғалыс тұрғысына түсіндірілетін сызықтық уақыт ажыратылып, мұндағы циклділік түсінік уақытқа байланысты қарапайым, ал сызықтық – ғылыми түсінікті білдіреді. Ал ғарышнамалық сананың түсінігі уақыт үдерісінде сол бір ғана онтологиялық алдын ала ұйғарылған жайт қайталанатынын алға тартады, ал тарихи сана уақыттағы сызықтылықты, кері қайтарылмайтындықты болжам етеді [2, 73].
Ұлттық және жалпыадамзаттық әлем бейнесінде біртипті оқиғалардың қайталану бірізділігі тұрғысынан түсінілетін циклдік уақыт моделін күн, түн, көктем, жаз, күз, қыс зат есім лексикалық бірліктері құрайды.
Қазақ ертегілерінде уақыт «қайталана беретін бір типті оқиғалардың бірізділігі» тұрғысынан түсіндірілетін циклдік сипаттағы және «сол бір ғана онтологиялық ұйғарылған мәтіннің қайталанатыны» тұрғысынан түсіндірілетін ғарышнамалық сипаттағы таным-түсінікке негізделеді.
Мұнда күнделікті қайталанатын бір типті құбылыстардың ішіне табиғаттағы құбылыстардың циклділігін жатқызуға болады. Халықтың табиғат құбылыстарының циклділігін бақылауының, зерттеп тануының нәтижесіндегі уақыт өлшеміне байланысты тіркестер қазақ ертегілерінен бастап қазіргі күнге дейін қолданылады: таңға жуық болып, шолпан туған шақта; түс ауған шақ; қас қарайған шақ; таң біліне бергенде.
Қазақ ертегілерінің желісінде орын алатын оқиғалар «ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» түрінде халықтың есінде жоқ мифтік уақытта өтеді.
Ер Төстік ертегісінен алынған мына үзіндіге сәйкес Уақыт материя өзгерісінің өлшемі ретінде қарастырылмайды немесе материя өзгерісі Уақытқа бағындырылмайды: «Кенжекей мен Құба інген екеуін Ер Төстік таниды. Сол арада амандасып, мәз болып қалысады. Бәрі де баяғы айрылған күндегі қалыптарына келіп, қайтадан жасарады. Ер Төстік жас жігіт, Кенжекей жаңа түскен келіншек, Шалқұйрық бесті ат қалпына келеді» (Ер Төстік ертегісі).
Осы үзіндідегі аталмыш кейіпкерлердің жас шағынан кейін орын алған бақытсыз оқиғалар, Ер Төстіктің алысқа шеккен ауыр сапарлары, ерлік соғыстары, қиындықтары аралық уақытта ескерусіз қалдырылып, кейіпкелер өмірі бірден осы шаққа өтіледі. Яғни халықтың Уақыт туралы әлем бейнесінде өткен шақ пен осы шақ аралығында табылатын тағы бір шақ – «көрген түстей» шақ. Аталмыш ертегіде Ер Төстіктің жалмауызға жолға шығуы, жер асты еліне түсуі, Жылан Бапы ханның ордасына баруы, жеті өнерпазды кездестіріп, Темір ханның еліне баруы, ондағы көрген қиындықтары мен ерліктері, жер үстіне шығуы, перінің қызы Бекторы мен Шойынқұлақтың құрған тұзағына түсуі т.б. «көрген түстей» шақта қалады. Көрген түстей шақ туралы таным-түсінік қазақ халқының қазіргі тілдік санасынан да орын алған.
Көрген түстей деп белгіленген шақтың қазіргі қолданыстағы мағыналарына мынандай түсініктеме берілген: «Аңсары ауған нәрсеге өкініш ретте айтылады. Шырағым-ай, тағы бір күн қонсаң болар еді. Сағынып көріскен кемпір-шалға бұл келіп-кетісің көрген түстей болайын деп отыр-ау (Ауызекі тіл). Жарқ етті де, жоқ болды, Көрген түстей сағымдай (З. Қабдолов)» [3, 366].
Өткен шақ пен осы шақ аралығында қалатын көрген түстей шақ күтпеген жерден орын алған аса бір жағымды, субъектінің жанына жайлы, қуанышты және қысқа мерзімді, я болмаса, аса жағымсыз, қиындығы мен бейнеті мол әрі ұзаққа созылған сипаттағы оқиғаларды қамтиды.
Ал келешек Уақытты, келешекті жақсы үмітте сабырмен күту – ұлттық мінезге тән қасиет. Себебі келешекте орын алуы тиіс жағдайларға дейінгі уақыттың созылыңқылығын қазақ халқы алдын ала түйсінген және соған мойынсұна білген. Мысалы: Төстік жүрерде Кенжекей Құба інгенді бураға шөгереді. «Не Төстік өлді деген күні ботала, не Төстік келді деген күні ботала» деп, серт қылады. Өзі белін он екі құлаш торғын орамалмен тартады. «Не Төстік өлді деген күні, не Төстік келді деген күні шешіл» деп, серт қылады.
Ер Төстік ертегісінен алынған бұл үзінді мазмұнына қарағанда, халықтың келер шақ Уақытты материалдандыру арқылы түсінетінін байқаймыз. Алдан күткен оқиғалар орындалуы тиіс келер шақтың Уақыты келгенін боталаған Құба інген мен белдегі торғын орамалдың тарқатылуы білдіреді.
Ертегілерде келешек уақыт оның кейіпкерлерінің алдан күтетін оқиғаларымен анықталады. Көпшілік жағдайларда батыр-кейіпкердің қайсы бір міндеттерді атқарып қайту я хан т.б. біреулердің тапсырмаларын орындап келу үшін сапарға аттанып, ет жақындарынан өзара алшақтатылған кеңістіктің қысқаруы тұрғысынан да келер шақ уақыт түсінігі көрініс береді. Қазақ ертегілеріндегі келер шақ – бұл қуанышты сәт. Оны құрайтын оқиғалар мынандай: ата-анасына қосылып, бала қуанады; баласына қосылып ата-анасы қуанады; ұлы думан, үлкен той істейді; Кендебай тұрғанда елге батып, ешбір жау тие алмайды; бұлар бейбіт рахатты тұрмыс кешіріпті; батыр айдап келген сан-санақсыз көп малды той үстінде кедейлерге түгел таратып беріпті, күйзелген елдің тұрмысы, күйі қайтадан көтеріліпті. Ертегілерде адамдардың келер шақтан күтетін жоғарыда көрсетілгендей бейбіт рахатты тұрмыстары, әдетте, өткені мен сол сәттегісінен құнды болып табылады.
Алайда «шын құндылық, бірден-бір бағалы нәрсе – келешек. Сондықтан бүгінгіге айналған келешек өзінің мәнінен де, бағасынан да айрылады. Оның ақылға сиымсыздығы (парадокс) – келешектің айқын бет-бейнесі жоқ абстракцияға айналғандығы. Келешек, қанша ұмтылсаң да ешқашан қолға түспейтін бұлдыр сағым болып шығады» [1] түріндегі келешектің сипатына байланысты қазақ халқының тағы бір өзіндік таным-түсінігі мына тіркестерде көрініс берген: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман».
Қазақ халқы келешекті уақыт пен кеңістіктің тығыз байланысында қарастырған. Өйткені «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» келешектің келбетін сипаттаумен қатар, жайлы қоныс мағынасында да қолданылған. Бұл фразеологиялық тіркестің мағынасы былай көрсетіледі: «Тыныштық, бейбіт заман орнады» және «Асан қайғы желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көгорай шалғынды, сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздейді» [3, 444].
Келешек деп кешегі күнгі алдан күткен үмітінің бүгінгі күн туғанда ақталмауы кезінде де оны өткен күнімен салыстырып, аталмыш тіркесті қолданып, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» өтіп кеткен тұрғысында бағалаған. Өйткені «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болды ма? Болса – қашан?» сияқты сұрақтардың қазіргі қоғамда орын алуы аталмыш тіркестің келешектің жарқын келбетін қандай түрде көруге тырысатынын тек алдағы уақыттан ғана емес, өткен күннен де іздестіретінін байқаймыз:
«А.Левшин Тәукені қазақтың Қасым ханнан кейінгі аса құдіретті әрі ақылды патшасы деп атап, оны Спартаның ақылға кең данасы Ликургке теңеген. Халық Тәуке заманын халық «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман», «алтын ғасыр» деп атады.
Бірақ, бұл, әрине ол кезде ешқандай шапқыншылық болған жоқ, бірыңғай бейбіт күн туып, қазақ халқы сыртқы жаудан қаймықпай алаңсыз ғұмыр кешті дегенді білдірмесе керек. Керісінше, Тәукенің кезінде қалмақтармен қақтығыс жиілей түспесе, кеміген жоқ. Сонау 1681 жылғы қалмақтың қоңтайшысы Галдан Бошоктудың қалың қолмен Шу өзенінің бойына жетіп, Сайрам қаласын қоршағаннан басталған шабуылдар легі кейін оның немересі Цеван Рабтан билік басына келген кезде де толастаған емес. Ұсақ қақтығыстарды есептемегеннің өзінде 1711-1712, 1714, 1717 жылдары қазақ пен қалмақ арасында ірі соғыстардың болғаны белгілі.
Бұл арада мәселе елдің өз ішінде тыныштық орнауында, халық арасында ырыс қазығы - ынтымақтың берік қағылып, ағайынаралық алауыздықтың жойылуында, осыған ұйытқы болған ел басшысының төңірегіне халықтың ақыл-ойының жоғары көтеруінде» [4].
Бұған қарағанда қазақ халқы таным-түсінігіндегі келешек келбеті тұрмыстық жайлылықпен шектелмейді, бастысы, келешек халықтың рухани даму көкжиегінен көрінуін аңсаумен анықталады.
Сондай-ақ, аталмыш фразеологизмнің жоғарыда келтірілген қолданыстарына сәйкес бейбіт заман, рахатты тұрмыс түрінде елестетілетін келешек қазақ ертегілеріндегі тек жағымды сипатта емес, ертегідегі адамдардың әлем бейнесінде жақсылық пен жамандықтың қатар жүру, қатар күтілуі мүмкіндігі тұрғысындағы жағымсыз сипатта да түсінілген. Бұған «Не Төстік өлді деген күні ботала, не Төстік келді деген күні ботала», «Не Төстік өлді деген күні, не Төстік келді деген күні шешіл» деген сөйленістердің семантикасы дәлел бола алады.
Ер Төстік ертегісінен алынған бұл үзінді, сондай-ақ «елу жылда ел жаңа» деп келетін фразеологизм халықтың уақыт туралы таным-түсінігін мына түрде көрсетеді: «уақыт мәнісі нәрседегі өзгерістермен, қозғалыстармен және керісінше, нәрседегі өзгеріс мәнісі уақыт арқылы анықталады».
Қазақ халқының уақыт пен кеңістік ұғымдары бір-бірімен аса тығыз байланыста танитынын да осы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс» фразеологизмдерінен көреміз.
Жалпы бұл уақыт пен кеңістік ұғымдары терең семантикалық қабаттарында қатар өріліп тұрған фразеологизмдердің концептуалдық тұрғыдан қарастырғанда, Дж.Лакоффтың лингвистикалық гештальт теориясын [5, 350] басшылыққа алғанды жөн көреміз. Өйткені гештальттың «бір уақытта біртұтастығы әрі талданыла алатын» қасиеті қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман фразеологизмінде уақыт ағымының жағымды бір кезеңі туралы тұтас түсінікті, сондай-ақ бейбіт өмір (табиғаттағы үйлесім арқылы көрініс береді), тыныш заман (тынымсыз қозғалыстағы жанды тіршілік үстіне екінші өмірдің жалғасуы), жайлы, рахат тұрмыс (қой үсті – жұмсақ, жылы), жайлы қоныс (қой үсті), аспандағы тіршілік иесі (бозторғай) мен жер тіршілік иесінің (қой) үйлесім табуы қол жетпес армандардың орындалуы, рухани даму тұрғысында құрылымдық бөліктерінің мәнісінен тұрады.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман я қоныс фразеологизмінен адамның әлемді сенсорлы-моторлы қабылдауының ойлау үдерістерімен ықпалдастықта табылатыны көрініс береді. Осы фразеологизмде қой үстіне жұмыртқалайтын құсқа нақ осы бозторғайдың алынуы да кездейсоқтық емес: «Бозторғай тыныштықты төтенше сүйетін құс, ұясына өзгелер жолап кетсе, кейде құт ұясын да, бауыр ет балапанын да тастап өзге жаққа мәңгілік маңып береді, осының айғағы ретінде қазақ тілінде мамыражай жақсы заманды қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деп атасады» [6].
Сенсорлық (сезімдік) тұрғыдан қой үстінің жұмсақ, жылы әсер беруі, көру я көзіне елестету тұрғысынан қойдың тыныштық тауып бір сәт тұратын суреті (өз үстіне бозторғайдың жұмыртқалауына мүмкіндік беретіндей), сондай-ақ өмірлік тәжірибесінен бақылағанындай, қойдың жуастығы (қонақ қойдан жуас) мен заманның тыныштығы суретінің психикада бір уақытта шағылыс табуы және бозторғайдың тыныштықты аса сүйетін қасиеті туралы бір бірімен байланыссыз жеке-жеке бөлшектелген жадыдағы білімі жайлы қоныс пен келер уақыттың келбеті туралы тұтастықтағы танымды құрайды, яғни синтаксистік тұтастық мәнісі оның құрылымдық бөліктерінің мәнісінен түзілген.
«Елдің өз ішінде тыныштық орнауы, халық арасында ырыс қазығы - ынтымақтың берік қағылып, ағайынаралық алауыздықтың жойылуы, оған ұйытқы болған ел басшысының төңірегіндегі халықтың ақыл-ойының жоғары көтерілуі» тұрғысынан сипатталатын қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның ұзақтық, я созылыңқылық, я шектік сипаты туралы ой жіберсек, халық танымында ондай заманның уақытша, қысқа немесе бір шегінің болатыны тұрғысындағы әлем бейнесі қалыптасқаны көрінеді. Өйткені фразеологизмдер бір мезет мағыналық біртұтастықта көрінгенімен, сол уақытта құрылымдық бөліктерінің семантикалық ерекшеліктеріне негізделеді. Аталмыш фразеологизм құрамына қой сөзінің алынуы кездейсоқтық емес. Себебі халықтың бақылауы, өмірлік тәжірибесіне сәйкес қойға тән қасиеттердің бірі – оның әрдайым қозғалыста жүріп, бір сәттік күйіс қайтарып тыныштық табуы, жуастығы туралы танымы арнайы түрде алынған. Сөйтіп, қазақ халықының әлем бейнесінде ел ішіндегі ынтымақ, ырыс-береке, халық ақыл-ой көкжиегінің көтерілуі ретінде сипатталтын қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға я Уақытқа шектілік тән (қойдың уақытша тыныштық табуы сияқты), яғни қазақ халқы танымында уақыт – өзгеріс, қозғалыс үстіндегі құбылыс, ал уақыттың бір кезеңінде орын алған жағдайлар міндетті түрде өзгерісте табылып, даму үстінде көрінуі тиіс.
Халықтың уақыт ұғымының Адам өміріндегі өзгеріс, қозғалыс, ұрпақтардың ауысуы тұрғысынан қарастырылатын таным-түсінігі Жарты Төстік ертегісінде мына түрде көрініс көрініс береді: Әкесі: «Әй, балам, сен бұл ағашқа шығушы болма, босқа басың айналып құлап қаласың», - деп бірнеше рет айтыпты. Бір күні бала ойлап-ойлап жүріп: «Осы ағашқа шығып көрейін», деп, ағаштың басына шықты. Қараса, бір көшкен ел келеді. Өңкей жас ұл, қыз қатар-қатар тұрып ән салып, өлең айтып келеді. Оның артында жас жігіт, келіншектер келеді қатар-қатар болып, оның артында шал-кемпірлер де келеді. Кешке көргенін әкесіне айтты. Сонда әкесі: «Ой, балам, ол көргенің өтіп бара жатқан дүниенің сағымы. Оған тірі адам түгіл, өлген адам да жетпейді», - деді (Жарты Төстік ертегісі).
Келтірілген үзінді мазмұнына қарағанда, нақты айтқанда, уақыт – сағым метафорасының мәнісі бойынша, қазақ халқы үшін уақыт идеалды, ол ойда өмір сүреді, уақытты тоқтату я оған жету мүмкін емес. Яғни, уақыт сағым сияқты ұстатпайды, ол көзге ой арқылы елес бергенімен, материалды емес, жүйрік – жеткізбейді. Дегенмен халық уақытты түсіну үшін оған деректілік сипат берген. Аталмыш ертегіде Уақыттың деректі сипаты – көшкен ел. Себебі, көшкен елге қозғалыста болу тән құбылыс, сөйтіп, халық танымында уақыт ұрпақтардың ауысуы, қозғалысы, өзгерісі түрінде танылады, өйткені ертегіде «бірінші - өңкей ұл-қыз ән салып барады, екінші жігіт-келіншектер, үшінші – қарттар, кемпірлер – бәрі де өлең айтып барады» деп беріледі. Қазақ халқының уақытқа байланысты осы таным-түсінігі «Ит үреді, керуен көшеді» мақалында жазылып қалған.
Қазақ ертегілерінде уақыт, кеңістік және ондағы жекелеген объектілер, яғни әлем бейнесі өзара байланысты, бір бірінен ажырамас біртұтастықта көрініс береді.
Кеңістік ұғымының әдеттегі түсінігі мына түрде беріледі: «субьективті түрде барлық физикалық оқиғалар мен нәрселер “ыдысы”, солардың іс-әрекеттері орын алатын “алаң”. Сондай-ақ, кеңістік материалдық әлемнің ендік, ұзындық, биіктік қатынастарында анықталатын үш өлшемді сипаттағы геометриялық моделі ғылыми тұрғыдан түсіндіріледі. Және кеңістік пен уақытты дүниенің алғашқы негіздерінің бірі әрі оларды материалдық әлемнен тәуелсіз деп қарастыратын субстанциализм, кеңістік пен уақыт – қозғалып жатқан неше түрлі материалдық объектілердің формалары, соған бағынышты деп қарастыратын релятивизм көзқарастары да көрсетіледі.
Қазақ ертегілерінен «субьективті түрде барлық физикалық оқиғалар мен нәрселер “ыдысы”, солардың іс-әрекеттері орын алатын “алаң” түрінде қарастырылатын Кеңістік ұғымына байланысты түсініктерді мына үзіндіден көруге болады: «Ерназардың өзі бай болыпты. Қора толған қойлары болыпты. Өріс толған жылқылары болыпты». Мұнда қора кеңістікте орналасқан объекті болса, оның ауқымына сәйкес ішкі кеңістігі қайсы бір нәрсенің орны, ыдысы сияқты түсінілсе, өріс толған қойлары тіркесі тұтас кеңістіктің өзін өз тұрмыс-тіршілігіне оңтайлап, бөлшектейтіні көрінеді. Өріс тұтас кеңістіктегі мал жайылып жететін аумақты қамтитын шегі бар алаң ретінде танылады. Және, екіншіден, толы сөзінің семантикасына сәйкес халық өрісті «ыдыс» сияқты елестеткендей көрінеді. Мұнда қора және өріс арасындағы ұқсастықты олардың кеңістігінің малмен жабылуынан тауып, толы сөзін екеуіне ортақ сипат ретінде қолданады.
Жалпы халықтың өзі тіршілік ететін кеңістіктен басқа да кеңістіктер туралы таным-түсініктері «адам құлағы естімес, көзі көрмес жақ», «адам аяғы жетпес жер» фразеологизмдерінен, сондай-ақ ертегілерде кездесетін жер асты елі, жер үсті елі сияқты тіркестерден көрініс береді.
«Адам құлағы естімес, көзі көрмес жақ», «адам аяғы жетпес жер» фразеологизмдері адамның өзінің көру, есту мүмкіндігінің шектеулілігі туралы білімі болғанын білдіреді, сондай-ақ түйсігі арқылы кеңістіктің өз мүмкіндігімен шектелмейтінін түсінгенін аңғарамыз.
Ал жер асты елі, жер үсті елі сияқты тіркестер адамның қазіргі кезде параллель я гиперкеңістіктер ретінде қарастырылатын кеңістіктерді білдіреді. Мұндай параллель я гиперкеңістіктерге тән сипаттардың бірі ретінде ғылыми еңбектерде әр кеңістіктің, әр әлемнің бірінің екіншісіне өтетін есіктері көрсетіледі. Мысалы, Ертөстік ертегісіндегі мұндай гиперкеңістіктерге жер асты елі және сонда өмір сүретін жылан Бапы хан елі жатады. Ертегіде жер асты елі гиперкеңістігі адамдар өмір сүретін жер үсті кеңістігінен ерекшеленеді, онда жылан адамға және керісінше адамның жыланға айналуы сияқты сиқырлы дүниелер кездеседі. Сондай-ақ кеңістіктердің шекарасы болатыны туралы таным-түсініктерді олардың бірінен екіншісіне өтетін есіктер туралы мәліметтерден көреміз: «Жер үстіне шығатын есікке дейін алты айлық жол екен. Жолдың ауырлығына шыдамай, жылан Бапы ханның қызы және жолдастарының бәрі қырылып қалады».
Қазақ ертегілерінде халықтың кеңістікке байланысты таным-түсініктері қамтылған ертегі желілері жоғарыда келтірілген үзінділермен шектелмейді. Халықтың жер асты және жер үсті елінен басқа аспан кеңістігіне де қызығушылық танытқаны байқалады, ертегілер мазмұнына қарағанда көне дәуірдегі халық танымы бойынша аспан кеңістігін мекен ететін ел бар. Мысалы: Құсы аспанға шырқап шығып келеді. Аспанның алты қабат үстіне шығып, құсы бір ақ күмбез үйдің төбесіне барып қонады. Жігіт те бедеуін белдеуіне байлай салып, үйге кіріп келсе, бір сұлу қыз төсекте жатыр, сондай-ақ, «Олай болса, мен жеті қабат көктің үстінде, бір ақ үйде бір сұлу қызды көрдім», «Балам қолға түспейтінге құмар болған екен. ... Ол жатқан қыз перінің қызы, оның жаны жоқ» (Қыран Қарақшы ертегісі) деген сөйлемдердегі аспанның алты қабат үсті, жеті қабат көктің үсті, перінің қызы тіркестері халықтың үшінші кеңістік және оны мекен ететін ел туралы түсінігін көрсетеді.
Қорыта келгенде, қазақ халқының уақыт пен кеңістік туралы таным-білімін зерттеуде қазақ ертегілері – таптырмас дереккөздердің бірі. Қазіргі тілдік қолданыстағы фразеологизмдердің де көне дәуірлерде дерексіз ұғымды деректі нәрселер арқылы танудың механизмдері ретінде қалыптасқанын байқаймыз.
Әдебиеттер:
1 http://kk.wikipedia.org/wiki/Кеңістік_пен_уақыт
2 Маслова В.А. Когнитивная лингвистика. –Уч. пособие. М.: Флинта, 2004.
3 Кеңесбаев І. Фразеологиялық сөздік. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. – 800 бет.
4 http://kk.wikipedia.org/wiki/Тәуке_хан
5 Лакофф Дж. Лингвистические гештальты // НЗЛ: вып.10. Лингвистическая семантика. – Москва: Прогресс, 1981. - С. 350-367.
6 http://kk.wikipedia.org/wiki/Бозтоғайлар
Referenses
1 http://kk.wikipedia.org/wiki/Кеңістік_пен_уақыт
2 Maslova V.A. Kognitivnaya lingvistika. – Uch. Posobie. М.: Flinta, 2004.
3 Kenesbaev I. Frazeologiyalyk sozdik. – Almaty: «Arys» baspasy, 2007. – 800 bet.
4 http://kk.wikipedia.org/wiki/Тәуке_хан
5 Lakoff Dzh. Lingvisticheskie geshtalty // NZL: vyp.10. Lingvisticheskaya semantika. – Moskva: Progress, 1981. - С. 350-367.
6 http://kk.wikipedia.org/wiki/Бозтоғайлар
Достарыңызбен бөлісу: |