А.Ағыбаев
заң ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің профессоры
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Алматы қ., Қазақстан
E-mail: zhadyraumbetbaeva@mail.ru
Тәуелсіздік – ел тілегі, Елбасы – ел тірегі
1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет Қазақ ССР Президентінің жалпы халықтық саулауы өтті. Осы сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірауыздан ел Президенті болып сайланды. Конституцияға сәйкес Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің антын берді. Депутаттар «Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына кірісуі туралы» қаулы қабылдады. Осыдан кейін мінбеге ақын Шәкір Әбенов шығып, халық атынан халқы сүйген перзентіне ақ батасын берді:
Сарыарқа – туған жерім, елім – қазақ,
Қазақ елі ежелден көкседі азат.
Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де,
Мен бір ғасыр куәсі – экспонат.
Біз көрген зобалаңда, қуғын-сүргін,
Енді ешкім көрмес үшін қанды қырғын,
Бар ұлттың тілін тауып, табыстырған,
Нұрсұлтаным, жұлдызың жанды бүгін.
Зерек ақыл, зерделі ой, батыл жүрек,
Жаманат жапсыра алмас жатың тілеп.
Қарадан хан туған деп қадірлеген,
Қазағың ғұмырыңды отыр тілеп.
Абылайым бүгінгі Сен емес пе?
Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?!
Халқыңа Тәуелсіздік нұрын шаштың,
Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте.
Ақ киізге көтеріп, хан сайласқан,
Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!
Одан кейін небәрі 15 күн өткенде Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды, Қазақ халқының сан ғасырлар бойы арман тілегі орындалды, ел тарихының жаңа дәуірі басталды. Яғни 1991 жылдың 1 желтоқсаны мемлекетіміздің өз тағдырын өзі айқындаған алғашқы қадамы болды, осыған орай бұл күннің мемлекеттік мереке күні болып белгіленгені өте қуанышты. Биыл еліміз өзінің тәуелсіздігінің 23 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы аралықта Қазақстанның тұңғыш Президентті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз биік белестерге көтерілді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Моңғолия астанасы Улан Баторға Нұрсұлтан Әбішұлы барғанда сондағы жиналған қалың топтың арасынан суырылып шыққан бір қазақ қызы Нұрекеңе былай деген еді:
Жүректі шоқ қариды-ай,
Алты Алашта қол бастар,
Абылайдай аға жоқ-
Жауды жасқап жол бастар,
Жәнібектей дара жоқ,
Азған елге Абайдай,
Ақыл айтар дана жоқ.
“Өтеміз-ау өксумен
Басқаларға таба боп”-
Деп аһ ұрып жүргенде
Денеде дерт, сана серт
Келдіңізбе өмірге,
Еліңізге пана боп,
Сол жобадан табылсақ,
Бізде арман, нала жоқ! -, дегенде елбасының өзі толқып, көзіне жас алған екен.
Енді міне, бүгінде Н.Ә. Назарбаев бүкіл қазақ жұртының сан ғасырлар бойы тілегін жүзеге асырған, елін асқақ биіктен көрсеткен дара, дана тұлға ретінде дүние жүзіне танылып отыр. Аз уақыт ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді басқарған уақыт – тарихи оқиғаларға толы кезең. Бұл кезең еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін жариялаған Декларациясын, Қазақстанның жеке мемлекет екендігін көрсеткен Ата заңын, мемлекеттік рәміздерін қабылдап, елімізді егемен мемлекет ретінде көптеген шет мемлекеттердің таныған кезеңі болып отыр.
Егемендік алғалы бас-аяғы жиырма үш жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің барлық елі таныды.
Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, көптеген беделді халықаралық ұйымға мүше болды.
Қазақстан барлық елдермен достық қатынасын нығайтты, еліміздің экономикасы, мәдениетті, саяси жүйесі нығайды, демократия мен заңдылық, құқық тәртібі жетілді.
Осы тәуелсіздік алған аз уақыттың ішінде елімізде 1993 және 1995 жылдары екі бірдей Конституция қабылданды. Еліміз Президенттік басқару жүйесіне өтті. Биліктің барлық салалары Конституцияға сай қызмет атқаруда. Мемлекетіміздің құқықтық қатынастарын реттейтін көптеген заңдар, кодекстер, заңнамалар қабылданып, мемлекеттік құрылыстың өркендеуіне сүбелі үлес қосылып жатыр.
Елімізде халықтар достығы нығайды, дүние жүзіне үлгі болатын Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылып, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының өркениетті қағидалары толық жүзеге асырылды.
Қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды.
Ғасырлар бойы шет жерде жүрген миллиондаған отандастарымыз, қандастарымыз өз ата-мекеніне оралды. Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тілінің, дінінің дамуына толық мүмкіндік жасалды. Қазақстан бірінші болып ядролық қарудан бас тартты, ядролық шикізат бейбіт өнім өндіру затына айналды. 1991 жылы 29 тамызда Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы тарихи шешімі қабылданды. Бұл күнді БҰҰ-ның бас Ассамблеясы 2009 жылы желтоқсанда Қазақстанның ұсынысы бойынша ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялауға шешім етті. Қазір бүкіл әлем Қазақстанда ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш мемлекет ретінде таниды.
Қазақстанда ұлттық валюта – теңге іске асырылды, еліміздің экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосты.
Еліміздің мемлекеттік шекарасы белгіленіп, көршілес мемлекеттермен бұл тұрғыдағы құжаттарға қол қойылып, мемлекетіміздің қауіпсіздігі нығайтылды.
Қазақстан аумағының орталығында елдің, жердің тұтастығын сақтау мақсатында жаңа Астана салынды. Осындай жетістіктер мен табыстар Қазақстанда әлемге танытты. Республикамыздың жедел өркендеу қарқынына дамыған елдердің қайраткерлері де оң бағасын беруде.
Еліміздің аз уақытта өркендеп, өркениетті елдермен терезесі тең болуына сүбелі үлес қосқан еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Н. Назарбаев еліміздің егемендігін тұңғыш жариялап қана қоймай, ерлікті еңбекпен, даналықты ілемдік саясатпен ұштастырды, елдің ел болып өркен жаюына, өркениетті мемлекет дәрежесіне танылуына білімі мен билігін, ойы мен парасатын, күш-қуаты мен жігерін жұмсап отырған киелі қайраткер.
Президентті Н. Назарбаев мемлекет басшысы ретінде елдің ішкі және сыртқы саясатының бағыттарын кемеңгерлікпен айқындап, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік жүргізу құқығын Қазақстан Республикасы Конституциясына сай жүзеге асырып келеді.
Президент Н. Назарбаевтың алдына қойған ең басты мақсаты да адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын Конституцияға сәйкес іске асырылуы, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ел бірлігін сақтау, мемлекеттің экономикасын және саяси жүйесін дамыту, халықтар достығын нығайту, елімізді өркениетті елдер қатарына қосу екені баршаға аян.
Осыған орай Президенттің тікелей жарлығымен «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму жоспары бекітілді. Осы жоспарда мынандай жеті ұзақ мерзімді басымдылық айқындалған: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық және қоғамның топтасуы; шетел инвестициялары мен ішкі жинақтардың деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикалық өсу; Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты; энергетика ресурстары, инфроқұрылым, әсіресе көлік және байланыс; кәсіби мемлекет. Осы басымдықтар елдің өркендеуінің, дамуының, халықтардың беделінің артуының негізіне айналды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» бекітілді. Бұл жоспар Қазақстанның өркендеуінің, гүлденуі мен қауіпсіздігінің артуының, экономикалық биікке көтерілуінің, құқықтық мемлекет орнатуының алғы шарты болып отыр.
Мемлекетіміздің атынан өкілдік етіп келе жатқан ең жоғары лауазымды тұлға Президент Н. Назарбаев еліміздің абыройын, атағын асқақтаттып, Отанымыз Қазақстанның беделінің асқақ көрінісінің бірі – Қазақсттанның 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі болып табылады, ал 2011 жылы халқының саны 1,5 млдр адамды құрайтын 57 мемлекетті біріктірген. Қазақстан Ислам Конференция ұйымына төрағалық етті.
2012 жылы 14-желтоқсандағы Елбасының “Қазақстан-2050 стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси бағыты” атты халыққа жолдауында еліміздің XXI - ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30-елінің қатарына қосылу қажеттілігін паш етті.
2012 жылы 22 қарашада Халықаралық көрмелер бюросының №152 Бас Ассамблеясында өткізілген құпия дауыс беру нәтижесінде 163 мемлекет арасынан 103 дауысты иеленген Қазақстан 2017 жылы кезекті халықаралық “ЭКСПО” көрмесін Астанада өткізу құқығына ие болды. Алдағы осы көрмеге жүзден астам мемлекеттерден 8-миллионнан астам туристтер келеді деп болжануда. “ЭКСПО-2017” көрмесі Қазақстанның жетістіктерін әлемге тағы да танытары сөзсіз.
Бұл халықаралық көрменің дайындық барысын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі тікелей қадағалап отыр.
Оның үстіне үстіміздегі жылы өткен “Нұр-Отан” партиясының XV съезінде елімізді одан әрі дамыту, өркендету жолын көрсеткен Доктрина қабылданды. Мұның бәрі біздер, Қазақстандықтар үшін зор мақтаныш.
Елбасының беделі – елдің берекесі. Барды бағалай білу елін, мемлекетін сүйген әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Осыған орай өткен сайлауларда еліміздің Президенттігіне Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тағы бірнеше рет сайланғаны өте қуанышты оқиға. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл жоғары лауазымға өте лайық ерекше тұлға. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз биігіне қажырлы еңбекпен, ақыл-парасатымен, адамгершілігімен, ұлтжандылығымен, өз жерін, елін жан-тәнімен сүйгендігімен сатылап жеткен ұлы қайраткер.
Өткен 2012 жылы Қазақстанның БҰҰ-ның Адам құқықтарымен жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайлануы Елбасының биік беделінің тағы бір көрінісі болды.
2013 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Евразиялық одақ құрылды. Ежелден достығы жарасқан мемлекеттер Беларусь, Ресей, Қазақстанның экономикалық одағы құрылып мемлекеттер дамуының, өркендеуінің алғы шарты жасалды. Қазіргі кезде бұл одаққа кіруге тілек білдіруші мемлекеттердің саны арта түсуде. Осы одақтың құрылуы да Қазақстанның тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың даналық саясатынан, алысты болжайтын көрегендігінің айқын көрінісі. Ел-жұрты кұрметтеген, халқына қадірі асқан, мемлекет дамуының ұйымдастырушысы болған тұңғыш Президент-Елбасының конституциялық құқығы заңмен қорғалады. Мысалы, 2014 жылы қабылданған, 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енетін Қылмыстық кодекстің 177-бабында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің – Елбасының өміріне, оның қызметіне кедергі жасау, осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жасалған қол сүғушылықтар үшін, Қылмыстық кодекстің 373-бабында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентін-Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзге де қол сұғу, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің-Елбасының бейнесін бүлдіру, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті – Елбасының заңды қызметіне кедергі жасағаны үшін арнайы жауаптылық белгіленген.
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан Эволюциялық жолмен, бейбіт дамудың нәтижесінде саясатта, экономикада, халықаралық қатынастарда тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен биік белестерге көтерілді. “Тәуелсіздік – ел тілегі, ал елбасы – ел тірегі” екенін өмірдің өзі растап отыр. Қазақстанның бір тұтастығын, демократиялық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет екендігін, адам құқықтарымен бостандықтарының үстемдігін паш еткен Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы күнін тойлау өте орынды, қуанышты оқиға. Өйткені тәуелсіз Қазақстанда Президент біреу, ал ел халқы оған әр уақытта тіреу. Қазақстанның өркендеуіне, дамуына өркениетті озық елге айналуына үлес қосу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Олай болса мереке құтты болсын, еліміз өркендеп, дами берсін.
Достарыңызбен бөлісу: |