Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!



Дата25.02.2016
өлшемі151.26 Kb.
#24694



Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!


Егемен Қазақстан, 15.12.2013

Тәуелсіз Қазақстанның жеті қазынасы

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі

Кеше елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залын­да 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын болып өтті. Жиында Қазақстан Республикасының Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

Қымбатты отандастар!

Құрметті қазақстандықтар!

Барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мереке – Тәуелсіздік күні құтты болсын!

22 жыл бұрын біз Мәңгілік Ел болудың бірегей қадамын жа­садық. Дүйім дүниеге тәуел­сіздігімізді жария еттік.

Бұл – ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн.

Бұл – ұрпақтарымыз ұлы елдің ұланы, азат елдің ақиығы атануына жол ашылған қастерлі күн.

Бұл – тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн.

Тәуелсіздік – тәуекелі жет­кен­дердің ғана пешенесіне бұйы­­ратын бақыт. Бүгін Мәңгілік Еліміз­дің жаңа ғасырдағы жаңғыру жолы – «Қазақстан-2050» Стратегиясы дүниеге келген күн.

Құрметті қазақстандықтар!

1991 жылдың 16 желтоқ­са­нында әлем ұлттары шоқжұл­ды­зында жаңа жұлдыз – Қа­зақстан Республикасы жанды. Осы күні біз өзіміздің Қазақстан Жолын бастадық. Біз ұлы миссияны жүзеге асырдық – Тәуел­сіздіктің көш бастаушылары болдық. Уақыт – зымыран. Тәуелсіз Қазақстан дүниеге келген сәттегінің бәрі бүгін Мәңгілікке алыс­тап бара жатқан Тарих. Сол кездегі уақыт туралы біз қазіргі ұлы жетістіктерді салыс­тырып пікір айтамыз. Жиырма екі жыл бұрын біз тек экономикамызды көтере аламыз ба деп армандаған едік. Ал осы жылы Қазақстан әлемдегі бәсекеге аса қабілетті елуліктің қатарына енді.

Тәуелсіздіктің таңсәрісінде біз ешқандай да әлемдік рейтингке енбейтінбіз. Біздің халықаралық рейтингіміз іс жүзінде нөлге тең еді. 2006 жылы мен дамыған елдердің «елулігіне» ену міндетін қойған кезде елімізде және шетелдерде талай адам бұл қадамға күдік-күмәнмен қарады. Бірақ ақиқат ақиқат күйінде қала береді: біз бұл міндетті бар-жоғы жеті жыл ішінде шештік!

Тәуелсіздіктің алғашқы таңы атқанда бізде өзіміздің жас валютамызды қолдау үшін өз қаржымыз тіпті атымен жоқ болатын. Биыл біз Қазақстан теңгесінің 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Тұрақты қаржы жүйесі табысты жұмыс істеп тұр. Елдің жиынтық халықаралық резерві өсу үстінде. Жақын арада олардың көлемі 100 миллиард доллардан асып, тарихи рекордқа жететін болады.

Осы жылдар ішінде біз тиімді өңірлік сая­сатты жолға қойып, барлық облыстардың өсу қарқынын теңдестірдік. Осы жылы алғаш рет жергілікті әкімдер сайлауы өтті. 7 мыңнан астам кандидат қатысқан сайлау­ларда мәслихаттар екі жарым мыңға жуық аудандық маңыздағы қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен селолар әкімдерін сайлады. Бұл – еліміздегі әкімдердің жалпы санының 91%-ы.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде сол кезде шеті де шегі де жоқ болып көрінген аса ауыр әлеуметтік проблемаларды біздің қашан және қалай шеше алатынымызды көп адамның көзіне елестетуінің өзі қиын еді. Бүгінде Қазақстанда халықтың әл-ауқатының сапасы артып келеді, адамдардың табыстары да ондаған есе өсті. Қарапайым цифрға назар салайық. 2000 мен 2013 жылдар аралығында қазақстандықтар бүкіл әлем бойынша шамамен 61 миллион рет шетелдік іскерлік және туристік сапарларға шыққан. Осы жылдар ішінде біздің елімізге шамамен 46 миллион шетелдік мейман келген. Бұл, бәрінен бұрын, біздің азаматтарымыздың арта түскен игілігі мен біздің Отанымызға жаһандық қызығушылықты көрсетеді.

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақстандықтар әлемнің 33 елін­дегі үздік жоғары оқу орындарында оқиды. Болашақтықтар қазірдің өзінде 10 мың адамнан асып отыр. Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) деректері бойынша, 2012 жылы 65 мың қазақстандық түрлі әлемдік уни­верситеттерде білім алды. Бұлар – болашақтықтардан басқа оқуының құ­нын ата-аналары төлеген ондаған мың жас қазақстандықтар. Осының барлығына қа­зақстандықтардың әл-ауқаты мен мүм­кін­дігінің артуының арқасында қол жетті.

Әлемдік экономика үшін дағдарысты болған соңғы 4 жылда біз мұғалімдердің орташа айлық жалақысын 2 есеге жуық көтердік. Бізде 22 жылда нағыз автомобильдік революция жүзеге асты. Егер 1992 жылы жеке иеліктегі жеңіл автомобильдер 885 мың болса, 2013 жылы олардың саны 3 миллион 600 мыңды құрады. Бұл – өсім 4 еседен астам деген сөз.

Жиырма екі жыл бұрын Қазақстанға демографиялық құлдырау болжанған еді. Бірақ бұл болжам, басқа да көптеген сұрқайлықтар секілді, ақталған жоқ. Тәуелсіздік жылдарында біздің елде 6 миллион 736 мың сәби өмірге келді! Біздің дәрігерлер дайындауға және, тұтастай алғанда, денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып отырғанымыздың арқасында тек биылғы жылдың 9 айында Қазақстанда жүрекке 40 мың түрлі операциялар жасалды. Олардың шамамен 10 мыңы ашық жүрекке жасалды! Осының барлығы тегін жасалады, демек, мемлекеттің ақшасына деген сөз! Бұндай жағдай әлем елдерінде жоқ! Осы жылдарда «Болашақ» бойынша 560 білікті дәрігер дайындалды. Және олардың әрқайсысы адамдарды емдеп, жас мамандарға ақыл-кеңестерін айтады, тағылымдамадан өткізеді. Осының барлығы – денсаулық сақтауды дамыту, ана мен балаға, қарт адамдарға қамқорлық жасау жөніндегі жиырма жылғы жоспардың нақты нәтижесі. Ең басты нәтиже – орташа өмір сүру жасы өсіп, өлім азаюда, ел халқының саны артуда. Бұл – біз мақтана алатын негізгі және басты көрсеткіш.

Жиырма екі жыл бұрын біз дамудың дұрыс векторын таңдадық. Ұлы Ел жобамызды біз «Қазақстан-2030» Стра­тегиясында негіздедік және оны мерзімінен бұрын, бір жарым онжылдықта жүзеге асырдық. Тәуел­сіз­дік бізге болашаққа батыл қарауға, алдағы перспективаларды айқын көруге мүмкіндік берді. Осы ұлы сыйды біз қазір «Қазақстан-2050» Стратегиясының тарихи міндеттерін шеше отырып, толығымен пайдаланудамыз. 37 жылдан соң аяқ басатын 2050 жылғы перспектива қазір алыс сияқты көрінеді, бірақ бұл – қысқа ғана уақыт аралығы. Біз көптеген қиындықтарды еңсере білдік және уақыт әркез біздің одақтасымыз болды. Әрқашан осылай болатынына сенімдімін.



Қымбатты отандастар!

Халқымыз үшін қашанда жеті санының орны бөлек. Жеті ырыс, жеті қабат көк, жеті қазына: айта берсек жеті санына байланысты қасиетті ұғымдар өте көп. Еліміздің жаңа ғасырдағы басты бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясы да жеті басымдықтан тұрады. Тәуелсіздіктің тартуы ретінде халқымыз құн жетпес Жеті қазынаға ие болды.

 Бірінші қазынамыз: Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын ен жайлап, еркін көсілген Мәңгілік Еліміз. Біз шекарамызды шегендеп, іргемізді бекіттік, көршімен тату, алыс­пен сыйлас, ісі ілгері басқан жасампаз Ел болдық. Біздің мұратымыз – Мәңгілік Еліміздің асқақ болмысын аялап, 21-ші ғасырдың төріне оздыру.

Басты игілігіміз – біздің қасиетті де лайықты еліміз – Мәңгілік Ел. Он төрт мың километрден астам талас тудырмайтын шекарамыз біздің Отанымызды біртұтас монолитке шегендеді. Шека­рамыз барлық шектес елдермен ізгі көр­шілестіктің шебіне айналды.



Екінші қазынамыз: Ел бірлігі. Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық төрімізге озды. Барша этностар ел иесі – қазақ ұлтының маңына ұйысты. Тегі бөлек болғанмен тілегі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір тұтас халық құралды. Бірлік, береке – біздің баға жетпес байлығымыз, құн жетпес қазынамыз. Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болса еліміз тарих төрінен табылады.

Тәуелсіздік халықты Ассамблеяның – бейбітшілік пен келісімді сақтаушының біртұтас шаңырағының астында тұтас­тыра түсті. Біздің рухани бірлігіміз – зайыр­лы мемлекет пен қоғамның басты іргетасы.



Үшінші қазынамыз: тәуелсіздікпен бірге түлеген төл мәдениетіміз бен туған тіліміз.

Азаттықпен бірге ұлттық рухымыз асқақтады, мәдениетіміз мәңгілік құндылыққа айналды. Ата дініміз оралып, ана тіліміз тұғырына қонды. Қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі ғана емес, түркі әлемінің жетекші тілдерінің біріне айналып келеді. Аймақтарға сапарларымның бірінде Ассамблеяның қазақша еркін сөйлейтін бір өкілі: «Мен мемлекеттік тілді меңгерумен бірге, 25-тен астам түркітілдес халықтың мәдениетіне есік аштым», деген еді.

Қазір қазақ тілі көрші елдерден өзге Әзербайжан мен Армения, Бе­ларусь, Польша, Мажарстан, Оңтүстік Корея, Германия, Ұлыбритания, АҚШ мемлекеттерінің белді оқу орындарында оқытылады. Бұл мемлекеттердің қатары жыл өткен сайын толығуда. Әйгілі Кембридж университетінде қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті туралы арнайы пән бар. Осының барлығы қазақ тілін өзіміздің құрметтей бастағанымызды және оған қажеттілік күн санап арта түскенін көрсетеді. Мемлекеттің саясаты қазақ тілінің мәртебесін нығайтып, оның қолдану аясын кеңейтуде. Ол отандық ақпарат құралдарының, мемлекеттік қызметтің, интернеттің, ғылым мен білімнің тіліне айналды. Оқушылар мен студенттердің басым көпшілігі қазақ тілінде білім алуда. Қазір барша қазақстандықтардың 70 %-ы мемлекеттік тілді меңгерген.

Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық мәдениетіміз қайта жаңғырды. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, кеткенімізді келтірдік, кемтігімізді толтырдық. Көмбелерімізді аршып, тарихымызды түгендедік. Қазақтың асқақ өнері мен бай мәдени мұрасы әлем халқының рухани байлығына қосылды.



Төртінші қазынамыз: индустрия­лық-инновациялық экономика. Индус­триялық бағдарлама – біздің эконо­микамыздың болашағы.

Бүгінде біздің жеріміздің байлығы бүкіл халықтың игілігінде және соған қызмет етеді, халықтық әл-ауқатының тұрақты артуына жағдай туғызады. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, осы жылы Қазақстан минерал­дық ресурстарды басқару жөніндегі әлемдік рейтингте 19-шы орын алды. Біз жаһандық дағдарыстардың тағылымын жақсы меңгердік. ХХІ ғасырда бар­лық табысты ұлттардың жолын индус­триялық әлеует пен инновациялар айқын­дайды. Сондықтан индустриялық-ин­новациялық дамудың жоғары нәти­жесі – Тәуелсіз Қазақстанның эко­но­микалық бекемдігінің басты мәселесі. Индустрияландырудың алғашқы «бес­жылдығын» жүзеге асыра отырып, біз 200 мыңнан астам жұмыс орны құрылған 700 мүлдем жаңа кәсіпорын салдық. Оған біз 2 триллион 100 миллиард теңге жұмсадық, бірақ бұл кәсіпорындар тек биылғы жылдың өзінде 2 триллион 300 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Осылайша, салынған қаржы қазірдің өзінде өзін өзі ақтап жатыр.



 Бесінші қазынамыз: Ұлттық байлығымыздың, әл-ауқатымыз бен әлеуетіміздің түп негізі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.

Қазақстан мен қазақстандықтардың қолындағы қазіргі барша қазынаға біз тер төге еңбек етудің арқасында жеттік. Еңбек әр адамды мейірбан, ал елді ұлы етеді. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – Тәуелсіздікті нығайту жолындағы күрделі жұмыс барысында туған біздің қазақстандық идеямыз.

Алтыншы қазынамыз: еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің бойтұмары, әсем қаламыз – Астана.

Бүгінде Астана – мемлекет қуатының архитектурадағы бейнесі. Оның жаңа орамдарында, алаңдарында, саябақтары мен сәулеткерлік інжу-маржандарында біздің Тәуелсіздігіміздің Ұлы Тарихы айнадағыдай көрінеді. Сондықтан Астанаға деген сүйіспеншілік – әрбір қазақстандықтың біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасына перзенттік сезімі. Бұл Жаңа қазақстандық пат­риотизм­нің алтын арқауы.



Жетінші қазынамыз: Қазақ елінің абыройын асқақтатып, бүкіл әлемді мойындатқан жаһандық жауапкершілігі мен барша адамзаттық бастамалары.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біздің еліміз өзін әлемге жауап­кершілікке берік егемен держава ретінде танытты. Әлемдік қоғамдастық біздің жаһандық ядролық қауіпсіздікті, мәдениеттер мен діндердің үнқатысуын нығайту туралы бастамаларымызды жо­ғары бағалайды. Үстіміздегі жылы Қазақстан Иранның ядролық бағдар­ламасына қатысты келіссөздер үдерісін­дегі серпінділікке қол жеткізуге өзінің үлесін қосты. Алматыда өткен көпжақты келіссөздердің екі раунды көп жағдайда сенімсіздіктің сеңін бұзса, ол Женевадағы уағдаластықтарға алып келді. Астана ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесін өткізуге дайындық жүргізуде. Осының барлығы біздің Тәуелсіздігіміздің баға жеткізгісіз табысы, оның нақты жемістері мен перспективалары.

Жылға бергісіз күндер, ғасырға бергісіз жылдар болады. Біз үшін өткен 22 жыл дәл осындай кезең. Біз үйренетін ұлттан үйрететін ұлтқа, жығуға емес, жығылмауға ұмтылатын елге айналдық. Ертеңгі ұрпақ бізге бүгінгі ісімізге қарап баға береді. Осы Жеті Қазынамызды дәріптеп, дамыта білсек, ұрпақ алдында жүзіміз жарқын, мерейіміз үстем болады.

Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясының ұлы мақсаттарына ұмтылдық. Әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуға қадам бастық. Оған бізді адастырмай апаратын жалғыз жарық жұлдызымыз – Темірқазығымыз бар. Ол – тәубе дегізетін, тәу ететін біздің ұлы Тәуелсіздігіміз. Тәуелсіздік – жасампаз халқымызға сарқылмас қуат беретін, көзіне нұр, көңіліне шуақ құятын кәусар бұлағымыз. Біз кемеңгерлігі мен көрегендігі, бірлігі мен бірегей мақсаткерлігі қатар өрілген Мәңгілік Елімізді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздіктің туын тігу бақыты мен оны баянды етіп, нығайту міндеті біздің маңдайымызға жазылды.

Біз Мәңгілік Елдің іргетасын қала­дық. Мәңгілік Елдің жүрегіне ай­налған мәңгілік Астанамызды тұр­ғыз­дық. Мәңгілік мызғымас экономика қалыптастырып, Мәңгілік өш­пес жылнама жаздық. Мәңгілік бо­лашаққа жол салдық. Осының бар­лығы тәуелсіздігіміздің тартуы, азат­тығымыздың асыл қазынасы.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!

Мәңгілік Еліміздің келбеті сәнді, еңбегі мәнді болсын!

Күллі халқымызға берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін!



* Қатысушылар лебізі

Бұл – аса жоғары міндет

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы:

– Елбасы бүгінгі, Қазақстан Рес­­публи­касының Ұлттық мерекесі – Тәуел­сіздік күніне арналған салтанатты жиында өте мазмұнды әрі жа­сампаздыққа толы сөз сөйледі. Елі­міздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – ел Тәуелсіздігін жариялады және әлемге Қазақстан мемлекетін құрушы ретінде мойындалды. Оның қажымас күш-жігері мен биік стратегиялық мақсатының арқасында Қазақстан БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі, халықаралық құқық субъектісі ғана емес, прогреске және жаңғырудың айқын жолына түскен табысты мемлекет ретінде құрметке ие болды.

Мемлекет басшысы біздің ал­дымызға әлемдегі ең дамыған 30 мем­лекеттің қатарына ену жөніндегі биік, бірақ қолымыздан келетін міндет қойып отыр. Президенттің ұзақ мерзімді стратегиясына сәйкес, біздің еліміз барлық бағыттарда – экономика, әлеуметтік немесе мәдениет, ғылым және спорт салаларында дами беретін болады.

Бұл мақсатқа жету үшін біздің мемлекетіміздің бүкіл интеллектуалдық ресурстарын пайдалану қажет, көп жұмыстар атқарылуы тиіс. Сондықтан,  Нұрсұлтан Әбішұлы өскелең ұрпаққа сенім артып, мыңдаған жастың Қазақстанда әлемдік деңгейде білім алуына жағдай туғызды және шетелдердің ең үздік оқу орындарына жіберді. Тіпті, жаһандық дағдарыстардың ең күрделі кезеңдерінде де білім саласына бірінші кезекте назар аударылды, дәл осы салаға ауқымды инвестиция салынды.

Тәуелсіздік күні – біздің еліміздің ең басты мерекесі. Ынтымағы жарасқан қазақстандықтар, ұлттық сипатына қарамастан, өз елін дамыған елдердің алдыңғы сапынан көргісі келеді және ортақ Отанымызды қоғамдық өмірдің әр саласындағы жаңа биіктерге бастап келе жатқан Елбасына зор сенім артады. Нұрсұлтан Әбішұлының салтанатты жиындағы ел жүрегінен шыққан сөзі – біздің елдің басшылығында әлемдік қоғамдастықта беделі жоғары, дана және көреген мемлекет қайраткері тұрғанын тағы да дәлелдеді.

Сағила Есенжолова,

Социалистік Еңбек Ері:

– Есіме тоқсаныншы жылдардың орта шені түседі. Сол жылдары жұмысшылар айлықтарына, зейнеткерлер зейнетақыларына қолдары жетпей, ауыртпалық көргенін ұмытпайды. Қазір оның барлығы келмеске кетті деп нық сеніммен айта аламыз. Тәуелсіздіктің арқасында еліміз жан-жақты дамып, өсіп-өркендеді. Елбасымыздың салмақты саясатының нәтижесінде сонау жылдардағы тоқтап қалған өндіріс орындары қайта жұмыс істеді. Жаңадан іске қосылған кәсіпорындар қаншама!

Мемлекет басшысы осы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде «Алдымен – экономика» деген өзінің ұстанымын тағы бір есімізге салып өтті. Егер еліміз саясатты бірінші кезекке қойып, экономиканы кейінге қалдырса, бүгінде не болатынымызды айтудың өзі қорқынышты. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, жақын көршілерімізді алсақ та жеткілікті. Шүкір, аймақтардағы елді мекендердің әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Білім беру мекемелері мен балабақшалар көптеп пайдалануға берілуде. Жастарымыз әлемнің іргелі жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Әсем Астана бой көтерді. Басқа да толайым табыстар мен жетістіктеріміз баршылық. Міне, бұлар тәуелсіздіктің арқасы деп білеміз.

Тоқтасын Мендебаев,

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры:

– Еліміздің тәуелсіздік алғанына 22 жыл болды. Осы жылдар аралығында егемен еліміз кездес­кен қиыншылықтардың барлығын жеңе отырып, адам­зат баласы қызығатын  тамаша жеңістерге қол жет­кізді. Екі онжылдықтың ішінде осындай  биіктерді бағын­дырған мемлекет әлемде  өте сирек кездеседі, тіпті кездеспейді десем, қателесе қоймаспын. Мұның бар­лы­ғы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың әуел бастан дұ­рыс саясат ұстанып, халқымызды сара жолмен бастай білгендігінің арқасы екендігі даусыз. Соның нәтижесін барша қазақстандықтар көріп келеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көптеген қиындықтар болғанын мына біздер, ақсақалдар жақсы білеміз. Бүгінде елімізді әлем жұртшылығы таныды, танып қана қоймай, мойындады да. Міне, бұл әлеуметтік-экономикалық реформалардың сәтті жүргізілгенін әрі сәтті жүзеге асырылып келе жатқанын көрсетеді. Оның басы-қасында Елбасымыз тұрды. Тәуелсіздіктің ең қасиетті ұғым екенін, оны көздің қарашығындай сақтап, ерекше бағалау, қастерлеу қажеттігін болашақ ұрпақ жадынан шығармаса екен деймін.  Тәуелсіздігіміз баянды болғай.

Сәдуақас Есімбай,

зейнеткер:

– Осы жылдар ішінде ел Тәуелсіздігін нығайтып, Қазақстанды әлем елдеріне таныту үшін ұшан-теңіз жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесін бүгінде бүкіл қазақстандықтар көріп те, сезініп те отыр. Бұрын қандай едік, қазір қандаймыз?! Он төрт мың шақырымнан асатын мемлекеттік шекарамыз шегенделді. Ішкі және сыртқы саясатымыз орнықты. Этносаралық ынтымақ, конфессияаралық келісім – басты байлығымыз.

Елбасымыз салтанатты жиындағы сөзінде «Біз үйренетін елден үйрететін елге айналдық» деп атап өткендей, шынында да, бүгінде Қазақстаннан, Қазақстанның тәжірибесінен, дәлірек айтқанда, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатынан үйренетін мемлекеттер көбейе түсуде. Он бір жыл бойы өтпеген ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі, бір-біріне қырын қарап келген діндер жетекшілерін бір үстел басына жинап, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің ұйымдастырылуы, басқа да ірі халықаралық жиындардың Қазақстанда өтуі, біріншіден, тәуелсіздіктің арқасы, екінші жағынан, Елбасымыздың халықаралық деңгейдегі беделінің нәтижесі.

Нұртілеу Иманғалиұлы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Біз алдымен 22 жыл болған Тәуелсіздікке тәуелді екенімізді айтуымыз керек деп ойлаймын. Өйткені, біздер еркіндіктің, бостандықтың не екенін айтып-айтып болдық. Енді соны, әсіресе, жастар тұғырлы, мәңгілік етуге аянбай қызмет жасауы қажет. Барлығымыз сол жолда қызмет ете білсек, ол туған еліңе, халқыңа, Отаныңа жасаған қызмет болып табылады.

Елімізде тәуелсіздікке тәуелді азаматтар қатары көбейген сайын алдымызға қойған мақсат-мұраттарға жетудің жолы да жақындай бермек. Мұндай дұрыс жолмен Президентіміздің басшылық жасап, бастауымен жүріп келеміз. Мысал ретінде Елбасының ұзақ мерзімге арналған «Қазақстан-2050» Стратегиясын айтуға болады. Қысқасы, Тәуелсіздікті, егемендікті бағалай білейік.

Ерлан ИСАБЕКОВ,

Есеп комитетінің бөлім меңгерушісі:

– Тәуелсіздік күні еліміздің ең басты мерекесі болып табылады. 22 жыл, былай қарасаң, онша көп уақыт емес. Солай бола тұрса да, еліміз осы жылдары адам таңданарлық нәтижелерге жетті.

Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялады. Ел халқының алдына жаңа міндеттер қойды. Оны жүзеге асыру оңай шаруа емес. Ол көп күш-жігерді, ұйымшылдықты қажет етеді.

Президентіміз осындай жиындарда ел болашағы жастарда екендігін үнемі айтып жүр. Өйткені, келешекте тәуелсіздікті солар баянды етуі тиіс. Міне, бүгін салтанатты жиын өтіп отыр. Тәуелсіздік болмаса, осындай жиын өтер ме еді? Сарыарқа төсіне Астана қаласы салынар ма еді? Әрине, жоқ. Осының барлығы – тәуелсіздіктің жемісі.



Жазып алған

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.



Елдің ортақ концерті

Ел өміріндегі белесті мерекелерге арналатын салтанатты мәжілістің соңынан берілетін өнер шеберлерінің концерті жайында әдетте сондай концерт өткені жөніндегі бірер сөйлеммен түйіндей салатынымыз болушы еді. Бұл жолы олай етпейін деп отырмыз. Онымыздың соқталдай себебі бар. «Үкіметтік концерт» деп аталатын іс-шаралардың бағдарламасы академиялық қасаң қалыпқа құрылатын, әйгілі Әлібек Дінішевтің тамаша дауысымен осыдан отыз жыл бұрынғыдай әйгілі «Ақбақайды» тағы да тамылжыта айтып беретіні сияқты, белгілі шеберлердің көре-көре көз үйренген, тыңдай-тыңдай құлақтың құрышы қанған белгілі әндерінен тұратын кездері аз емес еді. Бұл жолы олай болмады.

«Қазақстан» залындағы кешегі концерт шын мәнінде бүкіл ел өнер шеберлерінің ортақ концертіне айналды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттің акустикасы керемет сахнасын барлық облыстардағы мәдениет басқармаларының игілігіне ұсынды, осы шешім арқылы Тәуелсіздіктің өңірлердегі өнерді қаншалықты өркендеткенін көрсетіп берді.

Алдымен сахна төріне Атырау облыстық Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптары оркестрі көтерілді. Өзі де өнерге жақын азамат – Бақтықожа Ізмұхамбетов басқаратын облыстың мәдениет қайраткерлері биылғы мамыр айында Атырауда мың адамдық оркестрмен күй орындатып, бар қазақты қайран қалдырған. Одан кейін кезек Батыс Қазақстан облысындағы Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестріне тиді. «Қазақстан» сахнасының төрінен Ақтөбе, Маңғыстау облыстық филармонияларының оркестрлері де жарқырай көрінді. Олардың бірінен кейін бірін төгілдірген Құрманғазы, Дәулеткерей күйлерінің, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков шығармаларының үстіне барлық облыстардың әншілері оркестрлер сүйемелдеуімен небір әдемі әуендерді әуелете шырқады, бәрі де кәсіби тұрғыдан биік деңгей танытты. Сондықтан да кешегі мерекелік концертті оны ұйымдастырушылардың нағыз креативті ізденісінің жемісі, бүкіл ел шеберлерінің бірлесе өнер көрсетуі, Астана төрінде есеп беруі, Тәуелсіздіктің кезекті жылдығына тамаша тартуы дейміз. Айтқандай, салтанатты мәжіліс пен концерттің арасында жұртшылық назарына ұсынылған «Еуразия жұлдызы» атты деректі фильмді де «Хабар» агенттігінің шығармашылық табысы деу­ге әбден болады.



«Егемен-ақпарат».

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет