Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы


Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары



бет5/7
Дата29.02.2016
өлшемі462 Kb.
#30329
1   2   3   4   5   6   7

Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес (бұдан әрі – «Білім туралы» Заң) әзірленді және меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан олардың қызмет тәртібін айқындайды.


      2. Мамандандырылған білім беру ұйымдары дарынды балалардың ғылым, мәдениет, өнер, спорт, әскери іс негіздерін терең меңгеруіне бағытталған элитарлық білім беруді қамтамасыз ететін мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асырады.
      3. Мамандандырылған білім беру ұйымы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ осы Қағидаларға және осылардың негізінде әзірленген жарғыға сәйкес жүзеге асырады. Жарғыны мамандандырылған білім беру ұйымы әзірлейді.
      4. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының негізгі мақсаты – серпінді даму ортасында өзін-өзі белсендіруге дайын бәсекеге қабілетті адамды және дарынды балалардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету.
      5. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының міндеттері:
      1) элитарлық білім беруді іске асыру;
      2) елдің зияткерлік әлеуетін сақтау және дамыта түсу;
      3) дарынды балаларды даралап оқытуды және білім алушылардың мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын сапалы меңгеруін қамтамасыз ету;
      4) дарынды балалардың өзіндік, жобалық және зерттеушілік қызмет дағдыларын жетілдіру;
      5) ұлттық мақтаныш, азаматтық қадір-қасиет, Отанына, өз халқына деген сүйіспеншілік сезімі бар азамат пен патриоттың әлеуметтік белсенді тұлғасын қалыптастыру.
      6. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие қызметін ұйымдастыру нысаны бойынша мыналарға бөлінеді:
      1) мамандандырылған мектептер;
      2) интернаттық мекемесі бар мамандандырылған білім беру ұйымдары;
      3) мамандандырылған мектеп-кешендер.
      7. Қызметін ұйымдастыру нысанына сәйкес мамандандырылған білім беру ұйымдарының негізгі түрлері мыналар болып табылады:
      1) мамандандырылған мектеп;
      2) мамандандырылған лицей (мамандандырылған мектеп-лицей);
      3) мамандандырылған гимназия (мамандандырылған мектеп-гимназия);
      4) мамандандырылған мектеп-интернат;
      5) мамандандырылған мектеп-лицей-интернат;
      6) мамандандырылған мектеп-гимназия-интернат;
      7) мамандандырылған музыка мектеп-интернаты;
      8) мамандандырылған спорт мектеп-интернаты;
      9) мамандандырылған әскери мектеп-интернат;
      10) қазақ-түрік лицейі;
      11) мамандандырылған мектеп-кешен.
      8. Мамандандырылған білім беру ұйымының мынадай бағыттары бар: жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық, экономикалық, технологиялық, музыкалық, көркем-эстетикалық, әскери, спорттық.
      9. Мамандандырылған білім беру ұйымы білім берудің жаңа мазмұнын іздеуді, әзірлеуді, оны енгізу нысандары мен әдістерін, эксперименттік оқу бағдарламалары мен жоспарларын сынақтан өткізуді ұйымдастыратын шығармашылық зертхана болып табылады.

2. Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

Қызметті ұйымдастыру

      10. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын құру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      11. Мамандандырылған білім беру ұйымы өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес білім деңгейі бойынша берілген лицензияның негізінде жүзеге асырады.
      12. Мамандандырылған білім беру ұйымы дербес заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өз атауы жазылған мөрі, ағымдағы шоты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген басқа да шоттары болады.
      13. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының қызметін жүзеге асыру үшін жоғары білікті кадрлардың, қажетті материалдық-техникалық базаның және білім беру процесін тиісті оқу-әдістемелік қамтамасыз ету және ғылыми сүйемелдеу болуы қажет. Даму мүмкіндігі шектеулі дарынды балаларды оқыту үшін олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қажетті жағдайлар жасалады.
      14. Педагог қызметкер жыл сайынғы медициналық тексеруден, сондай-ақ бес жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.
      Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды білім беруді басқарудың мемлекеттік органдары олардың құзыретіне сәйкес бес жылда бір рет жоспарлы тәртіппен өткізеді.

Білім беру процесі

      15. Мамандандырылған білім беру ұйымындағы білім беру процесін ұйымдастыру білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін мамандандырылған білім беру ұйымдарына арналған үлгілік оқу жоспарлары негізінде әзірленген оқу жұмыс жоспарлары бойынша жүзеге асырылады.
      16. Оқу жұмыс жоспары мен мамандандырылған оқу бағдарламаларын әзірлеуді мамандандырылған білім беру ұйымы дербес жүзеге асырады.
      17. Мамандандырылған білім беру ұйымдары жарғыларында айқындалатын оқытудың нысандарын, құралдары мен әдістерін өздігінен дербес таңдайды.
      18. Мамандандырылған білім беру ұйымы білім алушылардың сұрауларына және кадрлық әлеуеттің мүмкіндіктеріне сәйкес ішкі бейінді пәндер, сондай-ақ қолданбалы курстар мен факультативтердің білім салаларын айқындайды.
      19. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының әр деңгейдегі сынып-комплектілер мен сыныптардағы білім алушылар саны тиісті жағдайлар болғанда қалыптастырылады.
      20. Мемлекеттік (орыс тілінде оқытатын сыныптар үшін) және орыс (қазақ тілінде оқытатын сыныптар үшін) тілдерін,ақпараттық есептеу техникасы негіздерін, ритмиканы, хореографияны, музыканы, дене тәрбиесін, технологияны оқыту, сондай-ақ бейіндік пәндерден зертханалық, практикалық жұмыстар жүргізу кезінде сыныптар 2 топқа, шетел тілдерін және шетел тіліндегі пәндерді оқыту кезінде 3 топқа бөлінді.
      21. Сыныптарды қосымша бөлу, икемді вариативті кесте, деңгейлік бөлу, консультациялар мен таңдау бойынша пәндер жүйесі арқылы жалпы орта білім беру деңгейінде бейінді саралауды жүзеге асыру мамандандырылған білім беру ұйымының толық күн режимінде жұмыс істеуін талап етеді.
      22. Білім алушылардың оқу-тәрбие қызметін тиімді ұйымдастыру үшін 10 сынып-комплектіге психологтың бір ставкасы есебінен психологиялық қызмет құрылады, сынып-комплектілер санын арттыру кезінде психолог ставкасының саны тиісті жылға көзделген жалақы қорының есебінен және оның шегінде артады.
      23. Мамандандырылған білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы және белсенді демалуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзіліс уақыты көзделуі тиіс.

Басқару және кадрлық қамтамасыз ету

       24. Мамандандырылған білім беру ұйымын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға, мамандандырылған білім беру ұйымының жарғысына және құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      25. Мамандандырылған білім беру ұйымын алқалық басқару нысандары педагогикалық кеңес, оқу-әдістемелік кеңес, қамқоршылық кеңес және т.б. болып табылады.
      26. Тікелей басшылықты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тағайындалатын басшы жүзеге асырады.
      27. Мамандандырылған білім беру ұйымының басшысы:
      1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
      3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;
      4) білім беру ұйымы білім алушыларының және тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
      5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын мақсатты пайдаланбағаны;
      6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген өзге де талаптарды бұзғаны үшін жауапты болады.
      28. Мамандандырылған білім беру ұйымының басшысы белгіленген тәртіппен үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.
      29. Педагог кадрлар мен басқа да қызметкерлерді жұмысқа Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес басшы қабылдайды.
      30. Мамандандырылған білім беру ұйымы материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз ету, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша шарттық негізде өзінің қызмет бағытына сәйкес жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелермен өзара іс-қимыл жасайды.
      31. Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері «Білім туралы» Заңмен, жарғымен, Ішкі тәртіп ережелерімен және қызметтік нұсқаулықтармен айқындалады.

Қаржыландыру

      32. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      33. Мамандандырылған білім беру ұйымының қызметін қаржыландыру:
      1) мемлекеттік – жергілікті және республикалық бюджет қаражаты;
      2) заңды және жеке тұлғалардың ерікті жарналары;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін ақылы білім беру қызметтерін көрсетуден және қызметтің басқа да түрлерінен түскен қаражат есебінен жүзеге асырылады.

Халықаралық ынтымақтастық

      34. Мамандандырылған білім беру ұйымы халықаралық қызметке білім беру саласындағы уәкілетті органның желісі бойынша, сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат есебінен өз бастамасы бойынша қатысады.
      35. Мамандандырылған білім беру ұйымы оқыту, тағылымдама өту, тәжірибе алмасу, семинарлар, конференциялар, олимпиадалар жұмыстарына қатысу және т.б. бойынша халықаралық қызметті жүзеге асырады.

Қайта құру және тарату

      36. Мамандандырылған білім беру ұйымын қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің      
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен   
бекітілген      

Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнайы білiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі (бұдан әрі – «Білім туралы» Заң) және «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» 2002 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзiрленді және меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан арнайы бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң тәртiбiн айқындайды.


      2. Арнайы білім беру ұйымдары өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Білім туралы» Заңды, осы Қағидаларды, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
      Мемлекет даму мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға олардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне арнайы жағдайларды қамтамасыз етеді.
      3. Арнайы білім беру ұйымдарына:
      1) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа сәйкес мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім берудің арнайы түзету білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар:
      арнайы мектепке дейінгі ұйымдар;
      арнайы жалпы білім беру ұйымдары жатады.
      Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi оңалту жөнiндегі бiлiм беру процесiнiң қызмет бағыттарының нақты мiндеттерi мен ерекшелiктеріне, сондай-ақ даму мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін iске асырылатын бiлiм беру бағдарламаларының деңгейлеріне байланысты:
      есту қабiлетi бұзылған (естiмейтін, нашар еститiн, кейiннен саңырау болып қалған);
      көру қабiлетi бұзылған (көзi көрмейтiн, нашар көретiн, кейiннен соқыр болып қалған);
      тiрек-қозғалыс аппаратының функциялары бұзылған;
      сөйлеу қабiлетi бұзылған;
      ақыл-ойы кенжелеп қалған;
      психикалық дамуы тежелген;
      эмоциялық-еркi жағынан және мiнез-құлқы бұзылған;
      күрделi бұзылыстары бар, оның iшiнде соқыр-саңырау болып қалған балаларға арнайы мектепке дейінгі және жалпы бiлiм беру ұйымдары құрылады;
      2) арнайы түзету жеке, топтық және шағын топтық дамытушы, диагностикалық бағдарламаларды іске асыратын ұйымдар:
      - психологиялық-медициналық-педагогтік консультация;
      - оңалту орталығы;
      - психологиялық-педагогтік түзету кабинеті.
      Сыныптардың (топтарының) толымдылығы:
      1) есту қабiлетi бұзылған: естiмейтіндер үшін – 8 баладан көп емес, нашар еститiндер мен кейiннен саңырау болып қалғандар үшін – 10 баладан көп емес;
      2) көру қабiлетi бұзылған: көзi көрмейтiндер үшін – 8 баладан көп емес, нашар көретiндер мен кейiннен соқыр болып қалғандар үшін – 12 баладан көп емес;
      3) тiрек-қозғалыс аппаратының функциялары бұзылғандар үшін – 12 баладан көп емес;
      4) сөйлеу қабiлетi бұзылғандар үшін – 12 баладан көп емес;
      5) ақыл-ойы кенжелеп қалғандар үшін – 8 баладан көп емес;
      6) психикалық дамуы тежелгендер үшін – 12 баладан көп емес;
      7) эмоциялық-еркi жағынан және мiнез-құлқы бұзылғандар үшін – 6 баладан көп емес;
      8) күрделi бұзылыстары бар, оның iшiнде соқыр-саңырау болып қалғандар үшін – 6 баладан көп емес.

2. Арнайы білім беру ұйымдарының міндеттері

      4. Арнайы бiлiм беру ұйымдары жалпы бiлiм беру ұйымымен негiзгі мiндеттердi шеше отырып, бiр мезгiлде жоғалтқан функцияларын қалпына келтiруге, бастапқы және қайталама ауытқуды түзетуге, сақталған талдауыштардың функцияларын дамытуға бағытталған бейіндік функцияларды орындайды:


      1) азаматтылықпен отансүйгіштікке, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттiк рәмiздердi құрметтеуге, ұлттық дәстүрлерді қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез-келген көрiнiстерге төзбеуге тәрбиелеу;
      2) балалар мен жасөспірімдердің қоғамда әлеуметтік-еңбектік бейімделуіне, оңалуы мен кірігуіне ықпал ететін өтемдеуіш дағдыларын қалыптастыру;
      3) республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмiрiне қатысу қажеттілігiн, тұлғаның өз құқықтары мен мiндеттерiне саналы қарым-қатынасын қалыптастыру;
      4) әлемдiк және отандық мәдениеттiң жетiстiктерiне баулу, қазақ және республиканың өзге де халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерiн зерделеу, мемлекеттiк, орыс, шет тілдерiн меңгеру;
      5) оқытудың жаңа технологияларын енгiзу, бiлiм берудi ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желiлерге шығу.

3. Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

Қызметті ұйымдастыру

      5. Арнайы білім беру ұйымы дербес заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және өз атауы бар мөрі, ағымдағы шоты және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да шоттары болады.
      6. Арнайы жалпы білім беру ұйымдарының білім беру қызметі ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысандарына қарамастан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензиялауға жатады.
      7. Арнайы білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды құзыреттілігіне сәйкес білім беруді басқарудың мемлекеттік органдары жоспарлы тәртіппен бес жылда бір рет өткізеді.
      8. Арнайы білім беру ұйымдарындағы білім беру қызметін арнайы білімі бар, «Білім туралы» Заңға сәйкес аттестаттаудан өтетін педагогтар жүзеге асырады.
      9. Арнайы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері «Білім туралы» Заңмен, жарғымен, Ішкі тәртіп қағидаларымен және қызметтік нұсқаулықтармен айқындалады.

Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру



      10. Ақыл-ойы кенжелеп қалған (зияткерлік бұзылулары бар) балаларға арналған ұйымдарды қоспағанда, арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие қызметі мемлекеттiк жалпыға мiндеттi білiм беру стандарттарының негiзiнде әзiрленген оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      Арнайы білім беру ұйымында бiлiм беру мазмұны тәрбиеленушiлердiң психикалық-дене дамуының және жеке мүмкiндiктерiнiң ерекшелiктерiне байланысты әзiрленетiн білiм беру бағдарламасымен айқындалады.
      Даму мүмкіндіктері шектеулі балалар үшiн бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң даму ерекшелiктерi мен әлеуеттi мүмкiндiктерiн ескеретiн, психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялар ұсынымдарын ескере отырып айқындалатын арнайы бiлiм беру бағдарламалары әзiрленедi.
      11. Білім беру процесін ұйымдастыру оқу жоспары негізінде жасалады және жылдық күнтізбелік оқу жоспарымен және сабақ кестесімен регламенттеледі.
      12. Білім алушы тұлғасының жеке қажеттілігі мен мүмкіндіктерін ескере отырып, білім беру бағдарламалары арнайы жалпы білім беретін білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқыту, сондай-ақ облыстың жергілікті атқарушы органы берген рұқсатпен экстернат нысанында игерілуі мүмкін.
      Білім алудың әртүрлі нысандарына үйлестіруге мүмкіндік беріледі.
      13. Арнайы білім беру ұйымдарының педагогтары қажет болған жағдайда, ата-аналарға (заңды өкiлдерге) каникул кезінде балаларға арналған түзету сабақтарын ұйымдастыру мәселесі бойынша консультациялар өткізеді.
      14. Есту, көру, тiрек-қозғалыс аппаратының функциялары бұзылған балаларға арналған арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарының құрамында ақыл-ойы кенжелеп қалған (зияткерлік бұзылулары бар) (8 баладан көп емес) және психикалық дамуында бұзылулары бар (12 баладан көп емес)арнайы сыныптар (топтар),арнайы ұйымдардың барлық түрлерінде – кемістік құрылымы күрделі балаларға арналған арнайы сыныптар (6 баладан көп емес)ашылуы мүмкін.
      15. Ақыл-ойы кенжелеп қалған (зияткерлік бұзылыстары бap) балаларға арналған арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінің шешімі бойынша және қажетті жағдайлар болған кезде зияткерлік бұзылыстары бap ақыл-ойы кенжелеп қалған балалар үшін (8 баладан көп емес) арнайы сыныптар ашылуы мүмкін.
      16. Әлеуметтiк-тұрмыстық бағдар бойынша факультативтiк сабақтар өткiзу кезiнде сынып екi топқа бөлiнедi. Қоғамдық пайдалы өндiріс еңбегін ұйымдастыру кезiнде сынып 5-сыныптан бастап оқушылардың еңбекке даярлығы бейiндерiн ескере отырып топтарға бөлінеді.
      Кәсіби-еңбекке оқыту жөнiндегi сабақтар үшін сыныптар бесінші сыныптан бастап, ал ақыл-ойы кенжелеп қалған балалар үшiн төртінші сыныптан бастап екi топқа бөлiнедi. Топтарды еңбек түрлерi бойынша жинақтау білім алушылардың психикалық-дене жағдайы мен мүмкiндiктерiн ескере отырып, дәрiгердiң ұсынымдары негiзiнде жүзеге асырылады.
      17. Арнайы білім беру ұйымындағы сабақ кестесiн арнайы білім беру ұйымының әкімшілігі әзірлейді және бекiтедi.
      Кестеде оқу және жеке түзету сабақтарының күнделiкті саны, ұзақтығы мен бірізділігі көрсетiледі.
      Сабақтардың ұзақтығы белгіленген норманың ұзақтығына сәйкес болады.
      Арнайы білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары сағат 8-ден ерте басталмайды.
      18. Арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беретін ұйымдар мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандартына сәйкес мемлекеттік, орыс және басқа да шет тілдерін оқытумен дамытуды қамтамасыз етедi.
      19. Оқу-тәрбие процесi баланың психологиялық-медициналық-педагогикалық және клиникалық зерделеу деректерiне негiзделген сараланған және жеке тұрғыдан келу қағидаттарының негiзiнде жүзеге асырылады. Балалардың сөйлеуiнiң, назарының, жұмысқа қабiлетiнiң ерекшелiктерiн, олардың даму серпiнiн, білім алушылардың нақты бiлiмдерiн, олардың оқу материалын меңгеруiнiң мүмкiндiктерi мен ерекшелiктерiн анықтауды жүйелi зерделеу білім алушының даму перспективасын айқындау және түзеу жұмысының құралдарын таңдау үшiн жүргiзiледi.
      20. Оқу аптасының ұзақтығын тиiстi бiлiм берудi басқару органының келiсiмiмен педагогтік кеңес белгiлейдi және ол жарғыда бекiтiледi.
      21. Дамуындағы ауытқуларды еңсеру мақсатында арнайы түзету ұйымында топтық және жеке түзету сабақтары жүргiзiледi (логопед, олигофренопедагог, тифло және сурдопедагог).
      22. Арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымының педагогикалық кеңесi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары шеңберiнде оқуда қиындық көретiн білім алушыларға, сол сияқты неғұрлым қабiлеттi білім алушыларға арналған жеке оқу бағдарламаларын және оқу жоспарларын бекiтедi.
      23. Арнайы жалпы білім беру ұйымында еңбекке баулу жұмысшы кадрларға қажеттiлiкке бағдарланған өңiрлiк, жергiлiктi жағдайларға қарай және жеке еңбек қызметiне тәрбиеленушiнi даярлауды қамтитын еңбек бейiнiн таңдау негiзiнде тәрбиеленушiлер мен олардың ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң) психикалық-дене дамуының жеке ерекшелiктерiн, денсаулығын, мүмкiндiктерiн, сондай-ақ қызығушылығын ескере отырып жүзеге асырылады.
      24. Балаларды арнайы бiлiм беру ұйымдарына жiберу ата-аналардың (заңды өкiлдердiң) келiсiмiмен ғана және психологиялық-медициналық-педагогтік консультацияның (бұдан әрi – ПМПК) қорытындысы бойынша жүзеге асырылады.
      Арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымының көмекшi сыныбына (тобына) білім алушылар (тәрбиеленушілер) ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң) келiсiмiмен ПМПК қорытындысы негiзiнде арнайы білім беру ұйымында бiр жыл оқығаннан және тәрбиеленгеннен кейiн ғана ауыстырылады.
      Кемiстiк құрылымы күрделі тәрбиеленушiлерге арналған сыныптар (топтар) арнайы білім беру ұйымында осындай тәрбиеленушiлердiң бiлiм беру процесi жағдайында психологиялық-медициналық-педагогтік бақылаудың барысында айқындалуына қарай жинақталады.
      25. Тәрбиеленушiнi арнайы білім беру ұйымынан басқа бiлiм беру ұйымына ауыстыруды бiлiм берудi басқару органдары ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң) келiсiмiмен және ПМПК қорытындысы негiзiнде жүзеге асырады.
      26. Арнайы білім беру ұйымдарында оқу бағдарламаларын игеру кезiнде ерекше жетiстiктерге қол жеткізген арнайы білім беру ұйымдарының бiтiрушiлерiне үздiк білімі туралы құжаттар берiледi.
      Көру, есту және тiрек-қозғалыс аппараты функцияларының бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы жалпы бiлiм беру ұйымдарының мемлекеттiк қорытынды аттестаттаудан сәттi өткен бiтiрушiлерiне ұйымның мөрi басылған, тиiстi бiлiмi туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжат берiледi.
      Ақыл-ойы кенжелеп қалған (зияткерлік ауытқулары бар) балаларға арналған арнайы ұйымның бiтiрушiлерi ұйымның осы түрi үшін белгіленген үлгiдегi куәлiкті алады.
      27. Арнайы білім беру ұйымының персоналын жинақтау тәртiбi оның жарғысымен және тиiстi нормативтiк құқықтық актілермен регламенттеледі.
      28. Жалпы орта бiлiм берудiң, бастауыш, негiзгі және орта білім беру деңгейлерінің мұғалімдері, арнайы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері үшiн нормативтiк оқу жүктемесi аптасына 18 сағатты, тәрбиешiлер үшiн - 25 сағатты құрайды. Ағымдағы жылы белгiленген оқу жүктемесiнiң көлемін әкiмшiлiктiң бастамасы бойынша осы жылдың аяғына дейiн азайтуға болмайды.
      29. Арнайы білім беру ұйымында медициналық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы ұйымның әкiмшiлiгiмен бiрлесе отырып, тәрбиеленушiлердiң денсаулығын сақтауға және олардың психикалық-дене жағдайын нығайтуға, диспансерлеуге, алдын алу iс-шараларын өткiзуге жауап беретiн және санитариялық-гигиеналық әрi эпидемияға қарсы режимдi, дене тәрбиесi мен шынығуды, тамақтандыруды, оның iшiнде диеталық тамақтандыруды ұйымдастыруды бақылайтын штаттағы медицина қызметкерлерi жүзеге асырады.
      30. Медицина қызметкерлерi педагогтерге тәрбиеленушiлердің денсаулығы мен даму ерекшелiктерiн ескере отырып оларға жеке және сараланған тәсiлдi ұйымдастыруға көмек көрсетедi, медициналық-педагогтік түзеу, еңбекке баулудың бейiнiн таңдау, кәсiби бағдар беру, жұмысқа орналастыру бойынша, ата-аналарға (заңды өкiлдерге) аурудың алдын алу мақсатында үйдегi жағдайда қорғау режимiн сақтау қажеттiлігі туралы ұсынымдар бередi.
      31. Арнайы білім беру ұйымдарында дәрi-дәрмектiк және физиотерапевтiк емдеу, климаттық емдеу және шынығу, емдiк дене шынықтыру, массаж бен психотерапия жүргiзiледi.

Арнайы білім беру ұйымын басқару

      32. Арнайы білім беру ұйымын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға және оқу орнының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
      Алқалық басқару нысандары педагогикалық кеңес, қамқоршылық кеңес, әдістемелік кеңес және басқалар болып табылады.
      Арнайы білім беру ұйымын тiкелей басқаруды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiлеген тәртiппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын басшы жүзеге асырады.
      33. Арнайы білім беру ұйымының басшысы өз жұмысында «Бiлiм туралы» Заңды және басқа да нормативтiк құқықтық актілерді басшылыққа алады. Ұйымның кеңестерi мен басшы арасындағы өкiлеттіліктердiң ара-жігін ажырату бiлiм беру ұйымының жарғысымен айқындалады.
      34. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді және:
      1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
      3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;
      4) білім беру ұйымы білім алушыларының және тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
      5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
      6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауапты болады.
      35. Арнайы ұйымның басшысы оқу орнының жарғысына сәйкес бiлiм берудi басқарудың уәкiлеттi органымен келiсiм бойынша өз орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Оларды тағайындау және босату тәртiбi бiлiм беру ұйымының жарғысымен айқындалады.
      36. Арнайы білім беру ұйымдары оқу-тәрбие процесiн, кадрларды таңдау мен орналастыру, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген нормалар шегiнде дербес жүзеге асырады.
      37. Арнайы білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары, мiндеттерi, әлеуметтiк кепiлдiктерi мен жеңiлдiктерi «Бiлiм туралы» Заңда және өзге де нормативтiк құқықтық актілерде айқындалады.

Арнайы ұйымның материалдық базасы, қаржыландыру

      38. Арнайы білім беру ұйымдарын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      39. Арнайы білім беру ұйымдары жергiлiктi жағдайларға қарай қосалқы шаруашылық, оқу-тәжiрибе учаскесін және оқу-өндiрiстiк шеберханалар құра алады.

Қайта ұйымдастыру және тарату

      40. Арнайы білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің      
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен   
бекітілген      


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет