Тыныс алу жүйесі
Тыныс алудың маңызы. Тыныс алу жүйесі өте маңызды-газ алмасу қызметін атқарады, ал газ алмасусыз тіршілік ету мүмкін емес. Организм мен сыртқы орта арасындағы оттек түсіп, көмірқышқыл газының шығарылуымен байланысты жүретін газ алмасу процесі тыныс алу деп аталады. Оттек органикалық заттарды тотықтыруға және ыдыратуға керек, осы кезде энергия бөлініп, көмірқышқыл газы мен су түзіледі. Бұл энергия организмнің тіршілік әрекетінің барлық процестеріне жұмсалады. Оттектің ұлпаға түсіп, көмірқышқыл газының шығарылуы қан арқылы қамтамасыз етіледі. Қан мен атмосфералық ауа арасындағы газ алмасу тыныс алу мүшелерінде жүреді.
Тыныс алу мүшелерінің құрылысы. Тыныс алу мүшелеріне мұрын қуысы, аңқа (носоглотка), көмей (көмекей), кеңірдек және бронхылар жатады. Бұлар-ауа тасымалдайтын жолдар. Сонымен қатар өкпе жатады. Өкпеде газ алмасу жүреді.
Танау арқылы ауа сүйек-шеміршек қалқасы арқылы екі бөлікке бөлінетін мұрын қуысына түседі. Әрбір бөлікте-қалқада мұрын қуысының ішкі бетін ұлғайтатын үш мұрын қалқаны орналасады. Ол тербелмелі эпителийлі сілемейлі қабықпен жабылған және көп қан тамырлары бар. Тамырлармен аққан қан дем алған ауаны дене температурасына дейін жылытады. Сілемейлі қабық бөлетін сілемей ауаны ылғалдайды және шаң-тозаң мен микроорганизмдерді тұтып қалады.
Сілемейде тұтылған микробтарды лейкоциттер фагоцитоздайды, содан кейін эпителий кірпікшелері арқылы шаңмен бірге сыртқа шығарылады. Мұрын қуысының сілемейлі қабығында иісті қабылдайтын иіс сезу жүйкелерінің ұшы болады. Мұрын қуысынан жылытылған, ылғалданған және тазартылған ауа аңқа мен жұтқыншақ арқылы көмейге түседі. Жұтылған ас тыныс жолдарына түспеуі үшін көмейге кіреберіс жер шеміршекті көмей қақпашығымен (надгортанник) жабылады.
Көмей ауаны жұтқыншақтан кеңірдекке өткізеді. Ауыз қуысындағы мүшелермен бірге көмей дыбыс түзу және айқын сөйлеу қызметін де атқарады.
Көмей- іші қуыс түтік, ол мойынның алдыңғы бөлігінде IV-VI мойын омыртқалары дейгейінде орналасқан. Көмей қабырғасы сіңір, буын және бұлшық еттермен қосылған бірнеше шеміршектен тұрады. Тағамды жұтқанда көмекейге кіреберіс шеміршекті көмей қақпашығымен жабылады. Ең ірі шеміршек- мойынның алдыңғы бетіне шығып тұратын қалқанша шеміршегі.
Көмейдің дыбыс сіңірлері мен көмей қақпашағынан басқа ішкі беті тербелмелі эпителийлі сілемейлі қабықпен қапталған. Көмей шеміршектері арасында екі дыбыс сіңірлерін түзетін сілемейлі қабаттар болады. Олардың арасындағы кеңістік дыбыс саңылауы деп аталады. Дауыс дыбысы тыныс шығарған кезде дыбыс сіңірлерінің тербелісі нәтижесінде пайда болады. Дауыс түрі мен оның тембрі дыбыс сіңірлерінің ұзындығына байланысты.
Көмейге ас бөлшектері немесе басқа заттар түскенде, сондай-ақ қабыну процестерінде адам жөтеледі де күшті дем шығарылады. Бұл көмейдің тазартылуына әсер етіп, тыныстың төменгі бөлімдеріне зиянды заттардың енуіне кедергі келтіреді. Көмейдің төменгі бөлімі VI-VII мойын омыртқалары тұсында кеңірдекке өтеді.
Кеңірдек- ұзындығы 9-13 см, диаметрі 15 мм, өңештің алдында орналасқан түтік. Ол кеңірдек қабырғасының қабысып қалуына кедергі келтіретін шеміршекті жартылай сақиналардан тұрады. Кеңірдектің артқы жұмсақ қабырғасы өңешке жанасады да, астың өңешпен еркін жылжуына мүмкіндік береді.
V кеуде омыртқасы деңгейінде кеңірдек негізгі екі бронхыға бөлінеді.
Бронхылар оң және сол жақ өкпеге кіреді, содан кейін өкпеде тармақталып, бронхы ағашын түзеді. Ең ұшындағы жіңішке бұтақшалары бронхиола деп аталады да, альвеолармен аяқталады. Кеңірдек пен бронхиола да сілемей бөлетін тербелмелі эпителиймен жабылған. Кірпікшелер сілемей мен микроорганизмдерді жұтқыншаққа бағыттайды да, сонда жұтылады.
Өкпенің құрылысы мен қызметі
Өкпе- кеуде қуысында орналасқан шымыр, кеуекті жұп мүшелер. Оң жақ өкпе бөлікаралық жүлгелермен бөлінген үш бөліктен, ал сол жақ өкпе екі бөліктен тұрады. Өкпенің сыртқы дөңес бетін қабырғалар қоршайды, ал ішкі, ойыс, жүрек жақ бетінде өкпе қақпасы орналасқан. Өкпе қаңқасы арқылы негізгі бронхылар, өкпе артериялары, жүйкелер кіріп, веналар мен лимфа тамырлары шығады. Өкпенің сыртқы жұқа қабықшамен-екі жапырақшадан тұратын өкпеқаппен (плерва) жабылған. Өкпеқаптың сыртқы жапырақшасы кеуде қуысының ішін астарлайды, ал ішкі жапырақшасы бүкіл өкпені қаптайды. Жапырақшалар арсында аз мөлшерде өкпеқап қуысы бар. Сүйықтық өкпенің тыныс қозғалысы кезінде жапырақшалардың үйкелісін азайтады. Өкпеге кіретін бронхылар тармақталып, бронх ағашын түзеді, бронх бұтақшаларының ұшында альвеолалар-өкпе көпіршіктері болады.
Альвеолалар-диаметрі0,2-0,3 мм, тереңдігі 0,06-0,3 мм, ауаға толы өкпе көпіршіктер. Альвеола қабырғасы бір қабатты эпителийден тұрады, сырты капиллярлардың қалың торымен шырмалған. Капиллярлар мен альвеолалардың жұқа қабырғасы арқылы газ алмасу жүреді. Адам өкпесінде, шамамен, 700 млн альвеола бар. Альвеоланың ішкі бетіне эпителий жасушаларынан түзілген жұқа қабыршық қапталған. Осы қабыршаққа байланысты көпіршіктер қабысып қалмайды., тұрақты көлемі сақталады. Қабыршақ микроорганизмдерден де қорғайды, содан кейін өзі сіңіріледі немесе сыртқа қақырық түрінде шығарылады.
Өкпедегі газ алмасу. Адам құрамында 21% оттек6 79% азот6 0,03% көмірқышқыл газы бар атмосфералық ауамен тыныс алады. Дем шығарғандағы ауада 16% оттек, 4,0% көмірқышқыл газы және 79% азот болады. Дем алғандағы және дем шығарғандағы ауа құрамындағы оттек пен көмірқышқыл газының айырашылығы-өкпедегі газ алмасу нәтижесі болып табылады. Өкпеде газ алмасу диффузия жолымен жүреді. Өкпе капиллярына түскен вена қанында оттек аз, кқмірқышқыл газы көп. Сондықтан альвеола ауасындағы оттек қанға араласады, ал көмірқышқыл газы қаннан өкпе альвеоласына түседі. Өепедегі газ алмасуды сыртқы тыныс алу дейді. Қандағы оттек эритроциттерге өтеді де, гемоглобнмен берік емес байланысып, оксигемоглобин түзеді. Вена қаны артерия қанына айналады да, өкпе венасы арқылы жүрекке, одан қанайналымның үлкен шеңберінің тамырларына түседі. Көмірқышқыл газы альвеоладан ауа тасымалдайтын жол арқылы сыртқа шығарылады.
Ұлпалардағы газ алмасу. Оттекте қаныққан артерия қаны қанайналымның үлкен шеңберімен организмнің барлық ұлпаларына тасымалданады. Ұлпаларда оттек, оттек концентрациясы жоғары капиллярлардан ұлпа сұйықтығы арқылы жасушаларға диффузияланады да, тотығу процестерінде қолданылады. Көмірқышқыл газы ұлпа жасушаларынан капиллярларға ұлпа сұйықтығы арқылы диффузияланады. Ұлпадағы газ алмасуды ішкі тыныс алу дейді.
Артерия қаны вена қанына айналып, қуыс веналар арқылы жүрекке, әрі қарай қанайналымның кіші шеңберіне өтеді. Күні бойы адам пайдаланатын оттек пен көмірқышқыл газының мөлшері дене белсенділігіне және денсаулық күйіне байланысты өзгеріп отырады.
Тыныс қозғалыстары. Өкпеде бұлшық ет ұлпалары жоқ, сондықтан олар өздігінен жиырыла алмайды. Тыныс алу қозғалыстары, негізінен, қабырғааралық бұлшық ет пен көкеттің жиырылуы арқылы қамтамасыз етіледі. Көкет дегеніміз-кеуде қуысын құрсақ қуысынан бөлетін күмбез тәрізді бұлшық ет. Тыныс алғанда қабырғааралық бұлшық еттер жиырылып, қабырғаларды көтереді, көкет жайпақ болып, құрсақ қуысындағы мүшелерге қысым түсіреді. Нәтижесінде кеуде қуысының көлемі артып, өкпеқап қуысындағы қысым төмендейді. Осы кезде өкпе кеңейіп, қысым азаяды да, атмосфералық ауа өкпеге барады. Тыныс алу іске асырылады. Тыныс алуға бронхылар, кеңірдектің шеміршекаралық бұлшық еттері, омыртқа жотасының бұлшық еттері, иық белдерінің бұлшық еттері, т.б. қатысады.
Тыныс шығарғанда тыныс алу бұлшық еттері босаңсиды, қабырғалар басылады, көкет көтеріліп, дөңес болып, кеуде қуысының көлемі кішірейеді. Сонымен қатар өкпе көлемі де кішірейіп, ондағы қысым жоғарылап, атмосфералық қысымнан сәл артып, ауа өкпеден шығарылады. Осылай тыныс шығарылады.
Тыныштық күйінде ересек адам минутына 16-18 тыныс алу қозғалыстарын жасайды.
Ақтөбе қаласы
Мәнжазба
Тақырыбы:Тыныс алу жүйесі
Пәні:Биология
Класы:8 «Ә»
Орындаған:Өтеуова Н
Тексерген:Уликова К
2009-2010 оқу жылы
|
|
Ақтөбе қаласы
Мәнжазба
Тақырыбы:Абылай хан
Пәні:Қазақстан тарихы
Класы:8 «Ә»
Орындаған:Өтеуова Н
Тексерген:Шекерова А
2009-2010 оқу жылы
|
|
Достарыңызбен бөлісу: |