Төкеев Бертай Есмаханұлы Қайырымдылық пен қатігездік



бет1/3
Дата01.07.2016
өлшемі197.5 Kb.
#171353
  1   2   3
Төкеев Бертай Есмаханұлы
Қайырымдылық

пен қатігездік

Қайырымдылық пен қатігездік
Түн ортасында тұңғиық ойда отырған Айзат ана қиялы қияда қалықтап , өткен күндер елесінде, еске алу кемесінде жүзді .

Мүлгіген қараңғы тыныштық жеке бөлмедегі оны сырласуға шақырғандай. Алыстағы терезеден көрінер қала шамдары үміт сәулесіндей жарқырап, сырттағы сары уайым күз сағынышқа бөледі.



-Ия, табиғат ұстаз адамзат баласына көп нәрсені үйретіп, қадірлі қасиетке қадымдатып, жақсылықтарға жетелейтінін санамызбен сараптап, саралай алар ма екенбіз ?...

Айзат ана көрікті көктемді адамның сәби шағы, жаймашуақ жаз-жалынды жастық шақ, сары ала күз-адамның ой тоқтатып, өткен күнге есеп берер, еткен еңбектің жемісін көрер сәт екенін ұқты. Алдағы қаһарлы әппақ қыс арқылы имандылық пен парасаттылыққа толы қадірлі қариялыққа қадым басар күннің де алыс емес екенін түсінді.

Ерекше алаңдатқан өткен күндер елесі, қайырымдылық пен қатыгездікке толы уақиғалардың ойына оралуы оны толғаныс толқынында толқытты...
* * *

-Шіркін жастық шақ...

Қызуы мен қуаты мол бұл кезең ойланбас ойға, сандалтар сайға, қия алмас қиынға, сарқылмас сауыққа, ұға алмас қауіпке жетелер алмағайып жалынның ортасы екенін бір жас білер, бір жас білмес.

«Әр күніміз мәнді, әр түніміз сәнді»-деп ұғатын жастар күндіз күлкіге, түнде ойын сауыққа қарық. Студент болған әрбір үйдің еркесі мен әр ауылдың серкесі сауыққа себеп, жиынға желеу іздер.

Жастықтың жалынымен, ақкөңілділіктің арынымен қаншама жастың тағдыры тасқа соғылды, жанары жасқа малынды. Ешнәрсенің қадіріне жетпес қызбалық, қайран қайта оралмас жастық шақ жүрекке жүк түсірерін, денсаулықты құртып, бүк түсірерін көп сәтте білмес те, аңғармас та.


* * *

Сол бір кезеңдерде Шымқаладағы орталық саябақтағы би алаңына жастар лық толатын. Жігіттердің шашы иыққа түсіп, қораздардай қоқиланып,өте қымбатқа табылатын джинси кисе, қыздар ақ көйлек киіп, жараса қалушы еді.

Түннің керемет сиқыры ару қыздарды ажарландырып, жігіт пен қыз жүрегі сыртқа тесіп шығардай дүрсілдеп, буына бұлқынатын.

Музыка құдіреті жандарын еріткенде теңіздей толқып, шағаладай қалықтар еді. Әсіресе вальс ырғағымен тербелгенде буындары босап, қан шымырлап, дене қызуы көтеріліп, өн бойы еріп, бастары айналып, жүрек соғысы жиілеп, елжіреу мен емірену сәттерін өткізетін.

Ауылдан келіп студент атанған Бекзат пен ұяңдығы мен ұялшақтығы басым Балзия да осы би алаңында танысқан. Алғаш рет биге шақырылған ару қыз жігіттің салалы саусақтары денесіне тигенде тұла бойы оттай жанып, тыныс алуы жиілеп, жүрегі тұлпардай тулаған. Жүректі тебірентер ән құдіреті, жанға жайлы түн құшағы, сезімге серік қосар серпіле соққан самал, жанындағы жанның жан жылуы Балзияға ерекше әсер етіп, бақытқа бөленгендей.

Жанарлары түйісе қалғанда жүрегінде от лаулап, жан дүниесі жанып тұрғандай сезінген. Жаздың жаймашуақ күндері екі жастың жүректерін, сырлары таусылмас түндері үмітке толы тілектерін жақындастырып, бірі-бірінсіз тұра алмас хәлге жеткізді.

Назын арта мөлдірей қараған сұлудың жанары жігіт жүрегін жандырса, гитара үнімен қосыла жігіт айтқан ән әсем әуенімен, сырлы сазымен көз тоймас көркем қыздың өн бойын өртеді.

Түні бойы қол ұстаса Шымқаланы армансыз аралаған олар көңілге көрік берер, арулардай майысқан ақ қайыңдары мен сәндік ағаштары мол саябаққа жап-жарық айдан қашқандай тығылар еді.

Жоғарғы оқу орнының дене тәрбиесі бөлімінде оқитын Бекзаттың дене бітімі, түр тұлғасы арулардың аңсары ауатындай ерекше жаратылыс. Аттың жалынан қатты қою қара шашы оның қайсарлығын, от шашып жалын атқан көзі бір беткейлігін білдірсе, тартымды таудай алып тұлғасы келісті керім келбетімен үйлесіп, жігіттің сұлтаны бірден көз тартып, қыз жүрегіне шоқ салған.

Балзия да осы бір кезеңдерде ең бақытты сәттерін басынан өткізіп, ерекше нұрланып, бал-бұл жанып, жайнай түскен.

Тағдырының тізгінін Бекзатқа тапсырған ол өзгеше күйде, берік сенімде, балқу, балбырау сәтінде.

- Бекзат аға, өмірім өзіңізбен бірге қызықты да қымбат, мәнді де сәнді. Тек сізбен ғана алдағы күндерімнің бақытын елестете аламын!

- Жаным Балзия, көңілімнің ажарын, бақытымның базарын сенен көремін, сенен танимын.

Қыз жігіт құшағына ене түсті. Иығына жабылған Бекзаттың костюмі оны екі орап алардай, сондай жылы сезілді. Жаздың түнгі самал лебімен тербелген ағаштардың жапырақтары құшағын жая, екі жасты ай жүзіне көрсетпей, жарықтан жасыра түсті.

Аяқтары талды ма, әлде жерді аңсады ма, қос қанаты талған көгершіндей көк шалғынға құлай кеткен жастардың жалыны басылар емес. Мұрынды жара аңқыған жусан мен гүлдер иісі, шырылдауық қара шегірткенің тынымсыз айтылған әуені, жігітінің кеудесіндегі жүрек дүрсілі шабытқа шабыт қосып, рахат сезімге жетеледі. Қан қысымы көтеріліп, басы айналып ентіге есі кетіп, бұлқынған екі жас аймаласудан есі ауып, ләззат шыңынан құлап, есеп беруге құлықсыз еді.

Көзіне қан толған қыран жігіт аруын бауырына қыса аймалай төнгенде, ләззаттан есі кете жан-жаққа қарманып, шалғынды аямай жұлып жатқан қыз жанарындағы мөлдір жас ай сәулесімен моншақтай үзіліп, жерге тамып түсті...

* * *

Боз боран боп жылаған қыз, ентігін баса алмай тұрған жігіт енді ғана естерін жиып, өткен істің өкінішін сезінді. Аямай жаншылған көк шалғыннан костюмін алып, өксігін баса алмай, қалшылдай дірілдеген арудың иығына жапқан жігіт жанарын жасы жуған бойжеткенді бауырына тартып, барлық жылы сөздерін айтқанмен жұбата алар емес.



Бойжеткен жыламай қайтсін? Енді ғана танысып, аз уақыт ішінде ең жақын жанға айналған адамы институт бітіріп, күні ертең жолдамамен алыстағы қарақалпақ еліне аттанғалы тұр.

* * *


- Қайран жастар-ай...

Айдай ажарлары, күндей келбеттері, бойындағы жалындаған күштері мәңгілік тұратындай көрінеді-ау оларға.

«Аяқты жылы, басты салқын ұста»-деген ақылды елемейді де, ескермейді де.

Ата-анасы мәңгілік демеуші болардай сезінетін олар денсаулықтың да қадіріне жете алмай, отқа үйір көбелектей ойнақтап жүріп, от басарын қайтерсің. Жастықтың жалыны, ақкөңілділіктің арыны, серіліктің сағымы жас өткен соң сағынышқа айналып, кәрілік жеткен соң жалыну мен қамығуға, тарығу мен жабығуға, шағыну мен табынуға алып келерін білер ме, ойланар ма екен?

Жас кезде күтілмеген денсаулық қартайғанда оңалар ма?

Балауса, тұнық кезде алынбаған білім қай уақытта алынар?

Өмір заңдылығы қатал.Өзіңе төр дайындасаң, төрге шығасың. Ғажап өмірді тозақ өмірге айналдырып, жақсылықтан жеріп,жамандыққа ерсең, әз басыңды қор қылсаң, алды артыңды ор қылсаң, уақытша баянсыз қызыққа алдансаң,өмірде шығатын төрің көрге айналар...

* * *


Қоштасар сәттегі Балзияның алабұртқан көңілі, дүрсілдей соққан жүрегі ешнәрсені айтқыздырмай, жанарындағы жасын көрсеткісі келмей дидарын бұрып әкетті. Темір жол вокзалы адамдарға лық толы. Кенет үлкен күшпен қозғалған поезд үні, ішке енулерін сұранған жолсеріктің ескертуі, шығарып салушылардың өктем шыққан дауыстары екі жастың құшағын айырып, суық су құйып жібергендей селк еткізген.

Түні бойы өзі көз ілмей тіккен кестелі орамалын Бекзатқа ұсынған еліктей ерекше сұлу қимай, қия алмай, өз өзіне сыймай, сия алмай, жапанда жалғыз қалғандай алыстан құлдырап, жылай жүгіріп, терезедегі жігітінің бейнесін көруге ұмтылып еді.

Жүрдек поезд бірте-бірте жылдамдықта күш ала зымырап, көз ұшында жаспен араласып мөлдір моншақтардай бұлдырап, сағымға айналып, ұзап бара жатты.
* * *

Көп ұзамай-ақ аяғының ауыр екенін сезген Балзия жанын қоярға жер таппай мазасызданды. Көз алдына алыстағы ауылдағы тым ауыр мінезді қатал әкесі мен беттен алып, төске шабар, тез ашуланғыш, күйгелек мінезді анасы елестеген. Жай кездің өзінде болмайтын нәрсеге анасы күйіп пісіп, балағат сөздермен сай сүйегін сырқыратар еді. Сонан соң ешнәрсе болмағандай, тіпті ауыр сөз айтылмағандай жайраң қағып күліп, үйге келген адамға кербез де кердең, сыпайы да сылқым бола қалатын. Адамдарды бөліп, бай адам көрсе жағымпаздана жүгіріп, кедейді көрсе кісілігінен кесапаттығы басым тұрар еді. Әжесінің бауырында өсіп, көп мейірімін сезініп, тәрбие алған Балзия әжесі өмірден өткен соң жадап, жүдеп, қатты жалғызсыраған. Ойын баласы болып, әжесінің

аялауында, ыстық құшағында, еркелете еміренуінде анасының өзгергіштігін байқамаған.

Өсе келе бойжеткен қайран әженің бәрін ішіне сыйғызып, жұтып, жақсысын асырып, жаманын жасырып, кеңдігін көрсетіп, алыптығын аңғартқанын, ұлының көңіліне кірбің түсірмеуге ұмтылғанын, ошақтарының оты сөнбей, түтінінің түзу шыққанына демеуші болғанын біліп, жанары келініне жаутаңдай жабығып, немересіне мейірлене қарап, ешнәрсе сездірмегеніне таң қалып, енді есі кірген, шарқ ұра шырылдап, аңсары ауа алаңдап, іздеген сәтінде Балзияға барлық жайт түсінікті болған.

Бойжеткен мың ойларға кетті. Кімге шағынбақ, кімге бармақ?

Жеті ай бойы жанын жегідей жеген уайым оны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Пәтер жалдап тұратын ол Бекзатқа да ешқандай хабар бермеді. «Өміріне кедергі болармын, сүйіктім сүрінбесін»-деп жалғыз жүдеді. Тұңғиық ойларда жүріп, құрбы қыздарымен сөйлесуден қалды. Ішін матамен тарта байлаған Балзия жұрт көзінен қашты, ойын сауықтан тіптен бас тартқан. Күн бойы терезеден телміріп, аязды дауылмен бірге аласұрған. Терезе жақтауына қонатын шымшықтарға нанның ұнтақтарын сеуіп, торға түскен торғайдай томсырайып, аязға тоңған торғайдан өзін көргендей жанарына жас тығылды.

* * *

Айзат ана бұл кездері өзі де жас, белгілі мекеменің білікті маманы болатын. Өзі де пәтер жалдап тұрса да үйінен қонақ үзілмей, барды ұқсатып, мейірімді де көпшіл болатын.



Жақын ағасының қызы Балзияның құрбы қыздарымен көптен бері көрінбей , келмей кеткеніне алаңдаулы еді.Жұмыстан келе сала кешкі ас су әзірлеп жүрген ол кенет сыртқы есіктің қағылғанын есітіп, сіңлісі Балзия екен деп ойлап, қуана қауышуға ұмтылған. Қараңғы түнде келген жан тым асығыс.

- Саламатсыз ба әпке?-деген сымбатты қыздың сыңғырлаған дауысы Балзияның құрбысы екенін білдірген.

- Айналайындар қалай жағдайларың? Неге көрінбей кеттіңдер? Балзия неге келмеді, тыныштық па әйтеуір?-деген сұрақтарға бойжеткен қыз абдырап қалды. Бұл суыт жүрістің тегін еместігін, бір жағдайдың болғанын Айзаттың жүрегі сезді де. Барлық жағдайды жайып салған бойжеткен Балзияның өтініші бойынша бәрін жасырып келгенін, соңғы екі күнде пәтерге қонбай жүргеніне алаңдаулы екенін жеткізіп: «Мынау ақ қар, көк мұзды аязды түнде тағдыры не болар, қайда жүр?»-деп өксіп-өксіп жылап жіберді.
* * *

- Ия, жер бетіндегі саналы тіршілік басталғаннан бері достықтың туы желбіреп, адамдар жүрегіндегі адамын іздеп, елжіреп келеді.

«Менімен дос болшы»-деп адамдар бір-біріне жалынған емес. Жүрек пен жүрек тілдесіп, ақыл мен ойлар үндесіп, аяулы жанның ажарын көруге асыққанда, көркем көңілді тасытқанда, өзара көзге көрінбес өрмекшінің жібінен нәзік жіппен байланғанда, жүректегі жан тартылыс күшке айналғанда шын нағыз достық деп осыны айтар.

Қызығы мен қиынында бірге болып, бірге күліп, бірге жылап, бірге ұшып, бірге құлап, бірге тоңып жүрген жан достар қаншама!!!

Өмір адамгершіліктен, тазалықтан құралады.

Жылы сөз естісең жылы сөзбен қайтаруың керек.

Қамқорлықты көп сезінген адам қайырымдылық жасауға даяр тұрар.Жақсылықтан тек жақсылық өнеді.Ал істелген жақсылықтың қайтарымы шексіз.

Жақсы көретін жүрекке жақын жанды қуантқың келеді, мүмкіндік болса көмектескің келеді.

Өмірдің өзі сыйласатын, сырласатын, жаныңды түсінетін жандармен қымбат.

Сеніммен өмір сүру, сүю, сүйікті бола білу-ғанибет!!!


* * *

Айзат ертесіне барлық тірлігін тастап, жұмыстан сұранып, шалғайдағы Балзияның ауылына қарай жолға шықты. Өзін жазықсыз жазғырып, бауырмашылдығына басып, еріксіз елеңдеп, аса бір алаңдаулы еді. Барлық адамға жақсылық жасағыш, көмекке әзір тұрар жан ағасының қызының мұндай халге түскеніне кінәлідей сезініп, «Неге қасымда ұстамадым»-деп өзін жазғырып келеді.

Ал Балзия болса өзін жамандыққа қия алмай, бүкіл әлемге сия алмай, алыстағы сүйгеніне жете алмай, әбден азып, тозып,жүдеп,жадап, қарлығаштай болып, ауылдағы ұясына пана іздеп, қамқорлықты аңсай, зарыға, тарыға жеткен. Даладағы аяздан да суық болып көрінген анасының сұсты келбеті жан жүрегін жылатып, еріксіз егілдіріп, езгілеген. Сұсты әкенің қаһарынан қорқа көрінбеуге тырысқан Балзия екі оттың ортасында қалғандай еді. Өгей шешедей өршелене, ойран етуге даяр, пиғылын іске асыруға асыққан шешесі қызын құрбандыққа шалып, іштегі тіршілік иесінен тез құтылуды бұйырған.

Балзия ең жақын деген жандарынан жазықсыз жараланып, тұңғиық ойда тұншығып, ас су ішпей , өз үйіне өгей болып, тар бөлмеде талықсып, жатты да қойды.

* * *

- Адам өзімен өзі қалғанда ғана ойшыл, уайымшыл, сыршыл, сезімге сыр беріп, келеңсіз жайттарға кезігіп, алпауыт армандарымен арпалысып, орамды ойларымен орнығар.



Жаралы жанын жазатын жанды іздер. Сағынышы сарғайтар, өкініші өксітер. Жүрегіне жылу берер жылы сөз естігісі келер. Әрбір тіршілік иесі қамқорлыққа құштар, жақсылыққа жақын, жылы сөзге зәру, ықыласқа ынтық, құрметтелуге ынтызар.

Жылы сөз-жанға шуақ, өмірге қуат, көңілге демеу, дертке шипа, ауруға ем.

Әркез жылы сөз айтқан адам, өзіне тартар қуат күшін байытқан адам. Адамдар сөз арқылы ұғынып, жан дүниесін ашып, түсініп, бір біріне тығылып, түсінісе алмай бір бірінен қашып, ісініп жүрер. Аз ғана өмірді алдауға, қысқа ғұмырды қысқартуға құштарлығын қайтерсің, амал қанша ?!

Өмірге қапа болып, қанағаттанбай жүргенде өмір де бітіп, жақсылықтарды жалған дүние жұтып, үлгереді екен.

Әрбір сәтті қадірлеу, әр жанның күн көңіліне қарап, қадіріне жете білу керектігін, өмірдің өзі сыйластықпен сәнді, жүрекке жақын жандармен, ынтымақпен мәнді екендігін санамызға сіңіре алмай келеміз. Адам болып жаралсақ та адамдардың жан дүниесін таза, терең ұғына алмайды екенбіз.

Өзгеге сын айтқыш, мін таққыш жанның өзін- өзі танып білуіне, кемшіліктерін зерттеп, өзін- өзі жеңуіне, өзінің таза , шынайы болмысына келуіне бүкіл ғұмыры жетпейді.

Ішкі жан күйзелісінің күресі сыртқы сылқым саясаттың алпауыттық арпалысымен араласып, өмір күреске ұласар. Ол күрес саналы тіршілік бар жерде ешқашан тоқтамайды.

* * *


Шындық үшін шырылдап, әділеттік үшін әбігер Айзат бұл жолы «Қорғансызға қамқор боламын»-деп Балзия үшін жақын ағасының үйіне жетті.

Кірпішешендей жиырылған жеңге Айзаттың келгеніне қуанғандай аң-таң болып, сықылықтай күліп, сиқырлы сыңай танытып, тұрып қалған.



  • Қызыңның екі қабат екенін білесің бе, әлде әлі ұйықтап жүрсің бе?

Тіке айтылған сұрақ жеңгені есеңгіретіп қойды . Бірақ тез ес жиып, мойындаудан бұрын бас алып қашқан жеңгесі ешнәрсені білмейтінін алға тартты.Айзат Балзияны алдыртып, еріксіз шешінуге көндірген.Іштің матамен қатты қыса байланғанын көргенде ғана іштегі нәрестені дәлелдеген қайынсіңлісіне жыламсырап, суыт келгенін жақтырмай, кейде көзсіз көкіректікке басып, жалған намысқа жетелеп, бірде түлкі бұлаңға көшті. Шындықты бетке басып, қылыштай өткірлікпен осып айтар қайынсіңлісінен қаймықты да. Дегенмен саяздығына салынып, тұманды ойларымен адасты.

- Бетім-ай елге не деп қараймын? Үйге өткенде кіргізбеуім керек еді, аязға үсіп, қасқырға жем болып жатар еді көзге күйік болмай.

- Ей, жеңеше , қызың қателікке ұрыныпты, бейкүнә сәбиінің не кінәсі бар? Одан да тығырықтан шығу жолын қарастырайық.

- Ойбай-ай енді қайттім, әкесі білсе мені өлтіреді.Жанымды жалдап білдірмей отырмын. Осыдан туып берсе көз көрмес, құлақ естімес жаққа құртқызамын. Немесе өзімді өзім өлтіремін. Аман есен туса іштен шыққан шұбар жыланды күл қоқысқа апарып тастатқызамын. Балзияны да бірге көмемін. Бастан құлақ садаға.

Мына сөзді естіген Айзат тұла бойы түршіге шымырлап, тас жүрек қатыгез әйелге от жанарын қадап, тұрып қалды. Ауылдан шықпаған аңқау әйелді айламен алуды, жеңгесі ретінде жүрегін ұшырып, алдап қатыруды ойластырған Айзат түрін суыта ызғар шашып, сөзін нықтаған:


  • Осыдан Балзия мен бейкүнә , пәк, періште сәбиге бір нәрсе бола қалса мен сені қайта шықпас суық, қараңғы түрмеге жаптырамын. Арыз жазуға білесің сауатым жетеді. Әбден ойлан. Мені іздесең Балзия арқылы табасың.

Жұлынған жеңгей жуасып, абдырап , отырып қалды. Істің шешілу жолын ұғынған Айзат үйден шығып жүре берді. Көктен төгілген қар ұшқындары оның бетін аймалай еріп, бүкіл табиғат қуаттап тұрғандай көрінді. Бар үміті осы әпкесінде екенін сезінген Балзия қол бұлғай қалып бара жатты. Даладағы ақ қар арудың ауыртпалығын сезінгендей тағы да үнсіз қалды. Ыңыранған автобуста асқақ арманды алаулатып, үкілі үмітті үлбіретіп, тілек пен жүректі қосуға бел байлаған Айзат ойға шомды. Қызығы мен қиындығы мол өмір алда тұр.
* * *

Ертесіндегі тірлік Айзат жоспарлағандай өрілді. Амалы құрыған жеңгесі Балзияны қолынан жетектеп Шымқаладағы үйге келді.

Кешегі дауыл ашуы басылған жеңгесі момын, момақан бола қалған. Мүләйімси қалып, жағымпаздана жалтақтаған. Ашумен артық кеткеніне кешірім сұрап, көз жасын сығып, көбелекше көлбең қаққан ол мүлдем басқа адам боп өзгере қалды. Жалына, жалбарына ақырғы сөзін айтып: «Осы қызды бір жақты етіп, тірлігін шешіп берші»-деп елпелектей еңіреген.

Шешесін ауылына қайтарып, Балзияны бауырына тартқан Айзат күн түні алаңдаумен, іскерлігін танытып, жанын да аямай іске кірісті. Жоғарғы оқу орнынан Бекзаттың қай жаққа қарай жолдама алғаны туралы бәрін сұрап біліп, алыстағы алаңсыз жүрген жігітті алдырудың жолын іздеп, беделді білім басшыларынан қолдау тапты.

Балзияның басындағы жағдайды Бекзат әрине білген жоқ. Қарақалпақ еліне барғаннан қарбалас жұмысқа араласып, ең түкпірдегі ауыл азаматтарымен етене жақын болып кетті. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, спорт саласын биік көтеруді мақсат тұтып, жастардың жігеріне жігер қосып, алға талпындырған.

Жүрек түкпірінде Балзияға деген сезіммен самғап, сағынышпен сарғайған. Балзияның хабарын біле алмай аралдағы арыстандай арпалысып, қапастағы қырандай қамыққан. Сүйіктісінің сүйкімді бейнесін сағынғанына тоғыз ай да өтіпті.

Ойламаған жерден Бекзатқа жоғарғы білім мекемесінің басшылығы атынан Шымқалаға шақыру ретінде бұйрық хат келді. Жеткізген сол жердегі білім бөліміндегі қызметкерлер бұл бұйрықтың ерекше жағдайда қадағаланып тұрғанын, тез жолға шығуы керектігін ескерткен.

Бекзат аңтарылып қалды. Барғаннан бері бауыр басып қалған достарына жалтаңдай қарап, жүрегінде қимастық сезім тұрды. Алайда Шымқаланың шаттығы мен аяулы адамын елестетіп, кеудесі қуанышқа толып, жайнап сала берді.

Жүйіткіген жүрдек поезд Шымқаланы бетке алып, сағыныш пен сезімдерді қосуға асыққандай зымырап бара жатты.

* * *


- Сағыныш-ай... Адамдар жүрегіне, жанына жақын жанды сағынады, іздейді, күтеді, аңсайды. Өмірді қан туысқандық пен жан туысқандық гүлдендіріп, нұрландырып, тартымды да тамаша, мәнді де сәнді етіп тұр.

Бауырлықтың жөні бөлек. Анасының ішіне сыйған, бір тамырдан нәр алған, бір қаннан жаралған туысқан бауырлар сыртқы дүниеде де бір бірін көрмесе тұра алмас, сағынып сарғаяр, аңсап алаңдар.

Жан туысқандықтың белгісі адамдардың көңіл татулығы, рухани бірігуі, жандарының үйлесімі, тазалықпен тартылысы, жақсылыққа жалғануы, берекеге бірлесуі.

Сағыныш ешқашан тоқтамақ емес. Аяулы жанды сағына көріп, қуана қауышқанмен, қоштасар сәтте қайта сағыныш басталады.

Жүзге келген қария да жүрек түкпіріндегі сағынышын, ата анасының аялы алақанын, жылы сөзін, мейірімін сәби көңілімен аңсап, жүрекке жақын жандарға жете алмай жабығар.

Қарияның көңіліне көрік, жанына жебеу, өміріне демеу болар ақылды перзенттері ғана уайымын тоқтатып, сағынышын азайтар...

* * *

Шіркін Шымқаланың шырайы алыстан келген әрбір жанды құшақ жая қарсы алып, бауырына тартқандай. Көктемі-көркем, жазы-жайдары, күзі-келбетті, келісті де жемісті, қысы-жұмсақ, жанға жайлы.



Бекзат кеткеннен бері қала көркейіп, гүлденіп сала берген. Жанға шуақ, көңілге қуат берген көктем де жігіттің күн көңілін көріктендіріп,жанына жылылық ұялатты.

Бұйрық хатта көрсетілген жерді дәл тауып, оның облыстық білім мекемесі екенін біліп, тез екінші қабатқа көтерілген.Дәл осы кезде бәрін есептеп, жігіттің келер уақытын болжап, Айзат күтіп отырды. Есікті қағып, рұхсат сұрай кірген жігіт өзін таныстырып, шұғыл шақыртумен келіп жеткенін мәлімдеді.

Алғашқы сәтте мейірім төге қараған Айзат тез бойын жиып, Бекзатты сұрақтардың астына алды:

- Сен неге Балзияның, жазықсыз жанның жанын жаралайсың?

- Апай мен мұндай жағдай болғанын білген жоқпын.

- Сен неге жігіт болып жауапкершіліктен жалтарасың? Істеген ісіңді мойыныңмен неге көтермейсің?

- Апай менің не кінәм бар? Бұйрық арқылы қарақалпақ еліне кеттім. Ол жақтан Балзияға хат жазсам жауап болмады. Үмітпен өмір сүріп, сағынышта сарғайып, арманмен аласұрдым емес пе?

Айзат аңқылдаған ақкөңіл жігіттің ішкі жан сырын бүкпей айтқанына риза болып, жүзін жадыратты. Қазір үйленуге даяр тұрған жігіттің бір беткейлігіне тәнті де болды.



  • Бекзат, сен кеткелі бері Балзияның қаншама қасіретті басынан өткізіп, өмірі өксікпен өрілгенін білгенің дұрыс.Ұятты бәрінен биік қойып, сені сүйгені үшін сенің жолыңа кедергі болып тұрмайын деп саған да, бүкіл елге де жария етпеді. Осы өткен қыста біздің үйдегі алма ағашына асылып қалуы да мүмкін еді. Кішкентай балапаным Марат көріп қалып, шырылдай жетіп, маған айтып, пышақпен жүгіре жетіп, енді асылған Балзияның жібін қиып, жерге құлатып түсіргенмін. Содан бері Балзияны Марат екеуміз кезек-кезек күзетіп, көзден кетірмей, көңілден таса етпей отырмыз. «Өлімнен ұят күшті»-деп ұғатын аруыңды аялай біл Бекзат. Ол сені көп күтті, әлі де күтуде. Енді жанарын жаутаңдатпа, ешқашан жылатпа.

Айзат пен жігіттің жанарына жас толды. Жігіт бір нәрсе айтқысы келгендей еді. Ішкі жойқын толғаныс пен жүрек жалыны бірлесе бұлқынып, сөйлей алмай үнсіздікте қалды.

* * *


Балзия қарны шермиіп, көңілі алаңдай ербиіп кішкентай Маратпен үйдің ауласында отыр. Қамкөңіл жан кішкентай бүлдіршіннің тыным таппас тіршілігіне, құмар қанбас ойынына қызығады да. «Бақытты балалық шағым қайда қалды екен?»-деп бір сәт мұңайып та алды. Ал Марат болса анасының айтқанын бұлжытпай орындап, әпкесінің жанынан бір елі ажырамай қорған әрі қамқоршы екенін сезініп, сықылықтай күліп, әр түрлі ойындарға ойнауға үйретуде.Өткен қыстағы оқиғадан қатты қорқып қалған ол әпкесіне емірене елжірей қарап , « Көңілді етейін, күлдірейін» -деп барын салып бағуда.

Кенет сыртқы есік қағылды. Күнделікті келіп Маратпен ойнап жүретін көршілердің балалары екен деп Балзия мән бермеген. Кішкентай Марат жүгіре шығып есікті ашып қалғанда еңгезердей алып тұлғалы көкені көріп,тұрып қалды. Іштегі ит арсалана үруде.



  • Сізге кім керек ? Үйде Балзия әпкем бар. Мен оны қорғап жүрмін. Мамам жұмыста. Абайлаңыз қабаған итіміз бар.

  • Ой, айналайын, ақылдым менің. Сен әрине, біздің кішкентай қамқоршымыз Маратсың ғой, ия ?

  • Ия,- деген бүлдіршін «Мені қалай таниды?»-деп іштей таң қалды.

Бекзат кішкентай Маратты екі қолымен аспанға тік көтеріп, құшақтап сүйіп-сүйіп алды.

  • Балзия әпшемнің сіз жігіті боласыз ба? –деген бүлдіршіннің сөзіне еріксіз езу тартқан Бекзат сәби жүрегінің сезімталдығына таңқалмасқа шарасы қалмады.

  • Ия, -деген сөзді естуі мұң екен,жоғарыда құшақта тұрған Марат ыршып шығып, жерге асыға түсіп, әпкесіне айтуға зымырай жөнелді. Асыға-үсіге, әр жерге сүріне құлай жаздап, жеткен Марат аптығын баса алмай, былдырлай сөйлеуде.

  • Әпше, сіз ойлап жылай беретін көке сыртта, есік алдында тұр. Тезірек алдынан шығыңыз. Мен Құтжолды жолдан алыс басқа жерге байлайын.

Жылдам жүгіріп итіне жеткен Марат итімен әлек болып, шынжырын сүйретіп, басқа жаққа байлауға алып кетті. Балзия оқыстан естілген қуанышты хабардан не істерін білмей сасып қалды.Қайда жүрерін білмей, жүрек соғысы жиілеп, жанына жақын асыл жанның жанында жайнап тұрғанына сенерін де, сенбесін де білмей аңтарылып қалды. Сүйген жанын алғаш рет көретіндей тұла бойы оттай жанып,есі кете елжіреп, қуанышпен сағыныш кеудені жарып, жанардан жасы ыршып шығып, мөлдірей қалды.

Кенет темір есік ашылып, қолында қызғалдақ гүлдері бар, әр түрлі сыйлықтары бар алып жігіт адымдай басып,құшағын айқара ашып келе жатты. Бақыттан басы айналған, жанары жасаураған Балзия жігітінің жалындай көрінген ыстық құшағына еніп,өзін өң мен түстің арасында жүргендей сезімде сезінген.Өрттей өрілген өбу мен қарбалас қауышу жанын ерітіп, бал сөздер бабымен балқытты.Біресе жылап, біресе күлген бір-біріне жараса, қимай қараса қалған жастарға түсінбей кішкентай бүлдіршін көз алмай қарай берді, қарай берді.

* * *



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет