Тұрғараева Гүлфара Махамбетқызы Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі



бет2/3
Дата25.02.2016
өлшемі259 Kb.
#19469
түріДиссертация
1   2   3

Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Жетпіс жылға жуық уақыт бойы А. Байтұрсыновқа «саяси сенімсіз», «буржуазияшыл», «ұлтшыл», «халық жауы» деген айдармен, тарих көшінде тиісті орнын бермей келгені құпия емес. Бүгінгі қазақ ұлтының ұрпағы үшін А. Байтұрсыновтың қандай ауқымды тарихи міндетті орындағаны енді ғана белгілі болып келеді. Жарық көрген ғылыми басылымдарда А. Байтұрсыновтың еңбегі ұлт-азаттық қозғалыспен байланысты қарастырылып, қайраткердің көп қырлы қоғамдағы саяси, ағартушылық, мемлекеттік қызметі мен саяси көзқарасына жете көңіл бөлінбеген.

Осы тұрғыдан алғанда, бұл зерттеудің ғылыми жаңалығы алға қойған міндеттің өзектілігінен, тарихнамалық зерттеулерден, яғни отандық тарих ғылымында А. Байтұрсыновтың қоғамдық – саяси және мемлекеттік қызметінің тарихы осы уақытқа дейін арнайы тақырып ретінде шынайы кешенді тұрғыдан зерттелмеуінен туындайды.

Мұрағат қорларындағы көптеген құжаттардың алғаш рет зерттеліп және олар ғылыми айналымға алғаш енгізіліп отыруында. Сондай-ақ осы деректердің негізінде А. Байтұрсыновтың өмірбаянына қатысты жаңа мәліметтер де анықталды. Зерттеудің негізгі ғылыми жаңалығы тың мұрағаттық деректерді ғылыми айналымға тарта отырып, А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси, ағартушылық, мемлекеттік, ғылыми қызметтерін ұштастыра отырып қарастыруға әрекет жасалынды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- А. Байтұрсыновтың туып-өскен ортасы, білім алу жолы, көзқарасының қалыптасуы мен оның қоғамдық-саяси қызметінің басталуына ықпал етті;

- А. Байтұрсыновтың саяси қызметі Ресейлік патша үкіметінің қазақ даласында орын алған қоғамдық-саяси өзгерістер ауқымында өрістеді. Соның ішінде 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде қазақ зиялыларымен бас қосып, патша үкіметінің атына хұзырхат жіберіп, онда өздерінің саяси талаптарын тайсалмай талап етуде А. Байтұрсынов отарлау жүйесіне ашық күреске шықты;

- 1905-1907 ж.ж. бірінші орыс төңкерісінен кейінгі уақытта «Маса», «Қырық мысал» және басқа да шығармалары арқылы қазақ елінің ұлттық санасының оянуына, саяси танымының өсуіне үлес қосты;

- «Қазақ» газетін шығаруға мұрындық әрі ұйымдастырушы болды. Сол алғашқы жалпыұлттық саяси басылым арқылы ұлт-азаттық күрестің үгітшісіне, насихатшысына айналды. Қазақ баспасөзін дамытуға зор үлес қосты;

- «Алаш» қозғалысының рухани көсемі, көрнекті басшыларының бірі, Алаш ой-пікірін насихаттаушы-теоретигі және оны іске асырушы – тәжрибешісі ретінде тарих сахнасына шықты;

- Кеңес билігі тұсындағы саяси, мемлекеттік, ағартушылық қызмет атқарды;

- Жаппай сауатсыздықты жою мақсатында оқу-ағарту саласында белсенді қызмет етті.

- Қазақ мәдениетін, ұлттық өнерін өркендетуге сүбелі үлес қосты. Қазақ мемлекетін құру жолында қажырлы еңбек етті.

Зерттеу жұмысының қолданбалы маңызы. Ғылыми талдау жұмысы барысында бір жүйеге келтірілген зерттеу деректері мен ғылыми тұжырымдар А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін ашып көрсету мысалында кеңестік дәуірдегі зиялы тұлғаларының орны мен ролін анықтауға бағыт береді. Ізденістер нәтижелері мен қорытындыларын, тұжырымдарын зерттеушілердің қолдануына, Қазақстан тарихы бойынша көптомдық, іргелі еңбектерді дайындауда пайдалануға болады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында Алаш қозғалысы қайраткерлерінің өмірі мен қызметі бойынша арнайы курстарда пайдаланған тиімді. Ұлт зиялыларының өмірі мен шығармашылығы бойынша еңбектер жазуда да А. Байтұрсыновтың өмірі мен қызметіне байланысты жасалған ғылыми тұжырымдар үлес қосады.

Қазақстан тарихында қазақ зиялыларының өмір жолы мен қызметтерінің тарихын біліп-танығысы келгендерге, тарихшы мамандарға, жоғарғы оқу орындарының аспирант, магистранттарына, тарих факультетінің болашақ зерттеушілеріне де диссертацияның материалдары қомақты көмек көрсете алады.



Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары 4 халықаралық ғылыми-тәжрибелік конференция жарияланымдарында жарық көрді. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес 6 ғылыми мақала ҚР БжҒМ Білім саласын бақылау комитеті бекіткен тізімге сәйкес республикалық ресми басылымдарда жарық көрді.

Диссертациялық жұмыс ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның кеңестік дәуіріндегі тарихы бөлімінде орындалып, талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды.



Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, тақырыптың мазмұнын ашатын екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Жұмыстың «Кіріспе» бөлімінде зерттеу тақырыптың өзектілігі, міндеті мен мақсаты, методологиялық және әдістемелік негізде, мәселенің зерттелу деңгейі көрсетелді. Зерттеудің мақсат-міндеттері, жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, деректік негізі, хронологиялық шеңбері мен қолданыстық аяны айқындалған.



«А. Байтұрсыновтың патша үкіметі тұсындағы қоғамдық-саяси қызметі» атты бірінші тарауында Алаш көсемінің өскен ортасы мен саяси қызметінің басталуы (1872-1913 жж.), «Қазақ» газетін ұйымдастырушы, редактор (1913-1918 жж.) болып қызмет атқарғаны, Қазақ халқының азаттығы үшін күресі (1916 – 1919 жж.) қарастырылады.

Қазақ халқының ұлы перзенті, ұлт-азаттық қозғалысының рухани көсемі, «Қазақ» газетін ұйымдастырушы және оның бас редакторы, «Алаш» партиясының, «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушы қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынов 1872 жылы 5 қыркүйекте Торғай уезінің Тосын болысындағы 5 ауылында Сарытүбек деген елді мекенде дүниеге келген. Айта кету керек, осы күнге дейін А. Байтұрсыновтың туылған жылы мен күні барлық ресми құжаттар мен басылымдарда 1873 жыл 25 қаңтар деп көрсетіліп келеді. Алайда, Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағат қорында сақталған «Служебный список сотрудника Наркомпроса КССР» [11] және 1926-1927 жылдарға арналған «Личное дело председателя Академического центра Байтурсунова Ахмета Байтурсуновича» [11,1-6. -п.п.] атты құжаттар топтамасында Ахметтің өз қолымен толтырған құжаттарда «туылған жылым 5 қыркүйек 1872 жыл» және өз қолымен жазған «Жизнеописаниесінде» [12] де «Туылған жылым мешін 1872» деп көрсеткен.

А. Байтұрсыновтың азамат болып қалыптасуына бірқатар факторлар ықпал етті. Алдымен, Ресей үкіметі реформаларының көпсалалы шешімдері іске асып, халқымызды отаршылдардың боданына айналдырғаны; екіншіден, оны құқықпен заңдастырған билігі, қазақ халқын әлеуметтік-саяси, экономикалық тұрғыдан аямай езіп-жаншуы; үшіншіден, кең даламыздың жекелеген намысқой азаматтарын жәбірлеуге, қорлауға жаппай әкімшілік құқық бергені.

А. Байтұрсыновтың отбасына түскен зор қасірет орысша оқуға түсуіне басты себеп болғандығын былайша баяндайды: «... осы бақытсыздық менің Торғай қаласындағы мектепке түсуіме себеп болды» [11, 209-п.] деп өз қолымен жазған өмірбаянында көрсеткен, яғни патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы күресу үшін, алдымен олардың тілін меңгеру керектігін ұғынған А. Байтұрсынов орысша оқуға түскенін анық айтқан. Анасынан ең алғашқы жазу-сызуды үйреніп, 1886 ж. Торғай қаласындағы уездік 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне оқуға түсіп, оны 1891 ж. бітіріп шығады. Оның осы мектеп қабырғасында оқығанда оқу үлгерімі туралы куәландыратын құжат деректерді біз мұрағаттарда кездестіре алмадық. Дегенмен, А. Байтұрсыновтың осы жылы оқуын әрі қарай жалғастыру үшін Орынбор училищесінің мұғалімдер дайындайтын мектебіне оқуға түскендігін мұрағат құжаттары растайды.

Сол кездегі бұйрық бойынша жас мамандар жіберілген жұмыс орнына тамыз айының 1-нен қалмай орналасып, онда 6 жыл қызмет етуге міндеттелген. А. Байтұрсынов оқу бөлімінің Аймақтық Қамқоршысының атына өтініш жазып, жолдамада белгіленген қызмет орнына жету үшін қаражатының жоқтығына байланысты оқу Кеңесі есебінен 60 сом ақшалай қарыз беруін өтінеді. Қарызданып Арынғазы ауылына жеткен А. Байтұрсынов жолдамада көрсетілген 6 жылды толық өтей алмады. Ахметкерей Қонысбаев деген байдың, кейіннен Аманқарағай ауылнай мектебінде бір жылға жуық бала оқытады. Осы жердегі Аманқарағай қорықшысының қызы Александра Ивановнаға үйленіп, Қостанай уезіндегі Әулие көл елді мекенінде бастауыш мектепте мұғалім болады.

А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси іске ресми араласуы 1905 жылдан басталады. Оны А. Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасы жөніндегі Қазақстан Коммунистік Партия Орталық Комитетінің қорытындысында келтірілген мәлімдемеде: «1905 жылғы төңкерістік оқиғалар тұсында ол Қарқаралыда шеруге қатысқандардың қатарында болды» [13]. Қайраткердің тікелей саясатпен айналысуы 1905 жылы Қарқаралы оқиғасынан басталып, оған белсенділікпен қатысқандығын дәлелдейді.

Ұлт зиялыларының тұңғыш рет баспа бетін көрген бағдарламалы ой-пікірлер жиынтығы 1905 жылдың маусым айында Қарқаралыда «Қоянды» жәрмеңкесінде өткен съезде қабылданып, оған 14500 адам қол қойған (екінші деректе 12767 адам қол қойған) Қарқаралы хұзырхатын өмірге әкелді. Патша үкіметі алдына хұзырхат түрінде қойылған бұл талаптар қазақ қоғамының сол кездегі әлеуметтік-саяси деңгейінен туындаған жалпы демократиялық сипаттағы талаптар болатын.

1905 жылдың қараша айының аяғында Орал қаласында Дала өлкесінің 5 облысының өкілдерінің басын қосқан съезі өтті. Съезді ұйымдастырушылар ұлт зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, Ж. Сейдалин, М. Тынышпаев, Б. Сыртанов, Б. Қаратаев, М. Дулатов болды. Дерек материалдарын талдай отырып, хұзырхат авторлары Ахмет, Әлихандар қатарында сол кезде басқа да белсенді қазақ зиялыларының болғанын растайды.

Бірінші орыс төңкерісінен кейінгі уақытта ұлт зиялысының қоғамдық-саяси қызметі саяси тақырыптарға арнап кітап бастырып, қазақ даласына тарату арқылы қазақ халқының ұлттық саяси санасын ояту болатын. Сол мақсатпен А. Байтұрсынов ХХ ғасырдың басында ұлт-азаттық бағыттағы мысалдары арқылы насихаттаған өткір ойларын айқындай түсті. Өршіл, күресшіл сарындағы өлеңдер жинағын 1911 жылы Орынбордан «Маса» атты жинақпен шығарды. Ұлт зиялысы Ахметтің жұмсаған күш-жігерінің арқасында қазақ даласы ояна бастады, қазақтар арасында демократиялық саяси ой-пікірлер таратылды және отаршыл патшалық жүйеге қарсы тұруға өзінің өлең – жыр, үгіт – насихатымен қазақ Даласын жігерлендірді. Қорыта келгенде, біріншіден, А. Байтұрсынов Ресей патша үкіметінің қазақ халқына қарсы ұстанған отарлау саясатын әшкерелеп, оларды қатаң сынап қана қойған жоқ, сонымен қатар қазақ халқына саяси даму жолдарын ұсынды. Екіншіден, халқының ұлттық сана-сезімдерін қалыптастыру үшін қазақ халқының сауатын ашып, білімге жетектеді, оның саяси-экономикалық және мәдени жағынан жайғастырылып жаңғыртылуы үшін күресті. Үшіншіден, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық жүргізу нысандарын жойып, тіршілік етуінің экономикалық негіздерінен айыруға ұмтылған патша үкіметінің саясатына қарсы тұрып, үкіметтің хұзырлы орындарына хұзырхат арқылы өз тілек-талаптарын қойып, үгіт-насихатын күрес құралына айналдырды.

Тарихқа үңілсек, қазақтардың күнделікті мұқтажын айқындап отыру үшін қазақ тілінде газет шығару қажеттілігі туралы айтып, үкімет алдына талап қойған. Газетті ұйымдастыру, ашу қандай қиын болса, оны патша үкіметінің қатаң бақылау жағдайында шығарып тұру одан да қиынға түскені анық. Деректердің көрсетуі бойынша, «Қазақ» газетін шығаруға рұқсат куәлігі А. Байтұрсыновқа 1913 жылдың қаңтар айында берілген. Куәлікте газеттің шығуы, редакторлары жайында Орал облыстық әскери губернаторының 1913 жылы 5 қаңтарда Жоғары баспасөз басқармасына берген бұйрығынан анықталды.

Деректер «Қазақ» газетін ұйымдастырушы және редакторы А. Байтұрсынов пен оның көмекші хатшысы М. Дулатов өз істеріне зор жауапкершілікпен қарағандықтарын көрсетеді және олардың қажырлы ұйымдастырушылық еңбегінің нәтижесі екендігін айқындап, бағалауға мүмкіндік берді. А. Байтұрсыновтың газет бетінде жариялаған материалдарының ғылым үшін құндылығы да, сол оның қоғамдағы орнын, саяси көзқарасын, өмірлік ұстанымдарын, өзі көтеріп отырған мәселені жетік білуі мен жалпы білім дәрежесімен тікелей байланысты. Демек, газет бетіндегі материалдардың негізгі бөлімінің ғылыми құндылығы да соның атымен айқындалады.

А. Байтұрсынов пен М. Дулатов «Азамат» серіктестігін құрып, оны 1913 жылы 2 желтоқсанда ашады. «Қазақ» газетін осы «Азамат» серіктестігінде бастырып тұрмақшы болады. Серіктестікті ашқандағы мақсатын, қосыламын деген Алаш азаматтарының қаражатымен «Қазақ» газетін аяғынан тік тұрғызып, істің ұлғаюына, қаражаттың көбейюіне байланысты қазаққа пайдалы кітаптар шығармақшы екендіктерін қоса жеткізді. Серіктестікке байланысты шарт 1913 жылы желтоқсан айында орыс және қазақ тілінде Орынбор қаласындағы Каримов-Хусаинов баспаханасында кітапша болып басылып шықты. Ол 12 беттен тұрады. Орыс тіліндегі бөлімінде серіктестікті Ахмет пен Міржақыптың ашқандығы туралы шарттың 19 бөлімінде көрсеткен. Шарт тармағының тағы бір көңіл аудартар мәселесі, ол сол шартты растаушы нотариустың Серіктестікті ашушылардың мекен-жайын тура көрсетуінде. А. Байтұрсынов «Орынбор қаласы, Гришковская көшесіндегі Дмитриеваның үйінде, ал М. Дулатов Поцелуевский көшесінің бұрылысындағы Абрамованың үйінде тұрған» деп мекен-жайлары анық берілген [91, 389-б.].

1916 жылғы патша үкіметінің маусым жарлығына қарсы халық наразылығының күшеюіне байланысты «Қазақ» газеті мен оның шығарушыларына деген қысым күшейе түсті. Өршіген халық наразылығының басында «Қазақ» газетін басқарушылары А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтың тұрғанынан еш күмәні болмаған патша шенеуініктері олардың үйлерінде тінту жүргізген.

«Қазақ» газеті Қазан төңкерісіне дейінгі баспасөз тарихында ең шоқтығы биік басылым болды. Оған апталықтың ұстанған жолы, мұрат-мақсаты шын мәнінде «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білген қызметін айта келіп, өзге басылымдарға қарағанда, барынша ұзақ мерзімді әрі жиі шығып тұрған басылымға айналған. Сонымен бірге таралымы мол және таралым аймағының кең болғаны оның құндылығын арттыра түскен. А. Байтұрсынов таза қазақ тілінде ұйымдастырып ашқан газеті, қазақ баспасөзінің негізін қалады. Біріншіден, «Қазақ» газеті тұңғыш шынайы жалпыұлттық саяси-қоғамдық газетке айналып, шын мәнінде қазақ халқының жанашыры болды. Екіншіден, А. Байтұрсынов «Қазақ» газеті арқылы өз ұстанымына сай ұлт тәуелсіздігінің саяси платформасын қалыптарстырып, оны оянған сананың іс-қимылын жолға салып отыратын орталыққа айналдырды. Үшіншіден, қазақ руханиятының жан-жақты өркен жаюының кешенді бағдарын болашаққа «Қазақ» газеті арқылы аманат етті. Осы үш таған «Қазақ» газетінің ұлттық болмыс бітімінің және оны ұйымдастырушы редакторы А. Байтұрсыновтың ұлтын сүйген ұлт зиялысына айналғанын айғақтайды. А. Байтұрсынов ашқан «Қазақ» газеті қазақ баспасөзінің мәңгілік көшбасшысы болып қала береді.

Әлеуметтік және ұлттық езгінің күшеюі, сондай-ақ соғыс тудырған қиыншылықтарға байланысты халықтың қайыршылануы, елде қымбатшылық пен аштықтың кең етек жаюы шаруа халқының тарапынан наразылық туғызған. Халықтың ереуіл қозғалысының, шаруалардың аграрлық және ұлттық езгіге қарсы күресінің жаңа көтерілісі басталған. Көтерілістің басталуына Ресейлік патша үкіметінің 1916 жылғы 25 маусысдағы Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халықтарын майдандағы қара жұмысқа шақыру туралы жарлығы түрткі болған. А. Байтұрсынов газетке берген мақалаларында осы істің тек жағымды және жағымсыз тұстарын талқыға салған. Дегенмен, саяси зәру мәселелердің күрделі тұстарына қазақ жұртшылығының көңілін аудару үшін А. Байтұрсынов газет бетінде пікірталас ұйымдастырған. 1916 жылдың 19 шілдесінде Орынбор генерал-губернаторының атына Орал губернаторынан жеделхат келіп түскен. Хатта Орал облысының молдалары халық арасында жиналыстар ашып, қазақтарға соғыс жұмысына адам бермеуге және жұмысқа алынатындардың тізімін жасатпауға үгіттеп жүр деп айтылған. Жеделхаттың ішінде «Орал облысының басқа да уездеріндегі ауылдарда болып өткен жиналыстарға қатысушыларға «Қазақ» газетінің қызметкерлері А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтар үнемі кеңес беріп тұрған» [5,183-б.] деп болған жайды хабарлаған.

Орынбор генерал-губернаторы мен патша үкіметінің жоғары орындарына қазақ жігіттерін қара жұмысқа емес, Отан қорғауға әскер қатарына алуды лайық екендігін айтып, үкіметке жеткізуін губернатордан сұраған өтініштер түсіп жатты. Ұлттық демократиялық зиялы қайраткерлердің басында тұрған А. Байтұрсынов «қазақ секілді ергелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып мемлекетті қорғауға лайық еді, қатарда жоқ қара жұмысқа байлануын кемшілік санаймыз» [14] деп ойын ашық айтқан. Алайда, патша үкіметі өзіне тәуелді халықтың мүддесімен ешқашан есептеспегені белгілі. Қазақ жігіттерін өздері белгілеген мерзімде шақырта бастады. Бұл жағдай ұлт зиялысын қатты толғандырды. Елдегі орныққан жағдайдың жалғыз шешімі деп Ахмет, Әлихан, Міржақып үшеуі қосылып 1916 жылы 11 шілдеде газетке «Алаш азаматтарына!» деген атпен халыққа арнау мақаласын жариялаған. Олар өз шешімдерін айтып қана қойған жоқ, сонымен қатар оны іске асырудың ең тиімді жолдарын көрсетеді.

А. Байтұрсынов қазақ қоғамында ұлттық бостандық үшін күрестің жолдары мен әдісіне көзқарасын жаңаша қалыптастырып және күресті жаңа әдіске көшіріп, саналы түрде ұйымдастыруды көздеген. Ол ең алдымен майданға қара жұмысқа алынған жігіттерге қызмет көрсетуден бастаған. Майданның қара жұмысына алынған қазақ жігіттерін қолдау үшін «Қазақ» газеті арқылы зиялы қауымға үндеу тастаған. Үндеуді ең алдымен мұғалімдер қолдаған.

А. Байтұрсыновты 1917 жылдың наурыз айының ортасында Торғайда құрылған облыстық Азаматтық комитетіне мүше етіп сайлаған. Қайраткер Комитет мүшелеріне жергілікті жерлерде тәртіп сақтап, соғыс аяқталғанға дейін жаңа үкіметке көмек көрсетіп, тез арада уездік, болыстық, ауылдық Азаматтық комитетінің жергілікті ұйымдарының құрылуына белсенді көмек көрсеткен.

1917 жылдың 25 қазанында болған төңкеріс жалпы Ресей мемлекетін мекендеген халықтарға түбегейлі өзгерістер әкелді. Ресей мемлекетінің құрамында өмір сүрген өзге халықтар өзінің елдігін сақтау мақсатымен автономия жариялай бастады. Осы тұста ұлттың тәуелсіздігі мен еркіндігін сақтап қалу үшін ұлт зиялылары жалпықазақ съезін шақырды. Желтоқсан айының 5-13 аралығында Орынбор қаласында өткен съезде А. Байтұрсынов оқу-ағарту секциясын басқарып, ұтымды ұсыныстар жасаған.

1918 жылдың көктемінде басталған Азамат соғысы А. Байтұрсыновтың қоғамдағы саяси қызметіне жаңа сипат берді. Осы кезде қазақ қоғамының мүддесіне сай оңды шешім қабылдайтын мезгілдің келгенін түсінген А.Байтұрсынов қазақ ұлтының дербестігіне қол жеткізуді көздеп, Кеңес үкіметіне қарсы күштер жағына шыққан [15].



«Ахмет Байтұрсыновтың Кеңестік жүйе тұсындағы мемлекеттік қызметі» атты екінші тарауда Қырғыз (қазақ) әскери төңкерістік комитетіндегі қызметі (1919-1920 жж.), ағартушылық және ғылыми жұмысы (1920-1929 жж.), кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны (1929-1937 жж.) болғаны туралы айтылады.

1919 жылдың 24 шілдесінде Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И. Ленин Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери төңкерістік комитетінің бірінші жауапты орынбасары және ішкі істер бөлімінің меңгерушісі етіп А. Байтұрсыновты бекітеді [16, 4-п.арт.]. Осы кезден бастап А. Байтұрсыновтың Кеңес үкіметі тұсындағы қызметі басталады. Торғай облыстық Кеңесінің ұйғаруымен 1919 жылдың мамыр айында А. Байтұрсынов Ә. Жангелдинмен бірге большевиктермен қоса өтетін келіссөзге қатысу үшін Мәскеуге аттанған. Мәжіліске қатысушылар Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі төңкерістік комитетін құру туралы уақытша Ережеге қажетті өзгерістерді енгізіп толықтырған. Құжатқа В.И. Ленин 1919 жылдың 10 шілдесінде қол қойып, оны Халық Комиссарлар Кеңесінің декретінде бекіткен. Аталған мәліметтер жайында Қырғыз (қазақ) әскери төңкерістік комитетінің хаттамалары растайды [17]. 1919 жылдың 24 шілдесінде А. Байтұрсынов В.И. Лениннің қабылдауында болып Қырғыз (қазақ) әскери төңкерістік комитетінің мүшелігіне қабылданғандығы туралы мандатын алғаннан кейін Кеңес үкіметіне адал қызмет етуге уәде берген [17, 5-п.]. Кеңес үкіметі басшысы алдында А. Байтұрсынов өзінің көзқарастарын еркін жеткізіп дәлелдей алғанын В.И. Лениннің тікелей басшылығымен шыққан қаулыны мына бір дерек айғақтайды: «Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің шешімі бойынша бұрынғы Алашорда мүшелері Кеңестік қызметке жіберілді және бұрынғы қызметіне байланысты оларды қудалауға тыйым салынады» [18] деген. А. Байтұрсынов комитеттің шаруасымен В.И. Лениннің алдында 1919 жылдың 9 желтоқсанында екінші рет қабылдауында болып, Қазақ өлкесінің саяси-экономикалық жағдайын баяндаған.

А. Байтұрсынов өзіне берілген құқықтарды пайдалана отырып, қазақ өлкесінде жүріп жатқан Азамат соғысын тоқтату үшін біраз әрекеттер жасаған. Соған байланысты, ол өлкедегі барлық ұйымдастыру мәселелерін қазақтың оқыған зиялы азаматтарын комитетке тарту арқылы шешуді көздеген. 1919 жылы 12 қыркүйекте Орталық Кеңес үкіметі Қырғыз (қазақ) төңкерістік комитетінің құрамында жеті азамат болсын деп шешті. Құрамға енген азаматтардың ішінен комитеттің бірінші жауапты орынбасары және ішкі істер бөлімінің меңгерушісі етіп А.Байтұрсыновты сайлаған [19].

Қырғыз (қазақ) әскери төңкерістік комитетінің 1919 жылы 41, ал 1920 жылы 50 мәжіліс отырысы өтіпті. Бұл жайында аталмыш комитеттің хаттамалары растайды. Бүгінгі күні осы екі жылда өткен мәжіліс отырысының 91 хаттамасынан бізге жеткені 89-ы ғана. Аса құнды деген екі хаттама осы күнге дейін табылмаған. Аталмыш комитет мәжілістерінің деректеріне жүгінер болсақ, онда А. Байтұрсыновтың сол мәжілістердің басым көпшілігінде баяндамалар жасағаны, жарыссөздерге қатысқаны, ұсыныстар енгізгені, қабылданған қаулылар мен шешімдердің жобасын дайындағаны, сондай-ақ жекелеген мәжіліс отырыстарында төрағалық жасағаны анықталды. Бұл жайында Қырғыз (қазақ) әскери төңкерістік комитеті отырыстарында толтырылған хаттамалар тізбегінен мәлім болды. А. Байтұрсыновтың атқарған сан-салалы қызметтерінің ең маңыздыларының бірі болып Қырғыз (қазақ) әскери төңкерістік комитетінің мәжілістерінің көбінде Ресей құрамында құрылуға тиісті болған Қазақ Автономды Кеңестік республиканың шекараларын анықтауға, оның әкімшілік аймақтық құрылымын қалыптастыруға, оқу-ағарту, мерзімді баспасөз жүйесін қалыпқа келтіруге, ұлттық демократиялық зиялылар тағдырын шешуге арналған мәселелерді талқылау ісінде табандылық көрсеткені белгілі болды. Соларға байланысты ұлттық мақсат мүдделерге сай келетін қаулы-қарарлар мен заңдық мәні бар құжаттарды қабылдауда табандылық көрсетіп отырды.

А. Байтұрсынов 1920 жылдың сәуірінде сол кездегі Кеңес үкіметінің әскери және саяси қызметкері М. Фрунзенің ұсынысымен коммунистік партияның мүшелігіне өткен. Бұл туралы А. Байтұрсынов 1929 жылы 2 маусымда Біріккен саяси Бас басқарманың тергеушісіне берген жауабында: «1920 жылы Орынбор қаласында Фрунзе жолдас менің ВКП(б) қатарына өтуіме ұсыныс жасады» деген.

1920 жылдың 16 маусымында «Түркістанның бұратана коммунистерінің өкілдері» деп Т. Рысқұлов, Ф. Ходжаев; Башқұртстаннан З. Валидов; Қазақстаннан А. Байтұрсынов қол қойып, 1919 жылы 20 желтоқсанда В.И. Ленинге хат жазған.

А. Байтұрсынов Қырғыз (қазақ) әскери төңкерістік комитеті арқылы қазақ халқының саяси, әлеуметтік-экономикалық құқықтарына қол жеткізуі үшін, қазақ жерлерінің бір тұтастығы үшін күресіп, оны аймақтық шеңберде сақтап қалды. Қырғыз (қазақ) төңкерістік комитеті құрамының әркелкілігіне қарамастан, зор ыждағаттылықпен, терең білімділігімен, өмірден алған мол тәжрибесінің арқасында комитет жұмысын қалыпты бір жүйеге түсірді.

Халық Ағарту Комиссариаты 1920 жылы құрылып, оған ұлт зиялыларының белсенді тобы тартылғандығы туралы мұрағат құжаттары мәлімдейді. Қазақ АКСР Халық Ағарту Комиссариаты 1920 жылдың қазан айында Қазақ әскери-төңкерістік комитеті халық ағарту бөлімінің негізінде құрылып, оның тұңғыш комиссары етіп А. Байтұрсыновты тағайындаған [20]. А. Байтұрсынов комиссариаттың барлық мәжілістерінің төрағасы болып, оған өзі тікелей басшылық етті. Комиссариаттың негізгі басты міндеті мен қызметі республикада сауатсыздықпен күресіп, оны жою болғандықтан комиссариат қызметін бөлімдерге бөліп, бір жүйелі қалыпқа түсірді. А. Байтұрсынов комиссариат құрылған күннен бастап РСФСР Халық Ағарту Комиссариатымен тығыз байланыста болып, бағыт-бағдар мен көмек алып тұрған. Білікті, тәжірибелі және қажетті мамандардың алғашқы кезде жоқтығына байланысты А. Байтұрсынов комиссариат қызметкерлерінің алғашқы легін Мәскеуге оқуға жіберген, сондай-ақ Орынбор, Самара, Ташкент қалаларына 10 адамды педагогтік курсқа жіберіп, оларға комиссариат жанынан 480 сом ақшалай стипендия төлеген [21].

А. Байтұрсынов республикадағы мектептердің әр түрінің көбеюі мен оқушылар санының өсуіне зор жағдай жасап, оны өзінің қатаң бақылауында ұстаған. Қазақ мұғалімдерінің қатарын толықтыру үшін жаңа мұғалімдерді дайындау мен қатар байырғы мұғалімдердің өздерін қайта дайындықтан өткізіп, білімдерін жетілдірген. Осы мақсатта уездер мен губерниялардың бәрінде қысқа мерзімді және екі жылдық мұғалім дайындайтын курстарды ашты. Бұл курстарға қазақ жастарын көптеп тартып, оларға стипендия төлеген.

Ауыл мәдениетінің кенжелеп қалғанын ескерген А. Байтұрсынов Комиссариат нұсқаушыларын шалғай ауылдарға іс сапармен мектептер, сауат ашатын орындар мен қызыл отауларды ашуға жіберген. А. Байтұрсыновтың басшылығымен комиссариат педкурстардың қызметі мен жағдайын зерттеу үшін анықтама парақшаларын жіберіп, бірінші басқыш мектептерінің мұғалімдерін дайындау үшін ашылған қысқа мерзімді 4 айлық педкурстар мен мектеп нұсқаушыларының 2 айлық курстарының бағдарламалары мен есеп жүйесін жасаған. Мамандардың тапшылығына байланысты А. Байтұрсынов Халық Ағарту Институттары мен педагогтар дайындайтын арнаулы орта оқу орындарын ашқан. 1921 жылдың бірінші шілдесіне қарай республикада төрт Халық Ағарту институтын іске қосты.

А. Байтұрсынов 1920 жылы Орынборда ашылған үлгі-тәрбие мектеп-коммунасының жанынан интернат ашқан. Алғашқы жылдары бұл бастауыш мектеп болды, кейін оны жеті жылдық үлгі-тәрбие мектебі етіп қайта құрды. Оны ауыл шаруашылығына бейімделген үлгі-тәрбие мектебіне айналдырған. Мектепті Академиялық Орталықтың тәжірибелік жұмыс орталығына айналдырады. Мектеп-коммунасында қазақ кедейлерінің, Қызыл Әскердің, кем-тар адамдардың балаларын 10 жастан қабылдап оқытқан. Ал жетім балалар мектептің интернатында ешбір ақысыз оқып, үкімет қамқорлығында болды.

1920 жылдың 10 желтоқсанындағы Қазақ Орталық Атқару Комитеті Президиумының мәжілісі А. Байтұрсыновқа жіберген қатынасында РСФСР Халық Ағарту Комиссариаты жанындағы құрамы аз ұлттарды ағарту бөлімі Қазақ Республикасын мекендейтін халықтардың мәдени-ағарту қызметі туралы очеркін құрастыруға қатысуын міндеттейді. Бұл тапсырманы орындауда Орталық Атқару Комитеті Комиссариаттардың өкілдерінен тұратын арнайы құрылған комиссияның мүшесіне А. Байтұрсыновты енгізеді. Президиум алдындағы жауапкершілікті Халық Ағарту Комиссары А.Байтұрсыновқа жүктеген. А. Байтұрсыновтың ыждағатты бақылауының арқасында не бары үш ғана оқулық - әліппе, грамматика, арифметика оқулықтары шықты, бұлардың жалпы таралымы 178 мың дана ғана болды. Бұл оқулықтардың бір бөлігі Қазақстанда, бір бөлігі Қазанда басылды. Басылған оқулықтардың таралымы аз болғандықтан, мектептердің болмашы қажеттігін де өтей алмаған.

Халық Ағарту Комиссариатының қызметі 1921-1922 жылдардағы аштық кезеңіне тап болғандықтан, комиссариаттың жергілікті орындармен байланысы үзіліп, Өлкедегі ағарту жұмысына басшылық ету күн өткен сайын қиындай түскен. Қаржы-қаражат пен басқа да қажеттіліктердің жетіспеуі өсіп келе жатқан мектеп жүйесінің қарапайым сұраныстарын қанағаттандыра алмаған. Орныққан жағдайдан шығу үшін А. Байтұрсынов комиссариаттың жергілікті бөлімдеріне арнап қабылдаған қаулысында аштыққа ұшырағандарға көмек көрсетуге шақырған.

Қазақ АКСР Халық Ағарту Комиссариатының жанынан арнаулы ғылыми бөлім – Академиялық Орталық болып 1923 жылы қайта құрылды. Ғылыми мекеменің төрағасы етіп А. Байтұрсыновты бекіткен. Бұл мекеменің басты қызметіне – халық ағарту ісінің өзекті мәселелерін шешумен қатар ғылыми мәселелерге басшылық жасап, олардың жұмысын бір-бірімен байланыстыру арқылы реттеп отырған [22, 38-п.]. Академиялық Орталық теориялық және бағдарламалық жалпы басшылық орталығы» болып қалыптасты. Академиялық Орталықтың кезекті отырысында Өлкені жаппай жайлаған ашаршылықпен күресу үшін «Ашаршылықпен күресу» комитетін құрады. Бұл комитет Академиялық Орталық қызметкерлерінің күшімен концерт ұйымдастырып, оқыған лекцияларында аштан аман қалу үшін көктемгі-жаз айларында сүйрік, борық, буылдық, қарға тұяқ тағыда басқа өсімдіктердің тамырларын қорек етуге болатыны айтылған, «Ашаршылықтың қасіреті» атты сурет көрмесін ұйымдастырып түскен қаржыны ашыққандар қорына жіберген және Орталық Өлкелік мұражай көрме ақысын 1000 сомға көтерген, бір айда мұражайға орта есеппен 1000 адам келген екен, содан түскен 1000000 сом ақшалай қаражатты ашыққандар қорына аударған, ал Физика-медициналық қоғам бірнеше құнды лекциялар оқып, халық арасында жұқпалы аурулардан сақтану жолдарын үйреткен.

1923 жылы А. Байтұрсыновтың 50 жылдық мерей тойын атап өту туралы Халық Ағарту Комиссариатының Коллегиясы қаулы қабылдап, оны РКП(б) Қазақ облыстық комитеті Президиумының мәжілісіне ұсынып, қолдауды сұрайды. Партия комитеті бұл іс-шараға өзінің тікелей қарсылығын ашық көрсетпесе де, бірақ мерей тойға Кеңес органдары атынан жеке жауапты етіп С. Сейфуллинді тағайындайды [23]. Мерей той Ташкент қаласында өтіп, оған жан-жақтан оқыған зиялы қауым жиналды, яғни қазақ, қырғыз, түрікпен, башқұрт, өзбек, тәжік, ноғай, орыстар.

1929 жылы мамыр айының соңы мен маусымның басында Қызылорда қаласына А. Байтұрсынов іс сапармен келеді. Оның негізгі қызметі қазіргі Абай атындағы педагогикалық ұлттық университетінде қазақ тілі мен әдебиетінің профессоры болып жұмыс істеген, отбасы Алматы қаласында болған. Оны Қызылордаға Өлкелік Атқару комитеті ұйымдастырған Өлкетанушылардың құрылтай кеңесіне қатысуға шақырған болатын.

Деректер бойынша А. Байтұрсыновты қамауға алынсын деген № 143 ордер 1929 жылы 28 маусымда шыққан, бірақ шындығында оны сол жылдың 2 маусымында алғаш рет тұтқындап Қызылорда қаласының түрмесіне қамаған. Бұл хабарды университеттің ректоры Санжар Асфендияровқа арнайы қатынаспен жіберген.

1929 жылы маусым айының аяғында айдаумен А. Байтұрсыновты Алматы қаласының түрмесіне құпия түрде этаппен алып келген. В.И. Лениннің өзі қол қойған Қазақ өлкесін басқаратын әскери төңкерістік комитеті төрағасының бірінші жауапты орынбасары болғанын және Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің мүшелеріне кешірім жасалғанын айтқан. Жоғарғы Коллегия ұлт зиялысының кешірім хатын қайта қарап, 1931 жылы 13 қаңтарда бұрын шыққан үкімді бұзып, өзгерткен. «Өлім жазасына кесілген А. Байтұрсынов қамауға алынған күннен бастап 10 жыл концлагерде отыруға үкімі ауыстырылсын. Дүние-мүлкі кәмпескеленсін. Отбасы жер аударылсын» [24, 442-п.] деп Сібірге жер аударумен алмастырған. Он жылға жер аударылған А. Байтұрсынов Архангельск қаласындағы концлагерге 1932 жылдың қарашасында келіп түседі. Мұнда келгенде қайраткер көп азапты шегіп, халі өте қатты нашарлаған.

1937 жылы Алматы көшелерінде Біріккен саяси Бас басқарма бастығы И. Ежовтың шашы тікірейіп, оң қолын жоғары көтеріп, әрбір саусақтарының басында мойындары қылтиып тұрған «халық жаулары» бейнеленген сурет-плакаттар А.Байтұрсыновтың тұрған үйдің де қабырғасына ілінеді. 1937 жылы 8 қазанда оны қайта тұтқынға алады. А. Байтұрсыновты 1937 жылы 8 қазанда Алматы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті үйінің астындағы жертөлеге әкеліп 7 камераға қамаған, бұл жолы «Жапон тыңшысы болған әйелмен астыртын байланыс жасаған» деп айыптаған. Шындыққа ешбір жуыспайтын айыпты басшылыққа алып 1937 жылдың 25 қарашасында Алматы облыстық ішкі істер халық комиссариаты үкім шығарып ату жазасына кеседі. Үкім 8 желтоқсан күні 1937 жылы орындалған. Бұдан кейін, біраз атылған қазақ ұлтының зиялы ұлдарын Алматы облысы, Іле ауданына қарасасты Жаңалық деген елді мекен жеріне апарып көмген. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, ел басымыздың жарлығы бойынша, ұлтымыздың зиялы ұлдарына мәрмәр тастан үлкен ескерткіш қойылды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет