2. 2. «Аңыздың ақыры» романындағы тұлғалардың көркемдік образдары
Философиялық суреттеу тәсілі – Ә. Кекілбаевтың сүйіп қолданатын тәсілі. Ұлтының кешегі, бүгінгі болмыс-бітімін, рухани әлемдегі психологиялық, әлеуметтік, этикалық, адамгершілік менталитетін суреттей отырып, өз кейіпкерлерін барлық қырынан аударып-төңкеріп, қырнап-жонып, бүгіп-жазып дегендей жете танытып, қилы мінездер галереясымен армансыз жүздестіреді. Қаламгер шығармаларының жақсы оқылатыны, бізше, өмірлік шындықты күрделі адамдық қасиеттерді қылықтан емес, құлақтан іздейтіндігінде.
«Аңыздың ақыры» романында мұнара туралы аңыз идеялық-адамгершілік жүк көтеріп, шығарманың негізгі арқауына айналады. Мұнара – өз бойына негізгі идеялардың кешенін жинақтап ұстаған романның басты символы (махаббат, мейірімділік, өнер, әлем мен адам жанының құпиясы) және романның композициялық қазығы. Шығармада болып жатқан барлық оқиға түрлі деңгейде мұнарамен тығыз байланысты және оның қатысуымен өтеді. Мұнара бейнесі романда эволюцияға ұшырайды, алуан қырымен, мінезімен көрінеді, негізгі кейіпкерлердің характерлеріне орай трансформацияға ұшырайды. Ол – романдағы басты романтикалық қаһарман Жаппар махаббатының символы. Романда мұнара семантикасы сыйымды, ауқымды романтикалық мифологема қызметін атқарады [8, 9-б.].
Әуелде «Махаббат мұнарасы» деген атпен шыққан «Аңыздың ақыры» романында өткен кезеңіміз бен түрліше дәуірдегі әлеуметтік құрылым, халқымыздың мәдениеті мен, рухани дүниесі аса шеберлікпен суреттелген. Бұл шығармада Әміршінің мінез-құлық бітімін түбегейлі суреттеу ұлттық психологиядағы ойлылық пен парасаттылық тәрізді қасиеттерді бейнелеп, дала даналығының данышпандығын ұсынады.
Көкірегінде түйсік, саңылауы бар кісі түбі өз арының алдында бір есеп беруге тиіс. Әбіш Кекілбаев «Аңыздың ақыры» романында (1974) жарты әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған шексіз билік иесі, ұлы ханды осы күдік пен күмәнға бүргедей талаттырады. Бұл шығарманың да оқиғалары Алтын Орда дәуірлеп тұрған кезеңді қамтиды. Профессор Р.Бердібаев: «Оқиғалар мен адамдардың іс-әрекеті, мінезі, дүниетанымы, этнографиялық белгілердің молдығы, бұл шығарманы тарихи романдар қатарына қосады», – деп нық тұжырым жасаған. Белгілі ғалымның «Аңыздың ақырын» тарихи роман қатарына қосуының да өзіндік себебі бар. Жазушы нақты тарихи деректен, оның шым-шытырық оқиғаларынан саналы түрде бой тартып, ең негізгі мәселе – сол тартысты тудырушы қоғамдық-тарихи себептерге, солардан өрістейтін салдарға ден қояды. Бұл – тапталған сүрлеу, жаттанды ойдың соңында малтықпауына, еркін көсіліп, терең толғануына мүмкіндік жасаған. Кейіпкерлері де санаулы: Ұлы Әмірші, Кіші ханша, Жаппар шебер. Мұны кәдімгі жаттанды «теорияға» сүйеніп, тарихи шығармаға тән «тарихилық, нақтылық» жетіспейтіндігін желеу етіп, маңызын түсіру дилетанттық саналмақ. «Аңыздың ақыры» – күрделі туынды. Оның жанры жағынан философиялық-психологиялық туынды [10, 36-б.].
Бұл романда бар қырынан мүсінделетін Алмас ханды ғалымдар, жазушылар, оқырмандар әйгілі Ақсақ Темірдің өзі болмаса да егізінің сыңарына балаған. Образ табиғатына бойласақ, мұнда суреттелетін Алмас хан ес біліп, етек жаппай жатып ірі феодалдардан етекбастылықты көп көріп, азап, қорлық, мазақтың ми батпағынан өз қажыры, ерлігі, айласы, өткірлігі, жанкештілігі, қайсарлығы арқасында босанып шығып, қаһан дәрежесіне көтерілген. Ол – Шыңғыс хан; досына, дұшпанына алмас қылыш болған Батый; қу да зәлім, екіжүзді, аяушылықты білмейтін Берке; саясатқа жетік, көреген, алды кең, айбары мығым Жәнібек хан, құлағын жымып, жауына жасын боп тиетін қабыландай Баязит сұлтан сияқты билеуші батырларға тән қасиетті бір бойына тоғыстырған типтік бейне. Қайсар, дарынды, ақылды, бірақ өзімшіл, қадалған жерінен қан шығармай тынбайтын қызымыр, кекшіл, секемшіл, сақ, қаражүрек, қаныпезер Алмас хан, шапшаң қимылдың, атыс пен шабыстың, айқай мен сүреңнің, доң айбаттың адамы емес. Айналасындағы құбылыстарға жіті үңіліп, қызғаныш пен сабыр, өктемдік пен әділдік, өкініш пен үміт, қанағат пен қарынбайлық, өлім мен өмір, фәни мен бақи, жақсылық пен жексұрындықтың жеті атасын түгендеп, ақыл таразысына салудан еш шегінбейді, бұл – оның тұлғасының күрделілігіне қатысты. Не нәрсеге де шұқшиып, кіммен арбасса да өңін бермей, өзегіңді ақбас құрттай үңгіп жеп, жардан омақастырып барып бітіспек. Анау-мынауға қабағын алдырмайтын бітеулеу, бетпе-бет келгеннің аңдысын аңдап, әр қимыл-амалын, сөзімен көз қимылын ін аузын баққан мысықтай қалт жібермей отыратын жылымқұрттың өзі.
Жазушы әміршінің бүгінгі өмірі, ана аманатын орындаудан басталғанын суреттейді. Шешесінің айтуымен Әмірші соңғы кезде Кіші ханымға біржолата көшіп алады. Себебі, анасы тақтан сыз, ордаға, балаларына, қалың әскеріне көз өтетіндігін, тұғырдан түсетіндей заман болса, балалы әйелді емес, баласыз әйелді сағалау керектігін ұғындырады. Олар балалы әйелдердің алдында баласыздығынан қорғанып, өле-өлгенше қадір тұтып, силап өтетіндігін айтып түсіндіреді. Бұл монолог Кіші ханымның бейнесін аша түсуге көмектеседі. Әмірші бейнесін ашуда жазушы монолог, іс-әрекеттен басқа да авторлық баяндау, авторлық ұстаным сынды тәсілдерді де пайдаланады.
«Мұнара» аталатын бөлімде автор Жаппар өміріне шегініс жасайды. Ортөбелік құмырашы ұлын ертіп, Ахмет саудагердің үйіне келіп, мешіт салып жатқандардың қатарына қосады. Жаппардың көз алдында әкесі көк жөтел болып өледі де, баласына «шаһардан кетпе» деп өсиет айтады. Мұны неге айтқанын Жаппар толық ұғынбаса да, әке аманатын орындап шаһарда біржола қалады. Әйтсе де, мұның аяғын немен тынарынан ол күні бейхабар еді.
«Махаббат» аталатын романның үшінші бөлімі – романның шарықтау шегі. Әмірші келгенде мұнара бітіп тұрсын деп шеберге өзіне ұқсаған бір нөкер қызын жіберіп, өз арын сақтап қалғанмен, Әмірші жазасынан бәрібір құтыла алмайды. Соңғы үш айда Әміршінің өзіне бір кірмеуі – Кіші ханым үшін қатал үкімге айналды. Оның ішқұса боп, азып-тозуы да сондықтан. Ал оның бар айыбы – мұнара салдырғаны. Сол мұнарада пәк сезім, адал, ақ махаббаттың менмұндалап тұрғаны үшін Кіші ханым да, шебер де өз жазасын алады. Шебердің екі көзі ойылып, тілі кесіледі. Істің басы-қасында жүрген бас шебер де бұл жазадан аман қалмайды. «Барар жерің бәрібір жердің асты» деген жазумен өзі салған зындан оның өз басына сор болады. Әмірші «басқа шаһарда мұндай мұнара салынбасын» деп шешеді [11, 75-б.].
«Аңыздың ақыры» бөлімінде Әмірші бойындағы арпалысқа, жанын жегідей жеген күйзеліске кезігеміз. Оның бір күні түсіне Мекке-Мәдине кіріп, жан даусымен «Хақ тағала, қай қызметіңе де әзірмін!», деп айқай салып оянады. «Тек жұртқа жасаған мейіріміңді маған да қия гөр!», деп екі етек боп жалбарынып келеді. Бірақ, тірсегінен қағып өтіп, шыр көбелек үйіріліп, шыр айнала қашып жүрген Қағбаның қасиетті қара тасы бұған бәрібір жеткізер емес.
Жазушы осы түс арқылы Әмірші психологиясындағы дағдарысты бейнелейді. Ол түсін жорытайын деп піріне барса, «Кие үркіткен, әруақ ренжіткен жерің бар шығар, балам, ойлан», дейді. Пірінің осы сөзі әміршінің есіне шебердің киесін үркітіп, оның құмырашы әкесінің әруағын ренжіткенін растайды. Алайда сабыр таппаған әмірші тағы да жорыққа аттанады. Оның жауабын тағы да жорықтан іздемек.
Романдағы кейіпкерлер – Ұлы Әмірші, ханым, шебер іс-әрекеттерімен емес, көбіне көңіл-күйлеріндегі күйзелістерімен, жан әлеміндегі арпалыстарымен, ішкі буырқаныстан сыр берер бет-жүздегі, мінез-құлықтағы, сезімдік құбылыстарымен көрінеді. Атағы жер жарған Әмірші де кезінде әмір әскерінің көп сардарының бірі болған. Сол көптің бірін осындай даңқ пен дақпыртқа, атаққа жеткізген – қанағаттанбаушылық сезімі еді. Алайда адам бойындағы осындай алапат сезім, күш-қуатын қайда, қандай мақсатта жұмсалуына қарай нәтижесі де әр-түрлі болмақ.
Романның басты үш кейіпкеріне үш бөлім арналған, үшеуінің тағдыры да, ішкі өмірлері де, жан сезім арпалыстары да, тіпті тіршілік тыныстары да сан алуан, жас мөлшері де әр-түрлі. Бірақ оларды ортақтастырып тұрған – жай мұнара, махаббат мұнарасы, бір-біріне деген ішкі, құдіретті де құпия іңкәр сезімдері ғана.
«Аңыздың ақыры» романының оқиғасы Самарқан шаһарінің жолбасшылары туристерге күнде айтып беріп жүрген, Темірланның сүйікті тоқалы Бибі ханым салдырған атақты ғимараты жөніндегі хикаяға негізделген секілді.
Романның бас кейіпкері — ұлы Әмірші «Күй» повесіндегі Жөнейітпен, «Ханша-дария хикаясы» повесіндегі Шыңғыспен іштей де, сырттай да біраз үндесіп жатады, бірақ бұл шығармада шексіз билік пен билік құмарлықтың адамшылық философиямен әсте сыйыспайтындығы айқынырақ, тереңірек суреттеледі.
Қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Мұнара немесе аңыздың ақыры» романындағы және өзге де прозалық шығармаларындағы алуан бейнелер болмысты өнер арқылы тікелей өзгертуге құлшынады. Жазушы Ә.Кекілбаев материалды дала өмірінен алады да, өз тәжірибесіне сүйене отырып, баллада түрінде өткір драмалық прозаға айналдырады.
Достарыңызбен бөлісу: |