Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет31/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   42

Желтоқсан айында өткен жалпы қазақ құрылтайында «Алашорда» деген атпен қазақ автономиясы жарияланды. Үкіметтің төрағалығына Бөкейханов сайланды. Үкімет құрамында бес мүше болды. Мен үкіметтің құрамына кіргенім жоқ».

Иә, М.Дулатов үкімет мүшесінің ресми құрамына кірмегенімен де, құрылтайдың жауапты хатшысы ретінде барлық қаулылар мен хаттамалар, құжаттар соның қолынан өтті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында ұйымдық-саяси мәселе қараған II құрылтайдың күн тәртібі бойынша:



«1. Сібір, Түркістан автономиясы мен Оңтүстік-Шығыс Одағымен арадағы қарым-қатынасты анықтау. 2. Қазақ облыстарының автономиясын құру. 3. Милиция. 4. Ұлттық кеңес. 5. Оқу. 6. Ұлттық қор. 7. Мүфтият. 8. Халық соты. 9. Ауылды басқару. 10. Азық-түлік қоры» – жөніндегі мәселелер талқыланды.
Ә. Бөкейханов баяндама жасаған алғашқы төрт мәселе – Қазақ автономиясы, милиция мен Ұлттық кеңесті құру туралы пікірлерді тұжырымдап, ұсыныс енгізу үшін 7 адамнан тұратын комиссия құрылды. Ең бір көкейкесті мұқтаждық оқу мәселесі жөніндегі М.Дулатовтың баяндамасы тыңдалып, бір ауыздан мынадай қаулы алынды:

«Бастауыш және орта білім беретін қазақ мектептеріне арналып қазақша оқулықтар құрастыру үшін 5 адамнан алқа құрылсын, комиссияға өзіне қажетті адамдарды шақыруға право берілсін. Алқа Орталық ұлттық кеңес орналасқан жерде жұмыс істесін. Алқа мүшелері оқулықтардан басқа: а) Ұлттық мектептерге арналған программа жасау, б) Мұғалімдерге жетекшілік ету, в) Балалар тәрбиесі туралы кітап шығару, г) Барлық қазақ мектептеріндегі халыққа білім беру жүйесінің тәртібін белгілеу, д) Қазақ тілінің жазу үлгісін реттеу, е) Пайдалы кітаптар мен кітапшаларды қазақ тіліне аудару – мәселесімен де шұғылданады».

Сөйтіп, «Алашорданың» оқу ісін ұйымдастыру шаралары «үкімет мүшесі емес» М.Дулатовтың қатысуымем тікелей жүзеге асты. Сондай-ақ, Құрылтайдың атына келіп түскен хаттар мен телеграммадағы көрсетілген төтенше оқиғаларды, шағымдарды талқылай келіп:



«1. Өзара партиялық (сайлау) бақталастықтарды жойып, бірігу туралы Үндеу жазу. Бұл Міржақып пен Ахметке жүктелсін. 2. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі жазалау отрядының зардаптарынан аштыққа ұшырап, қатын-балаларын ұнға айырбастап (бір пұт ұн 125 сом) жүрген босқындарға және Хиуадағы тоналған қазақтарға көмек көрсету үшін әрбір адамнан 1 сомнан садақа жиып, оны мұқтаждарға жолдауды жүктеді. 3. Ашыққандарға Ақмоладан астық жеткізу үшін Қарқаралы, Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездерінің қазақтары Әулие-Ата, Пішпек уездерінің қазақтарына жалақысына келісе отырып түйелерін беру сұралды. 4. Түркістан автономиялы уәлаятынан Жизақ уезіндегі анархиялық бассыздықтарды тоқтатуды талап етті. 5. Құрылтай жиналысына қатысу үшін Сырдария облысынан бір адамды сайласын деп телеграмма соқты. 6. Түркістан автономиялы өкіметімен келісе отырып, біртұтас қазақ автономиясына кіру туралы өтініштерінің қанағаттандырылуын қостады. 7. Түркістан автономиясына құттықтау телеграммасын жолдауға және Орынбор мүфтиінің тілегіне рақмет білдіруге келіссін», – деген шешім қабылдады.

Бұл мәселелердің барлығы да М.Дулатовтың қатысуынсыз өткен жоқ.

М.Дулатов (жалғасы): «Орынбордағы құрылтайдың өтуінен бірнеше күн бұрын Қоқанда Түркістан автономиясы жарияланды, оның құрамына Жетісу мен Сырдария облыстары кірді. Орынборда өткен қазақ құрылтайы: бұл екі облыс қазақ автономиясына қарауы тиісті,деп шешті. «Алашорда» үкіметінің осы қаулысын жүзеге асырып, тиянақтап шешу үшін 1918 жылдың басында Түркістан қаласында Сырдария облысы өкілдерінің мәжілісі шақырылды. Бұл кеңеске «Алашорданың» атынан үш өкіл қатысты. Соның біреуі мен болдым. Бұл кеңес Сырдария облысын қазақ автономиясының құрамына енгізу керек деп шешім қабылдады».

Бұл туралы Д.Әділев: «Екінші бүкілқазақ құрылтайынан кейін, 1917 жылы ғой деймін, Дулатов «Алашорда» орталық үкіметінің тапсырмасымен Түркістандағы қазақтарды «Алашордаға» қосу мақсатымен Түркістанға барған. Ол кезде Қызылорда, Жетісу облыстары Қоқан үкіметіне қарауды жөн көрген болатын. Дулатов Түркістандағы құрылтайда сөз сөйледі. Қожанов екеуі сонда танысқан екен», – деп көрсетті.

Сөйтіп, үшке бұтарланған қазақ елі мен жерінің тұтастығына ұмтылған алғашқы талқыға да М.Дулатов қатысты. Аса күрделі және шетін бұл мәселеге ХХІ ғасырдың басында ғана «неғылайынға» негізделген көп нүкте қойылды. Ал ол кезде бұл әлі шикі мәселе еді.

М.Дулатов (жалғасы): «Қаңтар айының аяғында кеңес үкіметінің қолына көшкен Орынбор қаласына келдім. «Алашордашылардың» ешқайсын Орынбордан таппадым. Сөйтсем, «Алашорданың» жетекшілері құрылтай бекіткен астанасы Семейге кетіпті. Ақпан айының аяғында не наурыз айының басында мен де Семейге келдім. Ол кезде Семей губерниясы да кеңес үкіметінің қоластында болатын. Онда «Алашордашылар» жартылай астыртын жағдайда жұмыс істеді. Ақпан революциясы тұсында ұйымдастырылған Семей қазақ комитетінде жұмыс істейтіндердің кейбіреуі кейін облыстық Совдептің құрамына кірді . Мен «Сарыарқа» газетіне қызметке тұрдым. Ол кезде Семейдегі «Алашорда» үкіметі іске кірісе алмады, кірісуі мүмкін де емес еді. Өйткені оның он бес мүшесінің 3-4 ғана сонда болатын. Жергілікті өкімет «Алашордашыларды» қуғындай бастағанда мен қырға шығып кеттім», – дейді.

Осындағы «қыр» деген сөзде, кейіннен Шығыс Түркістан ислам республикасын құруға негіз қалаған үлкен саяси және идеялық астар жатыр еді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұсында жазалау отрядтарының қырып-жоюына қатты ұшыраған Семей, Жетісу өңірінің қазақтары шет елге босып, ол жақта да қырғынға, тонауға ұшырап, ақыры ел ішіне аштық кіре бастаған еді. Оның үстіне ақ пен қызылдың ойраны қосылып, мал мен бастан сыпырылып қалды. Қиын-қыстау кезде қызылдардың қырғынына қарамастан «Алашорда» үкіметінің жоғарыдағы қаулысын орындау мақсатында «Аштарға көмек» комиссиясын құрып, исі қазақққа сауын айтты. М.Дулатовтың ұшқыр қаламы тағы да «алаштап!» ұран салды.

Мiржақып Дулатов “Абай” журналы арқылы исi “Алашқа!”, – деген үндеу жариялады.



Алты алашқа аян, 1916 жылғы 25 июнь жарлығы әлегiнен Жетiсу облысындағы қырғыз-қазақтың басына қиямет-қайым күндер туды. “Жiгiт бермеймiз” деп қарсылық қылғаны үшiн оққа ұшып, қаншасы өз жерiнде бiр қырғын көрдi. Басшы адамдары дарға асылды. Рақымсыз үкіметтiң қарулы әскерiне қарсы тұра алмай көбi Қытай жерiне босты. Мал-мүлкiнiң көбi орыс әскерiнiң қолына олжаға түстi. Көршi мұжықтар жау болып, тал түсте таланды: өлтiрдi, адамын байлап, малын айдап алды. Босқанда айдап көшкен мал-мүлiктен жолшыбай айырылды.

Жаяу-жалпы, үйсiз-күйсiз Қытай жерiне жеткенде қар жауды, қыс түстi. Онда жанашыр жақын таба алмай жанталасты. Аштан өлiп бара жатқан соң қалмақ, қытайға бала-шағаларын сата бастады. Адам базары ашылып, баланың құны бiр шелек бидайға шықты. Бойжеткен қыздарын, жас келiншектерiн қаны қара қалмақтар қатынданып кеттi. Аш-жалаңаш, ауызына не түссе соны жеп, қайда болса сонда жатып, неше түрлi дертке ұшырап тағы қырылды. Бақытсыз сорлылардың мұң-зарын, көз жасын естiр құлақ, көрер көз болмады. Туған жер, өскен ел, кешегi бастан кешкен қызық дәурен көздерiнен бiр-бiр ұшты. Мыңдап айдап, жүздеп сапырып шалқыған байлар бiр үзiм нанға зар болды. Әлпештеп өсiрген балалары телмiрiп көрiнгеннiң көзiне қарап, мойнына дорба салып қайыршы болып кеттi. Бай-кедей, жас-кәрi, жақсы-жаманның айырмасы бiтiп, бәрi бiрдей сорлы болды. Бәрi бiрдей мұңды болды. Атадан – ұл, анадан – қыз, жардан – жар айырылды. Жүрек – қанға, көзжасқа толды.

Жетiм-жесiр ботадай боздады.

Жұрттықтан, тiршiлiктен күдер үзiп, бұл опасыз дүниеге қош айтысуға таянып тұрғанда бостандық туды. Бұл хабарды естiгенде жүректерi жарылғандай куанып: аh дүние, тым болмаса елге жетiп, алаштың ортасында өлсек, арман бар ма, – деп қайта шұбыра бастады.

Тағы аштық, тағы жалаңаштық, тағы өлiм... Әлi жоқ, дымы құрыған сорлылар жаяулап қозы көш жерге жүруге жарамай, кез-келген жерде жығылды. Жығылғаны тұрған жоқ, өлгенi тiрiлген жоқ... Басы қасында болмаған, көздерiңмен көрмеген алаштың балалары, бiр минут көздерiңдi жұмып, қиялға салып қараңдар, сонда көргендей боласыңдар: бiреу тәлтiректеп аяғын баса алмай жығылып жатқан, бiреу аштықтан iсiнiп: қандай күнә, сұмдығымыздан мұндай күйге ұшыраттың құдай! дегендей қимылдауға шамасы келмей көлге қарап жатқан, жолдың бiр шетiнде өлiп, өлгенiне рақаттанғандай, мәңгiлiк ұйқыға кеткен шалды көресiң. Жас баласын бауырына қысып, құшақтаған күйiнде өлген қатынды көресiң. Бұлардың мұндай халiне қайғырар ешкiм жоқ, тек қуанышпен ас пен тойға жиылғандай топ-топ қарға-құзғын, ит-құс өлгендердiң көзiн шоқып, етiн жеп, сүйегiн кемiрiп жатқанын көресiң. Бұл өлiктер құдайдың кең даласын сасытқан. Ық жағынан жан жүрерлiк емес, мұның иiсiн өзiң иiскегендей боларсың...

Мұның бәрi ертегi емес, болған iс! Кеудеде шыбын жаны қалғандары елiне жеттi. Бұлар не көрдi? Қора-қопсы ойран болған, қоймалары таланған, малдан адал қара қалмаған, жерiне егiн шықпаған, егiн салар жан қалмаған. Аяқ жетер жерде азық жоқ, азықты жерге жетер көлiк жоқ, көлiк болса – азық жоқ, қалың алаш алыста, қаны басқадан қайыр жоқ.

Тағы дағдарыс, ашаршылық, тағы өлiм...

Бостандық туды, жадырап жаз шықты, күркiреп күн шықты, бiрақ ол бишаралардың басынан қара тұман серпiлмедi, әзiрейiл қылышын қынабына салмады. Басы аман, малы түгел ағайын жеткiлiктi жәрдем бере алмады. Әрi-берден соң жұрт олардың халiн ұмытуға айналды.

Қазақ-қырғыз қырылып жатыр екен деп табиғат өзгермедi, тағы да қыс туды. Бишаралардың халi бұрынғыдан мың есе жаманға айналды. Бiр жылдың iшiнде өлгенi жүз мыңнан асты. Ендi бұл қыс талайын өлтiрген шығар. Қанша өлгенiн ақ кебiндей қар жасырып жатқан шығар. Мiне, қар кетiп, жаз шығуға айналды. Құзғын, қарға той қылар, ауа сасыр... Бiрақ адам баласы жан себiл екен: әлi өлiп бiткен жоқ көрiнедi, тiрiлерiне тамақ та табылып қалды дегендi естiп отырмыз, тiрiлерi өлгендерiнiң етiн жеп жатыр дейдi. Бұған алаш, иә қуанарсың, иә жыларсың, өзiң бiл. Жыласаң – ағайындығың. Бiрақ сенiң көз жасың ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм болмайды. Көз жасы көмекке жарайтын болса, өзгеден кенде болса да, олар көздiң жасынан, көңiлдiң қайғысынан кенде емес едi. Ағайынға, алаш, шын жаның ашыса, шын жыласаң – көмегiңдi көрсет, жылуыңды бер. Жайшылықтағы қайыршыға беретiн тиыныңды берме, рулы елiң өлiмнен қалғандай жылуыңды бер.

Жоғарыда айтылған оқиғаны Жетiсудың қазақ, қырғызы басынан кешiп отыр. Ендi бұл күнде Жетiсуға көршi Сырдария облысының қазағы ашаршылыққа, қырғынға ұшырай бастады. Бұл елде жаз егiн, шөп шықпай, қысқа қарсы малдары жұтап, шеттен астық келмей, келтiруге шамасы келмей, Жетiсудай болмаса да бастарына қараңғы күн туды. Шет жағасы бөтен елдерге ауып, бұлардың да адамдары сатылып, берекесi, елдiгi кетуге айналды.

Осы екi облыстағы аш, жалаңаш қазақ-қырғыз бауырларға жұрттан жеткiлiктi жылу жинап, рулы елiмiздi өлiмнен аман сақтап қалу мақсатымен Семей облысының “Алаш” қаласында қазақ комитетi hәм жастардың “Жанар” атты ұйымы басшылық етiп қауым жасады. 5 мартта қауым ортасынан iс басқаратын 5 кiсiлiк комитет сайлап шығарды. Қауымның бастығы Әлихан Бөкейханов, жәй бастығы Мұқаш Поштайұлы болды.

Комитет председателi – Мiржақып Дулатұлы, орынбасары – Жүсiпбек Аймауытұлы, хатшысы – Мұхтар Әуезұлы, қазынашы – Абдолла Есiркепұлы, тағы бiр мүшесi Абдолла Қоскейұлы. Мәжiлiсте 7 мың сомдай жылу жиылды. Комитет қазiр iске кiрiстi.

Саналы алаш!

Мына екi облыстағы бауырларымыздың жайы жоғарыда айтылды, бiз жұрт боламыз, өз тiзгiнiмiздi өзiмiз аламыз деп отырмыз: жұртымыздың бiр жағы мынадай жоғалғалы тұрғанда кiммен жұрт боламыз?! Кеше бiр облысымыз ойран болса, бүгiн екiншi облысымыз мынадай апатқа ұшырап тұрса, ертең үшiншi, арғы күнi төртiншi облысымыздың басына, сүйте-сүйте бәрiмiздiң басымызға мұндай халдiң келмесiне қандай көзiмiз жетедi?!

Тұтанған өрттi мезгiлiнде сөндiрмесек, ол өртке ертең бәрiмiз де шалынбаймыз ба? Шарпылмаймыз ба? Сонда бiздi кiм жұрт қылады! Онда бiз жұрт болмаймыз, жоғаламыз.

Мейiрлен алаш!

Рулы елiң қан жұтып тұрғанда сен май жұтпа!

Ата-аналар! Сендер балаларыңды еркелетiп маңдайынан сипап, күнге, желге қақтырмай отырғанда: өздерiңдей адамдардың балалары сатылып, көздерiне шыбын үймелеп, жетiмдiкте жүргенiн, бiр түйiр тамаққа, бiр жұтым сусынға зар болып, жылап отырғанын ойлаңдар! Сендердiң қатын-қыздарың алтын-күмiске малынып, бойларын түзеп жылы үй, жайлы төсекте отырғанда, олардың қатын, қыздары күңдiкте, аш-жалаңаш абұйырын жаба алмай отырғанын ойлаңдар!

Атқа мiнген азамат! Сендерге ел керек, жұрт керек болса басшылық қылып, алашты аман сақтау қамына кiрiсiңдер!

Намыстан, алаш!

Жiгерлен, алаш!

Тас бауыр болма, алаш!



Мадияр”.

Сонымен қатар босып кеткен бір жарым миллион қазақтың жоқтаушысы бар екенін білдіру үшін А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Марсеков, байжігіт болысы Қанағат Сүлейменов сәуір айында Шәуешек қаласына барып, «Алашорданың» шет елдегі бөлімшесін құруға ұмтылды. Ондағы Ресей консулы арқылы әскери байланыс орталығын ашты. Шығыс Түркістандағы төрт үкіметтің тәржімашысы болған Кәрім Акрами «Алашорда» делегациясының Қытайға сапары» атты мақаласында: Шығыс Түркістанның шекара бастығы Ян Зың Шинмен кездесіп: кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін көмек сұрағандығын, бірақ та, өз ішіндегі азаматтық соғысты сылтауратып, қандай да бір қол үшін беруден бас тартты, – деп жазды. Ал шын мәнінде олар, мұнымен қоса: босып барғандарға ресми түрде саяси баспана беру, зорлық-зомбылықты тоқтатып, тартып алған мал-мүлкін қайтарып беру, «Алашорданың» шетелдік бөлімшесін ашуға пұрсат беру мәселесін қозғады.

Бұл кезде Жетісудағы «Алаш» әскері майданға бел шешіп кірісіп кетіп еді. Олардың шұғыл түрде әскер құрмасқа амалы да жоқ болатын. Жұмысшы-шаруа әскері дегенді сылтау етіп құрылған большевиктер қазақтардың жерін қазақтардан тазалауға барынша жедел кірісіп кеткен еді. Олар үшін бала да, қарт та, жауынгер де бәрібір кәдімгі «қарауыл» ғана болатын. Бұған қызыл комиссар Д.Фурмановтың өзі тосқауыл қоя алмай, өзі құрған қақпанның құрсауына өзі түскен еді. Алаштың алғашқы құрбаны – Қазы Нұрмұхамедов 6 наурыз күні таңғы сағат 9-да қызылдардың қолынан шеру алдында қаза тапты. Ал Мұхамеджан Тынышбаев, Садық Аманжолов, Ыбырай Жайнақов, Отыншы Әлжанов, С.Ақаев сынды алаш қайраткерлері Жетісудағы «Алаш» әскеріне жетекшілік етті. Ы.Жайнақов:

«Қытай жеріменен Шәуешекке «Алашорданың» Жетісу бөлімінің барша мүшелері келді. Бұл жақта қазақ пен казак-орыстың хал-жайы қатты аянышты. Талау, асып-атудан көзі ашылмайды. Қазақ-орыс қалаларын һам ауылдарын большевиктер тобымен құртып жіберді. Үржар қаласы да таланға шалдығып, 1000-дай қазақты өлтірді. Сібір үкіметіның отряды дүбірі Аякөз маңынан да естіледі. Жеңген, жеңілгенінен хабар жоқ. Хабар алуға, хабарласуға бүгін келдік. Хабарласуға қазақ отрядын түзеп жатырмыз. Жетісудағы большевиктердің саны 10 мыңнан асады…», – деп хабарлады.

Жалпы «Алашорда» әскерінің майданда табанды түрде бетпе-бет соғысқан тұрақты құрамасы осы жетісулық жасақтар. Бұлар қан майданды кеше отырып, кеңес тұсында М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың күш-қайраты нәтижесінде қысымға ұшырамай, қызыл қазақ атты әскер полкін құрды. Ағайынды Мамонтовтардың қырғыны Алтай мен Алатау арасын қызыл қанға бояды. Қатыгездіктің ең анайы түрін қолданды. Шекаралық аудан:



«Мақаншыда большевикпен соғыс болып, Отыншы Әлжанов айуандықпен өлтірілді (тірідей отқа жағып жіберілді), Салық Аманжолұлы жараланды. Қазақ азаматтары қару-жарақтың аздығынан жеңілді. Соңғы адамды жартылай қаруланған жүздікпен Шәуешекке жібердік. Бұл жақтағы большевик әлі күшті. Сібір үкіметі тез құрал бермесе, Жетісу халқы қырылады. Алматы, Жаркент уездерінде казак орыс станицалары қалған жоқ. Қапал, Лепсі уездеріндегі қазақ шығыны есепсіз. Пржевальскі, Пішпек уездеріндегі қазақ-қырғыздың не күйде екені белгісіз. Қазақтардан әскер жасақтау мақсатында тау арқылы Сергиопольге келдік, қорытындысын хабарлаймыз. Жайнақов, Жақыпов, Мамытов, Кәдірбеков, Ниязов», – деп жеделхат жолдады.

Қару-жарақтың жетіспеуінен қырғынға ұшыраған «Алаш» әскеріне М.Тынышбаев оқ-дәрі, қару-жарақ алып шығады. Ол бұл қаруларды Үшаралдағы Анненковтың әскеріне өткізіп береді. Өзі әскери іске араласудан бас тартады.



Тарихи тұрғыдан алғанда бұл сапар зая кетпеді, алаш идеясы өріс алып, кейіннен тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құруға алып келді. Сол сапарда оларды суретке түсіріп алған Мұхамеджан Юсупов өзінің күнделігіне:

«1918 жылы апрель айы еді. Шәуешекке Россиядан келіп жатқан қазақ жазушылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов һам Райымжан Марсековтердің құрметіне Шәуешектің сыртындағы бақшалардың бірінде Шәуешек қазақ зиялы жастары бір қонақ-мәжіліс жасады. Сол қонақ-мәжілісіне бүтін уәлаят бойынша бірден-бір фотограф (ол да болса әуесқой ғана) мені рәсім түсіруге дағуат қылды. Мәжілістің ашылуына Бақтыдан Шәуешекке өз құқымен, жеке ісімен келген қадірменді Қанағат болыс Сүлейменұлы (әйгілі Қабанбай батырдың нәсілі) жолдастарымен, жеті-сегіз адам келіп қатысты. Солардың арасында Әсет ақын да бар еді. Бұл Әсет ақынды мен осыдан төрт жыл бұрын Барлық-Арасанға бара жатқан жолымда, Еміл бойында Әлімғазы болыстың ата жұртында меһман болып қонған кезімде көргем уә салған әндерін естіген едім. Келушілер мен шақырылған меһмандарды таныстырып болған соң Міржақып Әсет ақыннан бірер ән, өлең айтып беруді өтінді. Бұған сонда болған халық та қосылды. Басында Әсет кайфі (мүжәзі) жоқтығын, ән салуға тамағы ауырып жүргендігін сылтау қылып, қабыл алмады. Бірақ сұраушылар қайта-қайта ықылас еткен соң: «Мен домбырамен айтушы едім», – деп домбыра талап етті. Қайдан екенін білмеймін, бір жақсы домбыра тауып келтірілді. Бұны қолға алып, арлы-берлі шертіп көріп, мұнымен ән-күй айта алмайтындығын білдірді және: «Жақсы гармонь болса», – деді. Гармонь да табылды. Біраз уақыт Әсет қысылып, ыңғайсызданып отырды да әнге салып, өзінің өнерін көрсетті. Әсетті естушілер мақтап, оған биік баға берді. Сол қонақ-мәжілістің соңынан рәсімге түсіру болып, Әсет те сонда бір шетте отырып түсіп қалған еді. Содан бір ай кейін тағы да бір қонақ-мәжілісте Әсетті ұшыраттым. Өзінен әнеукүнгі мәжілісте ән салғанда қысылып-қымтырылуының себебін сұрадым. Сонда Әсет: – Ей, қарағым-ай! Онда қонақ болып отырып, ән салуымды сұрағандар бір дария-теңіз, асқан ақын адамдар. Мен олардың қасында кішкене бір бұлақпын. Олардың алдында өзіңді байқап, аяғыңды абайлап баспасаң бола ма?, – деді... Үшбу рәсім 1918 жылы апрельдің ақырында Шәуешекте түсірілген. Арттан, сол жақтан алғанда түрегеп тұрғандар: 1. Хасен палуан. 2. Палуан Ысқақ. 3. Рақымжан. 4. Хасенжан (Аягөз молданың күйеуі). 5. Нияз Ысқақ. 6. Ғариф Борнаш. 7. Ғафиз Оразалин. 8.(?). 9 (?). 10. (?). 11. Қабыш Сейфуллин. 12. Зейнун Сейфуллин. 13. Мұхамеджан (өзі аппаратты дайындап қойып, жүгіріп барып тұра қалған – Т.Ж.). Ең соңында оңаша отырған Әсет Найманбаев. Орындықта отырғандар: 1. Үржарлық судья Аманжолов. 2. Міржақып Дулатов. 3. Ахмет Байтұрсынов. 4. Райымжан Марсеков. Алда отырғандар: 1. (?). 2. Ғани қари. 3. Ибраһим Құлмқхамбетов. 4. Сабыржан Хамиди. 5. Сербосын (наубайшы). 6. Мұнда Низ ахунның қолы қалқалап қалған орындықта отырған Қанағат болыс ибн Сүлеймен.

Аталған адамдардың барлығы да өте беделді, қазақ мәдениеті үшін маңдай терін төккен зиялылар. Үш арыстың құрметіне бүкіл қалалық сауық-секруен ұйымдастырып, палуан күрестіріп, салтанатпен қарсы алды», – деп деп жазыпты.

Бұл сурет қазір де бар. Әсет ақынның бейнесі сол сурет арқылы бізге жетті. Қайтарда Шыңғыстау арқылы Семейге бет алды. Онда Бақанас бойындағы Абай ауылында Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов бастатқан «Алашорда» үкіметінің көсемдері бой тасалап жүрген болатын.

М.Дулатов (жалғасы): «Содан 1918 жылдың жазында Кеңес өкіметі құлаған соң ғана Семей қаласына қайтып келдім. Сол сәттен бастап қана «Алашорда» үкіметі ұйымдастыру жұмысына кірісті. Мен Орынборға қайтып кеттім де, қазақ газетін қайтадан шығара бастадым. Байтұрсынов та Орынборға қайтып келді».

Әлқисса, осы арада біздің де тағдырымызға тауқыметі тиген бір оқиға туралы әкем – Құдакелді Жұртбайұлының естелігін кіріктіруді перзенттік парызым деп есептеймін. Өйткені осы сапардағы алаш ардагерлеріне көрсеткен кішілік қызметі үшін әкеміз жарықтық 1930-1932 жылдары Алматының абақтысының «дәмін татыпты». Өзінің түрмеге не үшін қамалғанын:



«Көтеріліс жылдары Ахмет Байтұрсынның хатын Мақаншыдағы алаштың жасақтарына жеткізгенімді кеңес өкіметі біліп қойыпты. Ол кезде он алты жаста едім. Алаш адамдары бас қосып, Шәуешекке бара жатыр екен. Он алтыншы жылғы босқындарды қайырмақ. Тағы да бұдан басқа өз ойлары болса керек. Онысын аңдағара алмадым. Соларға атшы болып жүргемін. Қазақтың көсемі: мені елеусіздеу көрінетін бала ғой, ешкім тексеріп-тергемес деп, жасырын бір хатты жасақтарға апарып беруге жұмсады. Хатты желдіртіп барып апарып, жауабын желдіртіп келіп әкеп бердім. Қайтарда ақ па, қызыл ма, білмеймін, әйтеуір орыстың әскері қуды. Ептеп қудаластық. Бар қылмысым осы. Хаттың ішінде не жазылғанында шаруам қанша. Сол үшін «алашорданың шабарманы» атанып, отызыншы жылы қамаққа алынып, тергеуге түстім. Көрген-білгенім әлгі. Сол жауапты тергеушілерге қайталап отырып алдым. Ақыры қашып құтылдым», – дейтін.

Кезінде бұл әңгімеге мән бермеппін. Кейіннен бәрі де дерек ретінде расталды. Қашқында бірге болған Жырғал, Рақымберді деген қанжығалас серіктері бертінде дүниеден қайтты. Әкеме абақтыдағы азаптан көрі, абақтыдан қашып шыққаннан кейінгі көрген халық қасіреті қабырғасын қатты қайыстырушы еді. Тағдырдың тауқыметіне ұрындырған сол сергелдең туралы естелігін кезінде баспасөзде жарияланған толық қалпында осы араға кіріктіргеніме кешіріммен қарарсыздар деп түсінемін. Мұндағы ашаршылықтың зауалы кімді де болса толғандырады ғой деп ойлаймын:



Қ.Жұртбаев: «Е, бұл қу бас нені көрмеді дейсің. Түрмесін де, түнегін де, істігін де, штыгін де көрдік қой бұл өкіметтің. Соның бәрінен маған батқаны отыз екінші жылғы ашаршылық болды. Өз басымыз аман қалды демесең, ол көріністі еске алсам әлі де тұла бойым түршігеді. Несін сөзбұйдалайын, аласапыранның уақыты. Аяқ астынан әскердің қолына түсіп, Алматыға айдалдым. Істі болдым да шықтым. Түрмедегі қорлықты айтпай-ақ қояйын. Оның өзі солай болуы да керек қой. Қазіргі тоқшылық заманда да абақтыдағылардың жағдайы мәз емес шығар. Әліпті таяқ деп білмейтін адамнан не саясат шықсын. Малдың бәрін тартып алған. «Ақ сиырдың» көтерілістері (Шәкәрім қатысқан) бұрқылдап тұрған кез. Тағдырдың желі қуып жүріп түрмеден шықтық. Онда тоғыз айдай жаттым. Саясаттан хабарсыз болғандықтан ба, біраз адамды абақтыдан сыртқа шығарып, әр түрлі жұмыс істетті. Қыс түсе бастағанда-ақ түрменің маңына қайыршылар жинала бастады. Біз олардан бірдеңе дәметіп жүрсек, олар бізге келген адамдардан қайыр тілеп жүр екен. Елге аштық кіргенін содан білдік. Түрменің қара жұмысы, қара нан, қыс бойы соны қағажу еттік. Сөйте жүріп, үш жігіт, үшеумізде жиырманың ішіндегі жас едік, тіл табысып, «кампан» болып алдық. Қолға түскеннің бәрін бөлісеміз. Бірі – Қаратаудың, бірі – Ақсу – Сарқанттың азаматы еді (Аттарын есімде сақтай алмадым – Т.Ж.).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет