Туады ерлер ел үшін Қазақстан республикасының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров – 65 жаста 1 Жүргізуші



Дата27.06.2016
өлшемі52.56 Kb.
#160080
Туады ерлер ел үшін Қазақстан республикасының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров – 65 жаста
1 Жүргізуші: Адамзаттың ғарышқа жол ашқанына биыл 50 жыл толды. Ғарышты игеру қазақ жерінен басталды. Жеті қат көкке сапар шеккен тұңғыш адам Алаштың азаматы болуы мүмкін еді.

Әрине жеріміз азат халқымыз отарлықтың бұғауынан бос болғанда... Дегенмен өткенге салауат. Қазақ баласы да ғарышқа қадам басты. Осыдан 20 жыл бұрын Еуразияны еркінше шеңгелдеген Кеңестер Одағының құрамында болған Республикалар тәуелсіздік шеруін бастаған кезде қазақ қыраны да томағасын сыпырды.



2 Жүргізуші: Қазақстан Республикасының тұңғыш ғарышкері Әубәкіров Тоқтар Оңғарбайұлы 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, 1 Май ауылында дүниеге келді. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, техника-ғылымы докторы, профессор, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал майоры, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері (1995 ж.). 1962-65 жылдары Теміртау құйма механика заводында токарь болды. Есімі облыстың Құрмет кітабына алтын әріппен жазылды. (1964 ж.) Ресей Федерациясындағы Армавир жоғарғы әскери ұшқыштар учелищесін 1969 жылы бітірген. 1969-75 жылдары Кеңес Одағы Әскери-әуе күштерінің Қиыр шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары болған.

1 Жүргізуші: Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін 1976 жылы, Мәскеу авиация институтын 1979 жылы бітірген. 1976-92 жылдары Мәскеудегі А.И.Микоян атындағы Тәжірибелік-конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы. Т.Әубәкіров 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде қонбай ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 жылы 1-болып авиатасушы крейсерлік алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды.

2 Жүргізуші: 1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа кеме командирі А.Волков, Аустрия ғарышкері Ф.Фибекпен бірге ұшты. Ғарыш кемесі Жер төңірегіндегі «МИР» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңіз аймағы бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және Жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. Бір апта бойы «Мир» орбитальды кешенінде жұмыс істеп, ғарышта жеті тәулік, 22 сағат 13 минут болған соң 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды.

1 Жүргізуші: Т.Әубәкіров Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. Ол 1992-93 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрінің 1-ші орынбасары, 1993-94 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық-Аэроғарыштық агентігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министірінің орынбасары, 1994-95 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты – Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. 1996 жылдан Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі болған.

1 Жүргізуші: 2011 жылдың 2 қазанында еңбек сіңірген сынаушы-ұшқыш, Кеңес одағының Батыры Тоқтар Әубәкіровтің қазақ халқының тұңғыш перзенті ретінде ғарышқа ұшқанына 20 жыл толды. Осы ерлігі үшін ол «Халық қаһарманы» атағына ие болды. Т.Әубәкіровтің ұшуы халқымыздың патриоттық мақтанышын оятты. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуіне ұласқан ұлттық сана-сезімнің қуатты серпілісінің бір бөлігі болды. Бұл оқиға ғарышты игерудегі еліміздің аса көрнекті рөлінің көрінісі. Өйткені біздің Байқоңыр – Жер орбитасына аттанған барлық сапардың жартысынан көбін қамтамасыз еткен адамзаттың ғарыш бесігі.

2 Жүргізуші: Ұзақ уақыт қиыр қонып, шет жайлап жүрген Тоқаңның мінез-құлқымен іс-әрекетінен туған жер мен елге айрықша аңсары оның тілі мен салт-дәстүріне мәйекті мәдениетіне деген ерекше құштарлық андағайлап тұрады. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халық даналығы қанына сіңген аға жан адамды жатсынбайды, бойына олқы көрмейді. Бәлен жылдан бері білетін байырғы танысындай емен-жарқын әңгімелесе жөнелгенде қарсы алдыңда дыбыстан жылдам ұшақты авиация тасымалдаушы кемеден трамплиндік тәсілмен самғатқан қас шеберлігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген қаһарман генерал тұрғаны байқалмайды.

1 Жүргізуші: Кейіпкердің өз аузынан естілген бір ақиқат бар – ғарышқа ұшуға дейін-ақ Кеңестер Одағының Батыры атағын иеленген, әлемдегі саусақпен санарлық сынақшы-ұшқыштар санатындағы Тоқтар Әубәкіровке емес, қазаққа керек еді.

Біз ешкімнен кем емеспіз, азаматы көк аспанға көтерілген халықпыз деп еңсе тіктеу үшін республика басшылығы осы уәжді алдына тартып, ғарышқа ұшу қажет деп ұсыныс жасағанда халық атынан жасалған тілектен бас тарта алмады. Келісім берді және жарты жылдан кейін 45 жасар жігіт ағасы тәуекел сапарға даяр болды. Тоқаң одан он, он бес, жиырма жыл бұрын әзір еді. Аумағында ғарыш айлығы орналасқан жергілікті халық заңдылықпен талап еткен тарихи оқиғаға тек өктем империя, Мәскеу дайындықсыз болатын.



2 Жүргізуші: Тумысынан жасмышқа тәңірінің маңдайға жазғанына сенетін Тоқаң игерген бар білімімен кәсіби шеберлігін, маңдай терін төгіп атқарған еңбегімен саясаткерлік тәжірибесін халқының игілігі жолына бағыштауда. Бірақ жаратушы бармақтай бақты таудай талабы бар жанға ғана жолдайтынын бала жасынан жадынан шығармады. Нұркен Әбдіров, Талғат Бигелдинов сияқты ұшқыш болу арманы орындалу үшін «Талапты ерге нұр жауар» деген даналыққа ден қойған ол 15 жасында парашютпен секірді, жыл өте ұшқыштар секциясында жаттығып, жұмыс істей жүріп, кешкі мектепте оқыды. Бәріне үлгерді. Нәтижесі міне – бүкіл түркі әлемінің теңдессіз тұлғасы. Қожырай бастаған түрік жұртын қайта түлетіп жер жүзі санасатын державаға айналдырған Ғази Мұстафа Кемал Ататүрік сонау 1926 жылы өсиет жазған екен: Үшінші мың жылдық табалдырығын аттаған кезде түркі тілдес халықтардың ішінен ең танымал тұлғаны анықтап, тарту жасаңдар депті. Таңдау қазақ арысы Тоқтар Оңғарбайұлына түсіпті.

1 Жүргізуші: Жер маңайындағы ғарыш кеңістігін игеруде Байқоңыр Кеңес ғылымын бірінші орынға шығарып отырды. Сол кезден бері әртүрлі елдердің 150-ден астам ғарышкерлері ғарышта болып қайтты. Байқоңырдан «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» сипатындағы барлық ғарыш кемелері, «Салют» және «Мир» орбиталық станциялары ұшырылды. Қазақстан жерінен аспанға «Космос», «Протон», «Зонт» жасанды серіктері шығарылған болатын. Бұлар халық шаруашылығының ғарыштағы бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында орындалды.

2 Жүргізуші: Қазақстан Республикасының ғарышты игеруге қатысуы біздің ғылымымыздың салмақты екендігін, ең күрделі ғылыми-техникалық міндеттерді өз ғалымдарымыз да шеше алатындығын дәлелдейді. Біз әлемдік деңгейдегі ең күрделі технологияларды жасай аламыз. Байқоңырдан Күнді, Айды, Қызыл жұлдызды, Шолпанды, Галлей кометасы сияқты кометаларды, шағын планеталарды, астероидтарды зерттейтін ғарыш аппараттары бар зымырандар ұшырылуда. Бұл аппараттар алыс ғарышты, Шоқ жұлдыздар мен галактикаларды зерттейді. Байқоңыр – бүгінгі таңда халықаралық ғарыш айлағы. Одан әртүрлі елдердің ғылыми және коммерсиялық зерттеу бағдарламалары бойынша Жердің жасанды серіктері, сондай-ақ АҚШ, Гермения, Франция, Үндістан ғарышкерлерінің интернационалдық құрамымен ғарыш кемелері ұшырылды.

1 Жүргізуші: Қазақ халқының батыр ұлы Тоқтар өз Отаны тәуелсіз Қазақстанда қызмет етуде. Тоқтар Әубәкіров Кеңестер Одағы Батырының жұлдызымен, «Халық қаһарманы» жұлдызымен, Ленин, Октябрь революциясы, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Ол өзінің Қазақстаны туралы «Мен өз халқымның бақытты болғанын көргім келеді. Көп ұлтты, ғылымға құмар, жоғары технологиялық өндірісі бар мемлекет ретінде көргім келеді», - дейді. «Қарыстан сүйем жақын» - қазақ халқының бақыты бәрінен қымбат – ел тәуелсіздігінен екі ай бұрын ғарышқа барып, алашының азаттығына Алладан пәрмен алып келген арыс Атырау мен Алтай арасындағы алып кеңістік ынтымақ пен ырыстың бесігі болса екен деп тілейді. Ол өз тағдырын Отанының тарихымен тұтастырады. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Батыр ағамызға 20-жылдық ғарыш тойыңыз бен 65 жас мерейтойыңыз құтты болсын дейміз!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет