ТҰЯҚбаева айгүл бекайдарқызы германияның Орталық Азиядағы саясаты (1992-2009 жж.) Тарих ғылымдары саласында «халықаралық қатынастар»


Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы



бет2/3
Дата26.02.2016
өлшемі228 Kb.
#27041
түріАвтореферат
1   2   3

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қазіргі кезде автордың белгілеуі бойынша қарастырылып отырған тақырыпта кешенді зерттеу жұмысы жүргізілмеген. Зерттеулер көбінесе Германияның Орталық Азия елдерімен қарым қатынасы, екіжақты және аймақтық ынтымақтастық деңгейдегі түрлі аспектілер, Қазақстандағы неміс ұлттарының мәселесі тақырыптарына арналып, жеке салалар шеңберінде жүргізілген. Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша қарастырылып отырған диссертациялық жұмыс жаңа зерттеу жұмысы болып табылады.

Кешенді зерттеулер барысында автор алғаш төмендегідей негізделген нәтижелерге жетті:

  қарастырылып отырған зерттеуде алғаш рет отандық тарихта Германия Федеративті Республикасының сыртқы саясаты еуропалық саясат сарынында жүргізілетіндігі айқындалды;

- диссертациялық жұмыста Германия Федеративті Республикасының Орталық Азиямен қатынастарының басымдылығы аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қолдау көрсету екендігі анықталды;

- зерттеу жұмысында Германияның Орталық Азиямен ықпалдасу механизмдеріне аймақтағы неміс диаспорасы негізгі тетік ретінде, сонымен қатар, сауда экономикалық және саяси әскери байланыстар мен аймақты дамыту саясаты екендігі көрсетілді;

  зерттеу барысында Орталық Азияға қатысты Германияның сыртқы саяси бағыттары мен басымдылығын сараптаудың нәтижесінде неміс саясатының аймақтағы негізгі мүддесі ретінде экономикалық фактор нақтыланған;

- Германияның Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастықты қалыптастыруға қолдау көрсетуінің ерекшеліктері сарапталынған;

Қорғауға шығарылатын тұжырымдамалар. Германия Федеративті Республикасының Орталық Азия аймағына қатысты саясатын кешенді әдіс тәсілдермен зерттеудің нәтижесінде қорғауға мынадай тұжырымдамалар шығарылады:

  сыртқы саяси салада ЕО тың ұлтүсті институты немесе оның орталықтандырылған сыртқы саяси механизмдері қалыптаспағандығына қарамастан, Германия сыртқы саясатын «еуропалық саясат» сарынында жүзеге асыруға мәжбүр;

  Германияның Орталық Азияға қатысты сыртқы саяси концепцияларына кешенді зерттеу жұмысын жүргізудің нәтижесінде, Германия Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке мүдделі;

  Германияның Орталық Азиямен ықпалдасу механизмдерін жан жақты сараптаудың нәтижесінде неміс диаспорасы, аймақты дамыту саясаты, сонымен қатар, сауда экономикалық және саяси әскери байланыстар аймақтағы Германияның белсенді қатысуын белгілейтін фактор болып саналады;

  Орталық Азияның дамуына және аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қолдау көрсету мақсаттарына кешенді зерттеу жұмысын жүргізу барысында, экономикалық фактор   Германияның Орталық Азия аймағындағы негізгі мүддесі;

  саяси экономикалық тұрғыда Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістердің дағдарысты жағдайына қарамастан, Германияның Орталық Азияға қатысты ұстанымы аймақтық сипат алуда, демек, Германияның Орталық Азия мемлекеттерімен болашақтағы қарым қатынастарын «ЕО және Орталық Азия серіктестігі» үлгісіндегі аймақаралық деңгейіне жеткізу әрекеті екіталай екендігін көрсетеді.



Зерттеу жұмысының теоретикалық және практикалық маңызы. Диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен қорытындылары тарих, халықаралық қатынастар, саясаттану, экономика және социология мамандарына қазіргі халықаралық қатынастар жүйесін қалыптастыратын үдерістерді сараптауда пайдалы. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар үшін Германияның сыртқы саяси концепциялары мен стратегияларын жобалау тәжірибесіне зерттеу барысында қолданылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және басқа да мемлекеттік мекемелері үшін Германияға қатысты сыртқы саяси бағытты жобалау барысында ұсыныстар ретінде қабылдануы мүмкін. Ғылыми жобаларда, жоғарғы оқу орындарындағы: «Қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынастар мәселелері», «Федеративті Германия Республикасының саяси жүйесі», «Федеративті Германия Республикасының сыртқы саясаты» пәндері үшін ғылыми материал ретінде қолданыла алады.

Жұмыстың апробациясы. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен қорытындылары автордың ғылыми басылымдарында және халықаралық қатынастар факультеті деңгейіндегі ғылыми семинар шеңберінде, Мемлекеттік аттестациялық комиссияның қатысуымен қарастырылған және әл Фараби атындағы КазҰУ нің халықаралық қатынастар және ҚР сыртқы саясаты кафедрасының кезекті мәжілісінде талқыланды.

Диссертациялық жұмыстың басым тұжырымдамалары «Германия Федеративті Республикасының саяси жүйесі», «Германия Федеративті Республикасының сыртқы саясаты» атты арнайы курстарды оқыту үдерісінде апробациядан өтті.



Жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыстың құрылымы қойылған мақсат пен міндеттермен анықталған. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Зерттеу бағытын таңдау тақырыптың өзектілігімен айқындалады. Диссертациялық жұмыстың өзектілігі мен маңыздылығы Германияның Орталық Азияға қатысты саясаты ғылыми тұрғыда әрі кең ауқымды түрде кешенді зерттеу нысаны болмағандығымен негізделеді.

Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі мен басты мақсаты және алға қойған міндеттері, зерттелу деңгейі, диссертацияның хронологиялық шеңбері анықталады және ғылыми жаңалығы мен қолданбалық маңызы көрсетіледі. Сондай ақ, диссертациялық зерттеудің дерек көздері мен әдістемелік негізі сипатталады.

Жұмыстың 1 ші бөлімі «Федеративті Германия Республикасының сыртқы саясатындағы Орталық Азия» деп аталады, мұнда Германияның жалпы сыртқы саяси ерекшеліктерін көрсету арқылы, неміс сыртқы саясатындағы Орталық Азияның алатын орны мен орта азиялық бағыттың ерекшеліктері ашылады.



«Федеративті Германия Республикасының сыртқы саяси ерекшеліктері: мақсаттары, негізгі бағыттары мен басымдылығы» деп аталатын 1.1 бөлімшесінде XX ғасырдың 90-шы жж. неміс сыртқы саясатындағы басты өзгерістер мен белең алған сыртқы саяси шешімдерге талдау жүргізілген. Германияның сыртқы саясатымен шұғылданатын белді неміс теоретиктерінің еңбектеріне сараптама жүргізудің нәтижесінде неміс сыртқы саясатының даму шеңбері, басты мақсаттары, бағыттары мен негізгі басымдылығы анықталады . Осы анықтаулар арқылы неміс сыртқы саясатының ерекшеліктері көрсетілген.

Германияның сыртқы саясатында алға шығарылатын басты мақсаттар болып қауіпсіздік, әлеуметтік экономикалық даму және тұрақтылық ұғымдары саналады [10, 80 б.]. Аталған үш ұғым неміс сыртқы саясатын анықтауда өзара тығыз байланыстырылады. Неміс саясатының ұстанымы бойынша, кезкелген мемлекеттің сыртқы саясаты оның ішкі саясатынан туындайтындықтан, Германияның ішкі қауіпсіздігі халықтың әлеуметтік экономикалық жағдайына байланысты, ал неміс халқының әл ауқаты тек қана сыртқы сауда айналымдары мен сыртқы нарықтарға тәуелді. ЕО тағы сауда айналымның 65% Германияның үлесінде екенін ескеретін болсақ, онда неміс активтерінің сыртқы нарықтарға қаншалықты тәуелді екенін аңғаруға болады. Осындай маңызды мақсатты орындау үшін неміс сыртқы саясаты қазіргі кезеңде шетел мемлекеттерімен және аймақтармен қарым қатынасты жақсартуға мүдделі. Ал шетелдермен қарым қатынастарды қалыптастыру үшін Германия үкіметі ең алдымен байланыс орнатуға бағытталған мемлекеттердің тұрақтылығына басты назар аударады, демек, тұрақты елдермен қарым қатынас орнату әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз.

Германияның сыртқы саясаты басымдылығына қарай «еуропалық интеграцияны жеделдету», «трансатлантикалық қатынастарда байсалдылық таныту», «шығыс саясатында белсенді ықпал ету» мен «Таяу Шығыс қатынастарын дамыту» болып бөлінеді.

Германияның саясаткерлері мен ғалымдарының арасында неміс сыртқы саясатын толығымен «еуропаландыру» көзделген.

Германия Орталық Азияға қатысты саясатын ең алдымен ЕО шеңберіндегі «шығыс саясаты» бөлімінде, оның ішінде «бейбіт көршілестік саясатында» қарастырады.

«Германия сыртқы саясатындағы Орталық Азияның маңызы» деп аталатын 1.2 бөлімшесінде неміс саясаткерлері мен ғылыми мамандарының баяндамаларынан үзінділер келтіру арқылы және неміс көзқарасындағы Орталық Азияның бейнесі мен оған қатысты ұстанымдарды анықтаудың нәтижесінде Германияның сыртқы саясатындағы аймақтың маңызы көрсетіледі. Неміс көзқарасындағы Орталық Азия әлбетте түрлі бейнеде танылған, идеалистік ұстанымдар мен прагматикалық көзқарастағы еңбектер, және сын тағулар да жиі кездеседі. Германияның ресми ұстанымында және неміс саясаттануында Орталық Азия мемлекеттерін дербес танудан қарағанда, аймақтық деңгейде қарастыру басым келеді.

Алғашқы кезеңдерде Орталық Азия даму үстіндегі посткеңестік республикалар ретінде танылған болса, қазіргі кезеңде неміс және еуропалық саяси ортада аймақтың геостратегиялық маңызы жиі айтылады [11].

Неміс көзқарасында, қазіргі халықаралық қатынастар жағдайында Орталық Азия табиғи байлықтарға ие болуына байланысты ғана емес, сонымен қатар, геосаяси айналасына қарай, демек, Еуропа, Ресей, Қытай және Оңтүстік ислам әлемі тараптарының ортасы бола отырып, «транзиттік көпір» қызметін атқаруға қабілетті [12].

«Германияның орта азиялық саясатының мақсаттары, бағыттары мен басымдылығы» атты 1.3 бөлімшесінде Орталық Азияға қатысты неміс саясатының ұстанымы қарастырылған, Федеративті Германия Республикасының аймаққа қатысты қабылдаған ресми концепциялары, сонымен қатар «еуропалық саясатты» қалыптастыру контекстіндегі шаралары (ЕО тың стратегиялары) сарапталынған.

Германия үшін ұлттық және еуропалық қауіпсіздік жүйесінің кепілдігі ретінде Орталық Азияның әлеуметтік экономикалық даму динамикасын көтеру маңызды, сондықтан да неміс саясаты аймақтағы елдердің барлығында бірыңғай нарықтық экономиканың қалыптасуына аймақ мемлекеттерімен бірлесе отырып, барынша қолдау көрсетуде. Федеративті Германия үкіметінің Орталық Азиядағы дамуға ықпал етуі ең алдымен экономикалық реформаларды жүргізу ісінде техникалық және қаржылай көмек арқылы көрінеді. Экономикалық реформалардың жүзеге асырылуы үшін және енгізілген инвестицияларды тиімді нәтижелерге жетілдіру үшін орта азиялық мемлекеттерде саяси экономикалық тұрақтылық қамтамасыз етілуі қажет, демек кепілдік бола алатын негізгі шартты жүйенің қалыптасуы қажет.

Осы ретте, Германияның орта азиялық аймаққа қатысты саяси ұстанымында неміс және еуропалық тәжірибеде сыналған, шыңдалған және қазіргі кезеңде қауіпсіздіктің кепілі ретінде демократиялық режимнің құндылықтарын енгізу тиімді деп саналады [13]. Демократиялық жүйенің орнығуы барысында қамтамасыз етілетін мемлекеттің құқықтық жүйесін нығайту арқылы орта азиялық аймақтың қоғамдық, әлеуметтік экономикалық хал ахуалын жақсарту, халықтың дамуы мен өмір сүру деңгейін көтеру қауіпсіздіктің алдын алу шаралары болып саналады.

Келешекке жобаланған, алайда қазіргі кезеңнің өзінде экономикалық саяси даму барысындағы мемлекеттердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайту мақсатында Германия ұстанымы бойынша Орталық Азия мемлекеттері өзара орта азиялық ынтымақтастықты қалыптастыруы қажет. Орталық Азияға қатысты ұстанған мақсаттарын Германия еуропалық саясат шеңберіне сыйдыруға тырысады.

Алайда, қазіргі кезеңде Германияның Орталық Азияға қатысты концепциясында көрсетілген мақсаттар мен жоспарларды жүзеге асыру үдерісі біршама өзгерістерге ұшыраған.

2 ші бөлім «Орталық Азиядағы Германияның қатысуы» деп аталады. Аталған бөлімде Германияның аймақ елдерімен саяси құқықтық, әлеуметтік экономикалық және мәдени салада ынтымақтасуының нәтижесінде Орталық Азиядағы нығайтылған қатысуы дәлелденген.



«Неміс диаспорасы – Германияның Орталық Азиядағы қатысуын белгілейтін фактор ретінде» деп аталатын 2.1 бөлімшеде Орталық Азия мен Қазақстандағы неміс диаспорасының мемлекетаралық қатынастарды дамытудағы маңызы көрсетіледі.

Диаспора – бұл тек белгілі бір этномәдени дәстүрлерді ұстанушы және тарихи қалыптасқан қауымдастық қана емес, сонымен қатар халықаралық қатынастар саласында ықпал етудің саяси құралы екендігін ескеретін болсақ, онда бұл фактор Германияның Орталық Азиядағы қатысуын түйіндейтін мәселе болып саналады [14].

Көпұлтты орта азиялық мемлекеттер, оның ішінде әсіресе Қазақстан үшін қоғамдық қатынастар саласында этникалық фактор маңызды болып саналады.

Жалпы қазіргі кезеңде неміс ұлтының көпшілігі Қазақстанда орналасуына байланысты басқа орта азиялық мемлекеттерге қарағанда Германияның этносаяси байланыстары Қазақстан Республикасымен айрықша көрінеді, сондықтанда, қарастырылып отырған этносаяси мәселе көп жағдайда Қазақстан мысалында түсіндірілген.



«Германияның Орталық Азия мемлекеттерімен саяси құқықтық байланыстары» деп аталатын 2.2 бөлімшеде Германияның әрбір орта азиялық мемлекетімен қарым қатынасының саяси құқықтық негізі берілген, демек, Германия Қазақстан, Германия Қырғызстан, Германия Тәжікстан, Германия Өзбекстан және Германия Түрікменстан қатынастарындағы саяси құқықтық байланысу ерекшеліктері сарапталынады. Бұл бөлімшеде жоғары деңгейдегі кездесулер барысында жүзеге асырылатын екіжақты келісім шарттар, және осы келісім шарттар негізіндегі үкіметаралық, парламентаралық және сыртқы істер министрліктері арасындағы қатынастар сипатталады.

«Германияның Орталық Азия мемлекеттерімен экономикалық қатынастары» деп аталатын 2.3 бөлімшесінде Орталық Азия аймағы Германия үшін қаншалықты экономикалық маңызы бар және осы тұрғыда тартымды аймақ қатарына кіре алады ма деген сауалды қою арқылы Федеративті Германия Республикасы мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы сауда экономикалық қатынастардың даму динамикасы жеке жеке қарастырылады.

Орталық Азия ішінде Қазақстан Федеративті Республиканың басымды сауда-саттық серіктесі болып табылатындығы мәлім. Қазақстан соңғы жылдары өзінің көршілес елдерімен салыстырғанда Германиямен ең жоғарғы сауда айналымына жетті.

Жалпы, Орталық Азия мемлекеттерімен экономикалық қатынастардың дамуы туралы неміс сарапшылары мынадай пікірде: «Орталық Азиямен экономикалық қатынастар даму үлгісінде. Оны жандандыру үшін орта-азиялық мемлекеттер әлі де болса сауда кедергілерін жою қажет, сонымен қатар елдердегі құқықтық және экономикалық шарттарды шетел инвестициялары үшін тұрақтылықты жақсарту қажет. Осы аталған шарттар қаншалықты өзгермесе, Орталық Азиямен экономикалық қатынастар арықарай соншалықты дамытылмайды» [15].

Германия   экономикасы алып ел. Диссертацияда келтірілген екіжақты саяси экономикалық қатынастардың дамуы туралы көрсеткіштер әрине екіжақты қатынастардың негізін қалауға бағытталғаны белгілі. Дегенмен де, небәрі бір ғасырдың ширегіндей ғана дербес өмір сүрген орта азиялық экономикалар үшін, әсіресе ауыспалы кезеңде Германия сияқты елмен сауда экономикалық қатынастарды қалыптастыру үлкен жетістік болып саналғанмен, Германияның алып экономикасы үшін мұндай сауда экономикалық көрсеткіштер қанағаттандырарлық емес. Бұл дегеніміз Германияның аймақтағы экономикалық мүддесі мардымсыз дегенді білдірмейді, керісінше, оның аймақ нарығына қатысты жоспарлары кең ауқымда. Германияның экономикасы тек қана тікелей Орталық Азияға бағытталмаған. Мәселен, немістің әлемдік деңгейдегі концерндері Кавказ, Орталық Азия нарықтарын қамту арқылы Үлкен Азия нарығына төселуді көздейді.

Қазіргі кезеңде, Германия Кавказ және Орталық Азия аймақтарындағы экономикалық байланыстарды ширату үшін оның алғышарттарымен шұғылдануда. Демек, аймақ елдерінің ауыспалы экономикасына қолдау көрсету арқылы оларды ширатылған нарық шарттарына бейімдеуді мақсат етіп алған.

Оның айғағы   Орталық Азия мемлекеттерімен екіжақты жақсы нышандағы саяси экономикалық қатынастарды дамытудан ғана емес, сонымен қатар аймақ елдерінің әлеуметтік экономикалық хал ахуалын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «дамыту саясатымен» белсенділік танытуда.



«Германияның Орталық Азия елдерімен дамыту саясаты шеңберінде ынтымақтасуы» атты 2.4 бөлімшеде Германияның Орталық Азия мемлекеттерімен «аймақты дамыту саясаты» шеңберіндегі ынтымақтастығы екіжақты және аймақтық деңгейде қарастырылады, сонымен қатар аймақтағы неміс дамыту институттары туралы мәліметтер берілген.

1992-93 жылдардан бастап Федеративті Республика орта-азиялық мемлекеттермен саяси даму ынтымақтастығын қабылдады. Оның техникалық және қаржылай көмегі ең алдымен Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан елдеріне шоғырлана бастады. Кейіннен олар Тәжікстанға қарай ширатылды. Түрікменстанмен басталған ынтымақтастық «саяси шарттардың жеткілікті болмауы» себебінен жалғасын таппады.

Қазіргі кезеңде Германияның дамыту саясаты аймақтың кедей елдері Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде жүзеге асырылуда. Ал Қазақстанның экономикалық қуаты жаңа ғасырдың басында жаңа белестерге көтерілгендіктен, Германияның көмек көрсету шараларынан бас тартып отыр. Түрікменстан шектелудің салдарынан немістің дамыту саясатындағы техникалық және қаржылай көмек жобаларына енгізілген жоқ, алайда қазіргі кезеңде Германия мен Түрікменстан арасында жаңа саяси экономикалық форум жүргізілуде.

Германия өзінің «техникалық ынтымақтастық саласындағы қоғам» бастамалары шеңберінде Орталық Азия елдерінің мемлекеттік, экономикалық құқықтарын реформалауда, заң жинақтарын тудыруға, заңгерлердің кәсіби білім деңгейін көтеру мақсатында тәжірибе алмасу жобалары арқылы аймақта демократия мен нарықтық экономика негіздерін қалауға қолдау көрсетуде. Және де дәл осы бастамалар нәтижесінде аймақта құқықтық мемлекет пен құқықтық қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыруды көздейді, себебі қауіпсіз кеңістік неміс ұстанымында түрлі салалардағы байланыстарды арықарай ширату үшін қажет.

Сонымен қатар, аймақта танымал болған неміс саяси қорларының ақпараттық даярлау бағдарламалары мен диалог арқылы ықпал ету әрекеттерін ерекше атап көрсетуге болады. Осы ретте, белгілі бір әлеуметтік топтармен жұмыс істеу, оның ішінде, жастармен, әйел адамдармен, аймақтық саясаткерлермен, сондай ақ жоғарғы санаттағы басшылармен диалог түрінде сұхбаттасу жұмыстары азаматтық қоғамды қалыптастыру мен демократияны нығайтуда құнды үлестерін қосуда.

Неміс саясаттануында кедейшілік аймақтағы тұрақсыздықтың негізгі көздері болып саналады және кедейлену үдерісі саяси билік пен экономикалық қорларды орталықтандыру факторынан түзіледі.

Кедейшілікпен күресу стратегиялары Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда «техникалық және қаржы саласындағы ынтымақтастық» шеңберінде құрылымы жағынан әлсіз аудандарда шоғырландырылған. Германияның «қаржылай және техникалық ынтымақтастық» шеңберіндегі аймақтағы қатысуы қаржы секторын, кіші және орта кәсіпкерліктерді дамыту және практикалық кәсіби білім беру жүйелерін қалыптастыру арқылы экономикалық қуатқа дем беру болып саналады.

Демек, Германияның аймақты дамытуға қолдау көрсету ұсыныстары үш бағытта: әлеуметтік экономикалық кедергілер мен аймақ мемлекеттеріндегі демократиялық-құқықтық тапшылықтарды реттеу арқылы аймақты тұрақтандыруға шоғырландырылған. Жекелеген дара мемлекеттермен жеделдетілген ынтымақтасу арқылы ішінара аймақтық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ету. Осы ретте, Германия бүтін аймаққа тән ортақ мәселелерде, мысалы су қорларын пайдалану, ауыз сумен қамтамасыз ету, энергетика және қоршаған орта салаларында көршілес мемлекеттерді ортақ мүддеге қарай жұмылдыру арқылы жалпыаймақтық мәселелер мен кедергілерді жоюға ұмтылады.



«Германия және Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері деп аталатын 3 бөлімде Германияның орта азиялық бағыттағы мақсаттарын негіздейтін мәселелер сарапталынған.

«Неміс саясаттануындағы Орталық Азияның қауіпсіздік және тұрақтылық мәселелері» деп аталатын 3.1 бөлімшесінде неміс және еуропалық саясаттануындағы Орталық Азияның қауіпсіздік мәселелері қарастырылған.

Орталық Азиядағы өзге сыртқы акторлар сияқты неміс және еуропалық саясат аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын аймақпен қатынастарындағы негізгі шешуші фактор ретінде қарастырады. Өйткені, Германия мен Еуропаның саяси мақсат мүдделеріне сәйкес, орта азиялық аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығы неміс және еуропалық қауіпсіздік жүйесінің құрамды бөлігі болып саналады.

Неміс саясаттануында қарастырылатын мәселелерге орта азиялық мемлекеттердің қауіпсіздік жүйелері, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтардың жағдайы, қауіпсіздік саласындағы Ресейге тәуелділіктің басымдығы, Ауғанстан факторы мен оның аймаққа әсері, Ферғана бөктерінің әлеуметтік экономикалық хал ахуалы мен «дәстүрлі емес қауіптерге тартылу» мәселесі, аймақтағы қоршаған орта мен су тапшылығы мәселелері және т.б. жатады.

Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысындағы Германия мен Еуропаның қатысуы ұлттық деңгейде аймақ үкіметтеріне саяси экономикалық реформаларға қолдау көрсетумен, даму шараларына тікелей атсалысумен танымал, ал аймақтық деңгейде шекаралық күзет, ұйымдастырылған қылмыс, қару мен есірткі саудасы сияқты заңсыз қозғалыстар түрлеріне қарсы күрес секторларында көрінеді.



«Орталық Азиядағы демократиялық және құқықтық құрылымдарды қалыптастыру мәселелері» атты 3.2 бөлімшеде орта азиялық мемлекеттердегі демократиялық және құқықтық құрылымдардың даму мәселелері мен олардың неміс көзқарасында бейнеленуі қарастырылады.

Неміс саясаттануында белгілі бір мемлекеттерде тұрақтылықтың орын алуы үшін мемлекеттердің саяси жүйесі қызмет етуге қабілетті болып заңдастырылуы шарт.

Неміс саясаттануында орта азиялық мемлекеттер кеңестік жүйенің мұрагерлері болғандықтан, олардың саяси жүйелерін заңдастыру үдерісі қазіргі кезеңдегі әлемдік стандарттағы саяси жүйені заңдастыру талаптарына сай емес немесе заңдастырудың орны толықтырылмаған деп танылады. Немесе, «ресми декларативті құжаттарға сәйкес, орта азиялық елдер даму жолдарын кеңестік жүйеден арылу мақсатында баламалы түрде демократиялық деп белгілегенімен, демократия құндылықтарын өлшейтін көппартиялылық және биліктің бөліну қағидалары іс жүзінде әлі де болса ықпал етуге қабілетті емес» деп сипатталады. Мысалы, Д. Крааның тұжырымдауынша, орта азиялық парламенттерде шынайы оппозициялар қатары жоқ, олардың барлығы да кезіндегі үкімет басындағы саяси элитаның құрамынан тараған, соған сәйкес олардың саяси шешімдерге тиісті деңгейде ықпал ету қабілеттілігі төмен [16].

Орта азиялық мемлекеттердің саяси және ғылыми топтарының еуропалық ұстанымдарға берген жауаптары бойынша, батыстық үлгідегі демократияны дәл сол қалпында қабылдау үлкен қауіптерді туғызады, өйткені, қоғамның дайындығынсыз батыстық демократия құндылықтарын енгізу Қырғызстанда орын алған жағдайларға алып келмек.

Батыстық демократия моделі орта азиялық қоғамдарға қаншалықты қажет деген сауалға жауап беру үшін міндетті түрде орта азиялық қоғамдардың құрылымдық ерекшеліктері ескерілуі қажет. Өйткені, орта азиялық мемлекеттер «демократиялық даму» туралы қанша декларацияларды қабылданғанымен де, демократияланудың қажеттігі ең алдымен қоғамдық санада бейімделмейінше ешқандай нәтижеге жету мүмкін емес.

«Аймақтық ынтымақтастықты дамыту мәселелері» атты 3.4 бөлімшесінде Орталық Азиядағы ынтымақтастыққа қатысты екіжақты көзқарас, демек аймаққа қатысты неміс ұстанымындағы мүдделер мен орта азиялық мемлекеттерде «аймақтың біртектілігін теріске шығаратын» пікірлердің қалыптасуы сарапталынады. Осы ретте, Орталық Азиядағы жалпы геосаяси жағдай мен ондағы Германия мен ЕО тың энергетикалық мүдделері қарастырылған.
ҚОРЫТЫНДЫ
Германияның Орталық Азияға қатысты ұстанған саясатына жүргізілген зерттеу жұмысы төмендегідей қорытындыларды келтіруге мүмкіндік береді:

1. Сыртқы саяси салада ЕО тың ұлтүсті институты немесе оның орталықтандырылған сыртқы саяси механизмдері қалыптаспағандығына қарамастан, Германия сыртқы саясатын «еуропалық саясат» сарынында жүзеге асыруға мәжбүр. Өйткені, ішкі қауіпсіздік саясаты «еуропалық тұтастықты» қалыптастыруға мүдделі болған Федеративті Германия Республикасының сыртқы саясаты «еуропалық саясатпен» тығыз байланысты, соған сәйкес оның сыртқы саяси бағыттарының ішіндегі негізгі басымдық   сыртқы саясатты толығымен «еуропаландыру» болып саналады;

90-шы жылдардағы саяси өзгерістер мен екі Германияның қосылуы нәтижесінде Федеративті Германия Республикасының сыртқы саясаты ресми түрде егемендікке ие болады және қазіргі халықаралық жағдайларда оның сыртқы саяси іс-әрекеті ресми түрде “еуропалық бағытта” дамуда.

Ал қалыптасып үлгермеген Еуропаның сыртқы саясаты іс жүзінде трансатлантикалық қатынастарға тәуелді. Сондықтан да, Германияның сыртқы саяси ерекшеліктерін зерттеуде оның саяси шешімдерді қабылдау барысында қаншалықты дербестікті көрсететіндігін ескерген жөн. Шет елдермен қарым-қатынасын бейбіт және тиімді жағдайларда дамыту үшін Германия қауіпсіздік, әлеуметтік-экономикалық ахуал және тұрақтылық сияқты негізгі сыртқы саяси мақсаттарын алға қояды.

2. Германияның Орталық Азияға қатысты сыртқы саяси концепцияларына кешенді зерттеу жұмысын жүргізудің нәтижесінде, Германия Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке мүдделі.

Неміс саясаттануында белгіленген Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелеріне аймақ мемлекеттерінің қалыптасуы мен даму мәселелері, оның ішінде саяси құқықтық және әлеуметтік экономикалық даму тенденциялары тұрақтылық негізі ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар, орта азиялық елдердің тәуелсіз мемлекеттер ретінде дамуы барысында, қазіргі халықаралық қатынастар кезеңінде «дәстүрлі емес» қауіптердің ықпалына төтеп бере алу жағдайлары қарастырылады. Германия ұстанымында, Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесі Ферғана бөктеріне тән жергілікті қауіпсіздік мәселелерімен, сондай ақ аймаққа жақын орналасқан Ауғанстан факторымен түсіндіріледі. Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан шекараларының түйісетін жері дағдарысты аудан болғандықтан, географиялық, демографиялық, әлеуметтік экономикалық және тарихи мәдени ерекшеліктеріне қарай, бүтін Орталық Азияны халықаралық қауіпсіздік саясатта қақтығысты аймақ ретінде қарастыруға алып келген.

Германияның Орталық Азиядағы мүдделері сауда-экономикалық қатынастарды ұлғайту, оның ішінде нарықты кеңейту мен энергетикалық мүдделер басым келеді.

Осы мүдделерін жүзеге асыру үшін Германия аймақтағы дәстүрлі емес қауіптердің алдын алуды және мемлекеттердің дамуына колдау көрсетуді көздейді.

Неміс саясаттануында Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылық жағдайын қамтамасыз ету біріншіден, демократиялық және құқықтық құрылымдарды қалыптастырудың нәтижесінде, екіншіден, экономикалық реформалар және кедейшіліктен арылған жағдайда, үшіншіден, еуропалық интеграция моделіне бағытталған ішінара аймақтық ынтымақтастық орын алғанда ғана мүмкін болатындығы тұжырымдалған.

Алайда, қазіргі кезеңде Германияның Орталық Азияға қатысты концепциясында көрсетілген мақсаттар мен жоспарларды жүзеге асыру үдерісі біршама өзгерістерге ұшыраған.

Мәселен, Германияның Орталық Азияға қатысты концепциясында көрсетілген бірінші мақсат бойынша, яғни демократиялық құндылықтар мен құқықтық қағидаларды орта азиялық мемлекеттердің саяси жүйелеріне енгізуі мен орнығуына қолдау көрсету жағдайы күрделі мәселе екені анықталды. Демократиялық құндылықтар мен құқықтық қағидаларды саяси жүйелері реформалауды талап ететін мемлекеттердің саяси жүйелеріне енгізу ісі белгілі бір уақыт пен тарихи кезеңдерден өтпей жүзеге асырылуы мүмкін емес. Ал мәселенің түйіні, орта азиялық мемлекеттердің өзіндік және саяси сананың ерекшеліктері өзгеріске ұшырамай тұрып, сырттан ықпал етілген бастамалар әрине орта азиялық үкіметтер тарапынан толық қолдау таппай отыр. Орта азиялық мемлекеттер демократиялық құндылықтарды өздерінің контитуцияларына енгізулеріне сәйкес, бұл үдерісті саяси жүйелерінде орнықтырудан бас тартпайды, алайда бұл уақыт өлшемімен және өзіндік ерекшеліктердің меңгерілуімен жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан да, көптеген орта азиялық және қазақстандық сарапшылардың пікірінше, еуропалық үлгідегі демократиялық жүйені өзгеріссіз таза күйінде орта азиялық қоғамдарда енгізу мүмкіндігі ешқандай қисынға келмейді. Ал Еуропада демократиялық құндылықтарды мұндай тәсілмен экспорттау тиімсіз деп саналады, сондықтан да орта азиялық мемлекеттердегі демократиялық дамуларға халықаралық ұйымдар тарапынан сын тағулар көбейген.

3. Германияның Орталық Азиямен ықпалдасу механизмдерін жан жақты сараптаудың нәтижесінде неміс диаспорасы, аймақты дамыту саясаты, сонымен қатар, сауда экономикалық және саяси әскери байланыстар аймақтағы Германияның белсенді қатысуын белгілейтін факторлар болып саналады.

Көпұлтты Орталық Азия мемлекеттері, оның ішінде әсіресе Қазақстан үшін қоғамдық қатынастар саласында этникалық фактор маңызды болып саналады. Қазақстан мен Қырғызстанның көпұлтты тұрғындарының ішінде неміс этникалық тобы халықтың құрамды бөлігі ретінде танылған. Сондықтан да, диаспора – бұл тек белгілі бір этномәдени дәстүрлерді ұстанушы және тарихи қалыптасқан қауымдастық қана емес, сонымен қатар халықаралық қатынастар саласында ықпал етудің саяси құралы болып табылатындығын ескеретін болсақ, онда неміс диаспорасы тарихи отаны Германия мен өмір сүріп отырған Орталық Азия мемлекеттері арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтушы «шынайы көпір» бола алады.

Германияның Орталық Азиямен, оның ішінде әсіресе Қазақстанмен әлеуметтік саяси қатынастарында этникалық фактор шешуші фактор болып саналады.

Аймақты дамыту саясаты бойынша, яғни, экономикалық реформаларға және кедейшілікпен күреске көмек көрсету барысында Германия «Техникалық ынтымақтастық қоғамдастығы» (GTZ), «Қаржылай ынтымақтастық» (FZ) сияқты неміс дамыту институттары, және неміс компаниялары мен инвесторлары арқылы аймақта тікелей қатысуда. Нәтижелері, әрине толығымен өз мәресіне жетпегенімен, аймақтың экономикалық дамуына Германия маңызды үлес қосты. Мәселен, Қазақстан мен Қырғызстан да экономикалық реформалар әлдеқайда ертерек басталған, қазіргі кезеңде тез қарқынмен даму үстінде. Ал Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанды дамыту мақсатындағы кедейшілікпен күрес жобалары әзірге жалғасуда.

2001 жылғы қыркүйек оқиғасына дейін, Федеративті республика аймақтың барлық мемлекеттерінде өкілеттілігі бар бірден-бір еуропалық мемлекет болып табылды. Сол мерзімге дейін неміс елшіліктері 90-шы жылдар бойы ұлттық мүдделерден өзге мүдделерді де таныстырумен айналысты.

Алайда, Германия аймақтағы өз қатысуларын кеңейтумен бірге, 90-шы жылдардың соңында орта-азиялық немістердің көпшілігі Германияға қоныс аударуы нәтижесінде мүдделерін өзгертуге тура келді. Социал демократтар мен жасылдар партиясынан құралған коалициялық үкімет тұсында Германияның аймаққа қатысты мүддесі, бұрынғы сыртқы істер министрі Й.Фишер белгілегендей, Орталық Азиядағы нығайтылған саяси құрылымдарда болды.

Германия Федеративті Республикасының Орталық Азияға қатысты концепциясында аймақпен екіжақты қатынастарды дамыту барысында әскери өлшем бірлік толық жаңа аспекті ретінде аталып көрсетілмейді. Дегенмен де, 2002 жылдың басынан бастап жүз елуге жуық неміс әскерлерінің Термездегі солтүстік өзбектік әскери әуежайына орналастырылуы Өзбекстанмен қатар, аймақпен байланысындағы ықпал ету механизмі ретінде қарастырылады. Қазіргі кезеңде Ауғанстандағы ISAF әскерлерін қару-жарақтармен, азық-түліктер және сумен қамтамасыз ету сияқты логистикалық міндеттерді атқаратын неміс бундесверінің саны 3000 әскерге жеткен. 2007 ж. Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративті Республикасы арасындағы әскери жүктер мен адамдарды тасымалдау туралы келісім шартқа сәйкес Германияның Өзбекстандағы неміс әскери базасымен байланыстары Қазақстан территориясы арқылы да жүзеге асырылмақ.

Алайда, қазіргі кезеңде қауіпсіздік пен тұрақтылыққа байланысты демократиялық және құқықтық мүдделер энергетикалық мүдделермен ұштастырылуда.

4. Орталық Азияның дамуына және аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қолдау көрсету мақсаттарына кешенді зерттеу жұмысын жүргізу барысында, экономикалық фактор   Германияның Орталық Азия аймағындағы негізгі мүддесі екендігі анықталды.

Германия мен ЕО 2002-2006 жж. бастап, Орталық Азияға қатысты энергетика саласында алғаш стратегиялық жобаларын қарастыра бастады. Бұл жобалар 2007 жылдың бірінші жартыжылдығында Германияның Еуропалық Кеңесте төрағалық етуімен қабылданған ЕО тың стратегиялық құжатында айқындала түскен. ЕО тың энергетикалық сұраныстарында тек қана мұнай мен газ ғана емес, сонымен қатар уран да маңызды.

Еуропалық мамандардың арасында прагматикалық көзқарастағы сарапшылардың пікірінше, ЕО тың аймақтағы мүдделерінің ішінде энергетикалық мүдде, нақтырақ айтқанда шикізат көздерін тарту әдістері негізгі басымдық болып табылады. Олардың тұжырымдауынша, ЕО тың адам құқықтары, демократияландыру мүдделері өзектілігін жоғалтқан жоқ, тек реалистік саясат тұрғысынан, ол мақсаттар экономикалық қатынастарды дамытуға кедергі болмауы қажет.

Еуропада Ұлыбритания мен Франция идеалистік ұстанымдарымен, ал Германия реалистік саясатымен, тіпті Орталық Азия елдерінің мүдделерін қолдаушы ретінде танылған. Осыдан шығаратын қорытынды, еуропалық елдердің ішінде Германияның Орталық Азиядағы энергетикалық мүдделері анағұрлым алға шығарылған. Сондықтан да, неміс саясаты тек Германияның ғана емес, сонымен қатар үлкен салмаққа ие ЕО тың аймақтағы саяси және экономикалық қатысуын нығайтуға ұмтылады.

Ресейдің энергетикалық желілеріне тәуелділіктен арылу үшін ЕО орта азиялық елдерден шикізатты тікелей импорттауды қалайды.

ЕО тың жобалары бойынша, Каспий және Қара теңіз арқылы жіберілетін энергетикалық тасымалдау өткелдерін қалыптастыру мен мұнай тасымалын Одесса Броды Плоцк желілері арқылы тарту көзделген. Осындай жобалардың нәтижесінде әртараптандырылған энергетикалық желілер ЕО қа энергетикалық шикізат көздерін жеткізудің қауіпсіздігін тудырмақ.

ЕО тек Қазақстанның энергетикалық қорларына ғана емес, сонымен қатар Өзбекстан мен Түрікменстаннан газды тасымалдауға мүдделі. Аймаққа қатысты газ мәселесінде ЕО 6,14 млрд. қа бағаланған және Каспий арқылы тартылатын Nabucco (Набукко) жобасын ұсынады. 2011 жылға дейін аяқталуға тиіс желі Каспий теңізінен тартылып, Түркия арқылы Австрияға жетілдірілмек. Бұл инфрақұрылым арқылы газ тасымалдау көлемі 31 млрд. кубикметрді құрайды [163]. Осы тұрғыда Германия мен ЕО Орталық Азияның бірыңғай аймақтық ынтымақтастықты қалыптастыруына мүдделі.

5. Саяси экономикалық тұрғыда Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістердің дағдарысты жағдайына қарамастан, Германияның Орталық Азияға қатысты ұстанымы аймақтық сипат алуда, демек, Германияның Орталық Азия мемлекеттерімен болашақтағы қарым қатынастарын «ЕО және Орталық Азия серіктестігі» үлгісіндегі аймақаралық деңгейіне жеткізу әрекеті екіталай екендігін көрсетеді.

Орта азиялық аймақ біржақты ғана түсінік, нақтысында Орталық Азия атауы еуропалық зерттеулерде пайда болған.

Қазіргі кезеңде кейбір қазақстандық мамандардың пікірінше, Орталық Азия елдеріне енетін бес мемлекет, яғни Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстанды аймақтық интеграцияны құрайтын біртекті мемлекеттер ретінде қарастырылмайды. Мәселен, Қазақстан – еуразиялық мемлекет ретінде танылуда, ал қалған мемлкеттер азиялық бағытта дамуда. Сонымен қатар, ұлттық және мәдени тұрғыда орта азиялық мемлекеттер біртекті емес. Мәселен, Тәжікстан түркі тілді ұлттармен байланысудан қарағанда парсы тектерімен жақындығы басым.

Ең алдымен, Орталық Азия мемлекеттерінің қазіргі кезеңдегі саяси экономикалық дамуы әртүрлілікті қалыптастырады.

Сондықтан да Орталық Азия   географиялық атауды бергенімен де, бірыңғай аймақ ретінде қарастырудың мүмкіндігі аз болып отыр.

Орта азиялық ынтымақтастық тәжрибелеріне сүйенсек, геосаяси жағдайға, сыртқы саяси стратегиялардың әртүрлі болуына, саяси мүдделердің жетіспеушілігіне байланысты, ықпал етуші экономикалық құрылымдардың әлсіз қалпы және энергетикалық, суды пайдалану, шекаралық территориялық, тасымалдау мәселелерінің реттелмеуі себептерінен аймақтық жобалардың нәтижеге жетпеген жағдайы анықталған.

Орта азиялық интеграция немесе ынтымақтастықтың қалыптастырудағы кедергілерді қазақстандық мамандар аймақ мемлекеттерінің өзара сенімділіктің жоқтығынан деп тапса, неміс авторлары оны демократиялық құндылықтардың орнықпауынан деп есептейді. Неміс саясаттанушыларының пікірінше, аймақтық ынтымақтастық тек саяси элиталардың ғана емес, сонымен қатар халықтың мүдделерін қорғайтын шынайы партиялардың іске қосылуымен жүзеге асырылуы қажет, өйткені, халықтың интеграцияға жақын болуы маңызды фактор.

Сондай ақ, неміс сарапшылары орта азиялық елдер мемлекеттілігі жаңадан қалыптасып келе жатқан кезеңде интеграцияланудың талабына сәйкес өз егемендіктерін ортаға салуға немесе бөлісуге әзір емес екендігін атап көрсетеді. Аймақтық интеграцияның орын алуы үшін әрине талай уақыт қажет, неміс және орта азиялық мамандардың айтуы бойынша еуропалық тәсілмен, яғни даму мүмкіндігі «нөлге теңелгенде» басталуы тиімді.

Орталық Азиядағы мемлекеттер арасындағы қатынастар игілікті және бейтараптықты көрсеткенімен, екіжақты қатынастардағы мәселелер шешілмеген күйінде, алайда осы мәселелердің жағдайы шиеленісе түсудің нәтижесінде әлдеқайда жылдам орнығатын аймақтық интеграцияға ұласуы мүмкін.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет