Учебные пособия по вопросам финансового и валютного права: Мухитдинов Н. Б., Найманбаев С. М., Серимов У. С. «Қаржы саласындағы басқарудың құқықтық негiздерi»



бет7/28
Дата19.06.2016
өлшемі2.45 Mb.
#146856
түріУчебные пособия
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   28
§2. Қаржы саласындағы басқару:

жүзеге асыратын өкілетті мемлекеттік органдар жүйесі,

олардың қызметтерінің құқықтық негіздері

Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару аясына: қаржылық және кредиттік реттеу; ақша эмиссиясы; баға саясатының негіздері; Ұлттық банк, мемлекеттік банктер; мемлекеттік бюджет; жалпы мемлекеттік салық және жергілікті салық пен алымдар жатады.

Қаржы саласындағы мемлекеттік басқару ісіне қатысатын өкілетті органдардың жүйесі ауқымды болып келеді, яғни, бұл аяда басқаруды жүзеге асыратын органдар қатарында басқару (атқарушы) органдарымен қоса өкімет органдары да атсалысады185. Сондықтан бұл жерде “басқару” термині кең мағынада айтылады, яғни, мемлекеттік органдардың ұйымдастырушы қызметі мен атқарушы-билікші қызметтерін бірдей қамтиды, сондай-ақ, бұл саладағы басқаруды мемлекеттік өкілетті органдар да және мемлекеттік атқарушы-билікші органдар да жүзеге асырады. Осы қарастырып жатқан институтымыз барлық мемлекеттік органдардың қаржылық қызметі саласындағы құзыреттерін қамтитыны бізге белгілі болды.

Негізінде заң құжаттарында көзделгендей, қаржы саласын (бұл жерде кең мағынада түсінуге тиіспіз) басқаратын органдар арнайы құзыретті, мамандандырылған басқару (атқарушы) органдар болып табылады. Мысалы, Қаржы министрлігі, Ұлттық Банк және тағы басқалары. Ал мемлекеттік басқару кезінде осы арнайы құзыретті органдар қатарына өкімет органдары, яғни Парламент, жергілікті Мәслихаттар қосылады. Бұлар қаржы саласындағы басқаруды өз құзыреттеріне жататын бағыттар бойынша жүзеге асырады, сондықтан осы іс-қимылдар басқару сипатында көрініс табады.

Осыған орай қаржыны басқару аясындағы қызмет атқаратын өкілетті субъектілердің атқаратын рөлдері де әртүрлі болады.

Қаржыны басқару органдарының Қазақстандағы жүйесі былайынша болып келеді:

1) Мемлекеттік (өкімет) өкілетті органдар ҚР Парламенті мен жергілікті Мәслихаттар.

2) Құзыреттері бойынша үшке бөлінетін мемлекеттік (басқару) атқарушы органдар:

а) жалпы құзыретті органдар;

ә) салалық және функционалдық құзыретті органдар;

б) мамандандырылған (арнайы) қаржылық органдар.

Сонымен, кең мағынада, осы қаржыны басқару органдары жүйесін нақты ашып көрсетсек, ол мына келесідей органдардан тұрады:

1. Мемлекеттің өкілетті органдары:

а) ҚР Парламенті – мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы және өкілетті органы;

ә) Мәслихаттар – жергілікті өкілетті органдар;

2. Мемлекеттік атқарушы (басқару) органдар:

а) жалпы құзыретті органдар:

1) ҚР Үкіметі;

2) жергілікті әкімдер – жергілікті атқарушы билік органдары;

ә) салалық және функционалдық құзыретті органдар:

1) ҚР министрліктері мен ведомстволары;

2) министрліктердің аумақтық органдары және жергілікті әкімдіктің бөлімдері мен басқармалары;

б) мамандандырылған (атқарушы) қаржылық органдар:

1) ҚР Қаржы министрлігі;

2) ҚР Ұлттық Банкі және басқа мемлекеттік банктер;

3) ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінің салық органдары, салық полициясы комитеті және кеден комитеті.

А. И. Худяков жалпы заң әдебиеттерінде қолданылатын “басқару” терминінің үш мағынасын ашып көрсеткен186. Біріншіден, басқаруды өктем өкілетті субъектінің бағынышты субъектінің жүріп-тұруына ұйымдастырылған түрдегі тигізетін ықпалы деп түсіндірген. Мысалы, “министрлік өзіне бағынышты кәсіпорынды басқарады”. Бұл жерде бағынышты субъект басқару объектісі ретінде танылады.

Екіншіден басқару дегеніміз, қандай да болмасын процестерді реттеу, яғни бұл жерде басқару объектісі процестерді жүзеге асырған және асыратын адамдардың жүріп-тұрысы болып табылады. Үшінші мағынасында, басқару белгілі бір ұйымдастырылған құрылымды қалыптастыратын, іштей билік сатысына, яғни өктем билік және бағыныштылыққа негізделген органдар жүйесі деп есептелінеді.

Енді осы айтылған басқару терминінің таза мағынасын қаржы саласына бейімдеп пайдалансақ, онда олар мына келесідей көрініс табады:

1) қаржы саласындағы басқару дегеніміз – қаржылық қызметті жүзеге асырушы субъектілердің жүріс-тұрысына мемлекеттік өкілетті органдар тигізетін ұйымдастырушы ықпалы;

2) қаржыны басқару – мемлекет меншігіндегі ақша қаражаттарын тиісті бағыттарға бөлу, жұмсау болып табылады. Бұл жерде басқарушының өктем өкілеттілігі оның меншік жөніндегі өкілеттілігіне, яғни дәлірек айтсақ, шаруашылықты жүргізу құқығына байланысты туындайды. Осы басқарушы субъект, мемлекеттің қаржылық органы ретінде әрекет жасай отырып, өзіне тиесілі ақша қаражаттарына деген меншік құқығын жүзеге асырады.

3) қаржы саласындағы басқару деп – мемлекет атынан немесе мемлекеттің тапсыруымен және мемлекет мүддесін көздей отырып, өз атынан мемлекеттің қаржылық қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік өкілетті органдардың жүйесін айтамыз.

Бұл органдар бір уақытта қаржыны басқару органдары болып есептелінеді187.

Тағы бір айта кететін жайт, қаржылық құқықтың жалпы бөлімінің құрамында “қаржы саласындағы басқару” атты институт бар екенін білеміз. Бұл институттың нормалары қаржыны басқару органдары жүйесін айқындай отырып, олардың осы аядағы құзыреттерін белгілейді.

А. А. Таранов  салаларды басқаруды, негізінен, орталық атқарушы органдар жүзеге асырады және осы салалық басқару өзіне тән мына ерекшеліктерден тұрады деп есептейді:

1. басқару саласын (аясын) құратын органдар мен ұйымдардың бірыңғай жүйесі болады;

2. салалық басқарудың құрамында мамандандырылған ұйымдармен қоса саланың қызмет атқаруын қамтамасыз ететін өзге де ұйымдар болады;

3. салалық басқару органдарының және оның аумақтық құрылымдары мен ұйымдарының арасында өктем билік бағыныштылық қатынасы сияқты әкімшілік тәуелділік қатынастары орын алады;

4. министрліктер саланы басқарудан басқа да мәртебеге ие болады, яғни заңда көзделген өкілеттілігіне орай салааралық үйлестіруді жүзеге асыра алады және осыған байланысты ведомстволық нормативтік акт қабылдайды деген көзқарасын білдірген188.

Енді жоғарыда аталған мемлекеттік өкілетті органдардың әрқайсысының қаржыны басқару жөніндегі құзыреттерін жалпы сипаттап өтеміз.

Қазақстан Республикасының Парламенті мемлекеттің жоғарғы заң шығарушы және өкілетті органы ретінде189 республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді, бюджетке енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды талқылайды; мемлекеттік салық пен алымдарды белгілейді және оларды алып тастайды; мемлекетіміздің қаржы жүйесін, оның ішінде бюджет және салық жүйелерін айқындайды; салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге қатысты негізгі принциптер мең нормаларды белгілейтін заңдар шығарады; республикалық бюджеттің атқарылуына бақылау жасайды, сондай-ақ өзі бекітетін бюджеттен тыс қорларға да бақылау жүргізеді; республиканың ақша жүйесін белгілейді; мемлекеттік сыртқы және ішкі қарыздар туралы мәселелерді шешеді. Жергілікті өкілетті органдар – Мәслихаттардың өкілеттіліктері жергілікті әкім бастаған тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бюджетінің жобасын бекітеді; оған енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды және бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті белгілеп бекітеді; өз бюджеттерінің теңдестіріліп орындалуына жауапты болады; шығыс бағыттарын дербес белгілейді; қажетті болған жағдайда жергілікті бюджеттен тыс қорларды құрады және олардың нысаналы мақсаттарын белгілейді; салық заңдарына сәйкес мәслихат аумағындағы салық пен алымдар жөніндегі қатынастарды реттеп отырады190.

Қазақстан Республикасының Үкіметі атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды191. Қазақстан Республикасының Үкіметі қаржы саласында нарықтық экономикаға көшуге себін тигізетін қаржы саясатын жүзеге асыру шараларын әзірлейді; республикалық бюджеттің атқаруын қамтамасыз етеді; мемлекеттік баға түзу саясатын талдап жасайды және жүзеге асырады; республиканың қаржы жүйесін нығайту жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады; мемлекеттік валюта, қаржы және материалдық ресурстарды жасақтау және пайдалануда заңның сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді; халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды жүзеге асырады; республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрт мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды; инвестициялық саясатты жүзеге асырады; мемлекеттік ішкі заемдарды шығару мәселелерін шешеді; республикалық валюта қорының қалыптасуына бақылау жүргізеді және оны парламент белгіленген шегінде тиімді жұмсауды жүзеге асырады; халық шаруашылығы салаларының қаржылық жағдайларын жақсартуды айқындайды; кредиттік ресурстарды мемлекеттің бірыңғай ақша-кредит саясатының басты бағыттарымен байланыстыра отырып жүзеге асырады; халықтың ақшалай кірістері мен шығыстарын теңдестіру, инфляцияны қысқарту жөніндегі шараларды айқындайды.

Жергілікті әкімдер өз өкілеттіліктерінің шегінде: бюджет жобасын әзірлеп, оны тиісті мәслихатқа бекітуге табыс етеді; жергілікті бюджеттің атқарылуына бақылау жүргізеді және атқарылуы туралы есептерді қарайды; бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді; бюджеттен тыс қорларды құрып, олардың нысаналы мақсатын айқындайды және оларға енген қаржыны жұмсайды; несие, заем және басқа да ұзақ мерзімді қаржылық міндеттемелер туралы шешімдер қабылдайды; шарттарға және құжаттарға қол қояды; сыртқы экономикалық байланыстарды жүзеге асырады; сессиялар арасында басы бос қаржылық ресурстарды жұмсайды; жоғарғы бюджеттен берілген дотациялар мен субвенцияларды көзделген мақсатта жұмсауды қамтамасыз етеді.

Салалық және функционалдық құзыреттегі органдар – министрліктер мен ведомстволардың өкілеттіліктеріне: өздеріне бағынышты кәсіпорындар мен ұйымдарда және мекемелерде қаржылық қызметті ұйымдастыру; өздерінің қарамағына берілген қаржылық қызметті ұйымдастыру; өздерінің қарамағына берілген бюджеттік қаржылар мен кредиттік ресурстарды өздеріне бағынышты кәсіпорындар мен бірлестіктердің арасында бөлу; сала бойынша қаржылық ресурстарды жоспарлау; бағынышты кәсіпорындар мен бірлестіктердің бақылау сандарын және нормативтері мен лимиттерін бекітеді; өндірісті дамыту, әлеуметтік-мәдени шараларға, ғылым мен техниканы дамытуға, материалдық марапаттауға арнап сала ішінде орталықтандырылған ақша қорларын құру; бағынышты субъектілердің мемлекеттің ақша қаражаттарын заңды және тиімді жұмсауларына бақылау жасауды жүзеге асыру; кәсіпорындар мен ұйымдар тапқан табысты пайдалану нормативтерін белгілеу; орталықтандырылған түрде бюджеттен және бюджеттен тыс қорлардан берілген ақша қаражаттарын бағынышты субъектілер арасында бөлу және т.б. іс- қимылдар жатады.

Министрліктер мен ведомстволардың ақша қорлары екі түсім көзі есебінен қалыптастырылады: бюджеттен бөлінген ақша қаражаттары мен бағынышты кәсіпорындардан аударылған ақша сомалары. Осы жоғарыда сипатталған барлық органдар жалпы құзыретті органдар қатарына жатады. Бірақ олардың қаржыға байланысты қызметтері (іс-қимылдары) мен білікті өз органдарына қарай мемлекеттің қаржылық органдары ретінде танылады. Бұлар қаржыны тек құзыреттеріне қатысты болғаннан кейін ғана басқарса, мемлекет аумағында қаржыны басқару аясында білікті және мамандандырылған түрде атсалысатын арнайы құзыретті мемлекеттік органдардың бар екені баршаға мәлім.

Қазақстан Республикасында қаржыны басқаратын арнайы органдар – Қаржы министрлігі, оның арнаулы басқармалары мен бөлімдері және Қазақстанның Ұлттық Банкі мен мемлекеттік банктер болып табылады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі – еліміздің ең басты орталық қаржылық-экономикалық органы ретінде өз өкілеттіліктеріне сай: қаржыны жалпы басқаруды ұйымдастырады; мемлекеттің бірыңғай қаржылық саясатын кредиттік, валюталық, ақша, салық және кеден саясаттарымен өзара байланыстыра отырып жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекеттің сыртқы экономикалық қаржылық саясатын әзірлейді; республикалық бюджеттің жобасын әзірлейді және оның атқарылуын қамтамасыз етеді; республикалық бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерінің орындалуына, қаржылық ресурстарды жалпы мемлекеттік мұқтаждықтарға жұмылдыруға және халық шаруашылығын өркендетудің мемлекеттік жоспарда көзделген шаралары мен республикалық бюджеттен қаржыландырылатын басқа да шараларды қажетті ақша қаражаттарымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға жауап береді.

Қаржы министрлігінің мына келесідей функциялары бар:

1) индикативтік жоспарлардың жобаларын, мемлекеттің жиынтық қаржылық балансын әзірлеуге, ақша айналымын нығайту және ұлттық валютаны тұрақтандыру жөніндегі шараларды жүргізуге қатысады;

2) мемлекеттік қаржылық ресурстарды басқаруға қатысады және бюджеттің кірістерін ұтымдыландыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;

3) мемлекеттік қаржы тәртібінің сақталуын қадағалап, барлық шаруашылық органдардың мемлекет алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындауын бақылайды;

4) мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстарын жоспарлайды, мемлекеттің қаржылық ресурстарын жоспарлы түрде бөледі;

5) республикалық бюджеттің жобасын жасау жұмыстарына, оның орындалуына және кассалық атқарылуына бақылау жасауды қамтамасыз етеді;

6) қаржылық заңдардың жобаларын жасайды, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар арасындағы қаржылық қатынастардың нысандарын жетілдіреді;

7) мемлекеттік резервтер жасау жөніндегі шараларды қарастырады.

Енді қаржыны тікелей басқаруды жүзеге асыратын, арнайы мамандандырылған Қаржы министрлігінің бөлімдері мен басқармаларын атап өтейік. Олар мына келесідей болып келеді:

1) жергілікті шаруашылық саласы мен қызмет көрсету аясын қаржыландыру басқармасы;

2) қорғанысты, қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қаржыландыру басқармасы;

3) мемлекеттік аппаратты қаржыландыру басқармасы;

4) сыртқы экономикалық қызмет басқармасы;

5) бас бюджеттік басқарма;

6) салық саясаты басқармасы;

7) салықтар мен табыстарды болжалдау басқармасы192;

8) өнеркәсіптің басты салаларын қаржыландыру басқармасы;

9) күрделі қаржыландыру және құрылыс кешендерін қаржыландыру басқармасы;

10) бақылау-тексеру басқармасы;

11) қаржы жүйесі органдарын кадрлармен және қаржылармен қамтамасыз ету басқармасы;

12) қаржы рыногы мен мемлекеттік бағалы қағаздар басқармасы;

13) бухгалтерлік есеп пен есеп беруді ұйымдастыру және бақылау жөніндегі бас әдістемелік басқарма;

14) әлеуметтік дамуды қаржыландыру басқармасы;

15) халықты әлеуметтік қорғауды қаржыландыру басқармасы;

16) заң қызметтері басқармасы;

17) агроөнеркәсіп кешендерін және табиғат қорғау шараларын қаржыландыру басқармасы;

18) ақпараттандыру басқармасы;

19) аумақтық бюджеттер бөлімі;

20) бюджеттік және қаржылық жоспарлауды әдістемелеу секторы;

21) бухгалтерлік есептеу және бюджет жөніндегі есеп бөлімі;

22) бағалы қағаздар және қаржылық рынок басқармасы;

23) валюталық-қаржылық бөлім;

24) шетел инвестициялары бөлімі;

25) қаржылық органдар жүйесін қаржыландыру бөлімі;

26) мемлекеттік заемдар мен қаржылық рыноктарды ұйымдастыру бөлімі;

27) құқық қорғау органдарын қаржыландыру бөлімі;

28) өнеркәсіптің базалық салаларының қаржылық басқармасы;

29) республикалық бюджетті атқару және талдау бөлімі.

Мемлекеттік кіріс министрлігінің салық органдарының өздеріне тән міндеттері мыналар:

1) салық заңдарының атқарылуын қамтамасыз ету және оның тиімділігін зерделеу;

2) басқа мемлекеттермен салық салу мәселелері жөніндегі шарттармен, заңдардың жобаларын әзірлеуге қатысу;

3) салық төлеушілерге олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру және салық салу жөніндегі нормативтік-құқықтық актілер мен салық заңдарындағы өзгерістер туралы уақытылы хабарлап отыру;

4) мемлекеттік бюджетке салық пен басқа міндетті төлемдердің толығымен және уақытылы түсуін қамтамасыз ету, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, міндетті медициналық сақтандыру қорларына, зейнетақы төлеу жөніндегі Мемлекеттік орталық және жинақталатын зейнетақы қорына міндетті төлемдер мен аударымдардың уақытылы және толығымен түсуін қамтамасыз ету.

Осы аталған міндеттерге сәйкес салық комитеті мынадай функцияларды орындайды:

- салық салу мәселелерін реттейтін салық заңдар мен өзгеде нормативтік-құқықтық актілердің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

- салық төлеушілердің құқықтары мен мемлекет мүдделерін сақтау және қорғауды, салықтың дұрыс есептелу, толығымен әрі уақытылы төленуін бақылауды жүзеге асырады;

- салық төлеушілер мен салық салатын нысандардың есебін уақытылы алуды, бюджетке есептелген және төленген салықтың есебін жүргізеді;

- есептелген салық сомасымен салыстырғанда артық төленген соманы салық төлеушінің келісімімен басқа немесе алдағы төленетін салықтар есебіне жатқызады немесе жазбаша өтініші бойынша 20 күн мерзім ішінде салық төлеушіге қайтарып береді;

Қазақстан Республикасы салық заңдарын бұзушылық жағдайындағы арыздарды, хабарларды және басқа ақпараттарды тексереді;

- салықты есептеу мен төлеуге байланысты декларация мен басқа құжаттардың нысандарын әзірлейді193;

- салық төлеушілер туралы ақпараттың құпиясын, яғни мәліметтер құпиясын сақтайды;

- салықтық құқық бұзушылық деректерін жинау, талдау және бағалау, сондай-ақ салықтық құқық бұзушылық пен қылмыс жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі тиісті ұсыныстар енгізеді;

- салық төлеуден жалтарып жүрген жеке және заңды тұлғаларды салық полициясының бөлімшелерімен іздестіруді жүзеге асырады194.

Салық жөніндегі ақпаратты қажет уақытында толығымен және шынайы түрде алу – салық процестерін тікелей басқаруды қамтамасыз етеді. Ақпараттар тікелей, бухгалтерлік және статистикалық есептеулер арқылы алынады. Салықтық жоспарлауды ғылыми тұрғыдан негіздеуге де осы ақпараттар себін тигізеді.

Салық салуды ұйымдастыру деп – салық қатынастарының нысандарына қосып салық механизмін құру және оның қызмет істеуіне жағдай туғызуды (салық түрлері, оларды белгілеу және алу тәртібі, әдістері мен тәсілдері) айтамыз.

Салықтық реттеу дегеніміз – салық мөлшерлемесін есебінен салық қызметі саласын ойдағыдай басқаруды қамтамасыз ету (Салық мөлшерлемелерін төмендету, көтеру, салықтарды алып тастау, жаңа түрін енгізу, жеңілдіктер беру). Ал салықтық бақылау – салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің бюджетке уақытылы және толығымен түсуіне тексеру жүргізу болып табылады195.

Салық салу саласындағы барлық басқару органдарының көздейтін басты міндеттері мыналар:

- нарықтық қатынастарға өтуге бағытталған бірыңғай салық саясатын жүргізу;

- халыққа салық салуды, әлеуметтік жағдайларды ескере отырып жүзеге асыру;

- салық пен басқа да міндетті төлемдердің бюджетке толығымен және уақытылы түсіп отыруын құқықтық құралдармен қамтамасыз ету;

- салық салуды және басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге байланысты негізге алынатын принциптер мен нормаларды белгілеу.

Басқармалар мен бөлімдерге бөліну – салық органдарына да тән болады. Олардың құрылымы мына келесідей болып келеді:

1) кәсіпорындарға, бірлестіктер мен корпорацияларға салық салу басқармасы;

2) кооперативтік, ұжымдық және жеке меншік кәсіпорындарға салық салу басқармасы;

3) сыртқы экономикалық қызметке және шетел инвестициялары бар кәсіпорындарға салық салу басқармасы;

4) агроөнеркәсіп кешендеріне, табиғи ресурстарға салық салу және жер салығы басқармасы;

5) қоғамдық ұйымдарға және басқа да табыстарға салық салу басқармасы;

6) тұрғылықты халықтың табысына салық салу басқармасы;

7) жанама салықтар басқармасы;

8) бағалар мен тарифтер жөніндегі басқарма;

9) салық түсімдерін есептеу және беру бөлімі.

Мемлекеттің ең басты, орталық қаржылық-кредиттік органы ретінде Қазақстанның Ұлттық Банкі өзіне тиісті өкілеттілік шегінде қаржыларды басқаруды жүзеге асыратын бірден-бір орган болып саналады. Ұлттық Банкке өте кең көлемдегі міндеттер мен функциялар жүктелген.

Ұлттық Банктің ең негізгі міндеті – мемлекеттің ұлттық валютасының ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен бірге Ұлттық Банк мына келесідей іс-қимылдарды жүзеге асыруға міндетті:

1) Қазақстанның экономикалық дамуы мен оның дүниежүзілік экономикаға кіруіне қол жеткізу мақсатына ықпал ететін ақша айналысы, кредит, банктік есеп айырысуды ұйымдастыру және валюталық қатынастар саласында мемлекет саясатын әзірлеу мен жүргізу;

2) ақша, кредит және банк жүйесінің тұрақты болуын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

3) кредиторлар мен банк салымшыларының, сондай-ақ банктер мен басқа да ұйымдардың қызметін реттейтін актілерді қабылдау және олардың орындалуын бақылау жолымен шетел валютасын сатып алу, сату және айырбастау операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар мен клиенттердің мүддесін қорғау.

Қазақстанның Ұлттық Банкі:

а) ҚР айналыстағы ақша көлемінің мөлшерін реттеу жолымен мемлекеттік ақша-кредит саясатын жүргізеді, банкноттар мен тиындардың ҚР аумағындағы бірден бір эмитенті болып табылады;

ә) ҚР ішкі және сыртқы борышына қызмет көрсетуге қатысады, олардың кепілшісі ҚР Үкіметі болып табылады;

б) ҚР аумағында банктер, еншілес банктер ашуға рұқсат береді және ҚР аумағы мен одан тыс жерлерде банктердің филиалдары мен өкілдіктерін ашуға келісім, сондай-ақ банк операцияларын жүзеге асыруға лицензия береді196;

в) ҚР валюталық реттеу мен валюталық бақылауды жүзеге асырады және валюта операцияларының барлық түрлерін жүргізуге құқылы;

г) өздеріне белгіленген тәртіппен банктік бағалы қағаздар эмиссиясы проспектілерін тіркегенге дейін оларға міндетті түрде сараптама жүргізеді;

д) банктерге кредит беруге, банктердің несие капиталы нарығында ашық позиция ұстауына қадағалау жүргізуге құқылы. Банктер үшін соңғы сатыдағы кредитор болып табылады және қайта қаржыландыру жүйесін ұйымдастырады;

е) банктердің, сондай-ақ шетел валютасын сатып алу, сату және айырбастау операциясын жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін бақылап, қадағалайды және оларға пруденциалық нормативтерді белгілейді;

ж) ҚР ресми мөлшерлемелерді өзгерту жолымен банктердің пайыздық мөлшерлемесі деңгейін реттеуді жүзеге асырады;

з) ҚР есеп айырысу тәртібін, жүйесі мен нысандарын белгілейді, банк аралық есеп айырысудың Қазақстан теңгесімен уақытылы әрі кідіріссіз өтуін қамтамасыз ететін төлем жүйесінің жұмыс істеуін ұйымдастырады;

и) банк қызметі, есепке алу, есеп айырысу, заңмен белгіленген өкілеттілік шегінде валюталық операцияларды жүзеге асыру мәселелері бойынша барлық банктердің, сондай-ақ шетел валютасын сатып алу және айырбастау операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар мен оның клиенттерінің міндетті түрде орындауына жататын нормативті актілер шығарады, сондай-ақ олардың сақталуын қадағалауды жүзеге асырады;

к) қолма-қол банкноттар мен тиындарды есепке алу, сақтау, тасымалдау және инкассациялау тәртібін белгілейді, банкноттар мен тиындарды сақтауды, тасымалдауды және инкассациялауды қамтамасыз етуге қатысады, банкноттар мен тиындардың резервтегі мемлекеттік қорын құрайды;

л) ҚР банктерінің жиынтық балансы мен өз балансын жасайды және оны үнемі жариялап отырады;

м) ерекше жағдайларда мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен қаржыландыратын ұйымдарға кредит-есеп айырысу және кассалық қызмет көрсетуге байланысты операцияларды жүзеге асырады;

н) бақылау және қадағалау функциясын қамтамасыз ету үшін банктердің, сондай-ақ шетел валютасын сатып алу, сату және айырбастау операцияларын жүзеге асыратын ұйымдардың бухгалтерлік, статистикалық және басқа есеп беру тізбесін, нысанын, мерзімін белгілейді.

ҚР инфляция процестерін ақша-кредит процестерімен реттеу арқылы тоқтату мүмкін болмаған жағдайда ҚР Ұлттық Банкіне кредит қаржыларын шектеу және банктік операциялар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді өзгерту жөнінде құқық беріледі. Қазақстан Ұлттық Банкі арнайы атқарушы органдар қатарына жатады және заңды тұлға болып табылады197. А.И.Худяковтың айтуынша, қаржы саласындағы басқаруды жүзеге асыратын органдар қатарына Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссиясын жатқызуға болады. Осы бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссия Үкімет құрамындағы орталық мемлекеттік басқару органы ретінде Қазақстандағы бағалы қағаздар рыногын мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады, сондай-ақ өзіне тән өкілеттілік шегінде осы рыноктың қызмет атқаруына және оған қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етілуіне бақылау жүргізеді198.

Бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссия мына келесідей міндеттерді орындайды: бағалы қағаздар рыногына кәсіптік қатысушылардың қызметтерін лицензиялайды; бағалы қағаздар рыногына қатысушылардың кәсіптік және білімдік деңгейін арттыру жөніндегі жүйелерді ұйымдастырады; бағалы қағаздар рыногына субъектілері қызметіне міндетті талаптар белгілейтін нормативтік-құқықтық актілер шығарады; биржадан тыс рыноктағы айналыстағы бағалы қағаздардың бағасын белгілеуді және оның саудасын техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын қор биржалары мен ұйымдардың қызметін лицензиялайды; бағалы қағаздар рыногына кәсіптік қатысушылар қызметіне бақылау жасайды және бағалы қағаздар рыногын реттейтін зандарды бұзғаны үшін тиісті санкциялар қолданады; бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтарын қорғау жүйесін ұйымдастырады және олардың құқықтарын эмитенттер мен бағалы қағаздар рыногына кәсіптік қатысушылардың сақтауына бақылау жасайды199.

Осы комиссия өзінің қызметін атқару барысында Конституция нормаларын, “Бағалы қағаздар рыногы туралы” заңдар мен басқа тиісті заңдарды, ҚР Президенті бекіткен Ережені басшылыққа алады және аталмыш нормативтік-құқықтық актілер оның қызметінің құқықтық негізі болып табылады.

Жоғарыда аталған барлық құзыретті мемлекеттік органдар қызметтерінің құқықтық негіздері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен тиісті әкімшілік, қаржылық заңдар болып табылады.

Әкімшілік құқықта ерекше бөлімінің бір институты осылайша аталатынын білеміз. Қаржылық құқықта да “мемлекеттің қаржылық қызметінің құқықтық негіздері” атты оның жалпы бөлімінің институты бар. Осы институттың нормалары мемлекеттің қаржылық қызметінің жалпы бастамасын, оның принциптерін, міндеттері мен мақсаттарын, қаржы жүйесінің құрылымын, қаржы-экономикалық институттардың түрлерін, сондай-ақ оларға тән ақша қорларын белгілейді. Қаржыны басқару ісі белгілі бір құқықтық нысанда жүзеге асырылады. Сонымен мемлекеттік органдардың қаржылық қызметтерінің құқықтық нысандары деп – қаржыны басқару, сондай-ақ басқа да қаржылық қызмет мәселелері бойынша өз құзыреттерінің шегінде мемлекеттік өкілетті органдар қабылдаған қаржылық-құқықтық актілерді, яғни заңды актілерді айтамыз. Осы қаржылық-құқықтық актілер өздерінің заңды мәніне байланысты: нормативтік және дербес болып екіге бөлінеді. Нормативтік қаржылық-құқықтық актілер құрамында құқықтық нормалар, яғни жалпы тәртіп (жүріп-тұру) қағидалары болады. Нормативтік актілер біртекті қаржылық қатынастар тобын реттейді және ұзақ мерзімге пайдалануға есептелінген. Ал дербес (жекелеген) қаржылық-құқықтық акт нақты тұлғаларды көздей отырып белгілі жағдайға арналып қабылданады және бір-ақ рет қолданылады. Заңды табиғаты бойынша – қаржылық-құқықтық актілер: заңдарға және заңға сәйкес актілерге бөлінеді. Заңдарға Қазақстандағы жоғарғы өкімет органы Парламент қабылдаған актілер жатады. Заңға сәйкес актілер – ағымдағы заңдарға және басқа да нормативтік актілерге негізделіп, соларды іс жүзінде атқаруға сәйкестеліп қабылданады. Оларға ҚР Президентінің Жарлықтары, Үкіметтің қаулысы, Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік кірістер министрлігінің нұсқаулығы жатады.

Шығаратын органдарға байланысты қаржылық-құқықтық актілер: өкілетті органдардың актілері және атқарушы органдардың актілері болып екіге бөлінеді. Құқықтық реттеу пәні бойынша: жалпы ұйымдастырушы; бюджеттік; банктік; сақтандыру; қаржылық-шаруашылық қаржылық-құқықтық актілері болады. Қаржылық-құқықтық актілер қатарынан қаржыны жоспарлауға байланысты актілер өз орнын алады. Олар – қаржылық-жоспарлық актілер деп аталады. Бұл актілердің өздеріне тән ерекшеліктері – бір уақытта нормативтік және дербес актілер сипатында болады. Қорыта келіп айтсақ, қаржылық қызмет мына төмендегідей құқықтық нысанда жүзеге асырылады: нормативтік актілер сипатындағы заңи актілер шығару. Осы актілердің жиынтығы еліміздің қаржылық заңдарын (законодательство) құрайды; нақты қаржылық-құқықтық қатынасқа қатысушының жүріп-тұруын реттеуге қажетті дербес (жеке) қаржылық-құқықтық актілер шығару; қаржылық шарттар жасау; мемлекеттің немесе оның органының өзі субъектісі болып табылатын нақты қаржылық-құқықтық қатынаста құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруы200.


________________




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   28




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет