Ветеринария саласындағы қызметтi лицензиялау ережесiн және оған қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 28 маусымдағы N 545 Қаулысы
Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 22, 251-құжат
"Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
1. Қоса берiлiп отырған:
1) Ветеринария саласындағы қызметтi лицензиялау ережесi;
2) ветеринария саласындағы қызметтi лицензиялау кезiнде қойылатын бiлiктiлiк талаптары бекiтiлсiн.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) "Қазақстан Республикасындағы мал дәрiгерлiк қызметтi лицензиялау туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 20 тамыздағы N 1272 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 38, 365-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 20 тамыздағы N 1272 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 11 сәуiрдегi N 556 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 19, 206-құжат);
3) "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 20 тамыздағы N 1272 және 1999 жылғы 31 наурыздағы N 343 қаулыларына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 желтоқсандағы N 1347 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 46, 463-құжат).
3. Осы қаулы ресми жариялануға тиiс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2007 жылғы»28»маусымдағы
N 545 қаулысымен
бекiтiлген
Ветеринария саласындағы қызметтi лицензиялау ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ветеринария саласындағы қызметтi лицензиялау ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының " Лицензиялау туралы " 2007 жылғы 11 қаңтардағы және " Ветеринария туралы " 2002 жылғы 10 шiлдедегi заңдарына сәйкес әзiрлендi және ветеринария саласындағы қызметтi лицензиялау тәртiбiн реттейдi.
2. Заңды және жеке тұлғалар жүзеге асыратын ветеринария саласындағы қызметтi лицензиялауға мынадай кiшi қызмет түрлерi жатады:
1) ветеринариялық мақсаттағы препараттарды өндiру және өткiзу;
2) ветеринариялық мақсаттарға арналған дәрiлiк заттарды, биологиялық препараттарды өткiзу;
3) жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатқа ветеринариялық-санитарлық сараптама жүргiзу;
4) ветеринариялық емдеу-алдын алу қызметi.
3. Лицензиялауды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы (бұдан әрi - лицензиар) жүзеге асырады.
2. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру, қайта ресiмдеу мен оны беруден бас тарту тәртiбi
4. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алу үшiн мынадай құжаттар қажет:
1) белгiленген нысандағы өтiнiш;
2) заңды тұлға үшiн - жарғының және өтiнiш берушiнiң заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелгендiгi туралы куәлiктiң нотариалды
куәландырылған көшiрмесi;
3) жеке тұлға үшiн - жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
4) дара кәсiпкер үшiн - өтiнiш берушiнiң дара кәсiпкер ретiнде
мемлекеттiк тiркелгенi туралы куәлiктiң нотариалды куәландырылған
көшiрмесi;
5) өтiнiш берушiнiң салық органында есепке тұрғаны туралы куәлiктiң нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
6) жеке қызмет түрлерiмен айналысу құқығы үшiн, бюджетке
лицензиялық алым төленгенiн растайтын құжат;
7) өндiрiстiк үй-жайларға арналған әдiлет органдарында тiркелген (дәрiхана, емдеу орындарын, пункттер ұйымдастырған кезде) техникалық паспорттардың көшiрмелерi (нотариалды куәландырылған) не жалға алған кезде өндiрiстiк үй-жайды жалға алу туралы шарттың көшiрмелерiн беру;
8) ветеринария саласындағы уәкiлеттi орган (ветеринария саласындағы лицензияланатын кiшi қызмет түрiнiң бейiнiне сәйкес келетiн) бекiткен технологиялық жабдықтар жиынтығының ең аз тiзбесiне келетiн техникалық паспорттардың, сертификаттардың және (немесе) қолданылатын басшылықтардың көшiрмелерi (нотариалды куәландырылған);
9) бiлiмi туралы дипломның нотариалды расталған көшiрмелерi;
10) заңды тұлғалар үшiн - күштi әсер ететiн препараттар сақталатын үй-жай үшiн күзет жалдау туралы жеке немесе заңды тұлғалармен жасалған шарттың көшiрмелерi;
11) жеке тұлғалар үшiн - күштi әсер ететiн препараттарды сақтауға арналған сейф бар екенiн растайтын, өтiнiш берушiнiң қолы қойылған құжат.
5. Қызмет түрiнiң шеңберiнде, басқа кiшi қызмет түрiне лицензияға қосымшаны алу үшiн мынадай құжаттар қажет:
1) өтiнiш;
2) лицензияның нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
3) осы Ереженiң 4-тармағының 7) және 8) тармақшаларына сәйкес
құжаттардың көшiрмелерi.
6. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшiн
лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тiзiмдеме бойынша қабылданады,
оның көшiрмесi құжаттардың қабылданған күнi туралы белгi соғылып, өтiнiш берушiге жiберiледi (табыс етiледi).
7. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиар осы
Ережеде белгiленген тиiстi құжаттармен қоса өтiнiш берiлген күннен бастап отыз жұмыс күнiнен кешiктiрмей, ал шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей бередi.
8. Лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға арналған құжаттар тiркелген күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде, ал шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн бiр жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiнiң мемлекеттiк тiркелген жерi бойынша санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауiпсiздiгi органдарына сауал жiбередi.
Санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауiпсiздiгi саласындағы органдар лицензиардың сауалының негiзiнде жиырма бес жұмыс күнi iшiнде, ал шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн жетi жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiнiң қойылатын талаптарға сәйкестiгiн белгiлейдi және лицензиарға өтiнiш берушiнiң қойылатын талаптарға сәйкестiгi туралы қорытындыны жiбередi.
9. Лицензиар осы Ережеде белгiленген мерзiм iшiнде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруге не лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартудың себептерi туралы жазбаша түрде дәлелдi жауап қайтаруға мiндеттi.
10. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлiнген жағдайда лицензиат телнұсқа алуға құқылы.
Лицензиар бұрын алынған лицензия және (немесе) лицензияға қосымша жоғалған не бүлiнген жағдайда телнұсқа беру туралы өтiнiш берiлген күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде жаңа нөмiр бере отырып және жоғары оң жақ бұрышында»"Телнұсқа" деген жазуы бар лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқасын бередi.
Бұл ретте лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқасын беру кезiнде жекелеген қызмет түрлерiмен айналысу құқығы үшiн бюджетке Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен және мөлшерде лицензиялық алым төлейдi.
Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлiнген бланкiлерi лицензиат лицензиарға жазбаша өтiнiш (лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлiнген фактiсiн растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп саналады.
11. Лицензиаттың тегi, аты, әкесiнiң аты өзгерген жағдайда және заңды тұлға бiрiгу, бiрiктiру, бөлiну немесе қайта құру нысанында қайта ұйымдастырылған, атауы сондай-ақ кiшi қызмет түрiнiң атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгерiс қызмет түрi және (немесе) кiшi қызмет түрi шеңберiнде орындалатын операциялардың мәнiнiң өзгеруiне әкеп соқпаса, ол отыз күнтiзбелiк күн iшiнде көрсетiлген мәлiметтердi растайтын тиiстi құжаттармен қоса, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресiмдеу туралы өтiнiш беруге мiндеттi.
12. Лицензиат тиiстi жазбаша өтiнiш берген күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресiмдейдi.
13. Егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектiлердiң осы санаты үшiн қызметтiң жекелеген түрiмен айналысуға тыйым салынса;
2) осы Ережеге сәйкес талап етiлетiн барлық құжат табыс етiлмесе. Өтiнiш берушi көрсетiлген кедергiлердi жойған кезде өтiнiш жалпы негiздерде қаралады;
3) лицензияланатын қызмет түрiмен айналысу құқығына лицензиялық алым енгiзiлмесе;
4) өтiнiш берушi бiлiктiлiк талаптарға сай келмесе;
5) өтiнiш берушiге қатысты оған осы қызмет түрiмен айналысуға тыйым салатын заңды күшiне енген сот үкiмi болса, өтiнiш берушiге лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруден бас тартылуы мүмкiн.
14. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден Заңда белгiленген мерзiмде бас тартылған жағдайда немесе, егер лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту өтiнiш берушiге негiзсiз болып көрiнсе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бұл iс-әрекеттерге шағымдануға құқылы.
3. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның
қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату, одан айыру
15. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
16. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы
мынадай жағдайларда:
1) лицензиядан айырғанда;
2) жеке тұлғаның қызметi тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бiрiгу, бiрiктiру, бөлiну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
3) лицензия және (немесе) лицензияға қосымша ерiктi түрде
қайтарылғанда;
4) лицензияланатындардың тiзбесiнен қызметтiң жекелеген түрi және (немесе) кiшi түрi алып тасталса тоқтатылады.
17. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы
тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күнi iшiнде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтаруға мiндеттi.
4. Есепке алу және бақылау
18. Лицензиялардың тiзiлiмiн жүргiзудi және лицензиялық бақылауды лицензиарлар "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Лицензиар Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды жүзеге асырады.
Лицензиар өз құзыретi шеңберiнде лицензиаттан тиiстi құжаттарды тапсыруын талап етуге және бақылау функцияларын орындауы үшiн қажеттi жазбаша немесе ауызша ақпарат алуға құқылы.
19. Осы Ереженiң негiзiнде берiлген лицензиялардың бiрыңғай есебiн жүргiзу үшiн лицензиар заңнамада белгiленген тәртiппен лицензиялардың және (немесе) лицензияға қосымшаның бланкiлерiн дайындауға тапсырыс бередi.
Лицензиялардың бланкiлерi қатаң есептегi құжаттар болып табылады.
Лицензиялардың және (немесе) лицензияға қосымшалардың бүлiнген бланкiлерiн, сондай-ақ қолданылуы тоқтатылған лицензияларды және (немесе) лицензияға қосымшаларды лицензиар комиссиялық жоюға тиiс.
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2007 жылғы»28 маусымдағы
N 545 қаулысымен
бекiтiлген
Ветеринария саласындағы қызметтi лицензиялау кезiнде қойылатын бiлiктiлiк талаптары
1. Бiлiктiлiк талаптары ветеринария саласындағы қызметке лицензия алуға үмiткер заңды және жеке тұлғаларға қолданылады.
2. Ветеринария саласындағы қызметтi лицензиялау кезiнде қойылатын бiлiктiлiк талаптары мыналардың болуын қамтиды:
1) жеке тұлғада, заңды тұлғаның басшысында не оның құрылымдық бөлiмшесiнiң басшысында және ветеринариялық қызметтi жүзеге асыратын қызметкерлерде жоғары немесе арнайы орта ветеринариялық бiлiмiнiң
2) санитарлық нормаларға жауап беретiн жарақтандырылған өндiрiстiк үй-жайлардың
3) ветеринария саласындағы уәкiлеттi орган айқындаған технологиялық жабдықтар жиынтықтарының (ветеринария саласындағы лицензияланатын кiшi қызмет түрлерiнiң бейiнiне сәйкес);
4) заңды тұлғалар үшiн - күштi әсер ететiн препараттарды сақтауға арналған күзетiлетiн үй-жайдың, жеке тұлғалар үшiн - сейфтiң.
3. Лицензиаттар тiркеу сынақтарын өткiзу үшiн қажеттi көлемдегi өндiру, әкелу (импорт) жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк тiркеуден өткен және Қазақстан Республикасының Ветеринариялық препараттарының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген ветеринариялық препараттарды қолдануға мiндеттi.
Достарыңызбен бөлісу: |