Сенбі, 8 қыркүйек, 2012
Замана Елбасы дәрісі сындарлы сипатқа ие
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты дәрісінен үлкен әсер алдым. Өйткені, мемлекет басшысының әр сөзі терең мазмұнға және сындарлы сипатқа ие. Көрегендікпен тереңнен ойлайтын кемеңгер басшы, ойшыл саясаткер ретінде біздің Елбасымыз мемлекеттің жақын болашақтағы дамуының, соның ішінде отандық білім беру мен ғылымның даму жолын белгілеп берді. Мен бұл тұрғыда маңызды, ауқымды қадамдардың жасалып жатқанына тағы бір мәрте көз жеткіздім.
Елбасы: «Біз білім, ғылым және инновация билігі жүретін постиндустриялық әлемге кетіп барамыз» дей келе, үшінші постиндустриялық төңкеріс дәуірі басталған тұста қазақстандықтардың алдында үлкен міндеттер тұрғанын шегелей айтты. Тұрақтылық пен келісім салтанат құрған тәуелсіз Қазақ елінің бағындырмайтын қамалы, алмайтын асуы жоқ деп ойлаймын. Елбасының «тыныштықтың арқасында қазіргідей мақтанатын халге жеттік» деген пікірін қызу қуаттаймын. Бірлік бар жерде тірлік бар деп дана халқымыз бекер айтпаған. Тек ауызбіршілік пен ынтымақ жарасым тапқан елде ғана берекелі тірлік орнайды. Бұл тұрғыда Қазақстан тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында азуын айға білеген алпауыт елдерге Бейбітшілік пен Келісімнің салтанатты үлгісін көрсетіп келеді. ХХІ ғасырдың биік талабы – білім мен ғылымның және инновацияның жарасымы болса, бұл тұрғыдағы барлық жетістіктерге жету жолында ерінбей еңбек етіп, тер төгу керек. Мемлекет басшысының осы қуатты пікірі әрбір қазақстандықты биік белестерге жетелеп, жаңа жеңістерге қанаттандырады. «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласының түпкі төркіні де Қазақ елін дамыған үстіне дамыта түсіру, қарапайым халықтың әл-ауқатын мейлінше арттырып, жаңа дамыған қоғам құру екені мәлім.
Дәріс өткен «Назарбаев Университетіне республикадағы жоғары оқу орындарының көшбасшысы деп баға берген Мемлекет басшысы бүгінгі Қазақстанға халықаралық деңгейдегі мамандарды өз бетінше даярлауға қабілетті, өз ғылым мен білім индустриясы қажет екендігін баса айтты. Осы орайда аталмыш білім ордасын интеллектуалды-инновациялық кластерге айналдыруды тапсырды. Ал өзге жоғары оқу орындарына «Назарбаев Университетін» үлгі тұтуға шақырды. Айтса айтқандай, қазіргі таңда Елбасының тікелей қолдауымен ашылған Назарбаев Университеті әлемдік сапа стандарттарына жауап беретін жоғары білім берудің озық үлгісін көрсетіп келеді.
Маған, әсіресе, Елбасының мемлекеттік «Болашақ», «Балапан» бағдарламалары туралы мағыналы пікірлері мен тілдердің үштұғырлылығы, сондай-ақ оқытушылар мен түлектердің біліктілігін арттыру курстары туралы айтқан тың ұсыныстары терең ой салды.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған дәрістен мемлекетіміздің қоғамдық саяси және экономикалық даму барысы туралы соны мәліметтерге қанығып қана қоймай, заманауи озық технологияның арқасында Президентпен тікелей байланысқа шыққан ел аумағындағы үздік білім ордаларының толайым табыстарына да масаттандым.
Өткен аптада ғана тәулік бойы хабар тарататын су жаңа ақпараттық арна – «24KZ»-тің ашылуына куә болсам, бүгінгі дәріс барысында мемлекеттік тілде хабар тарататын тағы бір жаңа ақпарат құралының «Білім» арнасының тұсауы кесілгенін көріп, көңілім марқайып қалды. Қос арнаның да өздерінің алдыңғы буын «ағалары» «Мәдениет» және «Балапан» арналарындай халық сүйіп көретін телеарналарға айналарына сенімім мол.
Жалпы, мені адами тұрғыдан Президенттің өз уақытының тығыздығына қарамастан интерактивті режимде өз ойларын, идеяларын білдіру үшін профессор-оқытушылармен және студенттермен, магистранттармен кездесу мүмкіндігін табуды дәстүрге айналдырғаны ерекше қуантады. Біз өз қызметімізде Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткен негізгі бағыттарды басшылыққа алатын боламыз.
Қазыбай Бозымов,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.
Орал.
Достарыңызбен бөлісу: |