Заманауи педагог қандай болуы керек?



Дата31.07.2023
өлшемі16.25 Kb.
#475896
эссе мұғалім


Заманауи педагог қандай болуы керек?


«Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады»
 Уильям Уорд

Адамзат баласының өмірінің сәулелі болуы үшін жаралған ең керемет мамандық – ұстаздық! Ұлы өмірдің нұсқаушысы болар сауапты іс кез келген маманның асқан талғампаздығын, талапшылдығын, шығармашылдығын және табандылығын қажет етеді. Шәкірт жүрегіне жол табар адами қасиеті бар, біліктілігін ұстаздық махаббатпен тоғыстыра алатын мұғалім биік мақсаттарға жете алары сөзсіз! «Мұғалім - зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті» деген ең тамаша баламасын келтірген екен ұлы педагог К.Д.Ушинский. Қай заманда болсын, қай өмір ағысында болсын ұстаз алдын көрген шәкірт өмірлік мақсаттарына жетіп отырған. Балғындардың білім көзін ашатын ұстаз деген ұлы есімге лайық жанның қазіргі болмысы қандай болмақ?


Көз ілеспес шапшаңдықпен дамып жатқан жаһандану дәуірінде ақпараттар сәт сайын өзгерістер мен жаңалықтармен толассыз толығуда. Мұғалім өзінің кәсіби шеберлігін шыңдай жүріп, ақпараттық технологиялардың тиімділігін дұрыс пайдалана білуі тиіс. Заманауи жаңашыл мұғалім бүгінгі қоғамды байытатын, дамытатын және жаңартатын мол мүмкіндіктерге жол ашатын жауапкершілікті өз мойнына жүктейді. Жаңашыл педагог шәкірттеріне білім мен ғылым баспалдақтарына қадам басқызып қана қоймай, олардың бәсекеге қабілетті, әлемнің білім, ақпарат және экономикалық кеңістігіне шығуына мүмкіндіктер жасай білуі тиіс. Маман тек өзінің алған білімі негізінде ғана жұмыс жасап қана қоймай, үнемі ізденіспен, шығармашылықпен, біліктілікпен, асқан жауапкершілікпен тоқтаусыз жетіле білуі – мұғалім мамандығының басты заңдылығы.  Осы тұрғыда Елбасымыз: «Біз білім мен ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз» — деп білім жолында қызмет жасайтын мұғалімдер қауымына зор міндет жүктеген болатын.
ХХІ ғасыр - ұлттық бәсекеге толы ұлы толқын болып тұр, демек біздің үкілі үміттеріміздің қанына өз ұлтын сүйе білетін, өз еліне деген сүйіспеншілігі зор тұлғаға айналауын басты қағида еткенде ғана мемлекетіміздің іргесінің сөгілмеуіне мықты қадамдар жасаған болар едік. Ақпараттық сайыс, күрделі экономикалық реформалар, жаңа технологиялар легі заман ағымының ерекше көрінісіне айналған сәтте өз құбыласынан айнымаған ұстаз ғана өз ісінінің шеберіне айналмақ. Ұлы ұстаз Ыбырай айтпақшы: «Жас бала жас шыбық тәрізді, қалай исең, солай өседі», - дегеніндей, мұғалім өзінің жұмысын сәл де болса босаңсытуына ешқандай болмайды. Себебі ата-ана жас өскінін мұғалім қауымына зор үмітпен тапсырып отыр емес пе?!
Мұғалім өзінің іс-тәжірибесін сын тұрғысынан қарастырып, оқытудың ақпараттық технологияларын, электронды оқулықтар, ғылыми жетістіктерді сабақта тиімді қолданып, заман талабына сай, болашақ маман болуға талпынған талапкерлерді даярлауда нәтижелі еңбек етуге ұмтылу керек. Әрбір ұстаздың ұстанымы – әр сабақты әдістемелік жағынан жоғары дәрежеге жеткізу, оқыту мен тәрбие беруде дамыта оқытудың жаңа жолдарын іздестіру. Бастауыш – білім баспалдақтарынан бастап, таным біліктерін нығайту, өздігінен білім мен іскерлігін , дағдысын қалыптастыру жас ерекшеліктеріне қарай сатылана беретін білім бағдарламаларын толыққанды жан-жақты жүзеге асыру қазіргі білім берудің басты мақсаттарына айналған.
«Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетін, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», - дейді әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби. Өзінің өміршеңдігін көрсететін мұғалімге осыдан артық қандай анықтама қажет еді?!
Бүгінгі қоғамдағы мұғалім заман талабына сай психологиялық негізден өте мықты хабары бар, ақпараттық технологиялардың бар түрінде жұмыс істеуге қабілетті , жан- жақты білімді, үлкен жүректі , шәкірттерін жанындай жақсы көре білетін байқампаз да білікті жан болуы керек. Өйткені іс-тәжірибеге көз жіберсек, кешегі бүгінгіге, бүгінгі ертеңгіге ұқсамайды.
Мұғалімнің жұмысы – шексіз шығармашылық көзі. Кәсіби өсуі, жоғары мәдениеттілікпен жұмыс жасауы, өзін – өзі сынай білуі – мұғалімнің ерекше қасиеті. Мұғалім қол жеткізген нәтижесіне қанағаттанбауы тиіс. Өйткені шәкірт бойында одан да керемет мүмкіндіктер болуы мүмкін. Бұлақ көзін ашқандай, шәкірт жалынына ұшқын шаша беру, оның шыңдау, тіпті сабаққа ықылассыз баланың өзінің бір ерекше қабілеті не қырын тауып, өмірге жетелей білу керек. Мұғалім өзінің не жасай білетінен гөрі, шәкіртінің неге қол жеткізетінін айқындау маңыздырақ екенін естен шығармауымыз тиіс.
«Егер болашақтың өзгеруін қаласаң, өзің қазіргі сәттің өзгерісі бол», – деп Ганди айтқандай, жаңа заманның баспалдағын қалаушы жауапты маманның көкірегінде нұр , санасында ақыл - ой үнемі сәулеленіп тұруы тиіс! Ендеше, іске сәт, қазіргі заманның ұлы қызметін жалғастырушы мамандар!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет