Зул-хижжаның алғАШҚы он күнінің Ұлы артықшылықтары


Мерекелі тәкбірлерді дәл қай уақытта айту керек



бет2/3
Дата09.06.2016
өлшемі391.93 Kb.
#123744
1   2   3

Мерекелі тәкбірлерді дәл қай уақытта айту керек

Мерекелі тәкбірлерді айту уақытының кірісімен оларды кез келген уақытта айтуға болады, өйткені оларды айту, көпшілік ойлайтындай, тек парыз намаздарының аяқталуымен ғана байланысты емес! Имам әл-Бухари өзінің «Сахих» жинағында: «Ибн ‘Умар әт-Тәшриқ күндері әр намаздан кейін де, төсегінде жатып та, шатырында болған кезде де, адамдармен бірге болған кездерде де, бір жаққа жаяу барғанда да тәкбір айтатын», - деп баяндаған. Әл-Бухари 1/461.

Сондай-ақ имам әл-Бухари Ибн ‘Умар мен Абу Хурайра зул-хижжаның он күні барысында базарға шығып, тәкбір айтатындарын, әрі осы арқылы оларды осы сөздерді айтуға ынталандыратынын баяндаған. Сол сияқты Мухаммад ибн ‘Али де тәкбірлерді нәпіл намаздарынан кейін айтатын болған. Әл-Бухари 2/448.

Хафиз Ибн Хәжар мерекелі тәкбірлер туралы сәлафтардан жеткен сөздерге қатысты былай деген: “Бұл хабарлар осы күндерде намаздардан кейін де, басқа уақыттарда да тәкбір айтудың заңдылығына нұсқайды”. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/535.

Сондай-ақ Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес айт намазы оқылатын орынға барарда да тәкбір айту керек. Ибн Умар былай баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі айт намазына Фәдл ибн ‘Аббаспен, ‘Абдуллаһ ибн ‘Аббаспен, ‘Алимен, Жә’фармен, Хасанмен, Хусайнмен, Усама ибн Зайдпен, Зайд ибн Харисамен және Айман ибн Умм Айманмен бірге шығатын. Олар намаз орындалатын орынға жеткенше «лә иләһа иллә-Ллаһ» және «Аллаһу әкбар» сөздерін айтқанда дауыстарын көтеретін”. Әл-Бәйһақи 3/279. Шейх әл-Әлбани сахихтығын растаған. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 4934.

«Ибн ‘Умардың (өзі де), Ораза айт және Құрбан айт күндері айт намаздарына бара жатқанда, намаз орындалатын орынға жетпейінше дауыстап тәкбір айтқан, әрі кейін де имам келгенге дейін (тәкбір айтуды) жалғастырған», - деп хабарланады. Әд-Дарақутни, Ибн Абу Шайба. Иснады сенімді. Қз.: “Ируаул-ғалил” 650.

Имам әш-Шаукани былай деген: “Мерекелі тәкбірлер тек парыз намаздарынан кейін айтылумен шектелмейді. Керісінше, оларды кез келген уақытта айтқан абзал!” Қз.: “әд-Дурарул-мудыя” 1/195.

Шейх Сыддық Хасан Хан былай дейтін: “Тәкбірлердің нақты бекітілген бір түрі де, тәкбір айту үшін бекітілген нақты бір уақыт та, немесе олардың нақты бекітілген саны да жоқ. Керісінше, тәкбір айтудың санын намаздардан кейін де, басқа уақыттарда да көбейте беруге рұқсат етілген! Ал біздің кезімізде адамдардың әдетіне айналған әр парыз намазынан кейін үш реттен, ал нәпіл намазынан кейін бір реттен тәкбір айтуға келер болсақ, бұған сахабалардан ешқандай нұсқау жоқ!” Қз.: “әр-Раудату-ннәдия” 1/367.

Әйелдер мерекелі тәкбірлерді айтады ма?

Имам әл-Бухари былай деп баяндайтын: «Мәймуна Құрбан айт күнінде тәкбір айтатын. Сондай-ақ әйелдер де әт-Тәшриқ түндерінде ерлермен бірге мешітте намаз оқып болып, Абан ибн ‘Усман мен ‘Умар ибн ‘Абдул-‘Азиздің ізінен тәкбір айтатын». Әл-Бухари 2/463. Алайда әйелдер бұл тәкбірлерді қатты дауыстап айтпаулары керек.


Мерекелі тәкбірлердің түрлері

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеке өзінен жеткен нақты тәкбір айтудың үлгісіне қатысты бірде-бір сахих хабар жоқ. Алайда тәкбір сөздері сахабалардан сенімді түрде жеткізіледі.

Ибн Мәс’уд былай дейтіні жеткізіледі:

الله أكبر الله أكبر لا إله إلا الله، والله أكبر الله أكبر ولله الحمد

«Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар! Лә иләһа иллә-Ллаһ! Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лиЛләһил хамд!» (мағынасы: «Аллаһ Ұлы, Аллаһ Ұлы! Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ! Аллаһ Ұлы, Аллаһ Ұлы, әрі Аллаһқа мақтау-мадақ!»). Ибн Абу Шәйба 2/2. Шейх әл-Әлбани иснадының сахихтығын растаған.

Тағы да Ибн Мас’удтың былай дейтіні жеткізілген:



الله أكبر كبيراً الله أكبر كبيراً الله أكبر وأجلّ ، الله أكبر ولله الحمد

Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар уә әжәл, Аллаһу Әкбар уә ли-Лләһил-хамд”. Әл-Мухамили. Иснады сахих. Қз.: “Ируауль-ғалиль” 3/126.

Ибн ‘Аббастың былай дейтіні жеткізіледі:

الله أكبر الله أكبر الله أكبر ولله الحمد الله أكبر وأجلّ الله أكبر على ما هدانا

Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар уә ли-Лләһил-хамд! Аллаһу Әкбар уә ажәл, Аллаһу Әкбар ‘алә мә һадана!” (мағынасы: «Аллаһ Ұлы! Аллаһ Ұлы! Аллаһ Ұлы! Барлық мақтау Аллаһқа тән! Аллаһ аса Ұлы әрі Жоғары! Аллаһ бізді Хақ Жолға салғаны үшін аса Ұлы»). Әл-Бәйһақи 3/315. Иснады сахих.

Сәлман әл-Фариси былай дейтін: “Тәкбірді былай айтыңдар:

الله أكبر، الله أكبر كبيراً

«Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар кәбира»”. Абдур-Раззақ. Хафиз Ибн Хәжар иснадын сахих деген. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/536.

Мерекелі тәкбірлердің дәл сахабалардан сенімді түрде жеткендеріне тоқталу әрі оларға қандай да бір қосымшалар қоспау керек, өйткені, ақиқатында, әрбір адам үшін сахабалардың жеткізген нәрселері жеткілікті. Хафиз Ибн Хәжар: “Осы кездерде мерекелі тәкбірлерге ешқандай негізге ие болмаған қосымшалар енгізілген!”, - дейтін. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/536.

Бұл сөздер осыдан жеті жүз жыл бұрын айтылған болатын, ал біздің кезіміздегі түрлі қосымшалар мен бұрмалаулар туралы не айтуға болады?!
ЗУЛ-ХИЖЖА АЙЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОҒЫЗ КҮНІНДЕ ОРАЗА ҰСТАУ ТУРАЛЫ
Хунайд ибн Халидтің әйелінің сөздерінен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір әйелдері: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күнінде, зул-хижжа айының алғашқы тоғыз күнінде1, әр айда үш күн, және дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстайтын еді", - деп баяндағаны жеткізіледі. Абу Дауд 2437, ән-Нәсаи 2372, 2417, Ахмад 6/288, әл-Бәйһақи 285.

Хафиз Ибн Ражаб: “Оның иснадына қатысты келіспеушіліктер бар”, - деп айтқанындай, бұл хадистің сахихтығы туралы ғалымдар арасында келіспеушіліктер бар. Қз.: “Ләтаифул-мә’ариф” 461.

Аталған хадистің барлық жеткізушілері сенімге лайық, алайда таластың басты себебі – оның сөздерінен осы хадис жеткізілетін Хунайдтың әйелі. Бір имамдар ол туралы еш нәрсе белгілі емес деген, алайда хафиз Ибн Хәжар ол сахаба әйел болған деп есептеген. Ол былай дейтін: “Бұл хадисті Хунайд ибн Халид өзінің әйелінің сөздерінен жеткізген, ал ол оны мүміндердің анасы Хафсадан жеткізген. Хунайдтың әйеліне келер болсақ, мен оның атын таппадым, бірақ ол сахаба. Сондай-ақ бұл хадис Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі Умм Сәламадан да жеткізіледі”. Қз.: “Тақриб әт-тахзиб” 763.

Сахабаның есімінің белгісіз болуы хадистің сахихтығына зиян тигізбейді, өйткені барлық сахабалар сенімге лайық. Қз.: “әт-Тағлиқ әт-та’лиқ” 5/21, “Фәтхул-Бәри” 10/24.

Сондай-ақ бұл хабар енді Хунайдтың әйелінен емес, оның өзінен жеткізілген, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі Хафса: ”Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) төрт нәрсені тастамайтын: Ашура күнгі оразаны, зул-хижжаның он күніндегі оразаны, ай сайын үш күн оразаны және таң намазынан алдыңғы екі ракағатты”, - деп баяндайтын хадиспен күшейтіледі. Ахмад 6/287.

Бірақ бұл риуаяттың жеткізушілер тізбегінде беймәлім болып табылатын Абу Исхақ әл-Әшжа’и деген кісі бар. Көпшілік ғалымдар бұл хадисті растайтын куәліктердің болуы себебімен оны сахих деп санаған. Олардың арасында мына ғалымдар да бар: имам әс-Суюты, шейх Сыддық Хасан Хан, шейх әл-Әлбани, шейх Мухаммад ибн Адам әл-Атюби. Қз.: “әл-Жәми’ әс-сағир” 7078, “әр-Раудату-нәдийя” 1/556, “әт-Та’лиқат әл-жияд” 4/38, “Сахих Сунан Абу Дауд” 2106, “Шарх Сунан ән-Нәсаи” 21/282 и 338.

Сондай-ақ көптеген имамдар да осы хадиске сүйеніп, оны өздерінің жинақтарында дәлел ретінде келтірген. Мысалы, имам Абу Дауд пен Ибн Мәжаһ бұл хадисті өз хадис жинақтарында келтірген әрі (ол келтірілген) бапты «Зул-хижжаның он күнінде ораза ұстау» деп атаған. Қз.: “Сунан Абу Дауд” 2/815, “Сунан Ибн Мәжаһ” 1/550.

Имам әш-Шәукани былай дейтін: “Бұл хадисте зул-хижжа айының он күнінде ораза ұстаудың құпталатынына нұсқау бар”. Қз.: “Нәйлюл-аутар” 2/284.

Алайда кейбір ғалымдар аталған хадистің әлсіздігіне сондай-ақ оның Айша жеткізген «Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зул-хижжа айының он күнінде ораза ұстағанын ешқашан көрмегенмін» деген хадиске қайшы келуі де нұсқайды деген. Муслим 1176.

Бұл дәйекке жауап:

Біріншіден, бұл туралы имам Ахмад айтқандай, бұл хадис имам Муслимнің «әс-Сахихында» келтірілгеніне қарамастан, оның иснадының сахихтығы жөніндегі күмән талқыланып жатқан хадистен кем емес. Қз.: “Итхаф әһл әл-Исләм би хусусыят әс-сыям” 328.

Ал хадистану ғылымындағы әд-Дарақутни мен Абу Хатим сынды ұлы имамдар бұл хадистің тізбегінде бір жеткізуші қалдырылғандықтан оны мурсал деп есептеген. Қз.: имам әд-Дарақутнидің “әл-‘Иләл” 5/129 және имам Абу Хатимнің “әл-‘Иләл” 1/264 еңбектерін қараңыз.

Екіншіден, егер бұл хадистің сенімділігі бір мағыналы түрде қабылданатын болғанда да, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зул-хижжа айының он күнінде ешқашан ораза ұстамағанына нұсқау жоқ. Айша мұны көрмегенін айтады, ал оның мұны көрмегені мұндай факт орын алмаған дегенді білдірмейді.

Бұдан қалса, кейбір имамдар Айшаның осы хадисіне сүйеніп, зул-хижжа айының он күнінде ораза ұстау құпталмайтын амал деп есептеген. Алайда бұл пікір көптеген себептерге байланысты өте әлсіз.

Қады ‘Ийяд Айшаның хадисіне берген түсіндірмесінде былай деген: “Зул-хижжа айының тоғыз күнінде ораза ұстау мақұлданбайтынына қатысты бұл хадиске сүйенуге болмайды!” Қз.: “Икмәл-му’лим” 4/159.

Имам Абул-‘Аббас әл-Қуртуби де осы хадиске қатысты: “Бұл хадистен осы күндерде ораза ұстау құпталмайды деп түсінілмейді. Керісінше, бұл күндерде (жасалған) игі амалдар басқа уақыттағылардан жақсырақ!” Қз.: “әл-Муфхих” 3/253.

Имам Ибн Хузайма өзінің жинағындағы Айшаның хадисін келтірген бапты: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір нәпіл амалдарды орындауды қалап тұрса да, бұл амал оның үмметіне міндеттілік болып жүктелетінінен қауіптеніп, оларды қалдыратын, өйткені ол адамдарға олардың міндеттемелерін жеңілдетуді ұнататын”, - деп атады. Қз.: “Сахих Ибн Хузайма” 3/293.

Имам әл-Бәйһақи Хунайд пен Айшаның хадистерін атап кеткен соң, былай деген: “Бекітіп айтушыға теріске шығарушының алдында басымдық беріледі, әрі жоғарыда Ибн Аббастан келтірілген хадисте2 де ескеріледі”. Қз.: “Сунан әл-Бәйһақи” 4/274.

Имам ән-Науауи былай деген: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сол күндерде ауырған немесе сапарда болған, немесе Айшаның өзі оның ораза ұстағанын көрмеген болуы ықтимал. Әрі осындай түсіндірмеге Хунайд ибн Халидтің әйелі пайғамбардың кейбір әйелдері оның зул-хижжа айының тоғыз күнінде ораза ұстағанын көргендері туралы баяндаған хадисі де нұсқайды”. Қз.: “Шарх Сахих Муслим” 8/50.

Шейх Сыддық Хасан Хан былай дейтін: “Айша (Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зул-хижжаның он күнінде ораза ұстағанын) көрмеуі және білмеуі мұның болмағанына нұсқамайды!” Қз.: “әр-Раудату-надийя” 1/556.

Шейх Ибн ‘Усаймин былай дейтін: “Зул-хижжа айындағы ораза туралы мағынасы бойынша бір-біріне қарама-қайшы екі хадис жеткізілген. Олардың біреуінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы күндерде ораза ұстамады деп, ал басқасында ол олардың барысында ораза ұстады деп келтірілген. Имам Ахмад осы хадистерге қатысты: «Ақиқатында, бекітіп айтушыға теріске шығарушының алдында басымдық беріледі», - деп айтқан. Кейбір ғалымдар теріске шығарушы хадисті сенімдірек деп санап, оған басымдық беретін. Алайда имам Ахмад екі хадисті де сахих деп санаған әрі: «Ақиқатында, бекітіп айтушыға теріске шығарушының алдында басымдық беріледі», - деген”. Қз.: «Шәрхул-мумти’» 5/19.

Бірақ тіпті Хунайдтің Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) зул-хижжаның тоғыз күнінде ораза ұстады деген хадисін тастасақ та, мұның (ораза ұстаудың – аудармашыдан (қаз.)) құпталатынына сахихты туралы ғалымдар арасында ешбір күмән жоқ «Аллаһ үшін зул-хижжа айының он күнінде орындалған игі амалдардан сүйіктірек амалдар жоқ!» деген хадис нұсқайды. Әл-Бухари 2/162, Абу Дауд 2438, әт-Тирмизи 757.

Ал ораза игі амалдарға жатпайды ма?! Ақиқатында ораза игі амалдардың ең жақсысына жатады! Абу Умама әл-Бахили былай баяндайтын: “Бірде мен Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Маған Жәннатқа кіруіме мүмкіндік беретін бір амал бұйырыңызшы», - дедім. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сен ораза ұстауың керек, өйткені оған жететін еш нәрсе жоқ», - деп жауап берді. Ал содан соң мен оның алдына тағы да бір рет келдім әрі ол тағы да: «Сен ораза ұстауың керек», - деді”. Ахмад, ән-Насаи, әл-Хаким, Ибн Хиббан. Хадис сахих. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 4044 және “Сахих әт-тарғиб” 977.

Хафиз Ибн Хәжар: «Аллаһ үшін зул-хижжа айының он күнінде орындалған игі амалдардан сүйіктірек амалдар жоқ!» деген хадис туралы былай деген: “Ораза игі амалдарға жататынын негізге алған түрде, бұл хадис зул-хижжаның он күнінде ораза ұстаудың артықшылығына дәлел ретінде қолданылған”. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/534.

Бұдан қалса, зул-хижжаның тоғыз күнінде ораза ұстаудың құпталатындығы сәлафтардың арасында да мәлім болған, ал бұл жайт та мұның орынды екенін күшейтеді. Усман ибн Маухиб былай баяндайтын: “Мен бір кісінің Абу Хурайрадан: «Ақиқатында, менің мойнымда Рамазан айының өтелмеген оразалары бар; мен (соларды өтемей жатып) зул-хижжа айының он күнінде нәпіл ораза ұстай аламын ба?», - деп сұрап тұрғанын естідім. Бұған Абу Хурайра: «Жоқ», - деді. Ол: «Не үшін?!», - деп сұрады. Абу Хурайра: «Сен Аллаһқа қайтаруға тиісті болғаныңнан баста да, содан соң нәпіл ораза ұста!», - деп жауап берді”. Ибн Абу Шәйба 7715, әл-Бәйһақи 4/275. Иснады сахих.

Бұл хабарда зул-хижжа айындағы ораза сахабалар кезінде де белгілі болғандығына және сәлафтар осы күндердегі оразаға ерекше маңыз бергеніне нұсқайды.

Сондай-ақ осы күндерде ораза ұстаудың абзалдығына көптеген сәлафтардан да жеткізіледі, олардың арасында Мухаммад ибн Сирин, Мужәһид, Хасан әл-Басри, Қатада т.б. Қз.: Ибн Абу Шәйба “әл-Мусаннаф” 4/293 және “Ләтаифул-мә’ариф” 471.

Ал Хасан әл-Басри былай дейтін: “Зул-хижжа айының он күнінде ораза ұстау екі ай ораза ұстаумен тең!” Ибн Абу Шәйба 4/292.


Тоғызыншы зул-хижжа – Арафа күні ораза ұстау туралы
Зул-хижжа айының алғашқы он күнінің ішіндегі Арафа күнгі ораза ең абзалы болып табылады, әрі бұл үлкен артықшылыққа ие болып, екі жыл барысында істеген күнәлардың өтеуі болады. Абу Қатаданың сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Арафа күніндегі ораза өткен әрі осы жылдағы күнәлардың өтеуі болады». Муслим 1162.

Бұл хадисте қажылық жасай алмайтындарға ұлы сый-сауап алуға мүмкіндік берген Аллаһ Тағаланың Өз құлдарына деген шексіз рахымы мен жомарттығына нұсқау бар!



Қажылық жасаушы адамға Арафа күні ораза ұстамаған жақсырақ екендігі жайында

Қажылық жасап жүрген адамдарға Арафа күні ораза ұстамаған жақсырақ, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылық жасағанында бұл күні ораза ұстамаған. Умм Фәдл былай баяндаған: “Арафат тауында тұратын күні адамдарда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстаған-ұстамағандығы жайында күмәндар туындады, сонда мен оған сусын алып бардым, ал ол оны ішіп қойды”. Әл-Бухари 1658.

Икрима былай деп баяндаған: “Бірде мен Абу Хурайраға кіріп, одан қажылық жасаушы адамның Арафа күні ораза ұстауы туралы сұрадым, сонда ол: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылық жасаушыларға Арафа күні ораза ұстауға тыйым салды», - деп жауап берді”. Ахмад 2/304, Абу Дауд 2440, әл-Бухари “әт-Тарих” 7/4425.

Бұл деректің сахихтығына қатысты ғалымдардың арасында келіспеушіліктер бар, алайда Ибн Хиббан, Ибн Хузайма, әл-Хаким, әз-Зәһаби және Ахмад Шәкир сынды имамдар оны сахих деген.

Бұл дерек сондай-ақ Умар да, Ибн Умар мен Ибн Аббас та қажылық жасаушының Арафа күні ораза ұстауын сөккендігімен күшейтіледі. Қз.: имам ән-Нәсаи “Сунан әл-кубра” 2823, 2824, ‘Абдур-Раззақ “әл-Мусаннаф” 7820.

Имам әз-Зәһаби былай дейтін: “Қажылардан кім Арафа күні ораза ұстаудың тыйым салынғанын және Пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның сахабалары да қажылық жасаған кездерінде Арафа күні ораза ұстамағаны туралы хабардар бола тұра, Арафа күні ораза ұстаса, онда бізге белгілі болғаны – оның осы үшін сый-сауап алмайтыны”. Қз.: “әс-Сияр” 10/684.


ЗУЛ-ХИЖЖА – БҰЛ ИСЛАМНЫҢ ЕҢ ҰЛЫ ТІРЕКТЕРІНІҢ БІРІ БОЛҒАН ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ РӘСІМДЕРІ ОРЫНДАЛАТЫН АЙ
«Қажылық белгілі айларда орындалады. Кім ол айларда (ихрам байланып) міндеттенсе, қажылық кезінде әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжал жоқ. Әй, ақыл иелері! Нендей қайыр істесеңдер де, Аллаһ бұл туралы біледі. Және азық алыңдар. Негізінде, азықтың жақсысы тақуалық. Әй, ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар!» («әл-Бақара» сүресі, 197-аят).

Абу Хурайрадан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз еш нәрсе жасамай, Аллаһқа қажылық жасаған адам анасы оны туған күнде қандай (күнәсіз) болса, солай оралады». Әл-Бухари 1521, Муслим 1350.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп айтатын: «Умрадан кейін умраны орындау олардың араларындағы күнәлардың өтеуі болады, мінсіз қажылыққа келер болсақ, ол үшін Жәннаттан өзге сый жоқ!». Әл-Бухари 1773, Муслим 1349.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ: «Кәрі адамның, баланың, әлсіздің және әйел кісінің жиһады Қажылық пен Умра болып табылады!», - деп айтатын. Ән-Нәсаи 2626. Хафиз әл-Мунзири мен шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген.

Сондай-ақ Хусайн ибн ‘Алиден бірде бір кісі Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Мен қорқақпын әрі әлсізбін», - деп айтқаны, бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Онда шайқасу жоқ жиһадты – Қажылықты орындауға асық!», - деп жауап бергені жеткізіледі. Әт-Табарани “әл-Аусатта” 4/4287. Хадис сахих. Қз.: “Ируа әл-ғалил” 4/152.

Әрбір мұсылман Исламның бес парызының бірі болған осы ұлы рәсімді орындауға міндетті, бұл, әсіресе, қажылықты орындау мүмкіншілігіне ие, алайда оны ешбір себепсіз кейінге қалдырып жүрген адамға қатысты. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Парыз қажылықты орындауға асығыңдар, өйткені, расында, сендерден ешкім өзіне не кедергі болып қалуы мүмкін екендігін білмейді!» Ахмад 1/314. Хадистің сенімділігін хафиз ’Абдул-Хаққ әл-Ишбили, әл-Әлбани және Шу’айб әл-Арнаут растаған.

Ал ‘Умар ибн әл-Хаттаб мына қорқынышты сөздерді айтып ескерткен: «Кім қажылықты орындау мүмкіндігіне ие бола тұра оны орындамаған болса, оның қалай өлетінінде: христиан болып па, әлде яһуди болып па – айырмашылық жоқ!» Әл-Исма’или, Ибн Абу Шайба, Са’ид ибн Мансур. Хафиз Ибн Кәсир иснадын сахих деді. Қз.: “«Тафсир» Ибн Кәсир” 2/97.

Бұдан қалса, бірауызды пікір (ижма’) бойынша, қажылықты орындау өмірде бір рет міндетті болып табылатындығына қарамастан, көптеген имамдар қажылықты әр бес жыл сайын орындауды дұрыс көрген. Мұнымен олар Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келесі хадисіне сүйенген: «Ақиқатында, Аллаһ Тағала: “Егер Мен Өзімнің құлымның денесін сау етсем және оны кеңшілікке бөлесем, ал бес жыл өтісімен ол Мені зиярат етпесе, онда ол игіліктен құр қалғандардың қатарынан!”, - деп айтады». Ибн Хиббан 960, Абу Йа’лә 1/289, әт-Табарани 1/110. Хадистің сенімділігін имам Абу Зур’а, имам Ибн Хиббан, шейх Али әл-Қари, шейх әл-Әлбани, Абу Исхақ әл-Хууайни және Шу’айб әл-Арнаут растаған.



Қажылық рәсімдерінің ұлы артықшылықтары туралы

Ибн ‘Умар былай баяндайтын: «Біз Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мина өлкесіндегі мешітте отырғанымызда, бізге біреуі ансарлардан, ал екіншісі Сақиф руынан болған екі адам келді де, сәлем берген соң отырды. Сосын олар: “Уа, Аллаһтың елшісі, біз саған сұрақ қоюға келдік”, - деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Егер қаласаңдар, мен сендерге сұрағыларың келген нәрселеріңді хабарлайын, ал егер қаласаңдар, сендер мұны өздерің айтыңдар”, - деді».



Олар: «Уа, Аллаһтың елшісі, хабарла», - деді. Сақафи ансарға: «Сұра», - деді. Алайда ол: «Хабарла маған, уа, Аллаһтың елшісі», - деп айтты. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Сен Қасиетті Мешітке бару мақсатында үйіңнен шыққаның үшін саған не (сый-сауап) болатынын сұрау үшін келдің. Тауаптан кейінгі екі ракағат туралы, (яғни) саған ол үшін не (сый-сауап) болатынын білу үшін. Сафа мен Мәруаның арасын айналып жүру туралы білу үшін. Арафатта тұру туралы, бағаналарға тас лақтыру туралы, шашты қыру және Қағбаны айналу туралы - осылар үшін саған не (сый-сауап) болатыны туралы Әлгі кісі: «Сені ақиқатпен Жібергенмен ант етемін, мен дәл соны сұрауды қалап келгенмін», - деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, сен Қасиетті Мешітке қарай жол алып үйіңнен шықсаң, сенің мінген жануарың аяғын әр көтерген және түсірген сәтте, саған бір сый-сауап жазылады және бір күнәң кешіріледі.

Қағбаны (жеті рет) айналудан кейінгі екі ракағатқа (намазға) қатысты айтар болсақ, онда бұл сенің Исмаил (пайғамбардың) ұрпақтарынан болған бір құлға азаттық бергеніңдей.

Сафа мен Мәруа төбелерінің арасын айналып жүруге келер болсақ, бұл жетпіс құлды босатумен бірдей.

Сенің Арафатта тұруыңа қатысты айтар болсақ, онда Аллаһ Тағала төменгі аспанға түсіп, періштелердің алдында мақтанып, былай дейді: “Құлдарым Жәннатымды қалап, Маған әр жақтан шаштары ұйпалақтанған күйде келді! Егер олардың күнәлары майда тастардың, жаңбыр тамшыларының және теңіз көбігінің санындай (көп) болса да, Мен оларды кешірер едім! Әй, Менің құлдарым, сендерге кешірім сый етілді!”

Тас лақтыруға келер болсақ, әрбір тасталған тас үшін сенің кіші күнәң кешіріледі.

Құрбандығыңа келер болсақ, бұл үшін саған Раббыңның алдында ұлы сый әзірленген.

Басты қыруға қатысты айтар болсақ, әрбір талшық шаш үшін саған игі іс жазылады әрі күнәң кешіріледі.

Ал сенің осының барлығынан соң Қағбаны айналуың туралы айтар болсақ, онда сен күнәсіз болған күйде тауап жасайсың. Әрі осыдан соң періште келеді де, қолдарын сенің иығыңа қойып, былай дейді: «Болашақта саған жазылған нәрселерді орындай бер, өйткені бұрын болған нәрселердің барлығы саған кешірілді!”». Әл-Баззар 2/182, Ибн Хиббан 963, ‘Абдур-Раззақ 8830. Хафиз әл-Мунзири мен шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған. Қз.: “Сахих әт-тарғиб” 1112.
ТОҒЫЗЫНШЫ ЗУЛ-ХИЖЖА – БҰЛ ҰЛЫ АРАФА КҮНІ
Аллаһ Тағала Арафа күнімен ант етті, ал бұл оның ұлықтығына нұсқайды. Аллаһ былай деді: «Уәделі күнге, куәлік берілген (күнге) және куәлік етуші (күнге) серт» («әл-Буруж» 85: 2-3).

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “«Уәделі күн» – бұл Қиямет күні, «куәлік берілген күн» – бұл Арафа күні, ал «куәлік етуші күн» – бұл жұма”. Әт-Тирмизи 3339, әт-Табарани 3458. Шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген.


Арафа күні Аллаһ Өз құлдарын Тозақтан босатады және олардың күнәларын кешіреді
Айша Аллаһ Елшіснің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: Аллаһ Өзінің көп құлдарын Тозақ отынан босататын Арафат күніндей басқа күн жоқ. Ақиқатында, Ол (оларға) жақындайды, ал содан соң періштелердің алдында: «Олар нені қалайды?», - деп мақтанады”. Муслим 1348.

Сондай-ақ Әнастан Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Арафа күні: «Әй, Біләл, адамдарды шақыр!», - дегені жеткізіледі. Біләл: «Аллаһ Елшісінің сөзін тыңдаңдар!», - деп (дауыстап хабарлады). Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Уа, адамдар! Маған (Жәбірейіл) келіп, Раббымнан сәлем жеткізді де, былай деді: «Ақиқатында, Аллаһ Тағала Арафат пен Маш’арда3 және осы маңда тұрғандарды кешірді!»”, - деді. Сол кезде Умар ибн әл-Хаттаб орнынан тұрып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Бұл тек біздер үшін бе?!», - деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл сендер және сендерден кейін Қиямет күніне дейін болатындар үшін!», - деп жауап берді. Ибн әл-Мубарак. Хадис сахих. Қз.: “Сахих әт-тарғиб” 2/33.



Ең жақсы дұға – бұл Арафа күнгі дұға

Абдуллаһ ибн ‘Амрдан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: “Ең жақсы дұға – бұл Арафа күнгі дұға, ал мен және (маған дейінгі) пайғамбарлар Арафа күні айтқан ең жақсы дұға бұл: «Жалғыз, серігі жоқ Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ! Бүкіл билік және мақтау Оған тән, әрі Ол бүкіл болмыс үстінен құдіретті!». Әт-Тирмизи 3585. Хадис хасан. Қз.: “Сахих әт-тарғиб” 1536.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет