«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)



бет10/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   43
Айтыс-УМК

Дәріс мәтіні (тезис)
Айтыс – ғасырлар бойы еліміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен, өмірімен бірге жасап біте қайнаған аса бай, төл жанр. Одан халқымыздың өмірге деген көзқарас, танымы мен ойлау жүйесі, көркемдік талап-талғамы анық аңғарылады. Ол өзінің “Аттың жалы, атанның қомында” туған табиғи болмыс-бітімімен ертеден-ақ ел тұрмысына етене, сіңісті болып келген өнер. Айтысты қолма-қол тудырушы суырып-салма ақындарды халық әр кез зор ілтипатпен қарсы алып, олардың әсерлі өлең, тартысты жырларының құдіретті де сиқырлы күшіне әулие сөзіндей сенетін болған. Айтысқа жиналған жұртшылық көптен күткен думанды мерекеге келгендей екі дай болып бөлініп, белгілі бір ұнатқан ақынның жеңіске жетуіне іштей тілеулес ниетте отырады. Сондағы әр бір тауып айтылған аталы сөз, ұтқыр жауаптарға олар ризашылық сезіммен қарап, өз ықылас, ынтасын білдіруге де ерікті. Мұндай ырықтан тыс әсер-сезім көріністері айтыс тағдырын шешіп кететін кездері де бар. Осындай халық жүрегіне ертеден ұялаған айтыс өлеңдері өзінің өміршең және көпшілдік, көркемдік сипаттарымен әдебиетіміздегі тартымды да аса бай салаға айналған. Сол себепті академик- жазушымыз М.Әуезов осы аталған жанрдың мән-маңызы жөнінде: "Ауызша әдебиет ішінде айтыстан көп кездесетін өлең жоқ... Бұл өлеңдер өте көп, көптігі жұрттың бәріне мәлім... Бұдан айтыс сөз қазақ ескілігінде өте жанды, өте қызулы, бағалы сөз болғанында дау жоқ” деп, оның халық өміріндегі орнын аса жоғары бағалағаны мәлім.
Айтыс ең алғаш тұрмыс-салт жырлары - "Жар-жар"мен "Бәдік" өлеңдерінен бастау алып, өз дамуында сан қилы асу кезеңдерден өтіп кемелдене жетілді. Оның бастапқы үлгілері көпке ортақ, алғашқы жолдары екі жаққа бірдей жаттанды өлеңдерден тұрса, кейін өз жанынан шығарып айтатын суырып салмалық сипатқа ие болып отырды. Осы жырлар әуелде, әр түрлі әдет-ғұрып, салт-дәстүрді орындау талаптарынан туған болса, келе-келе осы негізде талас-тартысы мол, қызуқанды жаңа түр - айтыс жанры туып қалыптасты. Ол ғасырлар бойғы өз дамуында қайымдасудың сан алуына сатысынан өтіп, келелі де кесек ақындар айтысына келіп ұласты.
Айтыс түрік тектес елдерде ертеден бар екені аңғарылады. Бұған М.Қашқаридің "Диуани лұғат ат-түрік" атты жинағындағы "Қыс пен Жаздың " айтысын, сондай-ақ Қожа Ахмет Иасауидің "Диуани хикметіндегі "Дозақ пен Пейіштің " айтысын дәлел ретінде айта аламыз. Зерделей қарасақ, бұлардың айтыс табиғатына тән белгі-сипаттары мол. Мұның екеуінде де қырғиқабақ, бітіспес бәсеке, аңдысу арқылы жеңуге деген құлшыныс пен дәлелге, аталы уәжге тоқталып, жеңілгенін ашып мойындаудың дәстүрлі кейбір көріністері бар. Осы жәйттар айтыстың көшпелі түрік тектес елдерде ерте замандардан-ақ ірге теуіп, ел өмірінің әр саласын зерделеп, бейнелеп келгенін аңғартады.
Қазақ халық әдебиетіндегі айтыс дәстүрінің туып, қалыптасу тәжірибесіне зер салсақ, біздегі осындай туындылардың айтыс жанрының әбден кемеліне келген тұста ерекше қарқынмен дамығанын көрсетеді. Бұған қарағанда, айтыс өнері осы шығармалар туған заманда да, одан бұрынғы кезеңде де ел өмірінен кең орын алғанға ұқсайды. Бұл пікірдің дұрыстығын Қытай елі деректері де құптап мақұлдайды. Шыңжандық қазақ тарихшысы Н.Мыңжани “Қазақтың көне тарихы” атты еңбегінде Қытайдың “Тайпин Хиуаниуйжи” топтамасының “Түрік шежіресі” атты тарауындағы деректерге сүйеніп: “түріктер бие сүтінен жасалған қымызды ішіп қызып алған соң, ән шырқап бір-бірімен өлең айтысады... Күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздегі ақындар айтысының мұнан мың жылдар бұрынғы Батыс түрік қағандығы дәуірінен бері келе жатқан дағдылы дәстүр екенін байқаймыз” деп жазады.
Осындай жалпыхалықтық сипаты бар ауыл-аймақ көлеміндегі әр алуан мәнді жеңіл-желпі айтыстар келе-келе ақындар айтыстарымен қатар өмір сүріп келгені, тіпті соңғысы бұрынғысының дәстүрінен бастау алып жеке жанр болып қалыптасқаны мәлім. Тіпті, қайымдасу үлгілерінің ақындық айтысқа ұласуының өзі көшпелі өмірдің бір көрінісі ретінде ұзақ ғасырлар бойына созылып келген. Бұған қазақ, қырғыз, қарақалпақ елдеріндегі кемелденген айтыс үлгілері айқын дәлел. Аталған халықтардың ғасырлар бойғы тұрмыс-салты мен кәсіп-тіршілігі, әдеби мұраның ауызша айтылып, ауызекі таралуы секілді үрдістер бұл жанрдың ерекше дамып кемелдене түсуіне қолайлы жағдай жасап келген. Ал енді, отырықшылыққа ерте көшкен татар, өзбек, түрік секілді елдерде ол кең етек ала алмай топтық түр күйінде ғана сақталып қалған. Осы аталған елдердегі көшпелі өмірдің сол айтыс жанрының кең қанат жайып дамуына, тіпті қазақ тұрмысы жағдайында өркендеп, өзінің шырқау шыңына шығуына себеп болғанын көреміз. Бұған әйгілі “Біржан мен Сара”, “Әсет пен Ырысжан”, “Ақсұлу мен Кеншімбай”, “Молда Мұса мен Манат қыз”, “Сүйінбай мен Қатаған”, “Жамбыл мен Құлмамбет” секілді классикалық айтыстар нақты дәлел бола алады. Мұндай роман іспеттес келелі айтыстардың өзге түрік тектес бірде-бір елде жоқ екенін үлкен мақтанышпен айта аламыз.
Айтыс жанрының табиғи белгі-сипаттарын ашып саралағанда, оның ел дәстүрі мен соның кәсіп-тіршілігіне, таным-түсінігіне тікелей байланысты көрініс табатынын академик-ғалым М.О.Әуезов тап басып танып, ғылыми байсалдылықпен дәлелдеп берген еді. Ол кісі осыған орай: “Халық әдебиетінің өркендеп дәуірлеген шағы – халықтың шаруасы күйлі, үдере көшіп ен жайлап, сауық-сайран, мереке-қызықпен күнелткен көшпелі тұрмыста болған шақтарында болды. Егер халық көшпелі тұрмыстан қалып, отырықшы тұрмысқа айналса, отырықшы халықтың кәсібіне кіріп, еңбекпен күнелтіп, бос жүретін іссіздікті тастаса, бұрынғы ойын-той, сауық-сайран сиреп жоғала бастайды” – деп жазған еді. Мұндай басалқалы да ойлы пікірлерді кезінде ұлы ғалымымыз Шоқан да, күні кешегі ірі жазушымыз Сәкен де айтқан болатын. Бұл кісілер де ашық аспан, таза ауада, табиғат аясында өскен еліміздің ой-қиялының жүйрік, ақындық қабілетінің ерендігін баса көрсетеді. Әсіресе, ұлы Шоқанның: “Ашық аспан, кең сахарада туған қазақ ешқандай қосалқы оқу-білімсіз-ақ табиғат мәпелеуімен өсіп жетіледі. Осыған қарамастан қазақ халқының жазылмай буыннан буынға тек ауызекі тарайтын бірден бір тіл мұрасы: өз поэзиясы мен әдебиеті бар... Қазақтың жалпы ауызекі жырлары тікелей дала көріністері мен жүйрік ат, сұлу қыз әсерінен туған, сондықтан қазақ үнемі осылардың төңірегінен айналшықтап кетпейді” – деп көрсетуі де жоғарыдағы ойымызды дәлелдей түседі.
Айтыс пен суырыпсалма өнері егіз, бірінсіз бірі жоқ. Суырыпсалмалық дарыны мен айтыс тәсілдерін, ұту, уәжбен тосуды еркін игеріп, ел жағдайын, қарсыласының әлсіз тұстарын жақсы білетін ақын ғана әр кез жеңіске жетіп отырған. Сол себепті айтыс атаулы уәж, ұтымды дәлелге құрылған екі қарсылас ақыннның өлеңді қолма-қол шығарып айтқан сөз бәсекесі, өнер жарысы. Төрешісі – халық, немесе жұртқа қадірлі, дуалы ауыз ел ағасы. Бұлардың төрелігі қара қылды қақ жарғандай әділ де нақты болуға тиіс. Кейде сөз жүйесі мен уәжден тосылған ақынның өзі қанша қиын болса да тосылғанын ашық мойындап, өз кесімін білдіретін кездері де аз емес. “Ақын” деген құрметті атақты көпшілік осы бетпе-бет сайыста алғырлық, тапқырлық танытқан өрен жүйріктерге ғана беретін болған.
Айтыс өзінің мазмұны мен сипаты жағынан тұрмыс-салт жырларымен терең үндесіп, астасып отырады. Ол біздегі эпикалық, лиро-эпикалық жырларға түр беріп көркейтумен қатар, өзі де олардағы эпикалық әуен-үнді бойына сіңіре білген. Сөйтіп, өзге жанрларға елеулі ықпал-әсер етіп келген айтыс өнері өзінің сол синкреттік сипаттары арқылы олармен ғасырлар бойы иық тіресе, қатар дамып келді.
Айтыс түйіні – шындық. Қандай жүйрік, тапқыр да алғыр ақын болса да, бетпе-бет бәскеде айтылған шындықтан жалтарып кете алмаған. Олар қашан да шындыққа тоқталып, аталы сөз бен уәжге бас иетін болған. Мұны көбінесе, қанша қиын болса да, ақындардың өзі айтып, ашық мойындап келгенін көреміз.
Айтыс өлеңдерін жинап бастыруда, ол туралы салиқалы пікір айтушылардың алғашқы сапында Шоқан, В.В.Радлов, Ыбырай секілді зерттеушілер тұрды. Шоқан айтыстың саяси-әлеуметтік мәніне, сын мен мадаққа құрылатын сипатына мән берсе, В.В.Радлов айтысты “қайым өлең” деп жіктеп, халқымыздың ақынжанды, тапқыр-алғырлығына, шешендігіне таң қала сипаттайды. Ыбырай айтыстың көркем үлгілерін өзі құрастырған Хрестоматияға енгізіп, оның тәрбиелік мәніне зер салады.
Айтыстың кең жиналып том-том күйінде жинақ болып басылуы Кеңес үкіметі тұсында іске асқаны мәлім. Осы игілікті істі ұйымдастырып насихаттауға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мұрындық болды. 1960 жылдардың бел ортасында Институт айтыс өлеңдерінің үш томдық жинағын жариялап, жүйелеп жіктеді, ғылыми түсініктер берді. Осы томдардың екі кітабы дәстүрлі айтысқа арналса, соңғы томы 1920-1957 жылдар арасындағы айтыс өлеңдерін қамтыды. Сол 1970 жылдардан бастап аталған Институт бұл жанрды түбегейлі зерттеуді қолға алып, жоспарға енгізді. Соның нәтижесінде айтыс жанрының табиғатын ашатын “Айтыстың даму жолдары” атты 10 баспа табақтық монографиялық еңбек жарық көрді. Зерттеу, жариялау жұмысының жалғасуы арқасында 1988 жылы осы Институт қызметкерлері айтыстың бұрын баспа көрмеген үш томын дайындап баспаға берді, алайда мұның екі кітабы ғана сол жылы жарық көрді. Аталған Институт қызметкерлері бұл жұмысты әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Соның нәтижесінде 1989 жылы “Ғылым” баспасынан айтыс өлеңдеріне арналған “Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасының” 6 томын бастырып шығарды. Бұл томға көлемді де кесек 220 айтысқа ғылыми сипаттама беріліп, 600 шағын айтыстың тізімі берілді. Бұдан тыс 300 айтыс ақыны мен 140 жинаушының өмірі, айтыстары туралы қажетті мәліметтер жинақталды. Бұл деректердің біздегі айтыстың барлығын түгелдей қамти алмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Өзге қорлар мен Ұлттық кітапхана қорындағы айтыстар бұл жинақта толық қамтылмай қалғанын ескерсек, айтыстың көп томдығын шығаруға әлі де мүмкіндік бар екенін назарда ұстанған жөн. Айтыстың бүгінгі, кешегі өмірді бейнелеудегі мән-маңызы мен жанрлық ерекшеліктерін мүмкіндігінше кеңірек қамтитын “Қазақ поэзиясындағы айтыс жанры: тегі мен дамуы” атты көлемді монографияның жақын арада жарық көргенін де осы аталған Институттың елеулі табыстарының бірі деп бөліп атай аламыз.
Рас, осында айтылғандай, қыруар ғылыми жұмыстардың іске асуына кешегі аға буын өкілдерінің қадау-қадау түйіп айтқан тұжырымдары мен кезінде ұсынған бағыт-бағдарының зор ықпал-әсерін айтпасақ, әділетсіздік болар еді. Осы орайда ең алдымен ұлы тұлғалар А.Байтұрсынов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин, М.Қаратаев, Ы.Дүйсенбаевтармен қатар, олардан кейінгі буын Р.Бердібай, С.Қасқабасов, М.Базарбаев, О.Нұрмағамбетова, М.Дүйсенов, Н.Төреқұлов, К.Сейдеханов, Е.Тұрсынов сынды зерттеушілерді атаған жөн. Бұлар осы жанрдың табиғаты мен әдебиетіміздегі орнын ашып белгілеуде айтарлықтай үлес қосты.
Аса көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсыновтың осы бағыттағы зерттеулерінде бұл жанрдың жазба әдебиетке ұласу жолдарына, яғни “алаңдық айтыс-тартысқа” ауысуына мүмкіндігі мол екеніне ерекше мән берген. Ахаң осы мәселеде: “Сөз өнерінің бұл түрі (айтыс өлеңдері ) Еуропа тілінде тек “айтыс” мағынада емес, “айтыс-тартыс, арпалыс” мағынада ұғылады. Біздің қазақ Еуропа әдебиетінен үлгі алмай, әдебиетін өз бетімен жетілдіргенде, қазақтың айтыс өлеңдері алаңға түсе-түсе барып, алаң айнасына айналып, айтыс-тартыс түрге түсетіні даусыз еді. Үлгіні өзге жұрттан алғандықтан, алаң әдебиеті бізде төтеннен шығып қалды” – деп жазған болатын. Автор айтыс өлеңдерінің өзіндік белгі ерекшеліктері мен қайталанбас жанрлық сипатын сөз еткенде де, оның қара сөздегі әзілді сөз, “Ерегіспен” байланыс-бірлігін астастыра отырып, қазақтағы айтыстың тек өлеңмен ғана айтылатынына зер салады: “Айтысқанда екі күрескен палуандар сияқты бірін-бірі аңдиды, бір-бірін жығу үшін істейтін әдіс-амалдарды, тәсілдерді мұнда да істейді. Айтысқанда жай сөзбен айтыспай өлеңмен айтысады. Сондықтан өлеңмен ғана айтысу “айтыс” деп аталады. Өлеңсіз айтыстың аты ерегіс болады. Бәлки, өлең айтыс та о басында әзілден, ерегістен шыққан болар... Күрескенде күшке әдіс керек болу сияқты айтысқанда, ақындыққа да әдіс серік болады. Әдісі жоқ әйдік ақынды әдісті анау-мынау ақын жеңіп кетуі мүмкін... Айтысқанда ақындар көбінесе бірінің-бірі басындағы, еліндегі міндерін айтып тоспақшы болады. Айтыстың бұл жағынан әлеумет алдына пайдасы зор” дей келіп, айтыс өтіп болған соң, оған бір ақын екі ақынның айтысқаны қылып, екі жағының сөзін өзі шығаратын болған” – дейді. Бұл арқылы Ахмет Байтұрсынов айтыстың кейінірек белгілі бір өзгерген шығарма түрі болып шығып, бара-бара “алаң айнасына” айналатын белгі-сипаттарын да ашып дәйектейді. Осы тұста автор әйгілі Сұлтанмахмұттың бір кезде “Қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны” (1919) секілді поэма жазғанын есте тұтқан болуы керек. Немесе атақты Шәкәрімнің өзінің “Әділ-Мәрия” атты романын (1925) бірыңғай талас-тартысты диалогқа құруында да ұстанған бір ұлттық үрдіс болуы мүмкін деп ойлаймыз.
Айтыс өлеңдерінің шығу тегі мен оның жанрлық ерекшеліктерін ашып белгілеуде академик жазушыларымыз М.Әуезов пен С.Мұқановтың еңбектері аса зор. М.Әуезов айтыстың тұрмыс-салт жырларынан бастау алып жеке жанр болып қалыптасуына мән беріп, оның тартысты, қызуқанды драмалық белгілеріне зер салса, С.Мұқанов айтысты халық өміріндегі орны мен мәніне, көркемдік сипаттарына қарай талдап бағалайды. Бұл зерттеулерде біздегі айтыстың өзге елдердегі үлгілері мен ұқсастықтары да сараланып, аталған жанрдың өзге де қайталанбас белгі-сипаттарын талдау арқылы оның көшпелі өмірге байланысты суырыпсалма дәстүрі үлгісінде бізде биік белеске көтерілгенін ашуға зер салады. Негізінен аталған айтыс туралы зерттеулерде айтыс жанрын жіктеп бөлуге де, жіктеп талдауға да елеулі орын берілген. Жіктеулері өзара үндес, ұқсас. Белгілі ғалым Қ.Жұмалиев те осыған ұқсас жіктеулер жасап, мысал іспеттес айтыстардың мәнін аша түсуге талаптанады. Ал, зерттеуші Б.Кенжебаев ірі де көркем айтыстарды өлеңмен жазылған роман деп бағаласа, Е.Ысмайылов кесек те келелі айтыстарды сюжетті роман деп бағалағанды жөн санайды. Сондай-ақ М.Қаратаев, М.Дүйсенов, Р.Бердібай, Ә.Дербісәлин, С.Қасқабасов, Н.Төреқұлов зерттеулерінде айтыс жанрының жаңа бір қырлары сөз болып байыпталады. Бұлардан өзгешелеу пікір айтқан зерттеуші Е.Тұрсынов деуге болар еді. Ол айтыстың арғы шығу тегін көне дәуірдегң құдалық тұсында болатын әзіл-сықақ, жұмбақ айтысу рәсімдерімен байланыстырады. Ол осыған орай: “Этнографиялық материалдарға қарағанда, ақындық айтыс өлең түріндегі айтыс болып бірден қалыптаспаған. Ақындық айтыстың өте қызықты, ұзақ тарихы бар. Құдалар айтысының қыз бен жігіт айтысымен түп-тамыры бір... Бұл екеуінің түп-тамыры қыз алысып, қыз берісу қатынастары бар рулардың адамдары арасындағы сөз жарыстыру салтында жатыр” – деп жазады. Шынында да бұл жанрдың үйлену салтына байланысты туып (“Жар-жар” өлеңдері үлгісімен), өркен жайып дамып келгені даусыз. Біздің ойымызша, құдалық тұсындағы айтылатын әзіл-қалжың, сын-сықақтардың бізде, А.Байтұрсынов жоғарыда атап көрсеткендей, алғаш өлең түрінде емес, керісінше қара сөзбен айтылып келгені аңғарылады. Бұған қарағанда, сол қыз бен жігіт айтыстарын дәстүрлі үйлену салты мен елдің көне түсінік-танымы, әдет-ғұрпына байланысты туып қалыптасқан төл жанр деп бағалаған жөн.
Айтыс кеңес үкіметі тұсында да, одан кейінгі тәуелсіздік жылдары да өзінің халықпен бірге жасап, біте қайнап келе жатқан өнер екенін айқын дәлелдеп берді. Ел-елдегі, ауылдағы топтық, жекелік айтыстар бір сәтке де тоқтап толастаған емес. 1917 жылғы Октябрь төңкерісінен кейінгі қоғамдық өмірдегі үлкен өзгеріс, жаңа қарым-қатынас айтысқа да жаңа міндет, талаптар қойды. Енді ақындар бұрынғы ел мен ру атынан емес, колхоз, аудан, облыс атынан айтысуға шығатын болды. Соңғы айтыстың қайта түлеп, тың мазмұнмен жаңғыруына 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысы оқиғасы себеп болды. Бұл тұста 1941 жылғы маусым айында Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының ақындары патриоттық идея көтеріп айтыс ұйымдастырса, кейін бұл игі бастама Қызылорда қаласында өтіп, бұған Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облысы ақындары белсене қатысты. Мұның ақыры еліміздің өзге облыстарында да жалғасын тапты. Бұлардың ішінен Ғабит Мүсірепов ұйымдастырған 1943 жылғы Қарағанды облысындағы ақындар айтысы үгіт-көпшілік жұмысының ірі де беделді бір бөлігіне айналды. Осы айтыстарда талай жүйрік, дүлдүл ақындар өзінің білгір-тапқырлығымен, шешендігімен суырылып шығып көзге түсті. Әрине, жаңа өмірдің талап-талғамы, міндет-мақсатына орай ақындарда бір сәт тосырқау да болмай қалған жоқ. Мұның ақыры алдын-ала айтысушыларын біліп алып, онымен жазып айтысу әдеті пайда болды. Тіпті газетте жариялап, соны теледидардан оқып беру де кең өріс алды. Бұл – айтысты дамытатын үрдіс емес, керісінше, қалыпты дәстүрге жат бағыт еді. Осыған орай айтыстың қайта жандануына күдік білдірушілер саны көбейе түсті. Сол себепті М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмайылов секілді кісілер 1961 жылы Қазақстан академиясы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен өткен айтысқа дәстүрлі суырыпсалма сипатына оралуға кеңес берді. Айтыс алғаш рет туған өз арнасына түсіп жаңа бағыт алды. Осыдан бастап кейінгі айтыс ақындарының жаңа легі өмірге келді. Бұл тұста, Манап, Әсімхан, Әбікен, Қалихан, Шолпан, Әселхан, Қонысбай, Надежда секілді ақындар көзге түссе, кейіннен Мүзарап, Кенен, Болман, Есдәулет, Көшен, Ілияс, Қайып, Шашубай, Доскей, Нартай, Сәттіғұл, Жамбыл секілді жүйріктер халық құрметіне бөленді. Ал, тәуелсіздік жылдардағы айтыстарда Мэлс, Мұхаметжан, Бекарыс, Айнұр, Әбілқайыр, Ақмарал, Аманжол, тағы да басқа мәдениетті де білімді майталман ақындардың жұлдызы жанып, аты әйгіленді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет