Дәріс мәтіні (тезис)
Сөз өнерін зерттейтін ғылымда – қазақ әдебиетінің даму ерекшелігіне орай туындаған – ауызша әдебиет пен жазба әдебиеттің қарым-қатынасы ғана емес, өзара жалғаса жымдасып жатқан “фольклор мен ауызша әдебиет”, “фольклор мен жазба әдебиет”, “фольклор, ауызша әдебиет және жазба әдебиет” проблемаларының да әлі толық топшыланбаған, талқыланбаған тұстары көп. Сол төңіректе әдебиеттанушыларымыз бен фольклортанушыларымыз біраздан бері поэтикалық жүйе, дәстүр мен жаңашылдық аясында іргелі ізденістерге бет бұрып, күн тәртібіндегі күрделі тақырыптың өрісін әр қырынан шолып-шиырлап, жекелеген мақалалардан бастап тұтас монографияларға дейін жазды. Аталмыш мәселелердің жай-жапсарын тарихи поэтиканың маңызды категорияларының бірі – жанр арқылы да саралап-салмақтауға болады.
Айтысты жанрлық жақтан тек екі-ақ түрге бөлуге болады. Бірі, ақындар айтысы, айтыстың бұл түрі тек өлеңмен айтылады, кемелді екі ақынның арасында болады. Екінші, шешендер айтысы қара сөзбен айтылады. Жалпы адамзат тұрғысынан қарағанда айтыстың бұл түрі барлық халықта болған және бола беретін түр. Қазақ арасында мұндай айтысқа қатысушылар дауға түсетін шешендер, өзара әзілдесетін құрбы-құрдастар болып жалпы халықтық сипат алатын түрге жатады. Қара сөз айтысының қалыптасып дамуында қазақ билерінің ұстайтын орны ерекше екенін де еске алған дұрыс. Осы қара сөз айтысы негізінде қазақ әдебиетінің көрнекті бір саласы - шешендік өнер қалыптасып, дамыды. Жалпы, өнер ретінде қарағанда айтыс алғашында қалайда қара сөз түрінде пайда болғаны талас тудырмаса керек. Қажетті кезінде қара сөзбен айтысушылар бірте-бірте қарсыластарын ығыстырып, тыңдаушы топтың, жиылған халықтың ықыласын өзіне қаратып баурап алу үшін әуелі сөзге ырғақ, екпін беріп сөйлеуге машықтанған, кейін келе қолынан келгендері тақпақтап желдірте сөйлеуді әдетке айналдырған. Дәл осы тұста кездейсоқ немесе арнаулы айтыс үрдісі пайда болған сияқты. Сөйтіп ежелде танымдық міндет арқалап қара сөзбен айтылатын айтыс енді эстетикалық міндет арқалап сөздің өте өтімді түріне өлеңмен айтылатын айтысқа қарай бет алған деуге болады.
Жанрлардың өзгерісі ең алдымен көркемдік сананың кезеңдеріне /мифтік-поэтикалық, дәстүршіл, дара шығармашылдық/ байланысты болса, келесі кезекте – жекелеген авторлардың поэтикалық жүйесіндегі жаңалық-жетістіктермен жанасып жатады. Үшінші жағынан, жанрлар нақты тарихқа түр болғандықтан, олардың бітіміне елдің ілгерілі-кейінді өмірінде ірге тепкен ішкі, сыртқы – заманалық қилы-қилы қоғамдық құбылыстардың, әлеуметтік әуездердің, мәдени мәністердің таңбасы басылатындығы тағы белгілі. Айналып келгенде, көркем жанрлардың тіршілігі де объективті және субъективті факторлардың тығыз астарласуынан түзіледі.
Фольклордан әдебиетке қарай түрлене түсетін болмысты бейнелеу принциптері өзгерісінің сыр-сипатын аңдау үшін біз айтыс жанрының мысалында сөз сабақтадық.
Болмыс пен қарым-қатынас барысында айтыс іштей түлеу мен түрлену процесін бастан кешірді. Белгілі ғалым Р.Сыздықова: “Ал бұл кездегі /ғалым ХІХ ғасырдың екінші жартысын сөз қылып отыр –/ айтыс – тұрмыс-салттық тақырып шеңберінен шығып, әлеуметтік мотивтерге де барған жанр. Демек, бұл айтыстардың сөз байлығы да, көркемдеуіш құралдары да, тіпті көлемі де өзгерді деген сөз. Айтыс компоненттері монологқа ауысады. Ал монолог – ақынның өз айналасына заманына, өмірге, қоғам тіршілігіне, жеке адамдардың іс-әрекеттеріне деген көзқарасын, ойын, мінездемесін көрсететін сөз түрі”, - дейді. Олай болса, айтыстағы монологтық сипаттың молаюы авторлық даралықтың артуымен, ауқымдалуымен байланысып жатты деген сөз.
Сондықтан М.Әуезовтің Наурызбай мен Тілеуқабақ қызының, Біржан мен Сараның айтыстарын “бір жағынан ауызша әдебиетке кірсе, бір жағынан жартылап келіп жазба әдебиетке кіреді” деуінде, оларды батыс әдебиетіндегі “екі кісінің жайынан туатын” эпистолярлық романдармен салыстыруында негіз жоқ емес еді.
Айтыстың жазба әдебиетпен жүздесіп, жұғысуы – қызықты құбылыс. А.Байтұрсыновтың аңғартуынша: “айтыс бастапқы кезде шын екі ақынның айтысқаны болса да, соңғы кезде айтысты ақындар өз ойынан шығаратын болған. Яғни бір ақын екі ақынның айтысқаны қылып, екі жағының да сөзін өзі шығаратын болған. Сөйтіп, айтыс шын айтыс емес, тек шығарманың түрі болуға айналған. Адамның, елдің яки бүкіл жұрттың келіссіз істерін, мінездерін, пиғылдарын айтқысы келсе, ақындар өз атынан айтпай, айтысқан ақындардың сөзі қылып шығаратын болған”. Ендеше, бұл жерде әңгіме айтыстың нақ өзі емес, ақынның шығармашылық мүдде-мақсатына қарай аталған жанрдың диалогтық пішінін пайдалану жайында қозғалып отыр. Мұндай мысал әсіресе, қыз бен жігіт айтыстарына қатысты жиі жолығады.
Айталық, Ә.Қоңыратбаев: “Манат, Ақдәме, Ақсұлу, Рысжан сияқты қыз аттарын жеке айтушылардың өздері тудырса керек. Әдетте бір ақын ұзақ сапар қайтса, “пәлен” деген қызбен айтыстым деп, елге жаңа бір жыр жолдарын ала келетін болған. Мысалы, 1918 жылы Сыр елінің әйгілі ақыны Мансұр Бекежанов Гержоттан қашып, Нұратаға /Бұқар/ барады. Сол жолы ол Ақдәме қызбен айтыстым деп келеді”, - деген деректі алға тартса, Қ.Мұхамедханұлы Әсет пен Рысжанның айтысы туралы: “айтыстың басындағы бір жүз тоқсан жолдай өлең, айтыстың аяғы түгелдей Әсеттің өз сөзі. Бұл айтыс шындықта болған күннің өзінде де, кейіннен Әсет қағаз бетіне түсіріп, өңдегені даусыз. Ал Рысжан ақынның аты әдебиет тарихында мағлұм емес және Рысжанның не басқа айтысы, не жеке өлеңдері де бізге белгісіз”, - деген пікір білдіреді.
Белгілі фольклор жинаушысы Ә.Қайнарбаев Кеншімбай мен Ақсұлу айтысына байланысты былай дейді: “Жас кезінде ұрлық қылып, Нұреке болыс ұстататын болған соң, елден қашқан. Ор өзенінің бойындағы жағалбайлы ішін паналаған. Сонда жүріп, Нұрекені сөгу үшін Ақсұлумен айтыстым деп өлең шығарған”. Зерттеуші Ә.Оспанов Қарасақал Ерімбет пен Жекей қыздың арасындағы айтыстың да шайырдың өз шығармасы екендігіне бұлтартпас дәлелдер келтіре отырып: “Өз басындағы, еліндегі барлық кемшіліктер мен кінә-айыптарды Жекейдің аузымен айтқызыпты”, - деп жазады. Осы жолдар авторының қолындағы ел ішінен жинаған деректер де бұл айтыстың болмағандығын растап, атқамінерлердің қыспағына шыдамай Елібай тауына қашқан Ерімбет ақынмен “айтысқан” Жекейді бірде бойжеткен, бірде бесіктегі бала етіп баяндайды. Міне, осы секілді ғылыми дәлел-дәйектердің өзі-ақ айтыс жанрының әдеби дамудың /ауызша әдебиеттен жаңа жазба әдебиетке ауысу/ барысында жедел өзгеріске ұшырай бастағандығын білдіреді.
Жазудың жайылуы классикалық мағынадағы айтыстың әрі қарай өсіп-өркендеуін тежеп-тұсаулады. Осыны айқын аңғарған Х.Досмұхаммедұлы: “Өкінішке қарай, халық поэзиясының бұл түрі соңғы кезде сұйылып кетті, оның орнын жазбаша айтыстар баса бастады”, - деп жазса, А.Байтұрсынұлы бұл тенденцияны былайша дөп басқан: “Қазақта айтыс өлең көп. Бірақ бұлар да ел ішінде жоғалып, сиреп барады. Жазу жайылған сайын айтыс өлең азайып, құруға бет алып барады”.
Сөйтіп, ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында жазба әдебиет өкілдерінің бірқатары өз туындыларында өмірдің өзекті мәселелерін жұртшылыққа тез таратып-түсіндіру мақсатында үйреншікті, үрдісті қалыпты –айтыстың пішінін көркемдік тұрғыдан кәдеге жаратуға талпыныстар жасады. Мысалы, Ш.Құдайбердіұлының “Жайлаудың баласымен айтысқан өлеңі”, М.Дулатұлының “Қарақұс һәм адам”, Ж.Басығариннің “Ғылым мен надандықтың айтысқаны”, Х.Лекеровтің “Болыс пен Шотай” сияқты туындылары – осының анық айғақтары. Әлбетте, мұндай шығармалар тақыр жерде туған жоқ. Олардың сыр-сипаты “өлі мен тірінің айтысы”, “қазақ пен ноғайдың айтысы”, “арғын мен найманның айтысы”, т.с.с. анонимдік айтыстардан да тамыр тартады. Сөз жоқ, анонимдік айтыстар – жеке шығарушылардың жаратындылары; бірақ ауыздан ауызға көше келе – фольклор заңдылықтарына сәйкес – олардың авторлары ұмытылып кеткен. Ал жазба әдебиет жағдайында айтыстың порым-пішіні мен жанрлық мүмкіншіліктерін пайдалану – саналы суреткерлік мақсат пен көркемдік амалдың көрінісі.
Сірә, айтыстың кез келген профессионал қаламгерді қызықтырған ең тартымды қасиеті оның кереғар екі /немесе бірнеше/ көзқарастың арасынан ақиқатты іздеуге жағдай жасайтын демократиялық және диалогтық табиғаты болуы тиіс. Осы ретпен алғанда, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әлеуметтік-философиялық “Айтыс” поэмасы – классикалық айтыс жанрының мүмкіншіліктерін жазба әдебиетте алғаш рет эпикалық кең көлемде қолданудың кәсіби жағынан кемел, бірақ - өкінішке қарай – аяқталмай қалған үлгісі екендігін айта кеткен абзал. Ақын бұл шығармасында қала ақыны мен дала ақынын айтыстыра отырып, өз түсындағы қазақ қоғамының қадау-қадау проблемаларын /көшпенділік пен отырықшылық мәдениет, тіл, тарих, дін, ел басқару, әдебиет, салт-сана, т.б./ бір желінің бойына жинақтап жырлаған.
Қорыта алғанда, көркемдік ойдың ілгерілеуі риторикалық стильді ауызша әдебиеттен индивидуалдық стильді жазба әдебиетке қарай жылжығандығы көрінеді.
Айтыстың жанрлық метаморфозасы да осы шартқа орайласады. С.Сейфуллин де айтыстың қазақ халқының халықтық өміріндегі орнының жоғары, қазақ әдебиетіндегі ұстайтын ара салмағының басқа жанрларға қарағанда мол екендігін баса көрсетеді. Айтыс туралы кім зерттесе де оның жалпы халықтық сипат алған өнер екенін және халық өміріне біте қайнасқан шыншылдығын жоққа шығарған емес. С.Мұқанов та осындай көзқараста болды. Ол айтысты мынадай жанрлық түрлерге бөлді: “әдет-ғұрып айтысы”, “қайымдасу айтысы”, “жұмбақ айтысы”, “дін айтысы”, “ақындар айтысы” деп жіктеп бөледі. Қажым Жұмалиев болса қазақ айтыстарын “бәдік айтыс, жар-жар, мал мен адамның айтысы, өлі мен тірінің айтысы, жұмбақ айтыс, салт айтысы, қыз бен жігіттің айтысы, ру айтысы, осы күнгі айтыстар” деген топтарға бөледі. М.Жармұхамедов айтыс туралы арнаулы монографиясында айтысты “тұрмыс-салт айтысы, бәдік, жар-жар, қыз бен жігіт қайымдасулары, төрт түлік мал туралы айтыстар. Дидактикалық айтыс; ақындар айтысы, жұмбақ айтысы, ру айтысы, дін айтысы, жазба айтыс” деп жіктейді. Осы топтастыруларды ой елегінен өткізіп, зер салар болсақ, айтыстың жанрлық түрі туралы ғалымдар пікірінің әлі де ойлануды талап ететін тұстары бар екенін байқаймыз.
Айтысты жанрлық түрлерге бөлген М.Әуезов айтысты онда айтылатын өлеңнің қандай жағдайда қалай туатынына қарай көбінше дайын шумақтарға сүйенетін халықтық салтқа байланысты айтыстарды әдет-салт айтыстары деп ақындардан сурып салмалықты талап ететін айтыстарды ақындар айтысы деп бөлген. Алайда әдет- салтқа байланыссыз, бірақ бүтіндей суырып салмалықты талап етпейтін дайындап алып немесе жаттап алып айтуға да болатын және халық көбінде солай айтып келген жер-су айтысы, балық өлең айтысы, ата өлең айтысы сияқты айтыстарды атаса да оны не салт айтысқа не ақындар айтысына жатқызбаған екен, сонымен бірге әдет- салтқа байланысты болса да көбінше суырып салмалықты талап ететін халықтың жоқтау (көріс) өлеңдерінің табиғатындағы айтысқа тән белгілерді сөз етпеген. С.Мұқановтың топқа бөлуінде көбінше дайын үлгіні пайдаланатын салт айтыстарынан басқа қайым айтысы, жұмбақ айтыс, дін айтыстары да ақындар айтысынан бөлініп алынған. Мұның басты сыры қайым өлеңнің алғашқы екі жолы дайын болатынын ескеріп оны толық ақындық таланттан туатын айтыс емес деп, жұмбақ айтыс пен дін айтысын ақындар айтса да алдын ала дайындап алады деп қарағаннан болса керек. Алайда айтыстың бұл түрлерін жай ақындар ғана емес, кемелді ақындар ғана айта алатын айтыстың ең қиын түрі екенін ескерсек, оларды ақындар айтысына жатқызбау әрине әділет бола қоймас.
Айтыстың жанрлық түрлері туралы Қ. Жұмалиевтің айтыстың “бәдік”, “жар-жар”, “жұмбақ”, “салт айтысы” қатарлы түрлерін атап көрсетумен бірге ғалым “өлі мен тірінің айтысы”, “мал мен адамның айтысы”, “ру айтысы”, “осы күнгі айтыстар” деген сияқты айтыстың табиғатына жат жіктеулерді ұсынады. Осының ішіндегі өлі мен тірінің айтысы, мал мен адамның айтысы, ру айтысы деген айтыс түрлерін айтыс емес, айтыс формасын пайдаланып шығарылған драмалық шығармалар деген жөн болар. Мал мен адам, өлі мен тірі еш уақытта айтыспайды. Дәл осындай жаңсақ пікір “Біржан - Сара айтысы”, “Ырысжан мен Әсеттің айтысы” сияқты айтыс формасында жазылған дастандарға байланысты да қайталанып жүрген сияқты. М.Әуезов Біржан - Сара” айтысы бүтіндей ойдан шығарылған жоқ, ол әуелгі айтыс негізінде шыққан деп қарайды. Ол дастандарға әуелдегі айтыстың желі болған болуы да, тіпті сол алғашқы айтылған айтыс өлеңдерінің араласып жүруі де мүмкін. Дегенмен, оларды таза айтыспен қатар қоюға болмайды. Ал, “ру айтысы” деген сөзді ең алғаш қолданған С.Сейфуллин кейбір ақындар айтысында руаралық мақтаныш пен мұқату сөзге тиек болатынын көзде ұстай отырып айтқан, оның үстіне сол заманның талабы да болса керек. Мұқым ақындар айтысының ішінен қыз бен жігіт айтысын бөліп алып, айтыстың бір түрі ретінде бағалау да орнын тауып тұрған жоқ, мұнда айтысатын қыз бен жігіттің өзі әуелі ақын болуы шарт емес пе? Соңындағы осы күнгі ақындар айтысын айтыстың жанрлық түрі ретінде қарастыру да көңілге қонбайды. Олай дейтініміз, бұрынғы айтыс пен бүгінгі айтыста мағыналық жақтан парық жоқ, әзіл айтыс, жұмбақ айтыс, дін айтыс, түре айтыс, сүре айтыс осының бәрі баяғысындай күні бүгін айтыстың негізгі сипатын қалыптастырып отырады.
М.Жармұхамедовтың қыз бен жігіттің қайымдасуын ақындар айтысынан алып тұрмыс-салт айтысына қосуы да біраз нәрсені күрделендіріп жіберген. Тұрмыс-салтқа байланысты қыз бен жігіт арасында қайымдасулары болатыны рас болса да, қыз бен жігіт тек тұрмыс-салтқа байланысты ғана айтыспайды және қыз бен жігіт айтысса тек ғана қайымдасып ғана айтсуы да шарт емес. Бұл ойымыздың туралығына Жамбыл мен Айкүмістің, Ақтанберді мен Көкей қыздың, Таңжарық пен Қойдымның т. б қыз бен жігіт айтыстары және бүгінгі ақындар айтысы дәлел бола алады. Ал дидактикалық (тәлім-тәрбие) айтысы тек тұрмыс-салтқа ғана байланысты туындамайды, тіпті оны айтыстың ерекше бір түрі деп айтудың өзі қиындау. “Ру айтысы” деген жалған анықтама М.Жармұхамедов еңбегіде де кездеседі. М.Жармұхамедов еңбегінің өзіндік табысы ақындар айтысының бір түрі жазба айтыс екенін баса көрсетуі, жазба айтыста айтысушылардың саны шектелмейді негізгі айтысушы екеу болғанымен айтыс барысында екінші, үшінші ақындардың айтысқа араласып өзі жақтаған ақынның сөзін қуаттауына немесе өзі жақтамаған ақынға қарсы шабуылға өтуіне болады. Мысалы, Дәуіт ақын мен Ақыт Үлімжі ұлының жазба айтысында Ақыт Үлімжі ұлының
“Басы еді бұл Ертістің он екі өзен,
Басы еді кәпір иттің Шүршіт Ежен” –
деген сөзінен ұстаған Әсет Найманбайұлы Ақытқа:
“Әй, байқұс, Патша тең бе сеніменен,
Онанда Дәуітті сөк жөніменен.
Ақыттың ақымақтығын біліп едім,
Шығарған Жиһаншаның өлеңінен” –
деп жауап жазып айтысқа араласады. Бұл жауапты оқыған Арғынбек Апашбайұлы Әсет ақынға :
“Ойым жоқ ақыл айтбақ кімде-кімге,
Көп емес ойға тоқып білгенім де.
Әсаға орта жүздің дүлдүлі едің,
Сөзіңнің мін тұрмайтын бір жерінде.
Кәпірдің патшасының намысы үшін,
Ақыттың нұр жүрегін кірледің бе,
Сүлеймен пайғамбардың он сегіз мың ,
Ғаламды билегенін білмедің бе?”,-
деп осы айтыстағы төртінші адам болып Әсет ақынға жауап жазған дейді.
Айтысты жанрлық табиғатын тануда ең алдымен оны түрге бөліп жіктеп түсіне білу керек. Ол үшін тек қана оның формасына қаралмау керек. Онда айтыстың жанрлық табиғатын жан-жақтылы ашып беретін нақты ұстаным болуы, бұл ұстаным айтыстың ішкі заңдылығынан шығарылу керек.
Айтыстың қалай ұйымдастырылып қандай тәсілмен өтуіне қарай, “жазба айтыс”, “ауызша айтыс” деп бөлуден сырт, мазмұнына қарай: “Әзіл айтыс” (бұл көбінде түре айтыс болып келеді), “толғау айтыс” (бұл көбінде сүре айтыс түрінде келеді) деп екіге бөлуге; айтыста айтылған ойдың ауыр-жеңіл болуына қарай: “қағыспа айтыс”, “қазыспа айтыс” деп те бөлуге; Логикалық тәсіліне қарай: “ұстаспа айтыс (егеспе айтыс)”, “жарысыпа айтыс (кеңеспе айтыс)” деп бөлуге; Айтысты айтылған ойдың характеріне қарай: “жамандаспа айтысы”, “мақтаспа айтыс” деп те бөлуге; Айтысты қолданған тәсіліне қарай: “жұмбақ айтыс”, “сұрақ айтыс”, “логикалық айтыс” деп бөлуге; Формасына қарай “түре айтыс”, “сүре айтыс” деп бөлуге болады. Ақындардың жауаптасу тәсіліне қарай: “ой қуған айтыс”, “сөз қуған айтыс” немесе шарпыспа айтыс, шалқыма айтыс деп бөлуге болады. Бұлар айтыстан жанарлық түрі емес, тәсілдік түрі.
Түре айтыс (қайым айтыс түре айтыс түріне жатады) айтыстың бұл түрінде сөз қуалап айту тәсілі қолданады Нәзигүл мен Сарқыттың айтысын алсақ:
Нәзигүл: “Бас жағы ауылымның қалың бүрген,
Бүргенге әр кім барып етек түрген.
Бүргенге қарап тұрып бұл кім десем,
Баяғы қара төбет қораға үрген”.
Сарқыт: “Өлеңің өлең емес шайтан үшін,
Жүрегің май ішкендей тойтарылсын.
Болғанда мен бір төбет, сен бір қаншық,
Әр кімнің қуаланды байталысың”.
Келтірілген мысалда төбет деген сөз ұсталған, сондықтан оған қарсы мен төбет болғанда сен қаншықсың деген сөзбе сөз жауап береді. Бұл шарпысып айтысуға да тамаша мысал бола алады. Егер ой ұстаған сүре айтыс болғанда бұған сен мені хайуанға теңегенде өзің не боласың, адамды хайуанға теңеп кесапатың асып кетті, мен төбет болғанда сенің аға бауырың , күйеуің тіпті әкең не болады,- деген сияқты көптеген ойларды жаудырып жіберер еді. Түре айтыста көбінше айтысқан екі ақынның өздері туралы немесе сол майданда айтылған пікір туралы ғана сөз болады. Түре айтыстың тағы бір ерекшелігі бір кезекте тек бір пікір қозғалады. Түре айтысқа қатысатын ақындар көбінде өте ұшқыр сөзге тапқыр болуы керек. Есте болатын нәрсе айтыста тек қана сүре айтыспен айтысасың немесе түре айтыспен айтысасың деген талап қойылған емес. Сондықтан айтыстың жанрлық түрі туралы пікір қашанда шартты болады да, көбінше айтыстағы қолданатын тәсілдердің жіктелуі болып шығады.
Сүре айтыс айтыстың аса күрделі түрі, онда табиғи дарын, талантпен бірге дайындық та мол керек. Сүре айтыстың табиғатында кез келген айтыскер бұлжытпай ұстауға тиісті үш түйін болады. Олар ақын өзі туралы өз әруағын асыратын, өз сөзінің құндылығын халыққа көрсете алатын, қарсыластың құтын қашырып әруағын жасытатын уытты отты шумақтарды әр кезекте төгіп отыруы және халықтың назарын өзіне аударып жұрттың ықыласын жаулап алатын айтысқа тікелей қатысы жоқ жүрек тербетер ойларды, тамаша сөздерді де мүмкін болса әр кезекте төгілдіріп айтып отыруы керек (мұндай шумақтар екінің бірінде халыққа арнап айтылатын сөздерден тұрады). Бұл екі түйін енді бір жақтан қарсыласқа жасаған психологиялық шабуыл міндетін де атқарады. Сонымен бірге қарсыласқа тиісетін салмақты ой, ұтымды шабуылдар ұйымдастыра білуі керек. Сондықтан айтыстың мұндай түрінде бір кезектің өзінде екі не үші түрлі ой айтылады. Әріптестер бір-біріне қақпан құрып, алдын ала дайындап қойған орға жығуға итермелейді. Сүре айтысқа түсетін ақын мықты болмаса осы үш түйінді бірдей ұстап, бірдей жауап бере алмайды. Таланты орташа немесе онан төмен ақындар көбінше мұндайда тек өзіне шабуыл жасаған шумақтарына ғана жауап береді. Ал, ақын шын талант болса қарсыластың өзі туралы айтқан сөзіне де, шабуыл жасаған шумақтарына да, халықты өзіне тарту мақсатымен айтқан ойларына да талдау жасап, жауап беріп отырады.
Сүре айтыстың дайындық негізінде болатыны былай қараған кісіге айтыстың бұл түрі аса мол талантты қажет етпейтін жаттандылау құсап көрінуі мүмкін. Бірақ, зер сала қарасаңыз бұл аса қиын. Қиын болатыны мынада кез келген ақын тек өзі құратын қақпанын жақсы білгенмен қарсыласының не ойлап келгенін білу оңай емес, ол да сені қақпанға түсірсем деп келе жатыр. Оның үстіне қарсылас сенің тұзағыңа түспей кетсе тыңдаушыға сен бет алды бірдемелерді айтып отырғандай болып көрінесің. Сондықтан айтыс барысында сөз сіз оны өз тұзағыңды басатындай жолға салуың керек. Кейде қарсыласты қақпайлап әкелемін деп отырып өз тұзағыңа өзің түсіп қалатын кез болады. Құдай басқа салмасын бұл жеңілу емес онан да сорақы масқаралық. Ғалым Мәлік Ғабдуллиннің зерттеуі бойынша: «Әдебиеттік жағынан алғанда, айтыс өлеңдерін мазмұнына, тақырыбына қарай екі түрге бөлуге болады. Біріншісі – халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрып салтына байланысты туған айтыстар. Екіншісі – шын мәніндегі ақындар айтысы. Бұл соңғысы қазақ айтыстарының ең күрделісі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |