Эвристика – (гректің «heurisko» - «табамын, ашамын» деген сөзінен шыққан), әр текті әдеби ізденістердің жиынтығы.
Палеография – (гректің «palaios» - «ежелгі, көне, жазу» деген сөздерінен шыққан), жазу тарихын, сондай-ақ ежелгі жазба жәдігерлердің мәтінін, жазылу мерзімі мен дүниеге келген орнын анықтау мақсатын көздейтін тарихи-филологиялық пән.
Мәтін түсініктемесі – (латынның – «commentarius» - «ескерту, түсіндіру» деген сөзінен шыққан), әдебиет жәдігерлерінің мәтінін зерттеу, түсіндіру мәселелерімен айналысатын филологиялық жанр.
Көркем образ - өмірлік шындықты игеру мен қайтадан қорытып, жаңадан жасап шығарудың өнерге ғана тән ерекше тәсілін сипаттайтын эстетикалық категория.
Көркемдік шындық – біртұтас ой арнасына шоғырланған көркем идеялар әлемі.
Тақырып, проблематика, идея – тақырып - шығарманың заттық болмысы болып табылатын бөлшек; теңей айтсақ, болашақ құрылыстың шикізаты; проблематика – осы «шикізат» - тақырыпты біртұтас көркемдік-эстетикалық құрылымға айналдырушы; идея – автордың дүниетанымдық сипаттағы тұжырым-бағаларынан өрбитін көркемдік тұтастықты қорытындылаушы деуге болады.
Фабула – мазмұндап әңгімелеуге болатын нәрсе. Мәселен, шығармада суреттелетін оқиғаны қысқаша айтып шығу фабула болса, сюжет шығарманы оқу арқылы ғана танылады.
Сюжет - (француз тілінде «sujet» - «зат») - эпикалық және драмалық, кейде лирикалық шығармаларда қозғалыс үстінде көрінетін оқиға барысы, әрекет дамуы.
Пролог – шығармадағы негізгі сюжет дамуына өзінше кіріспе іспетті.
Эпилог – шығармада көрінген әрекет, оқиғалардың ең ақырғы шешімінің бейнеленуі.
Композиция – көркемдік түрлердің орналасуы және ара қатынасы, яғни шығарманың мазмұны мен жанрынан өрбитін туынды құрылысы.
Лирикалық шегініс – эпикалық шығарма авторының ойы мен сезімінің шығармада тікелей көрінуі.
Пейзаж – шығармада табиғат көрінісінің бейнеленуі.
Интерьер – шығарма кейіпкерлерінің тұрмыс-тіршілігіне қатысты түрлі заттар мен құрал-жабдықтардың бейнеленуі.