«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)


Көркем сөз - әдеби шығарманың образды мазмұнын бейнелейтін тілдік түр. Өлең сөз



бет8/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   43
Айтыс-УМК

Көркем сөз - әдеби шығарманың образды мазмұнын бейнелейтін тілдік түр.
Өлең сөз - өзара байланысты, әрі шамалас бөліктерге бөлшектеуге келетін жүйелі көркем сөз.
Әдеби үрдіс - әдебиеттің әлемдік, аймақтық, ұлттық көлемдегі белгілі бір кезеңін, сондай-ақ тұтастай тарихын қамтитын туу, қалыптасу және дамуынан тұратын тарихи қозғалыстағы ағымы.
Әдеби тек – объектіге немесе субъектіге қатысты танымдық бағыты мен өзінің сөздік қолданыс сипаттары типтері бойынша ұқсас келетін әдеби туындылар қатары; немесе көркемдік бейнелеу актісінің өзі.
Әдеби түр - әдеби тек аясындағы поэтикалық құрылымның тұрақты типі.
Әдеби жанр - әдеби шығарманың тарихи қалыптасқан типі.
Стиль – шығарманың тұтастығына негіз болып тұратын көркемдік пішіндердің құрылымдық ұстанымы.


ДӘРІС КОНСПЕКТІСІ


1-дәріс. АЙТЫС ӨНЕРІ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК
Мақсаты: Айтыс өнері пәні, оның салалары, айтыстың өзіндік белгілері, айтыс табиғаты туралы мәлімет беру
Сұрақтар:
1. Айтыс туралы жалпы түсінік.
2. «Айтыс» терминінің этимологиясы.
3. «Айтыс өнері», «суырыпсалма өлең» ұғымдары.
4. «Айтыс өнерінің» қалыптасу жолдары
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: айтыс, жанр, сахна, драматизм, айтыскер, ұлттық өнер, импровизация.
Дәріс мәтіні (тезис)
Айтыс халықтың ғасырдан-ғасырларға жалғасып келе жатқан асыл мұрасы.
Айтыс қазақ халқына ғана тән өрелі өнер. Біздің ұлтымыздың дархан мінезі, кең қолтықтығы, қонақжайлығы, жомарттығы – бәрі де осы айтыс өнерінде көрініс тапқан. XVIII-XIX ғасырларда екі белгілі ақын айтысқалы жатыр десе, сол маңайдағы ат тұяғы жететін жердегі ауыл азаматтары дүбірлі жыр сайысына ат терлетіп, әдейі келіп тамашалайтын болған. Жазу-сызуға үйрене қоймаған сол дәуірдегі адамдар, екі ақынның айтқан ұтымды жырларын жадында сақтап, өз еліне таратып отырған. Міне, осындай ауыздан-ауызға тараған өлең құдіреті, өнер құдіреті арқылы айтыскер белгілі ақындардың аты, атақ, даңқы күллі қазақ даласын, тіпті көршілес қырғыз, қарақалпақ сияқты елдерге де әйгілі болатын.
Атақты Көкше өңірінің дүлдүл ақыны, әнші Біржан салдың ат шалдырып Жетісудың сайраған тоты құсы ақын Сараны іздеп барып айтысуы бұл сөзімізге дәлел болса керек. Қонақжай халқымыз ауылына келген ақындардан сый-сыяпаты мен құрметін аяп қалмаған. Тіпті айлап, жылдап та қонақ қылған кездері де болып, ақынның жалынды жырын тыңдаған, өнерлі жас жеткіншектерді содан үлгі-өнеге алуға баулыған, міне солай қазақ даласындағы ақындықтың алғашқы мектебі қалыптаса түскен. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында Біржан салдың Абай ауылына саяхат жасауы, сол өңірдегі өнерге, әнге бейім жас қыз-жігіттерді Абайдың өзі жинап, сауық кештерін ұйымдастырып, Біржанның өнерін тамашалаттырып, жастарға сол өнердің нәрінен үлгі алуға баулуы оқырмандарымыздың есінде болар. Айтыскер ақындардың көрермені де, жанкүйері де, сыншысы да халық. Жыр сайысы тұсында ақындар халықтың қошеметінен шалқар шабыт алып, бойына рухани күш жинап, ескек желдей өлеңін гуілдеткен.
Жыр додасындағы бұрынғы болсын, қазіргі болсын ақындар алдымен өлеңнің «әу бисмилләсін» жалпақ жұрты, байтақ еліне арнап, содан кейін ғана ата-тегін, руын мадақтап, қарсыласына баратын дәстүр сақталған. ХІХ ғасырда өмір сүрген айтыскер ақындар өзінің туған жерін, елін, руын мадақтап айтумен бірге, еліне атағы шыққан бай мен батырды, мырза мен жомартты да үлгі тұтып, қарсыласынан басым түсуге тырысса, кеңес үкіметі билік құрған кезеңдегі ақындар одақты, партияны, коммунизмді, Ленинді жырлағаны белгілі. Бұдан біз сол қоғамдардағы өмір сүрген айтыс ақындарының үстем тап өкілдеріне бағыныштылығын байқап қана қоймай, айтыс өнерінің кең тынысына қысымның барын да аңғарамыз. Кеңестік дәуірде айтыс өнері жоғары бір сатыға жетті деп айту қиын. Әркім аузынан шығар сөзін бағып күн кешкен кеңестік жүйе тұсында айтыскер ақындар белгілі бір ауқымды, шектеулі тақырыптардың төңірегінде, облыс, аудан, колхоз, совхоздардың жетістіктері мен кемшіліктерін айтудан көп алыстай алған жоқ сияқты.
Ал ХІХ ғасырдың айтыскер ақындарының шоқтығы биік, өресі кең, өнері сан-салалы, дауысы мен тынысы кеңестік дәуірден әлде қайда реалисттік дәстүрге жақын болды. Әрине, көшпенді елде ортақ мәдени мекен жоқ. ХІХ ғасырдай кезеңде өмір сүрген ақындар бір ауылда мен ақынмын деп жатып алса, оларды ешкім де бағаламас еді, өнерін танымас еді. Тұла бойындағы тума таланты қысқан ақынның топ пен жиынды аңсап тұратыны белгілі. Егер қас жүйрікті құйрық, жалын тарап, үкілеп топты бәйгеге алып келсеңіз тынышы кеткен сияқты, ақындық та ойдағы сөзді керегіне жұмсамайынша тыным таптырмайтын дүние болса керек. Өне бойын жыр бұған ақын еркінен тыс сөз қағыстырар қарсыласын іздеген. «Ел іші - өнер кеніші» демекші ел аралап жақсы мен жайсаңдарды көріп, танып сөз үйренген, ой топшылаған.
Ақынның өнеріне риза болған халқы ат мінгізіп, шапан кигізсе, оны сұранып, тіленіп алды деп айту ағаттық. Ақын қай заманда да халық еркесі. Халықтың ақынды жақсы көруінің негізгі себептері: ақын халықтың көкейінде тұрған бірақ өзі айта алмай алмайтын сөздерін әспеттеп жеткізеді. Ақын қоғамдағы келеңсіз жайттарды келістіре сынап қана қоймай, алдағы келешектің жарқын күндеріне өз халқын жетелеп отырады. Жақсы, қонымды сөз айтқан ақынды халық ру, жүзіне қарап бөлмеген ортақ тұлғамыз деп құрметтеп, мақтан қылған. Қандай бір қоғамдық құбылыс болса да, қазақ халқының ақынсыз өмір сүрген, той жасамаған, ақынын айтыстырмаған, аталы сөзін құрметтемеген кезеңі болған емес. Әрбір дәуірдің айтыскер ақындары, қарсыласымен сайыс сөз үстінде отырғанда өзін төменшіктетуді ар санаған, қайта намысын қайрап, мен қыранмын, сұңқармын, тұлпармын деген сияқты т.б. теңеулер мен портреттер арқылы бойына рух беретін күш шақырып, әріптесінің мысын басуға тырысқан. Сол үрдіс әлі жалғасын тауып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатыр.
Қазақ тарихында айтыс өнерінің кең қанат жайып, ешкімнен жасқынбай шешіле сөйлеп, көсіле шауып дәуірлеген кезеңі 1990 жылдардың соңы ХХІ ғасырдың басы, яғни Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған кезеңі екені аян болып отыр. Осы уақыттарда айтыс өнерінің қанаты бекіп, шын жан ашырлары табылып, ақпараттық және қоғамдық қолдау тауып, жас ақындардың, белгілі жыр дүлдүлдерінің саны мен сапасы өскен тұсы.
80 жылдардың аяғы 90 жылдардың басынан қазіргі осы күнге дейін Жүрсін Ерманның ұйымдастыруымен айтыс сайысы үнемі үздіксіз өткізіліп келе жатыр.
Жаңа ғасырда жаңғырып қайта түлеген айтыс өнері белгілі мәдениет сарайлары мен театр сахналарында үлкен дайындықпен, қалталы өнер жанашырларының қолдауымен өткізіліп келе жатқаны белгілі. Айтыс болардан бұрын республикамыздың түкпір-түкпіріндегі танымал айтыскер ақындарына арнайы шақырулар жіберілсе, айтыстың ақпараттық және бұқаралық демеушілері «Хабар», «Қазақстан-1» телеарналары, «Егемен Қазақстан», «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» тағы көптеген облыстық басылымдар арқылы республика жұртшылығына айтыс өтілетіні жайлы хабар таратылуда. Жыр сайысының қозғайтын басты тақырыптары алуан түрлі. Бірде белгілі бір батырдың Қарасай, Ағыбай, Қабанбай, Кенесары сияқты тұлғаларымыздың туған жылына, елін жаудан қорғаған ерлігіне арнап өткізілсе, бірде ұлы ағартушы, ғұлама ақын-жазушыларымыздың Абайдың, Жамбылдың, Мұхтардың, Сәбиттің, Ғабиттің, т.б. сол сияқты танымал тұлғаларға, мерей тойларына орай арналып өткізіліп келе жатыр. Тек жоғарғыдағыдай тақырыптар ғана айтыскер ақындардың басын қосып отырған жоқ. Сонымен бірге де ел, жер, тәуелсіздік, ынтымақ-бірлік, татулық, тіл мәселесі, сондай-ақ қоғамдағы өзекті оқиғалар да айтыс өнерінің тақырыптық негізіне арқау болуда.
ХХІ ғасырдың басындағы айтыс өнерінің дамығаны соншалықты оған шет елдерде тұратын қандас бауырларымыз да қатысуда. Атап айтар болсақ, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғыз секілді қазақтар көп шоғырланған мемлекеттер.
Барша қазақтың қара шаңырағы Атамекен, Алтын Ордасы атанған қазақ елі шет елдегі қазақтардың ортақ мекені ғана болып отырған жоқ, рухани да тұрағы болып отырғаны көңілге жылылық ұялатады. Киелі қазақ топырағында болған айтыс сайысын «Хабар» және «Қазақстан-1» телеарналары арқылы Қазақстанда тұратын халықтар тамашалап отырған жоқ, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан сияқты шет жайлап, атамекенін аңсап жүрген қандас бауырларымыз да қызыға тамашалауда.
ХХ ғасырда әдебиет зерттеушілері мен ғалымдар қазақтың айтыс өнері туралы жалпылама зерттеулер мен тұжырымдар жасап, айтыс туралы бірнеше кітаптар шығарса, ХХІ ғасыр ақындар айтысын ғылыми тұрғыда қарап, талдап оны стилдік, әдеби, көркемдік, тілдік, сыни тұрғыдан саралаймыз дегені алдағы ғылымның жаңашылдығы болмақ. Ақындардың саны артып, сапасы да өскен мына ғасырда ел айтысты бір күндік қызық деп тамашалап жүрген жоқ, салмақты да салиқалы, соны ой айтқан ақындардың тілеушісі де тілекшісі болып жүр.
Қазіргі айтыскер ақындарымыздың дәстүрлі мектебінің іргетасы нықтап орнады десек қателеспейміз. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік танылған жыр сүлейлерін республикамыздағы ірі жоғарғы оқу орындарына топтастырған ғалым ағаларымызға ел алғысы шексіз, ал тарих бағасы жоғары болатынына сеніммен қарауымыз керек сияқты.
Тағы бір қуанарлығы айтыскер ақындардың көбі жоғарғы білімді, ел тарихы мен шежірені тарата білетіндей тұлғалар екені, бұрын болмаған жағдай. Тіпті олардың араларында Аманжол Әлтаев, Мэлс Қосымбаев, Айбек Қалиев, Балғымбек Имашев, Серікзат Дүйсенғазин сияқты ғылым кандидаттары болумен қатар, біразы белгілі университеттердің оқытушылары, болашақ ғылым иесі, жастар. Міне, ХХІ ғасырдағы тәуелсіз ел болған Қазақстан мемлекетінің айтыс ақындарының жоғарыдағыдай бағасы, айтыс өнерінің алдағы болашағын өзі-ақ айқындап тұрған тәрізді. «Асыл сөзіміз бен алтын қазынамыз» айтыс өнерінің қоғамдық деңгейде көтерілуі ұлттық рухымызды оятып қана қоймай, мәдени және әдеби, эстетикалық сезімімізді асқақтата бермек.
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде батырлар жырынан соңғы көлем жағынан көбі де, әлеуметтік шындықты терең ашу жағынан көрнектісі де “Айтыс” жанры. Ол сонау замандарда шыққан бәдік сияқты айтыстың көне түрінен өрбиді де, аяғы кеңестік дәуірдегі ақындар айтысына тіреледі. Бұл тақырып жағынан да аса кең өрісті жанр.
“Айтыстың” мағынасы осындай кең болғанымен, “айтыс” ұғымындағы сөздердің ішіндегі ең басымы - өлеңмен айтысу. Жазу әдебиетінің тарихы әріден келе жатқан, ерте мәдениеттенген елдерде (грек, рим, т.б.) “айтыс” ұшыраспайды. Тек мәдениеті ерте замандарда бой көрсеткен араб елінде айтыс үлкен орын алған. Арабта біздің “айтысқа” ұқсас өлең мен сөйлесу (мұғаллақат) бар. Бірақ зерттеушілердің сөзіне қарағанда “мұғаллақат”, көбінесе арабтың көшпелі тайпалары бедуиіндер (бәдәуи) арасында ұшырасатын көрінеді. Жазба әдебиеті ертеден келе жатқан басқа елдерде “айтыс” өнерінің бары ғылымы әлі дәлелденген жоқ. Ертеден көшпелі тұрмыс құрып келген: қазақ, түрікмен, монғол сықылды елдердің көбінде “айтыс” жанры дәстүрге айналған. Бұл жанрдың туып, өркендеуіне бас себеп – бұл елдердің сауатының аздығы, мектебінің жоқтығы болған. Мұндай елдерде ақынның күші аузына түседі, басқа жанрлар сықылды, “айтыс” жанрын да ауызша айтыс түрінде өркендетеді.
“Айтыс” – қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан жанр. Мысалға “жар-жар”, (“ау-жар”), “бәдік” айтыстарын алсақ, бұлар ерте заманда шыққанға ұқсайды. Бірақ, ескі заманда шыққан айтыстардың туған мезгілін, шығарушысын шамалау қиын, бұлар ауыздан ауызға көшіп, халық қазынасына айналып кеткен.
ХІХ ғасырға дейінгі тарихта аты мәлім айтыс ақындарын қазақ әдебиетінің тарихы әлі білмейді және білу мүмкіндігі қиын да. Себебі ХІХ ғасырға дейінгі қазақ поэзиясының қай түрін алсақ та, қағаз бетіне түскені, жазылып алынғаны жоқ. Сондықтан Сыпыра жырау, Асанқайғы секілді ертегіге айналған бірлі-жарым ақындардың ғана аты тарихта сақталған. Шынында “айтыс” жанры ақынның атына тығыз байланысты. Көшпелі қазақ тұрмысы жағдайында, жазба әдебиет болмаған кезде ақынға “ақын” деген атақ әперетін ең басты “байқау” айтыс болған. “Ақын” атағын алу үшін ол өзінің ақындық күшін көп алдында таныту керек; ал ақын болғысы келген адам өзінің ақындық қабілетін таныту үшін бұрын “ақын” деп танылған кісімен ақындығын жарыстырып, көптің сынына түседі. Егер осы жарыста отырғандардан мақұлдау тапса, оның көпшілік алдында танылғаны, ал көптің көңлі толмаса “ақын” деп танылмағаны.
“Айтыстың” бір өзгешелігі, мұнда жаттама, даяр өлең аз болады. “Айтыс” өлеңінің көбін айтысушы ақындар сол айтыс үстінде ойынан шығарады. Бұған себеп айтыстың мазмұны, тақырыбы күні бұрын белгіленбейді, айтысқа түскен екі ақын, айтысқа түсер алдында не туралы айтысатынын өздері де білмейді. “Айтыс” ең алдымен ақындардың өзара өлеңмен амандық-саулық сұрауынан ел-жұртының амандығын, жүрген жолының жайын сұраудан, содан кейін бір-бірімен танысудан басталады. Осы амандық, жөн сұрасуда бірінің аузын бірі аңдып, соқтығар, жеңер жерін іздейді. Әрине, айтысқа түсетін екі ақын да күні бұрын бір-бірінің соқтығар жерін аңдып отырады. Бірақ, кейде айтысушы ақындардың бірі қарсы жақтың ойлап отырған мақсатын аңғарып, айтыс тақырыбын басқа жаққа бұрып әкететін жағдайы да кездеседі. Мұндайда күтпеген сұрауға тез жауап бермеген кісі ақын саналмайды. Сондықтан айтысқа түсетін ақын жаттама өлеңге сүйенбей, өзін кенеттен қойылатын сұрауларға жауап беруге әзірлейді. Ақынның көпшілік алдында танылуы да осындай тапқырлығы мен өткірлігінде. Қысқасы, ақынға ақындық атақ әперетін поэзия жанры, көбінесе “айтыс”. Бұл кезге дейін бізде айтыс поэзиясы импровизацияның басы, ол ерте замандарда, тіпті эпостық жырлардан да бұрын туған дейтін пікір үстем болды. Енді біреулер айтысты ертедегі жар-жар өлеңдерінен, әдет-салт, тотемдік үлгілерден (бәдік) бастайды. Үшіншілері поэзия, фольклор атаулының басы ақын, аяғы ақын, барлық импровизация өнері айтыс ақындарынан тараған десті. Анығында алғашқы коллективтік салт өлеңдері тұсында ақын, шайыр атаулары жоқ еді. Импровизацияның үш түрлі мектебі болған: 1) жай айтушылар, 2) профессионал айтушылар (бақсы, жыраулар), 3) айтыс ақындары. Бұл негізгі үш мектептің үшеуінде де импровизация өнері басым болған. Өйткені олар жазу-сызудың жоқ кезінде туған еді.
Импровизация өнерінде синкреттік белгі бар. Оның мәнісі, ең алғаш сөз, ән-күй, би бөлінбей бірге жүрген. Кәсіпқой айтушылардың басы бақсылар (ҮІІІ-ІХ ғғ.) мен жыраулар (Х-ХҮ ғғ.) болған десек, оларда төрт түрлі өнер бірлескен. Олар: сөз импровизациясы, ән-күй импровизациясы (қобыз, домбыра), биік орындаушылық шеберлік (сахна өнері) және ел қамын жейтін үлкен ойшылдық сана.
Осы импровизация өнері кейін айтыс ақындарына өткен. Бірақ айтыс поэзиясы салт жырларынан туған лирикалық форма болғандықтан, ол жыр емес, 11 буындық қара өлең өлшеуімен айтылған. Айтыс эпостан гөрі күнделікті өмір құбылыстарына жақындау болды. Ежелгі сақ, ғұн, Түрік қағанаты дәуірлерінде айтыс поэзиясы туа қойған жоқ еді. Жыр маржаны – айтыс қазақ хандықтары ыдырап, ел арасында рубасылар билігі күшейген кезде, атап айтқанда Есен, Еспембет, Кеңгірбайлар кезінде туа бастаған. Ру намысында жүрген билер мен батырлар бұл кезде жер, жесір дауына салынып, ұсақтайды. Жеке рулар бұрынғы үлкен тайпаларға өз билерінің атын қосады. ХҮ ғасырда Ақсақ Темір империясы ұсақтап, әрбір қала сайын бір-бір хандық туған кезде, Самарқанды Шейбани хан басып алады. ХІХ ғасырда қазақ даласында туған феодалдық тозғындаудың табиғаты да сондай болды. Бір рудың аты немесе ақыны бәйге алса, құсы қасқырға түссе, ауыл ақсақалдары қайғырып, қуанысқан. Бұл мінезді Абай орынды сынаған. Міне, айтыс поэзиясының туған заманы – осы. Дәл кешегі күнге дейін көптеген айтыс ақындары ру атынан сөйлеген. Айтыс, бәйге сияқты халықтық дәстүрлерге феодалдар мен билер рулық арқау беруге тырысқан. Ал түркі тайпалары заманында өткізілген той-топыр, найза сайыстарының мазмұнында ұлыстық болып, әрбір ойын, сайыс ұлыс бірлігін сақтау, нығайту, елді брлікке баулу түрінде жүргізілген еді. Сол себепті эпостық жырлармен салыстырғанда ХІХ ғасырда туған айтыс поэзиясының тақырыбы мен мазмұны ықшамдау болды. Бірақ ежелгі импровизация өнерінің халықтық дәстүрін біздің заманымызға жеткізген – осы айтыс поэзиясы. Айтыста эпизм сарыны жоқ, бола қалса, ол бөлек-бөлек кестелер ғана. Айтыс – лирикалық форма, оның бір жағы – мадақ, бір жағы – сатира болып келеді. Кейбір ақындар өз руын, оның жуан қарын байларын мадақтаса, екінші біреулері өздерінің ақындық арынын, әйелдің бас бостандығын сөз еткен. Сатира – айтыстың феодализм сынынан туған ең мәнді жері. Бізге мадақ пен сынның ақын өнеріне құрылған, адам еркіндігін жақтаған, феодалдық салт, өмір қайшылығын көрсететін буындары аса мәнді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет