«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)



бет22/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   43
Айтыс-УМК

Сыр сүлейлерінің жазба айтысы


Ежелгі Тұран ойпаты мен оғыз-қыпшақ ұлысы мәдениетінен саға тартқан Сыр бойы мұралары қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Қазақтың жыраулық өнері мен Қорқыт сарынын үндестіре, ғасырлар бойы жалғап келе жатқан Сыр сүлейлері деп аталатын топтың рухани өмірімізде өзіндік биіктікпен көрінуі тектен текке болмаса керек.
Қазақ әдебиетінің тарихына көз жіберсек, ғасырлар бойы этностық, генетикалық өзгерістерге ұшырауы да ұлтымыздың әдеби, мәдени өмірін байыта түскені анық. Мысалы, Қорқыт баба мұраларын кешегі оғыз-қыпшақ дәуірінің алтын бейнесі деп қана танымай, бүгінгі Сыр бойы жыраулық, һәм шайырлық болмысының басты белгісі, дәлелі деп танығандығымыз жөн. Қорқытты мифтік сипаттан арылтып қазақ әдебиеті мен ұлттық болмысқа ғылыми негіздеу керектігі де бүгінгі түркі тілдес халықтардың тартысының ақ-қарасын аша түсудің бірден- бір жолы болар еді. Әңгіме Сыр сүлейлерінің мұралары жайлы болғандықтан, сөзіміздің басын сонау оғыз-қыпшақ ұлысының алып ұзаны Қорқыт бабадан бастауымыздың да жөні жоқ емес. Қорқыт өз заманында асқан қобызшы ғана емес, сол дәуірдің ақылгөй абызы, ел басына күн туғанда араша түсер батыры да болғандығы оның «жырау» болмысының ең көрнекті өкілі екендігін дәлелелдей түссе керек. Ендеше, Сыр бойында «жыршы» сөзінен гөрі «жырау» атауын көп қолданып, «жырауды» жай ғана орындаушы деп емес, нағыз әдебиеттің өкілі деп танитындығының дәлелі Қорқыт болмысында жатыр деп білеміз.
Ислам дінінің келуімен (ҮІІІ ғ) Орта Азияға жеткен жазу- сызу мәдениетінің де айтулы ошақтарының бірі Сыр бойы болғандығын ескерсек, Сыр сүлейлерінің шығармашылығы Қорқыт сарынымен үндесе, діни сауаттылығымен көркейе түскендігін көреміз. Алдымен, «сүлей» сөзінің түп-төркініне үңілсек, Сыр сүлейлері деп аталатын топтың бағыт-бағдары да айқындала түсері хақ. «Сүлей» сөзі арабтың «салауи» сөзінен шықса керек. Ол орысша «природный оратор» мағынасын білдірсе («Арабско-русский словарь», қазақша «тума талант» не «шешен» мағынасындағы «сүлей» сөзінің туғандығы анық. Ал, «шайыр» сөзінің де арабтың «ша-ара», көпше түрде «ша-ир» орысша «сочинять стихи», «чувствовать», қазақша «шайыр»-«ақын» мағнасында қалыптасқандығын байқаймыз. «Сүлей» деп тек Сыр бойы шығармашыл тобының танылуы олардың мұраларының мазмұнында жатыр деп айтуға толық негіз бола алады.
Қазақ әдебиеті ХҮІІІ –ХІХ ғасырларда екі бағытта: 1. Европалық әдебиет негізінде, 2. Шығыс үлгісінде дамыды деп жүрміз. Европалық, яғни жаңаша үлгідегі әдебиетті Шоқан, Абай, Ыбырай, Мағжан, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт есімдерімен айшықтасақ, шығыс үлгісіндегі әдебиет Сыр сүлейлерінің үлесіне көбірек тиеді. Оған Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939), Шораяқтың Омары (1878-1924), Керейіт Даңмұрын, Кете Жүсіп Ешниязов (1871-1927), Қаңлы Жүсіп Кәдірбергенұлы (1873-1923), Қарасақал Ерімбет (1844-1916), т.б. Сыр сүлейлерінің шығармашылығы дәлел.
Сыр бойы ақындарының шығармашылығы шығыстық сарындағы дастан, толғау, терме, насихат, сондай-ақ, нәзира - аудармаларға да бай, әрі көркемдік дәрежесі жоғары туындыларға кенде емес. Десек те, Сыр сүлейлерінің ең бел шеше араласқаны да, шығыстық үлгідегі болмысын танытқан жері де жазба айтыс төңірегінде екені даусыз. Оның айғағы- 8 жылға созылған Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Нақып қожа арасындағы жазба айтыс, Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омарының жұмбақ айтысы, Шәкей сал мен жеті ақын, Алты ақынның өмір туралы айтысы, Ырысты қыз бен он алты ақынның айтыстары т.б. Импровизацияның зор қуатынан туындайтын айтыс өнеріне сауаты бар, мүсылманша хат танитын ақындар жазба түрде ат салысады. Әсіресе, ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында Сыр сүлейлерінің үзбей ат салысқан және көп шұғылданған жанры осы-жазба айтыс. Атасы-ауызекі айтыс болғанмен, жазба айтыстың талап-тілектері күрделене түседі. Көпті күлдіріп, не күңірентіп айтар сөзден гөрі, күл астындағы қоламтадай қызуы ұзақ қаритын, қорғасындай салмақты сөздерді шақтап, ширатып, дәлдеп жазып, жүйелі ой айтатын, сауатты ақынға топқа түсіп гулегеннен гөрі көлеңкеде отырып, көп ойланып, көрікті ойды келісті сөзбен өрнектеген қолайлырақ қой. Ендеше, ол ақын хат арқылы додаға түседі. Әсіресе, Сыр сүлейлерінің шығыс мотивінің дәстүрлі жаңартушылығымен қатар әдебиетті өркендетуін, ескіше хат танып, жазу-сызуды өмірге жетік пайдаланғанынан көреміз. Тіпті, Сыр шайырларының ауызекі айтылған мұраларынан гөрі жазба нұсқалары көбірек сақталғанға ұқсайды. Кәдімгі суырып салма айтыстардағыдай сатира жағы басым болғанмен, кейбір жазба айтыстар уәж айту мәселесіне келгенде ұзағырақ толғайды. Көбінесе айтыс екі ақын арасындағы кикілжің- реніштен туындайды да, әрі қарай сол руды елдік көлемге ұлғайта түседі. Кейбір жазба айтыстардың негізі жұмбақ шешісуден басталады. Жазба айтыстың тағы үлкен ерекшелігі бұған екі емес, бірнеше ақын араласып, айтыса алады. Айтыстың тууына: 1. Ел ішіндегі әңгіме сөз; 2. Ақындар арасындағы кейбір қарым-қатынас; 3. Жұмбақ шешісу; т.б. себепші бола алады.
Жазбаша айтысқанда екі немесе бірнеше ақын арасында «Хат тасушы» адамның да түртпек болатыны бар.
Жазба айтыс - өнер жарысы. Сыр сүлейлерінің жазба айтысын мазмұны мен стиліне қарай бірнеше топқа бөлеміз: 1. Жұмбақ айтыстар; 2. Мысал айтыстар; 3. Дастан айтыс; 4.Көңіл қос айту.
Жұмбақ айтыстар мен мысал айтыстарды талдап жатпай-ақ, көзіміз де, көңіліміз де үйренген ауызекі айтыстарда кездеспейтін дастан айтыс пен көңіл қос айтуды саралағанымыз түсінікті болар деп ойлаймын. Әдетте, қазақ салтында қайтыс болған кісіні жоқтау мен көңіл айту салты бар. Сыр сүлейлері осы көңіл қос айтудың (дұрысы-жазу) жазбаша түрде небір үлгісін дамытып, ол Сыр бойы әдеби өміріндегі шығармашылық процестің бірі саналады. Олай деуімізге көңіл қос айту мен жоқтау арасындағы ерекшелік (бұл жайында келесі мақалада тоқталамыз) негіз бола алады. Бұл «Шәкей сал мен алты ақын» айтысындағы Керейіт Даңмұрын қайтыс болғанда Кете Жүсіптің жазған көңіл қосынан көрінеді. Көңіл қос айтудың сүбелі өнер додасына қатысуға, талап шыңдауға баспалдақ болатын жағдайы да бар. Ал, дастан айтыстардың негізгі классикалық үлгісі деп Әріп Тәңірбергенов шығарған «Біржан-Сара» айтысын атайтын болсақ, бұл дәстүрдің Сыр бойы мұраларында орын алуын Сыр сүлейлерінің тәлімін көрген Разақ ақын (1922-1978) шығармашылығынан көреміз. Разақ Мыңжановтың көлемі 2000 жолдай «Қапиза» дастаны 1951-52 жылдарда жазылса, 2000 жылы жарыққа шықты. «Қапиза» дастан айтысының кәдімгі жазба айтыстан мынадай ерекшеліктері бар: 1. Дастан-айтысты бір ақын шығара алады. Бұл ретте ақын белгілі бір дастанды жырлаушы жырау кейіптес. Айырмашылығы- ақын ойдан жазып шығарады, жырау дайын сюжетті жаттап, қажет жеріне өзі ойдан қосып отырады. 2. «Қапиза» айтыс-дастанында жазба айтыстардағыдай бірнеше ақын, төреші қатыспайды. Автордың қалай толғанса да өз еркі. 3. Шығарманың басталуы жазба айтыстардағыдай тұтқиылдан емес, әуелі кіріспе-түсіндірмеден басталады. Олай болмаған жағдайда шығарма түсініксіз болуы ықтимал.
Ал, жазба айтысқа ұқсас жақтары:1.Жазба айтыстар секілді дастан-айтыс та хат арқылы берілген; 2. Дастан-айтысқа қатысушылар қиял, шеберлік, білім жарыстарына түсе алған. Сыр сүлейлері жазбаша айтысу кезінде бір ғана сөз таластырып, жеңуді мақсат тұтпай, ақындық болмысты танытып, тәлім тәрбие негізінде, өмір, дүниетаным, білім, қиял, адамгершілік тақырыптарын көп жырлайды, ой таластырады. Сол арқылы жұртшылықты білімге, адамгершілікке шақырады. Айтысушы ақындардың шектен шығып, сөз қуып, дауға ұрынған жағдайларына араша түсіп, өлеңмен төрелік айтудың да үлкен мәдениетін, үлгісін қалыптастырған. Жалпы, Сыр сүлейлерінің жазба айтысы ұлттық менталитетіміздің нағыз бейнесін тануға мүмкіндік беретін әдеби көркем мұралар санатына жатады деуге әбден лайық. Өкіндіретіні, ХХ ғасыр басында дүниеден өткен Сыр сүлейлерінен кейін жазба айтыстың дамымай, тіпті, жоғалтып алғанымыз. Қазіргі таңда қатары көбейген ауызекі айтыс ақындарының өресі мен өлеңі жұртшылық тарапынан аз сынға ұшырап жүрген жоқ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет