«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)


Ертіс бойы ақындары: Иса, Нұрлыбек, Сапарғали, Тәңірберген, Қалиқан



бет21/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   43
Айтыс-УМК

Ертіс бойы ақындары: Иса, Нұрлыбек, Сапарғали, Тәңірберген, Қалиқан.

  • Торғай өңіріндегі айтыскерлер.

  • Шығыс Қазақстан өңіріндегі қазіргі айтыстар
  • Сыр сүлейлерінің жазба айтысы.


  • Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі қазіргі жазба айтыстар.

    Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: әдіс, стиль, өңір, финал, сахара, сахна, ақындық өнер.
    Дәріс мәтіні (тезис)
    Біз сөз еткелі отырған қазақ сахарасының өнерге бай өлкесінің бірі – ерке Ертістің бойы, бір жағы – қарт Қалба, Аякөз, екінші шеті – шежірелі қарт Шыңғыс, Абыралы атырабындағы айтыс өнерінің өзіндік даму тарихы бар. Табан астында өлең тауып, қарсыласын ұтымды сөзбен сүріндіру сияқты поэтикалық дарындылықтың ұрпақтан ұрпаққа ата қаны, ана сүтімен үзілмей жалғасуы – тарихта некен-саяқ кездесетін құбылыс.
    Нар дауысты Нарынбайдан бастау алатын бір ұрпақтан тараған он жеті ақын, кейінгіге “Дүт” атанған қасиетті ұрпақ ретінде белгілі. Байыпты сөздің иесі Байғара, асыл сөзді Ақтайлақ, Жетісудың Құлманбет бастатқан ақындарын аузына қаратқан Байқошқарұлы Түбек, он жеті ақын толастата алмаған әйгілі Жанақты сөзбен тежеген Сабырбай, Абаймен сөз қағыстырған, Сабырбайдың ақын қызы Қуандық, Қуандықтан туған Төлеу Көбдікұлы деп тізіле беретін тектілік атаулысы бір ғана ұрпақтың еншісінде. Бұл – Ертіс өңірі, Семей топырағындағы сөз құдіретінің атадан балаға үзілмей жалғасқан үрдісінің таңғажайып үлгісі.
    Осы өңірдегі айтыстың дамуына Абай әсері ерекше болды. Көзі тірісінде-ақ атағы алыс-жақынды шарпыған Абайдың ықпалы алдымен өз маңындағы ақындарға ерекше әсер етті. Айтыс өнеріне өзіндік үлес қосқан бұл өңірдегі әрбір ақын Абайдың ақындық дәстүрінен нәр алған, тіпті көбі ұлы ақын мектебінің шәкірттері-тін. Әсет, Әріп, Көкбай ақындардың айтыстары көбіне Абай алдында өткен.
    Ұлы ақынның өзі айтысқа арнайы бет бұрмаған. Дегенмен, табан астында тауып айту – Абайдың жас кезінен қалыптасқан қасиеті. Осы тұрғыда М.Әуезов былай дейді: “Ол үлкен-кішінің ұтымды, шешен жауап айтқанын тәуір бағалап, дау, талас, тартыс, егесте өзі де сондайды айтып қалуды машық етеді. Бұны ылғи жай сөз түрінде айтпай, кейде өлеңмен де айтып жіберетін болады... Өлеңді, суырып салма айтысты Абай ойында да, шынында да көп қолданып жүрген...” .
    Абайдың ақындық мектебінің қос шәкірті – Көкбай мен Әріп ұстаз алдында талай сөз сайысына түсіп, Абай оларға төрелік айтқан шақтары да аз емес. Ұлы ақынмен 25 жыл жұбын жазбай жолдас болған Көкбай Әріппен бір айтысында:
    Семейге Абай келсе, күнде думан,
    Ән салып, босамаймыз айғай шудан.
    Бас қосу, бақталасу, мәжіліс құру
    Секілді бір ғылымның жолын қуған, -
    деп Абай тағылымын тілге тиек етеді.
    Уақыт өткен сайын Абай әсері бүкіл әдебиетке оң ықпал еткені даусыз. Айтыс өнеріне ебі бар ел ақындары ұлы Абайды арқа тұтты, оның есімін қарсыласының алдында қалқан ете сөйледі. Нұрлыбек пен айтысқан Маясар:
    Ардақты Абай сынды ұл туғызған,
    Ел едің әдебіңе бас ұрғызған.
    Келелі жиын-топқа ақыл айтып,
    Қазақты қатарыңа тік тұрғызған, -
    деп қасиетті елден шыққан Нұрлыбекке салмақ сала сөйлейді. Нұрлықбек жауабында ұлы ақынды арқалана:
    Кім жетер ой теңізі Абайыма,
    Бәйтерек құлаш жайған маңайына.
    Салса да бір бұтағын салмақ болар
    Ақынның аты әйгілі талайына
    Өрбіген осы өреннің ұрпағымын
    Самғамай шаршы топта қалайын ба, -
    деп шабытын шақырады. Айтыс саңлағы Сапарғали Әлімбетұлының: “Жастайымнан тәңірдей құрметтеп оқығаным Абай болды, онан соң мені Әріп ақындыққа баулып тәрбиеледі”, - деген сөздерінен Абай дәстүрінің ақыннан ақынға жалғасып жатқан рухани сабақтастығы аңғарылады. Абай дәстүрі барлық ақынға үлкен ықпал етті. Әсіресе, Абай елінің ақындары – жер-жердің намысы үшін сөз жарыстыратын айтыскерлер ұлы ақынды пір тұтып, меншіктей сөйледі.
    Ұлы ақынның дәстүрін берік ұстанған, Абайдың ақын шәкірттерін ұстаз тұтқан Иса Байзақұлы, Нұрлыбек Баймұратұлы, Сапарғали мен Тәңірберген, Төлеу ақын, ел тәуелсіздігін көзімен көрген Шәкір Әбенұлы мен Қалиқандар – қазақ айтысының тарихында өзіндік орны бар, дара тұлғалар.
    Суырып салмалық өнер – айтыстың негізгі қасиеті десек те, бұл өнер сан алуан даму, өсу, өзгеру нәтижесінде жазбаша үлгіде де көрініс бере бастады. Әсіресе, кейінгі кеңестік кезеңдегі айтыс ақындарының көбі жазба әдебиеттің өкілдері. Сөз жоқ, кеңестік кезеңде айтыс табиғи қалпынан, еркіндігінен айырылды, жаттанды тақырыптар шеңберіне құрсауланды. Алайда ұлы өнер мүлде тұншығып қалған жоқ.
    “Кеңес кезіндегі айтыстар дәуір талабына сәйкес табиғи бітім-тұлғасы жағынан өзгеріп, жаңа мазмұн, тың сипатқа ие болды”, - дейді айтыс өлеңдерін зерттеуші М.Жармұхамедұлы.
    Ертіс бойы ақындарының ішінде өзгелерден оқ бойы озық тұрған – Иса Байзақұлы есімі. Иса – суырып салмалық пен жазбаша өнерді қатар меңгерген сөзі кесек, ойы ұшқыр, білімі мол ақын. Ол айтысқа әдейлеп бет бұрмаған. Жазбашасына қарағанда суырып салма өнері басым. Табан астында көлемді дастанды көрерменнің алдында жыр еткен Исаның ақындық қуаты орасан зор болған. М.Дүйсенов былай дейді: “Иса Байзақов теңдесі жоқ суырып салма ақын болғанда, онымен айтысқа түсетін жүйріктер табыла бермеген”. М.Әуезов Исаның суырып салмалық өнерін аса жоғары бағалап, 1922 жылы айтысқан Семейдің екі ақыны – Байзақов Иса мен Баймұратов Нұрлыбектің айтысына ерекше мән берді: “Екеуіңнің айтысындағы жаңалық – бұрынғы айтыстардай ру таласы жоқ. Оның орнына қала мен ауыл жайларын бұлар тың тақырып етіп алады.
    Айтайын, ақын Жақам, сөз берген соң,
    Ерленіп ел салты үшін кез келген соң,
    Әйгілі халық сүйген кәрі қыран
    Сөз тастап сөйлеуіме жол берген соң, -
    деп сөз тетігін ағытқан Иса қарсыласының еліндегі кем-кетікті алақанға салғандай тізіп береді. Жоғарыда Исамен сөз жарыстырған, Ертіс бойының ірі айтыскері – Нұрлыбек Баймұратұлының айтыстарына келсек бұл туралы Қалиқан Алтынбайұлы:
    Ұстазым – Төлеу, Нұрлыбек,
    Тәңірберген қаракөк,
    Тоқсан асқан Шәкір бар,
    Шынжыр балақ, асыл тек, -
    деп Нұрлыбекті өзіне ұстаз тұтқан. Нұрлыбек жасынан айтысқа араласып Нартай, Маясар, Төлеу сынды жыр жүйріктерімен сөз жарыстырған. 1939 жылы Алматыда өткен ақындар айтысындағы Нұрлыбек пен Нартайдың жекпе-жегі жайында М.Әуезов былай дейді: “Бұл екеуінің өнер жарысына жырмен басшылық етуші, төрелік айтушы қарт ақын Нұрпейіс болды. Айтысушы екі ақын жалынды, көркем жырларды суырыпсалма өлеңмен қалың жұртшылық алдында тудырып жарысты. Еңбек жемісін айту ретінде Нартай мен Нұрлыбек өздерінің облыстары - Семей мен Қызылорда облыстарын салыстырып та сөйледі. Бірі Шалқар өзен Ертістен, екіншісі Сырдан шыққан ақындар. Социалистік дәуірде жаңғырып, көркейген табиғат көріністерін де, ел тірлігін де айтыстың кең, жарқын тақырыбы етіп алды”. Бұл пікір сол кездегі қисынды деген айтыстың тақырыбын ашып, әділ бағасын беріп тұр. Сол жолғы Нұрлыбек пен Нартайдың айтысы кейінгі ақындарға бағыт бола білді, көпке дейін жыр сүйер жұрттың аузында жүрді. Соғыстың ауыр жылдарында елдің жүдеген жанын жұбатып, жігеріне рух беру мақсатында 1943 жылы әлеуметтік мәні зор айтыс ұйымдастырылды. Айтыс қарсаңында баспасөзде “Қайдасың Нұрлыбек пен Нартай ақын” деген тақырыппен Қарағанды ақындарының өлең-арнауы жарияланғаны бар:
    ... Майданда күн туғанда марқаятын,
    Құлшынып ұрандамас қандай ақын.
    Белінен Сарыарқаның дабыл қақтың
    Қайдасың Нұрлыбек пен Нартай ақын?
    делінген сонда.
    Ертіс өңіріндегі айтыс өнерін сөз еткенде назарға ілінетін Тәңірберген мен Шәкір ақындар. Шәкір Әбенұлы - ақындық өнердің барлық қасиетін бойына жиған ерекше дарын иесі. Абайдың сыншыл поэзиясынан нәр алған Шәкір шығармалары шыншылдығымен, турашылдығымен құнды. Шақпа тілді атанған Шәкірдің бізге жеткен айтыс-қағыстарынан осы бір өткірлікті байқауға болады.
    Ертіс өңірі оның ішінде Семей – Көкпекті жерінің тумасы Қалиқан Алтынбайұлының есімі қазақ айтысының төрінен орын алатыны әркімге аян. Қалиқан, алдымен, кеңестік кезеңдегі белгілі бір кестеге құрылған құрғақ, ұраншыл айтыстың бойына қан жүгіртті, шынайы тартыс пен шалқыған шабыт әкелді.
    Ұлттық өнерімізге қырындау қараған кезеңде айтыстың болмыс-бітіміне нұсқан келтірмей бүгінге табыстап кеткен асыл ағалардың аманаты қазіргі шақта шабыттана өрге басуда. Кешегі Ақтайлақ пен Сабырбай, Иса мен Қалиқан ақындардың орнын бүгінде керекулік Серік Құсанбаев, өскемендік Құралай Әлкенбаева, семейлік жас жүйрік – Рустем Қайыртаевтар жалғауда. Қойнауы өнер мен өлеңге толы Ертіс өңірінде айтыс өнерінің бар екендігін ғана емес, нар екендігін мойындата алар осындай жалынды жастар барда кешегі Иса мен Нұрлыбектің, Сапарғали мен Қалиқандардың есімі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермегі ләзім.


    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   43




    ©dereksiz.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет