Мақсаты: Айтыс өнері психологиясының негізгі ерекшеліктері, айтыс мәдениеті, айтыстағы юмор мен сатира, әзіл мен сын туралы түсінік беру.
Сұрақтар:
Айтыс өнері – қарым-қатынас құралы.
«Әу-жар» айтысындағы сатира.
Айтыс өнерінің психологиясы.
Айтыс өнерінің қалжыңның ерекшеліктері.
Ақынның мәдениеті.
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: психологиялық ситуация, әужар, трафарет, юмор, сатира, форма, диалог.
Дәріс мәтіні (тезис)
Юморлық, сатиралық негізде, әзіл-сықақтық желіде құрылатын айтыстың көне үлгілерінің бірі – “Әу-жар”. “Әужар” – айтыстың ескі замандардан бері бір қалыпты өзгермей трафарет ретінде жеткен ең көне түрі болып саналады. Бәдіктен айырмашылығы діни наным-сенімдерден емес, қазақтың әдет-ғұрпына, салт-санасына байланысты туған. Бұл – қыз ұзатылар тойда айтылатын өлең. Той тарқар кезде бозбалалар келіп, ұзатылар қызға басу айтып, көңілін көтеру ниетінде өлең сөзбен қоштасады.
Жігіттер:
Қара насар, замандас, қара насар, жар-жар-ау,
Қара мақпал сәукеле шашың басар, жар-жар-ау,
Мұнда әкем қалды деп қам жемеңіз, жар-жар-ау,
Жақсы болса қайынатаң орнын басар, жар-жар-ау.
Қыз:
Есік алды қара су майдан болсын, ай-ау,
Ақ жүзіңді көргендей айнаң болсын, ай-ау,
Қайынатасы бар дейді бозбалалар, ай-ау,
Айналайын әкемдей қайдан болсын, ай-ау! –
деп басталып, жігіттер де, қалыңдық та қайын жұрты мен өз туыстарын бір-бір ауыз өлеңмен атап шығады. Әр шумақтың басында қайталанып келетін жолдардан да, бір үлгіде айтылатын өлең пішінінен де жар-жардың көбіне жаттама өлеңдер болып келетіні аңғарылады.
“Әу-жар” – қалыңдық пен ауыл жігіттерінің айтыс формасында сөз қағысуы, базыналасуы тәрізді. Ал шын мазмұнына үңілсек, бір ауылда бірге өсіп, тай құлындай тебіскен қыз-бозбалалардың бір-бірімен қоштасуы. Бөтен елге кетіп бара жатқан қызға ауыл жігіттерінің онда да қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайынбике, қайынсіңлілер өз туысыңнан кем болмайды деп, үйренерсің деп жұбату айтуы. Қалыңдық болса, қанша жақсы болғанмен, бірге туған бауырлардан ешкім артық болмайтынын айтып, “бірге тумақ болғанмен, бірге өлмек жоқ” екеніне амалсыз көніп, тағдырына өкпе назын білдіреді. Көп ретте қыз болып жаралғанына налып, жат жерлік болғанына ренішін айтады.
Қыз:
Әке менен шешенің мейірі қатты, ай-ау,
Өз баласын қызығып малға сатты, ай-ау,
Байлап беріп жат жерге танымаған, ай-ау,
Жетім бала құсатып жаутаңдатты, ай-ау!
Жігіттер:
Буынғаным беліме кісем бе еді, жар-жар-ау,
Бекем бусам белімнен түсер ме еді, жар-жар-ау,
Әкең барып шешеңді ап келмесе, жар-жар-ау,
Мұндай азап басыңа түсер ме еді, жар-жар-ау!
Қыз:
Бұл дүниеде бар ма екен қыздан байқұс, ай-ау,
Ала бөтен өзгеден тиген қарғыс, ай-ау,
Бұралқы иттей әркімге ілеседі, ай-ау,
Жиырма қыз бергенше ұл бер жалғыз, ай-ау!
“Әу-жар” айтысы екі түрлі болуы мүмкін. Бірі – ұзатылар қыздың ауыл бозбалаларымен қоштасып сөз жарыстыруы, екіншісі – қызды алуға келген күйеу жігіттің жолдастары мен қалыңдық тобының қағысуы. Мұндағы басты ерекшелік бірі - қимастық, сағыныш сарынында болса, екіншісі - жұбату, ақыл-кеңес түрінде келеді. Бірақ, барлық жар-жар айтысының үлгілерінде адамзат баласының екі жікке бөлінетінін аңғарамыз. М.Әуезов бұл туралы: “Адам баласының екі ру болған қауымының бұл жерде екіге бөлінген жігі ашылады. Соның белгісі көрінеді. Жаңа өмірге кіретін жас әйел, жаңа өмірге кіретін жігіт өздері шыққан екі топтың пікірін, сырын сөйлейді. Еркектер тобы әйелге жалпы адам баласының қауымынан әйелдің не міндет, не мақсатпен жаралғанынан айтады, - дей келе. - Әрине, әйелдер қауымы да өз басының арман-мұңын тілегін айтады. Олардың да арманы, тілегі, шынайы сезімі ескерілмеуге тиіс емес. Себебі туған жерін қимайтын, туған-туыстарын, құрбы-құрдастарын, ең бастысы еркелетіп бұла өсірген балалық бал дәуренін қимайтын көңілін айтуды жалпы қауым дұрыс қабылдайды. Жастық шақтың силастық сезімі қимастық көңілге, соңы базарын таусылмайтын тауқыметке айырбастаған сағынышқа айналуы заңды да. Сондықтан да жар-жар өлеңдері қыздың тойын қызық қылу үшін, жиналған жұртты күлдіру үшін ғана айтылатын өлеңдер емес, бұлардың әрқайсысында арнаулы терең мағына бар, көздейтін арнаулы сұлу мақсат бар”, - деген тұжырым жасайды.
Қыз:
Қара суды жағалай қаз барады,
Анасынан жат жерге қыз барады.
Қара суға қан құйсаң – ағар, кетер,
Жат кісіге қыз берсең – алар кетер.
Қыз бала қинала отырып өмірдің мәнін осындай байламдармен түйіп тастайды. Зарлана өлең айтқан қалыңдықтың әрбір сөзі маңындағы құрбыларымен бірге туыс-туғандарын да мұңайтады. Тегінде сұлу қыздарды ақсұңқарға, лашынға, қарлығашқа үні әсем әнші аруларды сандуғашқа немесе бұлбұлға теңеп жатады. Ал аққу болса, сұлулық бейнесі, махаббат символы. Қыз бала мұңданып отырып ата-салтын аттай алмай кетіп бара жатып наразылығын білдіріп жатады:
Аққу көнбес ешкімнің байлауына,
Қайтар ән сап ақ сұлу жайлауына
Қыздан сорлы бар ма екен, тәңірім-ай,
Әкесінің кетеді айдауына.
Бір ескеретініміз, әзіл-қалжың, бұл айтыс үлгілерінде көбіне жігіттер жағына тән болады. Олар қалыңдықты жұбатып отырып, құрғақ ақыл-насихаттан гөрі көңіл сергітетін өлеңдерді юморлық негізде құруға талпынады. Үлкен тойдағы мұң-қайғының бұлтын серпіп, жел сөзбен желпіндіріп тастауды мақсат тұтады. Ал, қыздар жағында сөз сатирамен сапталып, күлкіден гөрі кекесін, әзілден гөрі әжуә, мысалдан гөрі мысқыл басым түсіп жатады. Күле қалса ықыласпен емес ызадан күледі. Мысалы:
Уылжымай ақша бет қуарсайшы,
Мөлдіреген екі көз суалсайшы, -
деген қыз сөзі, қыз тілегі адамзаттың арманына қайшы келеді. Яғни бүкіл адам баласы мәңгілікті аңсап аласұрса, кәріліктің емін таба алмай шарқ ұрса, қалыңдық бұдан бас тартады. Бұл – ирониялық парадокс. Құдайдан жылап сұрайтын шын тілек емес, өзін-өзі қарғау. Еркекті есінен айырып өзіне ынтық қылған бет қызылына, көркіне, жасын шашып жарқылдаған жанарына, мөлдіреген екі айнасына тезірек солу, қуару тілеген қыз талайына наразылығын ирония арқылы білдіріп отыр.
“Әу-жардың” жалпы мазмұны бір сарында болғанмен, әр жерде, әр аймақта алуан түрлі үлгілері кездеседі. Кейде ақын жігіттер жар-жардың ел аузында бұрыннан жүрген жаттанды үлгілеріне үзінділер қосады. Кейде суырыпсалмалық өнері бар жігіттер де, қалыңдық та өз жанынан қолма-қол шығарып, тыңдаушы жұртшылықты бірде өздерінің ұнамды, жарасымды әзілдерімен көңілдендіріп, сергіте түссе, енді бірде, көз алдына жас алдырып мұңайтатыны болады. Мұндай өлеңдер ауылдардағы кейбір өнерлі сері жігіттер мен бойжеткен қыздар арасындағы әр түрлі жағдайға байланысты айтылмай, сыртқа шықпай кетіп бара жатқан жүректің мұңлы лүпілі тәрізді. Қалыңдық баратын жеріне, болашақ күйеуіне көңілі толмаса, ата-анасына, ел-жұртына жар-жар айту сылтауымен өзінің наразылығын білдіріп отырса да, бұл ешқашан есепке алынбайды.
“Әу-жарды” айтудың өзіндік жолы, айтылатын мезгілі және айту тәртібі болады. Тегінде жар-жарды бір жігіт қана бастайды да, қалған жігіттер керек жерінде қосылады. Оған жауап ретінде қалыңдық өлең бастайды да құрбылары қайырмасында қосылады.
Жалпы, “Әу-жар” ұзатылу тойында айтылып, еш діни сенімге негізделмейтін, қазақтың ежелгі салт-дәстүрімен болатын өлең сайысы. Әйтсе де, кейбір “әу-жар” айтысының үлгілері діни сипатта болып келетіні байқалады. Мұндай үлгілерде тағдыр, талай, Тәңір, жазмыш деген діни ұғымдармен бірге, “Жалғыздық бір құдайға жарасады”, “Бидайдың барар жері диірмен”, “Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған”, “Қыз – жат жұрттық” деген секілді мақал-мәтелдер кездесіп қалады. Діни белгілері басым айтыс үлгілерінің мазмұны төмендегідей қалыңдыққа құтты болсын айтумен басталатын болып келеді:
Жігіт:
Бисмилла, деп бастайық аужар басын,
Ұзақ қой деп жүруші ем өмір басын.
Біразырақ көңілді көтерейік,
Кетер болсаң шынымен қарындасым.
Елің жұртың жылайды сені қимай,
Көздің жасын бұлайды көңлін тыймай.
Қарындасым жылама бұл мирасқа,
Кеткен жұмыс емес қой елге сыймай.
Қарындасым, жылама, бұл мирасым,
Пайғамбар да ұзатқан Фатимасын.
Байқап отырғанымыздай айтысушы жігіт діни сауаты бар білімді, иманды жан болуы керек. Ауылдың қу тілді әзілқой бозбалалары “Әкең барып шешеңді әкелмесе, мұндай азап басыңа түсер ме еді?” – деп қағыта сөйлесе, діни сауаты бар жігіттер қызды құр сөзбен жұбатпай пайғамбарды мысалға алып, Алланың парызы мен пайғамбар сүннетіне мойынсұнуды, солардан үлгі алуды насихаттайды. Әке әмірі қатты болғанмен ол да қызын жатқа қимайды. Қыз мұраты – кету болған соң, Расул да ең сүйікті Фатимасын ұзатты дегенді айтады. “Пайғамбар да күйеу баласын силаған” деген мәтелдің бір мәні, бір ұшығы осында жатқанын ишаралайды.
“Әке-шешем жылатып малға сатты” деп зарланған қызға жігіт:
Тағдыр жазды осылай
Сізді жатқа бұйырып,
Амалсыз берді ата-анаң
Балам-ай, деп күйініп.
Әдепті бол, қарағым
Көптен алғыс табам деп,
Өз бағаңды кетірме
Жұрттан алғыс табам деп,
Еркелеген жарыңа,
Кішілік қал жағам деп,
Қайнағаң мен қайныңыз,
Ойласын жақсы адам деп.
Жалғыз емес жар, жолдас жаныңда бар, жар-жар-ау,
Түзік болсаң жанашыр онда да бар, жар-жар-ау.
Қыз:
Өз ордамдай алшаңдар заман қайда, ай-ау,
Ақ шүберек салған соң бөлек жайда, ай-ау,
Тар құрсақтан бір шығып сүт еміскен, ай-ау,
Өз ағамдай, інімдей бауыр қайда, ай-ау,
Жылағанға жұбатып айтасыңдар, ай-ау,
Оңайлықпен жат жұртқа жағу қайда, ай-ау.
Жігіт:
“Атаң тұтты аузыңа, пайғамбардың лебізін,
Түсіргелі өзінен мойнындағы парызын.
Жарылқасын алдынан айтылды жұртқа арызың,
Құтты болсын ақ ордаң, аман бол енді жарқыным”.
“Әу-жар” айтыстарының аяғы жігіттер жағының тілегімен “жол болсынымен”, ақ батасымен аяқталып жатады. Алайда, кей уақыттарда “әу-жар” айту салтын сылтау етіп, өзінің бар ойын, қызға деген ыстық сезімін лапылдатып, жат елге, сүймеген адамына кету – үлкен бақытсыздық екенін, туған жер мен елдің ұзатылған қыз үшін қаншалықты ыстық болатынын, мәпелеп өсірген ата-ана, бетінен қақпай барлық назын көтере беретін аға-жеңге, құлын-тайдай тебісіп, жастық шақты бірге өткізген құрбы-құрдастардан еріксіз ажырап бара жатқанын айтып жылайтын ғашықтар да кездеседі. Мұндайда қалыңдық жеңгелері оған тоқтау айтып, айтысты доғаратын кездері де болады. Ел арасында жиі кездесетін айтыстың бұл түрін халық өте сүйіп тыңдайтын. Өйткені бұлар өмір шындығынан, тұрмыс ақиқатынан алынып, шынайы шертілген ғашықтар лебізі. Мұндай лебіздер де әзілмен әдіптеліп басталады да, соңы сезімнің сергелдеңіне ұласады:
Жігіт:
Жас күнімнен өлеңге қойдым қадам,
Ескі досын ұмытар кейбір надан.
Бір сөзім бар сақтаған айтайын деп,
Болмағанда қасыңда бөтен адам.
Қыз:
Бір қамшым бар қолымда жез бауырлы,
Ілікпедім өсекке сөзді ауырлап.
Өзің еске түскенде беу, замандас,
Жатамын да жылаймын жер бауырлап.
Жігіт:
Мына көлдің басында құстар отыр,
Оны көріп қаршығам ұшқалы отыр.
Әшкере ғып айтпаған мұндай сөзді,
Достарың аз қасыңда, дұшпан отыр.
Айтыс көбіне-көп ас-тойларда, ойын-сауықта өтеді. Салт-санағы әуелі сөз бәсекесі, өнер бәйгесі болып, содан соң тойдың көркі, ажары ретінде сіңіп кеткендіктен, қызық-қуаныштардағы айтыс өлеңдерінде әзіл-қалжың, ойын-оспақ мол болады. Сол себепті де қалыңдық мұңайып отырғанда жұбатумен, ақыл-өнегемен қатар, астарлы әзіл, көңілді базыналар мұнда молынан ұшырасады.
“Әу-жар” той үстінде айтылатын өлең. Сондықтан ұзатылар қалыңдықпен, оны еркелетіп өсіріп, балапандай баптаған аяулысын жатқа қия алмай отырған қыз төркінінің де көңілін аулап, жұбатудың салмағы жігіттер мен бозбалалардың үлесіне тиеді. Мұсылман баласы үшін ата-ананың қасиетті төрт парызы бар. Бұлар, ең алдымен, азан шақырып ат қою, ұл болса сүннетке отырғызу, ілім-білім үйрету (медресеге беру) және ең соңғысы аяқтандырып, отау қылып шығару. Жігіттер жағы қыз төркінін ата-аналық борышыңды ақтадың, парызыңнан құтылдың деп жұбатады. Ал қалыңдықты жігіттер жағы алдағы күннің қызығын айтып жұбатады. Әйел тіршілігінің мағынасы, тұрмысының жарасымдылығы жанындағы бесікте, алдындағы нәрестеде. “Өксіп-өксіп жылайсың, әлдилеп бала сүйгенше”, - деп әйелдің адам баласының ұрпағын өсіретін қасиетті парызын есіне салады. Әйел – ана. Қасында жары болмаса, бауырында сәбиі болмаса әйел өмірі жарасымсыз, қызықсыз, мағынасыз.
Және бір ескеретін ерекшелік “әу-жарда” жігіттердің айтысты да, ондағы әзілді де бірінші болып бастауы. Ал басқа жағдайда өтетін қыз бен жігіт айтыстарында уытты сөздің салмағы қыздар жағына көбірек тиесілі болатынын жасыра алмаймыз.
Жігіт:
Айт дегенде айтайын той қылған қыз,
Семіз бие тойына сойғызған қыз.
Ұзатылу той қылып үлкен қызық,
Кетемін деп үйінен ой қылған қыз, -
деп жігіт бірден отқа май құйғысы келсе, қыздар кейде өрелі өлеңмен ата дәстүрін дәріптей сөйлейді:
Сөз таба алмай әріптес сасайын ба,
Бұрынғының жолынан асайын ба,
Бұрынғының дәстүрі болғаннан соң,
Елден аулақ жапанға қашайын ба.
Әу-жар айтысының өзгермейтін “трафарет” үлгісі болсын, кейінгі өзгерген түрі, жаңашаланған формасы болсын мұнда диалог, яғни, екі адамның жауаптасып сөйлесуі қатаң сақталады. “Айтыс” сөзінің түбірі “айт”, “сөйле” деген ұғымды білдірсе, айтыс сөзі сөйлес, даулас, жарыс, тартыс деген мағынада қолданылатыны белгілі. Бұл ретте Бәдік өлеңдерден, өтірік өлеңдерден, арналы айтыстарға қарағанда әу-жарда диалог айқын көрінеді. Жігіт ұзатылып бара жатқан қалыңдыққа қолы жетпегеніне өкініш білдіре отырып, кейде әзіл сөздің арнасын астарлап басқа бағытқа бұрып әкетеді. Бұл әрине, тыңдаушы көпшіліктің де көңілінен шығып ду еткізер тапқыр сөз болуы тиіс.
Жігіт:
Жердің сәні болмайды ел кеткен соң,
Елдің сәні болмайды сен кеткен соң.
Кетеріңде сіңліңе тапсырып кет,
Өгейсітіп жүрмесін ержеткен соң.
Қыз:
Боз қазанат дегенде, боз қазанат,
Құдай қосса сіңлім де болды азамат.
Кетерімде сіңліме тапсырайын
Жігіт болсаң жол тауып кел бір замат.
Белгілі ғалым Т.Қожакеев қазақ сатирасы мен юморының даму тенденциялары туралы айта келе: “Әу-жарда” әзіл-оспақ, қалжың жігіттер жағымды өлең қыздың көңілін көтеріп, жұбату үшін жеңіл, көңілді, әзілді өлеңдер айтуы тиісті. Ал қыздар жағының өлеңінде реніш-күйініш, сын-мін жатады, тіпті қызды малға сатуға, жатқа байлам беруге жол ашып қойған сол қоғамға, сол ортаға деген наразылық бар, замана, дәуірге деген қарғыс лағнет үн естіледі”, - деп ой түйеді.
Шындығында мұңданып отырған қыздың халіне жігіттер “атасы басқа” жау жеңгесін кінәлап, бір тиісіп шалып өтсе, енді бірде өз ағасын қайынағадан артық көрген қыз баланың шамына тиіп,-
Қайындарың ініңнен болады артық,
Ертең ағаң қалады үйде жатып.
Әке-шеше, аға-іні кімге жолдас,
Жібереді жылатып малға сатып,-
деп ағаларының, әке-шешенің дүние құмарлығын әшкерелейді. Туыстардың мейірімсіз тас жүректігін түйреп өтеді. Қыз байқұстың мал бергеннің етегінен ұстап, амалсыз жетегінде кете беретін мүшкіл халін сынап кетеді. Сені сатқан өз әкең, өз бауырларың, ал сен оларды қайын жұртыңнан артық көріп мақтап, қия алмай отырсың деп тілдің бізін сұғып алады. Бірақ бұл пікірінен айтыс соңына қарай айнып, артық кеткен жерлерін жуып-шаяды. Барған жеріңе балдай батып, судай сің деген ниетін бағың жанып, алдыңнан жарылқасын, ақ отауың құтты болсын деген тілегін айтады.
“Әу-жар” айтысындағы жігіттер жағының міндеті де сол. Тағдыр-талайына наразы болып, ашу-ызасын білдірген, ата-анаға үлкен өкпесін айтып, дүниеқорлығы мен мейірімсіздігін сынаған қалыңдықты сабасына түсіру. “Өкпелеме, қарындас ашуланба, ойнап күлген жақсы ғой ашудан да” деп қыздың көңілін көтеру, көпшіліктің ойын-сауығын, думан-тамашасын қыздыру болып табылады.
Қазіргі тойларда шырқалып айтылатын “әу-жар” - айтыс өлеңі емес, жаңа заманға лайықтаған ән. Сөзі ақын Әбдірахман Асылбековтікі. Әні халықтікі болғасын әр жол сайын жар-жар сөзі қайталанып келіп отырады. Себебі, екінші жартысын, өмірлік серігін тауып, оң аяғымен босаға аттағалы отырған қыз балаға “Жар” деген қасиетті ұғымды түсіндіру, оның алдындағы міндет-парызын ұғындыру шарт. Сол себепті жар сөзін әрбір жол, әрбір тіркес, әр шумақ сайын қайталап айтып, санаға сіңіру көзделген.
Жар – сөзінің мағынасы алуан түрлі. Жар – екінші бөлігі, жартысы, бүтіннің бөлшегі деген мағынамен қатар, сүйеу, пана, тірек, қолдаушы, жебеуші деген мағынаны да білдіреді. “Алла жар болсын” деген батаның “Тәңір жарылқасын” деген алғыстың осы екінші мақсатта, жасаған ие өзі қолдасын деген мәнде айтылатыны даусыз.
М.Әуезов өз еңбегінде “әу-жар” айтысы туралы мынадай тұжырымдама жасап, атаудың түпкі мағынасын анықтап көрсетеді. “Әйел құлағына енді жалғыз емес, екінші адаммен қосақталғанын білдіру керек. Сондықтан жүзге ауыр тимейтін “жар” деген сөзбен, әнмен жаңа өмірге келгендігін ескертеді. Соны құлағына сіңіру үшін, соған көндіру үшін қайта-қайта “Жар” атын атайды” .
Достарыңызбен бөлісу: |