«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)



бет31/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   43
Айтыс-УМК

Тұжырымдар
1. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы айтыстар белгілі бір ұйымдастыру жұмысынсыз-ақ халық өнерін қызықтаған жұрттың сауық кештерінің ажырамас бір бөлімі есебінде өтті. Халықтың көп жиналған жерлерінде, ойын-тойларда аты белгілі ақындардың кездесіп қалуын пайдаланып, ел оларды айтысқа шақырған, қоздырып, көтермелеп, ақындық өнер жарысын ұйымдастырған.
2. ХІХ ғасырда және ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Жанақ, Шөже, Күдері, Кемпірбай, Сүйінбай, Түбек, Құлмамбет, ал кеңес дәуірінде тамаша өнер көрсеткен халық ақындары Жамбыл, Нұрпейіс, Шашубай, Кенен, Тұрмағамбет, Нартай, Нұрхан, Иса – осы айтыс өнерінің нағыз жүйріктері.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студент ХХ ғасырдағы айтыс өнерінің дамуы мен қалыптасуын, кеңес дәуіріндегі айтыстың өркендеу ерекшеліктерін талдай білуі қажет.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. А., 1973.
2. Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. А., «Ғылым», 1976.
3. Ысмайылов Е. Ақындар. А., ҚМКӘБ, 1956.
4. Көкейкесті әдебиеттану. 3-кітап. Ас., «Күлтегін», 2003.


12-дәріс. ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ АЙТЫСТАР


Мақсаты: ІІ дүниежзілік соғыс кезіндегі айтыс өнерінің дамуы мен қалыптасуы туралы түсінік беру.
Сұрақтар:

  1. Ұлы Отан соғысы кезіндегі айтыстың ерекшелігі.

  2. Көшен Елеуов, І.Манкин, Ғ.Игенсартов, Н.Баймұратов, Н.Ахметбеков, Қ.Жапсарбаев, Ө.Кәрібаев, Т.Көбдіков, О.Шипин, С.Әлімбетов т.б. халық ақындарының айтыстары.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: төл өнер, сахна, шеберлік, өнер.
Дәріс мәтіні (тезис)
Айтыс жанрының ең бір өнімді дамыған тұсы – Ұлы Отан соғысы кезі. Оған Қарағанды ақындары бастамашы болды. Оны ұйымдастыру жұмыстарына Ғ.Мүсірепов қатысып, айтысты Доскей ақын бастады. Ол Қарағанды қаласы атынан шыққан Көшен Елеуов пен Балхаш қаласы ақыны Шашубай Қошқарбаевке сөз берді. Одан кейін Қарағанды шахталары атын Қайып Айнабеков (18-шахта) пен Ілияс Манкин (20-шахта) сөз алды. Қарқаралы (Қайып), Нұра (Сәби Әзденбаев) аудандары, Шет ауданының екі колхозы – “Қызыл теңдік” (Жәкен Байтуов) пен “Айғыржал” (Маясар Жапақов) айтысты. Бұл айтыстар біраз жыл саябырсып қалған халық өнерін сол халықтың өз алдына алып шығып, дәуірдің көкейкесті мәселелерін көтерді. Елді қажырлы еңбекке, майдандағы жеңіске үлес қосуға шақырды, үлкен істегі кем-кетіктерді, кеселді мінездерді сынның тезіне салды. Айтысты ұйымдастыру тұсында ақындардың өмірмен терең танысуына жағдай жасалып, олар екі жақтың да жақсысы мен жаманын көріп қайтты. Бұл олардың дәлелді, өткір сөйлеуіне мүмкіндік жасады. Сонымен бірге айтыс көп жыл елеусіз қалған халық таланттарын жарық дүниеге алып шығып, көпке таныстырды. Осы айтыстарда Қарағанды елі бұрын білетін Шашубай мен Доскейге қоса, Көшен Елеуовті, Қайып Айнабековті, Ілияс Манкинді, Маясар Жапақовты, Жолдыкей Нұрмағамбетовті, тағы басқаларды таныды. Бұл айтыстардың тәуір үлгілері кейін “Айтыс” жинағына (3-том, 1966) кірді. Олардың ішінде “тынысы тарылмаған өрен жүйрік, үш жүзге мәшһүр болып даңқы шыққан” қарт Шашубай мен Көшеннің айтысы көркемдігі жағынан да, әлеуметтік маңызы жағынан да биік тұр. Олар бейнелі сөзбен Балқаштың мыс өндірушілері мен Қарағанды көміршілерін, еңбек ерлерін жалынды жырға қосты. “Көпіртіп көк теңіздің көбігіндей” мың-мың тонналап мыс қорытқан Балқаш пен “Қатталған қара алтынның қазынасы” – Қарағандының бүгінгі тыныс-тіршілігін, жеңісті шыңдауға қосып жатқан үлесін мақтан тұтты, қадырлы ұл-қыздарының есімдерін атады. Айтысты бастаған Шашубай Балқаштың байлығын санамалап келіп, Қарағанды ақынына сөз берер тұста:
Досеке, Көшен қайда? Қайып қайда?
Кемшілік ұқсамайды айыққанға.
Осында барды бар деп, жоқты жоқ деп,
Өзара сынға салсақ, айып бар ма?
“Жатпасын қисық ағаш тез алдында” –
Ақындар, соны түгел сезе алдың ба?
Не жайда Қарағанды осы кезде?
Елестет бірің шық та көз алдыма, -
деп, қарсыласын жауап сөзге шақырды. Бұл сұрақтың үлкен әлеуметтік мәні бар еді. Атақты көмір кенінің жай-күйі, Донбасс сияқты алып көмір ошағы жау қолында қалып, Отанға қажет көмір өндіру салмағы Қарағандыға түсіп тұрғанда, оның Отан шақыруына қаншалықты жауап беріп жатқаны ақын тілімен жұрт алдында жария етілуі тиіс болды. Осы жолдағы кемшілікті сынай айтқанда, ақындарымыз барды мадақтап айтумен қоса, айтыстың сыншылдық дәстүрін жаңа міндеттерге орайластыра пайдалана білді.
Қарағандыда басталған айтыс сол 1943 жыл бойы жер-жерлерде жалғасын тауып, үлкен қоғамдық шараға айналды. Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау облыстарында айтыстар өтті. Олардың әлеуметтік мазмұны бір-біріне ұқсас болғанмен, бұларда да жаңа таланттар бой көрсетіп, айтыстың көркемдік баюына өз үлестерін қосты.
Айтыстың соңғы, қорытынды жарысы Алматыда сол жылдың желтоқсан айында өтті. Оны атақты Жамбыл ашып, айтыстың дәстүрі мен бұрынғы шеберлерін еске алды. Айтысқа қатысушыларды құттықтап, “Жау жүрегі түршігетін, дос құмардан шығардай” тың сөздер табуға шақырды. Айтысқа Алматы-Жамбыл, Семей-Қарағанды, Қостанай-Солтүстік Қазақстан, Қызылорда-Оңтүстік Қазақстан облыстары қатысты. Әр облыстан екі ақын шығып, тақырыптарын бөліп алып (бірі – ауыл, бірі - өндіріс жайлы), қарсыластарымен сөз жарыстырды. Негізгі тақырып - әр облыстың жеңіс үшін Отан мүддесіне беріп жатқан көмегін ұлғайту туралы болды. Ақындар Отан сүю мен ұлттық намыс сияқты ұлы сезімдерді қозғап, заман мен адам еңбегі жайлы кең толғаулар жасады. 1943 жылғы үлкен айтыс әр облыстан шыққан халық поэзиясының дүлдүл жыршыларын жұртқа кең таныстырды. Жоғарыда аталған Қарағанды ақындарына қоса, Сәттіғұл Жанғабылов, Құмар Жүсіпов (Атырау), Орынбай Тайманов, Қазанқап Байболов (Оңтүстік Қазақстан), Сәт Есенбаев, Нұрқан Ахметбеков (Қостанай), Есдәулет Қандеков, Жақсыбай Жантөбетов (Жамбыл), т.б. ақындардың есімі белгілі болды.
Айтыс осы дәстүрін үзіп алмай, соғыстан кейінгі дәуірде де ел басшылығының, Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен әрі қарай жалғасты. Бұл тұста айтыстың майталман жүйріктері Жамбыл, Нұрпейіс, Иса, Доскей, Шашубай, Нартай, Орынбай, т.б. өмірден озған еді. Өмірін өнерге арнаған аға ұрпақ өкілдері бар талантын Отан игілігіне, халық қызметіне жұмсады. Айтыстың жаңарып түлегенін көріп, өздері де аракідік оған қатысып көз жұмды. Олардың өкшесін басқан інілері Нұрлыбек, Қалқа, Сәттіғұл, Нұрқан, Болман, Маясар, Қуаныш, Жолдыкей, Кенен, т.б. әлі де жаңа заманға қызмет етуге дайын еді. Олар халық поэзиясының дәстүрлі үлгілерін дамытып, жастар бойына дарытты. 50-60 жылдар ішінде Қалихан Алтынбаев, Тәңірберген Әміренов, Манап Көкенов, Ақілгек Жүргембекова сияқты жастар айтысқа машықтанып қалғанын көрсетті. Осы жылдар ішінде Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Семей, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан ақындарының айтысы жеке-жеке болып басылды. Алматыда “Ақындар жыры” шықты.
Ақындар айтысының жаңа белеске шыққанынын бұл жылдары олардың тақырыптық баюы мен сөз кестесіндегі ізденістерінен тануға болады. Бұрын саясатқа көбірек деп қойып, өндіріс пен ауыл шаруашылығы сияқты маңызды салалардың табыстары мен олқылықтарын шиырлаған айтыс қоғам мен адам өмірінің басқа да мәселелеріне кеңірек көзбен қарауға бет бұрды. Ол жаңа қоғамда өскен, жан-жақты жетілген мәдениетті адамды көріп, тануға тырысты. Адам бойындағы келеңсіз мәселелерді сынады. Тұрмыс-тіршіліктің жаңалықтарына көңіл бөлді. Сын да жалпылама емес, нақты көрген фактыларға негізделді. Ақындық ізденісте де не бір жаңа иірімдер, сөз тіркестері, метафоралар мол кездеседі. Мысалы, қарағандылық Ғабдиман Игенсартов:
Қырандай қалықтаған қиядағы,
Аққудай қанат жайған тұмадағы.
Жез таңдай, сылдыр көмей, қаусырма жақ,
Асқақты ақын жаны бұладағы.
Толғанса, төгілмей ме сөз нөсері,
Өзендей өршіл аққан құламалы
Ашпаған ән қақпасын ақын ба сол
Шалшықтай жылап аққан жырадағы, -
деп ақын шабытының биік мінберін көтере суреттейді. Ақындық өнерді көтере бейнелеудің дәстүрлік сыпатын Ғабдиман орынды жалғастыра білді.
Арқада ағынды өзен Есілдеймін,
Керілсем, Алатаудың төсіндеймін.
Түйінмін тоқсан түрлі тетігі бар,
Ой жорып, ми қорытпай шешілмеймін, -
дейді Шәкір Әбенов Тәңірбергенмен айысында. Ақынның айтыс үстінде өзін шыңға көтеруі – қалыпты дүние. Ал, өзін мадақтау бітіп, нақты өмір шындығын бейнелеу тұсында ақын биікке көтеріле алды ма – осы жерде сүрінбей өткен ақын – шын талант. Қазіргі айтыс шеберлері де бұл сыннан кедергісіз өтіп келе жатыр. Әрине, айтыстың бәрін бірдей мүлтіксіз деу қиын, олардың ішінде мазмұны тайыз, көркемдігі кемшін дүниелер де аз кездеспейді.
Кеңес дәуіріндегі айтыстардың тәуір үлгілері бұрынғы ақындардың жеңу, жеңілу дәстүрін адал сақтап келеді. Жаңа айтыста да жеңуші мен жеңілуші бар. Бірақ жеңілуші айтар сөз таба алмағандықтан емес, аталы сөзге тоқтап, жеңіледі. Қайып пен Ілияс айтысында Қайып ақын Ілияс шахтасының жоспарын орындай алмағанын бетіне басқан соң, сөзге тоқтайды.
Уа, Қайып, айта берме қалғанымды,
Сен менің білмей жүрсің арманымды.
Таразы тарта алмайтын өлшеусіз ем,
Завшахта жеңілдетті салмағымды.
Бермейтін топтан торай тұлпар едім,
Күйсіз қыр арықтатты тарланымды.
Тартушы тізгінімнен болмаған соң
Амалсыз тістедім ғой бармағымды, -
дейді жеңілген ақын. Құдды, “Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім” деген Сараның жеңілісі.
Әлібек пен Орынбай айтысында да осындай шешім бар. Әлібек ақын нақты сұрағына Орынбайдың анық жауап бере алмағанына қадалып, оны үлкен мін қып бетіне басады.
Дәл сөйлеп сұрағыма жауап бермей,
Басыңа түсіп отыр қандай хауіп.
“Мал басы орындалды орта есеппен”
Дегенді міңгірлейсің ауық-ауық,
Өсімін өз малыңның өзің білмей
Ореке, оңтүстікке келдің бе ауып, -
деген сөзге тосылып, Орынбай жеңілгенін мойындайды.
Сонымен қатар кеңес тұсындағы айтыста қалыптаса бастаған бір жаңа дәстүр тағы бар. Ол екі ақынның айтысып болған соң бір-біріне басу айтып, достық, тілектес ниетпен тарасуы. Мұның негізінде екі ақынның біріне бірінің жау еместігі, бәрі де Отан, халық мүддесіне қызметші екендігін сезінуі жатыр. Ақындар бірін-бірі мақтаса да, сынаса да осы тұрғыдан қарайды. Сынды адал көңілмен қабылдап, түзетуге уәде береді.
Кезінде Жамбылдан бастау алған, кеңес тұсында қалыптасқан тағы бір жаңа салт – аға ақынның іні ақындардың айтысын бастап беруі, оларға бата беріп, табыс тілеуі. Аға ақын, сонымен бірге төреші де. 1919 жылы Жамбыл Нұрила деген қыз ақынның Жетісу ақындарымен айтысына араласып, төрелік айтады. Әйелді менсінбей, “ірілік” көрсеткен Үмбетәліні Нұрилаға жеңіп береді. 1943 жылғы үлкен айтысты Жамбыл ашып, бата берген. 1939 жылы өткен Нартай мен Нұрлыбектің айтысын Нұрпейіс ашқан. Қостанай өңіріндегі бір айтысты Омар Шипин, Жетісудағы бір айтысты Қалқа Жапсарбаев бастаған. Мұндай кіріспе өлеңде аға ақын айтысқа қатысушыларды таныстырып, оларға кезек береді. Соңында қорытынды жасап, жеңуші мен жеңілушіні анықтайды. Сонымен қатар айтыстың мақсатын, көңіл аударлық мәселелеріне жол сілтейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет