Тұжырымдар
1. Бұқаралық сипат ала алмай булығып тұрған айтыстың бусанып, тамырын терең тартуына Қазақстан ғылым академиясының, М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының, ақпарат құралдарының соның ішінде теледидардың ерекше ықпалы болғанын атап айтуымыз қажет. Телевизиялық айтыс ұмыт бола бастаған айтыстың түрлері: жұмбақ, өтірік, қайым, түрені қайта түлетті.
2. Егеменді еліміздің ертеңіне сеніммен қарайтын жас ұрпақ тәрбиелеп, олардың бойына ұлтжандылық қасиетін сіңіретін өнегелі өнер қажет. Әр айтыстан кейін халық аузында қалатын қанатты сөз қайда?! Біз осы тұрғыдан айтыскерлерді бағалауымыз керек.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студент ХХ ғасырдың ІІ жартысындағы айтыстар, 80-жылдардағы алғашқы телеайтыстар, дәстүр сабақтастығы туралы дәйектеме айта алуға тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. А., 1973.
2. Көкейкесті әдебиеттану. 3-кітап. Ас., «Күлтегін», 2003.
14-дәріс. АЙТЫС ТІЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мақсаты: айтыс тілінің көркемдігі, айтыскерлердің көркемдік құралдарды пайдалану ерекшеліктері, қазіргі айтыстағы сөз саптау шеберліктері туралы түсінік беру.
Сұрақтар:
Әр ақынға тән стилистикалық ерекшеліктер.
Табу, эвфемизм, дисфемизмдердің қазіргі айтыс тілінде алатын орны.
Тың теңеу тудырудағы ақындардың ролі.
Метафораны пайдалануда ақындардың ерекшеліктері.
Ақындардың жырларындағы фигуралар мен троптар.
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: табу, эвфемизм, дисфемизм, мктафора, фигура, троп.
Дәріс мәтіні (тезис)
Қазіргі ақпарат құралдарының ағыны халықтың ой-өрісін кеңейтуде елеулі қызмет атқарып отырғаны ешбір дәлелдеуді қажет етпейді. Мерзімді баспасөз беттерінен, радиохабарлардан, әсіресе, тұрмыста берік орын алған теледидардан мыңдаған оқырмандар, тыңдармандар мен көрермендер бүгінгі жаңалықпен шектеліп қалмай, өткен тарих жолдарын да еске түсіріп отырады, алда болар оқиғаларға да батыл болжам жасай алады. Мұнымен айтпағымыз – айтысқа келген тыңдармандардың негізгі назары ақындардың сөз саптау шеберлігі мен ерекшелігіне ауып отыратыны. Тіпті әлдебір кемшілікті айтып отырған айтыскерге қол соғып, қолпаштауларының басты себебі - әдемі сөз иірімдерін қолданғандығының әсері. Ал ондай кемшін жайдың қоғамда орын алып жүргенін отырғандар, айтыскер еске салмаса да, біледі. Сондықтан тыңдарманның қай-қайсысы да іштей жорамал жасап, тағы «ана бір жайды айтса екен және қиыстырып кірістірсе екен» деп ойлайды. Ақын аузынан айтылар жақсылықтарымыз бен жетістіктеріміз жайында да осылай деуге болар еді. Солай болғандықтан да қазіргі айтыстың тілін әр қырынан сөз етудің зор маңызы бар.
Әңгімені негізгі нысанамызға – тілге бұрар болсақ, соңғы жылдардағы айтыс мәтіндерінен поэзия талабына сай жолдарды аз кездестірмейміз:
Ақбасты Алатауым, ар ма екенсің,
Төрінде Алматының малдас құрған
(Жібек. Аманжолмен айтысынан).
Еркелеп достай келем келіскелі,
Ұқпашы, айналайын, теріс мені.
Келіп ем жыр әлемге қосақталып,
Халқыммен қауышып бір көріскелі.
(Әсия. Қатимолламен айтысынан).
Қызыл тілдің алды үшкір сайысқанда-ай,
Ақындар айтысқанда арыстандай.
Қазақтың ойлағанда қасіретін,
Кірпігім жылай-жылай майысқандай.
(Мэлс. Мұхамедженмен айтысынан).
Бірінде еліміздің бас қаласына деген перзенттік таза махаббаты сүйкімді өрнектелсе; екіншісінде айтысты сыйлаушы қауымға деген сағыныш лебі еседі; үшіншісінде қатарластары, әріптестері аттарынан автордың халық басына түскен уақытша қиыншылық кезіндегі сезімі шынайы өрілген. Осының барлығы синтаксистік конструкциялардың басты түрі – сөйлемдер арқылы жүзеге асып отыр. Бұлар – жалпылау айтылған пікірдей көрінсе, нақты дәлел боларлық деректер де айтысушы ақындардың аузынан жиі шығып жатады. Сөйтіп, ақынның тіл шешендігі алғашқы орында тұруға тиісті. Басқа ақындардың жөні бір бөлек, ал айтысқа белсене қатынасып, бел шешіп кірісіп отырған ақындардың сөз арасында сурет жасай қоюы көңіл аудармай тұрмайды. Айталық, А.Әлтай айтыскер қарындасы Ж.Болтанованың әдемі бейнесін береді:
Томпиып отырысың қандай жақсы
Жарыққа жаңа шыққан балапандай.
Өзінің домбырасынан сәл-ақ үлкен ақын қыздың шынайы суреті бар. Бейкүнәлығы мен тазалығын, жұмыртқадай ақ ниетін, жас балапандай нәзіктігін көз алдыңызға келтіреді. Ал Жібек болса сол айтыста Аманжол туралы былай дейді:
Қомданып отырсың ғой, екі көзің
Секілді қыран бүркіт қан қаптаған.
Бұл әсте де «сыйға-сый, сыраға бал – емес». Ақын жігіттің шабыт үстіндегі толғаныс сәтін дәл байқай білгенін танытады.
Бұған қоса, Жібек:
Менсінбес ағамсың ғой аласаға,
Өзіңе тәкәппарлық жараса ма? –
дегенде де ақын жігіттің поэзия тілімен қақтығысу сәттеріндегі өзін еркін ұстап, серілік мінезде отырғандығына көңіл бөледі. Жібектің сөзі жауап күтетін сұраулы сөйлем емес, керісінше, жауабын да сөйлем ішіне сыйдырып тұрған риторикалық сұрақ екенін ескерте кету артықшылық ете қоймас. Дәл осы айтыстағы Жібектің мына шумақтарындағы ауыл үйдегі жас келіншекке көз де, көңіл де соншалықты қызығатынын жасыра алмасақ керек:
Келін бе ерте тұрып, жай жатпаған,
Шоқ салып самаурынға қайнатпаған.
Қолыма шелек ала жүгіремін,
Бұзауды байлап қойып ойнақтаған,
Қолымда бірде кесе, бірде кілем,
Шайымды кім ішпейді қаймақтаған.
Ағажан, басқан ізім білінбейді,
Қазандық әуенімен уілдейді.
Азаннан кешке дейін шай құямын.
Тасқұман мені көрсе, күлімдейді.
Қолымнан түспеген соң сыпырғыш та,
Таянсам, босағаға дірілдейді.
Жібек өз басынан кешкенін айтып отыр ма, әдетте айтылатындай, кейіпкерінің жан-дүниесіне бойлады ма – тыңдарман үшін ол – мәселенің бастысы емес. Сондай-ақ сыншы В.Г.Белинский айтатын ақынның «менімен» қаһарманы тұтасып кетті ме немесе академик В.В.Виноградовтың теориясы бойынша автор бейнесінің көрінісі ме – ол да басты мәселе емес. Басты мәселе сол – қазақ әйелінің және заты әйел ғана емес, қазан-ошаққа бар ынтасымен араласып кететін, сиыр сауып, шай қайнататын, дәмді тамақ даярлай алатын өнерпаз әйелдің ешкімге ұқсамайтын, ішкі жан-дүниесі мен сырт сұлулығы жарасым тапқан бейнесі бар.
Алайда теңеуді қазіргі айтыскерлер жақсы қылықтар мен көріністерді арқау еткенде де молынан қолданады. Сондықтан да «айтыс тілі құлаққа дәл тиеді. Оның үстіне, ұзақ уақыт есінде сақталады». Тегінде, тың теңеу тудыруда Мұхамеджан алдыңғы лекте келе жатыр. Көп мысалдың ішінен оның Мэлспен айтысындағы мына жолдарды келтірудің өзі жеткілікті:
Басасың балапандай, Мэлс ақын,
Балтырын байпақ қысқан бай ұлындай...
Қасыққа май жаққандай қарсыласқа
Жұмсайсың ақылың мен бар айлаңды...
Жол таппай колхоз, совхоз қиналып жүр,
Асан-Үсен секілді көште қалған...
Серкесіз өрген қойдай қожырайды
Ақылсыз айтылған сөз айтыстағы...
Ұлсың-ау ел сенімін ақтайтындай,
Бойыңнан тарыдай мін таппайтындай...
Мұндай теңеулер көп ойланып, толғанудың нәтижесінде сөйлемнің анықтауыш мүшесі ретінде қисынды жұмсалып тұр. Қазақтың «Өз етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда» деген мақалының орнына байдың балтырын байпақ қысқан ұлындай деуі; қасыққа май жаққандай (әдетте майды нанға жағушы еді ғой) деуі жеңіл әзіл түрінде жылы қабылданады. Ал Ы. Алтынсариннің Асаны мен Үсенінің ойнап жүріп, демек, аңқаулықпен көштен қалып қойғанын білмеуші ме едік. Мұхамеджан өмір ағысынан кешігіп қалған ауыл адамдарын да аңғалдығына байланысты сол Асан мен Үсенге теңейді. Серкесіз өріске шыққан қой отары мен тарыдай міні жоқ жігітті көз алдыңызға келтіріп көріңіз. Әрине, орындарын тапқан сөздер.
Мұхамеджанда мынадай да теңеу бар:
Нұр ойнаған жүзіңнен айналайын,
Қырық қыз бір тесіктен қарайтындай...
Қырық қыздың бір тесіктен қарауы мүмкіндігі жоқ көрініс болса да, Мұхамеджан Мэлстің келісті келбетіне сендіреді. Айтқандай, Мұхамеджанның Мэлс жігітті айналғанындай, Аманжол да қыз Жібекті айналады:
Жібек қыз, жанарыңнан айналайын,
Жарқ еткен Махамбеттің қылышындай...
Айтыстың бас жағында қыздың сыпайылығы мен биязылығына тамсанған Аманжол өзіне-өзі қарсы келіп отырған жоқ па деген ойға қалатындаймыз. Мүмкін, нәзік жанның батылдығын, батырлығын айтқысы келген де шығар. Тыңдарманның сенбеуге де хақысы барын теріске шығармасақ керек.
Метафораны пайдалануда ақындардың көпшілігі шеберлік танытады. Мәселен, Мэлс өзімен айтысып отырған Мұхамеджанды Құлагер деп біледі. Әлбетте, поэзияда Ілияс Жансүгіровті Құлагер деп атау сыншы М.Қаратаевтың есімімен байланысты екенін әдебиет және оқырман қауым жақсы біледі. Еліктеу болғанның өзінде, еркін көсіле сөйлейтін айтыскерді де осылай атаудың өрескелдігі жоқ:
Құдайым Құлагерді берген екен,
Тұлпарым, төрт аяғың асыл болсын...
Енді бірде Мэлс өлеңнің орамалы тіркесін сәтті қолданады:
Мен бүгін қалың елмен қош айтысып,
Өлеңнің орамалын бұлғап барам...
Жібек Аманжолмен айтысқанда, қарсыласын аспандағы қыранға, өзін жердегі ақ түлкіге балайды. Біздіңше, мұнда асырып айту, әсірелеу жоқ, ақындық бейнелі тілдің бүлкілі бар:
Тәңірдің түзу түсіп бүгін ісі,
Төгілсін кестедей боп жыр үлгісі.
Белгілі аспандағы ақиыққа
Жердегі ақ түлкінің жүгірісі...
Асыра сөйлеу былай тұрсын, сөздердің мазмұнына тереңірек үңілсек, ақын қыздың өзін барынша кішіпейіл ұстап отырғанын аңғарамыз. Бұл – мәдениеттті ақынға тән қасиет.
Жырдың сирағы, жырдың жамбасы тіркестерін сөз қадірін жақсы білетін Мұхамеждан мен Аманжол орайымен кірістіреді:
Сый табағын ұсыншы сыйластықтың,
Қара өлеңнің сирағын маған тартып...
(Мұхамеджан).
Ініге сирақ беріп не ғылайын,
Жырымды ұсынамын жамбасымен...
(Аманжол).
Метафоралар сөйлем мүшелерінің барлық түрінде, әсіресе, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш қызметтерінде жұмсалады.
Кейбір тұстарда ақындардың сөз қолданысындағы күңгірт, тіпті қателікке ұрындырған тұстарды да атамасқа болмайды. Қай ақынның да жалпы шеберлігіне, сөзге деген жауапкершілігіне айта қаларлықтай нұқсан келтірмегенімен, жағымсыз жайлардың да назардан тыс қалмағанын жөн деп білеміз.
Бір шыршыққа бір қырсық тап болған соң,
Айтыс та кетер деймін шырайланып, –
дейді Мұхамеджанмен айтысында Мэлс. Шыршық сөзін түсінбедік. Түсіндірме сөздіктен де таба алмадық. Контекст бойынша жағымсыз мағынадай көрінеді. Тіпті жағымды болсын-ақ. Сонда бір «жақсы» мен бір «жаман» айтысқа қандай жарасымды өң бермек?
Тәжірибелі айтыскер Мұхамеджан кей тұстарда сылтық басқандай әсер қалдырады:
«Жас жүрегің саусағын жайсын» енді,
Арасынан ағызып сөз шырынын...
Абайды қайталап, жүрекке саусақ бергені орынды-ақ. Сонда саусақтың арасынан сөз шырыны қалай ақпақшы? Сол сияқты, Салауат Жібекпен айтысында «саусақты төгілтеді»:
Төгілтіп он пернеден он саусағын,
Құрекең Сарыарқаға күй арнаған...
Төгілетін, тегінде, сұйық зат немесе әуен болса керек еді. Ақын өзіндік сөз қолданысын танытқысы келген күнде де перне үстінде «төгілетін» оң қолдың бес саусағы емес пе? Ал сол қолдың бес саусағы тіпті де төгілмейді, олар оң қол саусақтары басатын қос ішекті тәртіпке келтіріп отырады. Егер ақын оны «төгілді» деп есептесе, ненің төгілмейтінін түсінбей қалдық.
Халық даналығы ғасырлар бойы сөздердің талайын дүниеге келтіріп отырғаны белгілі. Олардың талайы мақал-мәтел түрінде ауыздан-ауызға таралып жүрген де, енді біразы белгілі авторлардың шешендік туындылары ретінде әлі күнге дейін халық жадында сақталып келе жатыр. Сол даналық сөздердің айтыс ақындарының өлең шумақтарында жиі ұшырасып отыруы қуантады. Қуантатын себебі – ол сөздердің қай-қайсысы да жаңа заман ыңғайына қарай, жаңа түсінікке байланысты тапқырлықпен жұмсалады. Енді бір қанатты сөздерді айтыскерлердің өздерінің табан астында шығаратыны да бар. Демек, халық аузындағы сөздерді сол қалпында, еш өзгеріссіз қолданса да, сәл өзгертіп немесе синонимдік варианты ретінде пайдаланса да, өзінің авторлық нақыл сөздері ыңғайында ұсынса да, ақындардың шеберлігінің тағы бір қыры көзге ұрып тұрады.
Сіз бен біз тарасалық,
«дос көңілі
Қалмасын бір атым насыбайдан»,–
дейді Серік Шолпанмен айтысында. Ақындық қақтығысты сыпайы тәмәмдаудың белгісіндей көрінеді. Демек, бет жыртысуға, өзара өкпе-назға қадам баспауға шақырады.
Қуанышпен айтысында Серік:
«Асымды ішіп, аяғымды теппесе егер»,
Ашынып мен де бұлай демес едім, –
дейді. Халық мақалын еске сала отырып, сол халықтың тағдырына бей-жай қарамағаныны былай тұрсын, үлкен жанашырлықпен, отан сүйгіштік сезіммен ашу-ызысын ашық білдіреді.
Сол айтыста тағы бір сөз орайын келтіріп, Серік:
Деген бар «бөрі арығын білдірмейді» –
деп, түзелуі қиынға соқпайтын қиындықтарды көзге бадырайтып көрсетуді мақсатына алмайды. Сірә, ондай кемшін жайлардың басқа елдерде де ұшырасытынын жобалап, ол елдің адамдары сияқты байбалам салмай-ақ, өз қолдарымен жөнге келтірудің мүмкіндіктеріне көз жеткізген соң сөз арасында еске сала кеткені болу керек.
Мұхамеджанның Дәулеткерейге:
Менен несін сұрайсың жеңер болсаң,
Тістейтін жылқы тісін көрсетпейді, –
деген сөзінің ел ішінде айтылатын «Қабағын ит үрмей келеді» деген мақалға параллель болып келетіні байқалады. Қазақстанның бір қиырында Мұхамеджан келтіріп отырған нақыл сөз болды ма екен әлде автордың өзі құрастырып отыр ма – оны дәл басып шеше қою қиын. Бір дұрыстығы – дәл осы сәтте орнымен және сыпайы ой жеткізіліп тұр.
Дәулеткерейдің сөздері де нақылға толы болып келеді. Мәселен, Серікпен айтысынан мынадай жолдарды оқимыз:
Ағайын, жау жоқ деме, жар астында,
Жүргенмен саясатқа есеп беріп.
Қой терісін жамылған қасқыр жаман,
Жүрмейік үйден шықпай, төсекте өліп.
Әркімге бір жүргенде қалбалақтап,
Қарғадай боп кетпейік кесек теріп.
Мұнда халық мақалын сол күйінде беру де бар (жау жоқ деме, жар астында; қой терісін жамылған қасқыр жаман), халық нақылындағы тезек-ті (тезек теріп кету) сыпайы түрге ауыстыру да бар, өзіндік, авторлық, нақылды (үйден шықпау, төсекте өлу) орнымен сыналап енгізу де бар.
Достарыңызбен бөлісу: |