Тұжырымдар
1. Айтыс жанрының ең бір өнімді дамыған тұсы – Ұлы Отан соғысы кезі.
2. Ақындар айтысының жаңа белеске шыққанынын бұл жылдары олардың тақырыптық баюы мен сөз кестесіндегі ізденістерінен тануға болады. Бұрын саясатқа көбірек деп қойып, өндіріс пен ауыл шаруашылығы сияқты маңызды салалардың табыстары мен олқылықтарын шиырлаған айтыс қоғам мен адам өмірінің басқа да мәселелеріне кеңірек көзбен қарауға бет бұрды. Ол жаңа қоғамда өскен, жан-жақты жетілген мәдениетті адамды көріп, тануға тырысты. Адам бойындағы келеңсіз мәселелерді сынады. Тұрмыс-тіршіліктің жаңалықтарына көңіл бөлді. Сын да жалпылама емес, нақты көрген фактыларға негізделді.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студент ХХ ғасырдағы айтыс өнерінің дамуы мен қалыптасуы, телевизиялық айтыстың ерекшеліктерін талдай білуі қажет.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. А., 1973.
2. Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. А., «Ғылым», 1976.
3. Ысмайылов Е. Ақындар. А., ҚМКӘБ, 1956.
4. Көкейкесті әдебиеттану. 3-кітап. Ас., «Күлтегін», 2003.
13-дәріс. ХХ ҒАСЫРДЫҢ ІІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ АЙТЫСТАР
Мақсаты: ХХ ғасырдың ІІ жартысындағы айтыстар, 80-жылдардағы алғашқы телеайтыстар туралы мағлұмат беру.
Сұрақтар:
Кеңес заманындағы айтыс өнері.
80-жылдардағы алғашқы телеайтыстар.
Айтыстың бұқаралық сипат алуы.
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: телеайтыстар, бұқаралық сипат, ұлттық мәдениет, саясат.
Дәріс мәтіні (тезис)
Жыр көші толассыз ілгерілеп келеді. 1980 жылы айтыстың көмескілене бастаған сүрлеуіне соны серпін берген республикалық 2-ақындар айтысынан бастау алған жыр сайысы бүгінде қанатын кеңге жайып, арнасы толыса түсті. Ұлттық мәдениетіміздің тамаша дәстүрін көрерменнің рухани дүниесімен, биік талғамымен үндестіре білген айтыс ақындары Алтынбаев Қалихан, Байбатыров Мұқаш, Көкенов Манап, Қосбасаров Әсімхан, Лушникова Надежда, Шәкеев Көкен және тағы басқалары жыр жампозы Жамбылдың жолын айтыс дәстүрін келесі ұрпаққа жалғағаны анық. Олар 37 жыл өткізіп, өлеусіреп тұрған жыр отын қайта тұтатқан ел ішінде жүрген төкпе ақындардың астана төріне табаны тиген бір тобы ғана еді. Сол кезеңнің сергек те сезімтал жүрегіне айналған оларды халық құрметтеп сүйеді. 1980 жылы өткізілген республикалық екінші ақындар айтысында:
“Жез таңдай жүйрік бұлбұлдар,
Ел бақытын жырлаңдар”, - деген батаны 81 жасар ақын Мұқаш Байбатыровтан алған 30 ақынның қатарында болғанымды мен де бақыт санаймын. Сол айтыс, сол айтысқа қатысып өнер көрсеткен ақындар маған құмыққан көзін ашып, көсіле аққан бұлақтай көрініп еді. Атақ дәреже, мансап қумай, жеңіп, жеңісуді мақсат тұтпай халықтың төл өнерінің туын тік көтеруге ұмтылған олардың бойынан парасаттылық, ойынан азаматтық үн еседі. Ер ақындар қарсыласы қыз ақынды ата-баба салтымен абыройын асқақтата биікке көтеріп, ал ақын қыздар ерке назымен аялап, айтыс тәлім-тәрбиелік мәні бар, мазмұны терең, көркем ойдың желісіне құрылып, сыйластық сахнасына айналып кете барды. Халық ақыны Манап Көкенов ұлты бөлек болғанына қарамастан қазақ тілінің қаймағын бұзбай, бал дәмін бойына сіңіріп, қолына домбыра алып, қазақ халқының өнерін өрге сүйреп жүрген Надеждаға:
Надежда сау жүрмісің қарындасым,
Жалын ең жасыңнан-ақ бағың басым.
Өнерде өрге жүзген бір жүйріксің,
Қуанам сіздей жұптас табылғасын.
Сыр бойы, Жетісуда тел өссең де,
Білемін Қызылорда жағындасың.
Екеуміз Асқар ақын шәкіртіміз
Ақын боп баста бізден танылғансың.
Өнерді қызғанбаймын өз басыңнан,
Ырысың күннен күнге қалыңдасын.
Жұптасым, қарындасым дегеніме
Күйеуің қызғаншақ боп қағынбасын, - дегенде,
Надежда:
Мен дағы тарта тудым түріңізге,
Сайраған сандуғаштай тіліңізге.
Тұсыңа қарындасың келіп қалды
Біріміз ұқсағасын бірімізге.
Сайыстың не бір ақын саңлағымен,
Соларға болар ма екен салмағым тең.
Дегенмен бүгінгі күн сақ бол, аға,
Артыңнан ере шыққан тайлағың-мен.
Қазағым, мен бір қызы жар бағының,
Жаңылмай ақын жүрек жырла бүгін.
Жамбылдай заңғар таудан басын алған
Мен сенің күмбірлеген бір ағының, - дейді.
Сол айтыста шымкенттік Уәли Исақов қарсыласы алматылық Райхан Нәкееваға:
Өзің бір қу қызсың ғой барып тұрған,
Қулыққа екі көзің жанып тұрған.
“Жетісу” қонақ үйге бірге келіп
Сырына ақындардың қанып тұрған, - десе,
18 жасар Райхан:
Айтыста тұлпар едім сүрінбеген,
Сыралғы едіңіз ғой бұрын менен.
Ал, енді Райханнан құтылыңыз
Мен емес сізге келіп ұрын деген, - деп жауап берді.
Семейлік Әділханова Тұрсынхан қарсыласы Орынбайға:
Жігітім тиме менің қаһарыма,
Бастаусыз жатыр әлі ата-мұра,
Сен түгіл, сенен зорлар бас иеді
Теңессіз Абай деген атағыма, - десе,
Талдықорғандық Оспанбекова Жұмаш қарсыласы Айтуғанға:
Сарқылмас қайнарындай нұрлы ісінің,
Сомдаған жүрегіне жыр мүсінін.
Атанған Жетісудың жыр дүлдүлі
Әйгілі Сара апамның сіңлісімін, - деп жыр көшіне ілескен-ді.
Немесес Тынышбай Тұрсынайға:
Келдің бе оңтүстіктен, Тұрсынайым,
Өзіңді жұрт алдында бір сынайын.
Отырған жұрт алдында көрік беріп,
Көрсетші осындайда жыр шырайын, - десе
Тұрсынай:
Сара мен жолын қудым Манат қыздың,
Көз ілмей ән-жыр десе таң атқыздым.
Балам ер Біржан салға дәл өзіңді
Қанша екен өн бойдағы талант Сіздің? – дейді.
Бұқаралық сипат ала алмай булығып тұрған айтыстың бусанып, тамырын терең тартуына Қазақстан ғылым академиясының, М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының, ақпарат құралдарының соның ішінде теледидардың ерекше ықпалы болғанын атап айтуымыз қажет. Телевизиялық айтыс ұмыт бола бастаған айтыстың түрлері: жұмбақ, өтірік, қайым, түрені қайта түлетті. Бұл сайысқа қатысқан өнерпаздар өздерінің тұрғылықты жеріне оралғаннан кейін айтыс, терме өнерін дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандырып, үлкен ізденіс танытқандарын, жас таланттардың жолын ашқанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Қонысбай Әбілов, Қатимолла Бердіғалиев, Әбдікәрім Манапов, Ерік Асқаров, Серік Құсанбаев, Есенқұл Жақыпбеков, Баянғали Әлімжанов, Шорабек Айдаров, Айтақын Бұлғақов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Жәниба Қарасаева, Дариға Мұштанова, Дәмеш Омарова тағы басқаларының таланттары осы бір тұста танылды. “Біржан мен Сараның іні-сіңлілері”, “Халықаралық Наурыз”, “Желтоқсан” сияқты айтыстардың да көп талантты жастардың есімін анықтағанына куәміз. Бұл толқындар айтыстың көркемдік дәрежесін назымен де сазымен де көтере келді. Әсия мен Әселханның әзілі, Қонысбайдың “әй-әйі”,Дариғаның “пай-пайы”, Шорабектің “айқайы”, өзбекстандық Мекембайға:
“Жайықтың мұнайы мен қызыл балық,
Мұны айтып біздер неге қызынбалық.
Теп-тегін басқа жаққа кетіп жатыр
Не деген көзсіз мырза бізің халық”, - деген
Қатимолланың қарқыны мен қарпуы халықтың есінде жаттаулы.
Телевизиялық айтыстан үлкен сахналық дәрежеге жеткен даму жолында айтыс та, айтыскерлер де осы өнердің болашағы үшін барын салған мүдделі мекемелер, өз бағын барымталап жүрген ақын – Жүрсін Ерман да қилы-қилы жолдардан өткені анық. Өнер болашақ ұрпаққа жалғанды. Еліміз егемендік алғаннан кейін поэзиялық өнеріміздің биік шарықтағанын көрдік. Сапасы жоғарылаған, даналығы тереңдей түскен қазақ поэзиясы бұрынғы ақындық дәстүрін өрлете отырып, жаңа дәуір жырларын тудырды. Жарқыраған жаңа есімдер қатары жыл сайын толыса түсуде. Бүгінгі айтысқа сауатты, білімдар, сахна мәдениетін, ұлт әдебиетін жете меңгерген, салауатты ұрпақ келді. От ауыз, орақ тілді, жас толқын Мұхамеджан Тазабеков, Аманжол Әлтаев, Мэлс Қосымбаев, Бекарыс Шойбеков, Шынарбек Қалиев, Әбілқайыр Сыздықов, Айнұр Тұрсынбаева, Ақмарал Леубаева, Жібек Болтанова, Карима Оралова біздің мақтанышымыз.
Құйқалы қара өлең көрікті көркем сөзбен көмкеріліп, образды шығармаға айналды. Салт-дәстүр, үлгі-өнеге, тіл, дін, экономикалық даму, саясат, әлеуметтік мәселелер айтыс тақырыбына айналғанымен қоймай, кінәлілерге сын жебесі қадалып, іреліп сойылған тұстары да аз емес. Шындықтың шымылдығын түрген ақындар айтысына деген халық сүйіспеншілігі артқан үстіне арта түсті. Ақындардың суырып салмалығы, орындау шеберліктері, мақамдары, қала берді сахна мәдениетін меңгерулері тамаша. Сондықтан да оларды ел сағына аңсай іздеп тыңдайды.
Өнердің қай түрін де қоғамнан бөліп қарауға болмайды. Қоғамның қозғаушы күшінің де өнерге ықпалы болатынын ұмытпауымыз керек. Айтыс та өз арнасымен ағып келіп, нарық теңізіне қосылды, бұл табиғи заңдылық. Өмірімізді өзегінен өзгерткен қоғамдағы өзгеріс айтыс табиғатын да өзіне бейімдеді. Жаңаша ойлап, жаңа даму жолына түскен өнерпаздар өнерінің де өңі өзгергеніне куәміз. Тек қана айтыс емес әдебиет, мәдениет, тіл, дін, экономика, ғылым жалпы тыныс тіршілігімізге жаңа леп, жаңа екпін, еркіндік, кеңістік әкелді. Осы кеңістікте “Әркімнің де өлеңге бар таласы”, - дегендей толқынға толқын қосылуда. Уақыт өз төрелігін жасаған сәтте бүгінгі тірлігімізге ертең бетіміз қызармайтындай келер ұрпаққа мұра боларлық туындылар жасау үшін еңбектену біздің басты борышымыз. Осы тұрғыдан алғанда ата мұра айтыс өнерінің де болашағы алаңдататынын ашық айтуымыз керек. Соңғы кезде айтыс ақындары бойынан өнерге деген салғырттық, тоғышарлық, жасандылық белең ала бастады. Олар бойындағы суырып салмалық қасиеттерінің қанатын кеңге жаюдың орнына жаттандылыққа, сұлбалық (трафарет) айтысқа бой ұруда. Айтыстың өзіне тиімді бірнеше үлгісін жасап алып, арасында бірер шумақпен жауап беріп, жан қинамайтын жеңіл жолға түсіп бара жатыр ма деген күмән көптің көңіліне ұялады. Жалпы қазақ айтысының тарихында ой қайталаушылық болған. Бірақ ол ой мүлдем басқа ұйқаспен, 11 буыннан 7-8 буынға көшу не керісінше, кейде тың әуенмен берілгенін біз ескеріп, өнеге тұтуымыз қажет.
Бүгінгі айтыс ақындарының мүмкіндіктерінің молдығы да кейде кері әсерін тигіземе деген ой да мазалайды. Көне заманнан бізге мұра болып қалған ауыз әдебиетінің озық үлгідегі жыр-дастандарының том-том жинақ болып қолымызға тиюі әдеби қорымызды, жан сарайымызды байыта түсті. Біз әжеміздің аузынан естіп, жаттаған жырларды бүгінгі ұрпақ емін-еркін кітап сөрелерінен қолына алып оқи алатын болғанының өзі зор бақыт. Алайда кейде айтыс барысында сол жыр-дастандарымыздан алынған шумақты ақындардың өз туындысындай иемденуі әрине қиянат.
“Ызғытып айда даусыңды,
Іңірде көшкен шайтандай.
Мың жылқының ішінде
Он жылғы қысыр байталдай”, -дегендей деудің орнына
“Ызғытып айтам даусымды”, - дейді.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осындай келеңсіз жәйттерге бүгінгі ақындарымыз неге тап болып отыр деген заңды сұрақ туады.
Бірінші себеп-айтыстың жүйесіз жиілігі.
Екінші себеп-айтыс тақырыбының еркіндігі. Жалпылама баяндау, ақынның не айтса да еркі болуы “Аузы барғанша сөйлеп, аяғы жеткенше жүреді”, - дегеннің керін келтірді. Осыдан барып айтыстың абыройын нұқсан келе бастады. Өнер халыққа қызмет көрсетуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |