«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)



бет30/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   43
Айтыс-УМК

Тұжырымдар
1. Айтыс ақыны өмірдің құбылыстарын терең талдап, замананың ахуалын баяндаудан бұрын қарсыласын қайткенде жеңіп шығуды басты мақсат санайды. Осыған орай жұмбақ айтыста, немесе кейіннен үрдіс болған жазба айтыста болмаса, әдетте сөз сайысына аса күрделі тақырыптар тілге тиек етіле бермейді. Өйткені замананың шынайы сипаты ащы ақиқатты ақтарып, кеудедегі мұң-шерді ашына айтқанда ғана ашыла түспек.
2. Зар заман поэзиясының өкілдері отаршылдық дәуірде қазақтың көшпенділік табиғатына жат құбылыстардың шығуынан шошынғаны белгілі. Әдепкіде ел ішіне ақшаның, шайдың келгеніне тосырқай қарап, кейіннен бойы үйренген соң оны байлықтың белгісі ретінде жырға қосу дәстүрі айтыстардан да байқалып қалады.
Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студент Шал, Орынбай, Сүйінбай, Жанақ, Біржан, Кемпірбай, Шөже, Майлықожа, Құлыншақ, Бақтыбай, Сабырбай, Ұлбике, Әсет, Ырысжан, Сара т.б. ақындардың өнердегі өнегесі, айтыс өнеріндегі ақындық мектептер, ақындар тілінің шұрайлылығын саралай білуі қажет.
Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Әуезов М. Әдебиет тарихы . А., 1991.

  2. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. А., 1973.

  3. Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. А., «Ғылым», 1976.

  4. Ысмайылов Е. Ақындар. А., ҚМКӘБ, 1956.

  5. Көкейкесті әдебиеттану. 3-кітап. Ас., «Күлтегін», 2003.



11-дәріс. ХХ ҒАСЫРДАҒЫ АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ ДАМУЫ


Мақсаты: ХХ ғасырдың басындағы айтыс өнерінің дамуы мен қалыптасуы туралы түсінік беру.
Сұрақтар:

  1. ХХ ғасырдағы айтыстың ерекшелігі.

  2. Жамбыл, Нұрпейіс, Шашубай, Кенен, Тұрмағамбет, Нартай, Нұрхан, Иса халық ақындарының айтыстары.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: төл өнер, сахна, шеберлік, өнер.
Дәріс мәтіні (тезис)
Айтыс – қазақ халқының өміршең де өскелең төл өнері, қоғамдағы өткен өзгерістерге қарамастан үнемі дамып, жетіліп келеді. Ақындар асыл ой, аталы сөздерімен арттарына ұрпаққа үлгі боларлық мұра қалдырды. Авторлары белгісіз ауыз әдебиеті үлгісінде бізге жеткен айтыстарды сөз етпегенде ХІХ ғасырда және ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Жанақ, Шөже, Күдері, Кемпірбай, Сүйінбай, Түбек, Құлмамбет, ал кеңес дәуірінде тамаша өнер көрсеткен халық ақындары Жамбыл, Нұрпейіс, Шашубай, Кенен, Тұрмағамбет, Нартай, Нұрхан, Иса – осы айтыс өнерінің нағыз жүйріктері.
ХХ ғасырда ерлермен қатар аттары шыққан бірнеше қыздар бар, олар ақындық шеберлігімен ел арасында болған атақты айтыстарға қатысқан, ол айтыстардың көбі бүгінге шейін жеткен. Ер ақындар әйел ақындардың ақындық қасиетін бағалап іздеп барып айтысқан. Бұған дәлел Әжек ақын мен Шәріпжамалдың, Қоянды жәрмеңкесінде көптің қалауымен Әсеттің Рысжанмен, Біржанның әдейі іздеп келіп Сарамен айтысуы. Бұл айтыстар – қара өлеңнің қаймағы, ақындықтың айбары, ана тіліміздің байрағы, - десек қателеспейміз.
Жыр алыбы Жамбыл бастаған халық ақындары айтыс жанрын тек мазмұн жағынан ғана емес, өлеңдік нақыш, ырғақ жағынан бірқыдыру ілгері бастырған. Кешегі кеңес саясаты кезінде айтыс үгіт-насихаттың тиімді құралы бола білді. 1943 жылы Ұлы Отан соғысының қызу жүріп жатқан кезінде Қазақстан үкіметінің арнайы қаулысымен қазақ халқының тарихында тұңғыш ақындар айтысы өткізіліп, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 88 ақын қатысып, сол айтыстың шымылдығын 97 жасында Жамбыл бабамыз ашқан екен. Бұның өзі айтыс ақындарының ұлы өнерді дамытудағы адалдығының айғағы. Бірлікке, қаһармандыққа үндеген ақындар жырлары елдің рухын көтеріп, жеңіске бір табан жақындатқандары рас.
Жаңа дәуір айтысының бұрынғы айтыстардан елеулі айырмашылықтары бар еді. Оған заманның өзгешеліктері әсер етті. Айтыс бұрынғыдай ел мен ел, ру мен ру арасында өтпей, ақын тұратын ұжымның – облыстың, ауданның, ауылдың не колхоздың, шахтаның атынан сөйленіп, өз елінің табыстарын мақтан тұтуға, қарсыласы тұратын ұжымның кемшіліктерін сынауға бағытталды. Ол жалпы айтыс жанрына тән белгілерді толық сақтай отырып, тақырыпты, мазмұнды түгелдей жаңа дәуір шындығынан алды. Айтыстағы мадақтау өз аулының (не ауданының, облысының) адамдарын жалаң дәріптеу үшін емес, қоғамға пайдалы еңбегімен көзге түскен ерлерді, жаңа қоғамдық құрылыста озық табыстарға жеткен ұжым мен оның мүшелерін, олардың әлеуметтік биік санасын, азаматтығын көрсету үшін айтылады. Ақын оны жұрт алдына жайып салып, соған арқасын сүйеп сөйлейді. Оны және үлкен ақындық бейнелі тілмен, шабытты жырмен жеткізеді. Сонымен бірге айтыс кеңес дәуірінде сын мен өзара сынның құралы есебінде пайдаланылады. Қоғамдық дамуда орын алып отырған кемшіліктерді, оны жете ұйымдастыра алмай отырған адамдардың шалағайлығын, еңбекке қырсыздықты өткір сыншылдықпен әшкерелеп, қарсы жақты олқылықтарды жоюға бағыттады. Сөйтіп ол жанды үгіттің құралы бола білді. Айтыстың күнделікті өмірге жақын осы қасиеті кеңес тұсында да жарқырай көрініп, үлкен әлеуметтік мән-мағынаға ие болды.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы айтыстар белгілі бір ұйымдастыру жұмысынсыз-ақ халық өнерін қызықтаған жұрттың сауық кештерінің ажырамас бір бөлімі есебінде өтті. Халықтың көп жиналған жерлерінде, ойын-тойларда аты белгілі ақындардың кездесіп қалуын пайдаланып, ел оларды айтысқа шақырған, қоздырып, көтермелеп, ақындық өнер жарысын ұйымдастырған. Кейде қыз бен жігітті, кәрі мен жасты айтыстырған. 1922 жылы Семейдегі бір жиында Иса Байзақов пен Нұрлыбек Баймұратов айтысыпты. Ауылда тұратын Нұрлыбек қала тұрғыны Исаны қағытып, қаланың кемшіліктерін айтып кемітуге тырысқан. Адуын Иса оған көнбей, қаланың саясаттағы орнын, мәдениетін айтып, ауылдың ескішіл мінез-құлқын сынаған.
20-жылдары өтіп, бізге жеткен айтыстардың мазмұны да, үлгісі де әр қилы. Шағытай мен Қарсақ айтысы (1923) ұлғайған ақынның жас інішегіне ілтипаты мен кішінің үлкенге құрметін бейнелесе, Керімқұл мен Бибайша айтысы (1926) қыз бен жігіттің әзіл-қалжыңымен басталып, жастық сезімдерін білдіруге жалғасады. Қағаз жүзінде жазылып, хат арқылы айтысқан ақындар да аз болмаған. Кете Жүсіп пен Қалыштың (1921), Рақымжан мен Ыбраштың (1923), Иса мен Қуаныштың (1925) айтыстары осы үлгіде туған. Халық ақындары ел ішіндегі ұнамсыз жайларды, шаруашылықтағы олқылықтарды, жеке адам бойындағы қырсыздықтарды көргенде, соны сынап айтудың жолын іздеген. Сөйтіп ол екпінді мен жалқауды, адам мен малды айтыстырып өлеңдер шығарған. Шашубайдың қасқырмен айтысында қасқыр бейнесіндегі белсендінің “жарлының жалғыз атын жегені” сыналса, қызылордалық Үркімбай ақын күтімсіз, мойны ырғайдай болған сары атан мен бригадирді, арқасы жауыр қара байтал мен колхоздың бастығын айтыстырады. Оларда шаруа көлігін күтімсіз ұстаған адамдардың жауапсыздығы сыналады. Осындай айтыстардың біраз үлгілері М.Әуезов атындағы институттың қолжазба қорында сақталған. Оның ішінде А.Әлжановтан жазылып алынған “Қасқыр мен қойдың айтысы”, “Сиыршы мен сиырдың айтысы”, Б.Меркемелиддинов жаздырған “Шопан мен сиырдың айтысы”, “Қаракер ат пен директордың айтысы” сияқты текстер бар. “Бай мен кедейдің айтысы”, “Шал оның бәйбішесінің айтысы” сол тұстағы кеңес саясатын қолдап, кедейлердің байлармен таласын көрсетуге, тоқал алмақ болған шалдың қылығын әшкерелеуге арналады. Кенен ақын жаздырған “Зейнеп пен Сұлубикенің айтысында” екпінді және жалқау колхозшы әйелдер айтысады. Халықтың еңбекке деген ықыласы өзгеріп, еңбектің өмірді жаңартудағы рөлін түсінгенін танытатын мұндай айтыстар кезінде адамды сын, өзара сын арқылы тәрбиелеуге қызмет етті.
Айтыстың әлеуметтік тіршілігіне тікелей қатысы бары, өстіп жүріп, өкімет, партия басшыларының назарына ілігеді. Халық әдебиеті сол арқылы өзінің өміршеңдігін, жаңа өмір жасауға қатыса алатын мүмкіндігін дәлелдейді. Ендігі жерде жергілікті өкімет айтыс ақындарын іздеп тауып, іске пайдаланады. Жаңа құрылған Жазушылар Одағы араласып, айтыс өткізуді мәдени дәстүрге айналдырады. 30-жылдары республиканың көп жерінде ірілі-уақты біраз айтыстар өткен. Облыстық басшылықтар мұны сол кезде кең етек алған “Социалистік жарыстың” барысын қадағалау ісіне пайдаланады. 1936 жылы Саяділ ақын мен Майса қыз айтысы қызғылықты өткен. 1939 жылы Алматыда Нұрлыбек пен Нартай ақын айтысқан. Олар Семей, Қызылорда облыстары атынан сөйлеп, өз облыстарындағы еңбектегі табыстар мен кемшіліктерді салыстыра суреттейді, Ертіс пен Сырдың табиғат байлығын, жаңарып жатқан өмірін жырға қосады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет