3.4. Қылмыстың арнайы субъектісі
Қылмыстық құқық теориясында қылмыстың жалпы субъектісінен басқа арнайы субъект деген ұғым бар. Қылмыстың арнайы субьектісі деп - қылмыс субъектісінің жалпы белгілерінен (дені сау, ақыл-есі дұрыс, белгілі бір жасқа жеткен тұлға) басқа ҚК-тің Ерекше бөлімінің нормаларымен қарастырылған қосымша белгілермен сипатталатын субъектіні айтамыз. Бұл белгілер мына төмендегідей болуы мүмкін:
- Субъектінің азаматтығына қарай: Мемлекеттік опасыздықтың субъектісі болып тек қана Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады, ал шпионаждың субъектісі болып шет ел азаматы немесе азаматтығы жоқ адамдар ғана болады.
- Жынысына қарай: зорлаудың (ҚР ҚК 120 - бап) орындаушысы болып тек қана ер адам ғана болып табылады.
- Жасына қарай: мысалы, кәмелетке толмағанды қылмыстық іске тартудың (ҚР ҚК 131-бап) субъектісі болып тек қана кәмелетке толған адам бола алады.
- Отбасылық - туыстық қатынастарға қарай: балаларды асырауға арналған қаражатты төлеуден қасақана бас тартудың субъектісі тек қана ата-аналар, ал еңбекке жарамсыз ата-аналар үшін – кәмелетке толған және еңбекке жарамды балалары болып табылады (ҚР ҚК 136-бап).
- Қызмет бабына және кәсіби міндетіне қарай: техникалық қауіпсіздік немесе еңбек қорғаудың басқа да ережелерін бұзудың субъектісі осы ережелерді сақтауға міндетті тұлға ғана бола алады (ҚР ҚК 152-бап).
- Әскери қызметке қатыстылығына қарай: бүл қылмыстардың субъектісі әскерге шақыру бойынша не келісім-шарт бойынша Қазақстан Республикасының қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрамаларында әскери қызмет атқарушы немесе әскери қызметшілер, сондай-ақ әскери қызмет аткарудың белгіленген тәртібі бойынша жиындардың өту кезеңіндегі запастағы азаматтар болып табылады.
- Басқа да негіздерге қарай: мысалы, куәгерлер, аудармашы, сарапшылар.
Арнайы субъектінің белгілері - бұл қылмыс құрамының қосымша белгілері. Қылмыс құрамының басқа элементтерін сипаттаушы (қылмыстың объективті және субъективті жағын) факультативті белгілер сияқты, олардың ерекшелігі мынада:
- Қылмыс құрамының құрылымдық белгілері бола алады, бұларсыз қылмыс құрамы болмайды. Мысалы, банкротқа ұшырау кезіндегі заңға қарсы әрекеттердің субъектісі тек борышты ұйымның иесі немесе жетекшісі, сол сияқты жеке кәсіпкер бола алады. Егер бұл әрекеттерді кәсіпорынның басқа қызметкері жасаса, қылмыс құрамы болмайды.
Ауырлатушы жағдайлардағы қылмыс құрамын жасайтын саралаушы белгі бола алады, егер айыптыға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену оның қызмет бабын пайдалануымен жасалса, мұндай әрекеттер ҚР ҚК-нің 176-бабының 2-бөлігі "В" тармағы бойынша сараланады.
Жазаны жеңілдетуші немесе ауырлатушы жағдай ретінде оны жеке басқа қарай бейімдеуде маңызды болуы мүмкін. Мысалы, ҚР ҚК-нің 54-баптың 1-бөліміндегі "О" тармағындағы ауырлатушы жағдай ретінде қылмыскердің қызмет жағдайына немесе шартқа байланысты өзіне көрсетілген сенімді пайдаланып қылмыс жасауы.
Достарыңызбен бөлісу: |