1. 2 Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сатудың


Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасаушы, сақтаушы, не сатушы қылмыскердің тұлғасы



бет2/5
Дата25.02.2016
өлшемі0.77 Mb.
#21452
1   2   3   4   5

1.3 Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасаушы, сақтаушы, не сатушы қылмыскердің тұлғасы
Қылмыскер тұлғасы - бұл ең алдымен қылмыс субъектісінің тұлғасы. Қылмыстық заң бойынша қылмыс субъектісі тұлғаны субъект қырынан көрсететін қасиеттерге ие болуы тиіс (есі дұрыстық, қылмыстық жауапкершілік жасқа толу және жеке тұлға болуы).

Қылмыскер тұлғасымен толық танысу үшін қылмыс субъектісінің қылмыстық құқықтық белгілерімен шектелу жеткіліксіз. Қылмыскер тұлғасына оның қылмыстық әрекеттерімен байланысты түрлі қасиеттер тән. Қылмыскердің жағымды және жағымсыз қасиеттерін қарастыру керек. Жай және қылмыскер тұлғаларының құрылымдары бір, бірақ қылмыскер криминогенді қасиеттерімен ғана ерекшеленеді.

Қылмыскерді екі бағытта түсінуге болады: бірі - адамның белгілі бір типін сипаттайтын ұғым, екіншісі - тұлғаны сипаттайтын қасиеттердің жиынтығы категориясы ретінде.

Криминологияда қылмыскер тұлғасы келесі белгілермен сипатталады:

1) әлеуметтік-демографиялық;

2) табиғи-психологиялық (әлеуметтік және антиәлеуметтік бағыты, құндылықтарды жобалаудың жүйесі, негізгі қажеттілік пен мүдде, оларға қөзқарасы, құқтың сананың деңгейі, психологиялық және психофизикалық ерекшеліктер);

3) әлеуметтік жүріс-тұрыс (әлеуметтік топпен арақатынасы -өндірістік үжыммен, отбасы, оқу орны, қоршаған ортамен, қоғамға қарсы элементтермен байланысы, қоғамдық белсенділігі, өзіне беретін баға);

Ведерников Н.Т. тұлғаға тән қасиеттерді екіге бөледі: а) тұлғаны жекешелендіретін (өмірбаяны, материалдық, психологиялық жағдайы); ә)жалпы қоғамдық сипаттама (саяси және тұрмыстық) [36,816.]. ВолженкинБ.В., қылмыскер тұлғасын жалпы, ерекше, және жеке қасиеттер сипаттайды, деп есептейді [37,986.]. Кез келген адам әлеуметтік жаратылыс ретінде өзін қоршаған ортамен тығыз байланыста болады. Мұндай байланыстар мен қасиеттер қылмыскер тұлғасына тән типологиялық белгілерді анықтауға мүмкіндік береді.

Адамның жасы, жынысы, отбасы және тұрмыстық жағдайы, мамандығы сияқты әлеуметтік-демографиялық қасиеттерінің көмегімен тұлғаның түрлі әлеуметтік топ иесі ретінде қылмысты жасаудағы белсенділігін, жасы, жыныстық ерекшеліктерін анықтауға болады. Қылмыскердің отбасы, тұрмыстық жағдайы тұлғаның қалыптасуына себепші болған криминогенді мән-жайларды ашу үшін қажет. Қылмыскер тұлғасын оның ой-өрісі, білімі, ақылы, көзқарасы, мүддесі жөніндегі мәліметтер сипаттай түседі.

Қылмыскер тұлғасына қылмыстық құқықтық сипаттама қылмыстық құқықтық категорияларға негізделеді. Қылмыстың түрі, ауырлығы, қылмысқа қатысушылық, жалпы және арнайы рецидив, қылмыскердің түзелу деңгейі сияқты қасиеттер қылмыскер тұлғасын өздігінше қалыптастырады.

Сонымен, қылмыскер тұлғасы дегеніміз қылмыс жасаған тұлғаның әлеуметтік маңызды, психологиялық, құқықтың және жеке қасиеттерінің, сондай-ақ оны өмірде басқа қырынан танитын көрсеткіштер жиынтығы болып табылады.

Қылмыскер тұлғасы - жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстарға криминологиялық сипаттама беруде басты элемент. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасаушы, жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды сақтаушы, сондай-ақ сатушы (айналымға жіберуші) тұлғалар өздерінің қылмыс әрекеттерімен, қабілеттерімен де ерекшеленеді. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жоғары дәрежеде даярлау үшін кем дегенде 20-ға жуық мамандықты игеруді қажет. Олар: цинкограф, фотограф, бедерлеуші, қабын ауыстырушы (қаптаушы), суретші және т. б. Бұл арнайы білімдерді жақсы игерген тұлға кәсіби қылмыскер бола алады. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздары жасаушы, әдетте, жалған құжаттардың дәлме-дәл көшірмесін даярлауға, түзеуге бейім, технологияны игерген жандар болады. Құжаттың шынайы түріне ұқсатып көшірмені жасай алу жоғары талғамды қажет етеді. Оларға ұқыптылық, ақылдылық, тапқырлық тән. Мұндай тұлғалар белсенді де, пассивті де бола береді.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау тарихында қалған кейбір қылмыскерлер жөнінде бірер ой айтсақ. Мұндай тұлғалардың бірі - одақ кезінде дүниежүзіндегі нөмері бірінші жалған ақша жасаушы Виктор Баранов. Оның арнайы шеберханасы болған. Мұнда қылмыскер теңдесі жоқ полиграфиялық шешімдерді, химиялық қоспалар, бояулар мен техникалық құралдарды ойлап тапқан. Сол уақыттағы 25, 50 сомдық банкноттардағы В.И.Ленин суретінде микроскоппен қарағанда әрең көрінетін, кірпіктің қабағына сәл тимей тұруы қажетті қорғану белгісі болған. Барановтың жасаған ақшаларының барлығында осы белгі сақталынған. Аға мемлекеттік сарапшы Тимофеев "Барановты дер кезінде ұстағандары дұрыс болған, бәлкім ол жарты жыл уақыт салып, ҒЗИ-на келгенде, жалған ақшаны жасау жөніндегі қылмысқа байланысты докторлық диссертацияны қорғап алар еді", деп қылмыскердің іскерлігін мойындаған екен.

Барановтың ақшадағы сулы белгі құпиясын ашқандығы туралы оқиға қызық. Бір жарым жыл еңбектенген Баранов, еңбегінен түк шықпағанына ашуланып, қағазын умаждап шелекке тастайды да, түкіріп жібереді. Түнде оянып, қағазына қайта үңілген данышпан жұлдызша белгінің бейнесін көріп, қиын жұмбақтың шешімін тапқан. Сонда қағаз қоспасының құрамында белок жетпеген көрінеді. Барановтың жасаған жалған ақшалары өзі құқық қорғау органына ұсталғаннан кейін 10 жылға дейін айналымнан табылып отырған.

Егер де Ресей ақша реформасы дер кезінде жүргізілмегенде, бүгінгі кезге дейін сол жалған ақшалар азаматтық айналымда жүрер ме еді, - дейді Ресей сарапшысы.

Иванов И.И., Фрунзелік Далдолов, Бурда сынды кәсіби ақша жасаушылар білгір қылмыскерлер 10 профессорға тең келетін болған. Баранов пен Бурда жасаған қылмыстары үшін 12 жылға, Далдолов 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Баранов сот шешімімен алғашқыда өлім жазасына кесіледі, кейіннен іс қайта қаралып, сот қылмыскерді 12 жылға бас бостандығынан айырады [38,56.].

Ал Боярский болса, ұсақтан бастап 5000 номиналды купюрге дейінгі франктердің суретін салу әдісімен жалған ақшалар даярлап, өткізген. Жалған ақша жоғары сапада даярланатын, оны сарапшы ақшадағы адам бейнесінің артық шашынан ғана айырған. Сот қылмыскерді 30 жыл бас бостандығынан айырады, бірақ ол кейінен 5 жыл колонияда отырып шығады да, банкноттардың жалған екендігін анықтайтын бас сарапшы қызметіне тағайындалады. Асыл тас су түбінде жатпайды деген, осы.

Бүгінгі техникалық прогрестің нәтижесінде жалған құжат даярлаудың әдісі әлдеқайда жеңілдеді. Жаңа технологиялардың (ксерокөшірме, компьютер) көмегімен әп сәтте-ақ жоғары дәрежеде ақша, бағалы қағаздың бейнесін жасауға мүмкіндіктері туды. Мұндай техникалық жетістіктерді қолданудан қылмыскерлер қалыс емес.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды сақтаушы ақылдылық, айлакерлік, сабырлық сынды қасиеттерді иемденеді.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды сатушыларға тән негізгі қасиет ретінде қулық, шапшаңдық, ептілік, алаяқтықты айтуға болады. Бұл қылмыскерлер адам психологиясын жақсы тани алады. Олар өз жәбірленушілерін өздері іздейді. Ерсілі-қарсылы өткен халықты бақылап жүрген, алдаудың тактикасын игерген қылмыскердің қармағына жәбірленушілер түсе кетеді.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасаушы сақтаушы, не айналымға жіберушіге төмендегідей белгілер тән екені анықталған: көздеген мақсатына жетуге табандығы - 70%, қулық-95%, айлакерлік-68%, өнертапқыштық (даярлаушыларға)-100%, терең жалпы және кәсіби білімділік-77%, меркантилизм-100%.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасаушы, сақтаушы, не айналымға жіберушілерге төмендегідей сипаттама беруге болады.

1 Жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау, не айналымға жіберуге байланысты қылмыс үшін 1998 жылы қылмыс жасап, жауапқа тартылғандар саны - 121 адам, 1999 жылы - 182 адам, 2000 жылы - 171 адам, 2001 жылы -106 адам, 2002 жылы - 101, 2003ж. - 83. (4-кесте бойынша).

1998 жылы қылмыс жасап, жауапқа тартылғандардың - 13,2%, ал 1999 жылы - 22%, 2000 жылы - 14 %, 2001ж. - 10,1 %, 2002ж. -14,1%, 2003 жылы -11,5 % әйелдер жалған ақша мен бағалы қағазды жасағаны, сақтағаны, не айналымға жібергені үшін жауапқа тартылғандар.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу түріндегі қылмыстардың орта есеппен 85,5%-ы ерлер жасаған. Бұл қылмыстарды жасауға ерлер бейім болады.

Кесте 5-тен аталған қылмыстарды тек жасөпірімдердің жасауы кемде-кем екенін байқаймыз. Көп жағдайда ересектер жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберуге жасөспірімдерді тартады. Жасөспірімдердің орта мөлшері 0,4%-ға тең.

2 1999 жылы жауапқа тартылған қылмыскерлердің 20 мен 29 жас аралығындағылардың - 33%, 30-54 жастағылар - 65% құрса, 2000 жылы 20-29 жастағылар - 44%, ал 30-54 жас аралығындағылар - 49%, ал 2001 жылы 20-29 жастағы қылмыскерлердің - 43,5%, ал 30-54 жаста - 45,2%. 2001 жылы 55 жастан жоғары жастағы кісілер - 4,5%, 2002 жылы 20 мен 29 жастағылар -34,7%, 30-54 жастағылар - 62,9%, 60 жастағылар жоғары - 0,8%, 2003ж. 20-29 жастағылар - 31 %, 30-54 жастағылар - 65,3% болған. Мұнан жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстары үшін жауапқа тартылғандар 30-54 жас аралығындағылар деп, соның ішінде 30-40 жастағылардың басым екендігін ерекше атауға болады. Бұл категориядағы қылмыстың істерді жасауға 16 жастан бастап 60 жасқа дейінгі тұлғалар қатысады. Көп болмағанымен жасөспірімдер мен зейнеткерлердің де жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау, не айналымға жіберуге қатыстылығы байқалады. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздармен жасалынатын қылмыс субъектілерінің орта жасы - 35 жас.

3 Жоғары білімі бар, не аяқталмаған жоғары білімді жауапқа тартылған қылмыскерлердің сандық көрсеткіші - 25,6%, орта-арнайы білімдері бар жауапқа тартылған қылмыскерлер - 4,5%, орта білімі бар жауапқа тартылған қылмыскерлер - 69,9%. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстары үшін жауапқа тартылған тұлғалардың басым көпшілігінің орта білімдері бар.

4 Өндірістегі іс материалдарында қаралған істердің басым көпшілігінде жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасаушы мен сақтаушылардан жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды айналымға жіберушілер көп анықталады. Жалған ақша мен бағалы қағазды жасаушылар - 15%, сақтаушылар - 32%, айналымға жіберушілер - 53%.

5 Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғалардың арасында 1998 жылы 121-дің 13,2%-ы, 1999 жылы 182-4 12,1%-ы, 2000 жылы 171-дің 14%-ы, 2001 жылы 106-ның 10,3%-ы, 2002ж. 101-дің 8,1%-ы, 2003ж. 83-тің 9,5% тұлғалар бұрын қылмысы үшін сотталғандар, жазасын өтегендер болып шыққан (Кесте 6).

6 Берілген көрсеткіштерден 1998 жылы 121 тұлғаның 28-і (23,1%), 1999ж. 182 жауапқа тартылған қылмыскердің 74-і (40%), 2000ж. 171 тұлғаның 62-і (36%), ал 2001ж. 106-дің 29-ы (19%), 2002ж. 101-ден 3 (30%), 2003ж. 83-тен 2-і (24%) қылмыстарды топтасып жасағанын көреміз.

7 Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасаушы, сақтаушы, не айналымға жіберушілердің 1999 жылы 25%-і жеке коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеушілер, 25%-жұмысшылар, басқа құрылымдағылар -12%, жұмыссыздар -37,7% көрсетсе, ал 2000 жылы коммерциялық құрылымдағылар - 12,5%, жұмыссыздары - 50%, зейнеткер және қызметшілер, еңбек қабілетсіздері - 12,5%, ал 2001 жылы коммерциялық ұжымда жұмыс істегендер - 16,3%, зейнеткерлері - 8,7%, жұмыссыздары - 57,5%, жұмысшылары - 13%, қызметкерлері - 4,5%, 2002-жылы коммерциялық ұйымдарда жұмыс істегендер -4,1%, зейнеткерлер -0,8%, жұмыссыздар - 75%, жұмысшы - 9,6%, қызметкерлер - 4,1%, 2003 ж. коммерциялық ұйымдарда жұмыс істегендер - 3,8%, зейнеткерлер жоқ, жұмыссыздар - 73,1%, жұмысшы -3,8% құраған.

Жалпы орта есеппен алғанда жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстары үшін жауапқа тартылғандардың 58,6%-ы жұмыссыздар, 12,34%-ы жеке коммерциялық ұйым қызметшілері болып келеді.

Қылмыскер тұлғасын зерттеуде оларды типтерге бөлудің де орны ерекше. Криминологияда бірнеше типтес қылмыскерлер қарастырылған. Оларды төмендегідей 3 топқа бөлеміз:

1) жеке ниетне байланысты (пайдакүнем, күштейтін кекшіл, көре алмайтын типтер т.б.)

2)ситуацияларға байланысты (криминогенді кездейсоқ типтер т.б.)

3)әлеуметтік бағытына байланысты (кәсіпқой үйренішті, тұрақсыз ұқыпсыз типтер т.б.)

Пайдакүнем-тұрақты типтегі жалған ақша мен бағалы қағазды жасаушы, сақтаушы, не айналымға жіберуші қылмыскерлердің қатыгездік қанына сіңген (жәбірленушінің әлеуметтік жағдайын, еңбекпен тапқан дүниесін айыруда жанашырлық танытпайтындар), қоғамға қайшы көзқарас тән. Бұл типтегі қылмыскерлерге бірнеше рет аталған қылмысты қайталап жасай беретін, бірнеше рет сотталған тұлғаларды жатқызсақ болады. Олар өз қылмыстық әрекеттерінің майталмандары, көбіне ұйымдасқан топпен қылмыс жасайды, өз-өздеріне сенімді қылмыскерлер. Тұлғаның бойындағы тұрақты дағдыланған пайдакүнемдік мүдде қылмыстық әрекеттің ниетін қалыптастырушы негізгі фактор болып табылады. Сондықтан мұндай типтес қылмыскерлер қоғамда жүргенде экономикалық салада криминологиялық жағдайды өзгерту оңайға түспейді.

Пайдакүнем-тұрақсыз типтегі жалған ақша бірлігі мен бағалы қағазды жасаушы, сақтаушы, не айналымға жіберушілерге тән белгі тұлғаның қылмыстық жауапкершіліктен тайсалуында. Бұл типтегі қылмыскерлердің табиғаты, психологиясы өзгермелі. Басқалардан қорқып жүріп қылмыстық әрекеттерге барып тұратын тұлғаларға жаза бірде әсер етсе, енді бірде әсер етпейді. Олар көбіне орындаушы, көмектесуші, қызметтерін атқарады.

Пайдакүнем-ситуациялық типтегі қылмыскерлерге жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберудегі қылмыстық әрекеттерді алғаш жасаушылар кіреді. Олар қоғамдағы қолайсыз жағдайлардың әсерінен қылмыс жасаулары мүмкін. Паида табудың оңай көзін көріп қалса, ондай мүмкіндікті текке жібере қоймайды.

Кекшіл типтегі жалған ақша мен бағалы қағазды жасаушы, сақтаушы, не айналымға жіберуші өзінің атына дақ келтіргейдерге намыстанып, кек қайтарудың жолын іздейді. Ол өз қарсыласының қиналғанын, оған зиян келгенін қалайды, өз мақсатына жеткеннен соң барып, бабына түседі. Бұл типтегілер алдыңғылар сынды пайда табуды көздемейді.

Саяси қылмыскерлер жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау, не айналымға жіберу әрекеттерін саяси мақсаттарда жасайды. Әдетте, олар мемлекетаралық келіспеушіліктерде кездеседі. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Гитлердің, сондай-ақ француз соғысындағы Наполеонның да өз қарсыластарының экономикасын күйретіп, жер жүзін жаулап алу мақсатында жалған ақшалар мен бағалы қағаздар жасап, ел-елге таратуы бұған дәлел [39,306.].

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберумен айналысатын қылмыскерлер тұлғасын төмендегідей типтерге бөлуге болады: пайдакүнем-тұрақты, пайдакүнем-тұрақсыз, пайдакүнем-ситуациялық, кекшіл, саяси қылмыскерлер.


Кесте 4- Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстар бойынша қылмыстық жауапқа тартылғандардың жынысы, азаматтығы жөніндегі сандық көрсеткіштер

Кесте 5- ҚР ҚК 206-бабындағы қылмыстардың топтасып, мас күйінде жасалуы туралы мәліметтер

Кесте 6- ҚР ҚК 206-бабы бойынша қылмысты қайталап жасаған тұлғалар жөнінде мәліметтер



II ТАРАУ. ЖАЛҒАН АҚША МЕН БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫ ЖАСАУ, САҚТАУ, НЕ САТУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ
2.1 Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстардың алдын алудың түсінігі және оның түрлері
Қылмыстылықпен күрес - қоғамда қалыптасып жатқан құбылыстармен тығыз байланысты күрделі процесс. Қылмыстардың алдын алу жөнінде Ж.П.Мараттың мынадай дана ойлары бар: "Тұрақты қалыптасқан қоғамда алдыңғы орында қылмыс үшін жазалаудан бұрын, қылмыстың алдын алу тұрады". Қылмысты ашу, кінәлі тұлғаны анықтау және әділ жаза тағайындау -мемлекеттің қылмысқа берген реакциясы ретінде көрінеді. Қылмыстың алдын-алу, кең мағынада қылмысқа жол бермеу азаматтардың қоғамға қауіпті әрекеттерді жасауынан мемлекеттің сақтануы дегенді білдіреді. Тар мағынада, қылмыстың алдын-алу дегеніміз бір жағынан қылмыстың себебін және оның жасалуына жол беретін жағдайлар мен мән-жайларды анықтау және жою, екіншіден, қылмыс жасауға қабілетті тұлғалардың тобын анықтау (қоғамға қарсы бағытты ұстаушылар) және олармен профилактикалық жұмыстар жүргізу болып табылады [40,126.].

Қылмыстардың алдын алу мәселесі - криминологияның басты элементі. А.Э. Жалинскийдің осы орайда мынадай диалектикалық және логикалық ой-тұжырымы бар: "Қылмыстың алдын алу теориясының пәні тұтас алғанда қылмыстың алдын алу шараларының түрі емес, ол қылмыстылық себебі -қылмыстылық - қылмыскер тұлғасы - қылмыстылықтың алдын алу сынды тізбекті жүйемен анықталатын ережелер болып табылады". Криминологияда қылмыстың алдын-алу ұғымына байланысты бірыңғай түсінік жоқ.

Қылмыстардың алдын алу мәселесі жөнінде Одақ кезінде алғашқы болып ой қозғағандар Гельфанд И.А. мен Михайленко П.П. (1960ж.). Олар қылмыстардың алдын алуды - қылмыстылықтың түп-тамырымен күресудің негізі, деп санаған. Авторлар "қылмыстардың алдын алу", "жою", "профилактика" сынды қылмыстармен күресу саласындағы терминологиялар мәселесіне жауап іздеді. Бұл ұғымдарды мағыналас синонимдер деп түсінеді.

Енді 70 жылдардағы ғылымдар бұл терминдерді түрлі мағыналас ұғымдар деп есептеді. Лекарь А.Г. мен Земенский А.Ф. "профилактиканы" қылмыстылықтың себептері мен оған жол беретін жағдайларды анықтау және ашу процесі, ал "қылмыстардың алдын алуды"- ойластырылған және дайындалып жатқан қылмыстарға жол бермеу процесі", деп қарастырады [41,156.].

Бұл ұғымдар шын мәнінде аралас ұғымдар, профилактика ұғымы екі мағынаны береді. Кең мағынада профилактика - нақты қылмыстарға жол бермеу, кейбір қоғам мүшелерінің құқық бұзушылықтарға баруын болдырмау (қылмыстың жасауынан сақтау), тар мағынада, біріншіден, қылмыстардың жасалу себептері мен оған жол беретін жағдайларды анықтау: екіншіден, қылмысты жасауға қабілетті тұлғаларды білу; ал үшіншіден, „қылмыстың профилактикасы" мен "құқықбұзушылықтың профилактикасы" ұғымдарын айыратын категория, төртіншіден "профилактика", "алдын алу", "жою" терминдерін жалпы саяси, заң және филиологиялық әдебиеттердегідей бір мағыналас ұғымдар болады, деп есептейді Аванесов Г.А. [42,996.].

Отандық ғалым Қайыржанов Е.І., "қылмыстың алдын алу" мен "қылмыстың профилактикасы" ұғымдарын бірыңғай мағыналас түсінік ретінде қарай келе, "қылмыстың алдын алу дегеніміз қылмыстардың себептері мен оларға жол беретін мән-жайларды жоюға бағытталған мемлекет атынан оның ұйымдары, құқық қорғау органдары, азаматтар жүзеге асыратын қызметтер болып табылады", -дейді [35,1696.]. Қылмыстың алдын алу мәселесі жөнінде Зудин В.Ф., Г.А. Аванесевтің еңбектері бар. Қылмыстың алдын алуды топтаудың бірнеше түрлері белгілі. Соңғы кезде ғылыми еңбектерде, практикада әлеуметтік субъектілер қызметтерінің сипатына қарай қылмыстың алдын алудың жалпы және арнайы түрлері кең тараған.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстардың жалпы алдын алудағы ұйымдастыру шараларын мыналар құрайды:

- айналымда ақшаның девальвациялануына жол бермеу;

- айналымда қолма-қол, не қолма-қол емес ақша мөлшерінің сәйкестендірілуі;

- ақшаны айырбастау ұйымдарының қызметтерін бақылауды ұйымдастыру;

- ақша бірліктері мен бағалы қағаздың қорғану белгілерімен халықты таныстыру;

- ҚР аймағындағы ақша айналымына шетел валютасының кіруі, не шығуын реттеу, валюталық қадағалауды күшейту;

- жалған ақша бірліктері ме бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстардың алдын алу мақсатында қаржылық ұйымдардың қаржылық бақылау қызметтерін күшейту;

- ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды шығаратын полиграфияларда бақылауды ұйымдастыру;

- ақша мен бағалы қағазды шығаратын баспада қызмет еткен тұлғаларды есепте ұстау;

- бағалы қағаз нарығын ҚР аумағында дамытуды халықаралық аренаға көтеру;

- бағалы қағаз нарығының жетістіктерін халыққа таныту үшін брокерлік, дилерлік қызметтерді дамыту;

- бағалы қағаз иелерін бағалы қағаз куәландыратын мүліктік құқықтармен тиісті дәрежеде қамсыздандыру;

- бағалы қағаздың барлық түрлерін (мемлекеттік және мемлекеттік емес) мемлекеттік тіркеуден өткізу;

- эмитенттің бағалы қағазды ұстаушыға бағалы қағаз куәландыратын мүліктік құқықтардың қанағатандырылатындығы жөнінде бағалы қағаз иесінің мекен-жайы бойынша алдын ала мәліметтер беру;

- бағалы қағаздың жалған еместігін тексеретін арнайы құрал -детекторды эмитенттедің міндетті түрде иеленуі;

- сотталушының жазаны өтеуін уәкілетті органдардың бақылап отыруы;

- құқық қорғау органдарының қылмысты ашудағы және алдын алудағы белсенділігін арттыру мақсатында жеткілікті дәрежеде қаржыландыру;

- жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына "Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстармен халықаралық күрес" атты оқу курсын енгізу және т.б.

Бағалы қағаздарды сатып алғанда, не айналымға жіберген кезде келесі кеңестерге назар аударған жөн:

- алдыменен эмитент туралы кеңірек мәліметтер алу;

- мемлекеттік емес бағалы қағаздардың мемлекеттік тіркеуден өткен екендігіне көз жеткізіп, қаржы органдарымен тіркелінген бағалы қағаздың эмиссиялану проспектісімен танысу;

- жарнамаларға толық сене бермеу;

- бағалы қағаздарды сатушының меншік иесі, не бағалы қағаздың меншік иесінің серіктесі екендігіне көз жеткізу;

- бағалы қағаздарды сату-сатып алу шартын жазбаша нысанда рәсімдей отырып, келесі жағдайды анықтау: шарт бойынша есептеудің тәртібі, жаңа иеленуші акционерлерді тіркеу тәртібі, бағалы қағазбен операцияларға салық төлеу тәртібі және т.б.; мәмілені инвистициялық институтта тіркеу. Мемлекеттік емес бағалы қағазға қаражат салу әруақытта қауіпті. Сатып алынатын бағалы қағаздың мемлекеттік тіркеуден өтуі, салған қаражаттың қайтарылуының, кірісті және сенімді болудың кепілі емес. Бағалы қағаздан кіріс неғұрлым жоғары болған сайын, мұндай бағалы қағазда қауіп те көп;

- кірісі орта рыноктың құнынан бірнеше еселеп кіріс беруді уәде еткен ұйымдарға қатты сене бермеу;

- барлық құжатттарды бір қоржында ұстамай, түрлі бағалы қағаздарға салу. Кіріссіз, не қайтусыз қалған жағдайда, бағалы қағазға салған қаражаттардан бірден айырылмайды.

Бағалы қағазды сатып алуда толық сенімді болу үшін келесі әрекеттерді жүзеге асырған жөн:

- сату-сатып алу шартын жасап, тараптардың қолымен бірге нотариалды куәландыру;

- акционерлерді тіркегенде жаңа иеленушіні енгізу туралы талаптан тұратын "қолдан көшу нұсқауын" тараптардың қолымен рәсімдеу;

- бағалы қағазбен операцияларға тиісті салықты төлеп, қаржы рыногының кәсіпқой қатысушысы компаниясында шартты тіркеу;

- реестр ұстаушыға өз құқығыңызды куәландыратын құжатты беруін сұрап жүгіну.

Акцияны иемдену үшін депозиттерге жүгінген тиімді. Тек депозиторшы ғана кім қандай бағалы қағазды иеленгендігін біледі және бағалы қағаздың бір тұлғадан екінші тұлғаға көшу процесін рәсімдейді.

Интерпол 1924 жылдан бастап бүкіл дүниежүзінің банкілері мен сақтандыру компанияларына, кәсіпорындарына таратып отыратын "Жалған ақшалар мен құжаттар" бюллетенін шығарады. Бізде де жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау, не сатудың алдын алуда Интерпол ұйымының Қазақстанда құрылған Интерполдың Қазақстандағы Бюросы арнайы журнал шығарып, онда ақша бірліктері мен бағалы қағаздың қорғану белгілерімен халықты таныстырып, аймақта кездесетін қылмыстар жөнінде және басқа да мәліметтермен хабарлау шаралары жүргізіліп отырғаны жөн еді. Дүниежүзіндегі ақша бірліктері, барлық жалған құжаттар (бағалы қағаз, акциздік марка, төлем құралдар), қылмыскерлер, оларға тағайындалған жазалар жөніндегі мәліметтермен ҚР құқық қорғау органдары да хабардар болса.

АҚШ құпия қызметі жалған банкноттардағы кемшіліктер жөнінде айтылатын арнайы брошюра шығарған. Тіпті, "Америка" энциклопедиясында құқық қорғау органдарымен ұсталынған жалған банкноттарда кездескен салыстырмалы фотографиялық кемшіліктер жөнінде арнайы мақалалар кіргізілген [43,476.].

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасауда хабарланған қорғану белгілер қылмыскерлерге бір жағынан көмек, бірақ та "сақтықта қорлық жоқ" екенін негізге ала отырып, қылмыспен күресте тәуекелге бел буған жақсы.

Бірнеше елдердің түрлі-түсті көшірме құралдарын құрастырушылар қылмыстардың алдын алудың ұйымдастыру және техникалық шараларын қарастыру үшін ассоциацияларға бірігеді.

Қылмыспен күресті жылдамдату үшін қылмыстың алдын алудың құқықтық шараларын жетілдіру қажет. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберуге қарсы күресте позитивті әсер ететін құқықтық шараларға мыналарды жатқызамыз:

- ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың айналымына байланысты азаматық актілерді жетілдіру;

- зерттеліп отырған қылмысқа байланысты қылмыстық құқықтық актілерді жетілдіру;

- жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберуді сот практикасында қарау мәселелері туралы ҚР Жоғары сот актісінің қабылданбауы.

Бағалы қағаз рыногы қаржылық рыноктың құрамдас бөлігі ретінде өндірісті қалыптастыру және дамыту мақсатында қаражат тартудың механизмі болып табылады. Бағалы қағаз жөнінде заң актілерінің өзіндік жүйесі бар:

- барлық бағалы қағаз жөніндегі ережелерден тұратын заңдар (ҚР азаматтық кодексі, "ҚР бағалы қағаздар рыногы жөніндегі заң");

- бағалы қағаздар жөнінде халықаралық Конвенциялар;

- бағалы қағаздың қалпы, мәртебесі туралы нормативтік актілер (меншік қатынасын, кәсіпкерлік, банктік және басқа салалардағы қызметтерді реттейтін актілер);

- жеке құқықтық қатынастар негізінде жатқан және локальды әсер етуші актілер.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды сату мақсатында жасау, сақтау, не сату үшін жауапкершілік қарастырылған заң актісін құқтық қолдануда қиыншылықтар туындамас үшін ҚР Жоғары Соты аталған қылмыстарды сот тәжірибесінде қарау мәселелері жөнінде қаулы қабылдағаны жөн еді. Мұнда қылмыс құрамы элементтеріне, арнайы ұғымдарға, саралау мәселелеріне толық түсініктер беріледі.

Ресейде полиграфиялық кәсіпорынды ашу, оның қызмет тәртібі мен полиграфиялық қызметтердің заңдылығын тексеретін бақылау органының уәкілеттігін, сондай-ақ құқықбұзушылық байқалған жағдайдағы жауаптылықтарды анықтайтын 1993ж. 22.09. №960 "РФ полиграфиялық қызметтерді реттеу" туралы Үкіметтің қаулысы қабылданған. Мұндай құқықтық актінің көмегімен Ішкі Істер органдары осы объектілерде профилактикалық қызметтерді жүзеге асыра алады [44,37-5066.]. Ал, ҚР полиграфиялық қызметті реттейтін арнайы заң жоқ, бірақ 1995.26.10. №20 ҚР бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық Комиссияның қаулысымен бекітілген "Бағалы қағаздардың бланкін даярлауға және толтыруға, ҚР территориясына бағалы қағаздардың бланкілерін кіргізуге рұқсат берудің тәртібі" туралы уақытша ереже бар.

Пайдакүнемдікпен жасалынатын қылмыстарға қарсы күресте қылмыс жасаудың "қаржы жағынан" тиімсіздеу болатындығын растайтын шараларды қарастырудың маңызы зор. Көзделген мақсатқа жету үшін орындау өндірісі, қылмыстық іс жүргізу және азаматтық заң актілерінде қылмыстық әрекетпен келген материалдық шығынды өтеу мәселелерін жетілдіру керек. Тәжірибеде жәбірленушілер қылмыспен келген шығынды сотпен өндірудің қиындығын ойлап, талаптан бас тартады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінде бұл мәселе қарастырылғанымен, оның орындалуы іс-тәжірибеде енжар.

Техникалық шаралар. Жалған ақшамен күресудің ғасырлар бойындағы тәжірибесінен ақша бірліктерін бұрмалаудан қорғанудың көп қырлы әдістері жинақталады. Жалған ақшаларды жасау, сақтау, не сатудың жалпы алдын алу шараларына ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды техникалық қорғауды жетілдіру; шынайы ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың көшірмесін көшірме-көбейткіш техникалардың көмегімен алудың техникалық мүмкіндіктерін жою; ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың шынайы екендігін тестілеудің техникалық құралдарын дамыту; типография құралдарын қолдануды және полиграфиялық кәсіпорындардың қызметтерін бақылау; ақша бірліктер мен бағалы қағаздардың шынайлылығы және жалған ақшалар мен бағалы қағаздардың белгілерімен халықты кеңірек таныстыру жатады.

Францияда фото көшірмеден рефлекторлы қорғану жүйесі қолданылады. Мұнда айна сынды бейне қорғануды қамтамасыз етеді. Ысыған аппаратқа банкнотты басып шығару үшін қағазды қойса, жанған жарық көшірме аппаратқа көрсетпей қояды. Француз ақша бірлігінің жеті қорғану белгілерінің бұл бір элементі болып табылады. Аталған қорғану құралы банкноттың өзіндік құнынан қымбат болғанымен де ақша бірліктерінің жаңа үлгілерін жасаған кезде шетелде кеңінен қолдану ақша көшірмесін алу мүмкіндіктерінен айырады. Нәтижесінде бұл қылмыстар санының азаюымен құжатқа жұмсаған қаражат өз құнын өтейді.

Әсіресе, банкноттар мен бағалы қағаздарды басып шығаруға мүмкін болмайтын көшірме құрал-техникалық жүйесін шетелдерде кеңінен қолданады. "Канон" фирмасының инженерлері мен конструкторлары көшірме техникадан қорғанудың екі типін ойлап тапқан. Оның бірі, жасырын сәйкестендіру жүйесі. Бұл әрбір көшірмеде арнайы құралдың көмегімен ғана анықталатын көшірме аппараттың кодты номірін қойып отырады. Түрлі түсті ксерокстің көмегімен, ақша бірліктерін көшіруден қорғанудың келесі жүйесі - превентивті жүйе. Мұнда электронды жады бар блок көшірме аппаратына банкнот енгізілгенннен-ақ автоматты түрде оны "танып қояды". Жалған банкноттарды даярламақ болған кезден-ақ бұл жүйе оларды сәйкестендіріп, аппарат қап-қара түсті көшірмені дайындап шығарады.

Қазіргі кезде жалған бағалы қағаздарды, банкноттарды шығарушы мен оны қорғау тәсілдерін ойлап табушылар арасында сайыстың өршіп жатқаны баршамызға белгілі. Құжат шығаруға уәкілетті тұлға мүмкіндігінше жаңа дамыған арнайы техника мен технологияларды бірінші болып пайдаланып жатса, қылмыскерлер мүмкіндігінше қымбат емес барлық құрал-жабдықтарды пайдаланып, жалған құжаттың дәл көшірмесін жасауға тырысады. Барлық заттардың көшірмесін жасауға болады, "абсолюттік" қорғану мүмкін де емес. Жалған ақшалар мен бағалы қағаздарды жасау кезінде техникалық емес, қаражат мәселесі маңызды роль атқарады. Себебі көшірменің құны өзінің түпнұсқасының құнынан аз болады. Қылмыскер сол жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды айналымға жібере отырып, оның үстінен таза пайда табуды көздейді. Басқа мемлекеттің экономикасын күйретуді, ақша мен несие жүйесіне зиян келтіруді көздеген (саяси мүдделі) қылмыскерлер керісінше, түпнұсқадан айнытпай сол елдің ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың көшірмесін жасау жолында қаражатты аямайды. Эмитентпен шығарылған бағалы қағаздардың тиражы ақша бірліктері санынан аз болады, сақтану шаралары да мардымсыздау.

Валиев С.Х. өз еңбегінде бағалы қағаздар мен ақша бірліктерін қолдан жасап алудың екі жолын атап көрсетеді [45,128-14566.]:

- қарапайым құрал жабдықтарды, техниканы қолданып;

- арнайы технологиялық құрылғылардың көмегімен жасаған.

Эмитент үшін бағалы қағаздарды қарапайым құрал-жабдықтармен дайындау тиімсіз, себебі сақтану белгілері де нашар болады. Жалған құжатты түрлі-түсті көшірме құралдарымен көп жасайды. Компьютермен бағалы қағаздардың кез келген түрін даярлауға болады. Арнайы компьютерде жаңа графиктік пакеттердің көмегімен принтерден шығаратын қағаз түрін түзетіп, өңдеуге де болады. Сондықтан да түрлі-түсті офсетті баспа бүгінде көшіріп алудан қорғану құралы бола алмайды. Лазерлі принтерді қолданып бағалы қағаз бейнесін алсақ, ол офсетті бояу сынды судан қорықпайды, қатарлы принтерден шыққан құжаттың бейнесі арнайы шаралар қолданбаса суда жайылып кетеді. Түрлі-түсті лазерлі принтердің құны да жоғары. Сапалы құжат даярлау үшін түрлі-түсті офсетті баспада арнайы талаптар сақталынады.

Офсетті баспада қажетті бояуларды басылу процесі басталғанға дейін қосып, даярлап алып қолданады.

Ғалым өз еңбегінде атақты фирмалармен ойластырылған бағалы қағаздарды көшірмеден қорғаудың төмендегідей технологиясын ұсынады:

- бағалы қағаздың сурет бейнесі таза графиктік болуы. Бұл - жалған құжатты түпнұсқадан айырудың негізгі жолы.

- графиктік бейнені қолдану. Графиктік бейнені көшіргенде түпнұсқадағы сызықтар үзілмейді, ал көшірмеде артық сызықтар пайда болады, оны лупамен көруге болады;

- құжат бейнесінің жоғары сапалы штрихтардан түруы. Бұл жүқа штрихтердің аралығы белгілі бір жерлерінде үзіліп қалады. Шынайы түпнұсқада сырттай қарағанда сызықты бейне жылтырлап тұрады және анық болады, ал көшірмеде олай емес;

- бағалы қағаз бейнелерін екі, кейде үш гильоширлі тор түрінде жасау. Бейнедегі сызықтар өте жүқа, оны скайнерлегенде түсі өзгереді. (боз реңді түстегі бағалы қағаздарды принтерден басып шығарғанда сызықтар үзіліп қалады);

- бағалы қағаздың технологиясын сақтау. Құжаттың "жасырын белгілері" тез байқалынады, не толық көрінбейді;

-қорғанудың кең тараған әдісі - биіктігі 0,2-0,3 мм-дегі қоршаудың ішінде жазылған микромәтін немесе штрихті суреттің астында қандай да бір штрихті бұлт тәріздес бейненің болуы;

- арнайы ашық жерлер қалдыруы. Бұл белгіні компьютерлі моделдеу арқылы ғана орындауға болады. Суретші оны жасай алмайды. Көшірмеде бұл ашық орын жанындағы қара элементтерге қосылып кетеді, не бояуы жайылады;

- үрділі голограмманы қолдану.

Эмитенттердің арасында керемет су белгісін (филиграндар), физикалық және химиялық бояуларды қолданып жасайтын қымбат тапсырыстар өте аз. Мұндай мүмкіндіктер қылмыскердің тиісті қағаздарды табуына кедергі бола алмайды.

Көп мекемелер бір баспаға бағалы қағаз басып шығаруға тапсырыс береді де, олардың бағалы қағаздары тек текстерімен ғана ерекшеленеді. Компьютерлік бағдарламалардың көмегімен тек бланкіні текстен тазалап, суреттерін туралап қойса болды, жалған құжат дайын. Бағалы қағаздар мен ақша бірліктерін сканерлеу, не принтерден түрлі-түсті бояулы Орловты баспаның көмегімен басып шығарады. Орловты баспаны қарапайым офсетті машиналарға пайдалану мүмкін емес, оларға арнайы баспа машинасы қажет. Мұндай кластағы машина өте қымбат және оны қадағалап отыруға болады. Егер де бағалы қағаз көпшіліктің сұранысына ие болса, жалған бағалы қағаздарды жасушылар түпнұсқаны жасауға қолданған техниканы да игерер еді. Мұндайда кәсіби қылмыскер жоғары сапалы сканердің көмегімен тамаша офсетті машинада жалған құжатты жасайды. Сонда барлық көзге көрінетін суреттер түпнұсқадағыдай сақталынады, бірақ бірде-бір тұлға түпнұсқаны жалған құжаттан айыра алмайды. Енді тек микраскоппен ғана көрінетін құпия элементтерге назар аудару қажет. Бұл - сарапшыларға тапсырылатын жұмыс.

Мықты қорғану әдістерін қолдансақ та, бұл жеткіліксіз. Сапалы етіп құжат даярлау үшін көп шығын кетеді. Тіпті жалған бланкілер даярлауға кеткен қаржы, оның номиналына сәйкес келуі де мүмкін. Осылай да эмитент қорғана алады.

Соңғы уақытта айналымда ерекше әдіспен даярланған жалған бағалы қағаздар пайда болуда. Шын айтсақ, олар қолдан жасалған жалған бағалы қағаз емес, имитация. Мұнда жалған бағалы қағаздарды тиісті ережелерді сақтай отырып жасайды, олардың микротексі тиісті орында, сапалы, сулы белгісі де болады. Бір қарағанда барлығы да дұрыс сияқты, бірақ суреттері мен бояулары шынайыға ұқсамайды. Қылмыскерлер мұндай имитацияны, біріншіден, бағалы қағаздың қандай екендігін ешкім біле бермейтін, екіншіден, бағалы қағаз жасауға арнайы лицензиясы, стандартты дизаинерлік шешімдері бар, көп кәсіпорын пайдалынатын, оның қорғану белгілерінің қырларын біле бермейтін эмитенттерге қатысты пайдаланады.

Түрлі баспалардың өз арсеналдарында барлық бағалы қағаздарды шығарған кезде қолданатын дайын, шектелген көлемде жазу түсіргіш (клиштері) болады. Баспалардағы барлық жазу түсіргіш бір-біріне ұқсас келеді. Бұл бір типографиядағы бағалы қағаздарды келесі басқа баспада даярлауға мүмкіндік береді. Шығарған бағалы қағаздары өте ұқсас баспалардың қайсысының қандай бағалы қағаз даярлайтынын білу қиын, оларды тек эмитенттері ғана ажыратады. Мұндай алаяқтықтан қорғанудың жолы - өздігінше ерекше, бір-біріне ұқсамайтын, эмитент атымен жасалынатын бағалы қағаздарды жасау. Тиісті дизаинерлік шешімдерді қылмыскерлерге сол бағалы қағазға ұқсастырып жасап үлгертпей, тым ұзақ мерзімге ұстап отырмауы керек, яғни бағалы қағаздарының түрлерін түрлендіріп отырған дұрыс. Эмитент үшін ол қосымша шығындар алып келеді, бірақ бағалы қағазды имитацияланудан қорғайды.

Жалған бағалы қағаздардың айналымда жүру мүмкіндігінен айыру мақсатында құжатты бағалы қағаздың қорғану белгілерін жетілдіруге уәкілетті орган ынталы. ҚР аумағында уәкілетті органның лицензиясы бар полиграфиялық кәсіпорындар ғана атаулы бағалы қағаздарды шығара алады. Бағалы қағаздарды басып шығаруда мынадай талаптардың сақталынуы тиіс:

- әрбір тапсырыс беруші бағалы қағазды жеке-жеке рәсімдеу (шрифт, бояуы, қорғаныс элементтері, ұлттық сәйкестендіру нөмірі, бағалы қағазды эмиссиялаудың регистірлік нөмірі және т.б.);

- көшірмесін жасаудан жоғары дәрежеде қорғалған бағалы қағазды рәсімдеу;

- сақтану белгілері бар, 702 г/квм салмақтағы қағазда басу;

- бағалы қағаздың бланкісінде міндетті түрде бағалы қағаздың нөмірін, сериясын, индосомент, "атаулы" деген сөз, қаржылық қордың мөлшерін, бағалы қағаздың номиналын көрсету;

- бағалы қағазды шығарған ұйым туралы мәліметтердің болуы. Қосымша талаптарға мыналар жатады:

- түпнұсқаның арнайы айыру белгілері, криминалистік басу әдістері тек бағалы қағаздың бланкісін жасаушыға, тапсырыс берушіге және мамандарға ғана белгілі болуы;

- қарапайым ультракүлгін сәуле мен магнитті әдіспен және магниттік тексеру әдісімен салыстырғанда анағұрлым күрделі, жоғары сапалы технологиялық машинамен оқылатын қорғану белгілерін иемдену.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың бояулары жайылмас үшін арнайы еріткіштер қосып даярлау жолдары қылмыскерлермен игерілген. Құжаттың жалған екендігін сондай-ақ қағазды бүктеу арқылы білуге болады, жалған құжатта қағаз бетіндегі бояулар жайлап түседі. Шынайы құжаттардың жаңасы ұстаған кезде сықырлап, қатты, жылтыр болады. Күлгін және қызғылт түсті талшық қағаздың өзіне түседі, ал көшірмеде мұндай емес. Лупамен қарағанда жалған ақшаның цифрлары, нөмірі, сериясы, әріптері қисайып түседі, рельефі болмайды, жазбаның шеттері тегіс емес. Жалған ақшаны көбіне сан соңына бөтен цифр тіркеу жолымен даярлайды. 1996-1997жж. айналымда банкноттардың жаңа сериялары шығарылып, қорғану белгілері күшейтілді. Жалған ақшаларды қазіргі банкноттардың дизаины арқылы ажыратуға болады. Олар күрделі технологиялық баспадан өтеді. Бұл қылмыскердің санаткерелік қабілеттерді игеруін қажет етеді.

Банкноттардың шын екендігін анықтайтын арнайы құрал-жабдықтар бар. Біріншісі - үлкейтілген приборлар. Олардың көмегімен:

- қағаздың фактурасы анық көрінеді - шынайы мақта - зығырлы, не жай А4 форматы;

- қағаздағы талшықтар (көшірмеден айыру үшін);

- баспаның типі (баспада немесе лазерлі принтерде);

- банкноттың шартты орындарында микробаспалардың бар, жоғымен де анықталады.

Екіншісі - барлық бөлімшелерде кездесетін ультракүлгін сәуле лампы. Ақшадағы қорғаныш сызығын ультракүлгін сәуле арқылы көруге болады, шын ақшада ол сары түске айналады. Мамандардың айтуынша, тәжірбиелі кассир жалған ақшаны арнайы құралмен тексермей де, қағаздың сапасынан сезе алады. Шынайы ақшаны зығырдан даярлайды, ол ақшаны қалыңдатады.

Отандық ұлттық валюта. Қазақ теңгесін алатын болсақ, теңге Германияда даярланған, жақсы қорғанған: сулы белгісі бар (сурет ақшаның екі бетінде де бар), металды лентамен, рельефті баспада даярланған. Монеталардың (металл тенге) да жалған түрлері айналымда кездеседі. Оның да қорғаныс белгілерін ескере отырып, ұқыпты қарасақ та жалған екендігін айырамыз.

Американдық банкноттар. Американдық банкноттың негізгі ерекшелігі сол, оның әрбір номиналында АҚШ президентінің бейнесі бар: 10$ долларда -А. Гамильтон, 20$ долларда - Э. Джексон, 50$ долларда - У. Грант, 100$ долларда Б. Франклин.

АҚШ Қаржы Министрі ақпарат орталығының мәлімдемесі бойынша 1995 жылы айналымда 35 млрд. жалған американдық доллар жүрген. Ол айналымдағы ақшаның 0,01% құрайды.(90% жалған банкноты тіркелген).

1996 жылы жаңа купюрлер енгеннен бері 100$ доллар жалған банкноттар саны 18 есеге азайған. 1997 жылы жаңа 50$ АҚШ доллары шыққан. АҚШ Қаржы Министрінің мәліметі бойынша, олар 1997 жылы 17 млрд. сомаға заказ берілген. Ұсақ купюрлер айналымнан алынып тасталған [46,188-19166.; 211-21366.].

АҚШ долларының келесі айыру белгілерін есте сақтаған жөн:

Портреттің детальдарын қолдан жасаудың қиындығы. Оны ортасынан сәл жылжытқан және де сулы белгі орналастырылған. Бейне экранның фонындағыдай дәл салынған. Жалған ақшаның бейнесі анық емес жеке детальдары бір-бірімен қосылып кеткен, бұлыңғыр.

Қорғаныс сызығы портреттің оң қатпалында тігінен тұр, банкноттың ортасынан өткізілген. Сызық бойындағы "USASO" жазбасы мен ту бейнесі жарықта ғана көрінеді. Ультракүлгін түс жарықта сары рең береді.

Федеральды резервтегі жүйе - ФРС жаңа универсальды мөр. Сол жақтағы сериялы нөмірдің астындағы әріп пен нөмір федеральды резервті банктің банкнотты шығарғанын білдірді.

Микробаспа - банкнот шетіндегі майда шрифті сөздерді басып шығару. Банкноттың алғашқы бетіндегі "SUFTY" жазбасы рамканың ішінде қайталанады, ал "Uinifed states Amerika" сөзі портретке түскен.

Жіңішкі концентрлі сызықты баспа әдісімен жасау. Оны бұрмалап дайындау қиын.

Құжаттың құбылмалы рең беруі. Даярлауда типографиялық бояу қолданылған. Егер де банкнотқа тігінен қараса, алғашқы бетінің төменгі жағындағы цифрлардың түсі жасыл рең береді, ал көлеңкеде нөмірдің түсі қараға айналады. Кейбіреулер банкнотты бір затқа үйкегенде, сол затқа бояуы жұғатын болса, мұндай ақша жалған болғаны деп ойлайды. Бұл олай емес. Керісінше, шынайы ақша үйкеген затында із қалдырады. Шынайы ақшаларда штрихтар болады, ақшаның көшірмесін жасағанда қара дақ түрінде қағаз бетіне түсетін болады. Бұл тек талшықтарды техникалық жағынан қорғайды.

Зерттелініп отырған қылмысқа криминологиялық талдау жасай отырып, жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберудің алдын алу шараларын екі топқа бөлеміз:

- жалпы;

- арнайы криминологиялық.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберудің жалпы алдын алу шаралары деп жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберумен күресудің ұйымдастыру, техникалық, құқықтық шараларын айтамыз. Аталған қылмыстардың алдын алудың арнайы шаралары дегеніміз жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберуді жүзеге асыруға бағытталған белгілі, не нақты тұлғаларға әсер ететін шаралардың жиынтығы болып табылады.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздары жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстардың алдын алу шараларын ҚР Ұлттық Банкі және оның құрылымдары, ҚР қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және бақылау Агенттігі, ҚР Экономикалық және жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес Агенттігі, прокуратура, сот органы, Интерполдың ҚР Ұлттық Бюросы жүзеге асырады. Бұл - негізгі субъектілер.

Банкноттар мен бағалы қағаздардың қорғану белгілерін дамыту, мықты мамандар тарту, сақтану әдістерін жетілдіру жұмыстары ҚР Ұлттық банкі мен оның ұйымдарының, ҚР қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды бақылау және реттеу Агенттігінің қолында.

Сонымен, жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың жасалу, сақталу, не айналымда жүру мүмкіндіктерінің алдын алуда ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың қорғану белгілерін жетілдіру, яғни техникалық қорғану шараларын ұйымдастыру, қай кезеңде болмасын басты мәселе болып қалмақ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет