Сын есімнің жасалуы. Туынды сын есімдер.
Сын есім құрамы жағынан негізгі сын есім және туынды сын есім болып бөлінеді. Ешбір қосымшасыз негізгі түбір күйінде жұмсалатын сын есімді негізгі сын есім дейді. Мысалы: қара, көк, биік, таза, жақсы, сары, терең т. б. Бұл сияқты сөздер — әрі қарай бөлшектеуге келмейтін негізгі түбірлер.
Басқа сөздерден жұрнақ арқылы жасалған сын есімді туынды сын есім дейді. Мысалы: көш-пелі (ел), кеш-кі (ауа), өнер-лі (жігіт), аудан-дық (комитет), азамат-тык, (борыш), тарих-и (оқиға), үрк-ек (ат) т. б. Құрамы жағынан туынды сын есім негізгі түбір мен қосымшадан (жұрнақтан) тұрады. Демек, туынды сын есімдер жұрнақтар арқылы жасалған сын есімдер болып табылады. Туынды сын есімдер жұрнақтар арқылы есім сөздерден де, етістіктен де жасалады. Мысалы: қыс-қы (күн), су-сыз (жер), сөз-шең (адам) т. б. сын есімдердің түбірі зат есім болса, тол-ық (адам), көтер-іңкі (көңіл), ауыспалы (егіс), үсте-ме (ақы) т. б. сын есімдердің түбірі — етістік. Сондықтан да сын есім жасайтын жұрнақтар екі топқа бөлінеді: есім сөзден сын есім тудыратын жұрнақтар және етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар. Сын есім сондай-ақ қосарлану және тіркесу арқылы жасалады. Мысалы: үлкен-кіші, апалы-сіңлілі, биік-биік, жақсы-жаман, балалы-шағалы және шұбар ала, қара көк, ақ сақалды, жирен қасқа т. б. Бұлар құрамына қарай күрделі сын есімдер деп аталады. Бір ғана түбірден негізгі немесе туынды түбірден тұратын сын есімдер дара сын есімдер деп аталады.
1-тапсырма. Туынды сын есімдердің ішінен етістіктен жұрнақ арқылы жасалған сын есімдерді теріп жазыңыздар.
Ұрысқак, тайғақ, сәнқой, үркек, қорқақ, әуесқой, бөлек, толық, сынық, ашық, ақсақ, соңғы, сирек, білгіш, жазғыш, күзгі, көргіш, айтқыш, найзагер, барғыш, таулы, тасты, денелі, көрікті, өнерлі, үйсіз, жерсіз, сыртқы, күндік, өлкелік.
2-тапсырма.Төмендегі сөз тіркестерін қатыстырып сөйлем құрап айтыңдар.
Күрең қызыл, қара ала, қара сұр, ақ сақалды, қызыл ала, қоңыр күрең, қара сұр, қара көк , көк ала, қалың қамысты, ақ қанатты, кең маңдайлы, түлкі тымақты, қос ішекті, былғары етікті, қасқыр ішікті. қазақы мінезді, толықша денелі, сәнді киімді, өткір көзді, сапалы білімді.
Достарыңызбен бөлісу: |