Сыр сақтайтын – тұрағы (83-б.). Сонымен бірге Дулаттағы: ұйқы беріп, қайғы алу, ішің – аяз, ақ қырау, сыртың – сұлу сарайсың; Ыдысысың параның (анаология); сөз – жібек жіп, жыр – кесте; бәйбішенің мойнына жырдан алқа таққаным; босағасын борлату; көңілдің құтысы; Ес, ақылға байланысты: Құтың болса, құйып ал, Құтсыз болса төге сал, Сөйлейін біраз нұсқаны; достықтың қылы; ұйқыны шайдай сұйықтау; мақтан деген – алтын ер; Сүйіп алған сұлу жар - Жүрегіңнің құрағы; Өсек – оттың ұшқыны, Кеуде – ақыл сарайы; ауылдың атқамінері – жемтікке қонған күшіген, мал – дүниенің опасы, Иман – жанның сапасы) т.б. ерекше образдар. Бұлардың ішінде жырдан алқа тағу, сәулетінің сағымы шынардың бұтағына күнді әкеп қойғандай болуы сияқты кітаби элементтер жеткілікті.
Дулаттың 1880 жылы Қазанда басылып шыққан «Өсиетнама» атты кітабындағы бірқатар өлеңдерді зерттеуші Қ.Өмірәлиев Шортанбай мен Шалдікі деп алып тастағандығын, осы көзқарасты дұрыс санайтынын Р.Сыздықова еңбегінде атап өтеді (Қазақ әдеби тілінің тарихы,.2005, 165-б.). Бірақ 2001 жылы «Ғылым» баспасынан Дулаттың «Өсиетнама» деген атпен жарық көрген жыр кітабының алғы сөзінде жинақтың құрастырушылары; «Кеңестік кезеңде көркемдік қуаты, мазмұн-мәнділігі ерекше болғанмен, саясатқа бағына қоймайтын асау да арынды ақ алмастай жарқыраған жыр жолдарының қысқартуларға ұшырағаны белгілі. Бұл жинақта 1991 жылы алғаш басылған «Замана сазында» (құрастырушы Қ.Өмірәлиев) алынып тасталған құнды шығармалар қайтадан қалпына келтірілді. Жыраудың Ұлттық және ҚР ҰҒА-ның ғылыми кітапхана қорларында сақталған өлең нұсқалары бірі-бірімен салыстырылып, толықтырылып берілді. ...Еңбек алғаш жарияланған нұсқасымен толық сәйкесетіндіктен, «Өсиетнама» деп атауды жөн көрдік - деп көрсетеді (Дулат Бабатайұлы. - Өсиетнама. – Алматы. - 2001. - 4-5бб.).
Ең алдымен, Дулат — жыраулық дәстүрден бойын аулақ салып, жазба поэзияның белгілерін орнықтырған, тың образдар жасаған ақын. Екіншіден, Дулат ақын - абстракт сөздердің қолданысының жиілігін арттырып кеткен ақын.
Мағыналық жағынан бір-біріне жуыспайтын, жақын емес сөздерді тіркестіру арқылы жаңа поэтизмдер, жана образдар жасаудың алғашқы үлгілерін үсынған да, оның нақты шебері де Дулат ақын саналады. Атап айтқанда, “тіршілік пен өлімнің ұзақ дауы — өмір”, “көңілдің құтысы”, т.б.
Дулат өлеңдерінде кірме сөздер қатары, әсіресе, діни лексика элементтері көп ұшырасады. Олардың дені халық тіліндегі тұлғасында емес, жазба тілдегі түрінде берілген. Мысалы, уа да, беһсмила, муһмин, раббы, фарз, пәндә, әдһәм, адал, адет, т.б.
Қазақ даласына құранмен жарыса ортаазиялық жазба түркі әдебиетінің ірі мәтіндері, яғни дастандар жақсы таралған. Дастандармен қазақ халқы сол кездің өлшемімен алып қарағанда, жақсы таныс болды. Жалпы қарапайым халықтың осы тектес әдебиетпен таныстығы дастандардың ауызша түрде таралуының нәтижесі еді. Ал ауызша таралу кезінде бөтен сөздердің тілге икемделуі жүреді. Сондай икемделудің бір түрі жазба тілге де аздап әсер еткен. Бұл туралы арабша “айн дыбысымен’ келетін сөздердің бірқатары ғ дыбысымен айтылып, кейіннен таңбаланғанда ғ арқылы таңбаланатын болғанын (ғалам, ғаділ, т.б.) Р.Сыздық атап өтеді. Дулаттағы: ғайып (Кісі ғайыбың көрмейді) (Аталған еңбек,97-б.); ғаділ (Шариғатты аударса, Ғаділ демей, не дейміз?) (Сонда,99-б.), т.б. Кейіннен осы күйінде нормаланды. Кейіннен бірте-бірте ғ түсіріліп, әділ, айып болып айтылатын дәрежеге жеткені белгілі. Қазақ сөздеріне ұқсастырып, икемделіп айтылатын күйге түскен сөздерді Дулаттан да, басқалардан да кездестіреміз: мүсәпір, кәріп, мүңкір, нәңкүр, мұсылман, қожа, молда, кітап (Кітабында солай деп) (Өсиетнама,124-б.), т.б.
Кейін келе, бірте-бірте халық арасында дастандардың бірнеше варианттары пайда болғанын проф. М. Томанов, басқа да ғалымдар атап өтеді. Осы дастандардағы, кейбір жекелеген ақындардың жырларындағы, толғауларындағы араб-парсы элементтерінің көбі діни сөздер болып келуінің себебі осында жатса керек.
Діни сөздер біздің тілімізге негізінен жазба тілдің нәтижесінде енетіндіктен, шыққан тіліндегі мазмұны мен тұлғасын сақтайды. Әрине, мұндайда жазудың әсерінің күштілігі сезіледі. Бұл кірме сөздер ауызекі тіл элементтері емес, олар тұрмыстық деңгейдегі сөздерге жатпайды, көркем шығармалар мен ислам дінін уағыздаған, ислам дінінің канондарын жеткізуші діни кітаптардан енген сөздер болды. Қазақ тіліне ену барысында грамматикалық тұлғалық, кейбір фонетикалық өзгерістер болғанымен, жоғарыда айтып өткендей, Дулат, Бұхар, Шортанбай ақындардың өлеңдеріндегідей, түпнұсқалық мағынасы, тұлғасы сақталған.
Достарыңызбен бөлісу: |