12-сурет. Бұлттың түзілуі
Жер бетінен көтеріліп бара жатқан ауа температурасы 00С- тан төмен биіктікте, бұлтта мұз кристалдары пайда болады. Су буларының кристалдануы әдетте, ауа температурасының -100С, -150С жағдайларында жүреді. Бұлтты құраушы сұйық және қатты элементтері арасында, бір-бірін бөліп тұратын айқын шекара болмайды, тек қалың өтпелі қабат ажыратылады.
Бұлтты құраушы ұсақ бу тамшылары мен майда мұз кристалдары жер бетінен жоғары бағытталған ауа ағымдарына ілесіп, көтеріледі де, белгілі бір деңгейде салмақ күші әсерімен, қайтадан төмен құлдилайды. Бұлтты құраушы жекелеген элементтерінің басымдылығына қарай: су бұлты, мұз бұлты және аралас бұлт ажыратылады. Су бұлты ұсақ су тамшыларынан тұрады, оның көлемі 2 мк-нан, 7 мк дейін, сирек жағдайда 100 мк дейін барады. 1м3 су бұлтын бірнеше жүздеген ұсақ су тамшылар құраса, мұз бұлты майда мұз кристалдарынан тұрады. Аралас бұлт көлемі әр алуан ұсақ су тамшылары мен мұз кристалдарынан тұрады. Бұлт тұманнан атмосфера қабатындағы орны, физикалық құрлымы және алуан түрлі сырт пішінімен ерекшеленеді.
Бұлттар үнемі қозғалыста болады, сыртқы пішініне қарай үш типке бөлініп, халықаралық атауы латынша аталады.
Қазбауыр немесе шарбы бұлт (лат. Cіrrus) – жер бетінен өте жоғары, 6000 м биіктік шамасында пайда болып, негізінен мұз кристалдарынан тұрады. Өте жұқа, ақ түсті, болып, жерге көлеңке бермейді. Талшық жіп, қауырсынғы ұқсайды, кей жағдайларда малдың шарбы (іш) майына ұқсағандықтан, шарбы бұлт деп те атайды. Қазбауыр бұлттан жауын-шашын жаумайды.
Будақ бұлт (лат. Cumulus) – негізінен жылдың жылы, көктем мен жаз айларында көрінеді. Будақ бұлттардың пайда болуы, қызған ауаның жер бетінен жоғары бағытталған ағынымен байланысты. Көтерілген ауа салқындап, конденсацияға ұшырауы нәтижесінде, бұлт түзіледі. Пішіні күмбез немесе түтілген жүнге ұқсас болып, биіктігі 2000 м-ден 6000 м-ге дейін жетеді.
Қабат бұлт (лат. Stratus) – айқын пішіні жоқ, көлденең жолақ немесе қабатқа ұқсап, бірыңғай сұр түсті болып келеді. Қабат бұлт басқанда, аспан тұман тәрізді бұлыңғыр болып көрінеді. Биіктігі 2000 м-ден төмен болып келеді.
Халықаралық жіктеу бойынша, бұлттар биіктігіне қарай төмендегідей төрт тұқымдасқа бөлінеді:
I тұқымдас – жер бетінен 6000 м биіктікте жайғасқан, жоғарғы ярус бұлттары (СН);
II тұқымдас – жер бетінен 2000 м-ден 6000 м биіктікке дейін жайғасқан, орта ярус бұлттары (CM);
III тұқымдас – жер бетінен 2000 м биіктіктен, төмен жайғасқан, төменгі ярус бұлттары (CL);
IV тұқымдас – жер бетінен вертикаль бағытта дамитын бұлттар, негізі төменгі ярус деңгейінен (500 м бастап), ұшар басы, жоғарғы ярус бұлттары шегіне дейін жетуі мүмкін (С).
Бұлттар сырт белгілеріне қарай он туысқа бөлінеді. Бұлт туыстары тұқымдастар бойынша төмендегідей бөлінеді:
I тұқымдас (жоғарғы ярус):
1-туыс. Шарбы бұлттар Cirrus (Ci) – Ақ талшық немесе жіп тәріздес, жерге «көлеңке» бермейді, көбінесе, күмістей жарқыраған, жеке нәзік бұлттар.
2-туыс. Шарбы-будақ бұлттар Cirrocumulus (Cc) – жер бетіне «көлеңке» түсірмейтін, мөлдір қабаттар мен қырқалар.
3- туыс. Шарбы-қабат бұлттар Currostratus (Cs) – жұқа, ақ түсті, күн сәулесін өткізетін жамылғы. Жоғарғы яpyс бұлттары түгелдей, мұз бұлтына жатады.
II тұқымдас (орта ярус):
4-ші туыс. Биік будақ бұлттар Altocumulus (Ac) – тығыз ақ мата немесе ақ жамылғы тәрізді қабат, қырқалар. Өте майда су тамшыларынан тұрады.
5-ші туыс. Биік қабат бұлттар Altostratus (As) – біртегіс немесе толқын тәрізді, сұр түсті жамылғы, аралас бұлттарға жатады.
III тұқымдас (төменгі ярус):
6-ші туыс. Қабат будақ бұлттар Stratocumulus (Sc) – сұр түсті, шоңғалдар мен жалдардан тұратын қабаттар мен қырқалар. Су тамшыларынан тұрады.
7-ші туыс. Қабат бұлттар Stratus (St) – бірыңғай сұрғылт түсті жамылғы, су тамшыларынан тұратын бұлттар.
8-ші туыс. Қабат жаңбыр бұлттары Nimbostratus (Ns)– айқын пішінсіз, сұр қабат. Көпшілік жағдайда, бұларға төменгі жағынан ыдыраған жаңбыр бұлттары ілесіп жүретіндіктен, аралас бұлттарға жатады.
IV тұқымдас (жер бетінен вертикаль бағытта дамитын бұлттар):
9-ші туыс. Будақ бұлттар Cumulus (Си) – негізі аспанда көлденең жайғасқан, тығыз, бұлт будақтары мен шоғырлары, су буларынан тұрады. Шеттері ыдыраған түрлерін, ыдыраған будақ бұлттар Fractocumulus (Fc) деп атайды.
10-ші туыс. Будақ жаңбыр бұлттары Cumulonimbus (Cb) – жер бетінен вертикаль бағытта өрбіген, тығыз будақтар, төменгі бөлігі су тамшыларынан, жоғарғы жағы мұз кристалдарынан тұрады.
Бұлттар географиялық қабықтағы тіршілік үшін маңызды роль атқарады, ең бастысы, жер бетіне түсетін ылғалдың қайнар көзі болып табылады. Дүниежүзілік мұхит бетінен көтерілген ылғал құрлыққа бұлттар арқылы тасымалданып, жер бетіне атмосфералық жауын-шашын ретінде жауады. Сондай-ақ бұлттар арқылы құрлыққа тек ылғал ғана емес, жылу да тасымалданады. Бұлт жамылғысы күн радиациясын шағылыстырып, атмосфераға шашыратады. Сондай-ақ, бұлттар жер бетінің өзінен жылулық сәуле шашуын тежеп, атмосфераның төменгі қабатындағы ауа температурасының тәуліктік режимін де реттеуші болып табылады, бұлтсыз жағдайда ауа температурасы тәулік ішінде күрт ауытқуға ұшырар еді.
Найзағай ойнауы. Атмосфера қабатында жүретін оптикалық құбылыстардың бірі– найзағай ойнауы. Атмосферада бұлт түзілу барысында, бұлт түзуші элементтердің электрлік қуаттануымен қоса, бұлтта бос электр зарядтарының топталуы да, қоса жүреді. Электр зарядттары тіпті, шағын будақ бұлтта да байқалады. Электр зарядттары әсіресе, жер бетінен вертикаль бағытта дамитын, жоғарғы жағында температурасы төмен болатын (t<–25°), қуатты будақ жаңбыр бұлттарында қарқынды байқалады. Әдетте, мұндай бұлттың негізі теріс зарядты болып, жоғарғы бөлігі оң зарядты болады. Бұлттардың электрлік қуаттану себебі әлі толық зерттелмеген. Ауаның жер бетінен өте жоғары жылдамдықпен көтерілуі, бейтарап атомдардың атмосферада оң және теріс зарядтты бөлшектерге жіктелуіне (13-сурет) негіз болуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |