Ылғал жетімсіздігі – белгілі бір температурада ауада болуы мүмкін, максимал ылғалдылықпен, абсолют ылғалдылық арасындағы айырмашылық. Ылғал жетімсіздігі де, тікелей ауа температурасымен байланысты. Ауа температурасы жоғары болса, ылғал жетімсіздігі үлкен, ал ауа температурасы төмен болса, ылғал жетімсіздігі мардымсыз болады.
Су буларының конденсациясы мен сублимациясы. Су буына қаныққан ауаны онан әрі салқындатса, оның қанығуы артып, сұйық (тамшы) күйге немесе қатты мұз кристалдарына айналады.
Су буларының сұйық (су тамшыларына) күйге айналу құбылысы су буларының конденсациясы, ал қатты (мұз кристалына) күйге айналу құбылысы су буларының сублимациясы деп аталады.
Су буларының конденсациясы ауа температурасы 00С-тан жоғары, ал су буларының сублимациясы ауа температурасы 00С-тан төмен жағдайда жүреді.
Су буларының конденсациясы, екі түрлі жағдайда: ылғалға қаныққан ауаның, салқын жер бетімен жанасуы нәтижесінде және су буларының атмосфераның өзінде конденсациялануы арқылы жүреді. Табиғатта су буларының конденсациясы мен сублимациясының бірнеше түрі байқалады.
Шық – су булары конденсациясының қарапайым түрі, ауаның түнде салқындауы нәтижесінде, жер беті, өсімдік жапырақтары мен түрлі заттар бетінде пайда болатын су тамшысы. Ашық ауа райы жағдайында, күн батқаннан кейін өзінен жылу шашқан жер беті, тез салқындайды. Шық ауа температурасы 00С-тан жоғары жағдайда түседі. Қыратты жерлерге қарағанда, ойпаң, шалғынды жерлерге мол түседі. Әдетте, шық түн ұзарған, жаздың соңында мол түседі.
Қырау – пайда болуы жағынан шыққа ұқсас, ылғалға қаныққан су буының, салқын жер бетімен жанасқанда пайда болады. Ауа температурасы 00С-тан төмен жағдайда, жер бетінде, өсімдіктер мен түрлі заттар бетіне тұратын, ақ ұлпа кристалл мұз қабаты.
Қылау – жылдың суық мезгілінде, тұман мен бірге телеграф сымдары мен ағаш бұтақтарына тұратын, аппақ мұз кристалы. Қылау қыста тұманды, қатты аяз кезінде пайда болады.
Көктайғақ – қатты аяздан кейінгі, жылымықта жер бетімен, ағаштарда пайда болған, жұқа, мөлдір мұз қабыршағы.
Көктайғақ қыста жауған жаңбыр әсерінен де, пайда болады. Ол атмосфераның жоғарғы қабатына қарағанда, жер бетіне жақын қабаты, температурасы төмен кезде, жауған жаңбыр тамшыларының қатуынан пайда болады. Көктайғақ ауыл шаруашылығы мен жол қозғалысына орасан зор зиян келтіреді.
Су буларының жер бетінен жоғары, атмосфераның өзінде конденсациялануы нәтижесінде тұман мен бұлт пайда болады. Жер бетінен көтерілген су буларының, атмосферада су тамшыларына айналуы үшін, конденсация ядросы болуы шарт. Ауадағы конденсация ядросы болып, әдетте, ауадағы шаң-тозаңдар мен ауа молекуласы саналады.
Бұлт пен тұманды құраушы су тамшылары, сұйық күйде 00С-тан 200С-қа дейін сақталады. Ауа температурасы 00С-тан төмен жағдайда атмосферада мұз кристалдары пайда болады.
Тұман. Атмосфераның төменгі қабатында, су буларына қаныққан ауаның салқындауынан, су тамшыларының жинақталуы тұман деп аталады. Кей жағдайларда мұнар түседі. Тұман мен мұнардың пайда болуы жағдайы ұқсас, тек бір-бірінен су тамшыларының көлемі мен жер бетінің көріну қашықтығы шамасына қарай, айырма жасайды. Тұманда жер бетінің көзге көріну қашықтығы бір шақырым және онан да жақын болса, мұнарда бір шақырымнан артық қашықтық көзге көрінеді. Су тамшылары іріленген жағдайда, мұнар тұманға айналуы мүмкін. Тұман пайда болу жолына қарай бірнеше типке бөлінеді.
Радиациялық тұман – жер бетінің өзінен жылуды мол, қарқынды шашып, қатты салқындауы нәтижесінде пайда болады. Радиациялық тұман жазда ашық, тымық ауа райы жағдайында, ертеңгісін немесе кешкісін, өсімдік жамылығысы мол, батпақты ойыстар үстінен байқалады.
Адвекциялық тұман – ауа массаларының көлденең бағыттағы алмасуы нәтижесінде пайда болады. Егер жылы, ылғалды ауа, суық жер беті үстімен өтсе, ауаның төменгі қабаты салқындап, тұман пайда болады. Адвекциялық тұман кең аумақты қамтып, жоғары биіктікке тарайды. Теңіз жағалауларында адвекциялық тұман, қысты күнгі суық құрлық бетіне, теңізден келген, жылы ауа әсері нәтижесінде қалыптасады.
Булану тұманы – күздің соңы мен қыстың басында, өзендер мен көл сулары қатқанға дейін байқалады. Бұл кезде су әлі жылы болып, ал қоршаған орта ауа температурасы, оған қарағанда, төмен болады. Жылы су бетінен көтерілген су булары, салқын ауамен беттесіп, конденсацияға ұшырап, өзен, көл бойын бойлап, тұман пайда болады.
Бұлт. Егер су буының конденсациясы(сублимациясы) жер бетінен біршама биіктікте жүрсе, бұлт пайда болады. Бұлт жер бетінен көтеріліп бара жатқан, ауаның адиабаттық жолмен салқындауы нәтижесінде, пайда болады. Ауа жер бетінен көтеріле отырып және бірте-бірте салқындай бере, шық нүктесі шекарасына жетеді. Бұл шекара конденсация деңгейі деп аталады. Бұдан жоғары биіктікте конденсация ядролары болған жағдайда, жер бетінен көтерілген ауаның одан әрі салқындауы нәтижесінде, бұлт пайда болады. Сөйтіп, бұлттардың пайда болуының төменгі шекарасы конденсация деңгейіне сәйкес келсе, жоғарғы шекарасы, ауаның жоғары бағытталған ағындарының таралу шекарасы– конвекция деңгейімен анықталады. Жылы және салқын ауа массалары түйіскенде, жылы ауа әрқашан салқын ауаның үстін ала өрлеуге тырысады. Жылы ауа көтерілгенде адиабаттық жолмен салқындауы нәтижесінде, бұлт түзіледі (12-сурет).
Достарыңызбен бөлісу: |