28-сурет. Өзен суы деңгейінің жылдық өзгерісінің типтік графигі
Сондай-ақ жер шарында арнасы жылдың тек ылғалды мезгілінде ғана суға толып, құрғақ маусымында тартылып қалатын өзендер мен құрғақ арналар кездеседі. Мұндай арналар климаты құрғақ Африка мен Аустралия құрлықтарына тән. Ондай құрғақ арналарды Африкада вади, Аустралияда крик деп атайды.
Өзендерді классификациялау. Өзендер тіршілігі климатпен тығыз байланысты. Көрнекі орыс климатологы А.И.Воейков “Өзен - климаттың жемісі” – деп, өзендерді қоректену жағдайларына қарай үш типке: тек еріген қар мен мұздық суымен қоректенетін, жаңбыр суымен қоректенетін және аралас қоректенетін өзендер деп бөлді.
Бірінші типке: басын қар мен мұздықтар басқан биік таулардан алатын шөл өзендері (Амудария, Сырдария) мен полярлық аймақ өзендерін жатқызады.
Екінші типке: жауған жаңбырға байланысты қыста (Жерорта теңізі жағалауы) және жазда таситын (тропиктік аймақтар мен муссондық облыстар) өзендерін жатқызады.
Үшінші типке: бір мезгілде қорек көзінің барлық түрімен қоректенетін Шығыс Еуропа, Батыс Сібір және Солтүстік Америка өзендерін жатқызады.
Жер шары өзендерінің нақты классификациясын жасаушы М.И.Львович болды. Ол өз жұмысының негізі етіп өзендердің қоректену көзі мен ағыстың маусымдық таралуын алады. Өзенді жеке типке бөлуді пайыздық көрсеткішпен дәлелдейді.
Өзенді қоректендіруші судың жеке түрінің (жаңбыр, қар, мұздық және жер асты суы) жылдық ағысқа қосар пайыздық үлесі негізінде:
- түгелдей дерлік (80%-дан асса);
- негізінен (50-80% дейін);
- басым (50%-дан кем болса) деп бөледі.
Өзендегі су ағысын көктемгі, жазғы, күзгі және қысқы деп бөліп, оның жыл мезгілі ішіндегі таралу сипатын да, қоректену үлесі сияқты пайыздық көрсеткішпен тағайындайды.
М.И.Львович жер шары өзендерін су режимі ерекшелігіне қарай 38 топ 12 типке бөледі:
1.Амазонка типі – түгелдей дерлік жаңбыр суымен қоректенеді, күзгі ағыс басым (қоңыржай белдеудегі күз айлары деп саналатын айлар). Мысалы, Амазонка, Рио-Негру, Конго т.б.
2.Нигер типі – негізінен жаңбыр суымен қоректенеді, күзгі ағыс басым. Мыс: Нигер, Луалаба, Ніл т.б.
3.Меконг типі – түгелдей дерлік жаңбыр суымен қоректенеді, жазғы ағыс басым. Мысалы, Меконг, Парана т.б.
4.Амур типі – негізінен жаңбыр суымен қоректенеді, жазғы ағыс басым. Мысалы, Амур, Витим, Яна т.б.
5.Жерорта теңіздік тип – түгелдей дерлік жаңбыр суымен қоректенеді, қысқы ағыс басым. Мысалы, Темза, Рур т.б.
6.Одер типі – жаңбыр суымен басым қоректенеді, көктемгі ағыс басым. Мысалы, По, Тиса, Одер т.б.
7.Еділ типі – негізінен еріген қар суымен қоректенеді, көктемгі ағыс басым. Мысалы, Еділ, Миссисипи, Жайық т.б.
8.Юкон типі – еріген қар суымен басым қоректенеді, негізінен жазғы ағыс. Мысалы, Юкон, Атабаска, Колорадо
9.Нұра типі – еріген қар суымен басым қоректенеді, ағыс түгелдей дерлік көктемде өтеді. Мысалы, Нұра, Үлкен өзен
10.Гренландия типі – түгелдей дерлік еріген мұз суымен қоректенеді, негізінен қысқа жазғы ағыс басым.
11.Кавказ типі – негізінен еріген мұздық суымен қоректенеді, жазғы ағыс негізгі орын алады. Мысалы, Терек, Кубань т.б
12.Лао типі – түгелдей дерлік және негізінен жер асты суымен қоректенеді, ағыс жыл бойы басым. Мысалы, Лао өзені (Чилидің солтүстігі).
Өзен ағысы мен су шығыны. Өзен суының бастауынан сағасына қарай үздіксіз қозғалуы ағыс деп аталады. Су ағысы арнаның еңістігіне байланысты туса, ағыс жылдамдығы өзен арнасы еңістігі беткейінің қиғаштығына тікелей байланысты. Су арнамен салмақ күші әсерінен қозғалады. Ол арнаның түбімен жиегіне және ауаға үйкеледі. Сондай-ақ су бөлшектері бір-бірімен де үйкеледі. Аталған үйкелістер нәтижесінде өзен суы арнамен үйіріліп ағады.
Өзен суы жылдамдығының арнаның түбі мен жиегінен ортасына қарай арта беруі ламинарлық қозғалыс деп аталады. Өзен суының ағыс жылдамдығы бірнеше факторлар әсерінен (мұз әрекеті, арнаға өскен өсімдіктер, жел және арнаның пішініне байланысты) өзгереді.
Ағыс қимасы арқылы бір секундта ағып өтетін м3 есебімен алынған су мөлшері өзеннің су шығыны деп аталады. Ол төмендегідей формула арқылы анықталады:
Q=FҺVорт
Q – өзеннің су шығыны; F – ағыс қимасы; Vорт – өзен ағысының жылдамдығы.
Өзеннің су шығыны арнасындағы су деңгейіне байланысты болып және жыл мезгілдеріне қарай өзгеріп тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |